• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өнер » Қайдасың, кәусар бұлақтар?

    Қайдасың, кәусар бұлақтар?

    Халықтың дәстүрлі өнері мен мәдениеті қашанғы қағажу көрмек?

    Қазақтың дәстүрлі әні мен күйі, ұлттық өнері мен мәдениеті дегенде көкіректері қарс айырыла толғанып, сол құндылықтардың бүгінгі хал-жағдайы, көкейкесті мәселелері хақында азаматтық әділ сөз айтар, бүкпесіз адал пікір-пайымдарын ортаға салар ұлтжандыларымыздың барына шүкір. Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз – белгілі әнші, өнертанушы Ерлан ТӨЛЕУТАЙ.

    – Ерлан, қазіргі кезде жалпы қазақ өнері, оның ішіндемузыка өнерінің алуан-алуан толғағы баршамызды тол­ғандырар көкей­кес­тітақырып­тардың біріне айналды десек қате­леспейміз. Мәселенің мұндайалабө­тен ауқымды сипат алуын қалай түсіндірер едің?

    – Иә, қазіргі 15 пен 35 жас аралы­ғындағы жастарымыздың ресейлік және батыс­тық ақпарат экспансиясымен шыр­малғанын көзіміз көріп отыр. Жастар­дың бұл толқынының көпшілігі Біржан сал мен Мұхиттың, Ақан сері мен Балуан Шолақтың, Құрманғазы мен Тәттім­беттің әндері мен күйлерін тыңдамақ түгілі, олардың атын да жөндеп біл­мейді. Яғни, қазіргі қаптаған шетелдік және отандық телеарналар жаппай батыстық өмір салтын күні-түні насихаттап, жат мәдениетті асқан жымыс­қылықпен біздің жастарымыздың санасына сіңіруде. Оларға «Бұларың масқара ғой, бізден ұялмасаң­дар да Құдайдан қорықсаңдаршы, қойсаңдар­шы» деп отырған ешкім жоқ. Бұлардың дандай­сығаны соншалық, тобырлық мәде­ниет­ке негіз­делген, өскелең ұрпаққа өте қа­уіпті, жілігі татымайтын көкежасық жобаларын Қазақстан телеарналары ар­қылы насихаттауға көшті. («Super Star», «Екі жұлдыз», «X-factor», «Мамма мія», «Давай поженимся» т.б.) Сөйтіп, жастарымызды ұлтының тарихи жадынан ажыратуға білек сыбана кіріскен бұл жобалар, жат пиғылдар өз мақсаттарына же­тіп қалғандай. Өйткені, қазір­дің өзінде әбден мәңгүрттенген, марги­налданған бір топ «өнер жұлдыздары» мемлекеттік телеарналардан көрермен санасын сансырататын ию-қию шоулар ұйымдастырып, теледидар төрінен хал­қымызға төрелік айтып, жөн сілтейтін деңгейге жетті.

    Бір сұмдығы – бойында отаншылдық сезімі жоқ, есіл-дерті коммерциялық мақсатты көз­дейтін осындай нигилист-өнерпазсымақтардың ықпал етуімен отан­дық теле-радио арналарымызды тобыр­лық мәдениетке құмар жастар аудиториясына бейімдеу үрдісі байқалады. Бұрын Сағат Әшімбаев, Ақселеу Сей­дімбек, Қадыр Мыр­­залиев, Шерхан Мұртаза, т.б. қайраткер ағаларымыздың ұлтты ұйыс­тыруға негізделген, мемле­кетшіл ой-пікірлері көрініс табатын теле-радиоларымыз бір той мен бір той­дың арасында жүгіріп жүрген эстрада әншілері мен екі ауыз сөздің басын қосып ой түйе алмайтын асабасы­мақ­­­­­тардың қолына көшті. Теледидар мен радио үшін бұдан асқан сорақылық бола ма?! Бұның соңы мемлекет үшін орны толмас өкініштерге алып келуі мүмкін. Өйт­кені, жат мәдениеттің ықпалында өсіп-өніп мар­гиналданған, мәңгүрттен­ген, оның үстіне то­быр­лық мәдениеттің шылауында жетілген міс­кіннен ешқа­шан да мемлекетшіл тұлға шық­пайды, ол ешқашанда өз ұлтының арман-аңса­рын түсіне алмайды, ешқа­шанда ұлт руханиятына шырақшы бола алмайды. Мұндай тоғышар пенделер барлық құн­дылықтарды шоу деңге­йінен арыға көтере алмайды.

    – Мәдени-рухани құндылықтарымыздың мұндай деңгейге дейін құлдырауына не себеп?  Бұл үрдіс қашан, қалай басталды? Тереңдетіп, тарата айтып берсең?

    – Өнер тарихының беттеріне үңілсек, мұның алғашқы нышаны өткен ғасырдың жетпісінші жылдары біліне бастағанын байқаймыз. Осы жыл­дары жарық көрген әндерге сол заманның тыңдаушы қауы­мы: «Сөзі қазақша, әуені орысша» деп баға бергеніне сол кездегі баспасөз бет­тері куә. Ал еліміздің музыка қайрат­керлері сол уақыттың өзінде-ақ музы­каның ұлттық сипаттан ажырап бара жатқанын айтып дабыл қаға бастаған-ды. Мәселен, бір өзі қазақтың екі мың­дай ән, күйін жинаған көрнекті музыка қайрат­кері Борис Ерзакович 1988 жылы берген бір сұхбатында: «Жастар шығармала­рының көп­шілігі әзірше ұлттық болмыс-сипаттан ада, дү­бәралау болып келеді. Мұның басты бір себебі: ондай шығарма авторларының қазақ халқының бай ұлттық музыка өнерінен сусын­дамаған­дығынан. Ең алдымен халықтық музыканы бойға терең сіңірмей тұрып, бүкіл адамзаттық туынды жазам деу бекер­шілік» – деп алаңдау­шылық білдіре айт­қан болатын. Бұл алаңдаушы­лық негізсіз емес еді. Сол кездің өзінде Ресейдің жоғары музыкалық оқу орындарын, тіпті, мына өзіміздің Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны тәмамдаған кәсіби композиторлар­дың барлығы дер­лік Еуропа музыкасы үлгісін­дегі әндерді дүниеге әкеле бастады. Бірақ мұн­дай космополиттенген композиторлар жазған ол шығар­малардың көпшілігі ұлт жүрегінен орын ала алмағандықтан, уақыт сынынан өте алмады; бұқаралық сипатқа ие бола алмай, кезеңдік музыка көрінісі ретінде уақыт көшінен қалып қойды.

    – Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, еліміз тәуел­сіз­дік алуына байланысты ұлт музыкасының сауығуына қолайлы жағдай туды емес пе?

    – Иә, оныңыз рас. Тәуелсіздік алған соң жал­ғыз музыка емес, ұлт руханияты мен мәдение­тіне қатысты барлық салада сауығуға қолайлы уақыт келгендігінің нышандары сезіле бастады. Ақселеу Сей­дімбектің «Дәурен-ай», «Сарыар­қалары» осы кезеңде аспандады, Секен Тұрыс­бе­ковтің «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлері ел жүрегін елжі­ретіп, халқымыз­дың ұлттық музыканы тосаңси бастаған құлағын қазақы бояуы келіскен, тотыдай түрленген алуан үнді қоңыр дыбысқа қарық қылып тастады. Сахнаға «Күл­дір, күлдір күреңін кісінетіп» Бекболат Тілеу­хан, көңілашар күйлері­мен көңілдің хошын келтіртіп Айгүл Үлкенбаева, «Сал­ған әні сырнайдай» Жанар Айжанова, т.б. шықты. «Жігіт­тің сұлтаны» республи­калық байқауы баяғының жігіті, елімнің үміті болам дейтін ер көңілді жастардың талабына дем берді. Республикалық ақын­дар айтысы дүркіреп өтіп жатты: «Наурыз тойы» сияқты мерекелердің халықтық сипаты күшейе түсті. Республикалық теледидар мен «Қазақ радиосы» осы жақсы­лықтардың жаршысы бола білді. Эфирлерден ел ұйқыға кеткенше ұлттық құндылықтар насихатталатын заман туды. Өнерпаздар еңсе көтеріп, елдік туын көтере бастағандай еді.

    Бірақ бұл жарқын кезеңнің дәуірі ұзақ­қа созылмады. Қазақтың ел болғандығын, Қазақстан­ның ұлттық республикаға ай­нал­ғанын қаламай­тын шовинистік, ниги­листік кертартпа күштер қарап жатпады. Олар тасқындай түскен ұлттық рухтың арынын басатын амалдар іздеді. Ондай балама тапты да. Соның алғашқы «қарлы­ғашы» – «Азия дауысы» болды. Олардың «А-а-а-а-аз-ия да-а-а-у-сы» деп кекештене жарты дүниеге жар салған сақау жарнамасы қазақ музыкасын аздыруға, ұлт музыкасын тоздыруға жасалған алғашқы адым еді. Кейін осы сақау жарнамадан бастал­ған «ха­лықаралық» байқаудан қаншама мақау әнші «өнер әлеміне» жолдама алды десең­ші. Жарнамасына дейін сақау сөй­летіп жаман ырыммен келген «Азия дауысы» өміршең бола алған жоқ. Бірақ өз тыңдарманын тауып, ұлттық сипатта да­муға және жетекші рөлге ие бола бас­таған қазақ музыкасына есеңгірете соққы беріп үлгерді. Кейін осы соққылардан оңала алмаған қазақ музыкасы тобырлық музы­каның алдында тізе бүкті.

    «Бір қызымнан бір қызым һәм со­рақы» дегендей, «Азия дауысының» орнын жастарға арнал­ған «Жас қанат» конкурсы басты. Бұларға құйылған қар­жыда қисап болмады. Отандық телеарналар осы конкурстарды күндіз-түні насихаттады. Бұл байқаулардан кейін ылғи қызтеке дауысты жастарды жеңімпаз қылуды мақсат еткен «Супер стар» деген сұмдық шықты. Қой­шы, әйтеуір бұларға тамырын сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан тартатын, Әмі­ре Қа­шау­баев, Құрманғазы атын­дағы республика­лық ән, күй конкурстары астар болуға жарамай қал­ды. Қыс­қасын айтқанда, айналдырған аз жылда осындай ұлттық, мемлекеттік мүддеге қай­­­шы шетелдік тобырлық мәдениетті ту етуші жы­мысқы жобалар ұлттық музыкамызды тұғы­рынан тайдырып, жеңімпаз күш­­ке айналып шы­ға келді. Гитлердің марш екпінді музыкаларды жүйелі түрде пайдалану арқылы айналдырған бес-алты жылдың ішінде неміс хал­қының авангардынан қан­құйлы фашистер «тәрбиелеп» шы­ғар­ғанын білеміз. Біздің жастары­мыз­дың тұты­нып жүрген музыкасы Гитлер­дікінен әлдеқайда қа­уіпті, әлдеқайда қи­ра­тушы күшке ие, зұлым да, құбыжық музыка.

    – Тобырлық өнер түрлерінің осыншама түрленуі мен гүлденуінің себебі неде деп ойлайсың?

    – Біз құндылықтардың құны кеткен заманда өмір сүріп отырмыз. Тәуел­сізді­гімізді алған кезден бастап Үкіметіміз барлық ресурстарды елі­міздің экономикасын өрлетуге жұмылдырды. Ру­хани құндылықтарымыз жылдар бойы қарау­сыз жатты. «Бақпасаң мал кетеді…» дегендей, құндылықтарды қандай жағдай­да болсын бағу керек, қарау қажет. Бағу, қарау жеткіліксіз, мәпелеу керек. Бізде осының бірі болмады. Сол кезде тобыр­лық мәдениет ұрық шашып, бақшаға қаптап кеткен арам шөптей қаулап өсіп кетті. Шу алқабында бой бермей өсіп жатқан есірткі шөбі сияқты, онымен де күресу мүмкін болмай барады. Осылайша жасанды өнерпаздар қаптады. Бай­қап отырғанымыздай, тобырдың өзінің әншісі, өзінің ақыны, өзінің композиторы, өзінің журналисі, өзінің продюсері, өзінің ре­жис­сері, өзінің әсіредіншілі, өзінің көрер­мені болады екен. Бажайлай қарасаңыз, аз жылда еліміздің мәдени кеңістігінде олардың мызғы­мас­тай берік жүйе құрып үлгергенін аңғарасыз. Олар рухани құ­былыстар жасауға қабілетсіз (адамзаттық, ұлттық құндылықтармен қарулан­баған соң қабілет қайдан болсын.) Осы буын енді руханият пен мәдениеттің тұтқала­рына ие болып жатыр. Бірақ олар өзде­ріндегі тобырлық сана деңгейімен қазақ мәдениетін еш­қашан ұшпаққа шығара алмайтынын ескермейді.

    Сонда біз ең жауапты саланың тізгінін кім­дер­ге беріп жатырмыз? Мен таяуда Түркия қазақтарынан бір қызық әңгіме естідім. 1950 жылдарда Қытай билігінен қашып, үркіншілікке ұшыра­ған қазақтар Тибет арқылы Үндістан асқаны белгілі. Түркияға өту мәселесі шешіл­генше аз-кем аялдап, ес жияды. Сонда бұлар күн­­делікті азыққа қой соятын болса керек. Бұлар мал сойып жатқанда маймылдар жақын келіп, тал арасынан баспалап қарап тұрады екен. Бірде қасапшылар мал сойған жерде пышағын ұмытып кетеді. Сонда не болған дейсіз ғой. Әлгі маймылдар өз­ара жиылысып, «ақыл­дасып», іштерінен бір миғұланы «құр­бандық» болуға ке­ліс­тіріпті. Сөйтіп, әлгілер бір маймыл­дың аяқ-қолын жіппен шандып байлап, тамағынан пышақпен орып жіберіпті. Осылайша маймылдар іштерінен бір­неше маймылды құрбандыққа «шалыпты». Әрине, маймылдар не істеп жат­қанына есеп бере алмайды. Өйткені, адамдардан көргенін істегенмен, оларда адам­дық сана жоқ. Біздің руханиятта қалыптасып отырған ахуал да осы маймыл тірліктің ар жақ, бер жағындағы шаруа болып отыр. Қазіргі шоуменге айналып, супер жұлдыз атанып жүрген­дер де осы маймылдар сияқты, ең асыл құнды­лықтарымызды құрбандыққа шалып, қазақ мә­дениеті үшін өлшеусіз зардаптар әкеліп жатқан­дығына есеп бере алмайды. Өйткені, оларда ұлттық рух жоқ, рухани сана, зиял кемшін. Ұлт руханиятына жетекші болу үшін өз хал­қыңның парасат биігін меңгеруің керек. Бұл майданда коммерциялық бақай есеп­ке орын жоқ. Өкі­нішке қарай, тіз­гініне орыс тілді тобырлық мәдениет өкіл­дері ие болып алған еліміздегі мә­дени жобалардың барлығы дерлік ком­мерция­лық мақсат көздейді. Ащы ақиқаты осы.

    – Ерлан, жасыратыны жоқ, кейінгі кезде домбырамен ән айтатын  өнерпаздарымыздың  бойынан да жігерсіздік байқаймыз.  Неге қазір арамызда Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов сияқты өнерпаздар жоқ?

    – Қазақтың музыкалық мәдениеті жеңілген мәдениет. Жеңілгенде дүние­жүзілік классика­лық мәдениеттен жеңілсе арман жоқ қой (Құдай оның да бетін аулақ қылсын). Үш жүз жыл бойы ойран салған отаршылдардан жеңіл­меген, қайта жетіл­ген мәдениетіміз айналдыр­ған аз жылда тексіз-затсыз афро-американдық тобырлық музыканың шапқын­шылығына төтеп бере алмай жеңіліп отыр ғой. «Көпте ақыл жоқ, сондықтан ебін тауып жөнге сал» демей ме Абай жарықтық. Күні-түні «Өнердің төресі осы» деп тележәшік біткен үздіксіз насихаттай берген соң, байғұс бұқара қайтсін, шұбырып шуылдақ музыканың соңынан еріп жүре берді емес пе. Олардың бетін бермен қарату үшін «сен­дердің көретін­дерің мынау, тыңдайтын­да­рың мынау» дейтіндей ұлттық нақышы мол, нәзік талғам қалыптастырарлықтай текті дүние­лерімізді толайым ұсына алмадық. Абай айтқандай, «ебін тауып жөнге сала алма­дық». Шетелдік жарқылдақ, жырқылдақ дүниені көре берген соң, дарылдақ даңға­заны тыңдай берген соң, жат мәдениеттің салқыны бойын алған ұлттың бойында төл өнерін қор сезіну бейшаралығы пайда болады. Сөйтіп, басқаны зор, өзін қор санады. Осындай психо­логиялық дерт мең­деген қазіргі жастарымыздың бойынан өз ұлтын өгейсінуді, қорсынуды бай­қаймыз. Бұл – ұлттық құндылықтар жат мәде­ниеттен жеңілгенде пайда болатын келеңсіз құбылыс. Жастар түгілі, қазір жоғары лауазымды шенеу­ніктер мен кекірік атқан тексіз байлар мәңгүрт­тенген балаларының үйлену тойында қос тілді (қазақ, орыс) асаба жалдайды, шетелден, көрші Ресейден олардың өз элитасы тыңдауға арланатын поп музыка жұлдыздарын шақырады. Олардың бақырып, шақырғанын өнер деп ұғатын өзіміздің намыссыз қандастарымыз сандарын шапаттап мәз болады. Шетелдік поп жұлдыздар болса, надан, мәңгүрт қазақ байы­ның қалтасын қаққанына мастанып елдеріне қайтады.

    Домбыра деген қазақтың намысы ғой. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, елімізде өтіп жатқан мемлекет­тік мерекелік шараларда домбырамен ән айтылмайтын, күй тартылмайтын болып барады. Бәрінде сол безек қағып жүрген фонограммашыл «эстрада жұлдызда­ры». Сондықтан бүкіл ұлт болып өзінің домбырасынан сырт айналған соң, бүтін бір мемлекет төл өнерін күресінге тастаған соң, бір сөзбен айтқанда, домбыра кеңістігін, оның халыққа шығар өрісін қасақана тарылтып, фонограммашыл әншісымақ қауымға алып берген соң, Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов сияқ­ты әншілер қайдан шық­сын. Әнші шығар­машылық бабында болу үшін сахнаға жиі шығуы керек. Әйт­песе, қарайып, бабынан айырылып қалады. Бапсыз, бақсыз, айында-жылында ел алдына бір шығатын, тыңдарманы жоқ жетім әншінің бойында қайдан жі­гер, қайтіп жалын болсын. Қайрат Бай­бо­­­­сыновтардың жоқ­тығы осыдан. Олар­дың орнын тайтаңдаған «жұлдыз» апасы «Қап-қарашка» деп еркелететін басқа Қайратиктер мен Нуржанчиктер сияқты тобырлық музыканың өкілдері басты.

    Біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші ғасырда ғұмыр кешкен қытай­дың ұлы тарихшысы Сыма Цяньның халық музыкасы жайында айтқан ғажап пікірі еске түседі: «Егер ән-күй нәзік те сазды, тосын да толғамды болса, онда халықты ой мен мұң басқаны; егер ән-күй ерке де еркін, сабырлы да сазды болса, онда халық­тың көңіл күйі жақсы; егер ән-күй шамырқана ширығып, бас жағы шырқай көтеріліп, соңы шабытты сезіммен самғаса, онда халықтың сенімі орнықты болғаны; егер ән-күй бір сарынды, толғамды, есті, сезімі терең болса, онда халық қанағатшыл және сый-құрметшіл; егер ән-күй жаныңды жадыратып, көңіліңді көтеріп, сұлулыққа ің­кәр етсе, онда халықтың мейірімді де сезімтал болғаны; ал егер ән-күй апы­рық­таған, ардың-гүрдің, әлем-жәлем болып, бойың­ды еліктіріп әкетсе, онда халықтың азғындыққа салынып, аласапыран күй кешкені». Осылардың ішінде қазақ халқы қазір, әрине, ғұламаның соңғы айтқандарын басынан кешіріп отыр­ға­нына ешкім шүбә келтіре қоймас.

    – Осындайда бір сұрақ туындайды. Неге домбырашы өнерпаздар бастары қосылып, өздері талап қылмасқа?  Мәселен, ән кештерін өткізіп дегендей?

    – Ондай талаптар бар. Мәселен, екі жылдың жүзі болды, жастардың «Адырна» ұлттық этно­графиялық бірлестігі Біржан салдың, Ақан серінің, Мұхиттың, Жаяу Мұсаның, Үкілі Ыбы­райдың ән кештерін өткізіп үлгерді. Алда Балуан Шолақ шығармашылығына арналған ән кешіне дайындалудамыз. Осы игі істері­міз жайында бас газетіміздің бетінде өзіңіз де бірнеше мәрте жаз­дыңыз. Бірақ Балуан Шолақ сияқты халқымыз­дың бір­туар өнерпазының кешіне демеуші таппай пұшайманбыз. Міне, осы кештерді ұйым­дастыруда ненің куәсі болмай жүрміз дейсіз? Өткізетін сарайымыздың жал ақысынан бастап, жасайтын жарнамасына дейін өз қалтамыздан қаржы шығаруға мәжбүрміз. Кешті өткізу, ұй­ым­­дастыру жұмыстары бірлес­тік­тің төр­ағасы Арман Әубәкір мен оның пікірлес серіктері Нұрлан Наурызәлі мен Ардақ Беркімбай сияқты отты, жігерлі жас жігіттердің мойнында. Жоламан Құжи­манов, Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкі­ман, Ерлан Рысқали сияқты майталмандар ән кешінің репертуарын жүйелейді, әншілерді баптайды. Менің мойнымда кештің сценарийі мен жүргізуі. Осы ән кештерін ұйымдастыруда қай мекеменің есігін қақпадық дейсіз. Көптеген мекеме басшылары, тіпті отандық телеарна­лар­дың басы-қасында жүргендер домбыра десе кірпідей жиырылады. Кейбірі сыпайы ғана шығарып салып жатады.«Адыр­на» жастардың шығармашылық бірлес­тігі болғандықтан мұн­дағы біздің көмекшіле­ріміздің барлығы білімді, кө­кірегі ояу жастар. Қуантарлығы – осы жастар халық музыкасын жанындай жақ­сы көреді және көбінің қалам қайраты бар журналистер.Келең­сіздіктермен, кедергі, бөгеттермен бетпе-бет келе берген соң олар да қарап жүрмей, еліміздегі мәдениет саясаты туралы ақпарат, дерек, дәйек жинай жүреді.

    Сөйтсек, ұлттық музыкаға Үкі­метіміз мардымсыз болса да қаржы бөлетін көрінеді. Бірақ бұл қаржылар ұлттық музыканы өркен­детуге жұмсаймыз деген желеумен әлдебір ысқаяқ, пысықтардың көмейінен өтіп кетіп жатқан сияқты…

    Сонда да болса ұйымдастырған кештерімізге көрермен­нің көп келетіні қуан­тады. Осыған қарап, қазақтың ұлттық клас­сикалық музыкасына сұраныс жоқ деген қауе­сеттің әдейі ойдан шығарылған миф екеніне көзіміз жеткендей. Кешімізге келген көрерменге қарап шүкіршілік қыламын. Мұнда кім жоқ дейсіз? Еңкейген кәрі мен кішкентай бүл­діршіндер, орыс тілді қауым, студент жас­тар. Соған қарағанда қазақ қоға­мында тобырлық мәдениеттің ықпалына ешқа­шан түспейтін, рухани иммунитеті мықты, төл өнерін ардақтай алатын бекзада, текті қауымның қоры үзілмек емес деген ойдамын.

    – Дұрыс айтасың, Ерлан. Өйткені, қазақ­тың ұлттық рухының негізі оның дәстүрлі әнінде, ұлттың музыкасында жатыр емес пе? Ұлтының ән-күйін,музыкасын сүймейтін­дерде ұлттық намыс та кемірек болатын шығар?

    – Әрине, солай. Содан шығатын басқа да тексіздіктер толып жатыр. Та­қауда атақты әнші, композитор Жарыл­ғапбердінің Алматыда тұра­тын жиені, ұзақ жылдар бойы ағартушылық салада қызмет істеген зейнеткер әжей маған қоңырау шалып, Баянауылда Жарылғап­бердінің басы қарайтылғанын, құран оқытылып, ас бе­ріл­генін айтты. Сосын бір телеарнадан Баянауылда Жасыбай көлінің жағасында жын ойнақ жасалып жатқанын, ел азаматтарының бұл сұм­дыққа неге жол беріп отырғанына қын­жы­лысын біл­дірді. Неге мұндайға жол бересіңдер деп ре­нішін жеткізді. Қатты қысылып қалдым. «Ұял­ған тек тұрмас» дегендей, еліміздің үлкен қала­ларында жасалатын «жын ойнақтың» аядай Жа­сыбайға қайдан «тап болғанын» жалма-жан анықтауға көштім. Сөйтсем, жыл сайын Баян­ауылдың Жасыбай көлінің жағасында эстрада жұлдыздарының фес­тивалін дәстүрлі түрде өткізу жолға қойылыпты. Еліміздегі тобырлық мә­дениеттің туын көтерген кілең «жұл­дыз», қалың сайқымазақ, өңшең «фанершик» (фанершик – фонограммамен ән айта­тындарға жұрт­тың берген «атауы») атаулы жыл сайын Жасы­байдың жаға­сында бас қосып, ала жаздай киелі ме­кен­нің айналасын азан-қазан, у-шу қыла­тын болыпты. Жергілікті жұрт осыған наразылық білдіруде. «Әлкей Марғұлан, Шәкен, Кәукендер тірі болса, арызымызды айтар едік, «тоқта­тың­дар, мына жын ойнақты» дер едік деп қамығады баянауылдық қария. Әлгі жын-ойнақ басылып, «жұлдыздар» жайына кеткен соң, соңдарынан шашылған қоқыстан басқа ештеңе қалмайтын кө­рінеді. Осындайда ой туады. Баянауыл – ұлттық табиғи қорық деген мәртебесі бар мемлекет қорғауындағы ерекше эколо­гия­лық аймақ болып саналады. Баянауыл ұлт­тық паркі – жын ойнақ жасамақ түгілі, кірген-шыққан туристер аяғын аңдап басатын айрықша рекре­ациялық аймаққа жатады. Сонда мем­лекеттік қорғаудағы парктің төрінде жыл сайын дүрліктіріп «жұл­дыздар фестивалін» өткізуге кім рұқсат беріп отыр деген сауал көл­де­неңдейді.

    Жарайды, бұл жер экологиясы: таптал­ған шөп, сынған бұта өседі, сындырылған бөтелке мен төккен қоқыс жерге сіңеді, борсыған көл қайтадан қалпына келеді деп өзімізді жұбатайық. Ал жан экологиясын қайда қоямыз? Көлдің жағасы хал­қымыздың небір аяулы тұлғалары мәңгі­лік тыныс тапқан көне қорым екендігі белгілі. Мұнда жоңғар шапқыншылығы кезінде кеудесін оққа төсеп өлген Жасыбай батырдың сүйегі жатыр. Қалмаққа «таң атырып, күн шығармаған» (Мәшһүр Жүсіп) Олжабай батырдың үрім-бұтағы осында жерленген. Халқымыздың аяулы перзент­тері: Жаяу Мұса мен Әлкей Марғұланның ата-бабалары осында жатыр. Тіпті, даңқты ақын Олжас ағамыздың атасы ұзын Сүлеймен осы көлдің дәл жағасын­дағы қорымға қойылған. Міне, осы көне қорымның үстінде қазіргі заман­ның обал-сауапты білмейтін, аруақ, кие деген ұғымдардан айылын жимайтын «өнер жұлдыздары» тайраңдап би билей­ді, шалықтап ән айтады. Арақ, шарап, сыра, сусын ішкен, даңғаза музыкаға еліріп, көздері тұманданған, есірік буған, зәр қысқан жұрт киелі қорымның айналасына барып дәрет сындырады… Олардың ұғы­мынша, ісләм дінін­де аруақты адам, киелі жер жоқ. Сондықтан иен далада мүлгіп тұрған батырлар мен әулие-әмбиелер жерленген мазар, қорымдарының түк қасиет, кепиеті бол­майды-мыс. Соңғы жылдары саналарын уа­хабтық идеология сансыратып жіберген жас ұрпақтың көпшілігінің түсінігі осы. Қазақ дүниетанымына қай­шы, қасиетті сезімдерден ада.

    – Осыдан біраз бұрын өнерта­нушы, композитор Ілия Жақановтың баспасөз бет­терінде «Қазақтың клас­сикалық музыкасы енді тумайды» деген сұхбаты жарияланды. Осы пікір­мен келісесің бе?

    – Келісемін. Ілекең қазақ өнертану сала­сының қарт тарланы ретінде өзі көзі жеткен ащы ақиқатты айтып отыр. Ол кісі қазақ музыкасына шырақшы болып тұрған кездерде эфирден сапасыз дүние­лер өтпейтін.

    Ал енді қазір не болды? «Теңіз бастан был­ғанды…» дегендей, эфирлердің барлы­ғын былға­нышқа толы даңғаза басты. Тіпті дәрежесі көше әндерінен төмен әуен­сымақтар, Африкадан Аме­рикаға апарған құлдардың музыкасы болып есеп­телетін афроамерикандық порно­ырғақтар үйіңіз­дің төріндегі теледидар мен радиодан күні-түні үздіксіз ыңқылдайды. Қап­таған «қазақ­стандық композиторсы­мақ­тардың» сөзі – балдыр-батпақ, әні – шал­дыр-шатпақ «туындылары» жүй­ке­ңізді кеміре ызыңдайды. Міне, осының барлы­ғын кө­ріп-біліп отырған Ілия ағамыз қайдан күйінбесін.

    – Ал енді, Ерлан, осы келеңсіз үр­дісті ауыздықтау үшін не істеуіміз керек?

    – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтпақшы «…осы керектер жолында жұ­мыс істеу керек». Ең бірінші кезекте Ұлттық музыка өнері туралы заң қа­былдау керек. Ол заң қазақ музыкасын ұлттық және әлемдік құндылық ретінде қор­ғауға пәрменді және музыка өне­рінің бүкіл проблемаларын: фонограммадан бастап, БАҚ-тағы жөнсіздік­тер мен жүгенсіздіктерді шешуге әле­уетті болуы керек. Ең бастысы – ұлттық музы­камызға мемлекеттік мәртебе бе­рілуі керек. Сонда музыка мәдениеті саласындағы талай жылдар бойы қор­да­ланып, ел келешегіне қатер төндіре бас­таған түйткілдер біртіндеп шеші­летін болады.


     

    Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ,

    «Егемен Қазақстан».

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    «Астанада жоқсың», «Алматыда жоқсың» деп айтылатын әнді шығарған кім екенін білгіңіз келсе…

    Ютубтан 35 миллион көрілім жинаған Ерке Есмаханның орындауындағы «Қайда?» әні жастар арасында хит. Алайда, көпшілігіміз ...