• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өнер » Ақерке ТӘЖІБАЕВА, қобызшы: Қобыздың құдіретін жаны таза адам ғана түсінеді

    Ақерке ТӘЖІБАЕВА, қобызшы: Қобыздың құдіретін жаны таза адам ғана түсінеді

    — Қобызды өзіңе серік етке­ніңе 17 жылдың жүзі болыпты. Қара қобыз сені қандай қасиеті­мен баурап алды? 
    — Осы жылы менің қобыз аспабын алғаш қолыма алып, оның қыр-сырын меңгере бас­тағаныма тура он жеті жыл бо­ла­ды. Менің өмірден түйгенім, әр адам кішкентайынан өзінің мінезіне сай келетін, жүрегіне жақын нәрсемен шұғылданатын тәрізді. Бұл, сірә өмірдің заң­ды­лығы болса керек. Олай дей­ті­нім, қарапайым қара қобыз бен менің мінезімде бір ұқсастық, дәлірек айтқанда, бір үйлесім­ділік бар. Оның үстіне киелі де қасиетті әрі әулиелі мекен — ежелгі Түркістанда өмірге ке­луім­нің өзі мені Қорқыт атам­нан қалған көне мұра- қобызға ерекше «ғашық» етті. Сондық­тан да күні бүгінге дейін өзімді қобызсыз қабылдай алмаймын. Міне, содан да болар, 1995 жылы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған ар­найы мамандандырылған музы­ка мектебіне оқуға түстім. Осы мектепті үздік аттестатпен бітір­ген соң, 2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясының халық аспаптар факультетіне қобыз мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Алғашында Әбдіманап Жұма­бекұлынан дәріс алсам, одан кейін Құрманғазы консерватор­иясының профессоры Базархан Қосбасаров сынды танымал өнер шеберінен қобыздың қыр-сырын жан-жақты меңгеруіме тура келді. Құдайға шүкір, содан бері қыл қобызымнан екі елі ажыраған емеспін. Бір айтарым, басқа музыка аспаптарымен са­лыстырғанда қобыздың артық­шылығы да, өзіне тән ерекшелігі де бар. Ең алдымен, қобыздың үні арқылы қазақтың кең дала­сының үні, еліміздің сан ғасыр­лар қойнауында қалған тыныс-тіршілігі мен тарихы көз ал­­дың­ызға келеді. Сондықтан да мен бүлдіршін кезімнен бас­тап қобыздың үніне ынтық бол­дым. Шындығы сол, дәл қазір қобыздың үнінсіз өмірді түсіне алмаймын. Сондықтан да мен қобызбен бірге ержетіп, есейіп келемін.

    — Күні кешегі бала мінез Ақерке мен бойжеткен Ақеркенің арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсың?
    — Халқымыз «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демеуші ме еді?! Зер салып қарасам, осы сөз тереңнен, өмір шындығынан алынған нақыл сөз екен. Барлық құрбыларым тәрізді мен де ата-ананың, сон­дай-ақ бүгінгі күні сексеннің ал­тауына аяқ басқан әжемнің тәлім-тәрбиесін бойыма сіңіріп өстім. Ал енді жеке өзіме келетін болсам, бала күнгі Ақерке мен қазіргі Ақ­ер­кенің арасында аспан мен жер­дей айырма­шы­лық бар екендігін аңғарамын. Бір ерекшелігім, қазір мен өмірге көзқарасым қалып­тасқан, жақсы мен жаманды, асылдан жасықты айыра білетін жағдайдамын. Ал бала күнімнен өзгермей қалған бір қасиет — қобызға деген іңкәрлік.
    — Қалай ойлайсың, кәдуілгі қара қобыздың жаңа ғасыр эс­традасында қандай да бір үлесі бар ма? Болса қандай? 
    — Мұны дәлелді болу үшін нақты мысалмен айтайын. Бай­қасаңыз, соңғы уақытта қай­сыбір жарнамаларда қобыздың эстра­далық үлгіге түскен дыбысы жиі пайдаланылып жүр. Тіпті кейбір эстрада әншілері маған өздері орындайтын әнді қобызбен сүйе­мелдеп беруге қол­қа салатын кез­дері де бар. Нақты мысал келтір­сем, менің қобы­зымның үнімен өрілген Бақыт Шадаеваның ор­ын­дауындағы «Өмір — арман» әні 2001 жылы «Жылдың ең үздік әні» аталымын жеңіп алса, әнші Таңат Мамыр­ханұлының орындауын­да­ғы «Қай­ран, өмір-ай» әні «Алтын дауыс» байқауының жүлдегері атанды. Мұны мақтаныш үшін айтып отырғаным жоқ, шындығы сол! Реті келгенде айта кететін тағы бір жайт, қобызды эстрадаға икемдеп, алғаш рет сахнаға алып шыққан да мен болатынмын. Осыдан бірер жыл бұрын жарыққа шыққан «Көктем» деп аталатын үнтаспам мұның толық дәлелі. Мұнда халық композиторларымен қатар, шетел сазгерлерінің де шы­ғармалары бар. Демек, мұның өзі қазіргі күні эстрадада қобыз ас­пабының қайталанбас сазды әуе­ніне айрықша сұраныс бар екен­дігін көрсетсе керек. Әрине, мұ­ның барлығы сазгер мен әнді орындайтын әншінің талғамына тығыз байланысты екендігін тіпті де жасыруға болмайды.
    — Жалпы, шетелдердегі өнер­сүйер қауым қазақтың қобызын қалай қабылдайды? Қызығушылық бар ма?
    — Шындығы сол, мейлі түбі бір Түркияны алайық немесе мұхиттың арғы бетіндегі елдерді алайық, мұндағы тұрғындардың барлығы қобыздың үнін ерекше ықыласпен тыңдайды. Тіпті «бис-бистеп» өзіңді сахнадан жібермей, бірнеше шығарма орындауды сұрайды. Бұл, әрине — қобыздың қасиеті! Екіншіден, Еуропа елдері даңғаза эстрададан әбден қажып, мезі болған. Сондықтан да олар қобыздың тереңнен құйқылжыта шығатын үнін естігенде, орын­дарынан түрегеліп, ду қол шапа­лақтап, ризашылық сезімдерін білдіреді. Тіпті концерттен соң кей­біреулері қасыңа келіп, қо­быз­ды қолына ұстап көріп, қара­пайым қылдан таяқпен сүйке­генде небір ғаламат дыбыстың қалай шығатынын білгілері келіп, сан алуан сұрақтың астына ала­тын­дары да бар. Ал қайсыбіреулері қобызды скрипка аспабымен са­лыстыра қарайды. Мұның өзі халқымыздың киелі аспабы — қо­быздың ғұмырының ұзақ бо­­­ла­­­­­­­тын­­ды­ғынан хабар бергендей көрінеді маған.
    Менің бір байқағаным, әдетте халықаралық туризм жәрмең­келерінде ел мен жердің тек таби­ғи байлығы ғана емес, жалпы мә­дениеті де халыққа таныс­тыры­лады. Бір қуантатыны, түркітілдес халықтар, оның ішінде түбі бір Түркия мемлекетінің тұрғындары қобызды өте жоғары бағалайды. Тіпті әңгімелесе қалсаңыз, олар­дың қай-қайсысы болмасын «Қор­қыт — біздің бабамыз» деп қызу пікірталас та тудырады. Бұл — әрине, олардың Қорқыт баба­мызға, қобызға деген көзқарасы! Түркияда маған бір кісі «Байбұрт қаласындағы Қорқыт мазарына барасың ба? » деп қолқа салды. Мен: «Бұл қалай? Қорқыт — ежел­ден қазақтың бабасы. Кесенесі Сырдарияның жағасында» деп ашық айттым. Әйтсе де қобызды аса қадірлейтін түріктер мені кон­церттерге жиі шақырып тұрады. Еуропа, әсіресе, Балтық жаға­лауын­дағы елдер біздің дәстүрлі музыкамызды ұнатады. Мысалы, мен өзім концерттік сапарда бол­ғанда Литва, Германия, Түркия, Корея, Молдова, Қытай, Ресей, Иордан Хашимиттік Корольдігі, Тәжікстан елдерінің біздің елі­мізге, ұлттық мәдениетімізге де­ген қошамет-құрметіне айрықша риза болдым.
    — Жоғарыда «қобызды эстра­даға икемдеп, алғаш рет сахнаға алып шыққан да мен болатынмын» деп қалдың. Қобызды қазіргі заман талабына сай икемдеймін деп, оның өзіне ғана тән қоңыр әуезінен айырылып қаламын деп қорықпай­сың ба? 
    — Әлі есімде, 1999 жылы алғаш рет электрониканың сүйемел­деуі­мен қобызда күй тартқан бола­тын­мын. Сол жылдарда маған кейбір ағаларымның: «қобыздың күйін құртып жатырсың» деп айып тағып, сын айтқан кездері де болды. Егер сол ағаларым біле білсе, ең алдымен, мен кәсіби музыкантпын. Осы саладағы ұла­ғатты ұстазым, профессор Базар­хан Қосбасаров маған жеңіл-желпі ән-күйге әуес болмауым қа­жеттігін айтып, үнемі ақыл-кеңес беріп отыратын. Құдайға шүкір, менің де өнер саласында, оның ішінде қобызға бауыр бас­қаныма 17 жыл болыпты. Олай болса, осы жылдар ішінде «қасық­тап» жинаған абырой-беделімнен бір-ақ сәтте айырылып қалғым келмейді. Мен, ең алдымен өзім ойнап жүрген аспабымның тари­хына үлкен мән беремін.

    Күй­лердің әуенін бұзып ойнауды қа­сі­рет деп түсінемін. Дегенмен менің құрбы-құрдастарым, бүгін­гінің жастары ғасырлар қойнауы­нан жаңа заманға жеткен қобыз үніне құлақ түрсін деп жаңашыл­дыққа ұмтылатыным рас. Ал ре­пертуар мәселесіне келсем, қан­дай шығарма орындайтынымды өнер көрсететін ортаның талға­мына қарай икемдеп отырамын. Егер тыңдармандар арасында көне­нің көзі — қарттар көп жи­нал­ған болса, онда Қорқыттың, Ықыластың күйлерін орын­дай­мын. Ал жастар көп болса, онда ойнақы күйлерді төгілтіп ойнай­мын. Әсілінде, музыканың жама­ны жоқ, орындаушының немесе тыңдаушының жаманы болуы мүмкін.

    Қазіргі уақытта Әлқуат Қазақбаев, Нұрсәт Бейсеқожаев, Маржан Арапбаева сынды ком­по­зиторлардың маған арнайы жазған музыкалық шығармаларын да орындап жүрмін. Өзге музыка­лық аспаптармен салыстыра ал­ғанда, қобызда орындалатын шы­ғармалар көп жағдайда аз, яғни шектеулі ғана. Ал домбыраға ар­налған шығармалар өте көп. Бір ерекшелігі, қобызда ойнап-үйре­ну үлкен еңбекті, қажымай-тал­май маңдай терді төгуді қажет ете­ді. Бұған қоса, адамның ішкі жан дүниесі кіршіксіз таза бол­ғаны ләзім. Меніңше, қобыздың құдіретін жаны таза адам ғана түсінеді.
    — Менің білетінім, о баста өзің қобызға қосылып ән де орындайтын едің. Қазіргі уақытта бұл үрдісті ұмыт қалдырған жоқсың ба? 
    — Дұрыс айтасыз, мен о баста үлкен өнер табалдырығын «Іңкә­рім-ай» деген әнмен аттағанмын. Осы әнді айтып, мектепте жүрген кезімде талай байқауларға қаты­сып, бірнеше мәрте жүлделі орын­дарды жеңіп алғаным бар. Бұл ән көпшілік қауымға халық артисі, күміс көмей әнші Роза Бағланова апамыздың орын­дауы­мен белгілі болған. Туған жерім — қасиетті Түркістанда жүр­ге­німде жергілікті ән байқауларына қаты­сып, мақтанғаным емес, жүлдесіз қалған кезім болған емес. Сол жылдардың өзінде менің өнерімді құрметтеп, маған үміт артқан аға-әпкелерім «бұл қызды Алматыға жіберу керек қой» деп сан мәрте пікір де айтқан болатын. Өкінішке қарай, ата-анам «қызымыз әлі кішкентай» деп мені үйден алысқа жібергісі келмеді. Десе де бір жылы жаз айларында Алматыға демалуға келгенімде ата-анама айтпастан «бағымды сынап көр­ейін» деп, Ахмет Жұбанов атын­дағы музыка мектебіне сынақ тапсырдым. Сөйтіп, осындағы өнер иелері — ұстаз аға-апаларым өнерімді «өте жақсы» бағалап, ме­ні музыка мек­тебіне оқуға қабыл­дауға шешім шығарды. Содан елге оралып, Алматыға музыка мек­тебіне оқуға кетуім қажеттігін айтқанымда, ата-анам біраз ке­ліс­педі. Ал болашақта қобызшы болатынымды естігенде үйдегілер қарсылықтарын одан сайын үдет­ті. Олар маған қылқобыз ойнау­дың оңай еместігін түсіндіріп әлек болды. «Қылқобызбен алыс­қа бармайсың» деп жолымды кес­кісі келген ағайындар да табылды. Мен сонда да алған бетімнен қайтпадым. Құдайға шүкір, қазір осы қара қобызыммен нан тауып жеп жүрмін. Ел көріп, жер көріп қана қоймай, әлем елдеріне туған елім — Қазақстанды танытып жүр­мін. Әсілінде, мен ұлттық өнерді дүниенің төрт бұрышына паш етіп жүргеніме өзімді бақыт­ты санаймын!
    — Халқымызда «туған ел — алтын бесік» деген ұлағатты сөз бар. Осы сөздің төркінін өзің қалай пайымдайсың?
    — «Туған ел» деген сөздің ма­ғынасы өте тереңде жатыр. Өйт­кені туған ел — өзің туып-өсіп, ер­жеткен үйіңнің табал­дыры­ғы­нан басталады. Ауылдағы жусан­ның жұпар исі, оның кеудеге қуат берер саф мөлдір ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары, жанары жайсаң адамдары, осы­ның бәрі — туған елдің ажыра­ғысыз бір бөлшегі. Одан қала берсе, ұмытылмас балалық шақ! Мен ауылдан өте ерте, жастайым­нан кеттім. Қазір де қартайып тұрғаным жоқ. Дегенмен қазір ойлап қарасам, ауылда өмір сүр­ген азғана жылдарым, мен үшін үл­кен сабақ, үлкен мәдениет ор­тасы болған екен. Үлкен өнерге жол ашқан өмірімнің мәңгі ұмы­тылмас қимас кезеңдері. Өйткені менің бес жасымда балабақшада, алты жасымда мектеп қабырға­сында алғаш «өнер» деген құ­дірет­ті түйсініп, көзге көрінбейтін қиял әлеміне толы арманды-шат­тықты күндерімді өткізгенім әлі есімде. Алғаш рет «Әнші бала­пан», «Утренняя звезда» бай­қаула­­рына қатысып, бас жүлдені жеңіп алып, Алматыға жолдама алғаным әлі күнге көз алдымда. Ата-анадан алшақ кетіп, Ахмет Жұбанов атындағы арнайы му­зыка мектебінде оқи жүріп, рес­публикалық, халықаралық бай­қауларға қатысып, жүлделі орын­дарға ие болдым. Өнердің басқа да түрлері тәрізді күйшілік өнер — адам баласының ой-өрі­сін, дүниетанымын, ой-қиялын барынша дамытып, адамның сұ­лулыққа іңкәрлігін анағұрлым арттыра түсетін мәңгі өшпес өнер­дің бір саласы. Олай дей­тінім, 12 жылдық музыка мек­тебін үздік бітіріп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясына грантпен оқуға түсіп, оны да үздік бітіріп, тағы да грант арқылы магистратураға тү­суім, қазақ халқының көне мұра­сы, жәдігері — қылқобызға деген сүйіспеншіліктен, ұлттық өнерге деген патриоттық сезімнен туын­дап отыр деп ашық айта аламын. Адам бойындағы еңбексүйгіштік, ұстамдылық, төзімді бола білудің өзі адам баласының адамгершілік қасиеттерінің негізгі өлшем­дері­нің бірі екеніне көзім анық же­теді. Әсілінде, өнер үшін ауылдың үлесі зор. Өз басым ауыл мен өнердің арасында тамыры терең байланыс бар деп ұғамын. Туған ауылымды үнемі аңсап тұрамын. Сондықтан бүгінгі күні өнер саласында қандай да бір жетіс­тікке қол жеткізсем, сол жетіс­тік­те мені өмірге әкелген ата-анам­ның, білім берген мектебімнің, өзім өніп-өскен ортадағы үлгі-өнеге болған адамдардың, кіндік қаным тамған киелі де қасиетті туған жерімнің зор үлесі бар деп са­наймын. Қорқыт атадан қалған қасиетті қобызым арқылы қан­шама алыс-жақын шетелдерде болдым. Бірақ туған-жерім — Қа­зақстаным — алтын бесігім! Мен үшін өркенді де өркениетті тәуел­сіз елімізге еш нәрсе жетпейді. Бұл менің жүрек түкпіріндегі сы­рым!
    — Шығармашылық жоспарла­рың қандай?
    — Бұған дейін Түркістанда және Алматыда жеке шығар­ма­шылық концертімді өткіздім. Қа­зіргі уақытта алдыма қойып отыр­ған үлкен мақсатымның бірі — өміріме мәңгілікке серік еткен қылқобыздың қайталанбас әсем сазды үнін, күй орындаудағы ерек­­шелігі мен артықшылық­та­рын жан-жақты зерттеп, үлкен бір ғылыми жұмыс жазсам ба дей­мін. Шынымды айтсам, жоспар да, арман да көп. Ең бастысы, алда тұрған биік те зор асуларды ба­ғындыру үшін күш-қайрат, зор еңбек, үлкен білім, ерінбей іздену қажет екенін жақсы сезінемін. Мен үшін мақсат-жоспардың ең биігі — қай уақытта да білім бер­ген ұстаздарымның, қобыздың үніне ынтық көрермендерімнің сенімін, үмітін ақтау деп білемін. Бір қуан­татыны, халқымыздың ұлттық музыкаға деген құмарлығы күн сайын артып келеді. Мысалы, көпшілік тыңдарманның сұрауы және «Эйр Астана» әуе компания­сының талғамы бойынша осы компания жақында маған ұшақ борттары арқылы «сіздің қобызда орындаған күйлеріңізді сан мың­даған жолаушылардың назарына ұсынсақ» деген ұсыныс айтты. Осылайша осы әуе компания­сымен келісімшартқа отыруым­ның нәтижесінде менің тартқан күйлерім тыңдаушыларға жететін болады.
    — Әңгімеңе рақмет!


    Сұхбаттасқан Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

    «Айқын».

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    «Астанада жоқсың», «Алматыда жоқсың» деп айтылатын әнді шығарған кім екенін білгіңіз келсе…

    Ютубтан 35 миллион көрілім жинаған Ерке Есмаханның орындауындағы «Қайда?» әні жастар арасында хит. Алайда, көпшілігіміз ...