Басты бет » Айдарлар » Өнер » 4 мың адам «Қара жорғаны» бірге биледі

4 мың адам «Қара жорғаны» бірге биледі

«Қара жорға» қазақ биінің брендіне айналып келеді десек, әсте қателеспейтін шығармыз. Той халықтың қазынасы болса, «Қара жорға» биі қазақтың сол қазынасының төрінен ойып орын алды. Өйткені бұл күнде «Қара жорға» биленбейтін той кемде-кем. Бұдан біраз уақыт бұрын «Алаш айнасы» газеті осы ұлттық биіміздің шипажайларда да емдеу-сауықтыру биі ретін­де қолданыла бастағанын жа­зып едік. Енді, міне, «Қара жор­ға» ұлттық-патриоттық іс-шара­лардың да ажарын ашып, сәнін келтіретін биге айналып келеді.

Кеше Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында елордадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің алдында осы жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары – бас-аяғы шамамен 4 мыңға жуық адам «Билейік бірге, Қара жорға» патриоттық акциясын «Қара жорға» биімен ашты.

Айтқандай, акцияның ашылу рәсімінде өзінің бала кезінде осы биге билегенін ескен алған университеттің президенті Мақсұт Нәрікбаев та «Қара жорғаға» жорға екенін көрсетіп, студенттермен бірге биледі. Әділ бағасын бере кетейік, алпысты алқымдаған Мақсұт Сұлтанұлы буындары былқылдап билегенде жиырмадағы жасты тәнті ететіндей-ақ тәп-тәуір биші екен.

Ал қалған студенттердің басым көпшілігі биді толық мәнерінде билей алмай, қол мен иықты қозғалтқаннан әріге бармады. Бірақ ештеңе етпес, әлі-ақ бір кісідей қозғалып, билеп кетер деген үміттеміз. Өйткені университет басшысы ендігі уақытта студенттерді таңертең оқу орнына жарты сағат бұрын келуге шақырып, Әнұраннан кейін «Қара жорға» билеуді әдетке айнал­дыруды ұсынды. Несі бар, бүкіл қытай таң­нан тұрып, у-шу жаттығын істеп жатқанда, біз де бойымызға қан жүгіртіп, «Қара жор­ғамен» күнделікті тірлікті бастасақ, салауат­ты өмір салты деген сол болар.

Мақсұт НӘРІКБАЕВ,Қазақ гуманитарлық заң университетінің президенті:

– Біз – барлық жағынан талантты ха­лық­пыз. Ән мен күй, би секілді өнер туын­дыларымыз да көп. Бірақ сөйте тұра, өзіміздің той-томалақтарымызда өзге жұрттың әуені мен биін билеп жүр­міз. Осы үрдісті өзгертіп, неге біз өзі­міздің ұлттық биімізді билемейміз? Бү­гін­гі патриоттық акцияда «Қара жорға» биін билейік деген ой осы мақсаттан ту­ды. Ал «Қара жорға» биі, оның әуені мен қимыл-қозғалысы халыққа етене жа­қын. Оның әуенінде әсіресе қазақ ұлты­на рух беретін күш бар. Біздің осы бас­тамамызды Л.Гумилев атындағы Еу­ра­зиялық ұлттық университет те қол­дап, түстен кейін олар да университет бо­лып бір мезгілде «Қара жорға» биін би­легелі отыр. Сондықтан мен өзге жо­ғары оқу орындарын да осы баста­ма­мызға қосылуға шақырамын.


Айбын Бақытұлы,

«Алаш айнасы».

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

x

Check Also

Жазушылардың даукестігі суретшілерге жұқты

Алматыда Суретшілер одағының он сегізінші құрылтайы өтіп, жаңа төраға сайланды. Қараша айында өтуі тиіс одақ ...