Мақал-мәтелдер – халық ауыз әдебиетінің қазыналы байлығы саналатыны белгілі. Өйткені мақал-мәтелде халықтың дүниетанымы, өмірге көзқарасы, философиясы, өзге де мәселелер кеңінен көрініс табады. Мақал-мәтелдер қашанда белгілі бір ойды жеткізеді, әлдебір нәрселерден сақтандырады, бір сөзбен айтқанда, адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі өміріне азық болатын даналық ғибратындай жол көрсетіп тұрады. Мақал-мәтелді біліп өскен, соның мәйегін жастайынан құлағына құйып өскен бала өсе келе алды-артын ойлауға машықтанып, дұрыс шешім қабылдауға, қиындықты еңсеруге дағдыланады. Мақал-мәтел әр халықта бар.

Бұл дүниежүзі елдерінің барлығына тән деп айта аламыз. Олардың арасында барша әлемге ортақ болып кеткен мақалдар да кездеседі, сондай-ақ әр халықтың өзіне ғана тән мақал-мәтелдері де ұшырасады. Бұл мәселелерді біз салыстыру кезінде танып-білеміз. Салт-дәстүрі ұқсас, ділі бір, діні бір түркі халықтарының мақал-мәтелдері де мағына жағынан, сөздік, сөйлемдік құрылым жағынан ұқсас болып келетінін байқау қиын емес. Енді соның барлығына рет-ретімен тоқталайық.
Қазақ және ұйғыр тілдеріндегі ұқсас әрі ортақ мақал-мәтелдерді басқаларынан бөліп алып, салыстыра қарастыруымыздың мақсаты — бұл тілдердің туыстық жақындығынан ғана емес, мүмкін болғанынша сол тілдерде сөйлеуші Орта Азия халықтарының ең көнелерінен саналатын ұйғырлар мен қазақтардың рухани, мәдени, тарихи жақындығын да осы мақал-мәтел негізінде анықтай түсу. Мағынасы мен құрам-құрылымы жағынан толық сәйкес болып келетін абсолютті (толық) ұқсастыққа жататын мақал-мәтелдер: Адам адаммен адам (қазақша); Адәм адәм билән адәм (ұйғырша); Асы піспестің қазаны оттан түспес (қазақша); Еши пишмасниң қазини оттин чүшмәс (ұйғырша). Компоненттерінде азды-көпті өзгерістер бар, бірақ мазмұны ұқсас мақал-мәтелдерге мыналарды жатқызар едік:
Ат айналып қазығын табар, Су айналып жазығын табар (қазақша); Ат айлинип оқурини тапиду, Мусапир айлинип юртини тапиду (ұйғырша); Ағайын тату болса — ат көп, Абысын тату болса — ас көп (қазақша); Ағинә инақ болса — ат тола, Игичә-сиңил инақ болса – аш тола (ұйғырша)
Құрылымы, құрамы өзгеше, бірақ екі халықта да мазмұны өзара ұқсас болып келетін мақал-мәтелдер. Мысалы, қазақтың «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген мақалына ұйғырдың «Бир бекарчи миңни бекар қилур» мақалы мәндес келеді. Екі тілдегі мақалдың беретін ортақ мағынасы — бір нәрсенің көпке теріс әсер етуі.
Ас, тамақ тақырыбына қатысты мақал-мәтелдер жайына тоқталатын болсақ, мұнда да мағыналас, ұқсас мәселелерді байқауға болады. Мысалы: Ас иесімен тәтті, табағымен сәнді (қазақша); Аш игиси билән татлиқ (ұйғырша); Жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын (қазақша); Йахши аш ешип қалғучә, йаман қосақ йерилип кәтсун (ұйғырша). Жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын (қазақша)
Йахши аш ешип қалғучә, йаман қосақ йерилип кәтсун (ұйғырша) мақалы тамақты, оған қаншалықты еңбек сіңірілетіндігін бағалау мақсатында қалыптасса керек. Шынымен де, ас даяр­лау оңай жұмыс емес. Егер тағам тәтті болса, босқа төгіліп, ысырап болмау үшін айтылған нақыл сөз. Бұның астарында қос халықтың жастарды асты қадірлеуге, босқа төгіп-шашпауға, ананың не болмаса ас дайындаушы адамның еңбегін бағалауға деген тәрбиесі жатыр.
Қазақ пен ұйғыр мақал-мәтелдерінің мағыналық және уәжділік өзгешеліктері бар. Мұны білу үшін ұйғыр тіліндегі тосқа чүшкәнниң һәммиси тарих әмәс мақалын қарастырайық. Қазақша баламасы: тасқа түспегеннің бәрі тарих емес. Осы мәтелдің беретін мағынасы хатқа түспегеннің бәрі шынайы тарих емес, яғни «шынайы тарих — хатқа түскен тарих». Сонда қазақ ұғымында тасқа түсіп, жылнамалар арқылы жеткен оқиғалар тарих болып саналады да, ауызекі сөйлеу тілімен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дүниелерді, көбінесе, шындықтан алыстау аңыз-әңгімеге, ертегіге таңу бар. Ал ұйғырша мағынасы керісінше түсіндіріледі: «хатқа түскеннің бәрін тарих деуге келмейді», өйткені тарих бұрмалануы мүмкін. Бұл сөздің мәнісі жазба тарихтың өзіне шүбәлануінде, күмән келтіруінде жатыр. Демек, мұндай ұғым, түсінік осы халықтың ерекшелігіне, тарихқа көзқарасына байланысты болуы да мүмкін.
Ине өткен жерден жіп те өтеді (қазақша)
Йиңнә кәйәрдин өтсә, йип шу йәрдин өтиду (ұйғырша).
Қазақ тіліндегі баламасының беретін мағынасы, қысқаша айтқанда, мықтының да, нашардың да ісі немесе бастамасы олардың шамасына қарай, өз деңгейінде жүзеге асады. Ал ұйғыр тіліндегі мақал-мәтел жинақтарында ол «отбасы, бала-шаға» тақырыбындағы мақал-мәтелдер тобына кірген. Демек, бұл жерде беретін мағынасы ерлі-зайыптылар жайында (әйелдің еркекке еруі туралы сөз болады) болып тұр.
Есік көргенді алма, бесік көргенді ал. Қазақ халқына әбден сіңісті болған, ер адам үйленер шағында берілетін кеңес. Негізінен қазақ бесікті өте қасиетті, киелі деп санаған. Яғни бесік — қазақ халқының ұғымында адалдықтың белгісі. Сондықтан әйел алар кезде әке-шеше баласына «есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деп ақыл айтады. Мұның мәнісі: біреудің әйелі болғанды емес, тұрмысқа шықпаған қызды ал. Өйткені бұрын отбасын құрып, өмір көрмеген жас қыз – адал, қулық-сұмдықтан ада болады.
Ұйғыр тіліндегі нұсқасы (ишик көргәнни алма, бөшүк көргәнни ал) оған қарама-қарсы мағынаға ие. Жақсы-жаман тұрмыстық өмірдің дәмін татқан келіншекті ал, ол тіршіліктің бағасын біледі. Халықтың пайымдауынша: «келіншек ал» деген кеңес «кері кеңес» болып табылғанымен оның жаны бар, өзіндік мәні бар ақыл. Қатар отырған екі отбасының тұрмыс кешуі де түрліше болатыны сияқты, қос халықтың генеологиялық шығу тегі мен тарихы, географиялық, әлеуметтік ортасына қарай қалыптасқан психологиясы, тіпті мінез-құлқы да өзгеше болары сөзсіз.
Қара сөз түрінде пайда болған мақал-мәтелдер екі халықта да көптеп кездеседі.
Алма ағашынан алысқа құламайды (қазақша)
Пеләктин хәмәс жирақ чүшмәйду (ұйғырша)
Саяқ жүрген таяқ жер (қазақша)
Саяқ жүргән таяқ йер(ұйғырша)
Осы мысалдардан көрініп тұрғандай, бәрі бір жолдан тұратын мақал-мәтелдер, яғни олардың барлығы қарапайым сөз түрінде қалыптасып қоймай, мағынасы да лексикалық құрамы да бір-бірінің көшірмесі іспетті. Демек, олар абсолютті ұқсастыққа ие.
Туыстас тілдер арасында балама мақал-мәтелдерің әр тіл ерекшелігіне байланысты тұлғалық, құрылымдық айырмашылықтары да аз емес және әртүрлі. Ең көп кездесетін өзгешелік мақал-мәтелдердің лексикасына ғана байланысты болып келеді. Мақал құрамындағы кейбір сөздер мағыналас басқа сөздермен алмастырылады.
Ат тұяғын тай басар (қазақша)
Ат айиғини тай басар (ұйғырша)
Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк (қазақша)
Бир хотунниң һйилиси қириқ әрниң һйилисидин артуқ (ұйғырша)
Жаман дос көлеңке (қазақша)
Йаман дост сайигә охшаш (ұйғырша)
Бұл жерде салыстырыла берілген мақал-мәтелдерде тұяқ — айиғи, есекке жүк тіркесінің орнына әрниң һйилисидин артуқ тіркесі қолданылған. Қалғандарында көлеңке — сайигә сөзімен алмастырылған. Соңғы мақалда қазақша нұсқасында түсіріліп айтылатын «ұқсас» сөзі ұйғыршасында толық берілген.
Заман дамып, адамның ой-өрісі шыңдалған, жетілген сайын қара дүрсін мақал-мәтелдердің күрделі де ырғақты өлең түріне ауысуы — заңды құбылыс. Өлең талабына сәйкес олар екі, үш, төрт және одан да көп, сонымен қатар өзара жұптасып, қиюласып, жымдасып келетін жолдардан тұрады. Әрі мұндай халық даналығы екі тілде де молынан жұмсалады.
Тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады (қазақша)
Тағ таққа қошулмайду, адәм адәмгә қошилуду (ұйғырша)
Балалы үй — базар, баласыз үй — мазар (қазақша)
Балилиқ өй — базар, балисиз өй — мазар (ұйғырша)
Осы тектес екі жолдан тұратын, құрамы бірдей мыңдаған мақал-мәтелдердің ұқсастық деңгейлері екі тілде де теңбе-тең. Екі тіл бір-біріне қанша жақын болса, оларда қалыптасқан мақал-мәтелдердің бір-біріне сонша ұқсас келуі заңды. Жай сөйлем түрінде келген бір тағанды мақал-мәтелдердің құрамдық бөлшектер санының әртүрлілігімен ерекшеленеді. Бір тағандыларды құрап тұрған әрбір сөз — сөйлем мүшелерінің баламалары. Олар жай сөйлем түрлері — жалаң, жайылма сөйлем болып келеді. Осыған байланысты халық нақылдарын төмендегі құрамдық бөлшектерге бөліп қарастыруға болады.
Қорыта айтқанда, қазақ пен ұйғыр халық­тарының мақал-мәтелдерінде кез­десетін ұқсас жайттар мен мақал-мәтел­дердің құрылымдық жағындағы өзгешеліктер әлі де зерттей түсуді қажет етері сөзсіз. Халық ауыз әдебиеті ғасырлар бойы дамып, бүгінгі күнге дейін жетсе, оның бойындағы қазыналарды танып білу де сондай маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарына арқау болуы керек деп білемін.


Мұқәддәс Мирза, 
филология ғылымының 
кандидаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ