• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   

    Ас беру

    Ғұрыптық қана емес, саяси-әлеуметтік институт ретінде де ас беру дәстүрі қазіргі кезде бұрынғы мәртебесін сақтап қала алды ма? Шынтуайтында, отар¬лау саясаты тәрізді түрлі саяси-әлеуметтік факторлардың тегеурінді әсеріне байланысты ас беру ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ сұйыла бастаған-ды. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезеңдегі ас беру деп атап жүргеніміз бұрынғы өткен батыр бабалар мен аталардың есімін ардақтап, дәріптейтін шара деңгейінде ғана атқарылып келеді. Яғни ас беру деген атпен ел-жұртты шақырып, мал сойып, ат шаптырып атап өтетін шара деңгейінде қалды. Ғалымдардың пікірінше, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық мұражайының басшысы Нұрсан Әлімбайдың жетекшілігімен 2010-2014 жылдары жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты әрқайсысы 100 б.т. құрайтын бес томдық ғылыми энциклопедия – сөз жоқ, аталмыш және басқа да сан алуан тарихи-этнографиялық күрделі мәселелердің ғылыми күрмеуін дәйекті шешкен еңбектердің бірегейі. Расында да, деректік негіздемесінің, соның ішінде, фотоматериалдары мен түрлі-түсті суреттерінің молдығымен дараланатын бұл энциклопедиядан оқырман, тіпті, бұрыннан етене таныс болып көрінетін дәстүрлі қазақ социумының сан алуан қыр-сырын жаңаша парықтауға мүмкіндік алады. Төменде аталмыш энциклопедиядағы Д.Қатран мен Е.Смағұловтың ас беруге арналған мақаласы газетке ықшамдалып беріліп отыр.

    Дәстүрлі ортада пайғамбар жасынан асқан, ел-жұртқа аса қадірлі адамның қайтыс болғанына бір жыл толарда, кейде толған соң арнайы ас беріледі. Ас беру «топырақты өлімге» байланысты аза тұту мерзімінің аяқталғандығын айғақтайды. Ол Нұрсан Әлімбайдың сөзімен айтқанда, «аруақты оздыруға» (қазіргі тілмен айтсақ, шығарып салуға) арналған, тіпті, бүкіл этнос деңгейінде өткізілетін ең үлкен шара ретінде ұлттық салтқа айналған. Ғалымның дәйегінше, ас берудің ежелден орныққан концепциясының мәні – «аруақ риза болмай, тірі байымайды» деген дәстүрлі қазақы ортада метафоралық сөз орамына айналған ежелгі ұстанымды жүзеге асыру. Атап өтер жайт, ас – тек халқына еңбегі сіңген атақты адамдарға берілетін болғандықтан, марқұмның жылын беру салты өзгешелеу. Өйткені, той тондынікі, ас аттынікі деген мәтел жете алғанның барлығы баруына болатынын білдірді.

    Ас беру – марқұмның жаны һәм рухы туралы және о дүние туралы адамзат тарихының алғы кезеңдерінде қалыптасқан ежелгі түсініктеріне байланысты атқарылатын жосын-жоралғылардың бірегейі.

    Деректерге қарағанда ұлы асқа тек қазақ рулары ғана емес, көршілес қырғыз, түрікпен, қарақалпақ, моңғол, т.б. халықтардың, Ресей жəне Қытай аристократтарының өкілдері де қатысқан. Мұндай ауқымды аста аса маңызды іргелі мəселелер де шешімін тауып отырды. Мысалы, 1781 жылғы Абылай ханның асында Цин елшілігі өкілдерінің жəне қазақ сұлтандардың қатысуымен Уəли ақ киізге көтеріліп, хандыққа сайланды. Сыпатай батырға баласы Ноғай мырза Меркіде ас бергенде оған қырғыз елінің игі-жақсылары батырға деген риясыз құрметінің белгісі ретінде мол тарту-таралғымен, сəйгүлік, жыршы, балуандарымен келген екен. Тамдының Құлқұдық деген жерінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы шамасында өткен Тұрабай деген беделді адамның асына бүкіл кіші жүз руларынан басқа, Бұқар мен Хорезм бекзадалары жəне қарақалпақ халқының белгілі билері мен рубасылары қатысқан.

    Астың өткізілу реті, оның шығыны, жиналатын адам мөлшері XVIII-XIX ғасырларда өзгерістерге ұшырады. Оның ең негізгі себебі – осы кезеңде қалыптасқан əлеуметтік саяси жағдайға байланысты болды. 1822 жылғы реформадан бастап қазақ қауымының кедейшілікке ұшырай бастағаны белгілі. Сол кедейшілік ХХ ғасырда кең етек алды. Осыған байланысты ас беру дəстүрі айтарлықтай өзгертілді. Сонымен бірге, Ресейдің жүргізген саяси реформалары қазақ елінің азаматтық өзін-өзі басқару жүйесіне үлкен соққы берді. Бұл да астың салтанатын солғындатты, қоғамдық əсерін әлсіретті.

    Сауын айту – ас беру туралы жұртшылыққа алдын-ала ақпарат таратуды білдіретін ежелден орныққан жосын. Ас беруге əр елден есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақын¬ар, палуандар, əнші-жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнаулы жіберген адамдар арқылы шақырылды.

    Ас өткізілетін орын жəне мерзімі. Ас өткізуге арналып, негізінен өзен бойына жақын, жазық жерлерге киіз үйлер тігіледі. Таңдалған жердің сулы, əрі нулы, əрі кең жазира болуы – ас берудің басты шарттарының бірі. Өйткені, ең алдымен, қонақтарға да, бəйге аттарына да қолайлы жағдай жасау ас берудің сəтті өтуінің бірден-бір кепілі болды. Деректерге қарағанда, бірнеше жүздеген үй тігілген «ауылдың» орны 0,5-1,5 шақырымға дейін аумақты қамтыған. Ас беруді көбінесе мал семірген күз мезгілінде атқарады. Сондықтан ас беру кейде жыл толмай немесе екі-үш ай өткен соң да ұйымдастырыла береді. Ас берудің басталуы, əдетте, сəтті күн – сəрсенбіге немесе Орта Азия халықтарында тараған дəстүрлі түсінік бойынша «о дүниенің көк қақпасы ашылып, аруақтар үйге келеді» дейтін бейсенбіге орайластырылды.

     

    ҮЙ ТІГУ.

    Ас беру үй тігуден басталады. Ел болып жиналып, жан-жақтан келген қонақтарды қарсы алу, күту, ас беретін елдің (рудың) елдігіне үлкен сын. Ас беруді айтарлықтай өткізуге əр ру мүшелері өз үлесін қосады. Қонақтарға тігілген үйлер қазан-ошақтан кемінде 50-100 м қашықтықта, кейде, одан да алыс орнастырылады. Қонақтарға тігілген үйлерге кілемдер төселіп, көрпелер жайылады, шақырылған адамдардың бəрі осы үйлерге келіп орналасады. Вл.Плотниковтың жазуынша 1860 жылы Кіші жүз Жаппас руының басшысы Құламбай дейтін адамның Қаракөл басында өткізілген асқа 140 үй, 200 кісі сыятын жібек шатыр тігілген.

    ХІХ ғасырдың 90-жылдарында Сырдария облысының Қазалы мен Перовский уездерінде Кіші жүз руларының арасында берілген бес асқа қатысқан И.В.Аничков мынадай қызықты мəліметтер келтіреді: атақты Кəрібайдың асында қонақтар үшін тігілген ақ үйлердің саны 200-ге дейін жеткен. Ал молдалар мен ишандарға Бұхар шатыры тігіліп, əр үйге бір молдадан бекітілген. Бұлардан бөлек жерошақ басынан бірнеше үйлер қатар тігілді.

    Қаралы үй ас өткізілетін жерге оған 10-15 күн қалғанда салтанатпен əкелініп, басқа үйлерден оқшау тігіледі. Қаралы үйдің ішіне марқұмның өзі тіршілігінде пайдаланған бұйымдары ең көрнекті жерге қойылады. Оларды отаудың батыс жақ бұрышына, кіре берістің сол жағына орналастырады. Биіктеу бір төбе басында ас иелері, ауыл ақсақалдары бөлек тұрып, келушілерді бақылайды. Əр үйдің дөдегесіне осы үйдің қай елдің қонақ үйі екені жазылады. Осы күннен бастап ас өткізетін отбасының туыстары киіз үйлерін тігіп, малдай, қымыз, т.б. көмектерін көрсете бастайды. Ақсақалдар жиналып ас өткізу жайын талқылап, шешім қабылдайды.

     

    МАЛ СОЮ.

    Ас беретін жерге, дəлірек айтқанда, жерошақ басына айдалып əкелінген малдың ішінен сойылатын қой мен жылқы таңдалады. Төмендегі деректен осы үрдістің қалай атқарылғандығы туралы көп жайды аңғаруға болады. «Əрқайсысында 70 жерошақтан қазылған екі қатар ошақ (140) қазылып болған соң, молда ошаққа дұға бағыштады, 60 бие таңдалып, оларды екіге бөлді, жақсысы мен нашарлауы екі ошаққа теңдей бөлінуі қадағаланды. Əрқайсысына бас-көз болатын көшелі, жөн білетін адам тағайындалды. Ошақтар қасынан етті сақтауға арналған 12 қос дайындалып, жас шөп үстіне ши төселді. Келесіде қолында Құраны бар молда келіп бөлініп алынған жылқылардың қасына келіп Құран оқыды. Сойылған мал терісінің бір бөлігі молдаға, қалғаны басқарушыларға бөліп беріліп, сойылған мал еті қазанға салынды. Сойысқа арналған малды қамап қойып, асқа келгендердің өзі қалағанын сойдырған жайттар да болған» (А.С.Плотников).

     

    АС БЕРУГЕ КЕЛУ САЛТАНАТЫ.

    Ас беруге əр ру байырғы дəстүрмен, яғни ақыны, жыршысы, балуаны, бәйге аты, сойыс малымен жəне сабасымен келеді. Шақырғанда келмей қалу, қатыспау сол руға, тайпаға, елге, елдің билеушісіне қарсылық көрсету болып есептелген. Сауын айтылып, хабар алған елдер асқа салтанатпен келуге үлкен мəн берді. Ас беруге бару жөні жəне оған баратын топтың құрамы аса ыждағаттылықпен іріктелді. Ас беруге баратын топтың саны əдетте бірнеше жүзге дейін баратын. Ас беруге бару жайын талқылап, топ құрамын белгілеу үшін күллі рудың, аймақтың ел басылары бас қосқан мəжіліске шақырылатын. Ас беруге келетін басқа рудың адамдары өздерінің дəулетіне қарай, марқұмға жақындығына, тілеулестігіне қарай, ысқатқа, жерлеуге шығарылған шығынның орнын толтыру үшін екі, үш, жеті не оншақты жылқы немесе түйе жетектеп келеді. Бұл «аза» деп аталды.

    Қаралы үйдің қасына ер-тұрманы кісі қызығарлықтай, үстіне қара шұға жабылған марқұмның асыл қазынасы ретіндегі ең сүйікті тұлпарын (тұл ат) халықтың көріп тамашалауы үшін қояды. Бұл ғұрыптың мақсаты – халыққа марқұмның көзі тірісіндегі мəртебесін əйгілеу болып табылады Асқа халық келген бетте қаралы үйге кіріп, шыққаннан кейін, сырттағы байлаулы тұрған тұл атты қолдарымен сипап, тəу етеді.

    Жоқтау айтылып, бата қайырылғаннан кейін «азасына салғанымыз», «азасына қосқанымыз» деп, марқұмның үй-ішіне өздерімен алып келген тарту-таралғысын табыс ететін. Асқа қатысатындар сәнді киініп, ерекше салтанатпен баратын. Мәселен, қарқаралылық Өтебай сал осы асқа киіп баруға арнайы сəукеле тіктірген. Яғни, Тоқа Сапаққызының сəукелесінен жəне Алтай Алдажұманқызының сəукелесінен де артық болсын деп, тіккен ісмерге жүз жылқының құнын төлеген.

     

    ҚОНАҚТАРДЫ ҚАРСЫ АЛУ.

    Деректерге қарағанда келер қонақтарды қозыкөш жерден арнайы сайланған жігіттер «дүниенің төрт тарабына», яғни төртке бөлініп қарсы алған. Қонақтардың ас беретін ауылға беттегенін арнайы жігіттер алдын-ала атпен шауып келіп ас беру жосынын басқарушыға хабарлап отырған. Қалыптасқан дəстүр бойынша, келген қонақтардың аттарының тізгінін бір-бірлеп алып, атынан қолтығынан демей түсіріп, көрісетін тəртіп болған. Келушілер алдымен қаралы ту тігілген үйге кіріп көңіл айтып, «бата жасарға» əкелген дүние-мүлік, саба-саба қымызын, айдап əкелген малын жерошақтың маңында арнайы тігілген үйлердің жанында тұрған адамдарға табыстайды. Қарсы алуға тағайындалған жігіттер келушілерді арнайы бөлінген үйлеріне бастап апарып орналастырады.

    Ас беру, əдетте, жанжалсыз өтпейді. Себебі, біреу мерт болуы мүмкін, жарақаттануы мүмкін, бəйге дауы немесе екі балуан арасында келіспеушіліктер туындап, оларды ажырату қиынға соғып жатады. Осындайда ас беруді басқарып, қадағалау үшін аса беделді бір адам тағайындалады. Дау туа қалған жағдайда қадағалаушы араласып, екі жақты жанжалға жібермей келісімге келтіріп отырған.

     

    ӨТКІЗІЛУ БАРЫСЫ.

    Жоғарыда айтылғандай, асты көбінесе мал семірген күз мерзімінде береді. Құрбандық ретінде сойылған қой еті тұтас желініп болған соң ғана тұлданған жылқы сойылады. Жылқыны бауыздар алдында оны жетектеп үйді айналдырып шығады. Ас беруге жиналған халық пен оларға таратылар құрбандық ретінде есепсіз көп мал сойылады. Жəне əртүрлі ұлттық ойындар, аламан бəйге, жамбы ату, сайыс, ақындар айтысы, т.б. өткізіледі. Ас беру дəстүрінің жосынының ежелден қалыптасқан өзіндік элементтері мен өткізілу тəртібі жəне қағидалары (жоқтау, қаралы ту тігу, сеп жию, тұл ат) бар. Яғни бұлар (ақсақалдар кеңесі, сауын айту, ошақ қазу, мал сояр күн, асты басқару, қонақ күтер күн, табақ тарту, асқа салтанатпен келу, аза салу, ұлттық ойындар жəне т.б.) ежелден қалыптасқан жөн-жосық бойынша атқарылады. Ас берудің аяқталуға жақындағандығын тұл атты сою, сеп бұзу, қаралы туды жығу сияқты ғұрыптық шаралар көрсетеді. Ас беру салтанаты бəйгемен ашылып, бəйгемен жабылады. Яғни астың алғашқы күні ошақ майлар бəйгесі басталса, ас берудің соңғы күні аламан бəйгенің өткізілуі астың сəн-салтанатты бөлігінің аяқталғандығын білдіреді. Аламан бəйге орындарының саны мен жеңімпаздарына берілетін жүлделердің көлемі де өте қомақты болып келеді. Бəйгенің жүлдесі жеңімпаздың шыққан ортасы – тұтас бір рудың ортақ игілігі саналады.

    Ас берудің ресми жабылуы жарияланып, келген қонақтар тарай бастайды, ал сеп бұзу, қаралы туды сындыру, тұл атты сою ғұрыптарын орындау тек марқұмның туған-туыс, руластарының ғана құзырындағы іс болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, үлкен ас əдетте, үш күннен кем болмаған, тіпті, төрт-бес күнге жалғасты. Ертеректе одан да ұзақ болғанға ұқсайды. Астың өткізілетін уақыты жайында И.В.Аничков: «əдетте ас 4 күнге созылып: сəрсенбі «ошаққазар күн», бейсенбі «мал соятын күн», жұма «табақ тартар күн», ал сенбі, жексенбідегі түрлі ойын жарыстар кезінде киіз үйлер жығыла бастап, жексенбіде тарқап, көшіп кетеді», – деген дерек келтіреді. М.Шорманов: «Бірінші күні ошақ қазып, үйлер тігіледі, екінші күні мал сойылып, ет асылса, үшінші күні табақ тартылып, ел арасындағы дау-жанжалдар қаралады, төртінші күні ойын-сауық өткізіліп, ат шабады, асқа алыстан келгендердің көпшілігі осы күні тарай бастайды», – деп жазады.

    Бес күнге созылған ас төмендегідей тəртіппен өткен: бірінші күні – астың сəтті өткізілуі үшін ошақ қазылып жатқан кезде бір-екі мал сойылып, еті осы ошақтарға асылады, оны «құдайы» деп атайды. Екінші күн – жерошақты қазар күн жəне осыған байланысты «ошақ майлар» ат жарысы өткізіледі. Үшінші күн – балуан белдесулері өткізіледі. Төртінші күн – жамбы ату. Бесінші күн – атшабар күн. Ас берудің жеті күнге созылатыны туралы да мəліметтер бар: 1-күн – асқа келген қонақтарды қарсы алу, үйді-үйге орналастыру. 2-күні садақпен жамбы ату (күміс жəне алтын ақша) сайысы өткізіледі. 3-күні 20-30 шақырым қашықтыққа құнан жарысы өткізіледі. Оған 9 түрлі бəйге тігіледі. Бірінші бəйгеге – түйе, соңғы бəйгеге – тайтұяқ беріледі. Осы күні қыз қуу ойыны да ұйымдастырылады. 4-күні сайыс ойыны өткізіледі. Сонымен қатар, осы күні балуандар күресі де өткізіледі. 5-күні 50 шақырымға дейінгі қашықтыққа дөнен жарысы өткізіледі. 6-күні ертеңгі болатын аламан бəйге барысы анықталады. 7-күні – астың ең маңызды күні аламан бəйге өткізіледі. Бірақ асты өткізуде аталған шаралардың уақыттық өткізілуінің реттік жүйесі əркез сақтала бермеген. Мысалы, М.Шорманов асының алты күнге созылу себебі ас беруге Павлодар мен Ақмола уездері арасындағы жер дауын шешу үшін арнайы шақырылған төтенше съездің қоса ұйымдастырылуына байланысты болды. Сыпатай батырдың асы сегіз күнге, Ақжолтай Ағыбай батырдың асы тоғыз күнге созылған. Бір жағынан, билер кеңесі ас берудің өн бойында толастамай жүріп, онда жесір дауы жер дауы шешіліп жатса, екінші жағынан, астың сəн-салтанатты ойындарымен бірге ақындар айтысы да өткізілген.

    Ақжолтай Ағыбай батырдың асына жиырма мыңнан аса адам жиналған екен. Ұлы жүз бен Орта жүз жəне Кіші жүздің игі жақсылары жиналған осы үрдісте жүз табақшы қызмет атқарған.

    Ас беруде өткізілетін ойындардың барлығы көңіл көтеруге арналмаған. Олардың көңіл көтеру үшін емес, ғұрыптық (ритуалдық) міндеті да айырықша болды.

    Балуан күресі – күреспен айналысатын қара күш иелерінің ас-тойларда күрестен сайысқа түсуі, күш сынасуы. Күрес ас беруде міндетті түрде өткізілді. Балуандар күрес сайыстарына өз руларының атынан шығып, руының намысы үшін күресті. Жеңістерге жетіп, елінің атын шығарған балуандардың есімі бүкіл халыққа танымал болып, ел құрметіне бөленді. «Күш – елдікі, олжасы – көптікі» дегендей балуан жүлдесі де руластарына үлестірілген. Түйе тарту – ас беруде орындалған ертеден орныққан ғұрыптық мəні бар жосынның бірі. Бұл жосын – «тайлақ тарту», «жез бұйдалы інгеннің биі», «түйе шешу» деген сияқты атаулармен де белгілі.

    Əскери-қолданбалы ойындар сияқты ас беру салтанатының бағдарламасына міндетті түрде енгізілетін ойынның бірі – теңге алу (күміс алу). Бұл ойын өте көне əскери-жаугершілік заманнан бастау алады. Асқа келген əр топта «теңге алуға» он сегіз, жиырманың үстіндегі ерге тақымы берік, ат құлағында ойнайтын шабандоз жігіттер қатысқан. Ойын ережесі бойынша, белгіленген арақашықтықта үш-төрт жерде шүберекке түйіліп, күміс немесе теңге тасталынады. Шабандоздар кезек алып тізбекке тұрады. Олар келген кезектерімен осы қашықтықта екпіндеп шауып келе жатып, шапқан атты тоқтатпай жолындағы түйілген шүберекті ат үстінен еңкейе отырып алуы керек. Кейбір ат құлағында ойнаған шабандоз жігіттер осы ойын үстінде ат үстінде түрегеп шабу, шауып келе жатқан ат үстінен секіріп түсіп қайта міну, ат бауырында ойнау секілді шабандоздық өнердің неше түрін көрсетіп, ел ризашылығына бөленетін.

    Аста белгілі жүйе бойынша өтетін ойын түрлерінен басқа таза көңіл көтеруге арналған көңілді ойындар да өткізіліп тұрған. Солардың бірі – тілмен теңге алу. Абайдың атасы Өскенбайдың асында ұйыған қатық толы тайқазанға алтын теңге тасталып, тістеп алып шығу бəсекесі өткізілген. Сондай-ақ, қымыз толы шара ішінен теңге алу ойыны да ұйымдастырылды. Қыз қуу ойыны астағы ойын-сауық тізімдерінің ішінде көп кездесе бермейді. Астарда даңққа бөленген балуан, сайыскер, мерген, шабандоз адамдар есімі ел аузында аңыз болып күллі елге тараса, қыз қууға қатысушылар туралы мəліметтер жоқтың қасы. Бəлкім, бұл жайтты қыз қуу ойынының функционалдық-семантикалық мəнінің ас берудің ғұрыптық кеңістігінің семантикасына сəйкессіздігімен түсіндіруге де болатын шығар. Бұл ойынның көбінесе неке жəне басқа да отбасылық немесе рулық мерекелерде өткізілетіндігі сондықтан болса керек.

     

    ТҰЛ АТТЫ СОЮ.

    Тұлданған атты сояр алдында ақтық байланған жүген салып, ер-тұрманымен, əсем жабуымен сəндеп, сырмақ үстіне əкеліп ұстап тұрады. Осы кезде жесір қалған əйел аттың мойнынан құшақтап тұрып, тұл атпен көрісіп, жоқтау айтады (қыздары да қосылады). Басу айтып ажыратса да, қимастықпен аттың жалынан айырылмай күңірене жырлайды. Кейде ұзақ жоқтау айтып жылаған əйелдерді күшпен ажыратқанда, ат жалының қылдарын жұлып кеткендері де болған екен. Аталмыш ғұрып марқұммен тұл ат арқылы жесірдің соңғы қоштасу сəтін бейнелейді. Марқұмның атын тұлдау жəне оны жылдығында сою сияқты ғұрыптар əлі күнге дейін сақталып отыр.

    Қаралы туды сындыру – қаралы күн осымен аяқталды деген ұғымды білдіреді. Көне заман адамдарының қабірлерінен сындырылған бұйымдардың шығуын ғалымдар байырғы адамдардың анимизмдік түсінігімен, заттардың «жаны» болады деген сенімімен байланыстырады. Яғни ертеде меншікті заттарын əдейі сындырғанда, «өлген адамның «жанымен» бірге өліктер еліне жететін заттардың «жанын» да азат етуге көмектесеміз» деген сенім болды. Бұл дəстүр тірілер мен өлілердің арасындағы байланыстың түпкілікті аяқталғанын білдіреді. Мүмкіндігінше бұл істі жесірдің əмеңгеріне тапсырған. Бұл салт «бұдан былай жесірге əмеңгері иелік етеді, өлген күйеуінің орнын сол басады» деген ұғымды білдіреді. Демек, қаралы туды кім көрінгенге сындырта бермеген.

     

    ТАБАҚ ТАРТУ.

    Табақ тартуға əдетте ыңғайлы киінген, жөн-жосықты білетін сыпайы жас жігіттер сайланған. Тəртіп бойынша табақ жасауға табаққа үйдегі қонақтардың дəрежесіне сай мүшелердің салынып тартылуын басқаратын жасы үлкендеу адамдар тағайындалған. Үлкенге, аса құрметтілеріне жамбас, жілік тартылып, екі-үш адамға бір табақтан айналған. Жоғарыда айтылғандай, бірнеше жүз үй тігілген ауылдың қашықтығы кейде 0,5-1,5 шақырымға дейін созылған. Ас үйлер əдетте қонақ үйлерден алыстау жерге тігіледі. Қонақ үйлердің есіктеріне бір-бір жігіттен қойылып, үйге сырттан адам кіргізбей, іштен шығармай, қонақтардың жайлы отыруын қамтамасыз етіп, үйдегі адам саны қанша, неше табақ керектігін бақылап, басқарушы адамға мəлімдеп отырады. Табақтардың кіріс-шығысы есептеліп отырады.

    Ошақ пен үйлер арасы əжептəуір жер болғандықтан, табақты атпен жүріп тартты. Табақшылар асқа таза, ықшам киініп, атын күміс ер-тұрманымен сайлап шығады. Табақ таратуға бір кісі басшы болады, оның көмекшісін айдаушы деп атайды, ол табақтың алдын-ала белгіленген бағыт бойынша тартылуын қадағалап отырады.«Ас беру əр халықта бар: сарт ас берсе палау, ноғай ас берсе түрлі тағам, қазақ ас берсе ет пен қымыз, қосымша ерекшелігі ат шаптыру» (Қ.Халид).

    Талай мың қонақты күтіп алып, абыроймен шығарып салудың қамындағы елдің қызметін Мұхтар Əуезов: «Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болды», – деп астың этнографиялық пошымын дəл суреттеді. Осы аса жауапты қызметті мінсіз атқару үшін табақ тартушы жігіттер алдын ала арнайы дайындықтан өтетін. Ол үшін табақ алып қашу немесе мүше алып қашу ойындары өткізілген. Шауып келе жатқан аттың үстінде қолына табақ толы ет көтеріп, оны төкпей-шашпай апаратын жеріне дұрыстап жеткізуді жетік меңгергендер ғана табақ тартуға таңдалып алынды. Ақжолтай Ағыбай батырдың асына жиырма мыңнан аса адам жиналған екен. Ұлы жүз бен Орта жүз жəне Кіші жүздің игі жақсылары жиналған осы үрдісте жүз табақшы қызмет атқарған. Қонаққа қоғамдағы əлеуметтік мəртебесіне сай, өзіне тиісті жілік мүшесін тартпау немесе шатастырып, ауыстырып жіберу ұят саналған жəне адамды қорлаудың белгісі болып табылады. Мұндай жаңылыс қонақтардың өкпе-ренішінің тууына əкеліп соғатын. Сонымен бірге, асқа қанша халық келсе де, олардың ешқайсысы ас барысында тамақтың тапшылығын сезбеуі тиіс. Бұл дəстүрлі ортада бұлжымас қағида болып орныққан.

    Ас тəртібі бойынша асқа тігілген əр үйдің «иесі» болады, солар қонақ күтуші болып саналып, қонақ күтуге қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуді өз мойнына алады. Астың алғашқы күні осы үй иелері жан-жақтан келіп жатқан қонақтарды ас басқарушының бұйрығы бойынша өз үйлерінде қарсы алады. Əдетте, асқа сауын айтуға немесе асқа дайындыққа арналып өткізілген алқалы жиын шешімі арқылы əр ауыл, əр үй өздері қарсы алуға тиісті қонақтардың кім екенін, қайдан келетінін, т.б. жай-жапсарларын алдын-ала біліп отырады. Соған арнап сый-сыяпат дайындайды. Келген адамдар саны жиырма-жиырма бестей болса, оларды бір үйге түсіреді. Қоғамдағы алатын орнына қарай таңдаулы үйлерге жайғастырылады. Əр үйде бір-бірден күтуші, саба-саба қымыз болады. Даяшылар құзырына тек қана ас тартып, табақ тартып, қымыз-шай құю ғана емес, өз ауылының (үйінің) сəн-салтанатын өлең-жырмен əспеттеп көрсету қызметі де кіреді. Асқа келушілердің бас-аяғы жиналып болған соң, табақ тарту басталады. Əр үйдің үлкен-кішілігіне қарай он-он бес табаққа дейін тартылады. Елге белгілі, ерекше қадір тұтатын адамдар алдына жеке табақ тартылып, қалған 3-4 адамға бір табақтан тартылады. Асқа ешкі, сиыр сойылмайды.

    Табақ жасаудың да өзіндік мəні бар. Кімге арналған табақ екенін табақ жасаушы алдын-ала біліп отырады. Дəстүр бойынша малдың он екі жілігі жəне басқа мүшелері адамның қоғамдағы орны мен жолына лайықталып тартылмаса, төрелер, бектер мен билер дереу наразылығын білдіретін болған. Дəстүр бойынша марқұмның артында қалған жесірінің əмеңгері қаралы туды сындырып, өзінің əдет-ғұрыпқа сай мəртебелік жағдайын бекіткенде, тұл аттың еті тек қана асты өткізуге ерекше еңбегі сіңген ел ардақтыларына ғана таратылған. Осы арқылы қазақ қоғамының əлеуметтік қатынастар жүйесінің іргелі принциптері мен нормаларының өміршеңдігі дəріптелген.

     

    АС БЕРУДІҢ АЯҚТАЛУЫ.

    Ас берудің басы мен соңы сəтті болуы үшін молда ас өтетін жерде дұға оқиды. Орта есеппен 3-5 күнге жалғасқан астың соңғы күні көпшілік аламан бəйгенің аттары көмбеге келгенше балуандар күресін тамашалайды. Аламан бəйгенің өтуімен сəн-салтанат бағдарламасы аяқталып, астың ресми жабылуы жарияланып, келген қонақтар тарай бастайды. Астың аяқталуы кезінде қаралы ту сындырылып, тұл ат сойылып, тек марқұмның туған-туыс, руластарының қатысуымен сеп бұзылады. Ас тарқарда көпшілік атынан елге сыйлы, қадірменді ақсақал қонақасыға бата береді. Қанжығалы Шауыпкел батыр (ХІХ ғ. 80 ж.ж. Қостанай, Өзенкөлде) асының тарқауында берілген батаның бір үлгісі халық аузында сақталған.

    Дұға қабыл, тілегіміз дұрыс болсын,

    Бақ қарап, дəулет бітіп, ырыс қонсын.

    Мəйітке хақ тағалам рахым қылып,

    Қабірі жарық болып, нұрға толсын.

    Алланың рахматының молын берсін,

    Сусынға хауыз кəусар көлін берсін.

    Дұғасы көпшіліктің қабыл болып,

    Ұжмақтан мəңгі-бақи орын берсін.

    Асқа жұмсалған шығын жəне берілетін жүлде. Асқа өте мол қаржы, көп мал жұмсалған. Ас беру барысында ойналатын ойын жеңімпаздарына қомақты бəйге берілген.

    1803 жылы берілген Сырым Датұлының асында 2 500 қой, 200 жылқы сойылып таратылған, 1 000 саба қымыз болып, 5 000 шелек қымыз ішілген. Шай, қант пен тоғыз нарға тоқаш артып, шекті Көтібар батырдың өзі келген.

    Шөмекей руында өткізілген Кəрібай асы туралы И.В.Аничков асқа 200 қой, 40 жылқы сойылып, 200 пұт күріш даярланғандығын, саба-саба қымыздың көптігі сол – əр үйге бір-бір сабадан қойғанда, оның саны 200-ден артатындығын айтқан.

    1860 жылы «Ерден көлінде» Ерден Сандыбайұлына ас берілгенде 500 үй тігіліп, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Ат бəйгесі 100 жылқы болған. Ерден байға осындай дəрежеде үш рет ас берілді. Үш аста барлығы 1860 жылқы, 600 қой, 1000 саба қымызы шығындалған.

    1860 жылы Қаракөл деген жерде өткен Жаппас Құламбаевтың əкесіне берген асы туралы жазған В.Плотниковтың есептеуінше, 600 пұтқа дейін ет (бір адамға шаққанда 5 фунт); 50 пұтқа дейін Сорочин жармасы; 150 сабаға дейін қымыз (əр сабада орташа есеппен 10 шелек қымыз деп санағанда 1500 шелекті құрайды); 25 фунтқа дейін шай, 8 пұт қант жұмсалған. Осыған қосымша осы асқа көрші жаппас ауылдарынан шақырылған, шамамен 400 адамнан тұратын қызметшілерге сойылған жəне берілген мал саны 20 қой мен 8 жылқыны құрап, 8 пұт Сорочин жармасы, 2 пұт қант жəне 4 фунт шай жұмсалған.

    Сағынай асына 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінген, 5 тонна шай əкелінген, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынған. 10 мың көрпе-жастық төселіп, қонақтарды сыйлауға 500 бұқар шапаны келген. Сібірден 500 аң терісі алынған. 20 мың қой, 1 000 жылқы сойылған. 500 жігіт атпен табақ тартып, 300 қыз қонақтарға дастарқан жайып, қызмет еткен. Бəйгеге 500 тұлпар қатысқан. Ақанның əйгілі Құлагері осы аста мерт болды.

    Мұса Шормановтың асында 200 жылқы, 300 қой сойылып, 20 мың шелек қымыз ішіліп, жиналғандардың басым көпшілігіне шай, бауырсақ, тоқаш, өрік-мейіз таратылған. Құрметті қонақтар үшін палау дайындалған. «…Əрине мұның барлығы тек марқұмның балаларынан шыққан шығын емес. Көп көмекті бай қазақтар көрсетті», – деп жазды Д.Путинцев аста-төк молшылыққа таңырқап.

    Сағынай асына 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінген, 5 тонна шай əкелінген, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынған. 10 мың көрпе-жастық төселіп, қонақтарды сыйлауға 500 бұқар шапаны келген. Сібірден 500 аң терісі алынған. 20 мың қой, 1 000 жылқы сойылған. 500 жігіт атпен табақ тартып, 300 қыз қонақтарға дастарқан жайып, қызмет еткен. Бəйгеге 500 тұлпар қатысқан. Ақанның əйгілі Құлагері осы аста мерт болды.

    Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында Ұлтарақ бай қайтыс болғаннан кейiн үшiншi жылы ас берілген. Бұл ас 1909 жылы күзде Баян-Өлгий аймағының Дайын өлкесінің Жалаңаш, Тастыбұлақ жерiнде атқарылды. Асқа 2 000 жылқыны айдап келіп, шалмаға іліккен 40 жылқыны сойған. Оның ішінде небір жорға, жүйріктері де болған. Үлкендер «бұлай істемеңдер, таңдап сойыңдар», дегенге «өзіне бұйырмағанда кімге бұйырады» деп, Дүтбай зəңгі бастаған ұлдары көнбей қойған. Алтай, Қобда бетi Шүй қазағына (Қосағаш), яки 9 таңбалы найман, 12 абақ-керейге түгел сауын айтылған, үй тігіп, ру-руымен түсірген. Асқа деп күнiне қырық жылқы, қосымша қисапсыз қой сойылған. Бiр аптаға жалғасқан аста 500 ат бəйгеге шауып бiрiншi келген атқа 9 жамбы тiккен, ең соңғы келген атқа дəстүрлi «көк бұқа» немесе «көк өгiз» сыйына да 9 тайынша берілген. Мойынбайұлы Бурылбайдың

    (1928 ж.) асына 200 киiз үй тiгiлiп, 8 жерошаққа тайқазан асылған. 10 күнге созылған асқа 200 қой, 80 жылқы сойылып, 300 бие байланған.

    М.Леваневский өз жазбаларында өткен ғасырдың ортасында Ырғыз бойында өткен Жүсіп Жолаев деген кісінің асында жүз шақырымға шабылған ат бəйгесінде 9 жүлде белгіленіп, бірінші аттың бəйгесіне – 500 қой, 100 түйе, 40 жылқы, 90 құндыз жəне бір жетім қыз (күң) берілгендігін келтіреді. И.Аничков пен Ы.Алтынсарин де ХІХ ғасырдың 70-жылдары озып келген ат бəйгесіне мал мен т.б. бұйымдарға қоса, жетім қыз берілетіндігін де айтып өтеді. І.Жансүгіров осы үрдістің көл-көсір дарқан образын былайша суреттеді:

    Осындай болып жатты ұлы жиын,

    Жиынның мыңнан бірін айту қиын.

    Еті тау, қымызы көл деуге болар,

    Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.

    Жоғарыда айтылғандай, ас беру дəулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың əкесі Өскенбайдың асы, Қанжығалы Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, Дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мəлім болып, аңызға айналған той болды. Дегенмен, ас беру көпшілікпен бірге атқарылар шара болғандықтан, тек бір əулетке немесе бір руға ғана салмақ түсірілмеген. Шақырылғандар да аруаққа деп сойыс малдарын жəне қымыз толы сабаларын өздерімен бірге ала келген. Сонымен ас беру үрдісі ел бірлігінің нығаюында айырықша рөл атқарған институттардың бірі болды.

    Ас беру салтының ғұрыптық және әлеуметтік-саяси функциясы. Осы мәселені теориялық желіспен дендеп зерттеген Нұрсан Әлімбайдың қисынды пікірінше, ас беру, біріншіден, қазақ социумының ежелден қалыптасқан іргелі нормалары мен принциптерін «монтаждау» тәсілімен әспеттеудің ең көрнекі әрі тиімді жолы болды. Екіншіден, ас беру барысында қазақ социумында қордаланған мәселелер үнемі өзінің тиімді шешімдерін тауып отырғандықтан, осынау ұлы салтты этностың өзіндік ұйымдасу, һәм өзін-өзі басқару институты ретінде бағамдаған жөн. Яғни көшпелі ортадағы əлеуметтік қатынастарды ұйымдастыру мен реттеудің аса көрнекі тəсілдерінің бірі болды деуге болады.


     

    Досымбек ҚАТРАН, Ержан СМАҒҰЛОВ,  «Қазақ әдебиеті».

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қымыздың бізге беймәлім қасиеттері

    Қымыздың қасиеттері: 1.Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. 2. Қымыздың құрамында ...