• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Ұлттық тәрбие » Жоқтаудың орнына шапалақ соғатынымыз не сұмдық?

    Жоқтаудың орнына шапалақ соғатынымыз не сұмдық?

    Қазақта басқа ұлттар мен ұлыстарда мүлде кездеспейтiн бағалы, құнды асыл дәс­түр­лерiмiз бар. Солардың бiрi – қайтыс болған адамды жоқтау салты. Өлiм жайлы суық хабарды естiген ел сол үйдегiлерге көңiл айта барады. Олар жоқтаушыларға ерекше көңiл аударады. Жоқтайтындар көбiнде қайтыс болған адамға ең жақын қыз-келiншектер, ақ самайлы аналар болады. Егер әйелдер жоқтау бiлмесе, арнаулы жоқтаушыларды шақырып келiп отырғызады да, қалғандары соларға қосылып жоқтасады.

    Олар бастарына қаралы жаулық салып, жасқа толы жанарларын орамал-шыттарымен қалқалап еңiреседi. Жоқтау барлық адамның жан дүниесiн тебiрентетiн, сай-сүйегiн сырқырататын, егiлтетiн болуы керек. “Өлеңмен жер қойнына кiрер денең” деп ұлы Абай атамыз айтқандай, жоқтау әсем дауысты әйел­дердiң айтуымен құлаққа жетсе, күңiренген жұрт ұйып тыңдап, ерiксiз егiледi.

    “Өлiм сынға барады” деген. Сынның бiрi – жер­ошағы қоңырсымай қалды делiнсе; ендi бiрi – жоқталмай қалуы.

    Жақсы жоқтаулар – елге үлгi. Қазақ жырларынан бастау алатын жоқтаулардағы зарлы, өкiнiштi сезiмдердi бейнелейтiн тұстарына ел өзегi өртене өксiсе, ендi бiрде оның терең өмiр философиясын аңғартатын шүңеттерiне бойлап, мәндi де мағыналы ойлар түйiндеуi сөзсiз. Сонысымен де жоқтау ға­сырлар бойы жалғас­қан жә­не құнды санал­ған.

    “Қар­ға адым жерде қаза бар” де­мек­шi, экологиялық ортаның ластануынан ба, әлде Алланың әмiрiнен бе, қазiр өлiм-жiтiм көбейiп тұр. Елiмiздiң бiртуар тұлғалары, дарынды, талантты пер­зенттерi де бiрiнен соң бiрi о дүниеге аттануда. Осы ақ өлiмнiң бәрi де жоқтаусыз өткерiлдi. Ол аздай, сүйекпен қоштасқан дабыралы жиналыстарда шапалақ соғып шығарып салатын сұмдығы тағы шықты.

    Әйгiлi ән патшайымы, КСРО және Қа­зақстанның Ха­лық әр­тiсi, Халық Қаһарманы Роза Тәжi­­б­ай­­қ­ызы Бағланова апамыздың сүйегi­мен қоштасқан кезде де “шапалақ соғып аттандырыңдар” деген бұйрыққа бағынған қаралы халық ту жабылған табыт залдан шығып бара жатқанда көздерiне жас алып, шапалақтарын ұрды. Марқұмның сүйегi сыртта дайындалған көлiкке салынып, мәңгiлiк мекенi – Кеңсай қойнауына қарай жылжи бергенде де шапалақ соғылып жатты. Негiзгi салтымызда қабыр басына бармайтын әйелдер жағы дәл осы сәтте дауыс шығарып, соңғы рет қоштасып, жоқтап қалар едi. Қарап тұрып қынжыласың, әттеген-ай дейсiң.

    Дәстүрiмiздiң ұмытылуы – тiлiмiздi жоғалтумен бiрге ұлтымыздың азғындауын тез­дететiн басты фактор. Мұнымыз ұят, тегiмiзге оралып, ата салтын жалғастырайық, ағайын!


    Болат ҚҰРМАНҒАЖЫҰЛЫ.

    Тұздыбастау ауылы,

    Талғар ауданы,

    Алматы облысы.

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қазақ тыйымдары не үшін керек?

    Ұлы далада өмір кешкен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің қыр-сыры өте көп болған. Тыйымдардың дәл қай заманда ...