• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ұлттық тәрбие » Суррогат ана

    Суррогат ана

    Қазіргі ақпараттық қоғамда небір қолдан келер кәсіптердің жарияланып тұратыны белгілі. Ғаламтордағы сайттардан «Балаңызды бағып беремiн» деген жарнаманы күнде көріп жүрсек, бiрақ «Балаңызды туып беремiн» дегенді оқып таңғалыстық. Әлбетте, әңгіме ауаны қоғамда жиі айтылып жүрген қолдан ұрықтандыру тәсілі, яғни суррогат ана турасында болып отырғанын ішіңіз сезген болар.

    Иә, бұрындары «естімеген елде көп» дейтін едік. Енді естігенімізден көргеніміз көп болып отыр. Суррогат ана, яғни құрсақ ана, ғылымда соңғы он бес жылда қарқынды дамыған медициналық құбылыс болып есептеледі. Шарананы то­ғыз ай көтеруге келісім берген ананың құрсағына сәбидің биологиялық ата-анасының гаметалары енгізіледі. Осылайша әйел нәрестені тоғыз ай көтеріп, ата-анасына аман-есен табыс етуі тиіс. Әлемде бұл әдіспен қанша сәби дүниеге келгені туралы ресми мәлімет жоқ, алайда бейресми сараптамаларға сенсек, дүниежүзінде суррогат ананың көмегімен 220 мыңдай сәби туылыпты. Бір қарағанда, бәрі дұрыс-ау. Бірақ кейбір Батыс елдерінде ешбір кінәратсыз-ақ, қол-аяғы балғадай келіншек­тер дене бітімін бұзып алмау мақсатында арнайы түрде суррогат ана қызметіне жүгінеді екен. Ондай шетелдік тапсырыстарды орындау бойынша Украина әйелдері алдыңғы орында келетін көрінеді. Ал елімізде суррогат ана қызметіне қай бағытта жүгі­ніп жатқанымызды саралау жағына келсек, екіұдай пікірде қалады екенсің. Біреу тойып секіріп жүр, біреу тоңып секіріп жүргеннің кебі, әйтеуір. Хош. Ақ пен қарасын ашып көрелік.
    Негізінен алғанда, 1998 жылы 17 желтоқсанда қабылданған «Неке және отбасы туралы» Қа­зақстан Республикасының заңы бойынша суррогат ана де­геніміз – суррогат ана мен ықтимал ата-ана арасындағы шарт бойын­ша бойға бала бiтiру, оны көтеру және туу. Ал суррогат ана шарты деп – балалы болуды қалайтын адамдар мен бойға бала бiтiрудiң жасанды әдiсiн немесе эмб­рион имплантациясын қолдануға ке­лiсiмiн берген әйелдiң ара­сындағы келiсiмді айтады. Ал 2004 жылдың 16 шілдесінде қа­былданған «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы» Қазақстан Республикасы­ның заңында «суррогат ана» ұғымы заң жүзiнде бекiтiлгені белгілі. Осы заң бойынша елімізде адамды клондауға тыйым салынса, ал ерлi-зайыптыларға суррогат ана қызметiне жүгіну құқы берiлген болатын. Түйгеніміз, бізде заңды түрде суррогат ана болуға болады және оның арнайы келісім-шарты бар.

    Бала көрудің бұл әдісінде қандай сорақылық бар деуіңіз мүмкін. Әсіресе, (ресми мә­ліметке сәйкес) Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 16 пайызы нәрестелі болу бақытына жете алмай жүргенін ескерсек, пер­зент сүюдің оңтайлы жолы осы дерсіз. Бірақ бір гәптің шеті шығып қалған сияқты. Мәселе балада емес, анада болып отыр. Анығын айтқанда, бұл суррогат ананың пейіл, ниетінде және осы қызметті жарнамалап жүрген делдалдарда болып отыр. Мәсе­лен, жатырын жалға бергендердiң ара­сында әлi тұрмыс құрмаған 20 жастағы қыздар да бар. Бұларға не жорық? Бұдан басқа кәсіп жоқ емес қой. Нарық заманы келге­лі, басқа басқа, дәл әйел затына жұмыстар тұнып тұрған жоқ па. Әркімнің өз құқығы бар десек те, біреудің мұқтаждығын біреу пайда табу пиғылына бұрып жатса, ондай әрекеттен ұтпасымыз анық.
    Бүгiнде бұл iс қып-қызыл бизнес көзiне айналып барады. Біреулер суррогат анаға жүгіну бала көрудің соңғы мүмкіндігі деп қараса, енді біреулер үшін жақсы қаржы табудың тиімді көзі болып отыр. Соңғы кездері отандық экономиканың көлеңкелі бө­лігінде «суррогат ана» қыз­метіне делдал болып ақша табу үрдісі байқалады. Бұл балаға зәрулердің арманын іске асыруға көмектесу деп жұқартып айтайық десек, талай жайттарды көрген соң пікірімізді өзгертуге тура келді. Бұл бизнес түрі бұрындары тасада қалып келсе, енді, міне, өзін жаңа қырынан айқара ашқан түрі бар. Неге десеңіз, елімізде ақылы инкубатор қызметін атқаруға кезекке тұрған әйелдер саны жылдан-жылға көбейіп барады. Қазір «бөтен құрсақ» қызметіне тек жылдар бойы генетикалық сәби көре алмай келе жатқан отбасылар ғана емес, сондай-ақ тұла бойын бұзғысы келмейтін нәзік­жандылар да бой ұра бастаған.

    Kazahk.ru сайтының форумында «суррогат ана» тақырыбы үлкен танымалдылыққа ие болып отыр. Мәселен, мынадай сарындағы ұсыныстарды көруге болады: «Суррогат ана болсам деймiн. Екi балам бар. Iшкiлiкке, темекiге әуес емеспiн. 10000 АҚШ доллары», «Қыздар, суррогат ана болуға келiсетiндерiң бар ма? Жақсы төлеймiз» немесе «Жұмыртқа клеткасының доноры бола аламын. Өзім жайлы: бойым – 165 см, сүйегім ірі, көзім қоңыр-қара, шашым қара. Өзімнің және балаларымның суреттерін жіберемін. Төлем – 1000-2000 АҚШ доллары». Сұраныс жағына келсек, «Срочно ищу сурмаму в Алматы. Оплата от 5 тысяч долларов», т.с.с.
    Міне, осындай сарындағы ха­­барландырулар баршылық. «Жақ­сы төлейміз» дегендеріне қа­­рағанда, аз ақша емес, тіпті бірі 10000 долларды қолма-қол сұ­рап отыр. Ал донордың өзі 1000-2000 долларын сұраса, онда сауда айналымы қай деңгейде екенін бағамдай беріңіз. 2010 жылдың аяғының өзінде-ақ аталмыш сайтта суррогат ана іздеген отбасылық жұптардан 9 хабарландыру ілінсе, ал суррогат ана болуга дайын 11 әйелден ұсыныс түскен. Нарық заңы бойынша ұсыныс сұраныстан артық болса, бұл қызмет түріне баға түсуі тиіс екені белгілі. Расында, осыдан үш жыл бұрын бұл жұмысқа төленетін ақы 15-20 мың доллар көлемінде болса, қазір 10-12 мың доллар шамасында. Бірақ мұндай бағаға қызмет көрсетуге бәрі келісе бермейді. Әсіресе, потенциалды суррогат ананың жоғары білімі болса немесе ол мейірбике болып қызмет атқарса (денсаулық сақтау саласының кадрлары бұл салада үлкен сұранысқа ие), оған берер қаржы көлемі 20 мың доллардан асып түседі.
    Кейбір нәзікжандылар үшін уақытша ана болу жұмысы негізгі қызмет түріне көшкен сыңайлы. Себебі басқалар үшін баланы дүниеге әкелетін әйелдердің «тә­жірибеміз мол» дегенге саятын ғаламтордағы хабарландырулар соны аңғартады. Ал жұмыртқа жасушасын ақылы донорлыққа беруге әзірлер жетіп-артылады. Ақша деп алақтаған делдалдар суррогат ана сияқты кінәраты мол бизнестен қомақты қаржы табудың ретін көздейді. Мақала басында тұрмыс құрмаған бойжеткендер тарапынан да суррогат ана болуға ұсыныс түскенін айтқанбыз. Апырмай, бәрі қалып, енді қазақ қызының бұл кәсіпке бет бұруын қалай түсінеміз? Әлде дағдарыс деп даурығып, қолдан келер жұмыс осы деді ме екен. Әйтеуір, бұл жағдайдың көңілге қонып тұрғаны шамалы.
    Бұл бағытта білекті сыбана жұмыс жасап жүргендер тағы сол делдалдар сияқты. «Ақшаның астында қалдырамыз» деген же­леумен шалғайдағы ауыл қыз­дарын суррогат аналыққа тарту осы саладағы делдалдардың жерден жеті қоян табатын кәсібіне айналғандай. Ауыл қыздарын 4-5 мың доллар көлемінде ақшаға жалдап, «суррогат анаға» айналдыру үрдісі үдей түскен көрінеді. Сөйтіп, үстінен 10 мың доллардан аса пайда табу ниеті де жоқ емес. Бұл пікірді «А» есімді суррогат ана болған 22 жасар азаматшамыз айтып отыр. Қолына тиген ақша 4-5 мың доллар шамасында екен. Қалғаны делдалдың уы­сында кеткен. «Ақшасы құрысын, өлермен болсам да енді құрсақ ана болмаспын» деп отыр. Себебін сұрадық. Іштен шыққан тұңғыш­ты жатқа қимаған. Жатырдағы бала биологиялық ата-анаға тиісті болса да, туылған соң аналық сезім өз жоғын жоқтаған. Содан бері психологиялық тұрғыда қажығанын айтты. Ән салсаң да, жаныңды салып айтасың. Суррогат ана болып ақша табамын дегендер үшін жоғарыдағы мысал сабақ бола алады. Қалыптасып отырған ахуалдан шығар жол бар ма? Байыптап қарасақ, баршылық. Мәселен, Бразилия заңы бо­йынша, бірге тумаған адамдардан басқаларға суррогаттық ана болуға тыйым салынған. Тек шынайы жаны ашыған туысқаны ғана суррогат ана болуы шарт. Тіпті Австрия, Норвегия, Швеция, Франция және Американың бірқатар штаттарында, Италия, Швейцария, Германия сияқты Еуропа елдерінде де оған тыйым салынған. Ал Италия, Франция, Германия елдерін­де бұл тыйымды бұзғандарға ірі көлем­де айыппұл салынып, тіпті түрмеге жабу да көзделген. Австралия, Ұлыбритания, Дания, Италия, Израиль, Испания, Канада, Нидерланды және Американың бірқатар штаттары әйел жатырын жалға беруді рұқсат еткенімен, суррогат анаға ақы төленбейді. Мұсылман елдерінің жайы белгілі ғой. Атай көрме дейтіні анық. Осы жерде бір нәрсенің бетін ашық айтуымыз керек. Бір қызығы, суррогат ана болуды табыс көзі ретінде заңмен реттеген елдер қатарында Американың бірқатар штаттары, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей Федерациясы, Грузия, Украина, Белоруссия және Қазақстан бар. Бәлкім, біздің заңнамаға да толықтырулар мен өзгерту енгізу керек шығар. Айтып-айт­пай не керек, елімізде суррогат ана іздеушілер де, болғысы келушілер де күн санап өсіп барады. Анығы, суррогат ана қызметін бизнес жасайтын құралға айналдырмауымыз әсте қажет. Әйтпесе, талай қарындастың арандап қалары анық. Онсыз да қазақ қыздарының ішінде қазіргі кезде әлеуметтік, моральдық бейнесі жақсы атанбай жүргендері қаншама?!.

    Түйін

    Барлық нәрсе «сенім» категориясына келіп тірелетіні анық. Біздің ұлан-ғасыр тарихымызда небір байлардың балаға зар болып, неше күн, неше түн Жаппар Хаққа жалбарынып жатып, бір күткенін сұрап алатыны бар емес пе? Оған батырлар жырын айтсақ та жетеді. Құдайдан сұрап, киелі жерлерді түнеп, жатырына бала біткен талай аналарды естіп те, көріп те жүрген жоқпыз ба? Бәрін денсаулыққа тіреп, суррогат ана қызметіне салып қою қаншалықты мәдениеттілігімізді көрсетеді? Бала туған әйел қырық күн бойына тазалығын сақтаса, барлық күнәсі кешіріледі деуші еді. Әсілі, ғасырлар тезінен сүрінбей өткен дәстүрлі қазақ отбасын қайта қалпына келтіру керек-ау. Сәби сүйгісі келген отбасылар тым болмаса туысқанының баласын асырап, өз бауырына басып жататыны белгілі. Қазақтың дәстүрлі отбасы институтында бұл үрдіс бұрын да болған, бүгін де бар. Бала көрудің бұдан асқан рухани жолы бар болса, қайсы? Заманауи деп суррогат анаға жүгінгенімізбен, небір сыннан алып шыққан ата салтын да ұмытпайық. «Өзінікін ар тұтқан жаттыкін зар тұтады» деген осы шығар.

    СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

    Салтанат Байқошқарова, биология ғылымдарының докторы, эмбриолог-ғалым:

    – Негізі, суррогат ана қызметіне көбіне аналық жатыры операция кезінде алынған не болмаса бала туу өміріне қауіпті болған әйелдер жүгінеді. Бұл бір еріккеннің ермегі емес қой. Расында да, медициналық себептермен өздері бала көтере алмайтын жағдайларда отбасылар амалдың жоқтығынан суррогат ана қызметіне жүгінеді. Бұл жерде екі жол бар. Біріншісі, бала көре алмай отырған отбасының өз жақын туысқаны суррогат ана қызметін ақысыз атқарып беруі. Екіншісі, арнайы түрде ақылы негізде бөтен әйелмен өзара келісімшартқа отыру арқылы суррогат ана қызметіне жүгіну. Көбіне суррогат ана болуға ауылдан жұмыс іздеп келген әйелдер сұранады. Тұрақты жұмысы жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен әйелдер ақылы инкубатор қызметін атқаруға белбайлап жатады.
    – Суррогат ана қызметінен көлеңкелі бизнес жасағысы келетін делдалдарға көзқарасыңыз қалай?

    – Біздің орталығымызда жылына, ары кетсе, 15-20 адам суррогат ана болып жатады. Оның көбісі өзінің жанашырлары, бауырлары, яғни ол қызмет өзара ақысыз атқарылады. Сол себепті бұл жерде үлкен қаржы айналымы болатын бизнес бар деп айта алмаймыз. Бірақ делдалдар дәл осы салада пайда табуды ойламаса да болар еді. «Тас – түскен жеріне ауыр» дегендей, суррогат ана қызметіне, қайталап айтам, кейбір Батыс елдеріндегідей жеке бастың мүддесі тұрғысынан барып жатқан жоқ бізде.

    Бізге өзіміздің еліміздің бір заң фирмасынан бір-екі жыл бұрын мынадай ұсыныс түскен: «Америкадан келген бедеу жұптарға арзан суррогатты ананы тауып береміз, заңдастырамыз, бірақ сіздер биомедициналық тұрғыдан соларға суррогатты ана бағдарламасын өткізіңіздер» деп. Біз оған үзілді-кесілді «олай жасамаймыз» деп жауап бердік. Өйткені ол ақша табатын жол емес.

    Қарлығаш Борбасова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылым философиясы және дінтану кафедрасының доценті:

    – Қазір суррогаттық ана болуды бизнеске айналдыру туралы көп жазылып жатыр. Әсіресе, суррогаттық ана мәселесін баланы саудаға салумен байланыстырады. Бұндай көзқарастардың болуы да негізсіз емес шығар. Қайткен күнде де, біз дүниежүзінде әрбір бесінші ерлі-зайыптылар денсаулықтарына байланысты балалы болу бақытына ие бола алмайтындығын ескеруіміз керек. Бедеулік мәселесі жанұялардың бөлінуіне, нәтижесінде жалғыз қалып, қасірет шегуіне себеп болатындығына дәлелдер көп. Сонымен қоса балалы бола алмайтын жалғызбасты әйелдер де бар. Кім балалы болып, ата-аналық сезімге бөленгісі келмейді? Кейбір жанұя бұл мәселені бала асырап алып шешеді. Ал кейбір жанұялар өздерінің генетикалық балалары болғанын қалайды. Бұл да – табиғи құбылыс және де балалы болу мүмкіншілігі – әр адамның негізгі құқығы. Сондықтан бұл мәселені шешуде мемлекет тарапынан іс-шаралар жасалуы керек. Мысалы, АҚШ-та бедеулікті емдеу медициналық қауіпсіздендіру арқылы қаржыландырылады, ал Данияда – 35, Францияда 43 жасқа дейін әйелдерді жасанды ұрықтандырудың қаржысын төрт рет мемлекет төлейді екен.
    Біздің елімізде де осындай жағдайлар жасалса, демографиялық жағдай да жақсара түсер еді. Ал суррогаттық ана қызметіне сауатты түрде бару керек. Бұл қызметті атқарушыға қойылатын талаптар да аз емес. Әйелдің денсаулығынан бастап, оның өмір сүру стилі, ортасы, дүниетанымы үлкен рөл атқарады. Баланың дүниеге келуін қалайтын генетикалық ата-анасына қойылатын талап тіпті жоғары болуы керек. Жалпы, баланың құқығы толық қамтамасыз етіліп, барлық болуы мүмкін жағдайлар ескерілгені дұрыс.Бала өмірі бағаланбайтын, ең жоғары құндылық екендігін ұмытпауымыз керек.


    Сұлтан Тайғарин,

    «Ана тілі».

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Әке бейнесі

    (Жәкім Қоңқайұлының рухына) Асқар тау Әке, ардақты ата, ел ықыласына бөленген құрметті азамат, өмірден түйгені ...