• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Ұлттық тәрбие » Мектепке бүркітімен келетін мұғалім

    Мектепке бүркітімен келетін мұғалім

    Көкөзектің оқушылары бақытты шығар. Неге дейсіз бе? Өйткені, олар апта сайын айбарланып атқа мініп, құс патшасы бүркіттің кереге қанаттарын сипап, бойларына дархан даланың қуатын сіңіреді.
    Үржар ауданы Көкөзек ауылындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, белгілі атбегі, бүркітші, асау үйрету байқауларының төрешісі Тәттімбет Кәпұлының әр сабағы осылай өтеді. Ұлттық өнерімізді ұлықтап, дәстүрлерімізді дәріптеп жүрген азамат жаңа оқу жылынан бастап аталған білім ордасының қабырғасында «Ұлттық спорт – ұлт зердесі» деген үйірме ашыпты. Сабақтан тыс үйірмеде 4, 5, 6, 7-сынып оқушылары аптасына 8 сағат атқа міну, асау үйрету, асық ату, бүркіт баптау, ат тағалау, қайыс өру секілді халқымыздың салт-дәстүрлері мен ұлттық спорт түрлерінің қыр-сырына қанығады. «Бір Алласы, төрт құбыласы, бес парызы, жеті қазынасы бар, ұлдары аттың жалында ұйықтап, келіндері түйенің қомында босанған қазақ емеспіз бе? Біз өзге жұрттан озсақ, салт-дәстүрімізбен, өнерімізбен, ұлттық құндылықтарымызбен озамыз. Қандай заман болса да әдет-ғұрып, жол-жоралғыларымызды жоғалтуға болмайды. Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің қолдауымен жұмысын бастаған үйірмеге бір жыл толмаса да, ауыл балаларының сабаққа деген қызығушылығы зор, ынталары ғажап. Бәрінің де атқа мінгісі келеді. Бүркіт ұстағысы келеді. Тіпті «Тай мінеміз» деп әке-шешесіне тай алдырып жатқандары бар», — дейді үйірме жетекшісі. Жақында Үржар ауданына жол түскенде сабақ өтетін бөлмені арнайы барып тамашалағанбыз. Шынын айтайық, мектеп ішіне емес, Тарбағатай тауының шатқалдарының арасына еніп кеткендей күй кештік. Шежірелі Тарбағатай тауының тастарымен көмкерілген бөлме ортасында аяғына саптама, басына тымақ, кеудесіне қасқыр ішік киген, қолына бүркіт қондырған Тәттімбет Кәпұлы, жанында көк тағысына сондай бір қызығушылықпен көз салып, «ұстап көрсем, қолыма қондырсам» деп ұмтылған ауылдың қарадомалақтары. Ғажап көрініс емес пе?! Анадай жерде күмістелген ер тоқым тұрғанын аңғардық.«Мұның не екенін балалар біле ме екен?» деп сол жердегі оқушылардың бірін сөзге тарттым. «Әй, осылар осыны білмейтін шығар-ау» деген іштейгі күдігімнің күлін көкке ұшырды.«Мынау – құйысқан. Мұны ұстазым Тәттімбет Кәпұлының өзі өрген. Құйысқан ертоқым алдыға жылжып кетпес үшін қажет. 150 жылдық тарихы бар бұл ертоқымды атамның атасы жасаған» деп тақ ете қалды бір оқушы.Есімі — Исатай Рашитәліұлы,7-сыныпта оқиды екен. Көкөзекте болғанымызда бұл ауылдың балаларының бәрі ат десе,бүркіт десе ішкен асын жерге қоя ма деген ойға қалдым.Тәттімбет Кәпұлының үйіне барғанымызда алдымыздан шыққан 5-сыныпта оқитын қызы Фарида:

    «Қанаты туырлықтай көрер көзге,

    Тоқтадым көп ойланып осы сөзге.

    Шапаны етегіндей қазағымның,

    Таппадым артық теңеу бұдан өзге.

    Жұқалау оқ тұмсығы келсе жалпақ,

    Денелі бұжыр табан, бұты талтақ.

    Ұңғыр қабақ, шүңірек шегір көзді,

    Шоқпар сан, кең иықты, төсі шалқақ, — деп атақты бүркітші Күнтуған Тоқтыбайұлының «Бүркіт сынын» өлеңдете жөнелді.

    Ауыл балал
    арына бабадан қалған бағлан өнерімізді насихаттап жүрген Тәттімбет Кәпұлы былтыр Астанада өткен ұлттық спорт түрлерінің үздіктерін анықтайтын «Алтын тұғыр» байқауында «Үздік бүркітші» аталымын иеленіп, өткен жылы Алматы облысының Ескелді ауылында ұйымдастырылған «Сонар-2017» халықаралық бүркітшілер сайысында «Біржан сал» атындағы арнайы сыйлықпен марапатталған болатын. 2016, 2017 жылдары Үржар және Аягөз аудандарында республикалық бүркітшілер фестивалін өткізуге мұрындық болған азамат аталған сайыс осы айдың 3-4 күндері Үржар ауданының Бестерек ауылында ұйымдастырылатынын, көк тағыларының қан қыздырар бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 40-тан астам бүркіт пен қаршыға келе жатқанын айтты.

    Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі, әдеттегідей Наурыз немесе өзге де мерекелер, әртүрлі концерттер, қойылымдар кезінде ғана емес, ұлттық киімдерді үнемі киіп жүреді. Әсіресе, қыс мезгілінде саптама етігі мен пұшпақ тымағын, қасқыр ішігін үстінен тастамайды. «Ұлы дала елінің ұрпағымыз дейміз. Ұлы даланың қазағы қандай болды? Ұлы дала қазағының киген шапанының бір жақ өңірі жерге төсеніш, бір жақ өңірі жамылғы рөлін атқарған. Жаугершілік заманда сойылмен көбіне тізе мен шынтақтан соғатын болған. Саптама етік бір жағы, соққыдан қорғаған. Екіншіден, тізеңе дейін жауып тұрады, жылы ұстайды. Қазақтың көбі тізеден кетеді ғой. Мен саптама етігімді мәшинемен жүргенде де кие беремін. Үйреніп алғам. Жай аяқ киім кисем, жел соғады. Мектепке де киіп барамын. Дене тәрбиесінен сабақ беремін ғой. Мектепке кіргеннен кейін кроссовкамды киіп аламын. Көп балалар таңдана, тамсана қарайды, — дейді ұлттық киімімен көпге үлгі боп жүрген кейіпкеріміз.


    Азамат ҚАСЫМ,

    «Егемен Қазақстан»Шығыс Қазақстан облысы,Үржар ауданы,Көкөзек ауылы

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Ұл-қызын орысша оқытқан адамның ұлт атынан сөйлеуге қақысы жоқ

    Әкенің сөзіне келіспесе де, ұл да қыз да оның сөзінен шықпайды. Қазыбек Тауасарұлының кітабын бірнеше ...