• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Ұлттық тәрбие » «Еркекшора» – қазақтың дәстүрі. Ұлы жоқтар сөйткен екен

    «Еркекшора» – қазақтың дәстүрі. Ұлы жоқтар сөйткен екен

    Қазақта «Еркекшора» деген ұғым — ұл балаша өскен қыз дегенді білдіреді. «Еркек» және «шора» — үлкен деген екі сөзден құралған. Кейбір ұлы жоқ отауда жалғыз қызды, немесе қыздардың біреуін еркін, ұл балаша киіндіріп өсірген.

    Ғалым Шайзада Тохтабай өз зерттеулерінде бұл дәстүр туралы былай деп жазады:

    «Кей жанұяларда қыздарды ұл балаша тәрбиелейді, ол еркін, ұл мінезді болып өседі. Бұлай болуының бірнеше себептері болған. Ең алдымен

    қызын еркекшора етсе, келесі перзент ұл болып туады деп сенген.

    Ал жанұяда тек қыздар болған жағдайда, олардың бірі ұлдың міндетін атқарған, ата-анасының көңілін қалдырмас үшін жүріп-тұруы да жігітше болған. Мұндай қазақ жанұяларында қыздарға етекті көйлек емес, шалбар кигізгенОндай қыздар өзі тұрмысқа шыққанға дейін үйде малға қарау сияқты еркектер атқаруы тиіс жұмыстармен айналысқан.

    Ер балаша киінудің тағы бір себебі — қыздардың ерке болып өсуінде. Ондай ер мінезді қыздар қару-жарақ ұстауды, атқа шабу мен күрес әдістерін жақсы меңгерген. Сондай қыздарды әдетте палуан қыз, деп атаған».

    Қазақтың әншілері мен күйшілері туралы көптеген дерек жинап, «Ғасырлар пернесі» атты кітап жазған Ахмет Жұбанұлы күйші Дина Нұрпейіс туралы былай баяндайды:

    «Кенже тұңғышы Динаны ұлдай жақсы көрді. Қызы ер балалармен ұлша ойнады. Дина жүйрік атпен бәйгеші балаша шабатын. Қазақтар мұндай қыздарды еркекшора дейді».

    Осындай қолдан жасалған өзгерістер кішкентай кезінен ер балаша киініп, ұлдармен бірге ойнап өскен қыздың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына әсер етпей қоймағаны анық.

    Еркекшора қыздарың мінезі де екі жақты болады

    Еркекшоралар бой жете келе өздерінің қыз бала екенін жақсы түсінеді. Бірақ оларға таза қызмінезді болу, немесе тек ермінезді болып қалу оңайға соқпаған болар. Дегенмен, сонау Сақ дәуірінен бастап аттың үстінде жүріп, небір жаугершіліктерде ерлермен қатар соғысқан қазақ қыздарына мұндай жағдайлар онша қатты әсер ете қоймаса керек. Себебі, ұлдары жоқтардың қыздарын еркекшора етіп өсіруіне түсіністікпен қараған қоғамда қыздар да ер балаша жүруді ерсі көрмеген.

    Кеңес Табылдиев құрастырған «Қазақ батырлары» атты кітапта 1705-1769 жылдары өмір сүрген батыр Ақпан Нұрбайұлы туралы мынадай дерек келітірлген:

    «Ақпан батырдың тоғыз әйелі болған. Олардан он ұл, бір қыз келеді. Сымбат әкесінің жанында жүріп, еркекшора киініп алып, бірқатар соғысқа қатысқан. Батыр жараланып қалса, тез жәрдем көрсетіп отыратын, қолы жеңіл әрі батыр қыз болған».

    Белгілі жазушы Сәбит Мұқанұлы өз шығармаларында бұл тақырыпты бірнеше рет жазған. «Аққан жұлдыз» романында:

    «…қарақшы Қожықтың өткірлігімен де, қайраттылығымен де, өжеттілігімен де, сөзуарлығымен де ел аузына іліккен, тоғыз ұлдан кейін еркелеткен, еркекшора етіп өсірген «жалғызы» – Нарғыз еді. Ерке аты – Нарша. Ол ағаларына еріп ұлыққа аттанатын, солардың қатарында сойыл соғатын, шапқан аттың құлағында ойнайтын. Өңі – сіңір қара, аласалау тарамыс денесі тастай қатты, қара көмір шашының талдары жылқының ту құйрығындай, ойнақшыған қап-қара көзді, қарулы қайсар дейтін», деп жазады.

    Қазақ халқының тарихында басқа да еркекшора болып өскен белгілі тұлғалар туралы мәліметтер жетерлік. Ұлттық семья және неке туралы сүбелі зерттеу еңбектерімен белгілі ғалым Халел Арғынбайұлы Арғынбай төмендегідей дерек келтіреді:

    «Мысал ретінде «Еңлік — Кебек» трагедиясын келтірейік. Еңлік Найман ішінде іргелі ел Матай руының айттырған жесірі. Еркекшора болып, ерке өскен сұлу Еңлік болашақ күйеуін менсінбей жүргенде Тобықты елінің батыры Кебекпен кездесіп, ақыр аяғында сонымен қашып кетеді. Матай руының ру басылары қол жиып, Тобықтыны шабу қаупін туғызған соң Тобықты жағы Кебекке ара түсе алмай, екі ғашық қазаға ұшыраған».

    Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының қаламынан шыққан атақты «Қалқаман – Мамыр» жырының кейіпкерлері де Еңлік пен Кебек сияқты өмірде болған адамдар. Ақын өз жырында еркек киімін киіп, ерлерше жылқы баққан еркекшора Мамырдың байдың жалғыз қызы екенін, әкесіне құда болайық деп ешкімнің батып айта алмайтынын, бойжеткен соң қыз көйлегін кигені туралы көркем бейнелеп жазған:

    Мәмбетей өсіп, өнді бара-бара,

    Сол таптан бір бай шықты жеке дара.

    Сол байдың он бес жасар қызы Мамыр

    Әрі сұлу, әрі есті, еркекшора.

     

    Онан басқа бала жоқ әлгі байда,

    Оны қыз деп еш адам айту қайда.

    Байдың көңілі жабырқап қала ма деп,

    Жұрт жүрді құда болам дей алмай да.

     

    …Мамыр жылқы бағады күндіз барып,

    Тымақ киіп, қолына құрық алып.

    Қалқаман Мамырменен малда жүріп,

    Біраз сөз сөйлесіпті, кез боп қалып.

     

    Соны айтып амандасып Мамыр кетті,

    Күн сайын Қалқаманнан сабыр кетті.

    Мамыр бүгін қыздарша киінді деп,

    Қалқаманға хабар жетті.

    «Ұл — шаңырақ иесі», «Әулетті жалғастырушы» және «Бірден бір мұрагер» деп білетін қазақ халқы,

    ұлы жоқ үйлердің жағдайына үлкен түсінушілікпен қарап, еркекшора қыздардың сезіміне қаяу түсірмеуге тырысқан.

    Қазақтың бала тәрбиесіндегі осы бір ұлағатты дәстүрі ұлтымыздың даналығы мен дархандығының өте бір айшықты көрінісі екендігінде сөз жоқ.


    Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қазақ тыйымдары не үшін керек?

    Ұлы далада өмір кешкен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің қыр-сыры өте көп болған. Тыйымдардың дәл қай заманда ...