Білім алушылардың мектеп формасын сақтауы туралы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы мектеп пен діндар ата-аналар арасында дау туғызды. Мамандар мұндай мәселенің туындауына қазақтың ұлттық киімдерінің жеткілікті дәрежеде насихатталмай отырғаны себеп болып отыр дейді.

Қазақтың ұлттық киімдерін зерттеумен айналысып жүрген этнограф Халиолла Ахметжан қазақ–өзінің ұлттық киімдерін кию дәстүрін жоғалтқан халықтың бірі дейді.Ол ұлттық киімдердің дер кезінде зерттеліп,замануи үлгіде халыққа ұсынылмағандығының кесірінен дін жолына түскен қыздарымыз арабтың киімін киюге мәжбүр болып жүр деген пікірде.

Қазақ–мұсылман халықтардың бірі болғандықтан,ежелден әйел заты етек жеңін жинап,жауып жүрген.Дәл бүгінгідей ашық-шашық киім киген емес. Алайда дәл қазақ халқы секілді ұлттық мәдениетін жоғалтқан халық жоқ. Қазақтың бойына біткен еліктегіш қасиет ұлттық құндылықтарға, ұлттық киімге деген қызығушылықты жойып жіберді десе болады.Мысалы, өзбек, түрікмен ағайындарды алсақ,ұлттық киімге деген құрметтерін жоғары сақтаған.Ал қазақтың өзінің ұлттық киімі қолға алынбай,ұмыт қалғандығынан діндар отбасындағы қыз-келіншектер етек-жеңін жабу үшін арабтың киіміне қол созды.Оның нәтижесі бүгінгі шиеленіске әкеп соқты,–дейді Халиолла Ахметжан.

Ұлттық киімді дұрыс қолдана білу керек

Сонымен қатар Халиолла Ахметжан қазір Еуропа мәдениетіне бой алдырған жастардың санасына ұлттық киім туралы түсінікті,құрметті,мақтанышты сіңіру үшін көп жыл керек дейді.

– Жалпы хиджаб пен қазақтың ұлттық киімінің атқаратын қызметі бір.Бірақ хиджаб–арабтың киімі.Ал қазақтың өзіне жарасымды киімдері жеткілікті.Тек оны дұрыс қолдана білу керек.Ал қыз-келіншектеріміз арабтың киімін киіп, адаспаулары үшін, өзіміздің ұлттық кимідерді ұсынуымыз қажет.Олардың әуретті жерін жауып жүргендері дұрыс.Шынымды айтсам,көшеде жүргенде ашық-шашық жүрген қыздардан өзім ұяламын.

Қазақ әйелдері ешқашан шаштарын жайып, жалаңбас жүрмеген.Егер шашын жайса, үйінде бір қайғылы оқиға болған деп түсінген.Олар үшін шашты жинап, орамал тағу–тазалықтың белгісіндей қабылданған.Бізде ұлттық киімді әлеуметтік статусына қарай киген.Сол киімдердің түр-түсіне, оған салынған ою мен кестелеріне қарап, адамның қай жақтың тумасы, қай рудың адамы екені ажырататын болған.Ал жаулыққа қарап,әйелдің жасын білген. Кимешектің кестесіне қарап,бала санын білген.Ал ер адамдарды бас киіміне қарап ажырататын болған.

Қай заман болмасын адамның сырт киімі–үйге ұсталған перде секілді.Оны адам тоңғаннан немесе сәндік үшін ғана кимеу керек. Киім адамды сырттағы зұлым күштерден, тіл-көзден сақтайды.Қазақ неге жаңа түскен келіннің бетін ормалмен бүркейді?Өйткені сұқтанған көзден,артық ауыз сөзден сақтау үшін жасалатын ырым,–дейді этнограф.

Ұлттық киім кино арқылы насихатталады

Қазақтың ұлттық киімін насихаттайтын ең күшті құралдың бірі – телеарна. Қазақ жастары телеарналардан кәріс киносын көріп, сол жақтың жастары секілді шаштарын қысқартса,енді бірі олардың киім үлгісін сәнге айналдырды.Халиолла Ахметжан қазақтың тарихи киноларында ұлттық киімді жарқыратып көрсете алмайтындарын айтады.

– Тарихи киноларды түсірерде алдымен ұлттық киімнің тарихын зерттеу керек.Ол–ұлттық киімді насихаттаудың құралы.Кино түсірушілер ешқашан этнографтармен кеңескен емес.Ондағы киім түсінің өзі адамның еңсесін басып тұрады.Мысалы,»Жаужүрек мың бала» фильмінде бас киім,шапан түстері де дұрыс таңдалмаған.Тек қазақ хандығы жайлы түсірілген фильмде ұлттық киімді өте ұтымды қолданғанын көрдім.Мен тіпті премьерасына әдейі бардым.Сондай көңілім толып қайтты.Қазақтың бай тарихын көрсеткен.

Қазақ әйелдері жалаңбас жүрмеген

– Қазақ қыздары жастайынан жалаңбас жүрмеген.Кішкене кезінен оларға жай тақия кигізсе, одан кейін үкілі тақия киген.Қазақтар үкіні қасиетті құс санайды.Оның қауырсынын тіл-көзден сақтану үшін қолданған.Тіпті ұзатылып бара жатқан қыздың басындағы сәукелеге, шымылдығына таққан. Қыз өз жұртына келін болып түскен соң,өзінің жолын берсін деген ниетпен басындағы үкісін өз сіңлісіне берген.

Қыз ұзату сәті

«Қыз Жібек» фильміндегі Жібекті ұзату сәті / Фото anabol.kz сайтынан алынды

Бір айта кетерлігі, үкіні тек қыздар ғана емес, сал-серілер де бөркіне таққан. Соған қарап, сері екені аңғартатын болған. Бірақ қазір әртістердің өзі басына 40 см болатын үкі тағып, сахнаға шығады. Ал үкі – кішкентай құс.Оның ең бойшаңының тұрқы 10 сантиметрдей ғана болады.

Ал қыздар келін болып түскен соң,бастарынан орамалын тастамаған. Біріншіден, орамал оның босаға аттап,келін болғанын аңғартса,екіншіден, тазалықтың белгісі.Өйткені пісірген асы адал болады,–дейді этнограф.

Қазақша киімнің үлгілері көп

Әйелдер киетін ұлттық киімдердің нұсқаларын әр ру өзінің орналасқан жеріне қарай әр түрлі етіп тіккен.Сондықтан олардың киімінің үлгілерін бір-бірінен ажырату оңай болған.Яғни қыздардың киімі:ашық түсті матадан тігілген, көйлегінің белі бүрмелі болған,етек-жеңіне екі-үш қатар желбіршектің салынған,қос етек болған,камзол етегіне, өңіріне оқа не әшекейлі кестенің тігіліп, басына үкілі тақияны,аяғына биік өкшелі етікті киіп,қапсырмалы белдікпен буынатын болған.

Ал қыздар бойжеткенге дейін бастарына күміс шытыра тағып,үкілі тақия киіп жүрген. Тақияның дөңгелек, шашақ төбе,найзағай сияқты бірнеше түрлері бар.Қыздар қос етек көйлек киіп, барқыттан тіккен кеудеше, мойындарына қызыл маржан таққан.

Қазақ ұлттық киімдерінің үлгілері

Қазақ ұлттық киімдерінің үлгілері / Фото stan.kz сайтына алынды

Он бес,он алты жастағы бойжеткен қыздар етегіне екі-үш бүрмелі желбіршек салған ұзын көйлек,белі қынамалы,жеңсіз оқалы камзол киіп, қаптырмамен қабыстырған.Оның үстінен қынамалы жеңді бешпет,қамар белдік күміс, былғары,барқыт тағатын болған.

Ал қыздардың бас киімдерін негізінен оқалап, зерлеп тіккен. Үкілі құндыз тақия, кәмшат бөріктің үстіне шашақты қызыл жібек орамал шәлі жамылады.

Әйелдер жасына қарай кимешек киген

Қазақтың ұлтттық бас киімдерін зерттеумен айналысып жүрген суретші, дизайнер Мүслім Жұмағұлов қыздардың бас киімдері жасына қарай ерекшеленген дейді.Оның айтуынша, араб киімінің қазақтың күнделікті өміріне енуіне ұлттық идеологияның болмауы басты себеп болып отыр.

– Қазақта қыз бала дүние келген соң, шашын екі бұрым қылып өріп, бес жасына дейін тақия киіп жүрген. Ал 13 жасқа дейін тақиясына үкі тағып қойған.Ал ұзатылатын кезде қызға сәукелені кигізуді аспандағы аруақтармен байланыстырады.Үйінен қыз сәукелесін киіп аттанған соң,құда болған екі жақтың ата-бабалары аспанда табысады деп есептелген.

Бір балалы болғанға дейін орамал тақса, одан кейін кимешек киген.

Келінді 40 үй қонақ қылған

Келін балалы болғаннан кейін,40 үйді аралып қонақ болған.Өйткені қайын жұрты өздерінің ұрпағын көбейтіп отырғаны үшін басына орамал тағып,сый-құрмет көрсеткен.

Ал қыз ұзатылып кетер кезде шешесіне ені 45 сантиметр болатын ұзындығы 17-19 метрлік ақтық алып берген.Оны шешесі басына шалма ретінде тағып жүрген. Ал мұны көрген адамдар оның қызын ұзатқанын білген,–дейді Мүслім Жұмағұлов.

Кимешек киюдің өзіндік кезеңі бар

Ертеде екі тайпа жауласқанда өзара бітімге келе алмағанда ақ жаулықты аналар араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын сыпырып алып, ортаға тастағанда, жауласқан екі жақ одан аттап кете алмаған.Яғни, кимешектің тарихи әрі саяси сыры болған.

Кимешекке жеткенше әйел баласы бірнеше кезеңдерден өтіп, әртүрлі баскиім киеді.Бұл бастың өзін»бастықтыру»үшін қажет.Айталық, қыз бала дүниеге келгеннен бастап–сылау тақия,сырма тақия,көз моншақты тақия киеді. Балауса қыздар маңдайы кестелеген шыт байлама тағады, бойжеткендер маржандаған кепеш,топы,үкілі тақия немесе қалыңдықтар қарқаралы бөрік, сораба және сәукеле,қасаба киген.

Келін болып түскенде үстіне салы (шәлі) жамылған.Бір балалы болғанша салы,байлауыш байлап жүрген.Тұңғышы ширап қатая бастағанда,абысын-ажын жиналып, ана болғанның белгісі ретінде сәукелені шешіп,сәндеп тігілген кимешек кигізген.Бұл баскиім балалы әйелге ыңғайлы да таза, жинақы болған.Талғаммен тігілген кимешек кигенде беттің алмасы ғана көрінеді.Шақырайған кимешекке үйренгенше қымсынып, үстінен желек жамылған.

Енді біраз уақыт өткен соң, алдын ашу деген рәсім жасалады. Желектің алдыңғы екі ұшын артқа қайырып,белге байлайды.»Алды ашылған әйел» деген сөз осыған байланысты айтылған.Сөйтіп, бірте-бірте желегін сыпырады. Желегі басынан түскенше төрге шығуға болмайды.Кішкентай балалар тентектік жасап,төрге қарай жүгірсе, келін амалсыз босағада тұрып қалуға мәжбүр болады.

Кимешектің киілуі–келіннің кердең мінезден тыйылуы,ата- салттың алдында иілуі.Келін болып келгені емес,келін болып қалғаны.Әулетке ұрпақ қосқаны үшін салтанатпен санатқа ілініп,өзінің лайықты орнын иеленгендігі.Екінші баласын туғаннан кейін,кимешектің үстінен шылауыш байлайды.Жас ерекшелігіне қарай шылауыштың маңдайын (жіңішке,орташа,жалпақ етіп) қайырады.

Кимешек киген әжелер

Кимешек киген әжелер / Фото el.kz сайтына алынды

Төбесіне төбелдірік бастырып,сырғып кетпес үшін әр жерінен асыл тастар орнатқан түйреуіштер түйрейді.Шылауыштың орнына күндік орайтын да әдебіміз бар.

Кейбір өңірде рудың,елдің атақты адамдары қайтыс болғанда ауыл-аймақтың әйелдері желектерін сыпырып тастап,бәйбішелері жақ салмаған ақ кимешек киетін болған.Мұны «ақ жақ болды»деп те атайды екен.Яғни,басы қаралы, жүрегі жаралы елдің аза тұтқан белгісін тағы да бөз бүркеншік айтқызбай білгізген. Бастағы бөз байлауыш әйелдің жесірлігін басы бос,тірі жесір, қарасы түсірілмеген т.б. белгілерін айқындайтын анықтамасы болды.Алтай қазақтарында «жақ бұзу» деген ұғым кездеседі,яғни жесір қалған әйел кимешегінен қызылды-жасылды өрнектерді алып тастайды.Мұндай әйелдердің кимешектерін жыл толғанша теріс кигізіп, жыл толғаннан кейін оң кигізетін салт болған.

Кимешектің бізге жеткен хронологиялық ғұмырының ең ежелгі түрі–орама кимешек.Бұл жай ғана басты ораудың,жабудың қажеттілігінен пайда болуы мүмкін.

Орама кимешекті Ақмола жақтың қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген.Мата тігілмей, ерекше пішілген бет-әлпеті шығып тұратын бөлігіне ойықша жасалған,оны басқа ораған кезде кәдімгі кимешектен айырмашылығы болмаған.

Әйел бас киімінің ғұмырнамасы:

  • 3 жас (нәресте, сәби) – ит тақия, сырма, кепеш тақия;
  • 5 жастан шыт тақия – сырға тағар («қыздың сүндеті»);
  • 7-13 жас – үкілі тақия, тепеш, жұрынды бөрік (төрт сай, шошақ төбелі) топы, көз тәті, үлбірлі үкілеген жаннат бөрік;
  • 13-тен кейін (бір мүшел) отау иесі – сораба, жанатпен жиектелген қауырсын қадаған дәрежелі қарқара бөрік;
  • 25 жас (екінші мүшел) – сәт құндызды салтанатты тәж сәукеле, зерленген шашақты қасаба;
  • 37 жас (үшінші мүшел) – кимешек. Кимешекке қосымша бөлшектердің атаулары: шылауыш, бұрмаша жаулық, сәлде, күндік, құндық бөрік, шыт байлама, желек, салы (шәлі);
  • 49 жаста (төртінші мүшел) сән – салтанаты биязылау кимешекке қатысты қосымшалардың бәрін қолдануға болады;
  • 61-73 жас аралықтары кейуана деңгейіне жатады. Бұл кезеңде баскиімнің жеңілдеу жалаң кимешек, иекше, байлауыш түрлерін киген лайық.

Діни басқарма берген кеңес

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы шариғат бойынша қыз балалардың балиғат жасына 9 жаста емес, 15 жаста толатынын мәлімдеген болатын. Сол себепті дін жолында жүрген адамдарға мектеп жасындағы қыздарына ормал таққызбауға кеңес беріп отыр.

Ал Білім Министрлігі ресми түрде мектепте орамал тағуға шектеу қойғандықтан, мектеп тәртібіне түсіністікпен қарауын сұрған еді.

Сонымен қатар Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбев «хиджаб киетін оқушылар ата-аналарының бірігіп мектеп ашып алуына құқы бар» деп мәлімдеді.

Хиджаб мәселесін Діни басқарма шеше алады

Алайда философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай хиджаб кию мәселесін билік өкілдері саясиландырып жіберді дейді. Оның айтуынша, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы Білім министрлігімен тығыз жұмыс жасаса, оның шешімін табуға болатын еді.

– Менің ойымша, Діни басқарма орамал тағудың, ұлттық киімді киюдің өзіндік бір тәртібін енгізіп, ұсынса оны билік те қолдайтын еді. Демек ұлттық құндылықтар тұрғысынан шешуге болады. Дін жолын ұстанған адамдармен де, білім министрлігімен де, діни басқарма арасында ешқандай байланыс жоқ. Бұл – жан-жақты шешілетін мәселе. Дін жолында жүрген адамдар қыздарын хиджаб кигізіп, мектепте болып жатқан неше түрлі зорлық-зомбылықтан, жаман нәрседен сақтану үшін ұрпақтарын қорғаудың бір жолы ретінде қарастырып отыр. Демек діни фобияға айналып кетуі мүмкін. Қазіргі уақытта екі ортада балалар зардап шегіп отыр.

Ал бізде дін мен дәстүр шатасып кеткен

Хиджаб – арабтардың киімі болғанмен, өздерінің табиғатына лайық киім. Олар климаты суық жаққа барғанда өздерінің киімдерін кие алмайды ғой. Біздің ұлттық киімдерімізді енгізу арқылы бұл мәселені шешуге болады. Әрі балаларды қоғамдағы жаман нәрседен сақтау үшін діннің құндылықтарын мектепте үйрету керек. Сондықтан бұл мәселені құқықтық жағынан да қарастыру керек. Өйткені мектеп– баланың азамат болып қалыптасуында ең үлкен рөл атқаратын мекеме. Олар білім алып қана қоймай, физиологиялық, психологиялық тұрғыдан қалыптасатын уақыттары мектепте өтеді.

Ал жеке мектеп ашу туралы ұсыныс – дұрыс шешім емес. Онда дінге сенетіндер мен сенбейтіндер деп бөліп тастау деген сөз. Сондықтан ұлттық киімді енгізу арқылы бұл мәселені оңай шешуге болады, – дейді Досай Кенжетай.


Ләйлім ӘУБӘКІРОВА,

«Информбюро»