Астана қаласындағы «Абайтану» орталығы (директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы) ұйытқы болып, «Алтын қыран» Халықаралық қайырымдылық қорының (президенті Исламбек Салжанов) демеушілігімен отыз шақты адам «Ұлылар мекеніне саяхат» бағдарламасы аясында Абай еліне сапар жасадық. Көзің түскен әр ғимарат, табаның тиген әр қыр, көңілің жеткен әр адыр, тарихқа айналған мекеннің әсері де бөлек болды. Ұйымдастырушы мен демеушілерге зор алғыс айтып, көрген, көңілге түйген дүниелерді хатқа түсірмек ниетіміз еді. 

Семей жатаған қала екен. Ертістің бір жағы ескі, бір жағы жаңа Семей болып бө­лінетінінен бәрі хабардар. Жүсіпбекше айтқанда «Ертістің оң қабағында Семей, солында Алаш қаласы». Үш жүз мыңдай тұрғыны бар қаланың тіршілігі баяу жүріп жатқандай. Алматыдағыдай асыққан, сапырылысқан халық жоқ. Жайбарақат тірлік. Қаланың өзін де бір көңілсіздік жайлаған сияқты әсер қалдырады. Жүріп жатқан бірде-бір құрылыс жоқ. Көше жие­гіндегі цементтер мүжілген. Кө­гал­дары қыр­қылмаған. Қараусыз қалған қа­ла сияқ­ты. Халықтың әлеуметтік жағ­дайы да төмен. Бұны көбі облыс орталығы Өс­ке­мен қаласына көшкендіктен дейді. Абай, Мұхтар мекен еткен, Алаш зиялы­ла­рының ордасы болғандығы үшін де көңіл бөлінуі тиіс қала ғой…
Алғашында Ертістің «Жаңа Семей» ата­латын жағына тоқтағанмын. Ертесі күн бұлттанып, қорғасындай қайнаған бұлт­тар жөңкіп, Ескі Семейге жаңбыр қат­ты жауып өтті. Бергі жағалауға жауын­ның шеті ғана тиді. Абай музейін өз бетім­мен араламақ болып барып, қара­пайым қызметкерімен жөн сұрасып қалдым. Жаңбырдың өзеннің бір жағына жауып, бір жағына жаумай кеткенін айтып ем: «Бұлт шала, жер ала» деген сол да» деді. Бұндай құбылыс біздің ауылда да болып тұрады. Бірақ дәл мұндай мәтелді бұрын естімеген екенмін. Қазақы сөздің дәлдігі. Және соны қарапайым ғана, күндегі әде­тінше айта салған жігіт ағасына да таң­ғалдым. Мақалдап сөйлеген және соны­сы өз болмысы екені аңғарылып тұра­тын қазақты қаладан көрмегелі қашан…
Семей тарихи қала ретінде жақсы әсер еткенімен, бүгінгі хәлі керісінше көңі­ліңді түсіреді. Әлде Семей туралы ой ме­жесін тым биіктен алып қойдық па екен?! Кез келген дәмханасына кіріп, тамақтануға дәтің шыдамайды. …Күмәнің де басым болады. Таза, қазақы асханаларды жаңа Семейден іздеп табу қиын. Тамақтану үшін Ертістің арғы бетіне өтесің.
Тұрағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы» деген естелігінде мынандай жолдар бар еді: «…Қалада жатқанда қасаптың етін жемей, қолынан малын сойғызып жеу­ші еді. Бір жолы қалада сойған жыл­қысының терісін сатқызса, сатып алған алып-сатар Матайбай Мәмбет баласы мақтанамын деп айтыпты: «Сіздің кешегі бір жылқыңыздың терісінен үш теңге пай­да қылдым» деп, сонда менің әкем айтып еді деп, өзі айтып келуші еді: «Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді» деп». Тегінде Абай еліне кел­ген адамның бәрі өзінен-өзі турашыл, тәртіпті болуға ынтық келетін сияқты. Әйт­песе Алматыда кез келген дәмханаға бас сұғып жүрген біз, Семейде не үшін секемшіл бола қалдық екен? Бәрі Абай то­пырағына келдім ғой деген ішкі түй­сіктің хабары ма деп ойлаймын.
«Ақбілек» романында Жүсіпбек Аймауытов: «…Семей бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей бір губерния елдің тірегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді…» деп жазбаушы ма еді?! Қазір күллі Алаш даласы бүлкілдесе де, Семей бүлкілде­мейтін сияқты. Семейдің бар кінәсі облыс орталығы болмағандығы болса, бар қасиеті, қадірі Абай, Мұхтар топырағы болғандығы. Алаш зиялыларының табаны тиіп, мәжіліс құрған қаласы. Жер аударылғандарға пана болған аяулы мекен. Қашқарға кетіп бара жатқанында Шоқан тоқтаған үй Достоевскийдің жалдап тұрған пәтері. Сол пәтерге өз зама­нында Анияр Молдабаев деген бай кісі иелік етіпті. Семейге келген сайын Абай сол үйге түседі екен. Өзгелерін айтпаған­да бір ғана Абай үшін құрметке бөленіп тұрған қаланың сәні де, салтанаты да асып тұрса деп ойлайсың…
Негізгі бағытымыз – Жидебай. Жол-жө­некей тарихи орындардың бәріне тоқ­тамақшымыз. Бұл өңірде тарихи мәні жоқ бел бар ма екен, тәйірі?! Көзіңе ша­лынған әр қыр қасиетті, аяулы. Әсіресе, Жидебайға барар жолдағы бұлақтар, жай­лау мен қыстаулар. Себебі, сол маң­мен Абай жүрген.
Семейден Жидебайға қарай шығар жол­да Шаған бе­кеті бар. Жолсерігіміздің айтуынша, қалаға келуші­лер ертеде бі­рін­ші сол бекетке тоқтаған. Әміре Қа­шау­­баев бала кезінде сол маңда қой баға­ды екен. «Бала Әміре ән айтқанда дау­сы қалаға естілетін» деген сөз осы маң­ға келгенде айтылды.
Арқалық тауы Сарыарқаның шығыс­тағы ең соңғы нүктесі екен. Әуезовтің «Қор­ғансыздың күні» әңгі­ме­сін­дегі оқиға осы таудың бауырында болған. Шы­ғар­ма­сында Әуезов бұл тауды былай сипаттайтын: «С. Қа­ласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қаты­на­сатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жат­қан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәме­лен­діріп тұрады. Жолдың аузында көл­денең созылып жат­қан тұрқы он шақырым­дай болғанмен, енсіз кере­ге сықылды, жал­ғыз тау. Не бауыры, не сыртында ық­тыр­тын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жал­ғыз қа­бат болған соң, кыс күнінде жел те­рісінен соқса да, оңынан соқса да пана­лығы жоқ, азынап тұрады. Қыс­тың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қы­­лып тегістеп тастайды. Сондықтан өзге жер ашық бо­лып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз».
Мұхаң осылай суреттейді. Қазір етегін­де бір-екі мал­шының қонысы бар екен. Жи­дебайға бара жат­қанда жолдың оң жа­ғында, бізбен сапарлас болған Асан Ома­ровтың айтуынша, Ғазиза мен кәрі әжесі ме­кен еткен қыстаудың орны бар. Оны көрдік. Сонда «Қор­ғансыздың күніндегі Ға­зиза» деп қара тас қойыл­ған екен.
Бір жағы Ғазизаның басы деп қас­тер­лей­сің. Бір жа­ғы Ақандай адамның қыл­мысы болған жер деп жиір­кенесің. Бәрібір Ғазиза жатқаны үшін де ол жер құрметтеуге лайық деп іштей түйесің. Жерге лағынет айтар ма?!
Шығыстағы ағайының тоқтамай өтпейтін бір жері Күшікбай батыр кезеңі. Жиырма бір жасында шешек ауруынан бақилық болған батырдың басында «Уақ батыры Күшікбай» деген қара тас қойылған.
Күшікбай бұлағының суы мөлдір, тастай. Ішсең шөліңді қандыратын бұлақ суын жұрт қасиетті деп есептейді. Көбі ыдыстарына құйып алып кетіп жатады. Бұл кезең де «Қорғансыздың күнінде» жақсы су­реттеледі.
«…Дәл қара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйілген оба секілді жалғыз мола бар. Сол мола Күшікбайдікі. Кезең де сол себепті, Күшікбай атымен аталады» (М.Әуезов). Батырдың әруағына дұға жасадық.
Семей даласында көбіне қараған, изен, тобылғы өседі екен. Жусан бар болғанымен, жайқалып, оңтүстіктегідей қалың болып өспейді. Сирек, жұтаң. Көзбен қарағанда онша сұлу емес.
Абайдің кіндік қаны тамған Сыртқасқабұлақтың өзіне жете алмадық. Жолдан көз салғанда қарайып тұрған белгіні «сол жер» деп нұсқаған жолсеріктің сөзіне сеніп, телміріп ұзақ қарадық. Бүгінде қайсымыз болса да, әділет іздеп жүгінетініміз хәкім болғаннан кейін бе, әлде шынымен артық туған басының қадірін сезінгендіктен бе, сол маң өте қадірлі көрінді. Алғаш­қы пьеса қойылған Әйгерімнің Ойқұдық жайлауына да бұл сапарда жол түспеді. Иесіз, малсыз жатқан иен даланың жалғыз ғана жұбанышы осы ескерт­кіш­тер сияқты. Адамдар осыларды іздеп келгенде ғана пенде табаны тиеді. Асылында, үнемі жұрт мекен ет­кен аймақ өзін бақытты сезінетін шығар. Қуаң, елсіз даланы көргенде осыны ойладық. Бір замандарда Құ­нанбай ауылы деп аталатын іргелі ел осы жерлерде сауық-сайран құрып, қойын қотандап, биесін бай­лап, шұрқырасып отырды дегенге сенгің-ақ келе­ді.
Бір жағы осы сапарымызда тарихи орындарды түгел аралап кетпегеніміз дұрыс та болды. Айналып соғуға себеп бар…
Ералы бабаның мазары орналасқан жер – Ералы жазығы деп аталады екен. «Менің да атым тарихта қалсын» деп осы жазықты өзі сұрап алған екен де­седі. Ералының әкесі Кеңгірбай тобықтының биі бол­ған, сөз қонған адам. Өзінен кейін билікті Абайдың ата­сы Өскенбайға берген екен. Кеңгірбайға байланысты бір аңыз көп айтылады. Құнанбай дүниеге келерде Өскенбайдың төрде алтын сақа иіріп отырғаны туралы түсті жақсы білуші едік. Бұл Құнан­байдың жәй перзент емес екендігін айқындайтын. Мына аңыз да сол жобада. Құнанбай ес біліп қалған уақытта анасы Зере Кеңгірбай биден бата сұрай келіпті. Алдында бір-екі рет келгенде бата бермей кері қайырып жүрген көрінеді. Бұл жолы би: «Тоғыз ата толғанша түңлігіңді ешкім ашпасын» деп теріс ба­та беріпті дейді. Келіні Зере, жас Құнанбайды ер­тіп, жасын етегіне төгіп кетіп бара жатады. Кеңгір­бай­дың бәйбішесі бұл қылығын түсінбей: «Бұның не?» дегенде: «Сыртқа шығып, артына қарашы» депті. Бәйбішесі сыртқа шықса, Зере мен Құнанбайға ілесіп екі ит кетіп бара жатыр екен. Соны Кеңгірбайға айт­қанда: «Ол ит емес. Қасқыр. Менің үш көк қасқырым бар еді. Теріс бата бергенімнің өзінде екеуі Құнан­бай­мен кетті. Менің де ұрпағыма бір нәрсе қалуы керек» қой депті. Сол ұрпағына қалған дүние сөз де емес, іс те емес, осы жазық болса керек. Тобықты ішінде: «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар» деген сөз жиі айтылған екен.
«Абай жолының» алғашқы тарауында: «…Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бізді өзіміздің елдің адамы деп аман қалдыр­ма­са, жаман» деп баланы шошытпақ болған жорға Жұмабайдың өзі сескенетін жер Есембай жырасын да көрдік. Жүйрік ат мінген екі үлкен кісі мен бір жас ба­ланың бейнесі көз алдымызда көлбеңдейді. Әркім өз қиялынша «Мынау Абай басқан жер» де­генде-ақ көз алдына сурет келтіруге тырысатындай. Әуезовше айтқанда, «көруге аса көңілсіз» дала Абай арқылы көркейіпті. Көруге аса ынтызар болдық.
Есембай жырасында қазір ұры жатпаса да, «Абай жолы» арқылы санасы қалыптасқан адамға сол жырадан салт аттылар атып шығатындай. Бір замандарда ұрының мекені болған маң да жетімсіреп қалған. Ұры да болса иесі ғой дейсің… Көлігіміз бұл маңдарға аялдамады. Тек көңіл көзімізбен барып, қиялымызбен шарлап қайтқан сайын далада үнемі жел тұрады. Бір ыңылдап, бір ызыңдап тұрған дала күйі Құнанбай, Абай заманынан қисса айтып тұрған шығар, кім біледі?!
Ақшоқыда Құнанбай әулетінің көбі жатыр. Кей бейіттердің тасы сынған. Кім жатқаны белгісіз. Жолда Абай туралы, Құнанбай әулеті туралы көп әңгіме айтылмағанымен, Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек бір жүрегі» мен Қасым Аманжолұлы түсірген «Анық Абай» деректі фильмі арқылы алған дерегіміздің пай­дасы көп тиді. Абайды, Абай балаларын шығар­ма­ларынан танығаның бөлек те, естелік оқиғалар арқылы танығаның басқаша. Онда Абай да, ұрпақтары да зорая түседі. Өзіміз көңілімізге жақын санаған Абай баласы – Мағауия.
Жұрт керегін Абайдың өзінен сұрауға батпай, Мағаш арқылы сұратады екен. Үш күн көрмесе, әкесі: «Менен туғаны рас болса, бүгін келеді» деп, баласы: «Абай ағам іздеп қалды» деп қауышуға асығады екен. Бір-бірін жарты ауыз сөзбен-ақ ұққан әке мен бала арасындағы осы зор түсінісушілік асып туғандық емей, немене?! Жұрттан басы артық туғандар…
Мағаш қайтыс болғанда, есінен танып барып, маңдайын керегеге соғып, көз жасын көлдете отырып: «Аузымды кісіден босатқан қарағым, Мағашым, алдымды кісіден босатқан қарағым, Мағашым, арқамды жүктен босатқан қарағым, Мағашым! Қош, Мағаш! Қош!» деген әке қасіретін бір сәт сезіне алар емеспіз. Мағаштың асыл сүйегін зиратқа апара жат­қан мүбарак арбаның жолын тастан тазартып отыр­ған хәкім әкенің қайғысына ортақтасқан сол тастар да мен үшін қымбат. Бұл сөзім пафос болар. Бірақ жалған емес.
Күллі әулет жатқан зираттың дүниемен ісі жоқ. Ай­далада иесіз қалған, Құнанбайсыз, Абайсыз қал­ған мекеннің қарағаны мен изені қосылып ұзақ уіл­дейді. Бір адыр келесі адырды менсінбейтін сияқты. Олардың бәрі асыл, бәрі аяулы сияқты. Өйткені, бірінің көңілінде «маған Құнанбай табаны тиген» деген емеурін жатса, бірінде Абай, бірінде Әбіш, бірінде Мағаштың ізі қалған. Бәрі асқақ, бәрі қадірлі. Бірақ бұрынғыдай қойны-қонышына толған ел жоқ. Біз Мағаштардан алыспыз. Мағаштардың болмысынан, табиғатынан тым алшақтамыз. Бірақ жақсы адам болғымыз келетіні қалай? Олардың қанында бар жомарттық, мәрттік, зеректік бізде жоқ қой…
Мағаш суретін көргенде көзімізге үйірілген жасты жұрттың көзі қарап тұр деген ақылымызбен тоқ­тат­тық. Күні кеше дүниеден озған Ишан Жағыпарқызы да сол Ақшоқыға жерленген.
Жидебай ауылының басынан бізді ел ағалары күтіп алды. Қой сойылған. Абайдың жиені болып ке­ле­тін Бал­табек Ерсәлімұлы деген ақсақал күту­ші­лердің басы болды. Құсайын деген кісі Қарауылдың әкімі екен. Өзі Тәңірбердінің Әзімбайынан тарайды. Жұрт «үлкен аталарынан бері аттан түспей келе жатыр» деп қалжыңдап жатты. Сол жерден түскі тамағымызды ішіп, Жидебайға тарттық.
Жидебай шұрайлы, малға жайлы өлке екен. Бұ­рынғы заман болса, шынымен тек байлардың қо­нысы болатындай-ақ жер. Жидебай Абайдың қыс­тауы. Бұл үйде Абайдың қолының табы қалған әр зат қастерлі. Есік алдында ескі арба, пәуеске сақталған. Кіре бе­рісінде Оспанның басына Абай өзі қойған қара тас тұр. Ол тастағы жазудың соңында хәкім: «өтіп бара жат­қан мұсылман дұға қылсын» деп өтініш айтқан. Абай жатқан төсек, ойнаған дойбы, тоғызқұмалақ, протез тістері, шоты, самаурыны соншалықты бағалы, құнды жәдігерге айналған. Бұлардың бәрі Абайдың қолы тигендігі үшін құнды. Әйтпесе дүниеде қаншама дойбы, шот, самаурын бар.
Ділдә анамыздың жасауы, Әйгерімнің қолынан шыққан сырмақ та қадірлі. Ескірмеген. Өз заманында барлық үйден артық болған десе, сенетіндей. Гол­ланд пеші қойылған үйдің бөлмелері кең. Абай үйдің Шыңғыстауға қарайтын терезесін жақсы көрген екен. Абай Жидебайдан жайлауына жиырма күн көшкен. Шыңғыстаудан ары жүз он шақырым жердегі жайлауы туралы бізді хәкім үйімен таныстырып жүр­ген Гүлсара Сұлтанқызы айтқанда, көзбен көр­гендей күй кешесің. Пердені түріп жіберіп, «Абай жолының» сөйлемдерімен Шыңғыстауды суреттегенде қайран қаласыз. Еркежан жатқан бөлме, Пәкизаттың бас киімі, бәрі-бәрі ыстық. Бір ғасырдан астам уақыт өткенде Абайдың бар қазақтың әкесіне айналғанын көресің. Бәрі сондай ыстық ықыласпен әр затпен танысып, шын пейілмен тамсанып келеді.
Абай үйінің тошаласы да бүкіл физикалық құбы­лыстарды ескере отырып жасалған. Етті ыстағанда, түтіні шығатын түндік, тас қабырға, едені қара топы­рақ бір қалыпты ауаны ұстап тұрады екен. Осы жағ­дайдың бәрін ескерген қазақ малдың соңында неге сон­шалықты ұзақ жүрді екен деп ойлайсың…
Жидебайдағы үйдің маңында Құнанбай құдығы бар. О да тарихи жәдігер ретінде аса құнды. Қыстау­дың маңындағы зиратта Зере, Ұлжан, Құдайберді, Ғабит­хан және Құнанбай әулетіне ұзақ уақыт қызмет еткен Шәукімбай жатыр. Сол Шәукімбай Абайдың бетіне тура қарап, сөз айта алған адам екен. Бір күні түс уақытында құдық басына мал жиналып қалыпты. Абай: «Шәукімбай, мына малды суармайсың ба?» десе, «құдықтан еңкейіп су алып берсең, ішіңде балаң тіреп тұр ма?!» дейтін көрінеді. Абай үндемей су алған екен деседі. Тағы бірде, Абайға келіндері: «Сізден өтіп, аталарыңызды боқтап жатыр» деп жүгіріп келіпті. Абай сыртқа шықса, Шәукімбай отын жарып жатыр екен. «Сен не істейсің? Күні бойы үйде жатасың? Мы­на балтаны қайрап қойсаң болмай ма?» деп айтыпты. Абай бұл жолы да үндемепті дейді. Абай сөйлеймін десе де, істеймін десе де қолында билігі бар, болыс болмаса да, бүкіл аймаққа сөзі жүріп тұрған адам еді. Абай ол жалшының ызасына түсіністікпен қа­рай­ды. Түсінеді. Кешіреді. Барлық жұмысты өзі атқарып жүрген адамның жүйкесі расымен жұқа келетінін Абай сезеді.
Абай жасы ұлғайған кезінде кеңіпті. Бір жолы ба­лаларымен жайлауда бірге отырмақ болып, Есір­кеп деген кісіден түйе сұратса, бермеген көрінеді. Сонда: «Құдайға бергеніңе тәубә, мен мұсылман екенмін. Егер осы Есіркеп Тәкежанның қасында оты­рып, Тәкежан осы менше түйе сұратып жіберсе, түйем жоқ деп түйесін бермей жібере алмас еді. Бұл түйе бермегеніме Абай ашуланып ештеңе етпейді деп менің жұмсақ мінезіме сеніп бермей отыр деп қуанып қалыпты». Жоғарыдағы жағдай да Абай атамыздың кеңіген кезі шығар…
Ғабитхан Абайды, Абай балаларын оқытқан, Құ­нан­бай әулетіне сыйлы адам болғандықтан осы зи­ратқа жерленген екен. Зере, Ұлжан, Құдайбердінің қа­­тар жатқаны да қазақы даналықтың үлгісі. Марқұм Зере әжеміз Құдайберді бақилық болғанда: «Менің ал­ғашқы сүйген немерем. Барып тұруыма жеңіл бол­сын» деп, сүйегін қыстауға жақын жерге қойды­рады. Кейін өзі дүние саларда: «Құдайберді жас кетті. Оны жұрт тез ұмытады. Мені Құдайбердінің жанына қойыңдар. Маған келген адамдар Құдайбердіні де еске алсын» деп айтыпты. Кейіннен Ұлжан анамыз дәмі таусыларда: «Келін ененің топырағынан, енемнің жанына жерлеңдер» деп өсиет қалдырыпты дейді. Осындай қазақы жолмен қатар жатқан бейіттердің иесі өмірде болған, біз кітаптан оқып-білген кейіп­керлер екеніне сенгің келмейді. «Мен Зере ананың ба­сында отырмын» ғой деген дауыс жәй ертегі сияқ­ты. Әр зиратқа барып, құран бағыштап жүргені­міз­бен, шын бағасын білгенімізбен, өне бойда сезіне ал­­мадық. Тура сол сәтте. Кейін Семейге келгенде ерек­­ше әсер болды.
«Абай жолында» Абай оқудан қайтып келгенде ал­дымен, шешесіне жүгіретін еді. Сонда: «Әй, шы­ра­ғым, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер» дей­тін еді ғой. Содан кейін әкесінің рұқсатымен шешеле­рі­не аман­дасатын. Біздің жолымыздың жөні де солай бол­ды. Алдымен Құнанбай жатқан зиратта болдық. Одан кейін шешелердің басына бардық. Ең соңынан Абай, Оспан, Шәкәрім, Ахаттың кесенесіне бұрыл­дық.
Негізгі нысанымыз – Абай кесенесі. Абайды жұрт­­қа таныстырып, сөз айтудың өзі әбестік болар еді. Абай заманында әділет іздеген жанның бәрі Абайға келеді екен. Тіпті, жаулары билік айтқызуға құмар, өзі де жауы болса да билігін тыңдайтын аса салиқалы адам болса керек. Абайдың ұстамды­лығына, данышпандығына таңғаласың. Оның тура айтқан би­лігі туралы Салық Зиманов «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» еңбегінде мысалдарымен жаз­ған болатын.
«Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күш­ті биді Тобықты іші бұрынғы-соңғы заманның қай­­сы болса да көрген жоқ деп айта аламын. Абай­дың би­лігіне, Абайдың тергеуіне әрқашан ел ішінде шие­ленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын. Сон­­дықтан Абай өмірінде айтылған биліктің көбі әрқашан сол жау жақтарының даулары туралы бола ма деп ойлаймын. Өзіміз көріп, өзіміз естіп-білген заманда жауына келіп билік айтқызу Абайдан басқа кісінің тұсында болады деп білмейміз» деп жазады Көкбай шәкірті.
Өлеңдері мен қара сөздері арқылы таныған Абайдан, естеліктердегі Абай бір басқа сияқты. «Сыра ант ұр­ған жүректі айнытқыш келеді. Құсып таста» деген сө­зі көп замандастарымызға жағып, «Абай осылай ра­сымен айтқан ба екен?» деп елітіп қалады. Тіпті, сол арқылы Абайға деген қызығушылығы оянатындай. Ал кейбіреулері хәкімнің бұл сөзін айтқанды ұнат­­пайды.
Абайдың мінезін, болмысын біз қанша өзімізге үлгі санағанымызбен ондай бола алмақ емеспіз. Бір аға­мыздың баласы айтыпты дейді: «Әке, сенің Абай ата болғың келеді. Бірақ күле бересің» деп. Сол айт­пақ­шы, бәріміздің Абай болғымыз кеп, ақыл айтқа­ны­мызбен, ол өз ақылымыз болмай шығады. Тұрағұл­дың естелігінде әкесін былай суреттейді: «Мен әкем­­нің 32 жасында жастықтың алғашқы арыны ба­сы­лып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын. Әкем­ді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртан­да, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам ширақ жан­­ды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дас­тар­ханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жәй, сал­­бырап шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған де­се, малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, ойнап-қал­жыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сен­беген адаммен мәжілісте болып, ұзақ отыра алмаушы еді».
Абай–Шәкәрім кесенесіне бармай тұрып жасаған дайындығымыз. Абайдың шын портретін тану бізге өте қиын. Айтылған, жазылған естеліктермен таны­ған­­дай болғанымызбен, оның анық Абай екеніне бә­рі­бір тоқтам болмайды. Өйткені, әркім Абайды өзін­­ше танып, өзінше түсіндіреді. Шәкәрім Құ­дай­бердіұлы: «Әкеміздің бір шешесінен туған Иб­раһим мырза. Қазақ ішінде Абай деп айтады. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Ал­ланың берген ақы­лы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді. Ержеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптарын оқып, на­си­хатын тыңдап, аз ғана ғылым­ның сәулесін сез­дім. Ибраһим мырзаның тұрағы қа­зақ ішінде болған­дық­тан қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда даныш­пан, хәкім, философ кісі еді» дейді.
Расы солай ма? Абайды сабаған да өз қазағы. «Абай­­ға сілтеген қамшы, Абайға тигенше маған тисін» деп, денесімен ақынды жапқан да өз қазағы. Абай­дың шын бағасына жеткен де, қадірін қашырған да өз ағайы­ны. Одан әрине, Абайдың қадірі қашқан жоқ. Өз қадірлері қашты. Бүгінде Абай есімі арқылы тарих­та мәңгілік қалуға дәмелі адамдар сол кездерде де бол­ған. Абайдың бір ғана жылқысын сойғаны үшін бү­гін біз атын атап отырмыз…
Абай айналасы, Құнанбай әулеті Құдай бере сал­ған хикмет. Бәрі әсершіл, бәрі ақылды, бәрі әнші. Абай­­дың байламына жүгінгіш. Абайдың көп әдеті то­бықты ішінде салтқа айналған. Құс пен жүйрікті тез ал­мастырып, бірінікін бірімен сапырылыстырып ұс­тайтын әдет Абайдан басталыпты. Абай: «Мынау ме­нің қойым, сиырым» деп мал араламаған. Тек жыл­қыға қызыққан. Сиырды «қыста жайыла алмайды, жазда үйдің айналасын былғайды» деп аз ұстайды екен. Сол кез­дегі тобықты байларының көбі осылай істепті. Абай­дың жақтастары да, дұшпандары да мейілінше көп болған. Бірақ кейінгі ұрпақтардың бәрі абайшыл бо­лып өседі. Абайдың тәрбиесі, Абайдың сөзі бәрінен бұ­рын мызғымас дәстүрге, қалың ел жү­гінетін те­мір­қазыққа айналады.
Ахат Шәкәрімұлы: «Әкей Абай өзін қалай тәрбие­ле­се, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері адам елге, не біреуге пайдасын тигізу керек. Пайдасын тигізе алмаса залалы тимесін. Онан соң қатты тап­сыратын нәрсесі – адалдық. «Адал болыңдар. Адал­дың арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ бо­лыңдар. Егер бұны істемесеңдер ырза емеспін. Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтан. Алалай көр­меңдер» дейтін» деп жазады. Бұның бәрі Абай үлгі­сі еді.
«Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар» де­ген сөзден артық қандай өсиет керек.
Абайдың жанында жатқан інісі Оспан туралы да аңыз көп. Ел ішінде айтылатын «Құдайдан сұрағанша Оспаннан сұра» деген сөз қаншалықты Жаратқанға тіл тигізе қояйын деп айтылды дейсің. Соның бәрі Ос­­панның жомарттығын сипаттау үшін айтылған қате сөз да. Көңілі түскен адамға көл болатын Оспанның балуандығы туралы да аз айтылмайды. Оспан көтер­ген қара тас әлі бар екен. Оны қазір адам көтеруі мүм­кін емес.
Абай мен Оспанның кесенесімен қатар тұрған ақ күм­бездің ішінде Шәкәрім қажы мен ұлы Ахат жатыр. Шә­кәрімді атқан Қарасартов емес, Халидов екені де сол кезде айтылды. Оның өзі тарихы ұзақ әңгіме. Әй­теуір қажы атылғанда бір күн сүйегі далада жатқан екен. Барып, сүйегін алуға ешкімнің батылы жетпепті. Жа­қындаса болды, «халық жауы» деген ат бірге жабысады. Бәрінің қорыққаны сол. Сол үрей қазір басылды ма екен…
Ахат Шәкәрімұлы да түрмеде ұзақ жатқан адам. Әкесінің мұрасын зерттеуге көп еңбек сіңірген перзент әке құшағында жатыр. Күллі Құнанбай әулетінің біз барған соңғы зираты осы жер. Бәрінің атына ба­ғышталып Құран оқылды…
Семейге қайтып келе жатып, Бөріліге бұрылдық. Ұлы Мұхаңның кіндік қаны тамған жер. Бұл жердің Бө­рілі атануы аты айтып тұрғандай, ит-құс көп жүреді екен. Тарқатсаң бұл жер де бөлек хикая…
Жидебай сапарынан алған әсеріміздің қысқаша бая­ны осындай. Ертесі Семейдегі Абай музейін аралап, шағын «Дөңгелек үстелге» қатыстық. Семейдегі Абай төңірегін зерттеп жүрген адамдардың бойынан байқаған қасиетіміз – бір-бірін онша менсіне бермейді екен. «Мен білетін деректі ол білмейді. Тіпті, Мұхаң жаза алмай кеткен деректер менің кітабымда бар. Сатып алсаңшы» деген сөздерді шын абайтанушы ай­та ма?! Тура осы сөзді айтпағанда, әлгі абай­тану­шы­мын деп өзін таныстырған ғалымның кітабын сатып алар едім.
Жұрттың бәрі құнанбайшыл, абайшыл. Естелік айту­ға бейім. Кейбіреулері Құнанбай, Абай атын шы­ны­мен малданатын сияқты. Жөні түзу сөз айтпайды.
Тек құр мақтан. Кейбірі расымен біліп, түйсініп ай­тады.
Абайдың дүниеден қайтқанына бір ғасырдан ар­тық уақыт өткенде атаны емес, ата рухын іздеп қа­сиет­ті Жидебайға жол түсіпті. Жасыратыны жоқ, Абай өмі­рін, шығармашылығын жақсы білмесек те, ақын­ның ізі қалған белдерді, қолының табы қалған заттар­ды көріп, өзімізше әсерлене алдық. Абай музейіне кір­генде, ішкі толқынысымызды жасыра алмай, «Абай­дың музейіне келгенде осылай толқыдық. Пай­ғамбар ізі қалған далаға барсақ аспанға ұшып ке­тетін шығармыз» деген ой келді. Біз айтпасақ та, біз тамсанбасақ та Абай ұлы. Құнанбай әулеті ұлы.
Жидебаймен қоштасарда өзіңше Абайға ұқсап ұс­тамды болғың келеді. Қайта айналып соғатын сапар туатын шығар деп Құдайдан үміт қыласың. Сырт­қас­қабұлақ, Ойқұдық! Сендерді әлі көрген жоқ­пын…


Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
Алматы–Семей–Жидебай–Бөрілі–Семей–Астана–Алматы,

«Қазақ әдебиеті».

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ