• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өлкетану » Жабайы жағажай кімді жарылқайды?!

    Жабайы жағажай кімді жарылқайды?!

    Асан қайғы ағат айтқан емес. Жаратқан қазаққа жерұйықтай жер беріп жарылқады. Атыраудан Алтайға дейінгі аймақты араласаңыз, күллі дүниенің көркемдігіне айырбастамас табиғаттың кереметтеріне кезігесіз. Жиып қана қоймай үйіп, үйіп қана қоймай көзі қиып бере салған ба дерсіз?! Дей тұрғанмен, жаз шықса болды, елдегі ақшалылар Антальяны алыс көрмейді, шамасы жеткендер Швейцариядан бір-ақ шығады. Ал Сіз ше? Күрмеуге келмейтін қысқа жіп секілді еңбекақыңызбен Кариб аралдарына тартып кете аласыз ба? Әрине, жоқ. Әлде елдегі шипажайларды шарлап, жағажайларды жағалап кетесіз бе?

    Үгіт жоқ жерде үміт жоқ

    Қолымызда жарнама газеттері. «Туризм. Отдых» деген қос айқарма бетті қанша сүзсеңіз де, ол жерден кербез Көкшені көрмейсіз. Есесіне Еуропаның қиял-ғажайып қалалары мен аралдарының қатарында Ыстық­көл өріп жүр. Аракідік қана Алакөлді көзіңіз шалса, қуаныңыз. Бұл да болса бұған дейін айтылып келе жатқан туристік нысандарды, демалыс, са­уықтыру орталықтарын, яғни отандық туризмді насихаттау мен жарнамалауға құлықсыз екенімізді аңғартса керек. Мәселенің бір ұшығы да осында жатыр. Егер әңгіме ауаны басқалай болса, Бораттың фильмінсіз-ақ шетелдіктер қазақ жеріне әу баста жол салмайтын ба еді. Өкінішті…

    Шетел білмесе бірсәрі ғой, иек астындағыны көзімізге ілмейтін өзі­мізді қайтеміз? Көшеден кезіктірген кез келген жаннан Қазақстандағы демалыс орындарының атауын сұрасаңыз, Бурабай мен Сарыағаштан әрі аспайды. Біреуі бағасының қымбаттығымен, біреуі арзандығымен есте қалғандықтан ғана. Ал оңтүстік, шығыс өңірлердегі емдік бұлақтар қасиетінен хабарыңыз бар ма? Ол жерлерде қандай орталықтар қызмет көрсетеді? Білмейсіз. Олардың бүгінде ластанып жатқаны да жан ауыр­тады. Жаңақорғанның шипалы бал­шығын ше? Еміс-еміс. Ал бір ғана Алматы облысында төрт жүзден астам туристік нысан барын ше? Көкшетау мен Қостанайдағы қарағайлы орманға орналасқан шипажайлар, Павлодар­дағы «Мойылды», Батыс Қазақстандағы «Ақ­жайық», Алматының «Көктем», «Қар­ғалы» демалыс орындары…

    Ал біздің елдегі туристік агенттіктер отандық туризмді насихаттамақ түгіл, демалушыларға қызмет көрсету құнын түсірмей отыр. Бұл орайда туристік нысандарымызды жарнамалауды мемлекет өз міндетіне алу керек болатын. Яғни жарнама арқылы, елді-жерді насихаттау арқылы халықтың қызығушылығын арттыру да – туристерді тартудың бір жолы. Мәселен, Түркия туризм сала­сындағы жарнамаға жыл сайын аямай қаржы құяды.

    Ол – миллиондаған еуро көлеміндегі өте қомақты қаржы. Осы ақша негізінде олар Түркиядағы демалыс орындарын жарнамалап отыру үшін шетелдік жетекші турагенттіктермен келісімшартқа отырады. Яғни олар Түркия елі мен жері туралы, оның тамаша жағажайларын әлем жұртына жан-жақты таныстырады, ақпараттандырады. Әрине, бүгінде Түркияның әсем жерлері әлемге әйгілі. Солай бола тұра түріктер туризмнен түк аяған емес. Осы елдің биліктегілері бөлінген бұл ақшаның ел беделін арттырып қана қоймай, туристердің санын көбейтуге көмектесетінін және ол ақшаның еселеніп қайтатынын айтады. Шындығында, осы мұсылман мемлекетінің туризмнен түсіретін пайдасының жыл сайын ондаған миллиардқа өсіп отыратынын еске алсақ та жетіп жатыр.

    Жабайы жағажай. Жаман жол

    Бір ғана Алакөл мен Балқашты бағалай алсақ, Ыстықкөлді төрт бес есе орайтын пайда табар едік. Алайда атақоныс Алакөл ала-құла күй кешсе, Балқаштың бағы ашылмай-ақ қойды. Басқа елден келгендердің көзіне түскен бұл көлдерге қарап олар «дикий пляж», яғни адам қолы тимеген жабайы жағажай деп ат қояды. Енді ше? Бірді-екілі жөн-жосықсыз салына салған коттедждер мен шатырлар, жабайы сауда да бұл аймақтардағы қызмет көрсету жағдайы мен жағажай мәдениетінің деңгейінен сыр ұқтырғандай. Мәселен, екі миллионнан астам халқы бар Алматы облысының аумағындағы төрт жүз қырық туристік нысанның сексен пайызына баратын жол нашар. Туризмнің мерзімдік табыс көзі болса да, біраз табыс түсіретінін сол төңіректегі қазақтар ғана біледі. Білгендіктен Алакөл, Балқаш маңында бір ауық уақытша демалыс нысандарын ұйымдастырады. Бірақ ондай демалыс орындарында сервистік қызметтің сапасы төмен болғандықтан, туристер ағылып барып жатқан жоқ. Елдегі қалтасы жұқалау демалушылар болмаса, сырттан келген туристер мұндай «жабайы» демалыс орындарының маңына да жоламайды. Әрине, бұл іске жауапты ведомствоның өзі бел шеше кіріспесе болмайын деп тұр. Әйтпесе отандық туристік аймақтардағы инфрақұрылымның тым нашарлығынан бұл сала дамымайды.

    Шипажай бағасы шарықтап тұр

    Туристік аймақтардағы инфрақұрылым да­мымаған дегенмен, бұл жердегі қызмет көрсету бағалары қырғыз ағайындардан қалысар емес. Осы орайда елдегі бірқатар демалыс орындары мен шипажайлардың орташа бағаларына көз жүгіртсек. Мәселен, Қостанайдағы «Сосновый бор» санаторийі тәулігіне 6000-нан 15000 теңгеге дейін алады. Жоңғар Алатауындағы «Қапал-Арасандағы» баға 6600 теңгеден 41250 теңгеге дейін барады. Алакөлде жергілікті тұрғындар тіккен киіз үйде түнеп шығу үшін 4000 теңге төлеу қажет. Балқашта жуынатын жері, дәретханасы бар коттедж тәулігіне – 8000 теңге. Ақсу-Жабағылы қорығындағы қонақүйде тұру тәулігіне – 6000 теңге.
    Ал кербез Көкшенің баурайындағы Бурабайға барып, Жұмбақтас пен Сексенкөлдің сұлулығына сүйсініп, Айнакөлдің ажарына тамсанғыңыз келсе, қалтаңызда 1000-2000 доллардай қаражатыңыз болу керектігін білесіз бе? Мәселен, аталған аймақтағы «Оқжетпес» шипажайының тәуліктік құны жиырма мыңнан сексен мың теңгеге дейінгі бағада. Жиырма күн демалғыңыз келсе, қалтаңызда екі жүз мың теңгеңіз болуы керек. Бір қызығы, тап осы сомада, тіпті одан азырақ қаржыңыз болса, Сіз Түркияда да демала аласыз. Міне, осыдан соң кез келген демалушының ойланып қалатыны рас. Өйткені демалушының бәрі патриот емес екені де белгілі ғой.

    Біз кей бірқатар демалыс орындарының бүгінгі орташа бағаларын шолып өттік. Бірақ бұл тұрақты деуге тағы болмайды. Өйткені шипажайлар мен демалыс, сауықтыру орындарының жекеменшіктің құзырында екенін айтсақ та жетіп жатыр. Яғни қызмет көрсету құнын қалай құбылтам десе де, қожайынның еркі.

    Қазақстандағы ең арзан санаторий Са­рыағаш пен Манкенттегі қарапайым орын бір тәулікке 4-6 мың теңге алады. Мерке, Жа­ңа­қорғанда да сол шама, «Мойылды» мен «Көк­тем», «Алатауда» сәл жоғарырақ. Ал халықтық деген сөзге сәл де болса сәйкес келетiн шипажайлар қазiр республикамызда санаулы ғана. Солардың қатарына Оңтүстiк Қазақстан облысындағы «Сарыағаш», Қы­зылор­да облысындағы «Жаңақорған», Жамбыл облысындағы «Мерке» шипажайларын жатқызуға болады. Соңғы екеуiне емделушiлер көктем, жаз, iшiнара күз айларында ғана барыңқырайды. Осы саусақпен санарлық санаторийлер ғана қазір ел кәдесіне жарап отыр деуге болады. Ал Бурабайдағы «Оқжетпес», «Приозерный», «Алмаз» шипажайларындағы 2-4 адамдық люкс орындарға тәулігіне отыз мың теңгеден жоғары болып тұр. Бұл баға біреудің бір айлық еңбекақысы екені есіңізге түссе, күлкіңіз келеді.

    Аттың басын Алакөлге бұрыңыз!

    Әдетте жаз шықса болды, оңтүстік облыстың халқы мен алматылықтар айыр қалпақты ағайындардың ақ маржаны – Ыстықкөлге ағылатын. Алатау ассаң алдыңнан шығатын Ыс­тықкөлдің қызмет көрсету құнының қол­жетімділігі қазақстандықтарға аса тиімді-тін. Одан бөлек виза аштырып әуре де болмайсыз. Алайда алматылықтардың биыл бұл ойларынан айнитын түрі бар. Қала халқына жүргізілген сауалнама нәтижесі алматылықтардың демалыс бағытының өзгергенін байқатады. Оған себеп те жоқ емес. Қырғыз еліндегі қырғиқабақтық қазақтардың Ыстықкөлге деген ықыласын суытты. Ал көл жағасындағы жұрт Жетісу жаққа жаутаңдайды. Өйткені дәм-тұзын көлден айырып отырған ағайынның демалушыларынан айырылғысы жоқ. Тіпті биылғы маусымның қызмет көрсетуінің бағасын 15 пайызға дейін арзандатып жіберген. Қырғыздың уақытша үкіметіндегілер де елді асырап отырған көлдің биылғы маусымына алаңдаулы. Ал отандық туристік бизнес өкілдері Қырғызстандағы саяси ахуалға байланыс­ты Қазақстан туризмінің келешегін айқындайтын ұрымтал сәт туды, оны қалт жіберуге болмайды деп есептейді. Биыл Ыстықкөл жағалауы қазақстандық демалыс орындарымен бәсекелесе алмайды. Соны пайдаланып Қазақстанның Каспий теңізі, Балқаш, Алакөл көлдері, Шортанды-Бурабай курорттық аймақтары мен Қапшағай су қоймасы сияқты қолайлы жерлерден жаңа демалыс орындарын ашып, туристік бизнесті дамытуды, қызмет көрсету деңгейін жаңа сапаға көтеруді жедел қолға алу қажет деген де пікірлер айтылуда. Алайда «көршінің үйі өртеніп жатқанда бас үйітіп алатын» қасиет қазаққа бітпеген – бір, екіншіден, елдегі туризмнің дамуы Ыстықкөлдің басына күн тууын күтіп тұрмаған болар дейміз.

    Өткен жылы туризм саласынан түскен жалпы табыс 26 миллиард теңгеден асқан. Тек салық түрінде ел бюджетіне 5 миллиардқа жуық ақша түскен екен. Сондықтан бұл бизнес түрі маусымдық болса да табысы көп дейді туризм агенттігінің өкілдері. Әйтсе де әлемнің өзі мұнайдан кейінгі мол қаржы кіргізетін сала туризм екенін мойындап қойғанмен, Қазақстан осы саладан тек 20-30 пайыз ғана пайда көріп отыр. Елге келген әр турист өз еліне қазақ елінің насихатшысы болып оралатынын ескерсек, екіншіден, елде демалған әр азамат өз Отанына олжалы екенін сезінсе жақсы еді. Сонда:

    Саумал бұлақ – балдай дәрің,

    Салқын самал баурайларым,

    Саялаған, беу, туған жер! – деп ән салатын күн де жақындар ма еді?!


    Динара ІЗТІЛЕУ,

    «Ана тілі» газеті.

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    8-аймақта – 8-керемет. VIII ғасырда салынған Ақыртас қамалы

    Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан көне қала сонау VIII ғасырда салынып, белгісіз себептермен құрылысы ...