• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өлкетану » Сарыарқаның тағдыры шешілген жер

    Сарыарқаның тағдыры шешілген жер

    Май ауданының аумағындағы «Қалмаққырылған» тауының қазақ тарихында алар орны ерекше. Жергілікті азаматтар аталған тарихи орынды «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» республикалық тізіміне енгізуді ұсынып отыр.  

    Бұл – қазақ жерінің бостандығы жолын­дағы бабалар күресінің куәсі болған мекен. Жасыбай, Олжабай, Малай­сары, Баян, Едіге, Сәтен, Шоқпар сынды қазақ батырлары қалмақ қолын ойсырата жеңіп, қазақ даласын жоңғар бас­қын­шылығынан құтқарғанда шешуші шай­қастардың бірі өткен жер. XVIII ғасырдың 40-жылдары қал­мақ қолы Баянауылды қоныстанған қазақ­тарға Ертіс жағынан шабуылдап, басып алмақшы болады. Бірінші болып Жасы­бай батыр бастаған қазақ жасақтары жауға соққы береді. Ауыр шығынға ұшы­­раған жоңғарлар Сабындыкөлде ес жиып, қарсыласады. Шайқастың бірін­де Жасыбай батыр жасырынып келген жоңғар мергенінің садақ оғынан көз жұмады. Десе де қатары селдіреп қал­ған жау жазық далаға қарай қашып, Серек­тасқа (қазіргі «Қалмаққырылған») барып бекінеді. Жасыбай батырдың кегін алмақ болған Олжабай қалың қолмен қуып келіп, осы жерде қалмақтарды түгелдей қырады. Содан ел аузында бұл алапат шайқас алаңы «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен. Жақында «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермат Байқұрмановтың бастамасымен облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бір топ журналисі Ақшиман еліне арнайы барып, өңірдегі киелі жерлер мен тарихи орындарды аралап қайтқан болатын. Ақшиман ауылында ең алдымен ауыл шетіндегі Олжабай батыр ескерткішіне тоқ­тадық. Ауылға кіре берістегі төбе­шік­тің үстіндегі ескерткіш 2006 жы­лы республикалық «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында салынған. Одан кейін Қайса атаның кесенесі орналасқан зират­қа ат басын бұрып, аруақтарға дұға ба­ғыш­тадық. Сапар барысында табиғаттың тағы бір таңғажайыбын кездестірдік. «Қалмақ­қырылған» тауының күнгей жағындағы Әулие үңгірді көрген жанның таңданбауы мүмкін емес. Үңгір аузының көлемі адам бойынан биік, ішке еңкеймей-ақ кіруге болады. Бірақ әрі жүрген сайын кішірейе береді. Ауыл тұрғыны Мұрат Әлібаевтың сөзінше, бұрын үңгір таудың күнгейінен кіріп, теріскей бетінен бір-ақ шығатын дәліз секілді болған. Алайда кейінгі жылдары ортасына тас құлап, бітеліп қалған екен. Ақшиман елінде ақиқатқа негізделіп айты­латын аңыз-әңгімелер өте көп. Мұн­дай дүниелер ғалымдардың зерттеуі мен тарихи кітаптарға енгізілмесе де, ауыздан ауызға тарап, халықтың санасына сіңіп қалған және ұрпақтан ұр­пақ­қа жалғасып келеді. Мәселен, «Қалмаққырылған» тауларының бір шоқысы «Гауһар биігі» деп аталады екен. Гауһар (шын есімі – Майсара) – Малай­сары батырдың туған қарындасы және Қабанбай батырдың жары. Ел аузында тараған әңгімелерге сүйенсек, Гауһар қыздың көзі өткір болған. Жаугершілік заманда биік шоқының төбесіне шығып, маңайды қарауылдап отырған. Егер бөтен адамның қарасы байқалса, бірден ағасы Малайсары батырға хабарлайды екен. Міне, «Гауһар биігі» деген атау содан қалыпты. Өкінішке қарай, «Қалмаққырылған» тауларының құпиясын әлі толық аша алмай келеміз. Бұл – жергілікті өлке­тану­шылар мен археологтердің тарапынан зерттеу жұмыстары жүргізіл­мей­тін­дігінің белгісі. Міне, соның сал­дарынан «Қалмақ­қырылған» тауы туралы ел аузында аңыз түрінде ғана айтылғанымен, нақты тарихи деректер мен археологиялық дәлелдер өте сирек. Тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовтың сөзінше, «Қалмаққырылғанның» «Қазақстанның киелі жерлер географиясының» респуб­ли­ка­лық тізіміне енбей қалуының ең бас­ты себебі де осы. Ғалым Қайрат Батталовтың айтуын­ша, Қазақстанда «Қалмаққырылған» деп аталатын бірнеше жер бар. Сол өңірлер­дің барлығында кезінде қазақ-қалмақ шайқасы болғаны тарихтан белгілі. Бірақ осылардың ішінде ең ірі әрі шешуші шайқас біздің өңірде болғанын тарихшылар дәлелдеп отыр. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бір жазбасында: «Бұл – Сарыарқаның тағдыры шешілген жер. Олжабай мен Жасыбай батырлар бастаған қазақ қолы қалмақ әскерлерін Серектаста қырғаннан кейін қалмақтар Сарыарқа даласына аяғын аттап басқан жоқ» деп келтіреді. Иә, «Қалмаққырылған» тауына жоға­ры деңгейде зерттеу жүргізілуі керек. Осы ретте жергілікті ғалымдарға және өлкетанушылар мен археологтерге артылар жүк ауыр. Егер осы ұсынысымыз шынымен жүзеге асып жатса, бұл өңір ел назарын өзіне тарта алатын үлкен тарихи туристік орынға айналатыны сөзсіз.


    Тілеуберді САХАБА,

    Павлодар облысы,

    Май ауданы, 
    «Егемен Қазақстан». 

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    8-аймақта – 8-керемет. VIII ғасырда салынған Ақыртас қамалы

    Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан көне қала сонау VIII ғасырда салынып, белгісіз себептермен құрылысы ...