• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өлкетану » Маңғыстаулық құсбегілер сонарға шықты

    Маңғыстаулық құсбегілер сонарға шықты

                                                     Қансонарда бүркітші шығады аңға,

                                        Тастан түлкі табылар аңдығанға.

                                                        Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет,

      Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға. 

    Абай

     Осы жексенбіде Айрақты тауының етегінде «Ата кәсіп – аңшылық» атты құсбегілік пен саятшылықты насихаттауға арналған шара өтті. «Отпан» мемлекеттік кәсіпорны ұжымының ұйымдастыруымен өткен сонарға Отпан таудың етегіндегі Тұщыбек ауылының құсбегілері Мереке Өтеғалиев, Өтежан Советов, Ертіс Есжанов, Айшуақ Тайманов пен бірқатар тазы иелері қатысты.

    — Маңғыстауда бес-алты бүркітші бар. Өңірде ұлттық спортты насихаттау, туризмді дамыту мақсатында саятшылыққа көңіл бөлінуде, — дейді ұлттық дәстүрді жандандырып жүрген бүркітші Мереке Өтеғалиев.

    М. Өтеғалиевтің құсбегілікпен айналысып жүргеніне 5-6 жылдың жүзі болған. Ол 2016 жылы Жамбыл облысында өткен «Қауырсын» клубының 35 жылдығына арналған республикалық жарыста Құрмет грамотасымен марапатталған. Бүркітті аңға салудан мол тәжірибесі бар ол балапанды баптаудың құпиясымен бөлісті:

    — Ұядан шыққан балапанды келесі жылы жарыстарға қатыстыра беруге болады. Бұл кезде ол түлкі, қоян ала бастайды. Аңға салу үшін үшін құсты жаз бойы майлы, құнарлы тамақ беріп, семіртіп, қауырсынын түлетеміз де, қансонардың алдында 30-40 күн бұрын арықтатамыз. Өйткені «тоқ бүркіт түлкі алмайды». Бірақ бірден арытуға болмайды. Бабы келіспеген бүркіт аңға түспейді. Ол үшін қызыл етті жылы суға салып, қанынан айырып, толық ағартып береміз. Мұны ақжем деп атайды. Ертең аңға шығады деген күні бүркіттің ішін тазалау үшін қоя, яғни киіз жұтқызамыз. Киіз қоя майды сіңіріп, бүркітті іш майынан арылтады, — дейді ол.

    Ұйымдастырушылар шараны өткізудегі мақсат тарихы тереңде жатқан бекзат өнерді насихаттау, телефонға телмірген жастарды қазақы өнерге қызықтыру арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру екенін айтады.

    — Құсбегілікті туризмнің көзі ретінде дамытпақпыз. Болашақта бұрынғы салт бойынша салбурын, яғни аңшылар мен өнерпаздардың бірігіп аңға шығу дәстүрін жандандыру да жоспарланып отыр. Түлкі алпыс екі айлалы десек те, бүгін бүркітшілердің қанжығасы майланды, — деді «Отпан» МКҚК өкілі Құралай Ізімбергенова.

    Бұл күні аңшылар олжалы қайтты. Бұған дейін төрт рет ұйымдастырылған шараға бастамашы болып жүргендердің бірі «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің қызметкері Жомарт Айдарбектің айтуынша, шара әуелде құсбегілердің кездесуінен басталған.

    — Бұл шара соңғы 4-5 жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Әуелде құсбегілердің кездесуінен басталған еді. Бүгінде Тұщыбек ауылында 4-5 бүркітші бар. Осы таудың маңайындағы ауыл мектептерінің оқушылары құсбегілікпен танысып отыр. Бүгін Отпан тауының етегінен Айрақты тауына дейін бардық. Сонарға Маңғыстау, Түпқараған аудандарының ауылдарынан, Құрық пен Сайын ауылдарынан тазыларын ертіп жігіттер келді. Қанжығамыз майланды. Мақсатымыз – ата-бабадан келе жатқан бекзат өнер саятшылықты насихаттау еді. Бүгін сол сол мақсатқа жеткендейміз, — деді ол.


      “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында

    Маңғыстау облыстық мәдениет, мұрағат

    және құжаттама басқармасы мен “Адырна”

    ұлттық порталының бірлескен жобасы

     


     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    8-аймақта – 8-керемет. VIII ғасырда салынған Ақыртас қамалы

    Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан көне қала сонау VIII ғасырда салынып, белгісіз себептермен құрылысы ...