Тараз қаласы б.д.д 40-36 жылдары тұрғызылған. Ұлы Жібек жолындағы тарихи-мәдени орталықтардың бірі. Қала алғаш рет Византия деректерінде 568 жылдары аталады. Ал 630 жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь: «Тараздың аумағы 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрліше заттар əкеліп сатады» деп жазған.

Араб саяхатшысы Ибн Хаукал да қаланы дəл осылай: «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы», деп суреттейді. Ал, арап тарихшысы Әл-Макдиси болса: «Тараз – бақтары мол, тұрғындары тығыз орналасқан үлкен қала» – деген мəліметтер қалдырады. Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы Қараханидтер империясының ірі мәдени орталығы болды.

Тараз қаласының көне негізгі тарихи орталығы «цитадель» деп аталады. Мұнда қаланы билеушілердің резиденциясы орналасқан. Цитадельге жапсарлас қабырғамен қоршалған қаланың «шахристан» деп аталатын бөлігінде зиялы қауымның, бай саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері және шығыс базары мен мешіт, ал шахристан қабырғаларына жапсарлас қолөнершілердің шеберханалары, үйлері «рабад» орналасты.

Ежелгі Тараз қаласының аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық моншалар, мыс-қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылды.


 “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында 

Жамбыл обылсы әкімдігінің мәдениет,

архивтер және құжаттама басқармасы мен

“Адырна”ұлттық порталының  бірлескен жобасы

 


 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ