• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Өлкетану » 8-аймақта – 8-керемет. VIII ғасырда салынған Ақыртас қамалы

    8-аймақта – 8-керемет. VIII ғасырда салынған Ақыртас қамалы

    Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан көне қала сонау VIII ғасырда салынып, белгісіз себептермен құрылысы тоқтап қалған. Ғалымдардың зерттеу жұмыстарын жасап келе жатқанына 130 жылдан асса да, қаланы кім салдырғаны, не себепті орта жолда құрылыстың аяқсыз қалғаны жайлы нақты тарихи дерек келтіре алмай келеді.

    Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралі – жалпы ұзындығы 8445, ал біздің шекара ішінде 2787 шақырымға созылып, Қазақстанның 5 бірдей облысын кесіп өтетін айрықша маңызға ие халықаралық транзиттік автожол. Бүгінде ол – кәрі құрлықтың екі бөлігін бір-бірімен тығыз байланыстырып тұрған алтын көпір. Нөпір халықтың пайдасына асқан автожолды бүгінгінің еншісіне жазу да қателік болар. Өйткені, дәл осы бағытта б.з.б ІІ ғасырдан бастап қазақ жеріне өркениет пен мәдени тұрмысты ала келген Ұлы Жібек жолының керуендері қатынаған. Қытайдың Хан патшалығы тұсында елден жібек өнімдерін артқан қытай саудагерлері жол-жөнекей Орталық Азияның, Батыстың халқымен байланыс орнатып, өз елдеріне қайтарында барған жерлерінің тауарлары және музыкасы сияқты алуан түрлі мәдениетті алып қайтқан. Алты қырдың арғы жағындағы халықпен байланысу арқылы сол заманғы тұрмыс, түрлі сала, мәдениеттің көші дәл осы Ұлы Жібек жолының керуендеріндей алға жылжи бастады.

    Қазақстанның оңтүстік өңірін басып өткен саудагерлер көшінің арқасында осы жолдың бойынан қалалар тұрғызылды, бұрыннан бар қоныстарға ерекше көңіл бөлінді. Бекіністер мен қамалдар, кішігірім қалалар салу дәстүрі белең алғанның арқасында бүгінде тарихымыз саф алтынға балар естеліктер мен құнды жәдегерлерге толып тұр.

    Ұлы Жібек жолының бойында тұрғызылған сәулетті қоныстардың қатарында бірнеше қала болса, соның ішінде толық зерттеліп, әлі күнге дейін сыры ашылмаған ерекше бір тұрақ бар. 2 мың жылдық тарихы бар көне Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым қашықтықта орналасқан бұл мекен – Ақыртас қаласы.

    Өз заманында бұл қаланың атауы басқаша болған. «Ақыртас» бертінгі ұрпақтың дәл осы қонысқа байланыстырып қойған атауы. Қаланың маңынан малға шөп, су, жем беретін ақырға ұқсас тастардың табылуына байланысты жергілікті облыстың тұрғындары бұл мекенді осылай атап кеткен.

    Бұл аумақтың зерттеліп, алғаш археологиялық жұмыстардың басталғанынан бері арада 130 жыл өтіпті. Осы уақыттан бері бірнеше ғалым зерттеу жұмыстарын жүргізгенімен, дөп басып айтар нақты тұжырым жасай алмаған. Тарих толқынындағы жазбаларға көз тігер болсақ, бұл қала жайлы алғаш естелік қалдырған Чан-Чунь есімді Қытай саяхатшысы. Ол 1222 жылы Тараз қаласына сапарлап келе жатып, жол-жөнекей тұрғызылып бітпеген қамалды көргенін жазған. «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» деп күнделігіне түртіп алған.

    Осы естеліктен кейін тарих беттерінде Ақыртас жайлы мүлде ақпарат кезікпейді. Тек Ресей империясының тұсында қазақ жерінің оңтүстік аймағындағы бекіністерді басып алу жұмыстары жүргізілгенде генерал Черняев бастаған топ Әулиета бекінісін басып алады. Генералдың тобында Шоқан Уалиханов та болған. Сонымен қатар, қолбасшының қасына Ресей жерінен М.С.Знаменский атты суретші де ере келген.

    Ол 1864 жылы дәл осы Ақыртас қаласы орналасқан аймақтан өтіп бара жатып, бұл қаланың орнына ерекше қызығушылық танытқан көрінеді. Бірден қарандашы мен қағазын алып, қаланың сызбасын, әдемі көрінісін суретке түсірген. Осы сурет кеңінен тараған болу керек, аз уақыттан кейін бұл мекенге зерттеушілер, арнайы жасақталған экспедиция құрамы ағыла бастайды.

    Бұл орынға түрлі зерттеушілер келуіне байланысты олардың әрқайсы әр түрлі болжам жасапты. Мысалы, П.И.Лерх: «Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы» десе, академик В.В.Бартольд: «Бұл несториан ғибадатханасының орны» деп болжам жасайды. Ал, археолог Т.К.Басеновтың тұжырымдамалары бойынша, Ақыртас құрылысы бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі екен. Бұл аймақта 1940 жылдан бастап 30 жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізген академик Пацевич өз жұмысын былай қорытындылапты: «Мұндай құрылыстың керемет есептерге сүйеніп жасалуы мен блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы ғажап ескерткіші Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан орын алуына құны да құпиясы да, құдіреті де жетеді» (Шекеев, Зерде журналы, Х,1993 ж.).

    Ақыртас қаласының ішіне бүккен құпиясын шешуге арналған зерттеу жұмыстары Тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасты. 1996 жылы Қазақстан және Франция ғалымдарының бас қосуынан кейін, атаулы мекенді зерттеу жұмыстары көп кешіктірмей басталып кетті. Қос елдің ғалымдары өз жұмыстарын қорытындылай келе, Ақыртас қалашығы VIII-IX ғасыр арасында салынып басталып, белгісіз жағдаймен өз құрылысын тоқтатқан Керуен сарайдың орны деген тұжырым жасайды. Келтірген дәлел бойынша, бұл құрылыстың жобасы дәл Сирия және Ирактағы ортағасырлық құрылыстарға қатты ұқсас келеді екен.

    Кейбір ғалымдар бүгінгі Ақыртасты араб деректерінде кезігетін Ұлы Жібек жолының бойындағы Касрибас қаласы деген болжам жасайды. Бұл тұжырымның дәлелі мынадай: VIII ғасырдың екінші жартысында (751 жылы) қарлұқтар мен араб әскері бірігіп Атлах маңында Қытайларды тас-талқан қылып жеңіске жетеді. Осы жеңістен кейін бейбіт өмір басталып, екі мемлекет арасында келісім орнаған шақта, басшылар қала салуға кіріскен, бірақ тағы сол белгісіз себептермен құрылыс тоқтап қалған. Бұл қала жайында нақты дөп түсіп айтылған дерек жоқтың қасы. Сондықтан, алдағы уақытта жаңа ғасырдың ғалымдары, мүлде басқа тұжырым жасар болса оған таңғалмаймыз. Естіген, сұраған, іздестіріп, жинаған ақпараттар қатары жоғарыдағылар.

    Ал, енді назарларыңызға massaget.kz тілшісінің көз көрген деректерін ұсынамыз. Қала құрылысының жалпы аумағы 2,5 гектар жерді алып жатыр. Мекен логикалық тұрғыдан қарағанда жаудан қорғану мақсатында салынған. Себебі, оның қабырғасы 2 метр тереңдікке қазылып салынған. Сыртқы қабырғалардың қалыңдығы – 5 метр. Сонымен қатар, жер асты құбырлары арқылы қамалдың ішіне су тартылған. Құбыр арқылы тартылған су қамалдың қасында ағып жатқан Ұзын бұлақтан емес, 4-5 шақырыш қашықтықта жатқан тау бұлақтарының түбінен тартылған.

    Ондағы ой, жау қамалды қоршауға алып, қамалдың қасындағы судың арнасын бұрған жағдайда жасырын құбыр арқылы тіршілік көзінен ажырамау. Сонымен қатар, қыстың күні Ұзын бұлақтың суының қатып қалу қаупі барына байланысты, алыстағы сенімді су көзінен құбыр тартуды алға қойған.

    Құбырлардың ұзындығы шашамен 1 метр шамасында құйылып, бас жағы жіңішкеріп, аяққы тұсы жуандап отырған. Осылайша бір құбырды екіншісіне кигізіп бірнеше шақырымға оңай тартқан. Қамал негізгі 4 бөлікке бөлінген. Ханның жеке сарайы, ханның жанұясына арналған нысан, ханның әкімшілік-билік өкілдеріне арналған жатақтар және шаруашылық қызметкерлері тұратын қарапайым тұрақ. Мұндағы бөлмелер саны – 70. Бірнеше бөлменің арасына арнайы құбырлар тартылған.

    Сонымен қатар, жаудан сақтану, қамалды қорғап қалу мақсатында төбенің ең биік тұсына қарауыл мұнарасы тұрғызылыпты. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша бұл мұнараның биіктігі 1917 жылға дейін 4 метрден артық болған. Осы маңнан өткен Түрксіб темір жолының құрылысы жүріп жатқан уақытта жұмысшылар дәл осы мұнара қабырғасындағы тастарды пайдаланғанның әсерінен, мұнара қабырғалары сөгіліп қалған. Қамалдың ортасында жарты гектар ашық алаңы бар. Бұл алаңның геометриялық есеп бойынша барлық бұрышының өлшемі бірдей. Қамалдың сыртқы 4 қақпасы бар.

    Қақпаның біреуі солтүстікке, қалған үшеуі оңтүстікке қаратылған. Қақпа маңдайшалары түрлі формада қашалып, әсемделген тастармен қаланғанға ұқсайды. Қабырғаларға қаланған тас блогтар 500 метр қашықтықта орналасқан Қоңыртөбеде өңделіп, төбеден төменге қарай тасымалданған. Салмағы жарты тоннаға жуықтайтын бір тас блогты ненің көмегімен тасығандары белгісіз. Қоңыртөбенің баурынан ірі кесек қызыл тастың мол қоры барланған. 1965-1966 жылдары инженер Луппорт бастаған зерттеу жұмыстарының жүргізілу кезінде Қоңыртөбеге динамит қойып жарып, бұндағы кесек тастың қоры табылды. Сонымен қатар, ақыр формасындағы тастардың 6 данасы жер қойнауынан сыртқа шыққан. Бүгінде осы 6 ақыртастың тек екеуі көзге ілігеді. Қалғандары, жоғалған немесе қайтадан жер қойнауына еніп, жоқ болған.

    Осы ақыр формасындағы тастар жайлы да болжамдар бар. Бірнеше ғалымның тұжырымы сәйкес келіп, бұл ақыртастар хан отбасының жуынуға арналған ваннасы деген қорытындыға келген. Бүгінде сақталған екі ақыртастың бірі терең, екіншісі таяз ойылған. Екеуін қатар қойған жағдайда бір-бірімен оңай байланыстырылады. Себебі, тастың екі шеті бір-біріне киіліп, қозғалмай тұруы үшін арнайы тұмсықтары қоса қашалған.

    Тарихи ескерткіштеріміз бен құнды мұраларымызды түгендеп, назардан тыс қалған жәдігерлерді түгендеуге елімізде өткен ЕХРО-2017 Халықаралық көрмесі біршама әсер етті. 2017 жылы көрмеге келген қонақтар үшін, қазақ жерінің тарихи орындарын көрсету мақсатында дәл осы Ақыртас қаласына тасжол төселіп, туристік орынға қатынау мәселесі бір жолға қойылды. Көне қаланың көрнекілігін көрсету үшін дәл осы мекеннен «Ақыртас сапар орталығы» тұрғызылды. Бүгінде еліміздің аймақтарынан, алыс-жақын шет елдерден келіп жатқан туристерге қызмет көрсету толықтай өз шешімін тапқан. Ақыртас қаласы жайлы бізге мәлім мәліметтер қатары осылар. Бұл мекен өз заманындағы құрылысының аяқталмағаны сияқты бүгін де зерттеуі де аяқталмай тұрған тарихи ескерткіш. Көне қаланы ешқандай болжамсыз, нақты тарихи дерек келтіре отырып зерттеу, мүмкін, болашақтың, уақыттың еншісінде болар. Еліміздегі Туризм саласы бүгінде ерекше қарқынмен жанданып келе жатқаны сезіледі. Сала осы жылдамдықпен жалғаса берер болса, онда таяу жылдарда Ақыртастың да жұмбағы шешіліп, көмбе астынан шыққан саф алтындай жарқырап шығары анық.


    massaget.kz

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Моңғолияға сапар: Арқадан Алтайға дейінгі ұзақ жол

    Монғолияға баратындар көбіне Ресейдің Алтай өлкесін, Алтай Республикасын басып өтіп, Моңғолияның Баян Өлгей аймағына шығады. ...