• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Көкейкесті » МҰНДАЙ БІЛІМ МИНИСТРІ БОЛСА – ҰЛТҚА ЖАУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ!!!

    МҰНДАЙ БІЛІМ МИНИСТРІ БОЛСА – ҰЛТҚА ЖАУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ!!!

    ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУДЕН ҰЛТТЫҢ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН АЛЫП ТАСТАП,  ОРНЫНА САЙҚЫМАЗАҚТАРДЫ  ҚОСЫПТЫ…

    Біздің  «Қазақ үні» ұлттық  порталында  кеше ғана  белгілі ғалым, филология ғылымы докторы, профессор Айгүл Ісмақованың   жоғары оқу орындарынан қазақ тілі мен әдебиетін алып тастағанына қарсы «Қазақ тілі мен әдебиетінің жазығы не?» –деген шырылдаған жан айқайы жарияланып еді…

    Бүгін  Абай.кз  сайтында  Ә.Қайдарұлы, Ө.Айтбаев, С. Қирабаев, Р.Сыздықова,  Ш.Сарыбаев, М.Қойгелді секілді әйгілі академиктердің , Премьер-Министр Б.Сағынтаевқа,  Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықоваға, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М.Тәжинге ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен жоғары және одан кейінгі оқу орындарындағы мамандықтар тізімінен «Қазақ тілі», «Қазақ əдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика»,  «Әдебиет тану», «Түркология», «Шығыстану» сияқты ең қажетті пəндер алынып тасталғанына қарсы наразылық Ашық хаты жарияланды.

    Енді  жаңа ғана  «Қазақ үні «порталында жарияланған  «Ұлттық тестілеуден ҚАЗАҚ ТІЛІ алынып тасталды!!!  Оның орнын Баян Есентаева басты…» атты  КТК арнасынан көшіріп басылған жанайқай  мақаланы  елдің бәрі жаппай қолдап, Білім министрі Сағадиевтің  орнынан кетуін талап етіп жатыр.

    «Біз Сағадиевтің реформаларына емес, Елбасының УӘДЕСІНЕ сенеміз!!!» атты ақын, журналист Азамат Тасқараұлының  мақаласына да жұрт жұмыла үн қосуда.

    Халықтың  ашу-ызасы шегіне жетті!   Танымал саясаттанушы  Расул Жұмалының  Фейсбук парақшасында «Министр емес, халыққа сор болған Сағадиев кетсін. Қылмыстық шешімдері үшін жауапқа тартылсын. Қолдайық ағайын!«-деген жазбасын  барлығы қолдап жатыр.

    «Күйгенде жазушылардың  балаларынан, екі Ерланнан күйдік» -деп бір кезде Ыдырысов пен Байжановты сынап жазған едік. Енді міне, үшінші Ерлан – атақты академиктің баласы Кенжеғалиұлы Сағадиев қосылды…

    Министр бола салысымен қазақ тіліне, ұлттық мүддеге жан-тәнімен қарсы шыққан  Білім министрі  елді әр ісімен  шошытумен келеді.

    Кейде маған мынандай, журналистерден  жан далбасалап, бұқпантайлап қашқанда, түрлерін адам аяп кететін министрлерге-шенеуніктерге  қарап, біздің билік Ұлттық мүддеге қарсыларды конкурс арқылы іріктеп алады-ау деген ой келеді…

    Өткенде бұл министріміз  қарасын көбейтейін деп,  қазақ тілін қақпайтын 20 шақты миллионерлерді мемлекеттік тілдегі білімге айдап салды. Сол кезде де біз қарсылығымызды ашық білдіргенбіз.

    «Қазір маймылдар да сұлулық туралы кеңес бере бастады…  Қазақша білмейтін бизнесмендердің   мектепте қазақ тілін шектеу  туралы үндеуі туралы тек осылай деуге болады…

    Биліктің барлық бұтақтарына мызғымастай жайғасып алып, Қазақ тілін білмей-ақ Қазақтың тағдырын шешіп отырғандар Қазақ Елі үшін қаншалықты қауіпті! Баспасөзде барлығы бас шайқап, жағаларын ұстап жатқандай, қазақ тілінде сөйлемейтін «қазақ»  байшыкештерінің елімізде негізгі пәндердің қазақ тілінде оқытылуын тоқтату туралы үндеу жасауына  қандай  моральдық құқықтары бар?!.

    Бұлардың тағы бір күйдіретіні, қазақ мектептерінде оқу деңгейі төмен екен. Қазақ мектептерін, әсіресе ауыл мектептерін бітіргендер өзгелерден кейін қалып келеді -мыс!..

    Өздері қазақ мектебінде оқымаған, бір баласы да қазақ мектебінде оқымайтын,  басым бөлігі қазақ тілін білмейтін, кейбіреулерінің тілі нан сұрауға жеткенмен, хал сұрауға жетпейтін  қалталылар қалайша бұндай масқаралыққа барып отыр?«-деп жазған едік.  https://qazaquni.kz/2016/05/28/52712.html

    Сол кезде «Ал министрлер мен әкімдер, депутаттар  және  кәсіпкерлер, мектептерді өзге  тілдерге көшіруден бұрын  өздерің мемлекеттік  тілден сынақ тапсыруға дайынсыңдар  ма?..»- деген сұрағымызды қолдаған белгілі  ғалым,  тарих ғылымының доқторы, профессор. саясаттанушы, ағылшын тілінде лекция оқып жүрген Әзімбай Ғали: «Қазеке, Білім министрінің қазақшасынан сіз емтихан алыңыз, мен ағылшыншасынан алайын»деп жазып еді сайтқа өз пікірін.

    Иә, қазақ тілін менсінбей, ҰБТ-дан алып тастаған министрден қазақ тілінен емтихан алатын кез келді, халайық!

    Мұндай  зиялылығынан  зияны көп  министрлердің Қазақ тілінің алдында ғана емес,  Қазақтың алдында жауап беретін кезі жетті!

    Тағы да қайталаймыз:

    «РЕСЕЙДІҢ НӨМІРІ БІРІНШІ ҰЛТШЫЛЫМЫН»-деп мәлімдеген  Ресей Президенті В.Путин таяуда ғана: “Орыс тілі мен әдебиеті және мәдениеті – Ресей үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі!”-деп айтты. Ресей азаматтығын алу орыс тілін білмейтіндердің ойына да кірмейді – бермейді!..

    АЛ НЕГЕ КРЕМЛЬГЕ ҚАРАП «НАМАЗ ОҚИТЫН» БІЗДІҢ БИЛІК  ОСЫ РЕСЕЙДЕН, ПУТИННЕН ҮЛГІ АЛМАЙДЫ?  

    Сонда Қазақ тілі мен Ұлттық мүдде – Қазақстан үшін Ұлттық қауіпсіздік емес, қазақша ойлай алмайтын  билікте отырғандардың  ойына келгенін істейтін экперимент алаңы ма?..

    Енді ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУДЕН ҰЛТТЫҢ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН , ТАРИХЫН АЛЫП ТАСТАП,  ОРНЫНА Баян Есентаева  секілді  шоумендер мен  дүбара «келинка» болып жүрген Нұртас Адамбаев сияқты САЙҚЫМАЗАҚТАРДЫ  ҚОСЫПТЫ…

    «Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» дегендей, Ұлттық тестілеу орталығының директорыРамазан Әлімқұлов деген:  

    «Біз мұны білдік осындай болатынын. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуден өтетіндердің қызығушылығын көтеру үшін.  Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы сұрақ та бар.  Олар киноматография, кино саласы дамуы  туралы өзінің ой-пікірін көрсеткен», – деп,  беті бүлк етпей соғып тұр…

     Ұлттық  киномыздың ұстындары осылар болса,  без теріп кету ғана қалды бізге…

    Бұл Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың  Елбасының кеше ғана ҚР Конституциясының 26-бабын өзгертусіз қалдыруды ұсынып тұрып айтқан «Халықтың талабымен  санасуымыз керек»-дегенінің бәріне қатысты екеніне түйсігі жетпейтін  секілді…. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың Білім министрінің  негізсіз «реформаларын»  жақтырмай, тікелей өзіне: «Халықтың наразылығы көп болып жатыр. халықпен жұмыс істеу керек!»-дегенін де тыңдағысы жоқ…

    Қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы -ұлттың тамыры!  Қазақстанның Білім және ғылым министрі  Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевтің алдына қойған мақсаты  – қазақтың болашағын  құрту үшін ҰЛТТЫҢ ТАМЫРЫНА БАЛТА ШАБУ МА?

    Онда қазақ тіліне-қазақ әдебиетіне- қазақ тариxына -яғни қазақ ұлтына, қазақтың болашағына қарсы білімсіз Білім министрінің  орнынан кетуін талап етеміз!

    МҰНДАЙ «БІЛІМ» МИНИСТРІ БОЛСА – ҰЛТҚА ЖАУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ!!!


    Қазыбек ИСА,

    qazaquni.kz

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Оралман мәртебесі ұзартылатын болыпты

    Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының көші-қон бөлімі  қала тұрғындарына мына жағдайды хабарлайды: Елбасы ...