• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Көкейкесті » Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

    Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

    Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі шаhардағы ұйымдардың басын қосып Денис Теннің қайғылы қазасына қатысты үлкен жиын өткізді. Қалыптасқан жағдайға байланысты көптеген үкіметтік емес ұйымдар өз ұсыныстарын айтты. Өз басым #Адырна қорының атынан мынандай ұсынысты ортаға салдым:
    «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дейді. Бір қалыптасып қойған кісіні өзгерту қиын. «Баланы жастан…» дейді қазақ. Тәрбиеге, тәрбие болғанда да ұлттық тәрбиеге әрбір ата-ана, ұстаздар, мемлекеттің өзі, жалпы қоғам жауапты болуы қажет. Елімізде 70 пайызға жуық мемлекет құрушы ұлт — қазақтар тұрады. Сәйкесінше, ең кедей, тұрмысы мен білімі төмен ұлт та — қазақтар. Алматыдай алып қалаға тіркеусіз келіп түрлі қара жұмыстарды атқаратын, діни секталардың құрығына түсетін, тіпті ең көп қылмыс жасайтын да — қазақтар. Өйткені жағдайы төмен отбасылардың тәрбие мәселесіне көңіл бөлетіндері сирек кездеседі. Ендеше, сол өз елінде «босқын» болып жүрген қазақ жастарына ұлттық тәрбие мен сапалы білім беруге көңіл бөлуіміз қажет.

    Мысалы, Денис Тенді ұрылар емес, бай бір шенеуніктің баласы арақ ішіп алып қағып кетуі де мүмкін еді ғой. Мұндағы мәселе тек әлеуметтік-материалдық жағдайда емес, білімде деп есептеймін. Мен өзім де орташа отбасыдан шықтым. Бірақ әке-шеше тәрбиесі мен маған деген сенімі мені үнемі алға жетелеп отырды. Әл-Фараби айтады: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп. Бұрын ауыл-аймағының, руының, шыққан әулетінің, ата-бабаларының абыройына кір келтірмеуді ойлайтын қазақ қазір тек бір сәттік табыс, оңай олжа іздейді, еңбектеніп шынайы жетістікке жетуге деген сенімі жоқ. Абай айтады: «Жүректе оты жоқ адамда ми болмас» деп. Алдына қойған жүйелі арман-мақсаты жоқ не тәрбиеден жұрдай кісі жеңіл жолмен тез байып кетуді ғана аңсайды. Бұл — қылмыскер әрі жемқор қоғамның келбеті. Өзін-өзі сыйлап, ата-баба атына кір келтірмеуді ойлайтын, қазақтық намысты ту етер азамат ең бірінші ұлттық тәрбиеден қуат алады, адал еңбек етіп жетістікке жетуге ар-ұятпен қызмет етеді. Қазақтың ұлттық дәстүрлері — ар-ұят кодексі, жазылмаған заң еді. Соны білім ошақтарында көбірек оқытудың жолдары қарастырылуы тиіс. Ұлттық құндылықтарды насиxаттау орталықтары ашылып, өз елін, ұлтының төл ерекшеліктерін құрметтейтін патриот жастар өсіп-жетілуі керек.
    Сүйегі қатып, қалыптасып қойған кісілерді өзгерту өте қиын. Ал жастарға ұлттық тәрбие мен сапалы білім беру, жас толқынды адал еңбекке баулу Қазақстанды түбі жақсы жағына қарай өзгертеді. Оның жемісін ең кемі 10 жылдан кейін ған көре бастаймыз. Жемқорлыққа қарсы қанша қатал заң шығарсаңыздар да кейін соған мүдделілер «саңылау» тауып алады. Бірақ қаланың кез келген қуысына камераларды қаптатып тастасақ, бізге тіпті полициялардың не керегі бар?
    Айтпағым, полиция емес, балабақша, мектеп мұғалімдердің жалақысын арттыру керек. Мұғалімдердің сапасы төмен. Аз жалақылы жұмысқа білімі нашар кісілер ғана амалсыз барады. Мектептерде қаншама сектанттар сабақ беріп жүр. Аз жалақы жетпеген соң діни ұйымдарға қосымша мүше болып та күн көреді. Енді олардан біз қалай сапалы білім мен тәрбие талап етеміз?

    Арман Әубәкір

    «АДЫРНА» ұлттық бірлестігінің директоры

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Оралман мәртебесі ұзартылатын болыпты

    Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының көші-қон бөлімі  қала тұрғындарына мына жағдайды хабарлайды: Елбасы ...