• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Әдебиет » Уланған ұры (әңгіме)

    Уланған ұры (әңгіме)

    Мұзаффар Изгү  (түрік cатиригі)

    1933 жылы Аданада дүниеге келген. Бала кезінен мейрамханада, кинотеатрда қызмет еткен. Үш жылдық Иненөнү мектебінде, бір жылдық Газипаша мектебінде, үш жылдық Тепебағ мектебінде білім алған. Диярыбакыр мектебін тәмамдаған соң, Силван қаласында, Айдында және басқа да аудандарда түрік тілі мұғалімі болып қызмет еткен. 1979 жылдан зейнет демалысында. Алғашқы сатиралық әңгімелері “Ақ баба” журналында, “Хүрайдын” газетінде жарық көрген. Измирде шығатын “Демократ Измир” газетінің тұрақты жазарманы болған. Алғашқы кітабы “Уақытша баспана” (1970) деп аталады. “Ілияс эфенди” (1971), “Көке Хеллоу” (1972), “Дамбалдағы ақша” (1977) сынды кітаптары жарық көген. Автордың әңгімелері бойынша бірнеше комедиялық фильмдер түсірілген. Спектакльдерге арқау болды. Түрік Тіл Басқармасының, Қожа Насыр және Туризм қауымдастығының, “Миллиет” газетінің тағайындаған сыйлықтары мен Болгарияда жыл сайын берілетін “Алтын кірпі” сыйлығының лауреаты.

    Алғашында жаныма жақын досымнан естіп, қатты таңғалдым…

    Жұмыс уақыты біте салысымен жол-жөнекей досыма кіргем. Қал-жағдай сұрасқан соң сыраханаға барып отырдық. Даяшы сыра мен балықтың есебін әкеліп еді:

    – Өзім-ақ төлей саламын, – деп қалтамдағы ақшаны санап бердім. Ол да қалтасына қол сұққандай болып:

    – Сен төлемегенде кім төлейді! – деп қалды.

    Сосын қолыма жармасқандай болып ұстады да көзін қысып:

    – Шыныңды айтшы, күніне неше табасың? Жо-жоқ, қанша ұрлайсың? – деп сұрады.

    Мен аңқиып үндемей қалдым.

    – Кадыр-ау! Ұрлайсың дегеннен саумысың?

    Қадыр “Кімді алдап отырсың?” дегендей қолын бір сілтеді де:

    – Білмей жүр дейсің бе! – деді. – Сенің жұмыс орның табыс табу жолының тура торабында тұр ғой. Жасырудың түкке қажеті жоқ. Қазір кім ұрламай жүр, кім пара алмай жүр дейсің? Жолын тапса болды…

    Ұялғанымнан кіретін жер таппай, қатты қысылдым. Досым қызараңдаған түріме қарап:

    – Ішіп алсаң, қызара бөртіп шығасың. Аллергия деген жаман, – деді сөзімді ұқпай.

    – Жоқ! – дедім ашуымды әрең тежеп. – Ондай сөзді жақтырмайтынымды білесің.

    Әңгімеміз осылай аяқталды. Орнымнан тұра бергенімде қасыма жақындап, құлағыма сыбырлады:

    – Сыр бермейтін қандай пәлесің, – деді. – “Бал ұстаған – бармағын жалайды” деуші еді. Ұрламағанда қалай, ұрлайсың!

    Маған сеніңіздер, мен бөтен біреуден бір тиын ұрлаған емеспін. Сондықтан осы әңгімеден кейін досыммен үзілді-кесілді кездеспейтін болдым. Көзімді бадырайтып қойып, мені ұры санағаны қалай сонда?!

    Күндердің бір күнінде жұмыстағы әріптесім қолтығымнан қысып ұстап:

    – Ақылыңды жисаң, пәтер тұрмақ бес қабатты үйдің иесі боласың, – деді. – Біле білсең, cенің орныңда бұрын жұмыс істеп кеткен досымыз қадалған жерінен қан алғанда, қазір екі пәтер емес, он пәтердің иесі болып, талтаңдап жүрер еді. Бірақ сен оған қарағанда қан алмақ тұрмақ, жанды жұтып алатын түрің бар. Осылай жұмыс істесең, түбі бес қабатты үйдің екеуін аласың.

    “Құдай-ау! Ел-жұрттың есі ауысқан ба?” деп ойладым да,

    – Не деп оттап отырсың?! – дедім сабырсыздық танытып.

    – Жасыратын несі бар? Бұл – заңдылық қой, – деді міз бақпай. – Сөзсіз сен де ұрлайсың, сен де аласың.

    Ашуым келіп, жағасына жармастым. Сөйтіп айғай салдым:

    – Кет ары, иттің күшігі!

    Адамгершіліктен мүлдем айырылған ба, әлде ақыл-есі ауысып кеткен бе? Миығынан күліп тұрып:

    – Ұрылардың барлығы сен сияқты ұрламадым, алмадым деп өз-өздерін ақтап шығады, – демесі бар ма. – Олар да тура сен сияқты дауыстарын көтеріп сөйлейді. Жайшылықта айқайлап-ұйқайлай береді.

    Мынадан кейін өлесің бе, әлде өлтіресің бе?

    Араласып жүрген әріптестерім бетіме ашық айтпайтын болды. Бірақ кейде оспақтап сөйлеп қоятындары бар…

    – О, бай-бағландар осында жүр екен ғой! Амансың ба! – дейді.

    – Қандай бай, қайдағы бағлан? – деп қадалып сұраймын сонда.

    – Болашақта бай боласың, – деп қояды. – Қалтаңда ақша болса, жылжымайтын мүлікке сал!

    – Бауырым-ау! Бізде жерге, үйге салатын ақша қайда?!

    – Шынымен де алмайсың ба? Ұрлайтының жоқ па?

    – Ұят қой! Менің түрімнен байқалып тұр ма?

    – Қайта ұрламағаның ұят екен.

    – Ант етейін…

    – Қазір екінің бірі ант етіп жүр. Жо-жоқ, сенбеймін!

    Жұмыс орнымда біреу ақшадан қысылса дереу менен қарыз сұрайды:

    – Екі мың лира бере тұршы.

    – Екі мыңды қайдан тауып беремін. Бір айлыққа қарап отырмыз ғой!

    – Сендей сараңды көрген емеспіз. Қалтаң мыңғырған ақшаға толған. Екі мыңды қимай тұрғанын қарашы…

    Түбі жынданып өлетін шығармын. Әсіресе, жасына қарамай, жас қыздай майысып тұрып алатын Серпил ханымға не деуге болады? Менен екі мыңды қарызға алып, енді бергісі жоқ. Ақшадан қысылып жүргенімде барып сұраймын. Сонда маған айтатыны бір-ақ ауыз сөз:

    – Сен үшін екі мың деген әңгіме ме екен?

    – Ойбай-ау! Серпил ханым, мен үшін екі мың деген үлкен әңгіме.

    Сонда күлгенде адамның делебесін қоздырып жіберетін Серпил ханым құлағыма сыбырлайды кеп:

    – Мен үшін тағы екі мың лира жұмсайтын болсаң, шақырған жеріңе барамын.

    Көрген күнім осы. Қойшы соны деп екі мыңға да қол сілтегім келді. Өйткені сұрай бергенмен оның аузы жабыла ма?

    – Сенің орныңа талай жігіттер ұмтылып жүр. Ол орында қызмет етсек айлық алмаймыз дейді. Сен менен ақша сұрағанша, қайта күніне қанша ұрлайтыныңды айтсаңшы. Сыбырлап айтсаң болды, сыр болып сақталады.

    – Серпил ханым! Доғарыңыз! Болды! Әйтпесе…

    Мұндай әйелді бұрын көрген емеспін. Қадалған жерінен қан алады.

    – Екі мың берсең болды, не істесең соны істе…

    Бірнеше күннен кейін әйелім қайдан естігенін білмеймін, кешкісін:

    – Естуімше, майлы жілікке қол жеткізген екенсің, – деп тиісе бастады.

    – Түсінсем бұйырмасын, не айтып тұрсын? – дедім.

    – Не айтып тұрғанымды өзің жақсы білесің. Соқыр қатын алдым деп жүрсең бе? Бұрын сыраханадан шарапты құйғызып ішуші едің, қазір шөлмектеп алатын болдың ғой.

    – Сыраханадағы шараптың нашар екенін өзің де жақсы білесің. Ішсем жүректі қыжылдадып жібереді. Сонда аптасына бір ішкенімді көп көріп жүрсің бе?

    Біреуді жоқтағандай жылап шыға келді.

    – Мен сенің жан-жарың емеспін бе? Азаннан кешке дейін кіріңді жуамын, асыңды дайындап беремін, жұмысынан қашан келеді де-е-еп көз ілмей күтіп отырамын… Сонда ұрлағаныңды маған бермей, анау бұзық қатын Серпилге бересің бе?!

    Ал көкем, мықты болсаң осындай жағдайда ашуланбай көр.

    – Құдай-ау! Не деп оттап отырсың? Кім ұрлап жүр екен?

    – Сенің араласып жүрген достарыңның әйелдері телефон соғып айтты ғой. Ел не айтса да біліп айтады, сенің ұрлап, жеп-ішіп жүргеніңді бәрі біледі. Ол орынтаққа отырған кісі ұрламай қоймайды екен, ұрлаудың да қажеті жоқ, ұрлағандай сыңай танытса болды ақша өздігінен құйылып келеді екен. Бәсе-е-е! Біліп едім, тапқан табысыңды қатындарыңа жұмсап жүрсің ғой!

    – Бері қара, – дедім зорға ашуымды басып. – Мен адалмын, білдің бе? Адалмын деймін саған. Мен арымнан безген адам емеспін. Түсіндің бе! Ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Бөтен біреуден бір тиын алғаным жоқ. Не деп саңдырақтап отырсың? Саған жеткізген кісі өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп айтқан.

    Жылауын қоймай:

    – Қайдағы өтірік… – деп айтқаныма сенбей қойды. – Сен де адам емессің бе? Басқадан қай жерің кем? Неге ұрламайсың, алмайсың ба? Жо-жоқ, өтіріктің көкесін өзің айтып отырсың. Ұрлағанда қалай, тонап жүрсің ғой. Маған артық ақша көрсетпей жүрсің. Ойбай, ойбай-ай!!!

    Осыдан кейін үй мен үшін мазар тұғын. Үйге кірсем болды, әйелім қалтама жармасатын болды. Ештеме таппаса:

    – Қайда жүрсің, кіммен болдың? – деп тергей бастайды.

    – Ұрламаймын, неге сенбейсің? Маған ешкімнің артық дүниесі керек емес деп айттым ғой.

    – Сен оны анау керең кемпірге айт, ұрлап жүргеніңді дүкенші Мұстафаның өзі біледі.

    Шыдамым таусылды.

    – Басқа кім біледі екен? Көршілердің бәрі біле ме екен, а?!

    – Білмегенде қалай. Өткенде көйлек сататын бутикке кіріп қалып едім, сатушы: “Сіз кимегенде кім киеді, Зеррин ханым,” – деп ілтипат көрсетіп жүр. “Алып кете беріңіз, ақшасын кейін әкеп бересіз ғой,” – дейді тағы. “Шырағым,

    ондай ақша қайдан бітсін бізге?” – дей бергенімде, “Зеррин ханым, кішіпейілдікті қойыңыз. Күйеуіңізге көз тиіп жүрмесін,” – деді. Көрдің бе?

    – Мен қазір сол сатушыңа барып…

    Сөзімді аяқтай алмадым. Барғанмен қолымнан не келеді, ештеме…

    Бұрын келмей жүрген туған-туыс қаптап кетті, үйде күніге қонақ… Біреу баласын үйлендірмекші болып, басқасы сүндетке отырғызбақшы болып жәрдем сұрайды. Несиеге алған көліктің қарызын төлей алмай жүрміз деп келетіндер көбейді…

    – Бөлем үшін өлем дегенің қайда? Бір уыс ақша ұстатсаң қайтеді?

    – Ағасы бардың жағасы бар, жыра-жылғаны жағалап, пана таба алмай жүрміз.

    – Жездеке, балдай балдыздарың бар, көмегіңді аяма!

    – Мен айлыққа қарап күн көріп отырмын, – деп ақтала бастасам:

    – Ұрламай не бітіріп жүрсіз сонда? – дейді.

    Әбден шаршап-шалдығып отырғанымда, әкемнен хат келді:

    – Балам, елдің көзі тиіп кетіп жүрмесін. Табысың молайған екен. Маған жіберген ақшаң ештемеге жетпейді. Базарға барсаң бәрі удай қымбат. Жездеңнің жағдайы бұрынғыдай емес, түбі бар жақсылықты сенен ғана көремін-ау… Ал балам, аман бол! Табысың тасқындай берсін!..

    Әкешім-ау, сені де уландырды-ау…

    Әйелім:

    – Ұрлайсын!

    Достарым:

    – Аласың!

    Әкем:

    – Тонайсың!

    Көршілерім:

    – Қымқырасың!

    Жетер енді! Жете-е-е-р! Бұдан былай ұрлаймын, олла-біллә аламын, ұрламақ тұрмақ елді тал түсте тонайтын боламын.

    Рас, ұрлап жүрмін… Қандай рахат! Алатынды аламын. Ешкім маған теріс қарамайды. Ешкімнің сөзі көңіліме тимейді де. Әйелім мың сұраса, ала ғой, мә екі мың, үш мың деймін.

    Серпилді кешкісін шақырсам қайтеді…


    Түрік тілінен тәржімалаған

    Мәлік ОТАРБАЕВ

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Момақан жігіттің ізімен

    Еуропа мәдениетіне сіңірген елеулі еңбегі үшін өнер адамдарына берілетін Треббиа сыйлығының иегері, әлемге танымал қаламгер ...