• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Әдебиет » Пара (әңгіме)

    Пара (әңгіме)

    Өмәр Сейфеттин (түрік жазушысы)

    Жүзден астам новелла мен әңгімелердің, үш роман мен бір рисала жинағының авторы Өмәр Сейфеттин түрік әдебиетінің белгілі қаламгері және бір буынның ұлағатты ұстазы. Әдебиеттегі Түрікшілдік идеясын алып келген талантты жазушы.

    1884 жылы дүниеге келген жазушы әскери мектептерде білім алып, 1903 жылдан бастап әскери қызметкер болып жұмысқа бастайды. 1906 жылы жандармерия мектебіне мұғалім болып тағайындалады. Жастарға білім беріп жүріп, батыс мәдениетіне жүйрік Баха Тәуфиқтен француз тілін үйрене бастайды. Сондай-ақ, ұлттық рухты күшейту мақсатында Нәжип Түрікчудан ұлттық әдебиет пен мәдениет туралы дәріс алады.

    1911 жылы жас қаламгердің қаламынан туған алғашқы шығармасы “Хүсүн уә Шиир” атты журналда шығады. Балқан Соғысына қатысқан жас қаламгер тұтқындалады. Тұтқындалған кезінде бірнеше шығармаларды оқып жүріп тәжірибе жинақтайды және сол жылдарда бірнеше әңгімелер жазады. 1913 жылы азат болған жас қаламгер ұстаздық міндетіне бастайды және өмірдің аяғына дейін осы міндетті атқарып, бірнеше кітап жазып шығады.

    Базар алаңындағы жайқалып өскен шынар талдары көлеңке түсірген жерді салқындатып, сыбдыр қаққан жапырағымен ары-бері өткен кісілерге сыбырлап, сыр бөлісіп тұрғандай еді. Соққан жел үдей түсті сол мезетте. Атақты адвокат Қажы Намық шимайлаған қағаздары ұшып кетпесін деп, ат жеккен зүмірет күймедей кіші кеңсенің терезесін жауып тастады. Содан есікті итере бергенде, ала сөмкесін иығына ілген, ақ сәлдесі бар, бойы аласа, толық адамның қолында шылбыр ұстап, жақындап келе жатқанын көрді.

    – Сәлеметсің бе, Әли Қожа, – деді дауыстап. – Қандай шаруамен жүрсің? Жексенбіге әлі екі күн бар емес пе?

    Солығын әрең басып жеткен ауыл тұрғыны жаутаңдай қарап:

    – Уағалейкүмсалам, Намық Ефенди! Білесің бе, басым бәлеге қалды. Сот ісіне бола келе жатырмын, – деп, басын шайқап күрсінді.

    – Олай болса, кел, төрге шық, сөйлесейік.

    – Иә, иә… сөйлесейікші.

    – Ал енді, айта бер.

    – Сен болмасаң, кімге айтарымды, қайда барарымды да білмеймін.

    Әли Қожа шылбырын сыртта тұрған тербелме орындықтың шетіне іліп қойды. Дүкеннің ішіне кіріп, жаңғақ ағашынан жасалған үлкен үстелдің оң жағындағы аласа орындыққа жайғасты. Ала сөмкесін қасына қойып, сөзін бастады. Қажы Намыктың алдына қойған махоркасын қағазына салып жатып, әңгімесін сот ісі жайынан өрбітті. Бақталасы – ауыл әкімі Құйсызоғлы екен. Сол әкімнің жеріне Әли Қожа үй салған екен. Енді әкім жермен қоса үйдің қожайыны өзі екенін айтып, мүлікті тартып алмақшы болыпты. Алайда үй кімдікі болса, жер де соныкі ғой…

    Қажы Намық ақ сақалын тарамдай сипап, көзілдірігінің үстінен қарап:

    – Сенікі таза заңсыздық, Әли Қожа! – деді.

    – Қалайша?

    – Иә, солай.

    – Жо-жоқ, заң менің жағымда. Мен үй салып жатқанымда, әкім ләм мим демеді. Заңсыз болса, неге айтпайды?

    – Ештеме демесе де, бәрібір заңсыздық.

    – Мен бұл үйге де, жерге де құқылы екенімді анық білемін, Намық Ефенди. Сондықтан бұл тайталастан баз кешер емеспін.

    – Жеңілесің!

    – Жеңілсем жеңілермін, бірақ бұл талас-тартыстан бас тартпаймын.

    Қажы Намық жеңілетін іске еш уақытта кіріспейтін. Сондықтан Әли Қожаның ұсынысын қабылдағысы келмеді. Алайда “Бозұйық”

    ауылының тұрғындары бұған отыз жыл бойы келіп-кетіп жүретін. Тайталасқа түссе де, үкіметке, әкімдікке қатысты кез келген мәселе бойынша өзімен ақылдасып, оңды шешім табатын әрі қорғаушыға табыс таптыратын. Ал атақты адвокат ауыл жұртын қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқтырған емес. Қысқы напақасын сол ауылдағы адамдар жеткізіп отыратын.

    Ақыр-аяғы:

    – Жарайды, сенің ісіңе кірісіп көрейін. Егер жеңілер болсам маған ренішің болмасын! – деп, Қажы Намық келісімін берді.

    – Ешқандай реніш болмайды, сосын неге жеңіледі екенсің?

    – Өйткені сот сені құқылы деп танымайды.

    – Төрешіге семіз қошқар берсем ше?

    – Не дейсің?..

    – Қошқар деймін. Берсем, жеңеміз ғой.

    – Онда біттік дей бер. Ісіңмен қоса өзің кетесің.

    – Неге?

    – Жаңадан келген төреші сенің ойлап жүргеніңдей емес.

    Әли Қожа адвокаттың сөзін ұқпай отырды. Жаңа төреші жайында ел ауызында жүрген ақиқат пен аңызды ұзағынан тыңдады. Сөйтсе, жаңа төреші шынымен-ақ парақорлықтың, сый-сыяпаттың қас-дұшпаны екен. Құқығы танылған адамның өзі пара беруге ыңғайланса, сол сәттен бастап ісі шешілмей кетеді екен!

    Терлеп-тепшіп отырған Әли Қожа алақан жайып:

    – Уа Алла! Осындай әділ кісілерді жержүзінде көбейте гөр! – деп дұға-тілек айтты.

    Қажы Намық:

    – Аумин! – деп қайырды.

    Әңгімелері бір сағатқа жалғасты. Өкілдік жөнінде келісімге келіп, қол алысты. Бірақ қорғаушы ә дегеннен күдер үзген. Бұл іске тек ауылдың атына бола кіріспек ниетте. Өйткені келтіретін нақты фактілері жоқтың қасы…

    ***

    Екі аптадан кейін дәл сол уақытта Әли Қожа жасыл түсті кеңсе есігінің алдында көрінді. Қажы Намық өтініш жазып отырған. Көзілдірігінің үстінен қарап, езу тартып:

    – Аман-есенсің бе! Ал көңіл-күй қалай? Жеңіске жеттік қой, ә?! – деді.

    Шынтуайтына келгенде, Қажы Намықтың өзі мұндай заңсыз шешімді төрешінің қалай қабылдап жібергенін түсінбеді. Аң-таң тұғын.

    Сонда Әли Қожа:

    – Менің берген қошқарымның арқасында жеттік! – деп жауабын берді.

    – Не дейсің?! Сен төрешіге қой бергенсің бе?

    – Иә.

    – Өзің батыл да батыр екенсің-ау…

    – Иә, бірақ сен маған “Төреші – парақорлықтың қас-дұшпаны, кім оған сый-сыяпат жасаса, отырған жерінен тұра алмайды,” – деп айтқан емес пе едің?

    – Рас, айттым.

    – Көрдің бе, мен де сенің сөзіңді ескердім.

    – Қалай?

    – Қошқарды беріп жібергенімде, өз атымнан емес, басқа біреудің атынан жібердім.

    – Сонда кімнің? Әй, айтсаңшы…

    – Әлгі бақталасым әкім Құйсызоғлының атынан жібердім.

    – Мәссаған…

    Сол сәтте қария қорғаушы қолынан қаламын жерге түсіріп, орындығына арқа сүйейді. Толық адамның бадырақ көзіне қадалады. Базар алаңындағы ағаштардың сыбдыры соққан желмен бірге есік алдында тұрған Әли Қожаны шыр айналып, аудандық газеттерді кеңсенің есік-терезесіне жабыстырып-жабыстырып жібереді…


    Түрік тілінен тәржімалаған

    Мәлік ОТАРБАЕВ

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Момақан жігіттің ізімен

    Еуропа мәдениетіне сіңірген елеулі еңбегі үшін өнер адамдарына берілетін Треббиа сыйлығының иегері, әлемге танымал қаламгер ...