• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Әдебиет » Момақан жігіттің ізімен

    Момақан жігіттің ізімен

    Еуропа мәдениетіне сіңірген елеулі еңбегі үшін өнер адамдарына берілетін Треббиа сыйлығының иегері, әлемге танымал қаламгер Чинагийн Галсан – шығармаларын герман, монғол тілдерінде жазатын жазушы. Ұлты тува азамат қазақ тілін де жетік біледі. Туған жері Монғолияның Баян-Өлгий аймағы. Қазақтардың ортасында өскендіктен әрі өз ана тілінің (түркі-тува) қазақшаға тым жақындығы Галсанмен жүздескен әр қазақтың оны өзінің қандас бауыры іспетті танып, жақын тартатындығына шүбәсіз сенуге болады.

    Жазушының алғашқы кітабы 1981 жылы Берлинде герман тілінде жарық көрген. Кәрі Еуропаның герман тілді бірнеше елдің оқырмандарын лезде баурап алған кітап дүкен сөрелерінен «қаны жерге тамбай» сатылып кеткеннен кейін мерзімді баспасөз беттерінде жағымды да әсерлі пікірлер толассыз жарияланып, ауыздан түспеген. Әдебиет сыншысы Клаус Умихен «Галсанның «Найзағайлы жылдар жаңғырығы» атты кітабының көркем тілі мен терең ойы көңілді жаулап алады» — деп, «Нойес Дойчланд» газетіне жазса, Батыс Германияның «Нидерзаксен» басылымында Е.А. Толле: «өзге тілді әрі мәдениеті де басқа әлемге тиесілі жазушының герман тілін он жылдың ішінде жетік меңгеріп алып, мынандай ғажап шығарма жазғаны мені шынымен таң қалдырды» — деген пікірін жариялатқан. Сондай-ақ, «Зексише Цайтунг», «Нойе Дойче литератур», «Зоннтаг», «Тюрингер Ландесцайтунг» секілді көптеген газет-журналдар Чинагийн Галсанның неміс тіліндегі тырнақалды кітабы жайында тамсана жазып, таңдай қағысқан. Бәрінің пікірі шынайы өмір шындығын қысқа да нұсқа, дәлме дәл суреттейтін жазушы шеберлігін мойындауға келгенде бір жерден шыққан.

    Кезінде Батыста кейін өзі туған Монғол елініде оқырман қауымды елең еткізіп, біздің санамыздағы момын адамдардың қазақ бабаларымыз айтқандай «жуастан жуан шығатындығын» паш еткен мына бір әңгімесін оқыған сәтте-ақ қазақ оқырмандарына жеткізуге асық болған едім. Бір демде тез аударылуының өзі оқиғаның тартымдылығында болса керек. «Жақсыда жаттық жоқ» деген бар. Ендеше, түркі тілді, киіз туырлықты туыс халықтың өкілі, бүгінде әлемге кеңінен танымал Галсан жазушының тамаша бір әңгімесін ұсынуды өзімнің жазушылық парызым деп білдім.

    Қаңтар айының соңы. Қалада шыңылтыр аяз. Таңертең, кешке автобус күтіп тұрғанда сарышұнақ аяздың бетті шымшып-шымшып алғандай қарып өтуі ауылда өскен адамға ертеректегі қытымыр қыстарды еріксіз еске түсіреді. Бұрынғы қыстың қазіргіден де суық болғанын ғылым әлі дәлелдей қойған жоқ. Тіпті жоққа шығармаса игі. Солтүстік полюстің мұзы қалыңдай түскен, бір ғасыр бұрын көкмайса болған жерді жайпап барады  дейді. Жарайды, ғылымға сену керек. Алайда, бұрынғы адамдардың қыста қазіргі бізден артық тоңып, жазда көбірек ыстықтағаны жалған емес. Қала тұрғызып, қалың қабырғамен өзін қорғатып алған адам баласы табиғатқа тәуелділіктен сәл де болса арылған соң қысты жылынып бара жатқандай сезінетін болған ғой. Оның сыртында қазіргі қала тұрғыны азанда және кешке ғана тысқа шығады емес пе. Күндіз жұмыс орнында, түнде жылы пәтерінде болады. Тіпті даладағы ыстықты да, суықты да сезінуден қалған. Сезген күннің өзінде одан келіп-кетер дәнеңе де жоқ.

    Күн сенбі, кешқұрым. Жұрт аяғы сирей бастаған кез. Мен әдеттегімдей автобуспен үйге қайтып бара жатқанмын. Жұмыстың толықтай бір аптасын артқа тастағандықтан ерекше бір сәт іспетті.

    Бұл күн мен үшін тіпті айырықша еді. Айлап алысқан шаруамды бітіріп, оны үкіметтік комиссияға сәтті өткіздім. Олардың жағымды баға беруі төбемді көкке жеткізіп тастаған. Түсетін, мінетін адамдардың қатары сиреген соң автобусымыз кейбір аялдамаларға тоқтамай өтіп кетіп жатты. Мұнысы қысқы аязда жылы орындарына асыққан жолаушылар көңіліне майша жағып келеді. Тек қана бір аялдамада ғана сәл кідіріп қалды. Есік ашық тұрғанына қарамастан әлдебіреу кіретін жерді таппағандай сипақтап әлі жүр.

    — Енді, кірсеңші, бол! – деп, барқ еткен жүргізушінің әміріне:

    — Таппай жүрген жоқпын ба? – деген әйел адамның нәзік үні жауап қатты. Жолаушылар да шетінен сөзуар болса керек, сыбап жатыр:

    — Мас біреу ме?

    — Соқыр шығар…

    Мен ауыз ашпасам да іштей жыным келіп, есіктің артындағы көрінбейтін адамға бірдеме дегім келген. Бірақ, есіктен алдымен ұзын жіңішке таяқтың ұшы көрінді де, егер айы-күні жеткен екіқабат болмаса орта мектептің оқушысы дерліктей жап-жас «бойжеткен» кіріп келді. Автобусқа ене салысымен:

    —  Туыс, бауырлар! Мен батыс төрт жол қиылысына баруым керек еді. Мінген көлігім дұрыс па? – деп, сұрады.

    —  Дұрыс, дұрыс – дедік, бәріміз жапа-тармағай.

    Оның алдынан төрт-бес адам қатар ұмтылыппыз. Ең алдымен менің қолым шынтағына тигеніне қарағанда есікке жақынырақ отырған сияқтымын. Жетелеп әкеліп орныма отырғыздым. «Отыра ғой, айналайын!» Әріректе бос орындар болғанымен мен оның қасында тұрдым. Көрсе көз тояр хас сұлудың өзі екен. Жүзі ашық, дене бітімі сымбатты, шашы қою қара, бәрінен де мөп-мөлдір боталаған қара көзін айтсаңшы. Осындай нұрлы жанардың көрмеуі мүмкін бе дерсің. Әй, опасыз жалған-ай! Жас келіншек қозғалыссыз алысқа тік қарап отыр. Көзі кірпік қақпайды. Жүзінде ауық-ауық сәл ғана өзгерістің байқалуы құрсағындағы сәбиінің қимылына қатысты болса керек. Егер оның аяғы ауыр болмағанда бәріміз оны «әй, бейшара-ай!» деп жатып кеп аяйтын едік. Ал, қазіргі жағдайда оның жүзі бақыттан бал-бұл жанып, кербез кейіпке енгендей. Иә, аяғы ауыр болғандықтан оның арқа сүйер жұбайы бар. Ол міндетті түрде ақылды аптал азамат болуға тиіс. Себебі, қанша жерден сұлулығы бас айналдырса да соқыр қызды өмірлік жар етуге екінің бірі бара бермейді. Бақтан басы айналған оның салмақты, салиқалы ата-енесі бар…жайлы үй-жай…дәмді ас-суы мол дастархан… тамаша бір отбасының суреті көз алдыма келді. Жігіттің төресі, өзіне асқар таудай сүйеніш болған байы жанында, екі көзі жайнап сұлу отыр, тәй-тәй басып ұлы жүр, ұзыншақ таяқ еш қайда жоқ…

    Мен жас келіншекті жетектеп түсірдім. Қай үйге баратынын сұрағанымда ол «болды, міне келдім, мені келіп алады, сізге рахмет, сау болыңыз» деді. Осылай деген адамды қайткен күнде үйіңе апарамын деп сүйрейтін емес, келіп алатын адамы келгенше қасында тұра беретін емес, мен де өз жөніме кеттім.

    Қыстың бұлыңғыр кеші. Бос қалып, құлазыған көше мен алаң. Арбиған бұтақтары жан-жаққа созалаңдаған жалаңаш ағаштар. Біртүрлі көңілсіз бола тұра қорқынышты көріністерді алға тартқандай. Сонда да мен қуанышты едім. Осы бір бұлыңғыр кеш,

    құлазыған көше мен алаң, жалаңыш ағаштарды қимай үйге жақындаған сайын жүрісімді баяулатып ойға шомдым. Осы кеш, мына көше мен алаң, ағаштар неге томаға-тұйық кейіпке ене қалды? Мұның бәрі бірдемені күтеді: түн таңды, алаң адамдарды, ағаштар көктемді күтпегенде қайтсін. Айналаңды парасаттылықпен түйсіну керек. Алайда, ол үшін бәрін сүйе білуге тиіссің.

    Мен сүюге, бәрімен зор құштарлықпен бетпе бет келуге даяр едім. Бұлыңғыр кеште қарсы келе жатқан әр адамды күтіп тұра қаламын. Алайда, олар жақын келісімен қасымнан зу етіп өте шығып жатты. Оларға менің еш ренішім жоқ еді. Себебі, бәрінің асығыс екенін жақсы түсінемін.

    Ерсілі-қарсылы өткендерге, ірі қаланың сансыз көп көздері болған жарық терезелердің ар жағындағы адамдардың бәріне мейірімім түсіп, ерекше бір қуанышқа бөленіп тұрдым. Осы сәттегі ойларымның бәрі адамдарға түгелдей жетіп жатқандай сезіндім. Егер өтіп жатқандардың бірі бұрылып келсе немесе жұлдызша жарқырап тұрған терезелердің бірі сарт етіп ашылып, әлде кім атымды атап шақырса еш таң қалмас едім.

    Әлемде, соның ішінде менің елімде, менің қаламда жаман адамдар бар дегенге осы сәтте мүлде сене алар емеспін. Ұры-қарылар, алаяқтар, жағымпаз-жарамсақтар, өзгені аяуды білмейтін қатыгездер мен бетіне көн жамағандар болмаған, тіпті әрқашан болмайтындай сезіліп тұрды. Бұл дегеніміз көңіл толқынының салмақсыздануы еді. Мұның өзі сенің қалауыңмен үнемі келе бермейтін, ойы мен көңіл ауанын белгілі бағытқа жинақтап, бір нүктеге қадай алатын адамның ғана бастан кешіретін ғажайып сезімі мен ерекше қабілеті. Ақындар ғана мұны шабыттың келуі деп атап, ашық айтып, жаза береді. Ал, қарапайым адамдар оны қастерлеп сыйлайды да көңіл түкпірінде құпия түрде сақтайды. Дегенмен, ешқашан мұндай күйді сезінбейтін, ондай қабілеттен мақырұм пенделер де болады. Олар жалған дүние жайында толғануға батылы да, ниеті де жетпейтін рухани мүгедек жандар. ..

    Сол кеште мен қолым бос еркіндіктегі адам сияқты бола тұра қарбалас та секілді екіұдай күйде едім. Қолымның бос болатыны, айлар бойы арпалысқан жұмысымды бітіріп тастағанмын. Сонымен бірге бірнеше күн бұрын әйелім демалыс алып, балаларыммен бірге ауылға кетіп қалған. Қарбалас дейтінім, енді келесі жобаға кірісуім керек және таңертең ертерек шығып, әйел, бала-шағама барып қайтуға мекеменің жүргізушісімен келісіп қойғанмын.

    Осылайша тірліктің қамын ойлап отырғанымда аяқ астынан бір танысымның үйіне барып қайтуға тура келді. Негізі оны көршілерімнен сұрай салуға болушы еді. Алайда, неге екенін білмеймін, көшеге шыққым келді, түнгі көшені, алаңды бойлап жүргім келе берді. Табанымның астында сықырлаған қар әлденені маған сыбырлағандай болады. Балаларымды сағынатын да сияқтымын. Кенжем аяғын басуға таяу еді, ендігі нағашысының ауласында ағаларының соңынан қалмай шапқылып жүрген де шығар. Көше бойлап зу ете түскен машиналардың алды-артын ораған қардың құйындауы ертеректе көрген, бүгінде жырақта қалған жат жұрттағы теңіз айданында ұшып-қонған сансыз көп шағаланы еске түсіреді. Жалпы осы шағала деген бала секілді өте аңқау құс.

    Мен іздеп барған затымды танысымнан таппадым. Соған қарамастан шығармашылықтың бір тың идеясын тапқандай болдым да соның соңына түсіп алып, тіпті кеш қалыппын. Әбден түн ауған соң үйге қайтып бара жаттым. Көшеде тірі жан кездеспейді. Шамы жанған терезелердің өзі некен саяқ. Алып қала ауыр ұйқыға кетіпті. Саябақтың бұрышынан өте бергенім сол еді, біреу жөтелгендей болды. Селк ете түстім де, жан-жаққа көз жүгірттім, ештеңе ілінбеді. Кері бұрыла бергенім сол еді, «Сағат неше болды екен?!» деген әйел адамның тым таныс даусы бір жуан теректің ар жағынан өте анық естілді. Таңданып әрі тіксініп қалдым.

    Қатар тұрған қос теректің ортасындағы ұзын ағаш орындықта әлгі кешке кездескен соқыр келіншек отыр. «Ойбай-ау, сен мұнда не ғып отырсың?». Ол үнсіз мелшиіп отыр. Әбден тоңып қалғаны көрініп тұр. Ақырын ғана қолтықтап алдым да «Ал, жүре ғой» дедім. Еш қарсылықсыз орнынан тұрғанымен:

    — Сіз кімсіз?

    — Кешке сені төрт жол қиылысынан түсуіңе көмектескен адаммын.

    — Иә, солай сияқты. Сіз мені қайда апара жатырсыз?

    — Үйіме. Біздікі міне жерде, жақын.

    — Сіз мені осы маңдағы үйлердің біріндегі жылы жертөлелердің біріне апарсаңыз болды.

    — Қанша жерден қала десек те бұл Монғол жері емес пе. Адамын далаға қондырған қай монғолды көріп едің?!

    — Сіз жақсы адамсыз. Ал, үйдегі отбасыңыз… – деп, даусы дірілдеп үнсіз қалды. Мен үйде ешкім жоқ деп айтсам, тіпті жүрмей қояр деген оймен:

    — Біздің үйдегі мінезі ең нашары мен ғанамын – дей салдым.

    Ол қайтып ауыз ашпады. Қатты тоңғаны соншалық, дір-дір етеді. Мен барынша тез жүруге тырысамын, ол ілесе алмайды. Ол қалшылдап тоңа тұра ентігіп зорға демалады.

    Әйтеуір, үйге жеттік. Жылы үйге кіргеннен кейін оның қалшылдып дірілдеуі одан ары үдеп, тістері тістеріне тимей сақылдап ала жөнелді. Сасқанымнан оның сырт киімін ілдім де етігін шешіп аяғын суық суға малдым. Біздің ауылда суыққа үсінген адамның аяғын қармен ысқылайды немесе осылай суық суға малады. Ыстық шайға сары май мен бұрыш қосып ішкіздім. Сосын төсекке жатқыздым да, жақсылап қымтап көрпе жаптым. Ол менің айтқанымды сөзсіз орындаумен болды. Қарсыласуға еш дәрмені де жоқ еді, байғұстың.

    Мен оған қой етінен сорпа дайындай бастағанда ол ұйқыға кетті. Көзін жұмып бір қалыппен демалып жатыр. Оятуға батылым бармады. Жылынып, тынықсын дедім. Түнгі сағат екіден асып кетті. Бірдеме оқығым келіп еді, оған да зауқым соқпады. Сыры беймәлім, өзі бейтаныс келіншекке қарап, жалған дүниенің құпияға толы көріністеріне ой жүгіртіп отыруды қаладым. Оның керемет күйеуі мен тамаша отбасы жайындағы негізсіз ойдан кейін ғұмырымда естелік болып қалар кездейсоқ осы кездесудің астарында бір мұңлы тарих жасырынып жатқандай көрінді. Екі беті алабұрта бастағаннан кейін маңдайына алақанымды ақырын тигізіп көрсем, әйтеуір, қызуы жоқ екен. Алайда, оятып алдым. Ол көзін ашып, сәл ойланып отырды да, сұрады:

    — Сіз әлі ұйықтамағансыз ба?

    — Жоқ. Саған сорпа жасап күтіп отырған едім.

    — Жарайды, мен тұрайын.

    Оның жанарынан бір тамшы жас үзіліп түскендей болды. Жасаған тамағымды тұщынып отырып ішті. Және әлдебіреулер секілді бір кесе тамақ үшін жатып келіп рахмет айтып, кербезденбегені мені кәдімгідей балаша қуантып тастады. Арамызда азды-көпті әңгіме өрбіді:

    —  Сіз дербес тұруға икемделген адам сияқтысыз?

    —  Иә, солай. Оны қайдан біліп қойдың?

    —  Ерлер тұрмақ анау-мынау әйелдер жасай алмайтын тамақты лезде дайындай қояды екенсіз.

    —  Тұзы мен суы сәйкесіп жатса болыпты да. Бірақ, жасаған тамағым жағынан келгенде әйелімнің көңілінен шығып көрген емеспін.

    —  Үйлеріңіз көп бөлмелі-ау деймін.

    —  Жоға! Бары осы бөлме ғана.

    —  Иен үйге кіріп келгендей болдық.

    —  Қазір сен екеуміз ғанамыз. Әйелім мен балаларым ауылда.

    — Мәссаған! Әйелі жоқ үйге қонып жатқаным қалай болғаны… Көршілеріңіз не ойлайды?

    —  Қонақ қонса несі бар екен. Егде тартқан адамды жас қызбен бірдеме болады кім ойлар дейсің…

    —  Соқыр мені алдамай-ақ қойсаңыз. Дауысыңыз жас адамдікі секілді.

    —  Отызға таяп қалдық қой. Сенімен салыстырғанда кәрімін.

    —  Отызға келмеген жігіт жиырмадағы келіншек үшін кәрі бола қоймас. Ертең демалыс күні ғой. Жұрт тұрмай жатып мені ертерек шығарып жіберіңіз.

    Осылайша ұйықтауға кірістік. Менің әбден ұйқым қашты. Келіншектің дем алғаны естілмегеніне қарағанда ол да ояу секілді. Бірақ, неге үнсіз қалды? Мені ұйықтап дем алсын дегені ме? Мүмкін. Олай болса, бірдеме деп көрейін. Сөйлескісі келмесе сөз ләмінен белгілі ғой.

    «Қарындасым, ұйықтаған жоқсың ба?» деп егер ұйқыға кеткен болса оятпайтындай ақырын ғана сұрадым. «Жоқ. Ұйқым келмегеніне қарағанда таңертең болып қалған жоқ па, өзі?» деп жалма-жан үн қатты. «Қайдам. Сағат үштен кеткен шығар. Менің ұйқым қашты. Қарағым әңгіме айтшы. Тым болмаса аты-жөніңді біліп қалайық».

    Келіншек әңгіме тиегін ағытты. Сырын жасырғысы келмеген секілді, онсыз да айтуға ыңғайлып жатқандай. Менің болжамым да дәл келгендей. Ол былай деді: « Атым Бәйғылма, жасым жиырма бірде. Оналты жастағы сіңілім және анам үшеуіміз Яармагтың (Ұланбатыр қаласының ең алыс аудандарының бірі. Ауд.) соңғы аялдамасында тұрамыз. Бірнеше жыл бұрын әкем қайтыс болды. Мен сегізінші сыныптан кейін кәсіптік мектепке түскенмін. Оны бітірген соң өндіріске жұмысқа орналастым. Екі жылдай ғана жұмыс өтілім бар. Осы кезде керемет сый-сияпат алмасам да үздіктер санатында жүрдім. Жалақым көтеріліп, анама көп септестім, жағдайымыз түзеліп біз де ел қатарына іліктік. Сөйтіп жүргенде бір жігітпен таныстым. Университеттің соңғы курсында студент. Бізде практикадан өтіп жүрген. Түр әлпеті жағынан өзгелерден дараланатын ештеңесі болмаса да өте момақан жігіт екені бірден көзге ұрып тұрады. Жүріс-тұрысы байыпты, дауысы биязы, сөйте тұра өзі ынжық біреу емес, сөзі жүйелі, өзі көшелі. Сырттан кіргенде бас киімін қолға алып, әсіресе, бастықтарды көргенде мектеп оқушысынан бетер ерекше тәртіпке ене қалады. Бірдеме десең лезде ду етіп беті қызарып шыға келеді. Онысы өзіне жарасатын да сияқты. Қыздар жүрген жер тыныш болсын ба, әлгі жігітке «Бажырақ көз», «Алқызыл», «Жымжырт жүрісті» деген секілді неше түрлі ат қойып, айдар тағады. Дегенмен іс жүзінде бәрі оны ешкімге жәбірі жоқ, момақан жігіт деп құрметпен қарайды. Санливтің өзі де жұрттың бәрімен жақсы қарым-қатынас жасай біледі. Өзгелермен салыстырғанда маған көбірек үйірлеу болды. Сондықтан да болар, әлгі лақап атаулардың алдына «Бәйғылманың» деген сөз анықтауыш болып үнемі кіріп кетіп жүрді. Кейбір қыздарда қызғаныш та болған шығар.

    Санливпен көшеде де кездесіп қалып жүрдім. Аялдамада тұрсам жетіп келеді. Дүкенге енсем ол да кіріп келе жатады. Солай кездескен кезінде беті қызарып кетеді де тура қарай алмай бірдеме бүлдіріп алған балаша кейіпке түседі. «Сен үнемі Яармагта жүресің ғой» десем, «Осында бір танысыма келемін» деп қояды. Кейін белгілі болғаны, ол менің соңымнан еріп жүреді екен. Сөйтіп жүріп ақыры жақын таныстық, тіпті ол бас қосайық дегенді де айтатын болды.

    Бірде мен оны үйге ертіп келдім. Әлгім анамды көргенде тағы да қызарып кетті. Менің көңілім баяғыдай. Алайда, анам ол кеткен соң былай деді: «Қызым, байқа! Оның біртүрлі жұмсақ жағымды көрінуі маған аса ұнамады. Екі қасының арасы қосылып кеткені, жас бала бола тұра бір ауыз сөзінің өзіне қатты есеп беретіні ішінде ит өлген арамзалықты байқатады». Мен анама ренжіп қалсам да, махаббаттың машақаты көп қой, онда тұрған не бар қолды бірақ сілтедім. Ертеңінде Санлив анаң не дейді?-деп сұрағанда өтірік айта алмадым. Дегенмен, анамның сөзін сол күйінде жеткізуге тағы да батылым бармады. «Сені өте жас бола тұра тым салмақты екен» деді дей салдым. Мен оны ренжитін, тіпті ашуланатын шығар деп ойлаған едім. Ал, ыржиып күліп тұр. Мұндай адамға не деуге болады? Мен іштей шешімге келдім. Бұл қараша айы болатын. Кітаптардың бетін парақтап, өзімше бал ашып көрсем «өз жүрегіңнің қалауымен жүр» деген жолдар шығады. Біреулерден ақыл сұрасам да осыны айтады. Анамның пікірімен үндесетін ешкімді кездестірмедім. Құрбыларымның айтатыны: «Көзді жұм да тиіп ал! Туған анаң ренжіп қайда барады». «Шынайы махаббатқа өлім ғана нүкте қояды». Өлім қорқынышты естілгенімен, дәл махаббаттан өлгеннің арманы жоқ секілді. Біз екеуіміз

    арадан қыл өтпестей болып жақындасып алдық. Анам ештеңе айтпады, енді бәрібір тыңдамайды деген шығар. Былтырғы жылдың дәл осы күні болатын. Екеуіміз цирк көруге шыққанбыз. Үйге қайтуға құлқымыз жоқ. Бірақ, арнайы баратындай жеріміз де шамалы. Басымыз ауған жаққа кете беріппіз. Бір қарасақ, бақ ішіне кірген екенбіз. Бүгін манағы сіз көрген саябақ қой. Орындық тұрды. Мен Санливтен мені мұнда неге әкелдің деп те сұраған жоқпын.

    Күн суық болған да шығар, ал, мен ештеңе сезбедім. Мас адам секілдімін. Расында, махаббатқа ессіз мас едім. Санливтен ондай ержүректік шығады деп ойламаппын. Үйленейік, некеге тұрайық деп қояды. Мен жылай беріппін. Кейін де талай еріктен тыс құмарлыққа бардық қой. Бірақ, дәл сол алғашқы түнгідей қорқынышты ләззат қайталанбаса керек. Мен сізге басқаша қалай айта аламын. Қысқасы, біз сол орындықта таң шапағын қарсы алдық. Мен бастықтарға жайымды айтып, баспана сұрадым. Дереу бола қойсын ба, сонда да кейінірек бітетін сыңайлы еді. Көктем айларының соңына қарай денем ауырлап, жайсыздай бастады. Енді ойласам, балалы бола бастаған екенмін. Санлив екеуіміз құдайдың құтты күні бірге жүреміз, бірге жатамыз. Кәдімгі ерлі-зайыпты адамдарша жүрдік.

    Сөйтіп жүргенде Санлив оқу бітіріп, оны Увс аймағына (астанадан ең алыс, шалғайдағы батыс өлке. Ауд.) жолдамамен жіберетін болды. Мен екі оттың ортасында қалдым. Еріп кетейін десем, анам мен сіңілімнен алыстап кетемін, кәсібімнен айырыламын. Қалайын десем, оның қайта оралу, оралмауы екі талай. Онда бәрі бітті дей бер. Санлив баяғы кейпімен үнсіз жүр. Не ойлап жүрсің десем, бәсе не істемек керек дейді, бажырайып. Ашуланып, ұрсып көрдім. Ол күледі де қояды. Сөйтіп жүргенде бірге оқығандары жолға шығып та кетті. Санлив жалғыз өзі қалып қойды. Кейін ұшақпен барам деп қойыпты оларға. «Бәрібір айырылады екенбіз, бірнеше күн кейін шегеруден не пайда?» деп мен ренжіп қоямын. Ал, Санлив болса «Ақыл амал болса, енді нағыз ойланатын кез келді» дейді. Онысын алғашында менің көңілімді аулаған бос сөзі шығар деп ойлағанмын. Себебі кейін белгілі бола бастады. Санливтің бір досы өте маңызды жерде қызмет ететін аса маңызды адамды танимын, сол арқылы амалдаймыз депті. Сенбі күні сол досының үйіне барады екенбіз, мен де сонда болуым керек екен. Мен болғанда құрбы қыздарымнан екеуін ертіп барады екенмін. Кімді ертетінімді де Санливтің өзі айтып берді.

    Біздің қыздардың бәрін таниды ғой ол. «Олар танымайтын біреудің үйіне маған еріп бара қоя ма?» деп едім, «Оны сенің іскерлігің біледі. Егер ерте алмасаң біздің де шаруамыз адыра қалады». Ол алғаш рет маған дауыс көтерді. Иі жұмсақ адамның ашуланғаны қиын деуші еді, мен қарсы шықпадым. Танымайтын үйге және мақсаты белгісіз отырысқа қыздарды ертіп апару деген қиямет қайым екеніне сол жолы көзім жетті. Шындығын айтқанда, Санливті шексіз сүйетіндігімнен бәрін жасадым.

    Сонымен әлгі үйіне бардық. Жас жігіт пен қартаңдау бір ер адам отыр. Жасы Санливтің досы, ал, егде адам әлгі маңыздысы болса керек. Таныстырып, бірдеме десіп жатты ғой деймін, есімде қалмапты. Дастарханға жайғастырып, арақ-шараппен қыса бастағандарын білемін. Көлемі ірі рюмкаларды көтертіп соғыстыртады, міндетті түрде алып қойыңдар деп қинап, тіпті ауызымызға құйып жіберердей болады. Қысылғанымыздан алып жіберіп қана құтыламыз. Санлив әлгі маңызды адаммен танысып үлгерген сияқты. Алғашқы шөлмек сарқылғанда екеуі ежелгі достардай елжіресіп отырды. Сәлден соң әлгі кәрі тарлан бөлмеден шығып кетті де қолында екі шөлмек арағы бар қайта оралды.

    Інішегінің оқу бітірген қуанышына тартқан шашуы әрі туған жерінің кәусарынан жасалған киелі дәм екен. Әлде бір таудың ба, өзеннің бе атымен аталады, есімде жоқ. Онысының қасында бағанадан бері ішкеніміз жай сусын екен. Мынасы тіпті сұмдық болды. Мен негізі бұдан бұрын екі рет масайып көргенмін. Денем жеңілдеп, ән айтып, билей бергім келген еді. Бұл жолы денемді үрей билеп, әлсін-әлсін жүрегім зу етіп ыңғайсыз күй кешіп отырдым. Адамда ішкі түйсік сезім дейтіннің болатыны рас екен.

    Сізден жасыратын нем бар. Мен негізі әлгі егде адамнан қатты қорқып отырдым. Ол бір қолымен Санливті құшақтап, екінші қолын менің етегіме қарай жүгіртіп қояды. Мені жаңа жас досының сыңары деп білмеген де шығар. Олай болса, мені өзінің қасына отырғызбаған Санливтің қателігі ғой. Сытылып шығып, қашып кетуге әбден болар еді. Алайда, жалынып-жалпайып жүріп ертіп әкелген екі құрбымды тастап кетуге жүрегім дуаламай, ақыры шыдап отырдым. Санлив орнынан тұрған соң артынан ере барып, кеткім келетінін айттым. Ол маған тіл қатудың орнына бас көз жоқ сүйе жөнелді. Сөйтті де:

    — Жаным, сені түсініп тұрмын. Бірақ, дәл осы сәт біздің алдағы өміріміздегі шешуші сын сағаты болып тұр ғой. Сен қалай да төзе тұршы! – деп көзіне жас алды. Мен Санливті аяп кеттім. Біреуге өлердей жағымпазданып, оны ішкізіп, өзі де бірге ішіп, жалынып өмір сүру деген қандай қиын? Осының бәрі мен үшін шығар деген ойға келдім. Жуынатын бөлмеге кіріп, жылап-жылап алдым да бетімді суық сумен жуып, сәл ішім босағандай болған соң Санливтің айтқанымен төзе тұруға бекініп орныма бардым.

    Ал, әлгі адам тіпті ұяттан безе бастады. Қатты мас болғанға ұқсайды. Әлгі сұмдық арақтан құйып алып жұтып отыр. Мөлдіреген арақты тартып жіберген сайын оны құлап түсетін шығар деп күттім. Достарыма қарасам, бәрі сау секілді көрінді. Санлив тіпті аса мас болмағандай көрінген соң тынышталып қалдым. Алайда, кеш соңында күтпеген жайт болды. Алдымен Санлив, одан кейін құрбы қызымның бірі құлап түсті. Келесі құрбым басқа бөлмеге қарай кеткені сол еді, Санливтің дос жігіті оның соңынан кетіп екеуі де жым-жырт жоғалды. Маған қатер төнді. Санливті оятпаққа жұлқылап, құлағына айғайлап та көрдім. Сұлық түсіп жатыр. Дем алғаны ғана болмаса тірі жанға ұқсамайды. Әлгі кәрі пәле орнынан тұрып келіп мені құшақтай алды. Айғайлаймын десем, «Иә, сөйте ғой» дейді. Сонымен оған былай дедім: «Жарайды, күштісі әлсізді басынатын заман ғой, бүгінше мен сіздікі болған екенмін. Алдымен қол жуып келейін». Ол сенді де қоя берді. Мен жуынатын бөлменің шамын жағып, есігін аштым да қайтадан қатты жаптым. Аяғымның ұшымен жүріп барып киініп үлгердім. Енді дым білдірмей есік ашу ғана қалды. Бірақ, неше құлыппен кілттегенін білмеймін, бұрап жатырмын ашылар түрі жоқ. Сөйтіп сасқалақтап жүріп сыбдырын сездіріп қойған шығармын. «А, сен осындай қулықшыл ма едің, аққуым!» деген дауыс шықты да, әлгі пәле жетіп келді. Дәл осы сәтте бағанадан бері міз бақпай мелшиіп тұрған есік те айқара ашылмасы бар ма. Ұмтыла бергенім сол еді, ол плащымның белдігінен шап берді. Бірден табалдырықтан аттап үлгерген соң сол күйі алға тарттым. Бірдеменің қатты тарс еткенін білем, қайнаған қызыл жалынның ортасына күмп ете түскендей болғанмын. Қанша уақыт өткенін білмеймін. Аурухана төсегінде есімді жидым. Биік баспалдақтан ұшып кетіппін. Плащыңның белбеуі түп орнымен жұлынып кетіпті деп кейін анам айтты.

    Басым, бет-аузым түгел ораулы болды. Қалай қиналғанымды айтпай-ақ қояйын. Себебі, ондай бейнетті адам өз басынан кешпесе, біреудің айтқанынан сезіне алмайды. Менің оған көзім жеткен. Көңіл сұрап келушілер көп болды. Санлив күн сайын келіп, қасымда бірнеше сағат бойы отырады. Көп әңгіме айтады. Мен оған ләм им деп ауыз ашпасам да қуып жібере де алмадым. Ренжиін десем, тағы болмады.

    Әлгі адам да күн құрғатпай келеді, бума-бума қымбат кәмпиттер мен жемістер тасиды. Не айтарын білмей абыржиды. Бірдеме десе болды «бауырым» деген сөзді алға тартып сөйлейді. Менен өлердей қорқып жүргені анық аңғарылып тұрды. Бір күні мен оған былай дедім: «Ағатай, сіз менен қорықпай-ақ қойыңыз! Мен ешкімді қылмысқа итермеймін. Несі бар, мас қыз өзі сатыдан құлап кеткен шығар. Бұл менің сізге берген уәдем. Есесіне сіз қайтып менің маңымды баспаймын деп серт берсеңіз болды!». Расында, қарасын батырды. Атсыз тарту-таралғыны үнемі жіберіп тұрды. Мен оны ашпастан бірге жатқан науқастарға таратып беріп жүрдім. Олар да еш бас тартпай ала беретіндеріне қарағанда мәселенің мәні бәріне түсінікті болса керек.

    Бір айдан соң көзімдегі байлауларды шешті. Мен соқыр болғанды білдім. Дәрігерлер оны әу баста білген болуы керек. Әйтпесе, не үшін көзімді байлайды? Бас сүйекке зақым келгені болмаса өзге айтарлықтай ештеңе жоқ көрінеді. Ал, бетіме еш дақ

    түспеген. Тағы бір ай жаттым. Емдеулер жасаған болды. Ешбірі нәтиже берген жоқ. Дәрігерлер жүре келе көріп кетуің мүмкін деген. Алайда, бұл барлық соқырларға айтыла беретін сөз шығар. А, иә ұмытып барады екенмін ғой. Заң орнынан тергеуші келіп, көп мазалады. Ақыры олармен жүз шайысып тынғандай болдым.

    Көрер көзден айырылсам да құрсақтағы сәбиім аман қалыпты. Қозғалысы тым ширақ бала, сондықтан дені сау шығар деп ойлаймын. Анам айтады, біреуге асыратып жібер деп. Мен оған іштей қарсы болсам да, өзім асырай алмайтындықтан не істерімді білмеймін. Не болса да әкесімен тілдеспекке жүрген түрім мынау ғой. Оның өзінде анам мен сіңілім жоқта қала орталығындағы құрбымның үйіне қонып келемін деп көршілерге өтірік айтып қашып шыққанмын. Санливпен жолыққым келеді. Қайда екенін білмеймін. Бірақ, ол берген сертінен таймас деп сенемін. Бүгін келе алмағанына қарағанда ол үлкен бір кедергіге тап болған шығар. Сонда да ертеңгі күн тағы бар ғой. Негізі мені азғана уақыт қана демеп жіберер адам болса сипалақтап жүріп баламның аяғын бастырып алар едім».

    Осымен ол үнсіз қалды. Біраз күттім де Санливтің бұрын қайда тұрғанын сұрамақ болып едім, ақырын ғана қорылға басты. Бір ауыр міндетін атқарғандай жеңілдеген соң көңілі жайланып ұйықтап кетіпті. Менің тіпті ұйқым келер емес. Сағат алтының кезінде жайлап тұрдым да жүргізушіге хабарласып, маңызды шаруа шыққандықтан жолға шықпайтынымызды айттым. Содан кейін Санливті іздеуге шықтым. Қайда тұратындығын, тым құрығанда жұмыс орнын да білмей тұрып, бұрын беті жүзін көрмеген адамды іздеу деген аңғал да күлкілі көрінуі мүмкін. Алайда, басқа амалым жоқ еді. «Іздеген жетер мұратқа» деген сөз бар. Келіншектің айтуына қарағанда, сырты момақан, іші залым адамға ұқсайды. Ондай адамдардың таныстары өте көп болады. Өзіне қажет болады деп есептейді де ондайлар сенген адамдарымен жақындасып, танысуге мүдделі келеді. Мүмкіндік болса, университетте істейтін, үйінде телефоны бар үй табу керек деп ойлап бара жатып, сонда дәріс беретін бір кластасым есіме түсе кетті.

    Досым Санлив деген атты ести сала оны есіне түсірді:

    — Е, әлгі бір көзі бақырайған кішкентай Санлив қой, қой аузынан шөп алмас Санлив қой, әлгі?

    —  Сол шығар, шамасы. Жалпы ол өзі қандай адам?

    — Момын бала. Өте бір жөн білетін мықты жан. Мен студенттерді шаруашылыққа жұмысқа бастап барғанмын. Ол аспаз болды. Студенттердің көжесін ішіп, солармен бірге тамақтанайын десем, көнбейтін. Бір асым ет пісіріп «ағай, мынаны сізге!» деп әкеліп тұратын.

    Алайда, Санливтің оқу бітіріп кеткенін досым білмейтін болып шықты. Оны менен естігенде таң-тамаша болды: «Қой-ей, мұнда ғана олар бірінші курсқа түскен жоқ па еді?! А, иә! Экономика мамандығы төрт жылдық. Олай болса, бітірген екен. Дәл соның өзі ендеше!».

    — Оны таба алар ма екенмін?

    — Сұрастырсаң табасың.

    Екеуіміз телефон соғып, іздеуге кірістік. Деканы Санливті өзінің туған жеріне жолдама алып кеткен деді. Тағы бір оқытушы қалада екенін айтқанымен дәл қайда жұмыс істейтінін білмейтін болып шықты. Сөйтіп жүріп зорға дегенде бір курстасының телефон нөмірін таптық. Ол Санливтің бір минстрлікке жұмысқа орналасқанын, бірақ, онысы қай министрлік екенін білмейтінін айтты. Барлық министрлік атаулының күзет қызметіне телефон соғып «Сіздерге өткен жазда немесе күзде Санлив деген жұмысқа орналасты ма?» — деп, сұрастырдық. Оншақты жерден «жоқ» деген жауап естіген соң соңғы бірі ғана:

    — Иә, сізге не керек? – деді.

    — Тезарада жолығуым керек еді.

    — Бүгін демалыс қой.

    — Тұрғылықты мекенжайын білсек…

    — Оны білмеймін, — дегенін естігенде бүгін табылудан кетті деп үміт үзе бастаған едім, әлгі күзетші:

    — Иә, айтпақшы, Санливке үнемі телефон шалып шақырта беретін бір нөмірді білуші едім. Кане, тауып алайын, мұнда жазып қойғанмын…

    Қоңырау шалып едім, тұтқаны бір әйел адам көтерді.

    — Сәлеметсіз бе, бұл кім екен?

    —  Сізге кім керек?

    —  Санлив.

    —  Ол жоқ.

    —  Қашан келеді?

    —  Білмеймін.

    —  Негізі осында тұрады ғой?

    — Жоқ.

    — Онда тұратын мекенжайын айтып бересіз бе?

    —  Білмеймін.

    Тұтқаны қоя салды. Қайтадан қоңырау шалдым.

    —  Сіз тұтқаны ұстай тұрыңызшы! Мен жөнімді айтайын. Санливтің ауылынан келіп едім. Ауылдасым ұлардың етін және емдік тосап секілді бірдемелер беріп жіберген болатын. Жұмыстармен жүріп үлгермедім. Ертең қайтпақшымын.

    —  Онда сіз біздің мекенжайды жақсылап жаттап алыңыз! Сосын осында алып келіңіз. Санлив те қазір келіп қалады.

    Осылайша іздеген адамның тұрағын біліп алдым. Енді туп-тура үстінен түсуге болады. Қайтар жолда мен мынаған бас қатырумен болдым. Осы жұрт неге момындардың бәрін жақсы адам деп ойлайды?! Көбісі сондай ойда. Ал, шын мәнінде момақан кейіптегілердің дені «ішінде ит өлгендер» мен «жуастан жуан шығатындардың» нақ өзі болып кездеседі. Оларда туа біткен табиғи дарын болмайды. Ойлары шолақ, өздері олақ болғанымен әлсіздіктерін жақсы біледі. Білгендіктен зорларға иіліп жастық, жайылып төсек бола алады. Олар керек жерінде созыла да, бұға да біледі. Ең кесірлі қарулары да осы, ондай иттердің. Біреудің ақысын жегенді қалай жақсы адам деуге болады? Студенттің өлшеулі тамағынан бөліп-жарып, өзіне жеке тамақ жасап берген шәкіртін білім десе білімі бар, ақыл десе ақылы бар ғалым досымның өзі жөн білетіндікке балап отыр. Санлив оған солай танылған екен.

    Қардың қалыңдығы бір қарысқа ұлғайыпты. Айнала әлем табанның астынан бастап, көз жетер көкжиекке дейін аппақ түске енген. Көңілге дем берер аппақ қарды басып өте шыққан машинаның артында қарайған қос іздің құлаштап жатуы әлгі ақ түстің алдамшы екенін аңғартқандай. Бәйғылма үйде тас түйін киініп күтіп отыр екен.

    —  Неге ұйықтай бермедің?

    —  Бұдан артық қалай ұйықтайын? Тіпті түс ауып кеткен шығар?

    —  Жоға, енді ғана сағат он болды.

    —  Ойбай, ағатай! Мен кетейін.

    —  О не дегенің? Мен шай қояйын.

    —  Рахмет, әуіре болмаңыз! Мен ертерек іздеуімді жалғастырайын.

    —  Бәйғылма! Мен Санливті тауып осылай жіберейін! Кілтті көрші үйге қалдыра саларсыңдар!

    — Түрін де көрмеген адамды сіз қайдан табарсыз.

    — Табуын тапқанмын. Енді барамын да саған жіберемін.

    —  Сіз жолықтыңыз ба? (Ол орнынан атып тұрды)

    —  Жоқ. Тұратын үйін таптым.

    —  Көп балалы үй ме? Ағасының үйі шығар?

    —  Білмеймін. Телефонмен сөйлестім.

    —  Телефонмен дейсіз бе?! Сонда телефоны бар үй болғаны ма? (Даусы қатты шығып кетті. Өңі бір қызарып, бір бозарды. Мен айтқан сөзімді қайтара алмадым)

    — Мен барып саған қоя берейін. Екеуің қысылып-қымтырылмай шай ішіп, тамақ пісіріп жеңдер! (Бәйғылма сәл ойланды да)

    —  Жоқ. Кездесуге ниеті болса ол межелі жерге өзі келуге тиіс. Сіз мені шығарып салыңыз! Мен кетемін.

    Оны жолға салып жібердім. Одан ары ертіп жүрмекке әуреленбей-ақ қойдым. Өзі білсін! Бейшара қызды аясам да оған деген өкпем қара қазандай еді. Бөгде біреудің ісіне араласып нем бар, бір пәлеге ұрынып жүрермін деген ойға келдім.

    Алайда, ол оймен алысқа бармадым. Соқыр келіншекті жолдан ары қарай өткіздім де бұрылып та қарамағаным енді рас. Ал, бірер сағаттан кейін Санливті іздеуге шықтым. Есіктің қоңырауын басып едім, әйел адамның даусы шықты:

    —  Бұл кім?

    —  Менмін.

    — Мен дегенің кім? (атымды айттым)

    —  Не ғып жүрсіз?

    —  Кірейін деп едім.

    Аяқтың сыбдырынан ары қарай кеткенін білдім. Қайтып келер деп күтіп едім, сол күйі жоқ болып кетті. Тапа-тал түсте аты-жөнімді айтып тұрғанда есігін ашпағанына қаным қайнап кетті де қоңырауды одан бетер бажылдаттым. Аяқ сыбдыры жақындап келіп, есік ашылғанымен оны итерсем де шынжырға тіреліп ішке кіре алмадым. Сәл ғана жапсарлап ашылған есіктің ар жағынан егде тартқан ер адамның бір көзі мен біршама қасқайған маңдайдың, шашы жидіп түскен жалтыр бастың жартысы көрінді.

    —  Сіз не үшін кірмексіз?

    —  Санливте шаруам бар.

    Шынжыр шырт етті де есік ашылды. Халықтың ежелгі дәстүрімен амандастым. Сәлемімді алып, кешірім сұрап жатыр. Төменгі қабат болғаннан кейін неше түрлі біреулер мазалап әбден мезі еткенін айтып ақталды.

    Кір деген есіктерінен еніп, отыр деген орнына жайғастым. Өзі келесі бір бөлмеге өте шықты. Бөлменің қақ ортасына шетелдің қымбат әрі былқылдаған жұмсақ кілемі төселіпті. Оң, сол қабырғада қасқыр мен түлкі терілерін іліп қойыпты. Төргі қабырғада мүйізі қарағайдай бұғының басы ілінген, оның астында орта жастан асып кеткен ерлі-зайыпты екеудің үлкен суреті орналастырылған. Төр жақтың сол бұрышында теледидар, оң бұрышында сервант аталатын үлкен бірнеше әйнек қақпалы шкафтар, әйнектің арғы жағында Будда пайғамбардың мыс мүсіні, домбы аталатын көне шәугім, күміс тостаған сынды мәдени мұралар тұр.

    Көзі бақырайған, аласа бойлы Санлив алдымен ашық тұрған есіктің босағасынан сығалап тұрды да менімен көз түйіскенде бір сәт назарын төмен салып аяғындағы табаны қалың тәпшікесімен ақырын басып маған келді. Амандасқан даусы тым әлсіз естілгенімен бетіндегі күлімсіреген кейпі менің көзқарасыма қарай бірде айқындалып, бірде өшкін тартуы соншалық ынжық жігіт емес екендігін байқатқандай. Шынтағының жоғары жағына білек қысқыш тағып, хантазының (монғолдардың ұлттық киімі, жейде. Ауд.) түймесін түгелдей салып алыпты. Екеуіміз жай ғана жөн сұрасып, бір-біріміздің мақсат, мүддемізді білуге тырысып жаттық. Санливтің соңынан келген жуан сары қатын алақандай табақшаға салынған кәмпитті маған ұсынды, біреуін алып едім, қалғанын жинап алды. Онсыз да жылтырап тұрған заттарын сүрткіштеген болып әлгі қатынның айналсоқтап жүргені еріккеннен емес сөз тыңдауға құмартқандықтан болса керек. Мен Санливке:

    — Менімен уақытша шығып келесің бе? – десем, ол:

    — Біреуді күтіп отырған едім – деп, қояды.

    —  Жерлесіңді күткен болсаң, ол менмін.

    —  Ал, әлгі нәрселеріңізді әкелдіңіз бе?

    —  Жоқ, жігітім! Сенімен кездесуге ынтызар болдым да мекенжайыңды білу үшін өтірік айтқан едім. Кешіргейсің!

    Семіз сары қатын жалт қарады. Танауы қусырылып, кеудесі көтеріліп, көздері шатынап шыға келді. Санливтің де өңі қуқыл тартып, екі қолы жансызданып кеткендей салбырай қалды. Онысы ұлардың еті мен емдік тосап келеді деп босқа қуанғанына өкінгендігі ме, әлде, менің әдейілеп кездеспек болуымның сырын сезгені ме белгісіз. Сол мезетте оны айыра алмадым.

    Барымша қаһарлы үнмен «Бәйғылма жайында сөйлесуім керек, жігітім!» дедім де, «Осында ма, әлде шығамыз ба?» дегенді сыбырлап айттым. Санливтің соншама абыржитынын білмеппін. Екі көзі шарасынан шығып кете жаздады. Орнынан бір шоршып түсті де аузы ашылып, тұтығып қалды. Жүзінде толқын ойнағандай күлімсіреген әлгі кейпі ізім ғайым жоғалып, мелшиді де қалды. Орнынан тұрғаны шығуға келіскенін білдірсе керек. Күтпеген жерден жуан сары қатын:

    —  Ұрына (қызының аты. Ауд.) қазір келе жатыр. Екеуіңнің әлгі циркке бармақ болғандарың қайда? Санлив созылып барып қайта апшыған резеңкеше былқ етті де:

    — Цирк алтыда ғой, мама!

    —  Қойсаңдаршы, өзі Санлив! Сендердің еркеліктеріңді көтерер жайым жоқ. Енді кешке тағы сендерге мен тамақ дайындап отыруым керек пе?

    Санлив құлақ шекеден соққы тигендей сенделіп біраз тұрып қалды да құтқаруымды жалынып сұрағандай маған қарады. Оның жылмағай түрін көріп осы үйге күшік күйеу болып кіріп алғанын сезгендей болдым. Жиіркеніш пен жек көрушілік тұла бойымды жаулап, осындай хайуанға арын таптатып, тәнін былғатқан дала гүліндей әсем ару Бәйғылмаға ренжідім. Ал, енді әлгі Ұрына дегені қандай ару екен? Бәйғылма сияқты тағы бір көз тоймастың бірі шығар? Мен шығуға асықтым, қоштаспастан кірген босағадан үнсіз аттап кете бердім. Бәйғылма енді онымен кездесуге тиіс емес.

    Күн еңкейген. Соқыр аруды тауып оған шындықты жеткізу керек. Саябаққа барсам, сол әлгі орындықта отыр. Түріне қарасам, әбден жаураған, тұла бойымен дір-дір етеді. Мен қарсы алдына бардым да:

    — Бәйғылма! Енді мұнда отырудың еш мәні жоқ. Кеттік! (Үндемегеніне қарағанда мені таныған секілді).

    —  Ал, тұр орныңнан! Не болғанын жол-жөнекей айтамын.

    —  Сіз онымен кездестіңіз бе?

    —  Иә, кездестім.

    —  Ол қашан келеді?

    —  Ешқашан келмейді. Келмегені де дұрыс шығар. Ол біреудікіне күшік күйеу болып кіріп алған.

    —  Сіз көрдіңіз бе?

    —  Сол үйде болдым. Бәйғылма жайында сөйлесейік, шығайық деп едім, Ұрына екеуіңнің циркке баратындарың қайда? — деп енесі бұлқан-болып ашуланды.

    —  Ашуланғанда тағы не деп жатыр?

    —  Сендердің тамақтарыңды дайындап оытра алмаймын дейді.

    —  Сонда Санлив не деді?

    — Көзі алақ-жұлақ етіп, тұтығып тіпті тізерлей жаздады.

    —  Сіз менің оны күтіп осында сарылып отырғанымды айттыңыз ба, жоқ па?

    —  Жоқ.

    —  Неге?

    —  Онымен жолыққанша тіпті көрмегенің артық деп ойладым. (Бәйғылманың көзі жасқа толды)

    —  Сіз мені білмейсіз, Санливті білмейсіз, екеуіміздің бір-бірімізді қалай сүйгенімізді де білмейсіз. Сөйте тұра осылай ойлауға қандай қақыңыз бар?

    —  Бәйғылма! Санлив сенің ес білгелі құлай сүйген алғашқы адамың шығар. Ұмыта алмайтын жөнің де бар. Алайда, алғашқы махаббат біткеннің бәрі соқыр болуы керек пе? Жақсылап ойлан! Санлив нашар адам. Тұр, кетейік!

    —  Сіз мені тағы қайда апармақсыз?

    —  Үйге алып барамын.

    Осы сөзім оны жайсыз ойға жетелегендей болды, беті тыржың ете қалды. Сөйтті де тіпті көңіл қалдырарлықтай сөз айтқанын қайтерсің.

    —  Сіздің үйге қайта бармаймын. Сіздің сөзіңізге сенбеймін де. Сіздің әйелім, балаларым бар дегеніңіз де жалған. Мен секілді кемтар біреусіз. Олай болмаған күннің өзінде адам бетіне қарағысыз түріңіз жаман адамсыз. Егер олай болмаса, не үшін менің соңымнан салпақтап жүрсіз. Әлде, менен алғыс алғыңыз келе ме? Онда айтайын. Үйіңізден шыққанда көңілімде түйген рахметімді енді сөзбен ақтарайын. Иә, сізге ризамын. Ал, енді соқыр әйелді жайына қалдырыңыз! Егер осыны орындасаңыз мен сізге тағы да алғыс жаудыртуға дайынмын.

    Мен екіұдай күйде қалдым. Кеткім келді, бірақ, қалуды тағы қалаймын. Екі жағымнан екі дауыс қатар сыбырлайды. Оның бірі «Жасаған жақсылығыңның жауабы осы ма? Пенделер осындай арам ойлы келеді» десе, келесі дауыс: «байғұс қайтсін енді, саған сенбегендіктен емес, ақырғы үмітінің нәзік жібін үзгісі келмегені ғой. Сен оны сол баянсыз үмітінен айырып, құтқар!» дейді.

    —  Жарайды, солай ойласаң онда мен сені Санливтің үйіне апарып есігінен енгізіп жіберейін. (Ол орнынан қозғалмады) Онда телефоны бар бір жерге жеткізіп тастайын. Сосын өзің сөйлес, мінеки! – деп, телефон нөмірі жазылған тілдей қағазды қолғап киген қолына ұстата салғанмын.

    Алайда, ол қолын жұлқып тартып қалғанда әлгі қағаз желге ұшып кетті. Екі беті қуқыл тартып, терең демала ентігіп тұр. Үсініп кетіп жүрер дегенді ойлағанда жаным мұрнымның ұшына келеді.

    —  Осылай отырып қол-аяғыңды үсітіп алсаң өзіңе обал емес пе? Жүр, кәне, такси ұстап үйіңе жеткізіп тастайын – дегенімде, оның жүзінде екі ұдай күй байқалды. Осы сәтті пайдаланып қалуға тырыстым:

    —  Кешікпей дүние есігін ашатын сәбиіңді ойласаңшы!

    —  Ойлағандықтан осында отырмын ғой.

    — Санлив ешқашан келмейді!

    —  Оны сіз білмейсіз. Біз екеуіміз біріміз өліп қалған күннің өзінде екіншіміз осы орындықта отырып бақыт пен ләззатқа толы алғашқы түнімізді еске алуға ант-су ішіскен адамдармыз.

    —  Олай болса, дәл қазір ол қайын жұртының ас үйінде тамақ әзірлеп жатыр. Сағат алтыда цирк көруге кетеді. Одан келген соң Ұрына аруымен төсек рахатына бататындықтан Санливтің осында келуіге еш мұршасы болмайды.

    Байғылма бірдеме айтпаққа оқталды да, өксіп-өксіп жылап жіберді. Мұнысын мен оның жеңілісіне баладым да қолтығынан демеп орнынан тұрғызбақ болдым. Ол менің қолымды қағып жіберді де суықтан қалтырап тоңып отырған нәзік келіншектің қай жерінен шықты дерліктей зор дауыспен:

    —  Тезірек қасымнан кетіңіз, әйтпесе, айқайлаймын! Сен өзі аузы-мұрнынан шыққан екі қабат әйелді төңіректеуден ұялмайтын не деген сұмырай едің?!

    Осыны айтқанда оның айдай сұлу жүзі сұрланып, беті қисалаңдап кетті.

    Мен екі өкпемді қолыма алып, циркке жеттім де айналаға барынша көз тіктім. Сонда да Санливті байқамай өткізіп алған сияқтымын, ойын басталып кетті. Алайда, олардың цирк көретіні жалған болуы да мүмкін деген оймен үйлеріне қарай зыттым. Жартылай ашылған есіктен сығалып тұрып сөйлесу, баяғы сол сұрақ, сол жауап. Санлив жоқ дейді. Қайда екенін сұрап үлгермей жатқанда-ақ есік сарт етіліп жабылады. Қоңырауды әдеттегіден де ұзақ басып тұрып аламын.

    —  Саған не керек, өзі?

    —  Санливтің қайда кеткенін білуім қажет.

    —  Циркке кеткен.

    —  Тек шын болсын. Тағы да келемін.

    —  Ертең жұмысына барып сөйлесіңіз. Біз түнде есік ашпаймыз.

    —  Ашқаныңша пергілесем ше?

    —  Азаматтардың тыныштығын бұзғаныңыз үшін сақшыларды шақырамын!

    —  Көреміз, оңбаған алаяқтар!

    Менің сөзімнен шошыды ма, әйтеуір, есіктен ары кетіп қалды. Мен күтумен болдым.

    Кешкі сағат тоғызға таяғанда Санлив пен Ұрына келіп жетті… Мен кірер есікке кесе көлделең тұрып қарсы алдым. Санлив алғашқыда аузы ашылып, абыржып қалса да дереу маған қол берген сәтінде өтірік күлімсірей қалды. Ұрына негізі шешесінің жалпақ беті мен ірі денесінің айнымаған көшірмесі екен. Бірақ, анасы секілді сары емес, беті қызғылт көрінді. Талдырмаш нәзік Санливтің қасында оған жабысып тұрғанын көрсең жас бұқашықты иектеген қодастың жуан сауын сиырын елестетеді екен. Бір үйдің маңдайына біткен жалғыз қызы болса керек. Мен Санливтің қолын қатты қыса түстім:

    —  Сені ертіп кету үшін күтіп тұрмын!

    —  Істеп бітіруге тиіс жұмыстарым бар еді.

    —  Сен мені ерігіп жүр дейсің бе?

    —  Екеуміз ертең жолығайық.

    —  Болмайды. Жарайды, жүргің келмесе бұйымтайымды мына жақындарыңның қасында айта берейін. Ал, сосын бәрібір менімен бірге жүретін боласың!

    Осы кезде есік ашылып семіз сары қатын жылтыңдап көрінді. «Не болды?» деп қайта-қайта сұрап болмаған соң Санлив мұрнының астынан міңгірлеп «Мен мына кісімен бір жаққа барып келейін» дегені сол-ақ екен, қызы мен шешесі екі тұстан тізгін, шылбырсыз ойбайға басты. Олардың айтқандарының жиынтығы «Сені біз мына жеті қараңғы түнде қайдағы бір бұзақыға ертіп жібере алмаймыз» дегенге келіп саятын еді.

    Бір қарасам, жан-жақтағы есік атаулының бәрі ашылып, одан шыққан жұрт бізді қоршап алыпты. Бәрінен де әйелдер қауымының даусы ерекше қатты шығып жатты. Санливтің енесі айналадағы көрермендерге былай деді:

    —  Уа, жарандар! Андағы адамды ешқайда жібермеңдер! Бүгін күні бойы мазамызды алғаны аздай енді мына бір қой аузынан шөп алмас момын баланы көшеге алып шыққалы жатыр. Адам бауыздаудан да тайынбайтын жендет екені көрініп тұр. Қане, шал тезірек милиция шақыр!

    Денелері ірі, бұлшық еттері білеудей екі жігіт шығар есікті бөгеп тұр екен. Қылмыс жасаған жоқпын, сақшыдан қорқатын жайым жоқ. Алайда, осылай шулатып жүргенде әлгі соқыр келіншектің жайы не болмақ дегенді ойласам тұла бойым тік тұрады.

    —  Милицияңды шақыра бер! Бірақ, текке уақыт жіберіп алып, ана жақта екі бірдей адамды жазым етсеңдер ертеңгі күні барлығың заң алдында жауап беретін боласыңдар!

    Менің сөзімді естіген соң бәрі жан-жақтан «Не болды, айтсаңшы!» деп шулап қоя берді. Сол сәтте әлгі жуан сары қатын шықты:

    —  А, солай ма?! Сен жасаған қылмысыңа өз жайында жатқан бейуаз жас жігітті араластырмақ екенсің ғой, ә! Қарай гөр, мұны!

    —  Әй, Санлив! Мынаның не тантып тұрғанын ұғып тұрсың ба?

    —  Жоқ. Мен бұл кісіні бүгін ғана көрдім ғой, — деп, өлімсіреген даусын естігенде мен шыдай алмай оны алқымынан ала кеп түстім:

    —  Бәйғылма жайында сөйлесеміз деп мен саған айтқаным қайда? Біреудің еліктей аяулы, тау гүліндей пәк, кіршіксіз таза қызын алдап, оны екі қабат еткеніңмен қоймай қос жанарынан айырып кемтар қылғаныңды сен қалай білмей қалдың?! – деп, итеріп қалып едім, анандай жерге барып шалқасынан түсті.

    Осы сәтте әлгі Ұрына деген қызы «Мама!» деп бар даусымен дәлізді басына көтере ойбайлап семіз сары қатынды бас салған. У- шу, азан-қазан болған қызықты тамашалауға

    барлық қабаттағы пәтерлерден шыққан адамдар кіреберіске сыймай кеткен. Дүрбелең қызып жатқанда милиция келді. Екі сақшы мені ортаға алып шығуға бет алғанбыз. Бағанадан бері беталды ойбайлап шешесіне жабысқан қызын ысырып тастаған семіз сары кенет жүгіріп келіп сақшылардың бірінің білегінен шап берді де бір бұрышта тығылып, бақырайып тұрған Санливті нұсқап:

    — Ана немені де бірге ала кетіңдер! Атыма кір келтірген оңбаған иттің баласын! – деп, кеңірдегі жыртылғанша барқырады.

    Сақшы Санливке бірге жүруді бұйырды. Машинаға отырғаннан кейін де көп шудың арасынан семіз сарының даусы анық естіліп жатты. Одан менің ұққаным: «заңды некеге тұрған емес…онда тұрған не бар…қайыршы немені… енді қайтып табалдырықтан аттатпаспын». Машина асқан жылдамдықпен бірде оңға, бірде солға бұрылғанда мен бағытымнан адасып қалғандай болдым. Терезе жаққа бұрылып қарап едім, әлгі саябақтың бұрышы көрінді. Анықтап қарасам, онда жедел жәрдем көлігі тұр. Бақтың қоршауына тақап тұрып алыпты. Машинаның жарығы түскенде екі адамның носилька көтеріп жалма жан жүгіріп бара жатқаны көрінді. «Қане, тоқташы!» деп айғай салып, орнымнан атып тұрыппын. Қасымдағы сақшы «Үндемей тыныш отыр!» деп басып отырғызды. Бұл сәтте мен өз ұсынысымды өзгеге сөзбен жеткізу, олардан жауап күту бостандығымнан ажырап қалғанымды сездім.

    Бұрылып Санливке қарадым. Зор денелі сақшының бір бүйіріне тығылып құрысып отыр. Сақшылар кеңсесіне кіргенде қандай кейіпке енетіндігін елестетіп көрдім. Қараңғыда екі көзі көрінбесе де маған сезіліп тұрды. Заңның көзі қырағы әрі өткір болғанымен оның қызметкерлері пенделер ғой. Қандай пенде заңның атынан онымен сөйлеседі? Мәселенің мәні осында. Оның бетіне жамап алған көн терісін тесіп көре алатын көреген адам кездессе болғаны. Немесе… бәрі менің көрсетіліміме … Жо-жоқ! Бұл жерде мен жәбірленуші емеспін ғой. Сондықтан Бәйғылманы тыңдайды. Санливтің тағдырын шешуге келгенде сенің не дейтініңді білемін. Әй, Бәйғылма жан-ай! Мағынасыз махаббаттың шіріген жібін үзіп лақтыруға сенің ерік күшің жетер ме екен. Адамгершіліктен жұрдай пенденің пасық ойы мен сасық санасынан туған айласын танитын рухани көз саған бұйырмапты. Бәрінен осың өкінішті. Мен енді сенің ізіңе түспейін, тек осы ойым санаңа жетсе болғаны да. Ал, осы сәтте сен қандай жағдайға душар болдың, жаным менің? Жедел жәрдемді кім, неге әкелді? Носилькаға кімді салып, қайда апарды? Саған бір жамандық болған жоқ па?

    Соңымыздан өкшелеп жеткен машинаның жарығы Санливтің дақсыз аппақ жылмағай бола тұра ақымақ кейіптегі бетіне түсті. Осы мелшиген бет бірер сәттен кейін заң алдында жауап бергенде оған дем беретін ең сенімді қаруы еді. Осы жылмағай бет иесін құтқаруы да немесе ұстап беруі де мүмкін. Алайда, санливтер жүре береді, мінсіз кейіптегі мелшиген қаруын талай игі ниеттілерге қарсы қолданар, өз ұпайын түгендер. Себебі, ондайлардың тірлігі қанша жерден көңілсіз болса да қатардан қалмайды. Олар өлген күні ғана айнала сәл тазаруы мүмкін. Бірақ, біз онымен көңілімізді демдей алмаймыз. Жоқ! Санливтің бетіндегі жарық ұзақ тұрған сайын менің көңіліме Бәйғылманың нұр сәулелі жүзі орала берді. Осы сәуле … өзі не? — деген қорқыныш тұла бойымды билеп, көкірегіме өксік тығыла берді.

    Бір сәтте машина жол қиылысынан шұғыл бұырылып қалды. Санлив сырғып келіп менің үстімнен басып қалған. Сол сәтте ол менің құлағыма «Ер жігітпіз ғой, тіл табысайық. Бір-бірімізді сатпайық» деп сыбырлап үлгерді! Менің миыма отты оқ қадалып, іші бауырымның астаң-кестеңі шыққандай болды. Екі қолыммен тамақтан ала кеп түсіп қыса бастадым. Аюдай күшті қол мені көтеріп Санливтен алыстатты да шынтақтап кеудемді басып алды. «Бәйғылма!» деп шақырғым келді. Дауыс шығу тұрмақ дем алудан да қалдым. «Не деген ызақор жігіт десеңші… ашуға булығып жылап жіберді» деген дауыс естілді…


    Аударған:

    Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Тұлға (әңгіме)

    Сами Пашазаде СЕЗАИ (1860-1936) 1860 жылы Ыстамбұлда туған. Атақты “Сергүзешт” (Шытырманды оқиға) романының авторы. 1880 ...