• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Әдебиет » Өмірдің өзі шығарма I- Бөлім

    Өмірдің өзі шығарма I- Бөлім

     Жагдалын ЛХАГВА  1942  жылы 


    Монғолияның Дорноговь аймағының Хөвсгөл елді мекенінде туған. 1966 жылы Киевте политехника институтын, 1987 жылы Мәскеуде Әдебиет институтын бітірген. 1960 жылдан әдебиетпен айналысты. 1991 жылы Монғолия жазушылар одағының сыйлығын алды. Орталық газеттерде әдебиет, өнер бөлімдерін жауаптанды. Орыс және испан тілдерінен аударған бірнеше кітабы жарыққа шыққан. Оның ішінде қазақ ақыны Олжас Сүйлейменовтің өлеңдері болды. Көптеген кино туындылардың, телекино және телепьесалардың авторы.

    ОҚУҒА БАРАТЫН ЖОЛ

    Мәскеудегі М. Горький атындағы әдебиет институтының екінші атауы – жазушылар мектебі. Айтса, айтқандай-ақ. Студенттер жатақханасы Добролюбов көшесінде. Сабаққа бару үшін Руставел көшесінен көлікке мінесің, Чехов көшесімен өрлеп, Пушкин алаңынан түсесің. Одан Горький көшесін қиып, Некрасов кітпаханасының алдынан өтесің. Сонымен Герценнің бойындағы институтқа жетесің. Осындай жолдармен бес жыл бойы жүрген адам жазушы болып шықпаса, өз обалы өзіне.

    БҰЛАҚТЫҢ МИЫ

    Ясная Полянадағы Толстойдың кабіріне баратын болдық. Биік өскен емен ағаштарының арасындағы бұралаң жолмен өрлеп келеміз, өрлеп келеміз. Жол созылған сайын ой да тереңдей түсетін сияқты. Ваганков, Лечиковтердің қабірінің басындағы еңселі ескірткіштер мен мүсіндер еске түскенде мен Толстойдікін ірі қамал мен толықтай бір кешен болатын шығар деп елестетумен болдым. Жетіп барған сәтте өз көзіме зорға сендім. Бар

    болғаны, бізде бұлақтың миы аталатын бір шөкім құмды елестетін үйілген топырақ қана болып шықты. Енді ми болса болғандай-ақ көрінді. Өткені, үлкен бір сайдың тас төбесінде орналасқан. Төменде тау бұлағы сарқырап ағып, еңсесін тіктеген тәкапар емен ағаштарының өзі қабірді үлкен бастарымен сүзе орналасқан.

    Қабірдің сыртқы көрінісінің өзі қатпарланған мидың бейнесіндей әжімделгені – шынымен де тапқыр ойдың туындысындай. Нобель сыйлығының өзінен ызалана бас тартқанын ойлағанда Толстой дегеннің өзі-ақ, ескерткіш, мүсін, атақ-даңқ атаулының бәрінен де биік ұлы тұлға екен ғой.

     ТОЛСТОЙДАН ҰЯЛУ

    Воровский көшесіндегі кеңестік жазушылар одағының ауласында Лев Толстойдың отырған кейпін бейнелеген тас мүсіні бар. Мұстай Кәрім екеуіміз әңгімелесіп тұрмыз. Мұстай аға әңгіме тақырыбын өзге арнаға бұрды:

    — Сендер осы Шыңғыс хандарың туралы неге жазбайсыңдар?

    Күтпеген сұраққа не дерімді білмей басында сасып қалдым да анау-мынау деуден тағы ұялып, ақыры қалжыңға бұрғым келді де:

    Жазған қаламгерлердің бәрі өліп қала береді. Калашников, Есенберлин, Чивилихин, Абашизе, Ян… бәрі жоқ қой, бүгінде – деп едім, Мұстай Кәрім маған көз аларта бір қарады да, ауыр күрсініп:

    Негізі, жазбай жүріп өлгенше, жазып барып о дүниелік болғанға не жетсін! – деді.

    Айтарға уәж таппаған мен де терең дем алып, төмен қарадым.

    ТҮНДЕ ДЕ БАТПАЙТЫН КҮН

    Дархан қаласында өткен монғол-совет жазушыларының кездесуінде Егор Исаев келіп қатысқан. Ол кісі Да ұстазға (академик, ұлы жазушы Ц.Дамдинсүрэн) мынандай баға берген еді:

    Бұл кісі түнде жанған от. Өзі өртеніп, жанып таусылады, ал, өзгеге жарық сыйлап кетеді. Әдебиетте түн болса да батпайтын осындай жарық сәулелі күн болады. Дәл соның өзі екен.

    НАМДАГ АҒАНЫҢ ТЕОРИЯСЫ

    Жетпісінші жылдары жазушы Д.Намдагтың бастамасымен ашылған драматургтер даярлайтын курсінде оқитынбыз. Намдаг-ғуай арнайы теориялық сабақтар өткізбейді, көбінесе өзі жазған пьесалардың аясында әңгіме өрбітеді. Жастық шақтың желігі ме екен, әлде, азын-аулақ бірдемелер оқығаныма мәзбін бе, кейде «жарытып айтары шамалы екен» дегендей ойдың жетегінде кетіп те жүрдім.

    Бірде жігіттер ол кісіден Станиславский мен Мейерхольд екеуінің драматургияда ұстанатын қағидаларының айырмашылығын айтып беруді сұрады. Намдаг-ғуай қар басқан тау шыңындай ақ басын көтеріп:

    Иә, саған қалай түсіндірсем екен? – деп, сәл ойланды да бүркіттікіндей қос жанарын қадап тұрып былай деді:

    Соқыр қызды бір әскер зорлап кетіпті. Станиславский мұны қалай көрсетер еді десек, барлық сарбазды сапқа тұрғызады да соқыр қызды жібереді. Қыз басынан бастап сипалап отырып, дәл зорлаған әскерге келіп «мынау!» деп айғай салады. Ал, Мейерхольдқа келсек, соқыр қыз зорлаған әскерді «танымай» өтіп кетеді. Көрермен қауым «қап» десіп, мазасыздана бастағанда соқыр қыз қайтадан сипалап жүріп, ақыры зорлаған сарбазды табады. Айырмасы көрініп тұр ма?

    Осылай деп қулана жымиғанда шеке тамыры қобыздың қос ішегіндей тартыла айқын көрініп, тілінің ұшында қызыл темекі жапырағының кішкентай сынығы жылтыңдап тұратын еді.


    Моңғол тілінен тәржімалаған Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ 

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Момақан жігіттің ізімен

    Еуропа мәдениетіне сіңірген елеулі еңбегі үшін өнер адамдарына берілетін Треббиа сыйлығының иегері, әлемге танымал қаламгер ...