• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Әдебиет » Форманың порымы бөлек

    Форманың порымы бөлек

    Кандемир КОНДУК

    1945 жылы Ыстамбұлда туған. Едирне лицейін тәмамдаған соң жастайынан есеп-қисап, тоқыма, сауда-саттық, театр сынды салаларда жұмыс істеген. Шығармашылығын сатиралық әңгімелер жазудан бастаған. Көптеген комедиялық пьесалары театрларда сахналанған. “Махаббат өзгерді”, “Күлгін кезең оқиғалары”, “Жергілікті кино, поэтикалық сценарий”, “Форманың орны бөлек”, “Комедиялық мұң”, “Атақтының комедиялық күндері”, “Келдім, көрдім, көп күлдім”, “Сіздің арқаңызда”, “Артиз мектебі”, “Әйелдер тек қана күлу керек”, “Демалыс орны секілді шығармалары бар.

    Полицияның жас қызметкерлері тәтті тоқаштан талмап қойып, қоңыр костюм-шалбар, қара туфли киіп келген, егде тартқан ақ шашты кісімен сөйлесіп отыр.

    – Енді зейнеттің қызығын көретін болдыңыз…

    – Сіздің жолыңызды бізге де берсін, Рыдван аға…

    – Зейнетке шықтым деп, бізді ұмытып жүрмеңіз, Рыдван бей…

    Рыдван Балкан сыптиған форма киген достарымен қоштасып, үйіне қарай бет алды. Мазасыз еді. Өйткені көше бойлап келе жатқандардан ешқандай айырмашылығы қалмаған. Қоңыр костюмді көптің бірі еді…

    Зейнеткерлікке еті үйрене алмады. Әрі жай ғана азамат әрі зейнеткер болу қиынның қиыны еді. Рыдван Балкан бұл қиындыққа бір апта ғана төзе білді. Бір аптадан кейін тәтті тоқаш сатып алып, ұзақ жылдар бойы қызмет еткен полиция бөлімшесіне барды.

    Бұрынғы әріптестері Рыдван ағаларын құшақ жая қарсы алды. Тіпті полиция қызметкерлерінің бірі соққыға жыққан күдіктіні тастап сап, ағасының мойнына асылып сәлем берді. Қуаныштары қойнына сыймай, тәтті тоқаштан дәм татып, өткен күндерін еске алып отырды. Түрік кофесін ішіп, шүйіркелесіп отырғанда, Рыдванның көзі аға офицердің алдына жиналып қалған құжаттарға түсті.

    – Мына іс мұқабасындағы құжаттар жабылған ба?

    – Жабылған, Рыдван аға. Ертең орталыққа жібереміз…

    – Жо-жоқ, оны қайтесің, – деді Рыдван. – Өздері келіп әкетуші еді ғой… Негізі орталықтан келген қағаздарды сақтау керек…

    Жас офицер ләм-мим демеді. “Ағашым-ау! Сен солай істеген шығарсың, менің жөнім бөлек,” – деп ойлады да күлімсірей қарап: “Дұрыс айтасыз, аға!” – деді.

    Рыдван кофесін ішіп болған соң, осы жолы дәлізде қабырғада ілінген өрт сөндіргіштер мен шелектерге назар аударды. Әуелі қалжындағандай болды да, дауысын көтеріп:

    – Мынауың не! Бұны қалай түсінуге болады? Шелекті бүйтіп іле ме екен? Мен кіреберіс жаққа жақсылап ілгізіп едім ғой, – демесі бар ма.

    Кіреберістегі кезекші жігіт:

    – Кіріп шығатын кісі көп болған соң алып тастағанбыз… Мен ғой ауыстырып қойған… – деді.

    – Сенің есің ауысып жүр ғой, ә! – деді ашуын әрең тежеген Рыдван. Содан соң ашуланғаны байқалмасын деп, бірден ахахалап күле бастады… Дәл сол сәтте жас полиция қызметкерлері бір кісіні екі қолын бұрап бөлімшеге алып келді. Сөйтсе бұл кісі бөтен біреудің терезесінен үйдің ішіне үңіліп тұрғанда ұсталған екен. Оны естіген Рыдван бұлқан-талқан болып, айқайды салды кеп:

    – Ей, пәле неме! Бөтен біреудің үйінде не жұмысың бар, а!

    Ұсталған адам таңғалды. Аға офицер тұрғанда, жай ғана киініп, дауыс көтеретіндей кім екен бұл?..

    Шынтуайтында, одан да бұрын аға офицердің өзі таңырқап, дыбыссыз қалды. Рыдван ағасы зейнеткерлікке шыққан кісі ғой. Бөлімшенің жұмысына араласатындай жөні бар ма?.. Бір пакет тәтті тоқаш әкелдім деп, ел-жұртты өзіме қаратып алдым дей ме?.. Зейнет демалысына шықты ма, араласпау керек еді ғой… Аға офицер ойланып отырғанда, Рыдван қайтадан гүж етті:

    – Шатағың қанша!

    – Түсінбедім, – деді аға офицер.

    – Жо-жоқ, сізге емес… мына оңбағанға айтып отырмын, – деп тағы айқай салды: “Маньяксың ба, ұрысың ба, бейбастақ біреусің бе, кімсің сен?! Ол үйде не жұмысың бар еді?”

    Сол күні бөлімшедегі офицерлер Рыдванды ренжітпеу үшін ешқайсысы тіс жармады. Жай ғана күліп қойып, “қайтесіз” дегендей қолдарын самарқау сілтеп қойып ары-бері өтіп жүрді… Әсілі, Рыдванды барлығы жақсы көретін, сондықтан анау-мынау сөзіне ешкім мән бермеді.

    Алайда, Рыдван зейнетке шыққаннан кейін қатты өзгерді. Бұдан бұрын атқарған жұмысын ұмыттырып, өзіне құрметпен қараған кісілерден алыстағысы келгендей еді.

    Бір аптадан кейін бөлімшеге келген Рыдванның қолы тағы бос емес еді. Бірақ бұл жолы қолындағысы тәтті тоқаш емес, үсті-басы алқам-салқам біреуді қолынан бұрап әкеліпті.

    – Қыздарға қырын қарайды, сұлуларға сұстана тесіледі. Мен мұндайларды жақсы білемін, қазірден алдын алмасақ түбі бір қастандық жасайды!.. Тексеріп көріңдер, кім екен бұл, қайдан келді, не істеп жүр!..

    Екі полиция қызметкері әлгі сұстанып қараған кісіні ішкі бөлмеге алып кетті. Кезекші бөлмеде отырғандар түрегеліп, “Амансыз ба, Рыдван аға!” деп сәлем берді. Рыдванның даусын естіген аға офицер жай ғана аман-саулық сұрасумен шектелді. Әйтпегенде, Рыдван: “Ооо! Рыдван аға, зейнетте жүрсеңіз де жұмысыңызды ұмытпаған екенсіз ғой,” – деген жан-жақтан мақтау естимін деп ойлаған-ды.

    Үш күннен кейін түскі уақыт кезінде бөлімшенің сыртында тағы Рыдванның ащы айқайы естілді:

    – Ішке кір, боқмұрын! Қазір мен сенің көзіңе көк шыбын үймелетемін!..

    Шай ішіп отырған офицерлер орындарынан ұшып түрегелді. Рыдван өзінен екі есе үлкен, алпамсадай жігітті ішке қарай әрең итеріп тұрды. Аға офицер жақындай беріп:

    – Рыдван аға, жайшылық па?! – деп сұрады.

    – Мынау күшікті базарда ұстап алдым…

    – Ұстап алдым дейсіз бе?

    – Иә, көпшіліктің ішінде жүрген. Анау-мынау зат алғандарға тесіліп қарайды. Тексеріп көріңдер, бұл не ұры, не болмаса, бала аңдыған маньяк болуы мүмкін…

    Алпамсадай жігіт:

    – Мен ақжелек іздеп жүргем. Дұрыстауын табайын деп, жан-жағыма қарап тұр едім, мынау кісі қолымды бұрап, елдің көзінше балағаттап, сүйреп әкелді. Есі дұрыс па өзінің, – деп айқайлап жіберді.

    Рыдван одан бетер даусын көтеріп ұрысты:

    – Жап ауызыңды!.. Мен сендей есалаңдарды жақсы білемін!.. Сенің іздегенің басқа, өтірік пе?!

    Содан кейін форма киген достарына қарап:

    – Неғып тұрсыңдар! Тексермейсіңдер ме!

    Полиция қызметкерлері бір-біріне қарасып қалды. Бұл аздай, ертесі күні кешкісін қас қарайған шақта күтпеген жағдай болды.

    Рыдван ұзын бойлы, сары шашты келіншекпен айтысып-тартысып жүріп, бөлімшеге кірді.

    – Бұларды түп-тамырымен жою керек… Қараңдар, әйелдің киімін киіп алып, анау дүкеннің алдында клиенттерін күтіп тұрған жерінен ұстап алдым!..

    Сары келіншек жыламсырап:

    – Мен мына алжыған шалды сотқа беремін… Маған ер адамсың дейді. Мен екі баланың анасымын. Театрға бару үшін анау дүкеннің алдында күйеуімді күтіп тұрғам… – деді.

    Полиция қызметкерлері сары келіншекті арыз жазба деп әрең көндірді. Өткендегі алпамсадай жігіт те сотқа беремін деп еді, оны да әрең көндіріп жіберген. Алайда, Рыдванның үш күннен кейін ұстап әкеліп:

    – Түнгі уақытта қолында бояуымен жүр… Дуалға жазу жазатындар осылар… Таза анархист!.. – деп кінә таққан қаратеңіздік кісіден құтылу оңай болмады.

    – Мына шалды сотқа беремін! Мені бәрі таниды. Жиырма бес жыл бойы құрылыста бояушы боп қызмет істеймін. Жұмыстан келе жатқанмын. Мені ұстап алды. Сотқа беремін қызыл көз пәлені! – деп шырылдады.

    Офицерлер шай демдеп беріп, темекі тартқызып көнілін ауламақшы еді, оған көнбеді. Содан жан-жақтан тепкілеп, ұрып-соғып, әбден қорқытып болған соң, тағы шай ішкізіп, әңгіме айтып, ашуын әрең басты… Полицияның өзінің қол-аяғы қалтырап қалды. Ақыр-аяғы аға офицердің шыдамы таусылды.

    – Бері қараңыз, Рыдван аға! – деп бастады. – Сіз зейнеттесіз. Зейнеттің бейнетін көргенше қызығын көрмейсіз бе! Бұрын жақсы жұмыс істедіңіз. Сөз

    жоқ. Бірақ енді біздің жұмысымызға араласпаңыз… Бұдан кейін сіз демалыңыз, біз жұмыс істейміз, жарай ма?

    Рыдван үндемей қалды. Содан ақырын ғана түрегеліп:

    – БІлемін, – деді. – Зейнеткер екенімді өзім де білем. Бірақ мынау форма бар емес пе, сенің киген формаң, сол ғой…

    – Формаға не болды, көкем-ау?

    – Шіркін… – деді Рыдван. – Басқа түспесе қайдан білесің! Ондаған жыл киіп жүріп, бір-ақ күнде шешіп тастаудың не екенін білсең ғой… Формасыз жүру сұмдық қой, сұмдық!

    Қоңыр костюмінің жағасынан ұстап:

    – Мына киіммен жалаңаш жүргендеймін. Жай азаматтық формамен жүре алмаймын, – деді Рыдван. – Әлі күнге дейін полиция формасымен жүрген сияқтымын. Зейнеткер екенімді ұмытып, ары-бері өткенде жай ғана жүрсем мейлі ғой, тексеріп, бақылап, аңдып, індетіп жүремін… Еріксізден-еріксіз полиция қызметкері болып, ұстаймын, қол бұраймын, сес көрсетем… Шамамнан тыс…

    Көзін төмен тастап, үнсіз қалған Рыдванға бұрынғы әріптестері жаппай қарап қалды, жандары ашыды. Аға офицер Рыдванның иығына қолын салып:

    – “Гражданкаға” кеттім деп, қапаланбаңыз, Рыдван аға! – деп жұбатты. – Саңдалып жүрген біреуді ұстап әкелсеңіз де мәселеңізді шешеміз ғой… Сіздің қандай еңбегіңіз бар! Күні кешеге дейін форма киіп жүрген офицер едіңіз…

    Рыдванның қуанғаннан көзі жайнап кетті.

    – Әлбетте, – деді. – Зейнетке шықтым деп өзімді күйдіріп жүргеніме қарашы… Сонша не болып қалды маған, а?..

    – Әрине, – деді аға офицер. Содан кейін иығынан қағып қойып: – Уайымдамаңыз, аға! – деп, бөлмесіне қарай беттей бергенде:

    “Жай жүрген біреу болса оңдырмас едім, бірақ форманың орны бөлек қой…” – деп сыбырлады.


     

    Түрік тілінен тәржімалаған:

    Мәлік ОТАРБАЕВ

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Момақан жігіттің ізімен

    Еуропа мәдениетіне сіңірген елеулі еңбегі үшін өнер адамдарына берілетін Треббиа сыйлығының иегері, әлемге танымал қаламгер ...