• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Дала даналығы » Төрт тентек

    Төрт тентек

    Мөңке бидің бала кезінде бір бай жоқ сұрау үшін көш алдында келе жатып, ауылдың жанында асық ойнап жатқан бір топ балаға жолығыпты. Балалардың бірі байдың атын үркітеді. Оған бай ашуланып, әлгі баланы қуалайды. Байдың мінгені асау байтал екен, баланың желбіреген көйлегінен үркіп мөңкиді. Мөңкіп жүргенде байдың басынан бөркі ұшып түседі. Байтал одан бетер тулап, байды жығып кетеді, бай қаза табады. Сонан кейін байдың тумалары және елінің игі жақсылары жиналып келіп, балалардың елінен құн сұрайды.

    Екі ел келісе алмай, кеңес бірнеше күнге созылады. Мөңке сол ауылдың баласы екен, жиналған көпке келіп, Мөңке бала былай депті: «Иә, ағалар-билер, сіздер бұл кеңесті тым ұзаққа создыңыздар ғой және бір шешімге келе алмадыңыздар. Осының билігін маған берсеңіздер, мен тез бітірер едім», – депті. Көп­шілік баланың ықыласына риза болып, бірауыздан: «Билікті бердік, ал айта ғой», – десіпті. Сонда Мөңке бала былай депті: «Бұл шалдың өліміне кінәлі ел емес, тентек. Ал мұнда тентек – төртеу. Меніңше, сол төрт тентек құнды бөліп төлейтін болсын және ердің құны жүз жылқы болсын», – депті. Сонда Мөңке бала: «Бірінші, мың жылқыдан бір жуас ат таба алмағандай, асау байталға мінген және елде адам құрығандай асық ойнаған балалардан жөн сұраған бай тентек; екінші, адам көрмей жүргендей, баладан үркіп тулап, байды жығып өлтірген байтал тентек; үшінші, ұшып түскен бөрік тентек; төртінші байталды үркіткен бала тентек. Мінеки, осы төртеу құнды бөліп төлейтін болсын», – депті. Осы билікке екі жағы да разы болып, балалардың ауылы құнның төрт бөлігінің бірі – жиырма бес жылқы төлеп құтылыпты. Мөңке баланың би болуына осы билік басты себеп болыпты.

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Халық композиторы Үкілі Ыбырай /1860-1930/

    Үкілі Ыбырай қазақ мәдениетіне өз үлесін қосты, оның бір ғана «Гәкку» әні «Қыз Жібек» операсының ...