• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Дала даналығы » Арсыз бай мен ақын қыз

    Арсыз бай мен ақын қыз

    Қыңыр мiнезiмен әйгiлi болған Балғабай болыс алты қатын алыпты. Қазаны майлы, төсегi жайлы, төрт түлiгi сай бай алпысты алқымдағанына қарамастан, тағы да ат сабылтып қалыңдық iздей бастайды. «Ел құлағы елу» дегендей, жасынан ақын, әрi әншi атанған Балкүмiстiң даңқын естiген бай соны айттырмақ болады. Қыз ауылының маңынан ақ үй тiктiредi.

    – Ақ дидарын көрсетiп, әсем әнiн естiртсiн, – деп бiр жiгiтiн Балкүмiске жiбередi.
    Құрбы қыздарын ертiп, табалдырықтан аттай берген Балкүмiстi Балғабай қарсы алып:
    «Балкүмiс iздеп келдiм сенi алыстан,
    Қырандай ұясына қонаға ұшқан.
    Жасатам күмiс ошақ, алтын кесе,
    Жар болсаң жақсылыққа қол алысқан», – деп серiгiне шығартып, жаттап алған өлеңiн айтып, аңыратып қоя бередi.
    Сонда Балкүмiс iле жауап қайтарып:
    «Жайылған дүйiм елге атағың бар,
    Қалтаң толы, үстiңде асыл шапаның бар.
    Табылар өн-бойыңнан бiр ғана мiн –
    Иегiңде алты қарыс сақалың бар.

    Не керек, күмiс ошақ, алтын кесе,
    Тiлегiн жас жүректiң өтемесе.
    Айтшы, ата, он бесiңде қайтер едiң,
    Кемпiрге сексендегi некелесе», – деп арсыз болыстың аузына құм құйып, үйден шығып кеткен екен.

    БИДI ЖЕҢГЕН БАЛА

    Қашаған ақынның өткiр сықағынан молдалар мен билер өлердей қорқады екен. Осыны бiлетiн бiр кедей жiгiт Қашағанға келiп:
    – Ақын аға, менiң жалғыз атымды бай ауылының есер жiгiттерi тартып алды. Арызданып Аймағанбет биге барайын десем, әлгi зорлықшылардың ағайыны екен. Аймағанбет қайтсе де ағайынына бұратын кiсi көрiнедi. Атымды қалай қайтарып аламын, ақыл берiңiзшi? – дейдi өтiнiп.
    – Шырағым, ныспың кiм? – дептi Қашаған.
    – Ныспым – Шоңғара.
    – Ендеше сен бидiң алдына барып, арызыңды айт. Сонымен бiрге ол билiгiн бастамай тұрғанда, мына бiр ауыз өлеңдi айтарсың:
    «Менiң атым Шоңғара,
    Қырын келмей оң қара.
    Төрелiктi түзу бер,
    Туғаныңа соң қара».
    Мұны құп алған кедей жiгiт Аймағанбет билiгiне кiрiспей тұрғанда осы өлеңдi айтса керек. Көп ортасында бетiнен оты шыға ұялған би амалсыздан дұрыс төрелiк берiп, жiгiттiң атын қайтарыпты.


    Жазып алған Болат Шайманұлы

     

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Халық композиторы Үкілі Ыбырай /1860-1930/

    Үкілі Ыбырай қазақ мәдениетіне өз үлесін қосты, оның бір ғана «Гәкку» әні «Қыз Жібек» операсының ...