• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алдаспан » Қанжығалы қарт Бөгенбай

    Қанжығалы қарт Бөгенбай

    Абылай айналасындағы батырлардың ата-баба қонысын, туысқан қарым-қатынасын сақтап, ішкі алауыздықтан сақтандырған іс-әрекеттері бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің іргесінің бекуінде маңызды рөл атқаратын азаматтық тарихымыз болып табылады. Қазақ хандығының әскери-саяси қуаты төмендеп, Тәуке хан тұсында қазақ-жоңғар қатынасы жыл өткен сайын шиеленісуі жағдайында бытыраңқылықты жойып, өз елінің тұтастығын күшейтуге әрекеттенгенмен, өз мақсатына жете алмаған. Жоңғарларға қарсы соққы беруді көздеген қазақтар 1710 жылы Қарақұм құрылтайына жиналғаны белгілі. Оған қатысушылардың бір тобы тағдыр талқысына көніп, Жоңғар қалмақтарына бас ұсынуды жөн көрді. «Басқалары үй-күйін тастап, Еділдің сыртына көшіп барып жан сақтағысы келеді, ал енді біреулері қоян секілді жан-жаққа бытырап кетпекші болды, талайы толқып жүрді, бірақ сол кезде ерлігімен әйгілі болған ру басы Бөгенбай мұндай әрекеттердің бәрін тыйды» – деп Я.Гавердовский атап көрсетсе, П.Н.Рычков қазақтардың орыс патшасын паналауды жөн көргенін айта келіп: «Известный киргизский батыр и старшина Бөгенбай на сейме в Кара-Кумах склонил народ к нападению на калмыков»  деп жазды.

    Құрылтайға қатысушылар Бөгенбай батырды әскербасы сайлап, бүкіл халықтық әскер құруға шешім қабылдайды. Жат жерді жаулауды мақсат тұтпаған, бірақ жақынына жау тисе жатсыратпаған, батырлық пен батылдық, ақыл мен парасаты келіскен би мен батырға өз тағдырын сеніп тапсырған халық сенімін Бөгенбай батыр жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық жорығын ұйымдастыруда атақты батырлығымен, ұлы қолбасшылығымен ақтаған. Шыққан тегі орта жүздің Арғын тайпасының  Қанжығалы руынан, есімдері әуелден елге мәлім болған батырлар әулетінен. Бөгенбай батырдың даңқты есімі қалың қазақ даласын кеңінен шарлап, заманында батырлық пен ерліктің жарқын үлгісіне айналған.

    Бөгенбай батырды халықтың ерекше ардақтап, ғасырлар бойы есімін аялап, есте сақтап келуі оның елі үшін атқарған ерен ерліктерімен байланысты. Қалмақтармен қоса қазақ ауылдарына шабуылдап, мазасын алып, әбден титықтаған казак-орыстармен шайқасқа жиырма сегіз жасында қолды бастап барып, казак-орыстарды дүркірете қуып, Еділден әрі асырып салған ерлігі халық жадында ерекше сүйіспеншілікпен жырланған.

    Халық жырындағы батырдың жауына қарсы көрсеткен алғашқы ерлігі «Бөгенбай» атты жырда ерекше әсермен жырланған.

    Абылайды талай жорықтарға ерте жүріп, батырлық мектебінен өткізген, оның қолбасшы батыры, ақылгөй кеңесшісі болып, мемлекеттік қайраткерлік дәрежесіне ықпал еткен, хан сайлағанда Абылайды хандыққа ұсынған халқымыздың қас батырларының бірі қанжығалы қарт Бөгенбай Қарабалта түбінде қырғыздармен болған айқаста 77 жаста екен, алғашқы ата жауын өлтіргенде 13 жаста. Сонда батыр қазақ қолының басы – қасында 40 жылға тарта уақыт болған. Яғни ғұмырының алпыс жылға жуығын жаугершілік заманда өткерген Бөгенбайдың қазақ халқының бостандық үшін ұзақ жылдар күресінің ұйытқысы ретінде дәріптелуінің тарихи негізі бар.

    Баһадүрдің өмір жолына зер салғанда оның ғажайып мемлекеттік, жалпыхалықтық деңгейдегі қайраткерлігі ерекше көзге түседі.

    Алғашқы ерлігімен-ақ ерекше көзге түскен Бөгенбай жоңғарларға  қарсы 100-ден астам шайқасқа қатысқан. 1710 жылы Қарақұмда өткен үш жүз қазақтарының құрылтайындағы бүкілқазақтық жасақ құрып, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру жоспары бойынша үш жүздің бас сардары 1726 жылы Бөгенбай бастаған қазақ қолының Бұланты өзені бойында  қалмақтарға қарсы күйрете соққы беруі, 1727 жылы көктемде қазақ-ноғай –қарақалпақтың біріккен әскерінің Нияз, Аюлы тауларының етегінде жоңғарлармен болған шайқаста жеңіске жетуі, «Аңырақай шайқасында» Орта жүз қолын басқарған Бөгенбай батыр, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек т.б батырлармен тізе қоса отырып, қазақ елінің тұтастығын сақтап қалуда ерекше ерлік көрсетуі Бөгенбай батырдың ат үстінен түспеген батырлық жорықтарының мысалы. Сондай-ақ Жайық, Жем, Ойыл өзендері бойы мен Ерейментау, Қарқаралы, Аягөз, Түркістан, Шу бойы, Жетісу өңірі, Қырғыз жерлеріндегі т.б. шайқастарда, 1756-1758 жылы бірінші рет Шығыс Түркістанға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында қытай әскеріне қатты соққы беріп, оларды Үрімжіден асыра қуған Бөгенбай батыр 1761 жылы Абылай ханның ұлы Әділ жүргізген Қытай империясы мен Қазақ хандығы арасындағы келісімге де барған.

    Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жоңғар шапқыншыларына қарсы шайқастардағы Бөгенбай батырдың ерліктері оны қазақ халқының ең ардақты ұлдарының қатарына қосты, отансүйгіштік пен қайсарлықтың жарқын үлгісіне айналдырды. Халықтың ел қорғаны болған батырларының есімін ардақтап, ерлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін дәстүрі бойынша: «Бөгенбай жырында» жыршы батырдың өз монологы арқылы батырлық қасиетіне баса мән береді.

    Талай қырдым қалмақты.

    Батпандай оқ салғанда,

    Табандап тартып қалғанда,

    Бір шыбықтай көрмеуші ем

    Иілген оқты садақты.

    Теңдесім менің болып па ед

    Өзім тұстас қазақта?!

    1723 жылдың көктеміндегі қазақ елінің бейбіт жұрты қырғынға ұшырап, көп қырылып, тірі қалғандардың атамекенін тастап үдере қашқан босқыншылығын тудырған жоңғар шапқыншылығынан соң Еділ бойы қалмақтары, Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұхар мен Хиуа хандарының жан-жақтан шабуыл жасауы зардабынан жер бетінен ұлт ретінде жоқ болу қауіпі төнді. Қазақтар бұл апаттың сырын жақсы түсінді, ұрпағын қырғыннан аман алып қалудың амалын іздеп қарманды.

    «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы басталар тұста қазақ ұлысындағы бұрынғы жағдайдың ауыр сипаты туралы сол оқиғаның басы-қасында болған халық батыры, Орта жүздің атақты старшинасы Бөгенбайдың 1748 жылы А.Тевкелевпен арада болған сұхбат кезіндегі «біз ол жылдары қалмақтар мен башқұрттардан, Сібір казактары мен Жайық казактарынан құмай тазыны көрген қояндай қашқанбыз», – дейтін сөзінде терең мән бар.  Алайда қазақ халқының өзінің табиғатындағы намысқойлық қасиетіне сай қалың жұртты қайғы-қасіретке ұшыратқан тарихи оқиғаның салмағынан гөрі, соған төтеп берген халықтың өршіл рухына сай суреттеу дәстүрі сақталған.

    Сондықтан Бөгенбай есіміне қатысты бізге жеткен жырларда елдің жеңіліске ұшырап, жаппай дүрбелеңге түскен кезі емес, қайта елдің мерейі тасып ежелгі жауын мұқатқан сәттерін жырлайтын оқиғалар мен суреттер мол.

    Қазақ халқының батыры мен биі бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінген тұста Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел 1726 жылдың ақырында, 1727 жылы жауға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында жоңғарларға тойтарыс береді. Сөйтіп, 1727 жылы қазақтар Қаратауды жаудан қайтарып алса, Аңырақай шайқасында да жеңіске жетеді. Осы – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихындағы қасіретті жылдарда кең байтақ қазақ даласының батырларының да басына төнген ауыр күндер лебін жыр аңғартып өтеді.

     

    Сөз қылып қозғайтыным бір Бөгенбай,

    Батырлар Бөкең тұсында болған талай.

    Тозғындап Сырдан қазақ үріккен кезде,

    Бастары кеткен екен қосыла алмай.

    XVIII ғасыр батырларының бар тағдырын азат өмірді, қалың елдің бейбіт болашағын аянбай қорғауға арнаған ерлігі мен жүректілігі, намысқойлығы мен қарапайымдылығы, қайраты мен ақылының көп мүддесіне қалтқысыз бағышталғандығы олардың даңқын асырды. Себебі, батырлар жерін жатқа басындырмауды басты мұрат етіп, ізгілік пен еркіндіктің туын көтеріп, азат рухты, тәуелсіз елдікті көкседі. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасы тұсындағы Абылай сарбаздарының ішіндегі ерекше дарынды тұлға, ел басына екі талай күн туып, ердің ерлігі сыналар қиын шақта қайратқа қайрат жанып, қылыш пен семсерді қатар сермеуге, білек күшін, жүрек күшін қоса жұмсаған қас батыр Бөгенбай Ақмола мен Көкшетау аралығындағы Ереймен жерін мекен еткен.

    Халық жырларынан Абылаймен тұрғылас батырлардың аруағын елдің ерекше құрмет тұтып оқ қағары бар қолбасы ретінде рух шақырар ұранына айналдырғаны байқалады. «Бөгенбай батыр жырында» да Бөгенбайдың да, оның ізін қуған бала батыр, жас батырлардың да сыйынары, іштей сүйенері «Маян», «Бөген» болып, сырт жаулардан жасқанбайтын, ел іргесінің бүтіндігі үшін күресетін ерлер ретінде дәріптеледі: «Ұраны шақыратын ер Маянбай, Маянның туын алған ер Бөгенбай. Бәрінің алдындағы алтын қазық, Ер еді жауға шабар, ақылға бай».

    Батырлық мінезді ата тегінен жалғасып келе жатқан қасиет етіп көрсететін шежірелік тұтастану белгілері жырдың эпикалық сипатын айқындай түседі. Бөгенбайдың өзін, оның ұрпағын қысылғанда жебейтін, сүрінгенде демейтін «Маян аруағы», «рухы» өлмейтін, өшпейтін қасиетке ие. Жырдағы жас батырлардың жорық алдында төрт ақбоз ат шалып, Маян аруағынан бата сұрауы осының мысалы. Әділет үшін айқасқа түсер алдында ата аруағы да «Маяндап» өзін шақырған ұрпағына жөн сілтеп, бағыт-бағдар береді. Батырлық дәстүрдің заттық белгілерін, мысалы, ақ сауытын, қамшысын, қылышын түсінде сыйға беру арқылы жас батырларды рухтандырады.

    Яғни, халық Бөгенбайды ата-бабасынан келе жатқан ерлік дәстүрдің заңды жалғастырушысы және сол дәстүрді өзінен кейінгі ұрпаққа аманат ету парызын өтеген ержүрек тұлға ретінде дәріптеген. Мұнан батырлық күш-қайрат қоғамда аса маңызды сұраныс алып тұрған кездегі ел қорғар ерді аңсаған елдің үміті де айқын көрінеді. Себебі, ел басына күн туған сын сағаттарда халық өз тарихындағы қаһармандық рухынан ғана нәр алады. Бұл туралы: «бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме, батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған» дейтін А. Байтұрсынов  тұжырымы қисынды.

    Жалпы жырда Бөгенбайдан бата алып, жауға аттанар жігіттердің қай-қайсысы да сайыпқыран, жаужүрек, батыр болып суреттеледі: «Мұны айтып, атқа мінді дуылдасып, Алғандай неше мыңды қолмен басып. Ежелден жау дегенде сайтаны бар, Тұрмайды Маянұлы жауға жасып».

    Жырларда Бөгенбай айналасындағы жас батырлардың қай-қайсыда ерлік салтына берік «сен тұр, мен атайын» дейтін сайыпқыран сарбаздар ретінде көрінеді. Алайда қанша айбынды батыр бола тұрса да аға батырдың алдынан кесе көлденең өтпей, ақылы мен кеңесіне құлақ асып іс қылған берекелі тірліктің тынысы сезіледі. Себебі, үлкеннің де кішінің тірлігі ел шетіне жау қадамын бастырмау, ел ішілік ынтымаққа төнген қауіптің алдын алу тілегінде тоғысып жатады. Көшпелі қазақ жұртының болмыс-бітіміне сай ақылы көптен асқан Аналықтың да, бас еркі үшін күресте белсенділік танытқан Қаншайымның да, тіпті ел берекесін кетірген Зейнептің де тағдыры дала тіршілігіне тән заңдылықтармен шешіліп жатады. Онда адамды адамның аялауы, құрметтеп бағалауы, қателігіне кешірім жасауы т.б. құндылықтар жыршы тіліне тиек болған.

    Жырда, сұрапыл соғыс емес, бірлік пен бітім, берекелі өмір басты нысан етіліп, оның ұйтқысы, негізгі тірегі – Бөгенбай болып суреттеледі.

    Демек, тарихи жырлар санатына кіретін «Бөгенбай батырдың» мазмұны да, мәні де қазақ эпостарындағы заңдылыққа бағынып, Бөгенбай батырды халықтың ерекше ардақ тұтып, ерлік әскербасылық істерін ғана емес, ақылы мен парасатын, тағлымдық тағдырын танытуға құрылған.

    Сондықтан, жырда қаһары қайтып қажыған қарт Бөгенбай емес, ел шетіне жау тисе, батырлық рухы бойын кернеген хас батыр тұлғасында танылады. Бірақ жасы жетіп, ерлік дәстүрін өзінен кейінгіге сеніп тапсырған, оларға бата беруші ғана емес, барын бағалап, жоғын жіті қадағалап, ер намысы мен ел намысын үйлестіруші кемеңгер ретінде көрінеді. Аға батырды ұлық тұтып қастерлеген жас батырлардың жолы болып мұратына жетсе, батыр сыртынан оқ атқандар сазайын тартады. Яғни, жыр қазақтың тәуелсіздігі үшін аянбай айқасқан аяулы батырын қартайған шақта да батырлық биігінен түсірмеген.

    ХVIII ғасырдың І жартысында қазақ халқын торлаған көп жаудан елді қорғауда Бөгенбай батыр, Олжабай, Қабанбай, Малайсары т.б. батырлармен тізе қосып, халық тәуелсіздігі үшін талай ірі шайқастарға кірсе, оның даңқы, әсіресе, Құба қалмақпен (жоңғар), кейін қытай әскерімен соғысқанда ерекше дәуірлегені белгілі.

    Бөгенбай бастаған батырлар кең даланы еркін иемденіп қана қоймай туған жерге төнетін қауіп-қатердің алдын алып отырған. Халық батырларының қажуға хақы болмаған дүрбелең уақытта өмір кешкендігін жыршы ылғи да еске салып отырады.

    Бұл жайында тарих: «Бөгенбай 1725-27 жылдары қазақ жұртының астанасы – Түркістан қаласын – қорғауда қайрат көрсеткен Абылаймен бірге қазақ жасақтарын соғысқа бастады, сөйтіп Түркістан мен Саураннан жоңғарларды қуып шығып, Жоңғар Алатауынан асыра бөксерді. Бөгенбайдың соңғы үлкен жорығының бірі 1750 жылдары Аягөз бойында болған. Жоңғарлар Бөгенбай батыр бастаған қазақ қолына төтеп бере алмай, қатты соққыға ұшырап жеңілді…» – деп көрсетеді.

    Бөгенбай жайындағы жырларды оқығанда батырлық мінез алғы кезекке шығады. Себебі батыр, баһадүр атаулы қай күнде де қолбасы, ел басы, береке мен ынтымақ тірегі.

    Xалықтың елдік тарихында «Ақтабан шұбырынды» сынды қайғылы оқиғаны басынан өткеруі, осы зұлматты қазақтың басына түсірген, сол замандағы Орталық Азиядағы айбарлы мемлекет – жоңғарлармен ширек ғасырдан астам уақыт бойы табан тіресе күресуі, ақырында осы халықпен қандас Еділ қалмақтарын ата қоныстарына қайтқан тұстарында ойсырата жеңуі оқиғаларында Бөгенбай маңызды рөл атқарып, олармен ақырына дейін айқасып баққаны белгілі.

    Бөгенбайдың батырлық даңқы, қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы ерен ерлігі оның өлімін естірту мен жоқтауда да биік бедерленген. Бұл жөнінде С.Қасқабасов: «Бөгенбайдың өліміне «…сыртқы формасы жағынан жоқтау, тіпті реквием десе де болады. Ал мазмұны жағынан бұл шығарма – Бөгенбай батырға  арналған  гимн» – дейді.

    Бөгенбай өліміне байланысты естірту, көңіл айтуда батырдың негізінен қалмаққа қарсы тәуелсіздік күресіне баса назар аударылып, батырдын жаумен айқаста жеңіске жеткен мекендерінің аты санамаланады (Тарбағатай белі, Ақшәулінін өрі, Баянауыл, Қызылтау, Абралы, Шыңғыстау, т.б). Бұл деректердегі мекендердің Қозымаңырақ пен Қоймаңырақтан өзгесі қазірде де солай аталады, олар бүгінгі Павлодар, Қарағанды, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының территориясын қамтыған қазақтың кең өріс, қоныстары болған.

    «Бөгенбайдың ерлік бейнесі қазақ жерлерін жоңғарлардан азат ету, т.б. айқастар тұсында «қисапсыз қол көрінсе, қорқып жаудан қайтпаған», «қарсыласқан асылдар қорғасындай балқыған… қазақтың қамал қорғаны» (Бұқар), «құбыла көшкен байтақтың ордасындай… темір жұмсап, оқ атқан қорғасындай… қолтығы ала бұғынын пәйкесіндей… Білегі жуан бүркіттің тегеурініндей… Алатаудай Ақшадан асып туған, Болмашыдай анадан болат туған» дегендей жаужүрек, өжет, парасатты, қонақасылық ақыл-айласы мол кісі ретінде көрінеді» деп жазады ғалым Ж.Тілепов.

    Көпті көрген көнекөз қарт қанжығалы Бөгенбай еліне келетін қауіпті түс көріп те сезетін қасиетке ие. Тоғыз жасында әкесі батыр қолынан өлген қалмақтың Қаранай батырының ата кегі үшін Бөгенбайды тірідей қолға беруді талап етуі, оған қазақ қолының қарсы күресі, жас батыр Тұманбектің мерт болып, Бексұлтанның ерлікпен жеңіске жетуі қазақ-қалмақ соғысының ұзақ тарихының бір үзігі.

    Жырда көшпелі жаугершілілік өмір салтындағы жарамды тұлпарлардың рөлін асқақта көрсететін эпикалық дәстүр сақталған. Нарқызыл, Ақкекіл секілді батырға лайық тұлпарлар бар тұстағы соғыста жеңіліс жоқ. Ал Тұманбектің жекпе-жектегі жеңілісін жыр осындай тұлпарлардың жетімсіздігімен байланыстырады. Шөбі шүйгін жұртқа бастап барып, жұртын жұттан құтқарған, жер жайын сезетін Бөгеннің көкжал айғыры да тегін берілмеген.

    Барлық жыр дастандардың ортақ арнасы – Бөгенбайдың ел бірлігі жолында кең ойы мен кемел ақылы, білгір болжамы бар тұлға ретінде сомдауға саяды. Әрбір жүріп өткен жолында ел мен жердің межесін белгілеп, ат қойып отыруы, жыршының қиялы ғана емес, тарихи шындықтың бір жорасы. Білек күші мен жүрек күшін қатар жұмсаған Бөгенбай секілді батырлар кең даланы еркін иемденіп қана қоймай, оны қауіптен құтқаруда ерен ерліктер көрсеткен.

    Ерен ерлік иесінің ХVIII ғасырдағы елдігімізді сақтап қалуға қосқан қайраткерлігі жайындағы халық мұраларында сол замандағы  елдің сүйеніші қол бастаған батыры мен биінің биік беделін танытуға да баса мән беріледі. Бұл уақыт – әсіресе, батырлардың ең қадірлі тұлға, елдің елдігін  сақтаған шын  азаматы, «ық жағына  қала, ел жағына пана» болған, ірге бермес еркесі» болған заман. Бөгенбай батырдың ерлігін жалғастыратын жас ұландарының айбынын көрсету арқылы да жыр «осындай ерлері мен ерлік дәстүрі мықты ел қорғаусыз қалмайды» деген идеяны уағыздайды.

    Яғни, ХVII- ХVIII ғасырлардағы қазақ мемлекетінің ішкі, сыртқы өмірінің мейілінше күрделенуі жағдайында ел басқару жүйесіндегі әділетсіздік пен алауыздықтан бас тартқан далалық демократия қазақ қоғамның өзін-өзі басқаруын жаңа бір сапаға бағыттап, үш жүздің батыр-биі ортақ жауға қарсы тізе қосып, қатерлі дұшпанға бірлесе тойтарыс  беру идеясы төңірегіне топталды. Мұның  басты мақсаты да ел тәуелсіздігін сақтап, ішкі тұтастықты күшейту мұратын көздеді.

    Қорыта келгенде, айтарымыз: қазақ пен қалмақ шапқыншылығы тұсында ерекше ерлік көрсеткен Бөгенбай батырдың тұлғасы халық жадында елін жауға басындырмаған хас батыр, ішкі бірлік пен бітімді ту еткен халықтық қаһарман ретінде әспеттеліп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.


    Дүйсенгүл ЖАҺАН,

    М.Әуезов атындағы Әдебиет

     және өнер институтының ғылыми қызметкері.

     

    1 комментарий

    1. Тарихи сананы жаңғыртатын нағыз ғылыми мақала екен. Бас қолбасы Қанжығалы Бөгенбай атамыз туралы арзан дау-дамай сауып, аруақтан қорықпай астам сөйлеп, әр кім өз төбешігін күйлеп, ары тарт та бері тарт болғанша осындай ел бірлігі санасында зерттеулер жасаған парасатты білім иесі, ғалым қарындасқа алғыс жаудырғанымыз дұрыс. Жазарыңыз мол болсын, аруақ жар болсын жарқыным!

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Бабалардың соғысу тактикасын Бауржан Момышұлы білген бе?

    Ежелгі көшпелілердің, сақтардың, ғұндардың, көне түріктердің, моңғолдардың, тіпті кейінгі қазақтардың соғыс тактикасы жаһан тарихында жоғары ...