Жетісу жерін мекендеген ежелгі тайпалардың зергерлік бұйымдарының сымбатты көшірмесіндей  болып көз алдыңыздан шығатын Қарғалыдан табылған әшекейлі тәтінің ақзері көз алдыңызда тұрады. Ортасында мәңгілік елдің символындай аспанға қол созған еменнің иір бұтағы жалғасқан ғұмырдан сыр айтқандай болады да тұрады.

Мұның бәрі 1936 жылы Қарғалы сайының бойындағы Мыңошақтыда жер қазу кезінде табылған әдемі әшекей көз жауын алар ерекше бұйымдар екендігінде сөз жоқ еді. Археологтардың зерделеуінен кейін бұл бұйымдардың ерекше жаңалық белгісі екені анықталды.

Жалпы ұзындығы 35, ал ені 4,7 сантиметрлік екі алтын пластина түрінде жасалғандығы белгілі болды. Онда бұғының, ұшқан құстын, бұқпантайлап бара жатқан қанатты жолбарыстың таңғажайып суреттері көрініс тапқан. Аталмыш дүниелердің материалы алтын екенін білгенде еріксіз таңғаласыз. Барлық мүсіндердің соншалықты шеберлікпен жасалғаны тағы таңдай қақтырады.

Бірақ айтарымыз бұл ғана емес еді. Әшекейлі тәтіде қанатты ат пен адамды отырғызып алып жүгіріп бара жатқан алып аждаһа айшықталған. Олардың төбесінен айнала алты қаз (біз соған ұқсаттық) сұңқылдап ұшып бара жатқандай көрінеді. Бұлардан басқа таутеке, аю, арқарға мініп қолына гүл алған адам бейнелері бар. Осылай бір-біріне ұласып кете барады. Осының бәрі әсем өрнекпен жасалған.  Қызығы сол, аңдардың көзіне, тұяғына қондырылған асыл тастарға бейжай қарау мүмкін емес. Ғаламат та ғажайып шеберлікпен салынған бұл өрнектерден сол замандағы өнердің жетістігін танытып қана қоймай, сонымен қатар тәтіні қалдырған шеберлердің пәлсапалық талғамын да танытады. Бұл ескерткіштер – б.з. д. ІІ ғасыр мен б.з ІІ ғасыры аралығында қазақ жерін мекендеген тайпалардың үздік өнерінің тамаша үлгісі болып табылады. Бұл әр Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейінде сақтаулы тұр. Таңыр­қаған күйі таңданып қарасаңыз, құдды бір Қарғалының тәтісі дерсіз. Айнымаған сол… ақ­зер тәті… «Көктем Grand» қонақ үйінің алдында тұр. Сенбесеңіз көріңіз, әл-Фараби мен Достық даңғылының қиылысында көзіңізге оттай басылады.


Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

 «Егемен Қазақстан»,

 АЛМАТЫ,

 Суретті түсірген автор

ПІКІР ҚАЛДЫРУ