• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   

    Сәлем салу керек пе?

    Қазақ халқының жеке ұлт екенін танытатын ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптарының бірі сәлем салу туралы жазсам деген ой бұрыннан көңілімде жүретін. Қаншама уақыт өтсе де халқымыздың бір-бірімен қатынасу мәдениетінің осы бір әдемі де маңызды ғұрпы туралы әлі күнге дейін түрлі пікірлер айтылып келеді. Жақында ғаламтордан бір замандасымның «оңтүстікте келіндерді күңдей ұстайды, сәлем салдырады» деп жазғанын оқыдым. Осы бір жаңсақ пікір менің қолыма қалам алдырды.

    Сәлем салу ғұрпы қалай, қашан және неге пайда болғаны туралы нақты ешкім де дөп басып айта алмайды. Бірақ сәлем салу өте ертеден келе жатқанына мына бір оқиға дәлел бола алады: «Шыңғыс бөктеріне Мұхтар (жазушы М.Әуезұлы – Б.О.) есімімен ілесе келген жаңалықтың бірі –«Еңлік-Кебек» пьесасының қойылуы болды. 1917 жылы қойылған бұл спектакль ауыл-ауылға мүлде аңыз боп тарап кетті.

    Мұхтар екі үйді түптестіріп тіктіріп, сахна құрып, ешкінің қылынан сақал жапсырып Қабекемді көрсетіпті, қолына қобыз беріп, күй тарттырып Абызды жасапты. Қабекем болып Мұхтардың ағасы Ысмайыл ойнапты. Ауылдың келіндері сахнадан атасын (Қабекем-Кеңгірбай) көргенде, өзі екен деп таңырқап, орнынан тұрып сәлем етіпті». 1976 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Біздің Мұхтар» атты кітаптың 305-306 беттеріндегі Мұсатай Бекболатұлы Ақынжанның  «Шыңғыс топырағында» естелігінде айтылғандай, қаншама уақыт бұрын дүниеден өткен Кеңгірбай биге сәлем салынғаны осы ғұрыптың қазақ тұрмысында өте ертеден орын алғанын растайды.

    Адам адам болғалы бүкіл тіршіліктің өзегі адамның бірін-бірі сыйлауында екеніне ешкім де дау айтпайды. Сондықтан да қазақ ешкімнің көңілін жықпай өмір сүруді мұрат тұтады. «Көңіл сыйған жерге бәрі сияды» деген нақыл да әншейін айтыла салмаған.

    Қазақ болмысында қыз баланы ерекше көрген. Сондықтан да оның болашағы «жат жұрттық» екені әсте естен шығарылмайтын болған. Еркелетудей еркелете жүріп, жалғыз болса ұл балаша киіндіріп еркекшора етіп өсірсе де уақыты келгенде оған болашақта басқа елге келін болып баратынын, ана болатынын көбінесе көңілін қалдырмай ыммен білдіріп, керек кезінде ауызба-ауыз әңгіме үстінде деттүсіндіріп те отырған.

    Әрине, өмір болған соң түрлі жағдайлар болып жатады. Қазақтың «Барған жерде бағың ашылсын» деп тілек айтуы да өмірді тереңінен біліп саралағанының бір белгісі. Қазақ аналарының бәрі де әуелде басқа әулетке келін болып түседі. Кейін өсіп-өніп сол әулеттің анасы болатындай дәрежеге жетеді. Бұл өмірдің заңы. Бұлай болуы үшін ұзақ жылдар қажет.

    Қазақ жарықтық, барлық жағдайды түсінікті етіп қысқа да нұсқа сөзбен нақтылап болашақ ұрпаққа дайындап беріп қойған ғой. Осындай бір сөздердің бірі: «Үй болған соң табақ-аяқ сылдырамай тұрмайды». Иә, жас болған соң, түрлі жағдайлар болып жататыны рас. Бұл тек жастардың өмірді аз білуінен ғана емес, сол жастардың қасында жүрген үлкендерге де қатысты әңгіме. Бабаларымыз тіршіліктің қым-қиғаш қалтарыстары өте көп екенін білгендіктен қоғамның әр мүшесінің орнын нақты белгілеп берген. Қоғам мүшесі сол ережеге сәйкес жүріп-тұратын болған. Бұлай болмаған күнде айрандай ұйып отырған қоғамның шырқы бұзылады. Мысалы Ата мен Ененің орны, қайын аға мен қайын бикенің, қайын інімен мен қайын сіңлінің, жеңгелердің, абысындардың басқа да туған-туысқандардың орны қазақтың жазылмаған жүріс-тұрыс заңында анық белгіленген. Бүгінде де қолданыста көп қолданылатын «Ата көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер», «Анасын көріп қызын ал», «Абысын тату болса ас көп», «Келін ененің топырағынан жаралған», «Екі дүниеде бажа тату», «Ағасы бардың жағасы бар», «Інісі бардың тынысы бар» сынды нақыл сөздер әшейін айтыла салмаған, көп жылдық өмірлік тәжірибенің жемісі.

    Бұл сөздер адамның қоғамдағы міндетін, өзін қалай ұстау керек екенін айқындайтын заңдар жобасы. Заңдар шығарылып қана қоймаған, орындалатын да болған. Сол үшін де «Ата», «Ене», «Күйеу», «Келін» т.б. сөздер дүниеге келген. Бұл атаулар оларың кім екенін ғана емес, сонымен бірге олардың міндетін де басқаларға білдіру үшін шығарылған.

    «Келін» деген сөздің түбірі «кел». «Келін» деген сөз «келген» деген сөзден пайда болған. Ұл баласына өмірлік жолдас болуға келген жас қыз баласын ата-анасы қойған есімімен атамай «Келін» деп атау оны кемсіту үшін емес, қоғам мүшелеріне шектен шықпаңдар, әулеттің жаңа мүшесі ретінде келген бұл қызбала өздерің сияқты бір жұрттың мәпелеп өсірген перзенті екенін ұмытпаңдар, деген оймен пайда болған ұғым.

    Ата-анасын, бауыр-туыстарын артқа тастап басқа жерге «судай сіңіп, тастай батып» кетудің оңай емес екенін жасы үлкен аналар ғана біледі, жүрегімен түсінеді. Аналардың бәрі жақсы, бәрі мейірімді. Бірақ жаңа түскен келінді өз қызындай қанша жақын көрсе де атын атамай «Келін» деп атау, күні кеше ғана ғана сәукеле киіп келген жаңа қоғам мүщесін басқалар байқамай көңілін қалдырып қоймасын дегеннен. Және жұбайлық тұрмыстың табалдырығын жаңа ғана аттаған жас өмір иесіне «әдептен озба» дегенді есіне салып тұру үшін айтылатын сөз.

    Сәлем салу неге пайда болды? Қазақта «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген түсіне білген адамға көп нәрсені ұғындырар сөз бар. Шынын айту керек, көп адамдар «Ата», «Ене» болу міндетін атқара алмай жатқаны да рас. Осындайда келін бала қанша тырысса да ата-енесіне жақпай жатады. Жас күйеу сол баяғы күйінше өзін еркін жас жігіт ретінде, ал кешегі қызбала бүгін орамал тартып келін атанғанының байыбына бара алмай жататынын да көріп жүрсіздер. «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» сияқты сөздердің де шығатыны осыдан. Осылайша қызбалаларды кінәлауға жақын тұрғандар көп екенін жасырудың қажеті жоқ. Бірақ неге екені белгісіз «Жігіт күнінде бәрі жақсы, жаман күйеу қайдан шығады» деген сөз жоқ. Таразының екінші жағы бар екенін ұмытпаған абзал.

    Байқап қарасаңыздар жаңа түскен келіндердің бәрі де жаңа әулетке келген шағын беташар кезінде бомысын сәлем салудан бастайды. Және жаңа жерге келін болып барып беташар кезінде сәлем салмаймын деген қазақ қызы болған емес. Жаңа түскен келін әлі кімнің-кім екенін білмей тұрып әулеттің сәлем берілуі тиіс мүшесінің бәріне сәлем салады. Бірақ, кейбірде біраз уақыт өткен соң сәлем салу доғарылып жатады. Неге? Бұл туралы көп себеп айтуға болады. Бірақ кімде болса «Өртті өшіріп әуре болғанша, оны болдырмаған дұрыс» дегенге тоқтайтыны анық.

    Турасында қыздың жақсы келін болу жауапкершілігі ең алдымен барған жеріндегі Атасы мен Енесіне, күйеуіне, жеңгелеріне, бір сөзбен айтқанда келін болып түскен әулетке байланысты. Әңгіменің ашығы келіннің келін болуы ең алдымен шағын мемлекеттей әулеттің басшысына байланысты. Егер әулет басшысы жаңа келін келгенше өз қарамағындағыларды тату-тәтті әрі мәдениетті етіп, дұрыс басқарып отырса жаңа түскен келіннің осы қоғам мүшесі болып сіңіп кетуі қиынға соқпайды.

    Сәлем салуды дұрыс түсінген қыз баласы бұл ғүрыпты өзін кемсіту үшін емес, қайта өзінің кім екенін ұмыттырмау үшін жасалынатынын біліп түсінуі шарт. Сәлем беру арқылы келін қоғам мүшелеріне менің орным келін болу болса, сіздер де өз міндеттеріңізді ұмытпаңыздар, мен де бір үйдің мәпелеп өсірген қызымын дегенді жұртқа жағар әдептілігімен білдіріп, өзін «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» қорғай алатынын меңзейді. Келіндердің ата-енесіне, жалпы үлкендерге сәлем бергенін көру балалардың да әдепті болып өсуіне ықпалы зор.

    Келіннің сәлем беруі ең алдымен алдыңдағы адамды құрмейттейтінін білдіреді. Сол арқылы сәлем берген адамына жақсы көңіл-күй сыйлайды. Сондықтан риза болған адам сәлемді қабыл алып «бақытты бол», «үбірлі-шүбірлі бол» т.б. тілек айтуы абзал.

    Сонымен сәлем салу керек пе, әлде керек емес пе деген сұраққа мен сәлем салу керек, деймін. Сәлем салу ескілік емес, ұлттық ерекшелік және рухани құндылық. Қазіргі таңда теледидардан шет елдердің тұрмысы көптеп көрсетіліп жатыр. Дегенмен оларға дұрыс нәрсе бізге шақ келе қоймасы анық. Әрине басқа өркениеттің жақсы жақтары бар екеніне дауым жоқ. Бірақ ойланбай, сарапқа салмай қабылдауға болмайды. Мысалы көрші Ресей мемлекетінің орыс ұлты көз ашқаннан әкесі мен анасы түгілі атасы мен әжесіне де «сен» деп сөйлейді. Орыстарға бұл дұрыс көрінгенімен үлкенді сыйлауды бақыт санайтын қазаққа бұл жат.

    Бұрын осы мәселе турасында бір досыммен пікір алмастырғаным бар еді. Алматыда жоғары оқу орнын бітіріп келген досым «сәлем беру ескіліктің қалдығы», десе мен «сәлем беру керек» деп біраз пікірлескенбіз. Қазір ойлап қарасам, ол кезде екеуміз де өз ойымызды анық айта алмаппыз.

    Менің досым оқығаны көп еді, сондықтан да үйге жиі келіп менің әкем, Қаратау атырабының Майлы, Мәделі, Құлыншақ, Ергөбек, Молда Мұса тағы басқа да ақындардың шығармашылық жолын зерттеп, 1972 жылы ұлты басқа деп насихатталып келген Ұлы Отан соғысының батыры, генерал Сабыр Омарқұлұлы Рақымовтың қазақ екенін сол кезгі үкімет басшылығынан қаймықпай ашық жазған ғалым Әсілхан Оспанұлымен түрлі тақырып аясында әңгіме-дүкен құратын. Әкем де оны өз баласындай жақсы көріп кетіп еді. Содан бір күні түс мезгілінде үйге келе жатып, есік алдында біздің үйден шығып келе жатқан досымды кездестіріп қалдым. Үйде Көкем де, (досым менің әкемді біз сияқты Көке деп атайтын) сен де жоқ екенсіңдер, міне қайтып барамын, деді досым амандасқан соң. Мен сонда да үйге кіруін өтіндім. Бірақ досым көне қоймады. Өзің біртүрлі болып тұрсың ғой, не болды? деп сұрадым досымнан. Сонда ол: Үйлеріңе кіріп едім келіндерің маған иіліп сәлем салды, бір түрлі жақсы боп кеттім, деді жауап берген еді. Досым екеуміздің сәлем салу, яки салмау туралы пікірлесуіміз осылайша өз мәресіне жеткен еді.

    Мүхтар Әуезұлының «Абай жолы» шығармасы қазақ өмірінің, әдет-ғұрпының айнасы екені белгілі. Ұлтымыздың үлкен рухани құндылығы табылатын осы кітапта келін ана болып, содан соң әже болып өзінің жасы келгенін сезінген кезде әулеттің ең үлкен үйінің есігіне тізесін бүгіп ең соңғы рет сәлем салатыны және сол күннен бастап басқалар онымен бірінші болып сәлемдесуі тиіс екені жазылған.

    Қазақ тарихында келін болудың үлгісі болған Шоқандай ғалым тәрбиелеген Айғаным, Абайдай ақын өсірген Зере, Мәншүктей батырды жеткізген Әмина аналарымыздың бәрі де бір кездері келін болғанын ұмытпаған жөн.

    Қазақ жақсы тілекке бай халық қой. Сондай бір жақсы сөздің бірі де бірегейі «Сәлемің түзу болсын» деген тілек. Қазақ келіндеріне «Сәлемдерің түзу болса өмірлерің де түзу болады» деген ниетпен осы мақаламды жолдап отырмын. Құрметті оқырман ағайын, бұл мақаламен менің айтарым қазақтың келіндерінің жақсы болуы әрқайсыңызға байланысты екенін ұмытпағайсыздар деген ой екенін жақсы түсінесіздер деген сенімдемін.


    Бердалы ОСПАН,

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Сіз қазақша амандасасыз ба?

    Қазақ халқы рухани құндылықтарға өте бай халық. Әдет-ғұрыптар қазақ халқының рухани байлығының айқын көрінісі. Бұлай ...