• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ата дәстүрді жалғастырайық » «Ұрын бару» қазақ ұлтының тәрбиелік маңызы терең салты

    «Ұрын бару» қазақ ұлтының тәрбиелік маңызы терең салты

    Құда түсу мен тойдың арасында күйеу жігіт қалыңдығының ауылына баратын болған. Бұны қазақта «Ұрын бару» деп атайды. Осы салт туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезұлы «Абай жолы» романында: «Абайдың бұл келісі ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре келу, қол ұстау деп те аталады. Өзге келістердей емес, күйеу бұл жолы, алғашқы күндерде талай нәрсеге көндіге білу керек. Сол өзгешеліктің үлкені – қалыңдықты көрсетпеу».

    Жалпы, «Ұрын келу» салтының ерекшеліктері көп екен. Барлық жерде біркелкі өте бермейді екен. Дегенмен мңызы бір.

    «Өлі-тірі» атты жөн-жоралғысын жасап бір малды апарып аруақтарға құрбандық шалған соң күйеу жігіттің қалыңдығының ауылына баруына болады. Осыған байланысты: «Өлі-тірі келген соң, өлі күйеу жатпайды» деген сөз де бекер айтылмаған. Дегенмен, «Ұрын бару» қыз әкесінің сый-сияпатқа көңілі толып ризашылығын алғанға дейін рұқсат етілмейді.  Бұлай болмаған жағдайда не болатынын ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «…егер қолға түсе қалса айып төлететін, тіпті қамшылап сабап та жіберетін» деп жазған. Болмаса қыздың бауырлары беймезгіл келген күйеу жігіттің жазасын тарттыратын болған.

    Ғалым Г.А. Меирманова, жігіттің ұрын бару аралығы 40 күннен аспауы керек, әрі жеті күннен кем болмауы шарт деп нақты көрсеткен.  Егер жігіт өзінің бұл міндетін орындамаса өз руының қыздары әзіл-шыны аралас ұрып-соғып, ұрын бару міндетін атқаруы керек екенін еске салып отыратын.

    Жастардың кездесуі түрлі жағдайда іске асатын. Қыз ауылына алғаш рет келгенде күйеу жігіт алдымен достарымен бірге өзінің атын жіберетін болған. Аттың шылбырына тек қалыңдықтың сіңлісі, немесі туысқанының қолы ғана тиюге рұқсат етілетін. Күйеу жігіттің атын байлағаны үшін оған «атбайлар» сыйлығы берілетін. Ыбыбрай Алтынсариннің жазуы бойынша, қалыңдықтың ауылының сыртында күйеу жігіт пен оның достары үшін бөлек киіз үй тігіліп, сол жерде  «Ұрын той» өткізілген.

    Күйеу жігітке үлкендердің көзіне түсуге болмайтын. Үйленгенге дейін қалыңдығының жасы үлкен туысқандарының көзіне кездейсоқ түсіп қалған күйеу жігіт тығылып қалуы, әлде қашып кетуі тиіс болған. Бұл осы салттың жастардың жүздесуіне ресми рұқсаттың болмағынының белгісі. Бұл қыз жақтың болған нәрсені білсе де баймағансығанын білдіреді.

    Бұндай жағдайда әдетте қыздың ата-анасы ерте жатып қалатын. Ал жеңгелері қалыңдықты көрші ауылға алып кететін. Сол жақта екі жақтың әдейі тартысы болады. Содан соң жеңгелер қалыңдықты күйеу жігітке ертіп апару кезінде түрлі кедергілер жасайтын. Осы жағдайда «ентікпе», «шатыр байғазысы», «балдыз көрімдік», «ит ырылдар», «кемпір өлді», «шашсипатар», «көрпеқимылдатар», «сақтау» сынды ойын салттар жасалады. Мұндайда күйеу жігіт сөзге келмей көбінесе ақша беріп құтылады. Қазақта бұл туралы: «Ат өлсе де кәде өлмейді»; «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген әлі күнге дейін айтылатын мақал-мәтелдер бар.

    Мұның өзі күйеу жігіттің ауыл жастарымен тез тіл табысып, жақындаса түсуіне себін тигізеді.

    Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезұлы «Абай жолы»  шығармасында қазақ халқының осы бір «Ұрын бару» деп аталатын айшықты салтын суреттеуге тоғыз бет арнаған. Мен төменде содан қысқаша үзінді келтірдім:

    «Екі жеңге ақырын күлісіп кеп, Абай мен Ділдәнің алдына қарсы отырып, екеуінің де оң қолдарын алып, біріне-бірін ұстаттырды.

    Екі қолдың арасында сусылдаған жібек жүр. Сол арқылы ұстатады екен. Абай Ділдәның саусақтарын көбірек ұстап қап еді. Алдында отырған бір жеңге ақырын мысқылдап, Абайдың қолын тарта беріп:

    – Тоқта, жабысып қапсың ғой! Бері кел! Шаш сипа! – деді. Жақын отырған қыздар күлісіп жіберді. Жеңге Абайдың қолын өзі көтеріп апарып, Ділдәнің арқасындағы қос бұрымына тигізді. Әлі де Абай қолының астында жаңағы жібек жүр. Сол жібекпен Абай бір-екі рет сипап өтті.

    Қол ұстату, шаш сипау деген атақты ырымдар осы. Шаш сипардың алдында күйеу жақтан берілетін үлкен сыйы болады. Жаңағы Абайды мысқылдаған ашық жеңге сол шаш сипарды Ұлжаннан бір сыбаға ғып алған екен.

    …Абай әлі күнге дейін Ділдәмен тіл қатысқан жоқ. Бір-бірінің жүздерін де жақсылап көріскен жоқ. Жалғыз-ақ есіктен келіп, шымылдық ішіне кіріп, Абай қасына отыра берерде ғана Ділдә өз бетін ашпай, Абайды сығалап көріп қалған. Онда да бір-ақ сәтке көрген.

    Үй іші сейіле бере, жаңағы шаш сипарды алған жеңге Абайға:

    – Жә, біз енді төсек жайлаймыз. Сен біраз тысқа шығып, сейіліп кел! – деді.

    Абай, бөгелген жоқ, атып тұрып, тысқа шығып кетті. Үй маңынан барлық жұрт арылыпты. Абай жалғыз. Түн жарық емес, бұлты бар ма, тастай қараңғы екен. Күйеу жігіт жапа-жалғыз аяңдап, ұзаңқырап бара жатты».

    «Ұрын бару» қазақ салттарының терең мазмұнды әрі айшықты салттарының бірі.

    Бердалы ОСПАН.

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Бауыржан Момышұлының батасы

    Бұрынғы Семей облысы Iшкi iстер басқармасының Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлiмiнiң бастығы полковник Тоқтар Мәнкеновтың ...