• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ата дәстүрді жалғастырайық » Айтыңыз атыңыз кім болады

    Айтыңыз атыңыз кім болады

    Кезінде әнші анамыз Роза Тәжібайқызы Бағлан шырқап, кейін «Дос-Мұқасан» тобының орындауында кеңінен тарап, әлі күнге дейін шырқалып жүрген әннің осы сөздері көп нәрсені білдіреді. Себебі қазақ өте балажан халық. Дүниеге сәби келсе, қазаққа одан өткен зор қуаныш жоқ екенін:

    Бар нәрсенің ләззаты,

    Ата-ананың жаннаты,

    Бұл дүниенің мұрасы,

    Перзентіңнің ырасы, –

    деп ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы төрт ауыз өлең жолымен жеткізген.

    Дүниеге келген жаңа өмір иесінің қуанышына әйел босанған күні кешке ауыл жастарының шілдеханаға жиналып таң атқанша, сәбидің анасын ардақтап ән салып, күй тартуы, кейде шілдехананың үш күнге дейін созылуы осы қуаныштың белгісі. Бұндай шілдеханаларға тек жастар ғана қатысатын болған. Себебі, жаңа туған нәрестені түрлі жын-шайтан, перілердің салқынынан қорғап, күзету халқымыздың сенімі бойынша тек қана жастардың міндеті саналған.

    Қандай бір жаңалық болса да қазақтың сүйінші сұрау әдеті бар. Ал бала туған кезде нәрестенің ата-әжесінен, әкесі мен туған-тысқандарынан сүйінші сұраудың орны тіптен бөлек. Жақсы хабар жеткізіп сүйінші сұраған адамға бағалы сыйлықтар берген. Сүйінші хабарды жеткізуші қанша алыс жер болса да баруға даяр болған. Ұлы Отан соғысының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы дүниеге келгенде болашақ батырдың әкесі Әулиеата шаһарында екен.       Байтоқ деген кісі алпыс шақырым ат сабылтып жетіп, үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтуға дәрмені келмей, Момышты құшақтап жылай беріпті. Үй-іші бір жаманат хабар жеткен екен деп, қорқып қалады. Содан «не боп қалды, айтсаңшы» деп сұрағанда ғана Байтоқ:

    • Жеңешем ұл тапты, – депті.

    Үйде отырғандар қуаныштары қойындарына сыймай, Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырыпты. Бұл оқиғаны батыр-жазушы өзінің «Ұшқан ұя» кітабында баяндаған.

    Қазақ есім таңдауға үлкен жауапкершілікпен қараған. Дүниеге келген сәбилерге қуана отырып, ат қойып, жаңа өмір иесіне болашақта мынадай бол деу арқылы, өз армандарының орындалуын да тілек ете білген. Сонымен қатар қарабайыр сөзбен емес өрнектеп, жүректен терең орын алардай есім таңдаған.

    Есім таңдауда халық түрлі сенімге сүйенгенін халық ауыз әдебиеті шығармаларынан көптеп кездестіруге болады. Қазақ радиосынан берілген «Алдаркөсенің алғашқы қадамы» атты ертегіде, оның неге осылай аталғаны жөнінде былай деп айтылды: «Адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді» дейді халық. Солай болса солай да шығар. Алдаркөсенің әкесінің есімі Алдан екен. Ол шынында да өмір-бақи алданып өткенге ұқсайды. Содан да болуы керек алданудан зәрзап болған аңқау азамат тұңғышының атын Алдар қойыпты. Жаратқан Жаппар иеміз соны түсінген ғой. Алдар тәй-тәй басып тілі шыға бастағаннан ешкімге есесін жібермейтін ақылды да алғыр бала болып өсіпті».

    Қазақтар есім таңдауды халықтық болмыстың діңгегі – үлкенді сыйлау арқылы жүзеге асырып отырған. Сондықтан нәрестеге ат қоюды елдің сыйлы адамынан өтінетін. Немесе, дәл сол кезде ауылда атақты ақын яки басқа өнер иесі қонақтап жатса сол кісіге қолқа салатын болған. Күйшімен жақын таныс-біліс болған жазушы Сәуірбек Бақбергеннің жазуы бойынша, атақты Дина күйшінің есімін қариялар «қырықтың бірі Қыдыр» деп ауылға сусын ішуге бұрылған жолаушыға қойдырған.

    Қазақ қуанышын бөлісуге әрқашанда жақындарын, достарын шақырған ғой. Белгілі жазушы-драматург Шахмет Құсайынұлының жұбайы, театр және кино артисі Бикен Ырымқызы ұл туғанда, сәбидің атын Серке Қожамқұлұлы ағамыз Көбей деп қойған. Сонда бұл атты шілдеханада болған ақын-жазушылар: Мұхтар Әуезұлы, Сәбит Мұқанұлы, Жұмағали Сайын, Қасым Қайсенұлы бір ауыздан қостаған.

    Халқымызда баласына немесе немересіне жақын адамдарының есімін қоюға рұқсат сұрау әдеті қалыптасқан. Дәл осындай оқиға театр және кино артисі Серке Қожамқұловтың жиен немересіне есім таңдау барысында орын алған. Жазушы Мұхтар Әуезұлы Лениндік сыйлық алған кезде Серке Қожамқұлұлы жазушының үйіне, лауреат болуымен құттықтай барып: «Сіз сыйлық алған күні менің тұңғыш немерем де дүние есігін ашты. Соған өзіңіздің атыңызды қойсам мүмкін бе?» деп рұқсат сұрайды. «Атымды қой, құрдас, бәлі, сенен мен немді аяймын?!» деп Мұхаң да мейірлене жауап берген.

    Балаға кейбірде екі ат берілген. Ақын Қасым Аманжолұлы бір досының қызына Меруерт есімін берген. Бұл есімге нәрестенің нағашы әжесі Сағи деп ат қойғандықтан, қыздың туу туралы куәлігіне Меруерт-Сағи деп жазылған.

    Балаларға ұлы адамдардың есімін беру баяғыдан бар. Өз есімі қалай берілгені туралы бала кезінен туысқандарынан естіп өскен КСРО халық суретшісі Қанафия Телжанұлының жазушы Сейсен Мұхтарұлына айтуы бойынша, өзі туғанда әжесі  құлағының тұсына:

    – Мұхаммедханафия!

    – Мұхаммедханафия!

    – Мұхаммедханафия! – деп үш рет қайталайды.

    Шілдехана тойшылары:

    – Мұнан оңды есім болмады ма?

    – Тіпті шұбалаңқы ма, қалай?

    – Не мағынасы бар? – деп сұрайды.

    Сонда ақ шашты ана Мұхаммедханафия – қазақтың ұлы ғалымы Шоқанның шын аты  екенін, – өзінің қатар өскен құрдасы екенін айтқан.

    Халық түсінігі бойынша қыз балаға тіл-көз онша тие қоймайтын болған, сондықтан оларға әдемі аттар таңдалған. Қыз аттарына аспан әлемінің, сұлу-момын аңдардың, асыл тастар, қымбат маталар, нәзік және сирек кездесетін өсімдік аттары т.б. пайдаланылатын. Мәселен Айман, Шолпан, Жұлдыз, Құралай, Тоты, Маржан, Алтынай, Күміс, Жібек, Мақпал, Шынар, Раушан, Қызғалдақ т. б.

    Қыз балаларға есім таңдағанда жаңа туған нәрестенің түр-түсіне де қарап ат берілген. Жазушы Сәбит Мұқанұлының шешесі ақ сары кісі екен. Төрт-бес ұлдың артынан сүт кенже боп туған соң, атын Балсары қойыпты. Бұл, нәресте кенже болған соң балдай тәтті, деп жақсы көріп,   тәтті тағам мен бояу түсі біріктіріліп ойлап табылған есім. Ұлы қаламгердің «Өмір мектебі» және басқа да шығармаларын оқыған адам, түрлі қызық мәліметтерді көптеп білуіне мол мүмкіндік алады.

    Еркек баланың атын көбінесе үлкен әкесі, ауылдағы қариялар, оның бірі болмағанда баланың өз әкесі қояды. Ер балаға бұрынғы өткен ата-бабаларының, батырлар мен билердің, ақын мен жыраулардың аттарын; баласы тұрмай жүрсе ешкім ескеріп көзге түспейтін жұпыны аттарды (Малбағар, Бүйен, Боқбасар, Боққайнат, Ұлтарақ, Көтібар), бала туған жер су, күн, ай аттарына байланысты (Бұлақбай, Көлбай, Ілебай, Дүйсембай, Қаңтарбай), әкесінің немесе атасының жасына қарай  (Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Сексенбес), дені сау, жаны берік болуын меңзеп (Темірболат, Шойынбай), бұрын-соңды болған қару-жарақ атауларына байланысты (Найзабай, Қылышбек, Шоқпар, Балтабай т.б.) есімдер беріліп отырған.

    Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқандықтан жан-жануарларға, оның ішінде үй жануарларына, төрт түлік малдың, жабайы аңдар мен құстардың атауларына байланысты (Бөдене, Бүркітбай, Жолбарыс, Қарлығаш, Қойлыбай, Серкебай, Сілеусін) берілген есімдер көптеп саналады.

    Кенесары ханның есімі қойылуы туралы қызық оқиға бүгінгі күнге жетіп отыр. Болашақ хан өте кішкентай болып туылыпты. Шоқай би жаңа туған сәбиді қолына алып:  – Өзі кенедей кіп-кішкентай екен, аты Кенесары болсын, – деген екен.

    Қазақ есімдерін зертеу ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Телқожа Жанұзақ ағамыздың өзінің айтуы бойынша азан шақырып қойылған есімі Төлқожа екен. Бұл есім балалардың үлкені төлдің басы, кейінгілерге қамқоршы болсын деген ниетпен берілген екен. Кейін мектепте оқып жүрген жылдары ұстазы, әдебиет сабағынан беретін Жәлила Жолайқызы: Ініңнің аты Тельман, сондықтан аттарың ұйқас болуы үшін сенің атың Төлқожа емес Телқожа болғаны дұрыс, деп айтқан соң Телқожа атанып кеткен.

    Балаға өзінің туған айының, мысалы: Маусымжан, Ақпан, Ақырап деп беру үрдісі де болған. Қасым ханның тоқалы босанып, Көкшетауда үлкен ұлан-асыр той болады. Наурыз айында дүниеге келген сәбидің атын Наурызбай қояды. Ауыр найзасын екі қолымен ұстағанын ешкім көрмеген қара күштің иесі, батыр Наурызбайға есім осылай берілген.

    Кейбірде дүниеге келген нәрестеге өскенде орындауы керекті міндетті меңзеп ат қойған. Сырым Датұлының әкесіне берілген есімге байланысты оқиғаны атақты Мәшһүр Жүсіп былайша жазған: Сырымның атасы Шолан батырды жаулары қылыштап өлтіреді. Шоланнан Дат. Іште қалып дүниеге келгесін қара қазақ жиналып, арадағы кек ұмытылмас үшін жас баланың атын Дат қояды. Дат сөзі: Әділеттілікті талап ету, мұң шағу, тілек айту мағынасын білдіретіндіктен бұл есім болашақта әділеттікке қол жеткізсін, өмірінде әділетсіздік көрмесін деген тілекпен берілгені анық.

    Қазақта нәрестенің денесінің бір ерекшелігіне қарап ат қоятын әдет те бар. Қазақ КСР Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонай «Өтті дәурен осылай» атты кітабында: «Қажылық жол Жұмабай атамның сегіз ай уақытын алыпты. Оның 1886 жылы туған ұлы Меңліахмет – менің әкем. Оң жақ бетінде алақандай меңі болса керек, атын соған қарап қойыпты» деп  жазады.

    Кейбірде адамдарға басқа есім де беретін болған. Бұл үрдісті қазақ «аттеріс» немесе «аттергеу» деп атайды. «Аттеріс (аты теріс) – жанама атты қоюдың әлеуметтік негізі жасы үлкенді қадірлеуден, жастарды ізеттілікке, кішіпейілділікке тәрбиелеуден шыққан. Көп ғасыр бойы қалыптасқан қазақ халқының әлеуметтік, үй ішілік жосыны бойынша жасы үлкен кісілерді олардың өз атымен бадырайтып айту – өте өрескел, ерсі болып көрінген. Халық арасында өз ойынан жанама ат қою – әсіресе жаңа түскен келіншектерден сыпайылық, әдепті мінез талап етілгендіктен туындаған. Жаңа түскен келіндер күйеуінің ауылындағы адамдардың үлкен-кішілерінің өз аттарын еш уақытта атамай барлығына жанама ат қойған. Тек өзі түскеннен кейін туған балаларды ғана өз ата-анасы қойған атпен атаған. Жанама ат әрқашан адамның түріне, мінезіне, кәсібіне қарай қойылған. Мәселен, «Ұста қайнаға», «Арбашы ата», сері, аңшы болса: «Аңшы жігіт», «Сал жігіт», «Мырза жігіт», оқыған болса: «Молда жігіт», қайын сіңлілерін: «Еркежан», «Үкіліжан», «Тетелес» дейді. Қайын ініге қоятын аттар көбінесе (Қалқанқұлақ, Алақанкөз, Қарабала, Сарбас т.б.) сықақ, әзілмен келеді.

    Келіндердің тапқырлығы, әсіресе, жаратылыс пен географияға, жан-жануарларға, тұрмысқа байланысты аттарды өзгертіп алуында көрініс табады. Ауылдағы қариялардың ішінде ай, күн, боран, тау, қасқыр, жылқымен басталатын аттар болса, бұл есімдерді келіншектер еш уақытта тура атамай, жанама ат қойып алады. Айды – түнгі жарық, күнді – сәуле шашқан, жұма – ауыр күн, бейсенбі – атам аттас күн, көрпе – жуырқан, қасқырды – ұлыма, боранды – шаңғыт, жылқыны – туар, жолды – соқпақ, тасты – қайыршақ деген. Өйткені мұны айтып отырған келіншектердің аулында бұл аттарға ұқсас, атауға болмайтын Айтуған, Күнтуған, Боранбай, Жылқыайдар, Жолдыбай, Тасболат деген кісілер болған.

    «Қазақ энциклопедиясында» мынадай бір қызық жағдай баяндалған: бірде Аюбай, Түлкібай, Итбай деген ағайынды кісілер шай ішіп отырса, ауылдың сырты әлденеге дүрлігіп кетіпті. Үйде отырғандар тыстағы не дүбір екенін білуге жас келінді жұмсайды. Келін шығып қараса, аю түлкіні қуып, оған барлық ауылдың иттері абалап үріп жатыр екен. Не болғанын сұраған үлкендерге келін: – Атекем тәтекемді қуып барады, оған ауылдағы жәкемдер үріп жүр. – деп жауап қайтарыпты.

    Кейбірде жанама есімдер азан шақырылып берілген есімдердің орнын басуы жиі кездеседі. Мысалы: академик Қаныш Сәтбайұлының шын есімі – Ғабдұлғани, әнші Күләш Байсейіт – Гүлбаһрам, биші Шара Жиенқұлқызы – Гүлшара. Сазгер – Шәмші Қалдаяқұлының өзінің есімі де, әкесінің есімі де басқаша. Өзінің шын аты –Жәмшид. Әкесі Әнәпия аяғындағы қалына байланысты Қалдаяқ атанып кеткен.

    Ұл балаларға батырлардың атын беру, әсіресе, жаугершілік заманда, соғыс жылдары кең өріс алып отырған. Ұлы Отан Соғысының Батыры Мәлік Ғабдуллин майдан шебінде жүргенде 1943 жылдың 18 көкегінде күнделігіне осындай үрдіс туралы былай жазған екен: «Жуырда мен бір адамнан хат алдым. Ол кісі хатында былай дейді: «Мәлік-ау, осы сенде не арман бар екен? Арманың жоқ та шығар. Оқу оқып, білім алдың. Майданға барып ең, атағың шықты. Сені халқың мақтан етіп отыр. Жаңа туған жас балаларына көп адамдар сенің атыңды қойып жатыр. Мұндай дәрежеге жеткен адамның арманы болмасқа тиісті».

    Қазақтар перзенттерін ұл-қыз деп бөлмей жақсы көреді. Қыз баланы да, ұл баланы да бірдей есімдермен атау дәстүрі соның дәлелі. Бауыржан Момышұлының әкесінің есімі Момынәлі болса, ақын Абай Құнанбайұлының шыққан тегі, халық шежіресі бойынша Арғынның екінші әйелі Момыннан туатын төртеудің бірі Тобықтыға жатады.  «Шәріп» есімі көбінесе ұл балаларға беріліп отырғаны белгілі. Дегенмен, соңғы кезде бұлай болмағанмен, бұрынғы кезде қыз балаларды да осы есіммен атау үрдісі болғанын ақын Абай Құнанбайұлының «Шәріпке» деген өлеңінің «Түңлікбайдың қатыны атың Шәріп…» деп келетін жолын оқығанда білуге болады. Ал бұл есімнің арабшадан  қазақ тіліндегі мағынасы «атақты, мейірімді, пайғамбардың әулетінен деген атақ» дегенді білдіретінін ескерсек, осы есімнің ақын Абай ғұмыр кешкен ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана емес, одан бұрын да ислам дінінің қазақ еліне келген уақытынан бері қолданыста болғанын көрсетеді. Музыка зерттеуші Ахмет Жұбанұлы Біржан салдың көпке белгілі «Айтбай» әні туралы баяндай келіп: «Айтбай – қыздың аты. Қазақта қыздың соңынан ұл тумаса, қызға еркектің атын береді. Айтбайдың аты қойылуда солай болған» деп жазуы ұл балалардың есімдерінің қыздарға берілу себебінің пайда болған кезі әріде екені байқалады.

    Егерде дүниеге бірінен соң бірі қыз келген жағдай болса бұдан былай ұл туылсын, деп қыздың атын Балтакүл, Толбала, Ұлбосын, Ұлмекен, Ұлжан, Үзілхан, Үмітхан деп қойған. Қазақ халқының арасында бұл сенім әлі күнге дейін орын алып келеді.

    Бала шетіней берген жағдайда жаңа туған сәбиге Жасұзақ, Жүзжасар, Мыңжасар, Тұрар, Тұрғын, Тұрсын, Тұрғынбай, Тұрсынай, Тұрсынкүл, Өлмес, Өскен деп ат қойған. Ырым етіп нәрестенің кіндігін балтамен кесіп, біреуге бірнәрсе беріп сатып алатын кездер де болған. Немесе жаңа туған нәрестені ұзақ жасаған бірнеше кемпірдің етегінің астынан өткізу дәстүрі болған. Бұндай балаларды Үшкемпір, Төрткемпір, Бескемпір деп, жоралғыға қатысқан кейуаналардың санымен атаған. Бұндай ғұрыпты атқаруға ақсақалдарды да шақыратын болған. Әйгілі ақын Кенен Әзербайұлы елуден асқанда көрген қызына осындай ырым жолын жасап, есімін Төрткемпірбіршал қойғаны белгілі. Кейін қызы өскен соң мектепке барғанда балалар мазақтай берген соң атын Төрткен деп өзгерткен.

    Белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің есімі түске байланысты қойылған. Анасы Мәрияштың айтуы бойынша болашақ ақын өзінің есіміне былай ие болыпты: «Бір күні Қатша деген туыс апам үйге келіп: «Түсімде ақ сақалды ата: «Нағашыбайдың үйіндегі келін ұл туады. Атын Шөміш әулиенің атымен Шөмішбай деп қойсын. Сонда жасы ұзақ болады» деп аян берді», – деді. Ізінен інілері мен қарындастары келді». Бұл шынында да өте сирек есім. Шөмішбай ағамен кездесіп сөйлескенімде өзінің есімі туралы жазушы Дулат Исабекұлы ағамыздың: «Қазақ тарихында ақын Шөмішбай өлеңдерімен ғана емес өзінің есімімен де қалады» деп әзілдегенін айтты.

    Кейбірде сәбилерге елді мекен, жер-су аттарына байланысты есім қойған. «Абай» энциклопедиясын оқығанда ақын Абай Құнанбайұлының төртінші атасы Торғай Айдосұлының есімі «Ақтабан шұбырынды» заманында Сыр бойына босып, ауа көшкенде Торғай өзенінің бойында дүниеге келгендіктен берілгенін білдім.

    Ақын Жамбылға есім берілуі де жер атына байланысты, ақынмен өте жақын қатынаста болған жазушы Сәбит Мұқанұлы: «Жәкең Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде туғандықтан әкесі атын Жамбыл қойыпты» деп жазды.

    Туған жерге байланысты ат қою әдеті жиырмасыншы ғасырда да жалғастығын тапқанын 1922 жылы туған атақты ақын Сырбай Мәуленұлының:

    Сыр бойында туған соң,

    Сырбай қойды атымды. –

    деген өлең жолдары да дәлелдейді.

    Ұл-қыздарына ұнатқан әдеби шығармалардың кейіпкерлерінің есімін беру де тарихта белгілі. Кезінде «Абай жолы» романындағы ақынның ғашық болған қызы Тоқжан есімі бүкіл Қазақстанға кеңінен тарап кеткені белгілі. Музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанұлының келтірген дерегі бойынша осындай бір қызық оқиға белгілі әнші, композитор Жаяу Мұса әйелі Сапар екеуінің тұңғыш перзенті дүниеге келгенде болыпты. Жаяу Мұса кезде орыс әдебиетінің алыбы, жазушы Лев Толстойдың «Анна Каренина» романын оқып, қызын осы шығарманың бас кейіпкерінің атымен атағысы келген. Бірақ ауыл молдалары: «Біз кәпірдің атын айтып, сәбидің құлағына азан шақыра алмаймыз» деп бас тартады. Сонда Мұса тұрып: «Сендер білген әлхамды мен де білемін, аллаҺу әкбарді сендерден гөрі дұрыс айта аламын, бері бер сәбиді» деп, өзі азан айтып Анна деп атайды. Осылайша Рим мифологиясының жаңа жыл әйел құдайы Аннаның (мағынасы – жыл, мәңгілік) есімі қазақ қызына берілген. Халифа Алтай қазақшаға аударған Құранда Анна есімімен үндес Ханна есімі бар. Басқа халықтармен байланыс арқылы енген есімдерден төл қазақи есімдердің көп екенін бірнеше сөздіктің иегері Нұртас Оңдасынұлы нақты жазған.

    Қазақ халқы есім беруде де өзінше бір үлкен құбылыс иесі екені анық. Қандай аласапыран жағдайларды басынан кешірсе де есім беруге келгенде халықтық тамырынан айырылмаған. Басқа халықтармен байланыс арқылы енген есімдерден гөрі төл қазақи есімдердің көп екенін бірнеше сөздіктің иегері Нұртас Оңдасынұлы нақты жазған.

    Қазақ есімдері халықтың рухани болмысының, тұрмыс-тіршілігінің айнасы іспетті. Ұлттық есімдерге зер сала, көңіл аударған адам, қазақ халқы туралы көп нәрсені білу мүмкіндігіне ие болады. Мысалы: Арқалық батырдың есімінің – бесіктің екі басын қосып тұратын үстіңгі ағаш; ғалым Шоқан Уәлиханның жақсы көріп тыңдайтын әншісі Әлжан Атубайұлының әкесінің Атубайдың есімінің мағынасы – жұмсақ былғарыдан тігілген жеңіл етік, мәсі; Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлудың ұлының аты Сайтүлек. Бұл есімнің мағынасы екі сөзден құралған: Сай – а) үлкен жыра, аңғар, ә) сәйкес, үйлесімді, лайық, дәл. Түлек – қыран құстың жетіліп, бабына келіп ұшқан балапаны. Ақын Сара Тастанбекқызының інісінің есімі Сақари. Бұл есімнің де бірнеше мағынасы бар. Сақар – а) қазақ оташылары емге пайдаланған шөп, ә) ораза кезінде таң атпай ішетін тамақ, сәресі. Ақын Сауытбек Ұсаұлымен айтысқан ақын қыз Майсаның есімі «шөбі қаулап өскен, көгалды жер» дегенді білдіреді. Жазушы Бексұлтан Нұржекенің әжесі Батпан Кежімбайқызының есімінің мағынасы салмақ өлшемін білдіреді. Жаза берсем, бұндай мысалдардың шегіне жету қиын.

    Еліміз егемендігін алып әлемге танылып жатқан бүгінгі бейбіт заманда Гүлжауар, Жаншуақ, Әріби-Әрібек, Ерхалық  сынды есімдердің пайда болуы да қазақ халқының арманшыл халық екенін және сол армандаған мақсатына жететінін дәлелдейді.

    Бердалы ОСПАН,

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Бауыржан Момышұлының батасы

    Бұрынғы Семей облысы Iшкi iстер басқармасының Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлiмiнiң бастығы полковник Тоқтар Мәнкеновтың ...