• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Асыл қазына » Ұлы қазақтар әзілдейді

    Ұлы қазақтар әзілдейді

    Өнер алды қызыл тіл» деп білетін қазақ халқы әзіл арқылы көңіл көтеріп қана қоймай, әшейінде айтыла бермейтін, қоғамға ой салатын пікір білдіретін болған. Халқымыздың ұлы перзенттерінің әзілдері халықтың рухани байлығы ретінде сақталып келеді. Көпшілік ұлы адамдардың әзілдерін жаттап алып елге таратып отырған. Әдебиет зерттеушілері бұл рухани байлықтарды жинап бүгінге жеткізді.

    Бүкіл ғұмырын Қаратау атырабының ақындарын зерттеуге арнаған ғалым Әсілхан Оспанұлы Майлықожаның басқа бір өлең майталманы Құлыншақпен әзілмен сөз қағыстырғанын жариялады:

    Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,

    Жұрттан алып жегенмен бай болмадың, – дей берген

    Құлыншаққа өлеңнің ар жағын Майлықожа былай деп жалғастырып:

    Сен Құлыншақ болғалы талай болды,

    Иә құлын, иә жабағы, тай болмады, – деген екен.

    Белгілі әдебиетші Немат Келімбетұлы Шәді ақын шығармашылығын зерттеп жазған кітабында оның Майлықожа  ақынмен әзілдескенін келтірген:

    Бір жолы Майлықожа ақын әзіл-шынын араластырып:

    Шәді төре келеді жорғасымен,

    Құдай артық жаратты ол басынан, –

    дей бергенде жас Шәді өзіне айтылған бұл әзіл шумақты әрі қарай жалғастыра түсіп:

    Пұл емес өлең жиған дорбасынан,

    Әр сөзі құйылғандай қорғасыннан, –  деп ақын ағасына еркелей жауап қатыпты.

    Ақын Ілияс Жансүгірұлы туралы Әбділда Тәжібайұлы «Есімдегілер» аты естелік кітабында әдемі жазған: Өзгелер қызыққан ғажайып ақынға мен де қызығатынмын. Үш-төрт рет аңдып тұрып, қызметтен қайтқан кезінде үйіне дейін шығарып салып жүрдім.

    Ол менен әр нәрсені бір сұрап сөйлетуге, мені білуге тырысады. Мен сөйлей беремін, сөйлей беремін. Мен оған ойдағымның бәрін айттым. Осы қалада интернатта тәрбиешіміз болған Әбілқайыр Сәтбеков пен Шымкенттегі Тәңірберген Отарбаевтар туралы түгел айттым.

    • Сізді екеуі де жүдә жақсы көруші еді, ауыздарынан тастамаушы еді, —

    деймін әбден жеткізуге тырысып.

    • Мен ұстаздарым жаттатқан Ілияс жырларын да төгіп-төгіп жіберемін.

    «Жастарды» әнмен сұңқылдатып, егер тыңдасаңыз «Беташарды» да айтып берейін деймін ентіге сөйлеп.

    • «Беташар» да ұнай ма саған?
    • Жүдә ұнайды, аға! – деймін бөгелмей.
    • «Жүдәні» көп айтады екенсің, Әбділда.
    • «Жүдәні» жүдә көп айтамын, аға.

    Ілияс еріксіз дауыстап күледі…

    Мен содан кейін «жүдәні» (өзбекше «өте», «тіпті» деген мағынада ғой)

    байқап айтатын болдым.

    Майлықожа мен Құлыншақты пірім деп білген ақын Жамбыл Жабайұлы да әзіл айтар кезде тартынып қалмаған. Қазақ театры мен киносының атақты өнерпазы Қанабек Байсейітұлы Жамбыл ақынмен бірге жол жүрген кезіндегі бір оқиғаны естелік кітабында былайша баяндайды:

    «Әзілің жарасса әкеңмен ойна» дейтін қазақ емеспіз бе, қартты жан-жақтан қаумалап алуан түрлі сұрақтар қоямыз.

    • Қалай тоқал аласыз ба? Мәскеуден келген соң алып береміз, – деп те

    әзілдедік. Әзіл сөзден Жәкең сасқан ба, өлеңдетіп қоя берді:

    Қыз түгіл, енді бізге кемпір қайда?

    Текке қарап жүргеннің өзі пайда.

    Аршын төс, алма мойын, ақша бетті

    Алқымдап жатушы едік терең сайда, – деп салды. Ерлі-әйел

    болып бәріміз күлдік».

    Жүз жасаған ақынның хатшысы болған Ғали Орман 95 жастағы ақын Жамбыл туралы күнделігіне жазып отырыпты: «5 шілде, 1940 ж. Мәскеуден кинобригада мен суретшілер келді. Оларды жақсылап орналастырдық. Жәкең:

    –  Осы Жамбыл енді ауыра қалса, қалай болар екен, деп суретке түсіргелі жүрсіңдер ғой, – деп қалжыңдады.

    Бір күні Жамбылдың үйіне күйші Дина келеді.

    Дина: – Аңсап келдім десе, Жәкең:

    – Мен де сені сарсылып көп күттім. Иә, тоты құстай таранып, аққу құстай сыланып, ойың кімде?

    – Ойым сенде.

    – Оған жарасақ қой, шіркін! Әттең жиырма бесімде кездеспедің-ау!

    Дина:

    – Жиырма бес маған тағы қайтып келді, Сәлемін алтын күннің алып келді, – деп күнемеге сайрап жүрген өзің емес пе?!

    • Есіткен екенсің-ау, Динажан. Оның рас, сен де, мен де бақытты

    заманда жасардық қой. Шын айтамын, жиырма бес қайта айналып келді емес пе?

    – Иә, Жәке, сен сәулетті жігіт болдың, мен сәукелелі қыз болдым, бізде арман жоқ енді.

    – Динажан, қалжыңды қойып, домбыраңды қолыңа алшы? Күйіңді сағындым.

    Дастарқан жайылып, шай келгенше Дина «Қайран шешемді», «Кішкентайды» төгіп-төгіп салды. Жамбыл насаттанды:

    – Дина өзің іздеп келдің, енді сені жібермеймін. Қой соямыз.

    – Қой сойған соң той болар.

    – Той болған соң ой болар.

    Дина оған: – Әдептен мен де аспайын, өзіңе сенсең қашпайын, – деп жатыр. Жұрт қариялардың бұл бүкпесіз қалжыңына тағы да күлісіп алды».

    Қазақтың біртуар ақындарының бірі Қалижан Бекқожин өзінің бір естелігінде Сәбит Мұқанұлы туралы әдемі жазған:  «Есімде, Сәбеңнің бір кезде Цейлонға сапар шегіп қайтқаны ақиқат. Міне сол сапарынан Марқакөл жағасында шалқи әңгіме шертіп тұр.

    – Мен – деп кетті Сәбең, – Цейлонда мұсылмандар да бар екен, қалың жыныс ішінде тұратын имамның ағаш шатырына барып сәлемдестім. Сіздерге бекер, маған шын, көргенімді айтайын, имам екеуміз әңгімелесіп отырғанда алдымызға ұзындығы 20 метр қызыл бас кесіртке іргеден жорғалап келді… Имам дұға оқып еді, әлгі жыланнан да ұзын кесіртке ғайып болды.

    Көңілді жұртты күлдіру үшін әзіл ретінде мен: – «Сәбе, осы сіздің әлгі кесірткелеріңіздің ұзындығы Тарбағатайда 7 метр, Зайсанда 10 метр, енді 20 метрге қалай ыршып кетті» – деп, қалып едім, Сәбең абыржыған жоқ, әдетінше қулана күліп, – Қалижан, оның анадайы ды, мынадайы да болады – деп сөзін жалғастыра берді».

    Атақты композитор Шәмші Қалдаяқұлы туралы Күдербай Елтайұлы ақсақалдың естелігінде сазгердің бір әзілі баяндалады. Бірде Шәмші ағамыз өзінің автокөлігімен көрші ауылдағы жағалбайлы руының қымызын ішіп отырып, ақ жаулықты аналар мен ақсақалды қарияларға:

    – Мен Төлегеннің інісі боламын, жесір жеңгем Қыз Жібекті іздеп жүрген қайнысы мына мен боламын, дегенде барлығы рахаттана күліп, Шәмшінің орынды сөз таба білгеніне қайран қалысты.

    Атақты ақын  Қадыр Мырза Әлидің «Иірім» атты кітабында да әзілдердің түр-түрі жазылған. «Біз де қазақпыз» туындысы үшін Орталық Партия Комитетінің қаһарына ілігіп, «Ленинград», «Звезда» журналдарында қатты сынға ұшыраған ақиық ақын Әбділда Тәжібаев қаламдас інісі Жұбан Молдағалиге бірде: – «Біз де қазақпызды» жазып, мен таяқтың астында қалып едім, «Мен – қазақпын!» деп сен Мемлекеттік сыйлық алдың. Шіркін баққа дауа жоқ қой! –  деп қалжыңдапты.

    Енді бірде Сағынғали Сейіт, Қадыр Мырза Әли және Жұбан Молдағали үшеуі күтпеген жерден кітап дүкенінде кездесіп қалады. Кітап сөрелерін біраз қарағаннан кейін Жұбан Молдағали: – Жә, мына арадан ештеңе көре алмадым. Қайда кеткен тамаша кітаптар? – депті. – Қайдан болсын? Оның бәрі мына Қадырдың үйінде! – депті Сағынғали Сейіт.

    Жұбан ағамыз: – Одан не пайда? Бәрібір бермейді! – дейді. Сонда Қадыр Мырза-Әли: – Інінің беретіні бір-ақ нәрсе! – депті.

    Бұл кезде дүкеннен шығып бара жатқан Жұбан Молдағали кілт тоқтап кері бұрылып: – Ол не нәрсе? Інінің беретінін айтам да…

    • Не болушы еді? Әрине, інілік сәлем! – деп жауап беріпті Қадыр інісі

    қулана жымиып. Бұндай жауапты естіген Жұбан ақын: – Шынында да бірдеңе береді екен де тұрсам! – деп күлімсіреп кете барыпты.

             Өнер адамдарының қаламға жақын жүргендерінің бірі Асанәлі Әшімұлы. Асанәлі аға бір мақаласында қазақ театры мен киносының аға буын шеберлері Серке Қожамқұлұлы туралы қызықты оқиғаны көпшілікке жеткізген.

    Бірде Серағаңмен ресторанға барған Нұрмұхан Жантөрин даяшымен стақанға коньяк құйып, ішіне шай қасық салып әкелуге келіседі. Нұрекең коньякты қасықпен шайқап отырады. Аса сезімтал Серағаң: «Әй, Нұрмұхан, сенің шайыңнан неге бу шықпайды, суып қалған-ау сірә» деп сылқ-сылқ күліпті. Сонда Нұрмұхан: «Ту, Сераға» деп стақанды итеріп тастап, тұрып кетіпті.

    Шәкен Айманұлының әзілді қалай бағалағанын көпшілік оның «Тана жеңгейдің келіндері» фильмінен жақсы біледі. Ұлы режиссермен қызметтес болған Марк Беркович те Ш.Айманұлының әзілдері туралы естелік кітабында жазған.  Композитор Мұқан Төлебайұлы «Победа» автокөлігін сатып алыпты. Бірде көше бойымен кетіп бара жатқан Шәкен Айманұлын көріп жақын келіп тоқтап, есігін ашыпты да: «Отырыңыз, Шәке», – депті. Шәкен болса: – Отыра алмаймын, бір жұмыспен өте асығып бара жатыр едім, – деп жауап беріпті. «Ақыр асығыс екенсіз, апарып салайын» – дейді композитор. «Рахмет. Келесі бір ретте болмаса, бүгін өте асығыспын» – деп Шәкен иіліп ізет көрсетеді. «Сізге не болған, отырыңызшы енді!» деп өтінеді Мұқан Төлебайұлы. «Жоқ, кешігіп барамын!» – деген Шәкен Айманұлы басқа көшеге бұрылып жүре беріпті.

    Атақты драматург Қалтай Мұхамеджанның қалжыңдарының өзі бір кітап болып шыққаны белгілі. Өзінің айтуы: Жазушылар одағының екінші хатшылығынан кетейін деп жатқан кезім. 1984 жыл. Дінмұхамед Қонаев қабылдауына шақырды.

    • Сені басқа қызметке ауыстырайын. Анау, Кино комитетінің бастығы

    Ләйлә Ғалымжанқызына орынбасар болып барсаң қайтеді?

    • Ой, Димеке, мен екі әйелге қатар қалай орынбасар болам? – дедім.

    Димекең күлді.

    • О қалай, екі әйелге бірдей орынбасар болатының?
    • Енді, Димеке-ау, үйге барған кезде келініңізге орынбасар, жұмысқа

    келгенде Ләйләға орынбасар болғанда менен не қалады? – дедім.

    Димекең жымиған қалпы:

    • Онда ертең хабарласшы, – деді.

    Ертеңіне, мен Қазақстан Кинематографистер одағына бастық

    Болып тағайындалдым.

    Ұлылардың әзілдері өте көп, олардың бәрін бір мақала барысында жазып тауысу мүмкін емес. Қалай болғанда да көңілді жүрейік, ағайын.


    Бердалы ОСПАН,

    «АДЫРНА» ұлттық порталы

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Нұрғали бақсының қобызы

    Қостанай сапарымызда Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде өлкедегі танымал бақсы болған Нұрғали Күзембаевтың нарқобызын өз көзімізбен ...