• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Асыл қазына » Ер Жәнібектің жорық саптаяғы

    Ер Жәнібектің жорық саптаяғы

    Қазақтың жауынгерлік тарихына толы XVІІІ ғасырда (Ш.Уәлиханов) Жәнібек Бердәулетұлы дейтін батыр өткен. Батырлық жырларда немесе ел аузында бұл адам «Ер Жәнібек» деген атымен танымал. Атақты Қанжығалы Бөгенбай дүниеден өткенде Үмбетай жырау батырдың қазасын хан Абылайға естірткен толғауында:

    Аруағыңа болысқан,

    Әділ билік қылысқан,

    Қашпаған қандай ұрыстан

    Керейде батыр Жәнібек,

    Қаз дауысты Қазыбек,

    Қу дауысты Құттыбай,

    Қаракерей Қабанбай,

    Қанжығалы Бөгенбай –

    Абылай, сенің тұсыңда,

    Сол бесеуі болыпты-ай, – деген екен. Осы толғауда аты аталған керей тайпасының батыры Ер Жәнібек шамамен 1714 жылы туып, 1792 жылы дүниеден өткен, дейді зерттеушілер. Марқұмның сүйегі қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жар­ма ауданы, Ортабұлақ ауылы ма­ңын­да жерленген екен. Батырдың үрім-бұтағы бүгіндері Күршім-Зайсан өңірінде және Алтай бетінде тірлік кешуде.  Жәнібек батырдың көзі тірісінде өзі қолданған бәз­бір заттары күні кешеге дейін ұрпақтарының қо­лында сақталып келген. Атап айтқанда, пышағы, жорық сап­таяғы, ағаш төсегі, ақ туы, т.б.

    Осылардың ішінде батыр жорық кезінде үнемі қанжығалап, алып жүрген саптаяғы дәл қазір Алматы қаласындағы Мемлекеттік Орталық музейдің екінші қабатында орналасқан «Дәстүрлі қазақ мәдениеті» залының тұрақты көрмесінде тұр. Экспонаттардың тізімі тіркелген музей журналында аталмыш жәдігер жайлы «…XVIII ғасырда өмір сүрген Жәнібек батырдікі, 1946 жылы ұрпақтарынан алынған 2000 сомға бағаланды…» деп жазылыпты.

    Саптаяқты музейге әкеліп тапсырған – ака­демик Әлкей Марғұлан. Әлекең ал­ғаш 1927 жылдары Руденконың экс­пе­ди­­циясының құрамында Зайсанға бар­ған сапарында бұл бұйымды көзімен көрген.

    Зайсан өңірінің тумасы белгілі этнограф-ғалым Ахмет Тоқ­т­а­баев аудандық «Ізгілік үні» газетінің 1973 жылғы 19-шы санында үлкен ғалым Әлкей Марғұланның аузынан жазып алған естелігін жариялапты. Онда академик ата­­мыз­дың: «…Сендердің елдеріңде болдым, Жәнібектің сап­тая­ғынан дәм де таттым. Ақсақалдар наурыз, құрбан айт мейрамдарында батырдың саптаяғына ет турап, Және­кемнің саптаяғынан дәм татып келдік – деп үлкен мәр­тебе санайды екен. Мен музейге тапсырыңдар деп едім, бер­меді, ақыры 1946 жылы алдырдым…», деген сөзін келтіреді.  Сонымен қатар бұл жәдігер жайлы зерттеу жүргізген фото-мұрағатшы Марат Ескендір-Әбдешов өзінің 2008 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ портреттерінің тарихы» атты еңбегінде: «Саптаяқты музей қорына 1946 жылы Қазақ КСР ҒА Әдебиет жә­не тіл инс­титутының қызметкері Бәдел Тұрсынбаев тапсырған. Түгендеу кәр­тіш­кесінде: «Бер­дәулет, Жәнібек, Дауыл­бай, Жібетер, Садақ­бай, Былшық» деп мұрасын сақтап кел­ген батырдың үрім-бұтағының есім­дері жазылған. Жәдігер 1946 жылы 75 жасар Былшықтың қолы­нан алынған», дейді.  Сөйтіп, 1946 жылы музей қорына алынған бұл бұйым 1970-ші жылдарға дейін ашыққа шығарылмаған. Себебі, сол жылдарда ұлттық көне дүниелер «ескінің қалдығы» есебінде мансұқ­талғандықтан саптаяқты көрсетуге мүмкіндік болмаған.   Бірақ 1970-ші жылдардың ортасында Орталық музей орналасқан 28-панфиловшылар паркінің ішіндегі Собор ғимараты жаңартудан өтіп, жаңадан тақырыптық-экспозициялық жоспар құрылатын болады. Жоспардың соңғы нұсқасын Мемлекеттік Лито қарап шығып, мақұл көрсе экспозицияға қойылатын заттардың тізімін бекітеді. Осы тізімге батырдың саптаяғы еніп, оған «ХVІІІ ғасырдың орта кезіндегі қазақтардың жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық қозғалысының күрескері Бердәулетұлы Жәнібектің жортуыл саптаяғы» деген түсінік беріледі. Бір қызығы, саптаяқ көрмеге қоюға рұқсат етілген дүниелер қатарына кіреді. Содан бері бұл жәдігер музейдің тұрақты экспонатына айналған.  Зерттеуші С.Бекешовтің 2002 жылы жазылған «Қазақ­­тың дәстүрлі ағаш ою өнері» диссертациялық жұ­мысы­­ның 43-бетінде жоғарыдағы саптаяққа ғылыми си­пат­тама беріліпті. Онда: «Саптаяқ тұтас ағаштан ойыл­ған, сабы қысқа, жолға алып жүруге қолайлы, ыдыс­тың бірнеше жерін жез қаңылтырмен жамаған, ұзын­­дығы 37 см, биіктігі 24 см, сабының ұзындығы 12 см, сы­йым­дылығы 1,5 литр» делінген.


    Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Аманкелді Имановтың домбырасы

    1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Аманкелді Имановтың домбырасы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр екен. Жуырда ...