• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Асыл қазына » «Қара жорға» биі кімдікі?

    «Қара жорға» биі кімдікі?

    Қазақ билерінің бүгінгі таңдағы ең танымалы «Қара жорға». Осы биді тарихи отаны Қазақстанға шет елдерден қайтып келген бауырлар алып келді деген пікір бар. Бұл сөз кезінде біраз әңгіме арқауы болып бір телехабар түгелімен осы биге арналды. Мәдениеттанушы ретінде бұл хабарға мен де қатысып өз пікірімді білдірдім. Егер мұқият зерттелсе бұл бидің қазақ жерінде баяғыдан бар екені нақты дәлелденеді.

    1934 жылы маусым айында қазақ халқы шығармасының жиылысы болып өтті. Сонда жұрт тамашалаған қазақ билерінің бірі «Қара жорға болатын». 1940 жылы қазақ билерінің жанашыры режиссер Әнуар Ысмаилов Қазақ Мемлекеттік Филармониясының ұжымымен бұл биді сахнаға шығарды. Осы би 1943 жылы қазақ опера театрында көрсетілді. Биші Ысқақ Быжыбайұлы бұл биді 1934-1949 жылдар аралығында биледі. Бұл қойылымның кеңесшісі режиссер Жандарбек Құрманбекұлы болды. Ал 1959 жылы «Қара жорға биі» АҚШ елінің сахнасында биленді. Бұл деректер белгілі би зерттеушісі Дәрен Әбірдің «Санат» баспасынан шыққан «Қазақ биінің тарихы» деп аталатын орыс тілінде жарық көрген кітабында келтірілген.

    Бұнымен «Қара жорға» биі жиырмасыншы ғасырда ғана болған деген пікірмен шектеліп қалуға болмайды. «Қара жорға» биін қазақтар он сегізінші ғасырда да билеген. 2011 жылдың ақпан айының 4 жұлдызында «Қазақ әдебиеті» газетінде Ғалым Тыныбай өз мақаласының кейіпкері көнекөз Шоқатай ақсақалдың мына сөздерін келтірген: «Біз билеген «Қара жорға» биі Майлықожа мен Жүсіпқожалардың қалдырған мұрасы екенін бала кезімізде сұңғыла қарттардан естуші едік».

    Қазіргі кездері термелері ең көп орындалатын ақындардың бірі, ақын Жамбылдың бас ұрып пір санаған жыр сүлейі Майлықожаның жыр мұрасы қомақты. Ғалым Әсілхан Оспанұлы өмір бойы жинап нәтижесінде 2005 жылы шығарған ақынның 72 өлеңі, 27 терме толғауы, 20 айтыс, 9 дастаны, 7 мысал, 61 сықақ, ертегілері, аңыздары, хикаяттары, нақылдары бар 200-ден астам шығармалары басылған «Майлықожа» кітабы осының дәлелі.  Жанжақты өнер иесі Майлықожа Сұлтанқожаұлы 1835 жылы дүниеге келіп 1898 жылы алпыс үш жасында қайтыс болған. Демек ақын «Қара жорға» биін он тоғызыншы ғасырда билегені анық. Ал «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Алпамыс» тағы басқа да көптеген қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастырып насихаттауда ерен еңбек жасаған ақын Жүсіпбек Шайхысламұлы 1857 жылы дүниеге келіп 1938 жылы бақилық болғаны белгілі. Ақын ойын-сауыққа жақын жас кезінде 19-да ғасырда сүрген. Демек Майлықожа, Жүсіпбек ақын да «Қара жорға биін» биледі, деген Шоқатай ақсақалдың сөзі рас. Сондықтан бүгінде халық ықыласын бөленіп жүрген биді жиырма бірінші ғасырда шет елден келді деуге ешқандай қисын жоқ.

    Соңғы кезде «Қара жорға» қазақтыкі ме, әлде қырғыз бауырлардың биі ме деген ой-таластар да болып жатқаны, бұл бидің пайда болу кезеңі тым арыда жатқанын меңзейді деп ойлаймын. Сондықтан бұл биді де Махмұт Қашқаридің «Түркі сөздігі», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», және «Алпамыс батыр», «Едіге батыр» сынды әдеби мұралардың қатарында, түркі тектес халықтардың бөлінбей бір халық болып тұрған заманда пайда болған ортақ рухани дүниелері қатарына жатқызған дұрыс.


    Бердалы ОСПАН,

    «АДЫРНА» ұлттық порталы.

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қазақтың болашағын жақындатқан азамат

    Өткен көктем менің есімде жылыған күнімен, жаңадан туып қаланы жасыл желекке ораған жапырақтарымен қатар Өзбекәлі ...