• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алаш ұлдары » Қылқобыз шырақшысы

    Қылқобыз шырақшысы

    Қазақ музыка өнері тарихында өзіндік орны бар, көне ұлттық музыкалық аспабымыз – қылқобызды кәсіби жолмен оқытуда өз мектебін қалыптастырған, сөйтіп, оны заман талабына сай дамытуға ерекше үлес қосып келе жатқан есімі елімізге  танымал  ұлағатты  ұстаз, білікті маман Әбдіманап Жұмабекұлының өнегесі кісі қызығарлық. Ол – 1970 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының қылқобыз класына түсіп, өнерге құштар Базархан Қосбасаров, Қуаныш Әжмұратов, Құдайберген Нұрмановпен бірге әйгілі қобызшылар Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаевтан және белгілі ғалым-этнограф Болат Сарыбаевтан тікелей дәріс алып, көне дәстүрді қайта тірілткен талантты қылқобызшы.

    Қасиетті қобыз күйлерінің насихатталуына Ә. Жұмабекұлы секілді жанкештілер ерекше еңбек сіңірмегенде, қылқобыз қазіргі биікке көтерілмес еді. Ол ұлттық өнердің осы бір саласының қайта өрлеуі жолында аянбай еңбек етіп, қылқобыздың қай­та жаңғырып, қайта түлеуіне өлшеусіз үлес қосты. Яғни, осы киелі аспаптың құлақ­қа жағымды, жан дүниені жаулап, сезімді билеп алатын сазды да сырлы, сиқырлы үніне жастардың жаппай қызығушылығын тудырып, сүйіспеншілігін оятып, құштарлығын арттырудағы зор еңбегін айтпай тұра алмаймыз. Ол – осы киелі өнерді әрі қарай жал­ғастырушы ғана емес, заманға сай кә­сі­би жолмен дамытқан алғашқы профессионал қылқобызшы ретінде таңбаланып қалатын тұлғалы азамат. Осы еңбегі арқылы қасиетті қара қобыздың ғасырлар бойы қалыптасқан орындаушылық дәстүрін ұстап қалды.

    Әбекең қобыз тартуды үйретудің мектеп оқушыларына арналған алғашқы оқу-әдістемелік құралдарын жасап, республика бойынша бірінші болып бұл аспапты мектеп қабырғасынан бастап оқыту ісін кәсіби жолға қойды. Содан бері ол әдіскер-педагог ретінде қылқобызды үйрету мен оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіруден еш жалыққан емес.

    А.Жұбанов атындағы республикалық арнайы музыка мектебінде,К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған рес­публикалық мамандандырылған музыка­лық орта мектеп-интернатында және Құр­­­ман­ғазы атындағы ұлттық консерва­то­­р­ияда Ә. Жұмабекұлы халықаралық жә­не республикалық конкурстар мен фес­­­ти­вальдердің көптеген лауреаттарын тәр­­биелеп шығарды. Олар – қазақ қыл­қо­бы­зын әлемге әйгілеп келе жатқан Әлқуат Қа­зақ­баев, Жанар Жетпісова, Раушан Ораз­баева, Батырбек Байназаров, Ақнар Омарова-Шәріпбаева, Ардақ Итекеева, Ағайша Жұрбаева, Алмат Сайжанов, Мақсат Медеубек, Ақерке Тәжібаева, Әділет Әзібаев, Мөлдір Ерболқызы, Олжас Құрманбекұлы, тағы басқалар.

    Әбекеңнің сыныбынан бі­тірген қыл­қобыз­шылар бү­гінде республи­ка­­мыздың жо­­ғары музыкалық
    оқу орындарында ұстаз, ең маңдайалды оркестрлері мен ансамбльдерінде концертмейстер, жеке орындаушы ретінде танымал. Мәселен, Ә.Қазақбаев (Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері), Р.Оразбаева (мемлекеттік «Дарын» сыйлы­ғының иегері), А.Сайжанов Ұлттық өнер университетінде ұстаздық етсе, М.Медеу­бек, А.Тәжібаева Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерватория­сында сабақ береді. Ж.Жетпісова («Құр­мет» орденінің иегері) Астана филар­мониясының халық аспаптары оркестрі­нде концерт­мейстр әрі жеке орындаушы. А.Итекеева, А.Жұрбаева Құрманғазы атындағы Академиялық оркестрде концерт­мейстр, солист болса, бірқатары «Ақжелең», «Тұран», «Hassak» секілді танымал этно-фоль­клорлық ансамбльдер мен облыс орталық­тарындағы өнер ұжымдарында, музыкалық оқу орындарында қылқобызды жан-жақты дамытуға өздерінің айрықша үлестерін қосып жүр.

    Жоғарыда атап өткендей, Ә.Жұмабек­ұлы әдіскер-педагог ретінде 1990, 2000, 2013 жылдары республикалық орта арнаулы музыка мектептерінде, колледж­дерде қылқобыз оқытудың бағдарламасын жа­сады. Әрі ол мекемелер қазірге дейін осы бағдарламаларды басшылыққа алып қылқобызшы мамандар даярлап ке­ле­ді. Және осы бағдарламалар аясында дайын­даған үш кітаптан тұратын: бас­тауыш (1-4), орта (5-9) және жоғары сынып­тарға (10-12) арналған, әрқайсысы 36 баспа табақ «Қылқобызға арналған хресто­матия» атты жинақтары 2009 және 2012 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Білім» бас­пасынан жарық көрді. Міне, осыдан кейін музыка мектептері мен орта және жоғары музыкалық оқу орындарының қылқобыз сыныптарында оқитын түлектер оқулық тапшылығынан біржолата құтылды.

    Ә. Жұмабекұлы жоғары және орта арнаулы музыкалық оқу орындары ұжым­дарының арнайы шақырулары бойынша еліміздің бірқатар облыстарына барып, қылқобыздан шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Сонымен бірге, мерзімдік басылымдарда қылқобыз тарихы мен оның орындаушылары жайлы мақалалары жиі жарияланады.

    Әбдіманап Жұмабекұлы оқушыларға сапа­лы білім берудегі елеулі еңбек­тері үшін Мәдениет және Білім министр­ліктерінің көптеген грамоталарымен, «КСРО мәдениетінің үздігі» (1990 жыл төсбелгі­сімен), «Қазақстан Республика­­сы Білім беру ісінің үздігі» (1999 жыл) және «Қазақстан Республикасы Білім ми­нистр­лігінің құрметті қызметкері» (2003 жыл), «Жаңашыл педагог» (2006 жыл) бе­лгі­лерімен марапатталған. Иә, бір өзі бүгін­де қазақ өнерін дүние жүзіне танытып жүрген жиырмадан астам лауреат тәрбие­леп өсірген, табиғатында қарапайым да кішіпейіл дарынды тұлғаның бүгінге дейін сіңірген ерен еңбегі қандай марапатқа да лайық!..

    Кезінде Алматы облысы, Шелек ауданы­ның «Винсовхоз» деп аталатын ауылына Алматы­дан барып, осы жалын атқан жап-жас Әбекең мен мөлдіреген инабатты да ұяң қараторы бойжеткен Ләңкеңнің тойында асаба болған едім. Ол кезде Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда Әбекең менен бір курс жоғары оқитын. Тойдың қадірлі қонағы, бүгінгі қасиетті қылқобызшы шәкірттер ұстазының ұстазы, белгілі ғалым-этнограф Болат Шамғалиұлы Сарыбаев ағамыз екі жасқа ақ батасын беріп, ұлы ұстазға жас келін Ләңкең иіліп сәлем салған еді. Ал күйеу жолдас, қазіргі елімізге белгілі дарынды дирижер, сазгер-ұстаз Қарасай Сайжанов еді. Сол тойдағы ақ батамен көгеріп, қазақтың қасиетті қылқобызының шырақшысына айналған Әбдіманап досымызға өнерсүйер қауым түгел тілекші.


    Сланқожа ҚАРАҚЫСТЫҚ,

    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

    «egemen».kz

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Генерал Сабыр Рақымов қалай қазақ болды?

     «Әсілхан Оспанұлы деген доцент Шымкентте    тұрады. Сол: «Мені атса атып жіберсін, басқалар күймесе мен күйемін, ...