• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алаш ұлдары » Сталинградқа да ту тіккен қазақ екенін білесіз бе?
    Stalingrad. The Victory Banner over the square. Photo TASS / Georgy Zelma Сталинград. Знамя Победы над площадью павших борцов. Фото Георгия Зельмы /Фотохроника ТАСС/

    Сталинградқа да ту тіккен қазақ екенін білесіз бе?

    1945 жылы бірінші болып жеңіс туын Берлин қаласының Рейхстагына тіккен Рақымжан Қошқарбаевты қазақстандықтардың бәрі біледі. 1941 жылдан 1945 жылға дейін созылған осы сұрапыл соғыста көптеген қалалар азат етіліп солардың бәріне де жеңіс туы тігіліп отырған.

    Бұл соғыстың ең шешуші шайқастарының бірі Сталинград шайқасы. Гитлершіл фашистерден қуып шығу шайқасында Сталинград қаласына жеңіс туын тіккен  қазақ батыры назардан тыс қалып келеді.

    Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы  Ұлы Отан соғысының батыры генерал Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеген «Қазығұрт қыраны» атты  зерттеу мақаласы 1972 жылдың 9 мамыр күні облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2-4 беттерінде, содан бір айға жетер-жетпесте 1972 жылдың 6 маусым күні республикалық «Лениншіл Жас» газетінің (Қазіргі «Жас Алаш» газеті) 3-бетінде  жарық көргеннен кейінде генералдың өмір жолын зерттеу жұмысын тоқтатпай С.Рақымовтың нағашы ағаларымен және қарындасы Лүтпімен кездесіп, Өзбекстанның басшысы Ш.Рашидовке, Ғылым Академиясына және басқа да ресми орындарға хат жазып көп жұмыс істеді. Сол кездері Әкем балалары біздерге көптеген қызық әңгімелер айтатын еді. Бірде Берлинге жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев туралы айта келіп: Сталинградқа ту тіккен Өтебай ағаларың Шымкентте тұрады, деді.

    Әкемнің бұл сөзі мені өте таңқалдырды. Біраз уақыттан соң Әкемнен батыр ағаның тұратын мекенін біліп кездесуге бардым.

    Өтебай Қалыбайұлы аға өте әңгімешіл кісі екен. Менің бұйымтайымды білген соң сөзін жәймен бастап кетті:

    • Мен соғысты офицер шенінде аяқтадым. Не көрмедім… Соғысқа

    аттанарда Қошқар ата әулиеге барып зиярат еттім.

    1941 жылы Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз) 105-қазақ атты әскер дивизиясы құрылды. 1942 жылдың маусымында аттарымызды вагондарға тиеп, 30 эшелон болып майданға аттандық. Дәл қазіргідей есімде Мәскеуге тура 22-қыркүйекте жеттік. Осы жерде біз күтпеген жағдай болды. Аттарымыз бен қылыштарымызды өткізіп артиллерияны меңгеруге көштік. Бұған жеті-ақ күн берілді. Қалғанын алғы шепте үйрене жатасыңдар деді. Мен соғыспен алғаш осылай танысты.

    • Өтебай аға, менің Әкемнің ағасы Шерехан бабам да соғыста зеңбірекшілердің командирі болған. Жауынгерлер зеңбіректерді қар-батпақта итеріп қиналып жатқанын соғыс жайлы деректі фильмдерден көріп жүрміз. Шамасы соғыстың ең қиын мамандығы зеңбірекші болу шығар?
    • Соғыста ешкімге жеңілдік жоқ. Бір снарядтың салмағы

    сексенбес килограмм. Ол кезде қылшылдаған жас едік, шыдамды едік. Мен батарея командирінің көмекшісі болдым. Үнемі зеңбіректер арасында жүгіріп жүруіме тура келетін. Кімге не жетпейді, кім жараланып, кімнің қаза тапқанын, бәрін-бәрін білу  міндетім еді. Бірақ обалы не керек, снарядтар уақтылы жеткізіліп тұрды.

    Мен сексен сегіз қаланы фашистерден азат етуге қатыстым. Тұп-тура сексен сегіз. Біреуге өтірік, маған шын. Бізді барлық қалалардың тұрғындары қуанышпен қарсы алды.

    Бірде жаңа ғана азат етілген қалада келе жатып зар жылап отырған әйелді көрдім. Ол жанып кеткен үйінің орнында жалғыз отыр еді. Қасына барып жұбатпақ болдым. Әлгі әйел әрең дегенде үймен бірге кішкентай балаларының өртеніп кеткенін айтқанда өзегім өртеніп қоя берді. Үйіңіздің астында жертөле яки ұра бар ма еді, деп сұрадым. Жауап беру орнына басын шұлғи береді. Жауынгерлеріммен үй орнын тез арада жанған бөрене қалдықтарынан аршып, жертөле қақпағын ашып жібергенімізде өрттен тығылған балаларды көрдік. Әлгі әйелдің есі шығып кеткені сонша, біресе балаларын құшақтап, біресе біздерді бетімізден сүйіп әбігер болып жатыр. Біз де мәз-мәйрамбыз. Қоржындарымызда жеуге жарайтын азығымыздың бәрін әлгі әйел мен кішкентайларға беріп ары қарай жүріп кеттік.

    Соғыс адамды қатыгез ететін шығар деп ойлаушы едім. Олай емес екен ғой? 

    Соғыс әркімге әртүрлі әсер етеді. Ешкімге оңай тимейді. Бірде Венгрияда ғой деймін. Біздің әскерлердің қолына неміс фашистерімен бірге отыз шақты әзірбайжан жігіттері қолға түсті. Байғұстар немістердің қолына түсіп қалған екен.

    Қаны көзіне құйылған орыс қызыл әскерлер оларға «сатқындар» деп бәрін жиып бір үйге қамады да бір танкіні әкеліп, оқпанын терезеден кіргізді де бір-ақ атты. Жаңағылардың біреуі де тірі қалмады. Соғыс небір сұмдықты көрсетеді.

    Өз басыма келер болсам, фашистерді жек көруімде шек жоқ еді. Бірақ қатыгездік пен асқан жауыздыққа бара қоймадым. Сталинградта  мынандай бір жағдай болды. Шайқас мәресіне жетіпқолға түскен немістерде есеп жоқ. Қарап тұрсам, неміс жауынгерлерінің соңын ала неміс әскерлерінің шинель-қалпақтарын киген қазақ жігіттері келе жатыр! Мен офицермін, қарауылдар алға кетіп қалған. Әлгілерден бұндай халге қалай түскендерін сұрадым. Олар тұтқынға түскеннен кейін солардың отын жағып, шәйін қойып жүргендерін айтты. Мен оларға «қазір жан-жаққа тарап, қаза тапқан қызыл әскерлердің киімдерін киіп алыңдар, содан соң адасып, қалдық, орысша білмейміз деп айтыңдар», — деп кеңес бердім». Сенесің бе, сол жігіттермен Берлинде кездестім. Маған «Көкелеп» шұрқырасып амандасты.

    Сол Сталинград шайқасы туралы айтып берсеңіз?

    • Өмірімде мақтанарлық бірнеше оқиғалар болды. Екеуі де осы

    шайқасқа қатысты. Мен Сталинградқа бірінші болып ту тіктім. Ол сәтті кинодокументалистер түсіріп алды. Бұл ақпан айында болған еді. Сол 1943 жылдың мамырында Курскіде соғысып жүрген бізге «Сталинград эпопеясы» деген екі сериялы деректі фильм көрсетті. Мен сонда өзімді көрдім. Қарулас достарым мені көріп «Өтебай анау сен ғой, біздің Өтебай ғой!» айқайлап, қуанып жатты. Содан соң дәл сол кинокадрлерді жиырма жыл өткен соң Шымкенттегі «Жастық шақ» кинотеартрында АҚШ-тың «Поляр жұлдызы» атты фильмінен көрдім. Кейіннен өзімнің Сталинградта қызыл ту ұстап тұрған суретімді газет-журналдардан көп көрдім. Бірақ неге екенін қайдам, арқамнан түсірген, бетім көрінбейтін. Бақсам, әр ел халық өкілдеріне әртүрлі көңіл бөлінеді екен. Біреуін жақсы жағынана көбірек көрсету саясаты қолданыпты.

    Тағы бір айтарым, фельдмаршал Паулюсті тұтқындауға тікелей дәнекер болуыма байланысты. Сталинградты бізге бермей ол соңына дейін жанталасты. Біздің басшылық одан ұрыссыз берілуді талап етті. Бірақ Паулюс бұдан бас тартты. Ұрыстың немен біткені белгілі ғой. Қаланы алғаннан соң тұтқындардың арасында неміс қолбасшысы болмай шықты. Сонымен іздеу басталды. Іздеушілердің ішінде менде бармын. Қираған көшелерінің бірінде жас шамасы он-он екілердегі баланы көрдім. Ол картоп қабықтарын жинап жүр екен. Мен өте балажанмын, әрі мұғалімдігім бар, жақындап барып сөзге тарттым. Аты Сергей, шешесі ауырып, соған талғажау боларлық бірнәрсе іздеп жүр екен.

    • Сергей, сенен бір құпия сұрасам айтасың ба? – дедім.
    • Білсем айтамын, — деді ол.
    • Біз Паулюсті іздеп жүрміз, әбден титықтадық. Соның штабы қай

    жерде екенін білесің бе?

    • Көрсетейін. – деді Сергей.

    Мен жауынгерлерге нан әкелуге бұйрық бердім. Қуанышы қойнына сыймаған бала, нанды жүгіріп барып анасына беріп келді. Біз Сергейді ертіп, қолбасшы Рокоссовскийге болған жайды баяндадық. Ол бізге бір топ автоматшыларды қосып берді. Сонымен бәріміз Сергейдің соңына ердік. Қираған орталық әмбебап дүкенінің орнына келгенде бала бізге дуалдағы үш нүктені меңзеді. Соларды басқанымыз сол-ақ екен, темір есіктер ашыла берді. Он бес минуттың ішінде бәрі де бітті. Ең бірінші ұзын бойлы, арық жүзді Паулюс, соңынан офицерлері шықты. Паулюсті біз Рокоссовскийге жеткіздік.

    Ал енді соғыстың аты соғыс. Небір оқиғалар болады. Сіздіңше, зеңбірекшілердің өмірінде болған, бірақ зеңбірекшілерге тән емес оқиға есіңізде ме? 

    Соғыста небір нәрселер болып жатады. Әрине, ондай да жағдайға қарап қимыл-әрекет жасайсың. Бірде түн ортасында көтеріп, біздің жаяу әскер фашистерден бүгін тазартқан бір ауылға барасыңдар деген бұйрық алдық. Бұйрықтың аты бұйрық, орындау міндет. Соғыста жауынгерлер жүріп бара жатып ұйықтай беретін. Түн қараңғы. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Екі жағымызда биік өскен бидай. Бір уақытта жетер жерге де жақындадық. Байқағанымыз ауыл жақтан бізге қарай сап түзеген жауынгерлер келеді. Біз өзіміздің жаяу әскер ғой, деп жайбарақат қозғала бердік. Тура бетпе-бет тақалғанда бірақ білдік, немістер екен. «Фашистер!» — деп біреудің айқайлағаны есімде. Біз де, олар да ес жиып оқ атуға үлгермедік. Нағыз қоян-қолтық төбелес басталды да кетті. Біздің жақ көп ұлтты болатын. Сондықтан бидай арасында «ұр», «мә, саған», деген сөздер көптеген  тілде естіліп жатты.

    Қазақтар да немістердің жеті атасын сыбап жатты. Олар да қарап қалмағаны белгілі, сонымен төбелес екі сағатқа созылды. Таң қылаң бере бастаған кезде жау жағы әлсірей бастады. Содан олар шегіне қашты. Қызуымыз басылған біздер есімізді жиып жинала бастадық.

    Сөйтсек, жақын жерде қырда жатқан біздің жаяу әскерлер бәрін көріп жатыпты. Біз оларға «әй, сендер неге бізге болыспадыңдар?» десек, олар сақ-сақ күліп: «бұндай қызық күнде бола бермейді ғой» дейді. Біз де күлген боп жатырмыз өзімізше. Енді қайтейік, біреудің көзі көгерген, енді біреудің тісі сынған дегендей. Соғыстың аты соғыс деген осы…

    • Өтебай аға, майданда достықтың орны бөлек шығар…

    Соғыста өлім әрдайым қасыңда жүретін жерде, туған-туысқаннан алыс, жырақ жерде – достық адамға адам болып қалуға көмектеседі. Менің бір жақын жолдасым болды. Аты-жөні Жолшыбек Мейірманұлы. Ол Шымкентке жақын жерде «Күйік» совхозынан еді. Біз Сталинградтан Берлинге дейін бірге болдық. Соғыс бізді туған бауырлардай жақын етті. Жолшыбек көзсіз батыр еді. Жауынгерлер ол туралы: «Жолшыбектен фашистер түгілі олардың оқтары да қорқады» деуші еді. Бірде ол үш жау танкісін экипаждарымен қоса қолға түсірді. Осы ерлігі үшін оған Ленин ордені берілді. Мен оны әрдайым уайымдап жүретін едім. Себебі ол қайнаған ұрыстың ортасында жүретін. Жолшыбек Берлинде соғыстың бітуіне бір апта қалғанда, отызыншы көкек күні қаза тапты. Қаза табар алдында ол маған бір жаралы жауынгерді медсанбатқа жеткізуімді өтінді. Қайтып келсем досым жоқ. Кейін білдім ол командирі қаза тапқан жаяу әскерлерді басқаруға өзі сұранып шығыпты. Оның басқаруымен бірнеше квартал жаудан босатылыпты. Сол ұрыстардың кезінде Жолшыбек қасында жарылған фауст-патронның жарықшағы тиіп қаза тауыпты. Жаяу әскерлер өздерін бір қазақтың басқарғанын айтып, жатқан жерін меңзеді. Оқ борап тұр. Мен досымның денесін ұрыс ортасынан алып шықпаққа бел будым. Менімен баруға жаяу әскер жауынгерлерінен ешкім шықпады. Бәрі қорқып тұр. Сонымен не керек, жалғыз кеттім. Жолшыбек ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны есімде. Бірақ бұл атақ неге екенін қайдам досыма берілмеді. Соғыс біткен соң туғандарына барып жағдайдың бәрін айтып бердім.

    • Соғыстың ең қуанышты сәті жеңіс қой. Соғыс біткенін қашан

    білдіңіз?

    • Көкек айының соңғы күндері бізге бір топ офицерлер келді. Олар

    жауынгерлермен сөйлесіп, «Өздеріңе абай болыңдар жігіттер» деп жатты. Бір полковниктен жөн сұрадым. Ол былай деп жауап қатты: «Бірнеше күнде соғыс тәмамдалады. Бірақ біз оларға нақты айта алмаймыз, ондай құқығымыз жоқ» — деді.

    Берлинді алғаннан кейін Прагадағы шайқасқа қатыстық. Қайтып келсек, соғыстың аяқталғанының жарияланғанына бірнеше күн болыпты. Біз-бір-бірімізді қуана құттықтадық. Небір батыр жігіттер көз жасына ерік берді. Бірнеше айдан соң елге оралып, қайтадан мектепке балаларды оқытуға кірістім.

    Әлі күнге дейін түсіме соғыс кіреді. Түсімде жан жолдасым Жолшыбекті көремін.

    Әңгімеңізге рахмет сізге, Өтебай аға!

    P.S. Қазір Өтебей аға арамызда жоқ. Сұхбат 1996 жылы алынды.


    Бердалы ОСПАН, 

    «Адырна» ұлттық порталы

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Генерал Сабыр Рақымов қалай қазақ болды?

     «Әсілхан Оспанұлы деген доцент Шымкентте    тұрады. Сол: «Мені атса атып жіберсін, басқалар күймесе мен күйемін, ...