• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алаш ұлдары » Шымкентте Абылай хан неге жоқ?

    Шымкентте Абылай хан неге жоқ?

    Лондон қаласындағы Гайд-парктiң солтүстiк-шығыс бөлiгiнде бiр дәуiрдiң еркесi Шыңғыс ханның қоладан құйылған аттылы мүсiнi қоныс теуiптi.

    Бұл тұманды Альбиондағы былтыр өткен жазғы Олимпиада ойындарына жанкүйер болып барған жеке кәсiпкер Әбдiмәжит Сыздықбековтiң кәрi құрлық сапарындағы көрген-бiлгендерiнен естiгенiмiз болатын. Ағамыздың фотоаппара­тын­дағы суретiнен көшпендiлер әлемiнiң қағанатын бас­қарып, Азия түгiл, Еуропаны «дiрiлдеткен» қаһарлы қағанның мүсiнi iшкi қуатын сыртқа се­зiн­дiруiмен ерекшеленiп тұрғандай әсер бередi. Тұлпарының үстiнде шiренген Темучиндi Еуропа неге төрiне шығарып, «қонақ» еттi? «Көктен түскен күйi адамзатқа қайырымдылық пен даналық сепкен тұлғаны көрсетуге тырыстым» де­ген ресейлiк сәулетшi Даши Намдаковтың сөзiнiң астарында ақиқат жатқандай.

    Әрине, жаһандық ресурстардың тапшылығына байланысты өзара қырғи-қабақтан арылуға, адамзатты рухани бiрлiкке үгiттеуге, өткен тарихтан сабақ алуға бұл ғажап бейненiң айтары көп секiлдi. Келiстi мүсiн суық қаруын сайлап отырған алпауыттарды «сабырға» шақырып тұрғандай. Шыңғыс ханның мүсiнiн ағылшындар Лондонның қақ ортасына «төрлетiп» жатқанда, бек ұлдарын құл болудан, пәк қыздарын күң болудан сақтаған Абылай рухына дұрыстап құрмет көрсете алмай жүрмiз бе деп ойланып қаламыз.

    Мархабат БАЙҒҰТ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерi, жазушы:

    – Әлi есiмiзде, Шымкенттегі ең үлкен ор­талықтағы Коммунистiк даңғылын басқаша атау керектiгi туралы мәселе қозғалды. Абылай хан деп қояйық деушiлер көбейдi. Бiз-дағы солардың қатарында едiк. Сол кездегi қала басшыларының бiрi, тiлiнiң де, қаламының да құнары бар Қуаныш Төлеметов: «Абылай хан аты бiрталай жерге қойылды, Алматыдағы Коммунистiк даңғылына да берiлдi. Бiз басқашалау жасайық, Абылай ханның бабасы, қазақтың ұлы хандарының бiрегейi Тәуке хан есiмiн лайық көрiп отырмыз» деді.Шымкенттегi небiр iрi көшелер басқа­шалау аталып кеттi. Ерекшелеу көше­лердiң бiрiн ауыстыруға немесе жаңа даңғылға Абылай хан есімін беру әбден үйлесiп-ақ тұр.Айтар болсақ, биыл «Қазақ-жоңғар» шап­қын­шылығында көзге түскен даланың да­ра тұлғасы Абылай ханның туғанына — 300 жыл. Алты Алашқа аңыз болған Шың­ғыс тұқымының үш ғасырлығы елiмiз­дiң түкпiр-түкпiрiнде аталып өтiледi деп күтi­луде. Ал оның Оңтүстiк өңiрде атап өтi­луiнiң өзiндiк өзгеше мәнi бар. Бұқар жы­раудың:

    «Ей, Абылай, Абылай,

    Мен сенi алғаш көргенде,

    Тұрымтайдай ұл едiң,

    Түркiстанда жүр едiң,

    Үйсiн Төле билердiң,

    Түйесiн баққан құл едiң»,— деп келетiн өлең жолдарынан-ақ оның балалық шағы­ның қазыналы Оңтүстiк өңiрiнде өткенi бел­гiлi. Шыңғыстан тараған әулеттiң қазақ даласына ғасырлар бойы хандық құрғанын айтпай тұра алмаймыз. Әрине, ұланғайыр даланың территориялық тұтастығын сақ­тап, қиын күндерде Алаш баласының ба­сы­на төнген екi жақты қауiп-қатерден аман алып шыққан бiр хан бар. Ол осы хан Абылай едi. «Абылайдың асында шаппа­ғанда, атаңның басында шабасың ба?» дегендi осындайда айтса керек. Ел қор­ғаны болған хан бабамыздың атына Шым­қаладан бiр көше бұйырмапты. Түр­кiс­тан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы кесе­неде жерленген Абылай хан рухына бiз лайықты құрмет көрсетуiмiз керек-ақ.

    Шойбек ОРЫНБАЙ, жазушы, «Құрмет» орденiнiң иегерi:

    – Оңтүстiкте айбарлы Абылай хан­ның басқан iзi сайрап жатыр. Ол осы өңiр­де туылып, қиын да қатерлi кезде балалығын өткiздi. Тәрбиелендi. Арыс өзенiнiң маңайында жалған дүниемен қоштасты. Қазақ хандығын нығайтуға өлшеусiз үлес қосқан тарихи ерен тұл­ға­ның есiмiн Шымкенттiң бiр көшесiне беру туралы мәселенi қалалық ономас­ти­калық комиссияның басқосуларында бұдан екi-үш жыл бұрын көтергенбiз. «Оның атына лайықты көше әзiрге жоқ, сабыр ете тұрайық» дескен комиссия мүшелерi. Шынында, үлкен даңғылдар мен көрнектi көшелердiң бәрiнің атауы бар болып шықты. Соның бiразы об­лысымызға танымал болғанымен, та­ри­хи тұлғаға айнала қоймаған азамат­тар екенi де рас. Ол кiсiлердiң де ха­лық­қа сiңiрген еңбегiн жоққа шығару­дан аулақпыз. Дегенмен жалпы атауы бар көшелердiң бiрiне әлгi жергiлiктi қайраткерлерiмiздiң есiмiн ауыстырып, оның орнына Абылай ханның есiмiн беруге болатын едi ғой. Ұлы ханды көбi­рек дәрiптеп, ұрпақ алдында оны ұлықтауымыз керек-ақ. Абылай хандай дара тұлғаларымыздың саусақпен санар­лық екенiн ұмытпайық.Сондықтан «Шымшаһардың үлкен көшесiнiң бiрiне Абылай хан есiмi берiлуi керек», — деген ел ағаларының тiлегi ор­ын­ды. Тиiстi басшылардың осыны ескерiп, үш ғасырлық торқалы тойы қарсаңында бабалар аманатына адалдық танытса де­ген тiлектемiз. Шымкент қаласының бiр көшесiне Абылай хан есiмiн берсек деген ой бiздiкi.

    Балқия КӨМЕКБАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық тiлдердi дамыту басқармасының бастығы:

    – Абылай – қазақ мемлекетiнiң тари­хындағы аса көрнектi мемлекет қай­рат­керi, оның есiмiнiң Шымкент қа­ласын­да­ғы үлкен көшелердiң бiрiне берiлуiн қолдаймын. 2013 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысы ономас­тика сала­сын­дағы қарым-қатынастар­ды одан әрi жетiлдiруге бағытталған «Қа­зақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ономастика мә­се­лелерi бо­йынша өзгерiстер мен то­лықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республика­сы­ның Заңына қол қойды. Заң үш ай­дан соң қолданысқа енедi. Жаңа Заң та­лаптарына сәйкес, бұл ұсы­нысты ха­лық қолдап жатса, қарсы емеспiн.

    Р.S.

    Тарихты дұрыс, әділ қорытудың жолы тарихи тұлғаларымызға деген құрметпен үндесіп жатса керек. Себебі ұлттық рухты қажетті биіктікке көтеру үшін ұлт болып ұйысқан шақтағы ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігін қадірлеуіміз керек. Абылай ханға құрметтің өткен тарихқа құрмет екендігін естен шығармаған абзал-ақ…


    Автор: Нұршат ТӨКЕН 

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Мұхтар Әуезұлы — өмір иірімдері

    «Сіз «Абай жолын» оқыдыңыз ба? Оқымасаңыз онда ештеңе оқымапсыз!». Бұл неміс халқының жазушысы Альфред Курелланың ...