• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алаш ұлдары » Ұлт болашағы жолында біріккен алаш тұлғалары

    Ұлт болашағы жолында біріккен алаш тұлғалары

    Алаш зиялылары «Шықсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда болайық», деді және өмірлерінің соңдарына дейін осы сөздерінен таймады. Алаш Орда партиясы мен үкіметі таратылып, қайраткерлері қуғынға ұшырағаннан кейін олар күрестің басқа түрін таңдап алды. Ол халықты ағартушылық жолмен көзін ашып, күрес жолына бастау еді.

    Сол уақытта Ташкентке М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов,  Ә.Ермеков,  М.Есболов, Қ.Қожықов сынды көптеген  Алашорда қайраткерлері жиналды. Мемлекет және қоғам  қайраткерлері, қазақ зиялылары, ғылым мен мәдениеттің  ірі тұлғалары Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, М.Әуезов, Ә.Диваев, Т.Жүргеновтей азаматтар Түркістан Республикасының басшылығында, ғылыми мекемелерде, халық ағарту мен жоғары оқу орындарында еңбек етті. Осы кезеңде Қырғыз (қазақ) Кеңестік социалистік автономиялық республикасының астанасы болған Орынбор қаласында А.Байтұрсынов бастаған Алаштықтар білім беру мен мәдениет салаларында қызмет жасады. Барлығы дерлік газет-журналдар шығарып, оқулықтар жазды. Ұлы мұрат жолындағы күрес түрі мен сипатын өзгертіп, жалғаса берді. Бірақ әбден орныққан Кеңес үкіметі оларға уақыт та, мүмкіндік те қалдырмады.

    1920 жылы Алаш Орда үкіметі құлағаннан кейін, Алаш көсемі Ә. Бөкейханов өз жақтастарына арнап үндеу тастайды. «Біз жеңілдік, бірақ ұлттың санасын оятып, мүддесін қорғауымызды бір сәтке де тоқтатпауымыз керек . Ол үшін, большевикттер партиясының қатарына өтіп Кеңес органдарына жұмысқа кіріп, күресімізді  астыртын жүргізуіміз керек»,- дейді. Осыдан кейін Алаш Орда үкіметінің мүшелері мен олардың ұстанымын  қолдайтын жақтастары  Кеңес үкіметіне түрлі қызметке кіреді. Ал оларды осы қызметтерге тартқан Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сынды Қазақстандағы Кеңес үкіметінің басшылығындағы ұлт қайраткерлері, жаңа толқын саясаткерлері болатын.

    Қазақ зиялыларының сол кезеңде  Қызыл империя орталығының саясаты кесірінен ұлттық мемлекет құру жолында Алаш Орда үкіметі мен партиясын құрғандар  және  большевиктік партия мен социализм идеясына сенген қайраткерлер арасында саяси көзқарастарына қарай екі жікке бөлінген еді.

    Бір анығы олардың жеке бас араздығы болған жоқ. Болса ол ұлттың болашағы жолында, қазақ мемлекеттілігі мен ел қамы жолында әртүрлі көзқараста болған шығар. Таңдап алған жолдары әртүрлі болса да, мақсаттары бір еді. Сондықтан қалай да бірігу керек екенін уақыт өте келе бәрі де түсінді. Әсіресе 1928 жылы басталған байлар мен орта таптың мал-дүниесін конфискациялау мен шаруаларды ұжымдастыру атты науқаны 1931-1933 жылдардағы халықты жалмаған аштыққа ұласқанда қазақты ұлт ретінде жоятын саясат екеніне көздері жеткен қайраткерлер елді аман алып қалу әрекетіне көшті. Осындай жағдайлар олардың түпкілікті бірігуіне алып келді.

    Бұл әрекеттерін  олар жасырын жүргізді ме, ашық жүргізді ме, анығы олар бұғып қалған жоқ, тізе қоса қимылдап елді біржола қырылудан сақтап қалды. Аштық жайлаған жылдары Ахмет Байтұрсынов «Ақ болсын, қызыл болсын бәрбір, мен тек қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын мамлекетті жақтаймын»,- деп атқа қонды.

    Ел басына төнген зұламаттан құтылу жолында біріккен ұлт қайраткерлерінің әрекетін Кеңес империясының диктаторлары конрревалюциялық ұйым деп бағалады. Оны олар 1937-1938 жылдардағы қанды репрессия жүргізгенде ұлт қайраткерлерінің көзін жою кезінде басты айып ретінде тағып, шебер пайдаланды.

    О.Жандосовтың НКВД тергеушілеріне берген жауабынан

    Протокол допроса обвиняемого Джандосова Ураза Какимович, 1899 года рождения, уроженец Каскеленского района, Алма-Атинской области, кахах, гражданин СССР, образавание среднее, служащий, бывший член ВКП (б) с 1918 года. Бывший Председатель Алма-Атинского облиспалкома.

    В: Вы заявили, что намерены дать откровенные показания о своей контрревалюционной деятельности, как члена антисоветской Казахской националистической организации.

    Что Вы можете показать?

             (үзінді)

    К 1925-1926 г.г. группировки, как организационная форма, прикрытие и средство националистической работы, исчерпали свой вазможнасти. Всем ходом борьбы был поставлен вопрос о блокировании националистеических группировок, о перегруппировке сил и о новой ступени организации антисоветской деятельности.

    К этому времени, в связи с задачами, поставленными Советской властью по вопросу о советизации аула, была найдена идеологическая основа блока. Она заклучалась в протаскивании националистическими групировками буржуазно-националистической линии в вапросах землеустройства, коренизации государственного аппарата и национальной культуры. Основным же оселком, на которым сошлись националистические группировки, был вопрос о земле.

    Исходя из буржуазно-националистической точки зрения в вопросе об интересах нации вообще, т.е. байской точки зрения Ходжанов и я выдвинули конрревалюционный принцип очередности землеустройства, что должно было означить, во-первых, первоочредное и преимущественное право Казахов-баев на землю и, во-вторых, прекращение перенаселения извне в Казахстан.

    Для успешного проведения этой контрревалюционной линии Ходжанов, Я и Асфандияров договорились с националистами других группировки Нурмаковым, Орынбаевым, Алибековым, Каратлеуовым, Джаманмуруновым, Кенжиным, Джантлеуовым об едином мнении по этому координальному для Казахстана того времени вопросу.

    В результате на V-й крайпартконференции в 1925 году все националистическое группировки выступали по этому вапросу единым фронтом.

    Но к блокированию уже подошли со всех старон. Вначале пройесходил сговор между группировками более крупного масштаба. Так, например, при активной деятельности Кулумбетова обьеденились руководители группировок Заподного Казахстана, Кустаная, Актюбинска и Адая, тоже самое произошло среди националистов Петропавлск, Акмолинск и Семипалатинска, также в Семиречье и Сыр-Дарье. Наконец, не в смысле периодизации по времени, пройсходит сближение и блокирование  между руковотством националистических группировак. Ведущей и организующей фигурой при этом был Нурмаков Ныгмет, вокруг которого обьеденились все националисты. В роли руководителя его признавали Мендешев, Сейфуллин, Кенжин, Султанбеков, Алибеков, и Мурзагалиев, так сказать все оттенки националистических группировок. Кроме того, у Нурмакова были найболее солидные алаш-ординские связи в лице Букейханова Алихана, Ермекова и Габбасова.

    С Нурмаковым я сблизился на почве совместных выступлений по вопросам обсуждавшимся тогда   на Бюро Крайкома  и бывая, на устраеваемых им конспиративных совещание состоявшееся у него на квартире.

    На этом совещании участвовали Тогжанов, Масанов, Утекин, Гатаулин, Кулубаев и другие националисты, в том числе 4-5 человек, как мне помнится, из Семипалатинска и Каркаралинска.

    На этом совещании выступления Нурмакова носили антисоветский характер, были направлены против руковотства  Крайкома  ив них Нурмаков призывал присуствующих «не драться» между собой и вести борьбу против партии единым фронтом. Другие присутствующие националисты (Я – Жандосов, Тогжанов, Кулубаев) в своих выступлениях с ним солидаризировались», — дейді.

    Репрессияның қанды шеңгеліне түскен арыстарымыздың тергеу кезіндегі құжаттарын жарыққа шығарып жүрген тарих ғылымының докторы, деректанушы  Б.Нәсенов өзінің болжамдарында былай дейді: «Жоғарыда айтылғандарды НКВД тергеушілері ертерек дайындап ағаларымызды ұрып-соғып естерінен тандырып, енді мына қағаздарға қол қой деп зорлықпен қойғызған деген ойды көптеген тарихшылар, әдебиет қайраткерлері айтады.

    Мұны ұрды-соқты, қинады дегенге қосыламын. Бірақ дәл осындай сауатты жауаптарды тергеушілер дайындай алмайды. Менің ойымша ағаларымызды аюандықпен ұрып-соғып, артынан бірнеше күн қолына қалам,қағаз беріп жазғызуы мүмкін. Бұл ағалар енді не болса ол болсын деп өзінің ойындағы жүрген тамаша армандарын да осы қағаздар арқылы бізге қалдырған болар». [1]

    Н.Нұрмақов Қазақстанның үкімет басшысы болған жылдарда Мәскеудегі Қазақстанның Өкілеттігін басқарған белгілі қайраткер Әбілқайыр Досов тергеуде берген жауаптарында: «1929 жылы Мәскеудегі марксизм курсында Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің бұрынғы төрағасы Нығмет Нұрмақов оқып жатты. Мен ол кезде БОАК Президиумының мүшесі, әрі хатшысының орынбасары болып істеймін. Нұрмақовпен айына екі-үш рет кездесіп тұрдым. Көбінесе оның үйіне мен баратынмын. Себебі менің Алматыда істейтіндердің ешқайсысымен жеке байланысым болмағандықтан, біздікіне ешкім келмейтін. Ал оның үйінде қашан болсын Қазақстандық қызметкерлерінің біреу-міреуі, тіпті Мәскеуге іссапармен келген Халкомдарға шейін кездестіруге болатын.

    1930 жылдың қаңтарының аяғында болған бір кездесуде Нұрмақов: “Қазақстанда масқара асыра сілтеушіліктер, бассыздықтар орын алуда” деді. “Аудандардағы қазақтар ашаршылықтан шыбындай қырылып жатыр. Оңтүстікте және Алматы облысында іс мынаған дейін жеткен. Қыстыгүні қазақтарға бір жерге үй тіктіріп, бәрін нөмірлеп, әр көшеге партия көсемдерінің, соның ішінде Голощекиннің, Құрамысовтың, Исаевтың есімдерін бергізген,” – деді. Осыны естігенде ашуға булығып, партияның Орталық Комитетіне (ОК) хабарлайық деген ұсыныс айттым. Н.Нұрмақов мырс етіп күлді де “Одан ештеңе шықпайды. Саған сене қояр деймісің. Егер ОК-ға жазсаң, ондағылар әуелі Голощекиннен сұрайды, ал ол қазақ эммигранттары біздегі қиыншылықтарды әсірелеп көрсетіп отыр, жұмыс істеуімізге кедергі келтіруде деп жауап береді де, тағы да кемінде жарты жыл қызмет істейді”,- деді. Бұған қоса, Қазақстандағы заңсыздықтар мен зорлық-зомбылықтар туралы фактілер жинастырып жатқандығын, жинап болған соң ғана ОК-ға хабарлауға болатынын айтты». [2]

                    Бұл кезде тәркілеу мен ұжымдастыруға қарсы қазақ даласында көтерілістер бұрқ ете қалды. Шыңғыстаудағы, Шұбартаудағы, Абыралыдағы, Созақтағы, Сарысудағы, Қарақұмдағы, Ырғыздағы, Маңғыстаудағы, Батпаққарадағы т.б. жерлердегі көтерілістердің артында сол кездегі ұлт қайраткерлер тұрды деген де болжамдар бар.

    «Т.Рысқұлов», «Ашаршылық», «Т. Жүргенов» атты  деректі фильмдердің авторы,режиссер Е.Рақышев өзінің сұхбатында Кеңес үкіметіне қарсы күрескен еліміздегі астыртын ұйым туралы, «Бұл ұйымға әйгілі Алашордашылар мен басында Кеңес үкіметін қолдап, кейін одан қатты түңілген Тұрар Рысқұлов бастаған ұлт қайраткерлері  кірген және сол кездегі көтерілістерді де ұйымдастырған», —  дейді.

    Мысалы, Т. Жүргенов өзін қазақ ұлтшылдарының ұйымына Сұлтанбек Қожанов кіргізгенін айтады. С. Қожановтың «Халық қасірет шегіп ұлтымыз жойылып кету алдында тұр. Сондықтанда ұлтты сақтап қалу үшін ұлтшыл азаматтар астыртын ұйым құрдық»,- дегеніне Т.Жүргенов: «Өзекті жанға бір өлім. Халқым үшін тіктім басымды бәйгеге. Мен де сендермен біргемін деп жауап бердім»,- дейді. Мұны  Жүргенов өз қолымен жазған. Бірақ мен мұны НКВД жендеттері ұрып-соғып жаздырған шығар деп, Қожановтың ісін алдырдым. Ол да осы әңгімені растайды. Мен бұған да сенбей, Ұзақбай Құлымбетовтің ісін алдыртып, осы жайытты қарадым. Құлымбетов ол кезде ұйымның Алматыдағы бөлімін басқарған. Ол берген жауабында Жүргенов шындықты айтып отырғанын айтады. Содан соң ұйымның басында тұрған Т. Рысқұловтың ісін қарадым. Т.Рысқұлов  Жүргеновті ұйымға Қожанов кіргізгенін айта келіп, Т.Жүргеновке Қарақұмдағы көтерілісті ұйымдастыруға өзі жеке тапсырма бергенін айтады.

    Сол жылдары қазақ даласында 370-тей ірілі-ұсақ көтерілістер болған.  Ол көтерілістердің негізі ұлтшыл қайраткерлеріміздің астыртын іс-әрекетінің арқасында ұйымдастырылған. Сол 1930 жылдары  Т. Жүргенов Өзбекстанда халық комиссары болып істеген. Әкесі Қара, бауырлары Досжан, Қосжандар арқылы Қарақұмдағы көтерілісті астыртын қолдап отырған. Ырғызда болған көтерілістің артында Ұ. Құлымбетов тұрған. Созақ көтерілісін басқарған Алашордашы Сәрсенов тікелей С.Сейфуллин мен ақылдасып, нұсқау алып отырған. Ақсу, Абралыдағы  көтерілістер де астыртын ұйымның ұйымдастыруымен болған. Тергеу барысында НКВД тергеушілері Т.Рысқұловтан «Сендер сонда нашар қаруланған көтерілісшілермен Кеңес үкіметін құлатамыз деп ойладыңдар ма?» деп сұрайды.  Т.Рысқұлов: «Жоқ, біз жеңеміз деп ойлаған жоқпыз. Бірақ Мәскеудің озбырлық саясатына қарсы жер-жерде наразылықтар, көтерілістер болып жатқанын көрген Орталық өзінің қателігін түсініп, бағытын өзгертер деп ойладық», — дейді. [3]

    Ұжымдастыру мен салық салудың шектен шығуы, ел арасын жайлай бастаған ашаршылық себептерінен бастау алған көтерілістердің бірі Абыралы көтерілісі хақында жазылған зерттеу еңбектерінде  Абыралы көтерілісі туралы арнайы зерттеу жүргізген тарих ғылымдарының докторы, деректанушы  Болатбек Насенов ағамыз  көтеріліске байланысты барлық архив құжаттарын жарыққа шығарды.

    Архивтегі  НКВД- нің тергеу құжаттарында куәләрдің айтуынша №10 ауылда болған жиналыста халық алдында колхоз мүшесі Ыбырай Жәкішов былай деген: — Кеңес үкіметі халықты алдады. Байларға ғана салық саламыз деп еді. Ал шындығынды орташа шаруа мен кедейлерді де аяған жоқ. Енді көздеріңіз жетті. Кеңес үкіметі «жыртқыштар». Тапсырған малдарыңызды қайтарып алыңыздар.

    Ел арасында Кеңестер үкіметі құлады , Алашордашылар жақында елге келіп көтерілісті өздері басқармақ деген қауесеттер тараған. Әр ауылдағы көтерілішшілердің  жоспары бойынша барлығы бір тудың астына бірігіп, аудан орталығы Абыралыны алып, Шыңғыстаулықтармен бірігіп алдымен Знаменканы( Қарасу) талқандап Семейге қарай жүрмекші. Семейде қайтадан Алаш Орда үкіметін орнату мақсат болмақ. Бірінші болып №12 ауыл мен №14 ауыл Ұзынбұлақтықтар бірігіп алдымен коперативтерді талқандап салық түрінде өткізуге дайындап қойған астық пен басқа да заттарды таратып алған. Содан кейін Ұзынбұлақ ауылында құрылған «Сәуле» колхозын талқандап барлық мал мен жылқыларды таратып алған. Мініске жарайтын аттардың барлығын бөліп Семейге жасалмақ шабулға дайындала бастаған. Ауылкеңесінің төрағасы мен аудандық атқару комитетінің өкілін тұтқындап оларға көтерілісшілерге қосылу туралы талап қойып босатады. Көтерісшілер ақ ту көтеріп шыққан. Туда Лә Иллаха Иллаллаһ деген жазу болған.

    ОГПУ-дің аңыз-ақиқаты аралас мәліметтері ұжымдастыруға қарсы болған көтерілістерді Алашордалықтармен, сол кезде билікте болған қайраткерлермен байланыстырады. Мысалы Абыралы көтерілісін айқын мысал бола алады. Бұған себеп жоқ емес. Атап айтар болсақ «Алаш қозғалысының» өрістеуіне кең жол ашқан 1905 жылғы Әлихан Бөкейхан мен Жақып Ақпаев ұйымдастырған Қарқаралы петициясы болса, сол айтулы шараға үн қосқандардың ішінде Абыралы өңірінің абыройлы азаматтары да кездеседі. Олар төмендегідей:

    1. Абыралы болысынан: Мұса Құлбаев, Сүлеймен Қойсоймасов
    2. Ақбота болысынан: Жүсіп Құлбатыров, Бектібай Ботабаев
    3. Бөрлі болысынан: Толмұхамет (халық «Тоқмет қажы» деп атайды) Алтынторин, Рақия Сатпаев
    4. Дегелең болысынан: Керімхан Төлебаев, Тышқанбай Қашақов
    5. Темірші болысынан: Секербай Қанғожин, Оспан Жанғабылов.

    Жоғарыда есімдері аталғандар байлығы мен беделіне қоса, зиялы, жаңа заманның бығытын аңғара білетін азаматтар болған. 1918 жылы Алаш Орда үкіметі Орынбордан Семейге көшірілгенде және сол жылдардағы Азамат соғысы кезінде Алаш Орда қайраткерлерінің Шыңғыстау және Абыралы өңірлерінің ауқатты азаматтарына арқа сүйегендігі нақты деректерден белгілі. [4]

    Алайда 1931 жылғы Абыралы көтерілісіне Алашордалықтардың ықпалы болды ма? – деген заңды сұрақ туындайды. Мұндай сұрақтың туындауына түрткі болған мәселелер – көтерілісшілердің  тергеу процесі кезінде берген жауаптары екендігі анық. Мәселен, Б. Нәсеновтың «Абыралы көтерілісі» кітабында жарияланған құжаттарда халықты атқа қондыру үшін жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары ерекше назар аудартады. Мұрағаттан алынған ІІХК (НКВД) тергеу құжаттарында былай делінген: №10 ауылда болған жиналыста халық алдында колхоз мүшесі Ыбырай Жәкішов: – «Кеңес үкіметі халықты алдады. Байларға ғана салық саламыз деп еді. Ал шындығынды орташа  шаруа мен кедейлерді де аяған жоқ. Енді көздеріңіз жетті. Кеңес үкіметі «жыртқыштар». Тапсырған малдарыңызды қайтарып алыңыздар» деген. 

    Сондай-ақ, Баймағамбетов Қадаудың ( 32 жаста, әкесі тәркілеуге ілінген Бұғыбаев Баймағамбеттің ұлы) берген жауабы бар:

    — Жәкішев Ыбырай былай деді. «Совет үкіметі құлады. Семейден маған Салықбаев Рақымжан келді. Алашордашылар Шыңғыстаудың байлары Шаймардан Ахметжановпен, Ахметов Алхамжанның атасы Жақып және Әбіш Рысқұловтармен кездеседі. Семейден Алаш Ахметжанов келіп көтерілісті басқарады».

     Айыпталушы Балтақаев Қауқарбек (27 жаста,  Абыралы ауданы №6 ауылынан, байдың баласы. Мамандығы мұғалім, үйленген, отбасында 5 адам. Бұрын істі болмаған) тергеу барысында мынадай мәлімет береді:

    – Қаңтар айының басында Абыралы ауданына  Семей қаласынан 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленген бай Мұсабеков Есімбек келді.  Жолда ол  Абыралы ауданының  Дегелең бөлігіндегі туысы Тышқанбаевтың ауылында бірнеше күн болған. Сол жақтан №1 ауылға келіп Жақыповқа ма немесе Бөлегеновке ме нақтысын білмедім 1930 жылы Мәскеу қаласында «Шаруа ұйымын» заңсыз партия ұйымдастырылғаны, оны Алашорданың көсемдері Бөкейханов Әлихан, Ермеков Әлімхан, Дулатов, Байтұрсынов, Барлыбаев Ахметулла және басқалары құрғандығын айтқан. Мәскеуден  басқа партияның жеті аймақта өз бөлімшелері астыртын жұмыс істеуде. Солардың бірі  Семейде орналасқандығын, алайда басшысының кім екендігін Мұсабеков айтпаған.  Бірақ ұйым бар. Ә. Бөкейханов Мәскеудің ГПУ-ына берген  жауабында ұйымның бар  екендігін мойындаған. Ол ұйымды жоя алмайсыңдар деген. Бөкейхановты ату жазасына берген. Кейін бұл шешім өзгертілді (ОГПУ сотының шешімімен Бөкейхановтын ату жазасын түрмеде отыруға ауыстырған болатын). Ұйымның мақсатын айта  келе Жақыпов Нұғманға немесе Бөлековке  №1  ауылда ет салығына қарсы халықты көтеріңдер деген. Сендерден  кейін барлық жерлерде көтеріліс болады. Қазір  бүкіл одақ бойынша көтеріліске дайындалып жатыр. Сондықтан мамыр   айында  үкімет  ауысуы  мүмкін. Осыны айтқан Мұсабеков № 6 ауылға келіп шайқас кезінде қаза тапқан ағасы  Байшайынов  Кәріпбек, Кемпірбаев Ысқақ, Қоңырбаев Байсеке жән Жандыбаев Түсіпбектер арқылы  өзінің руластары «Олжас» ұрпақтарын көтеріліске дайындап шығаруды тапсырған.

    Мұсабеков Кемпірбаевқа  бұрынғы Алашорда әскерінің сарбазы ретінде Алашордалықтар саған үлкен сенім артып отыр деген. Үкіметке қарсы көтерілісті тездетіп ұйымдастыруға кіріс, менің ағам Байшайынов екі винтовка береді. Айтқанындай екі винтовканы әкеліп берді. Осыдан кейін Мұсабеков отбасымен бірге №1 ауылға барып сондағы көтерілісті бастап шықты. Артынша басқа ауылдарда да көтеріліс басталып кетті. Көтерілістің мақсаты тек қана ет салығы үшін малдарын өткізуге қарсылық қана емес үкіметті түбегейлі құлатуды жоспарлаған. Семейдегі ұйымның құрамына Қарқаралы ауданынан Жантуғанов Қыдырберді бай, Кенжин Тоқай бай, Абыралы ауданынан алашордашыл Манан Тұрғанбаевтың ағасы – Шәден, қазіргі уақытта Семей қаласында тұрады, Уалихан Ахметов және №10 ауылдан да бар, қалғандарының аты – жөндерін білмедім тағы басқа жерлерден мүшелері бар. Қарқаралы ауданының №10 ауылының бандысы Тілеубеков Байжұма Абыралы ауданының № 6 ауылының бандысы Кемпірбаевтың тобында болғанда маған жасырын ұйым Семей қаласында орналасқан, өздерінің газеттерін шығарып, таратады  деді. Газеттің аты қалай аталатынын білмейді, бір данасы ұйым мүшесі Жантуғанов Қыдырбердіде бар екен. Мамыр айында капиталистік елдер мен алашордашылар және байлардың күшімен Кеңес үкіметі құлатылатындығы туралы мақала басылған көрінеді. Газеттің қай тілде екенін білмейді.  Газетті ұстап жүрген Жантуғанов Қыдырберді Алаш Ордалық Манан Тұрғанбаевтың қайын атасы болып келеді. Көтерілісшілерге тергеу барысында қойылған сұрақтарда: Колчак тұсында Алашорда полкында қызметте болдың ба, Ике Әділовпен байланыстарың барма? – деген сұрақтар қойған. Ике Әділов өздеріңіз білетіндей Алаш партиясының мүшесі және Алашорда үкіметінің демеушісі ретінде халық арасында үлкен беделге ие болған. Тәркілеу қарсаңында тұтқындалып, жер аударылған, кейін қамаудан қашып шығып, Шаған тауында бандылық жасақ құрып Кеңес үкіметіне қарсы соғысқан. Артынша Қытайда қолға түскен. [5]

    Абыралы ауданы тәрізді оған көрші орналасқан Шыңғыстау ауданының жерінде (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) де 1931 жылы ақпанда кеңес үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы халық толқулары болды. Көтерілісті Медеуов Санияз және Торайғыров Емілжан басқарып, оған барлығы 200-ден астам адам қатынасқан. Көтерісшілер ақ жалау көтеріп, халықты аудандағы кеңес үкіметін құлатуға шақырған. Көтерісшілер көрші Қу және Абыралы аудандарымен байланыс орнатып, олармен бірігуге әрекеттенеді. Бірақ Қызыл Армияның тұрақты бөлімдері бұған кедергі жасады, көтеріліс кең тарап үлгермей жатып-ақ ақпан айында күшпен басып тасталынды.

    Біраздан соң «… осы көтерілісті ұйымдастырушы болыпты, қашып жүр екен, Қытайға кетпек көрінеді», — деген жалған лақап таратып, «Саят қорасында» бейқам жатып, аң аулауға шыққан жерін­де Шәкәрім қажыны атып өлтіріп, құдыққа көмусіз тастап кетеді. [6]

    Абай ұрпақтарының төңірегі Алаш арыстарымен өте жақын қарым қатынаста болғаны белгілі. Әсіресе осы көтеріліс кезінде Құнанбай Өскенбайұлының ұрпақтары қатты қудалауға ұшырады. Абайдың баласы Мәкәйіл, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғафур Шәкәрімұлы жазықсыз атылған соң, Зият Шәкәрімұлы, Бердеш Әзімбайұлы, Мәнәкеш Әзімбайұлы Тәкежановтар Қытайға өтіп кетеді. Әуелі Тарбағатайға, одан соң Алтайға қашып барады. Қажы ұрпақтары ол жақта да тыныштық таба алмай, құрығы ұзын кеңес өкіметі қолынан мерт болды.

    Осы деректерге көз жүгірте отырып біз бір жайытқа тоқтала кетуіміз керек. Қазан төңкерісіне дейінгі қалыптасқан ұлт зиялыларының қазақты тәуелсіз ел болсын деп тілеп, Алаш идеясының маңына топтасса, Кеңес үкіметі орнаған кезеңде қалыптасқан жаңа толқын ұлт қайраткерлері тоталитарлық әміршіл жүйенің құрбанына айналған қазақ халқын қалайда аман алып қалу жолында күрескен азаматтар кейіннен өзара ымыраға келіп ұлттың болашағы жолында бірлесе күресті. Біз осы күні қазақ-қазақты ұстап берді, жала жапты, сатып кетті, аштықта қазақ жалқаулығынан қырылды дегендей пікірлерді айтқанды ұнатамыз. Халықты жаппай аштыққа ұрындырған қызыл империяның солақай саясаты әу баста қырып-жоюға бағытталғанын кеш те болса түсінген ұлт зиялылары біріге әрекет еткені анық және сол жолда құрбан болды.

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. Нәсенов Б. «Халық жаулары». Көптомдық еңбек. 7 том. Оныншы кітап. Алматы: Новосибирск. 2005 жыл. 48-56 б.б.
    1. Мұсырман К. Қан тамған қолжазбалар //Егеменді Қазақстан – 1992. – 10 сәуір. – 3 б.
    2. Рақышев Е. Ұлтшылдардың астыртын ұйымы болған. Abai.kz. 20.01.2015. Сұхбаттасқан Жанысбай Т.  
    1. Беркімбай А. Абыралы көтерілісі – Алаштықтар дем берген көтеріліс пе? // Общественная позиция – 2011. №46. 5-6 б.б.
    1. Нәсенов Б. «Абыралы қанды жылдарда. 1905-1945 ж.ж». Көптомдық еңбек. Екінші том, үшінші кітап. Алматы: Новосибирск. 2005.  254 б.
    1. Ғабжалилов Х. Омарбеков Т. Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Арғын. 9 том. 2 кітап. XII-тарау. «ТЗО Алаш» Алматы. 401-406 б.б.

    Ардақ БЕРКІМБАЙ

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Мұхтар Әуезұлы — өмір иірімдері

    «Сіз «Абай жолын» оқыдыңыз ба? Оқымасаңыз онда ештеңе оқымапсыз!». Бұл неміс халқының жазушысы Альфред Курелланың ...