Жер – десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін: «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң.

***

Қазақтың байырғы жерін қашан қазақ ғылым мен техникаға үйреніп, игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмесін.

***

Кадет партисы: жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн – дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді.

***

Қанша құрбандық берсек те, қашан алсақ та, жерлі автономиядан бергіге ешкіммен бітісе қоймаспыз! «Халық сөзіндей» біз дүниеден үмітімізді біржола кесіп кете алмаймыз. Ақырында болса, ауыр да болса, жерлі автнономияға қарай жол сала береміз. Жолдың пайдасын қазіргі буын көрмесе де келешектегі буын көрер. Бізге жерлі автномоия идеясы қымбат.

***

Жерсіз халықтың өз алдына ұлт болып жасай алмайтыны белгілі. Жерін жоғалтып, біріккенде қазақ не опа табады? Не қазақ болмай, не түрік болмай «жер мен көктің ортасында асулы қалатын парықсыз ораза» сияқты болады.

***

Қазақ жерін мұжыққа алғанда қазаққа көп кемшілік келтіреді, бұрын жерді қазақтан жері жоқ мұжыққа береміз деп алушы еді. Енді қазақтан алған жерді Еуропада өз жері көп дворян-помещиктерге беріп жатыр.

***

Жүзден астам жыл бұл жерге қазақтың кірі, қызметі сіңген. Бұл жерде Астрахан қазақтары 114 жыл кір жуып, кіндік кескен. Ол алынатын жерде неше мың салулы үй, қора-қопсысы бар. Жұрт қадірлеген бейіт бар. Қанша мың адам шаруасын істеп күн көрген, пішендік, егін жай, мал өрісі осы жерде.

***

Ертіс қазақтары пайдаланып отырған «Он шақырым» дейтін жер Сібір казагына кетті. Астрахан жері мен «Он шақырым» жерінің арасы алыс жатыр. «Он шақырымдағы» қазақтар Сібір казагына аренда төлейтін. Астрахан жері – қазақ жері.

***

Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуі қиын бір жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық бізбен қоныстас. Мұжықпен аралас қазақты тастап, алғы қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады, қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес, көшсе ақылсыздық болады. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халда туысқан автономиясы болар емес, жерге байлаулы автономия болмақ.

***

Біздің бишара қазақ «жер», «жер» дегенде мұжық алған жерді қолға ала жылайды. Мұжық қазақ жеріне келмей тұрып, жерді әділдікпен пайдаланып жүргендей!

***

Қазақ жұрт болатын болса, өз ішіндегі екі қазақ жер дауын құрту керек!

***

«Қазақ надан, қазақ көшпелі, қазақ мәдениетсіз, қазақ жоғалып кетеді, бұған жер не керек» – деп оттаған дұшпан да бар.

***

Біздің қазақ жақсы жерін алты бөліп, төртеуіне егін салып, екісіне пішен шауып, мал бақса, осыны көтерер. Жылда басқа, көзге төпелеп, жаңа келген хохолша жыртса, жылдан жылға астықтың шығымы кем болып, жер иесі қазақ, жерін тоздырып, қаңғып қалар.


«Алаш айтқан асыл сөз» кітабынан

Жоба авторы: Берік Уәли

Құрастырушылар:

Серік Жолдасбай

Еркін Ерланұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ