• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алаш ұлдары » Әлихан БӨКЕЙХАН: Қажының ақшасын алу үшін ептілер сөз тауып береді

    Әлихан БӨКЕЙХАН: Қажының ақшасын алу үшін ептілер сөз тауып береді

    (Мақаланың түпнұсқадағы тақырыбы: “Қазақ тарихы. V”)

    Қазақтың молласы болсын, қарасы болсын – шежіре білуге, бұрынғы өткеннің тарихын есітуге əуес халық. Қазақта «жеті атасын білмеген – мертід» (не «мүрид», не «мəңгүрт» болуы да мүмкін. С.А.) деген мақал бар. Сондықтан һəр бір қазаққа жеті
    атасын білу парыз дəрежесінде. Қазақтың қариясы 15-20 атаға дейін құрастырып айтуға біледі. Қазақта Арғын руынан болған кісі өздерінің шежіресін өрбітіп Арғынға, Қыпшақ – қыпшаққа апарады.

    Шежіренің басы Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңыратқа барып тоқырайды. Оның ар жағы көмескі. Қазақтың қайдан шыққандығы тіпті белгісіз. Бірақ, манағы «əуестік» қоймайды: қария адамдар қазақтың асынын білуге һəр кімнен сұрайды. Қазақ шежіресін қалаға барса да, далаға барса да, қажыға барса да сұрап жүреді. Меккеде қазақтың шежіресін білген адам тіпті жоқ болса да, сөз табылады. Əйтеуір, сұрағаны жауапсыз қалмайды. Қажының ақшасын алу үшін ептілер сөз тауып береді.

    Ескі сөзді білгіш қарияның айтуынша, Жаһангер хан заманында Кіші жүзден барған қазақ қажылары Меккедегі надан Дəлелдерден шежіре сұраған. Қазақ мал бағып күн көрген көшпелі жұрт екендігін Дəлел есітіп біледі екен. Сұраған соң
    бірдеңе тауып айтпақ керек. Сонда надан Дəлелдің өтірікті құрастырып айтқаны мынау:

    «Қазақ мал баққан халық екен; малы көп болады екен; Пайғамбарымыз Анас деген саһабаға: «мал басың көп болсын, қиаметке дейін таусылмасын» деп батасын берген екен. Содан соң Анасдың малы күннен күн өсіп, малын бағып асырау үшін сахараға шығып кеткен екен».

    Кіші жүздің адамы сол өтірікті əкеліп елге жайған. Онан бұрын қазақ «Анас» деген сөзді білмейді екен.

    1868-інші жылдардан бұрын жаңа закон шығардың алдында қазақтың тұрмысын һəм күн көрісін білу үшін орыстан «экспедиционная комиссия» шығып һəр елді аралап жүрді. Сол комиссия Ақтөбе оязының адамынан «қазақтың тарихын білетіндерің бар ма?» деп сұраған. Бұрын Нұрфайыз ишан «Анас» деген алып қашқан сөзді малданып жүреді екен. Комиссия сұраған соң, жұрт Нұрфайыз ишанды көрсеткен. Сонда Нұрфайыз хазіреттің жазып көрсеткен шежіресі мынау:

    Анас, оның баласы Жабал, оның баласы Мағаз, оның балсы Сахил, оның екі баласы –Ақ Қорай һəм Ақ Шолпан. Ақ Қорайдан Аламан, онан Алаш, онан Жаил хан, онан Майқы би.

    Осы шежіренің һеш бір жері тарихқа дұрыс келмейді. Пайғамбарымыздың Анас саһабаға бала күнінде «мал басы көп болсын» -деп батасын бергені рас (*).

    Бірақ, Анас мал бағып сахараға шығып кеткен жоқ, жігіт болғанша пайғамбарымыздың қызметінде жүрген, ислам əскеріменен соғыста болған. Хазірет Омар заманында дін
    үйреті үшін Басыраға барған. Жасы жүзден асып, сол Басра шаһарында дүниедан қайтқан.

    Саһабалардың шежіресі жазылған кітапта Мағаз ибн Жабалдың Сахил атты баласы бар деп, онан Ақ Қорай менен Ақ Шолпан туды деп айтпайды. Сахил өзі араб баласы болса, өзі Анастың немересі болса, ол баласына дүниада «Ақ Қорай» деп ат қоя ма? Бұл шежіренің жалған екенін сонан да байқауға болмай ма?!

    Майқы би Шыңғыс ханның уəзірі еді, Шыңғыстың құрылтайында (парламентінде. Т.Б.) сөз иесі еді. «Сөйлер сөздің түбі бір – түп атасы Майқы би» деген сонан қалған сөз. Майқы бидің туған жылы анық мəлім болмаса да, əйтеуір Анаспен арасы 500 жыл бар. Майқының Анастан сегізінші бала болуын сонша заман сиғыза ма?

    Қазақтың Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат, Жалайыр, Керейіт деген елдері Майқы бидің тууынан 1.200 жыл бұрын, Мұхаммад Əлех ас-Саламның тууынан 700 жыл бұрын, хазірет Айсаның (Исаның. С.А.) 200 жыл бұрын ел болып, Алтайдан Қара теңізге дейін билеп, көшіп-қонып күнелткен. Соның бəрі тарихта жазылулы. Сол елдің осы күнгі балалары өздерін Анастың баласы санап, қазақты онан 500 жыл соң туғызып
    жүргені – ұят-ақ!


    Түрік баласы. Қазақ тарихы. V. «Қазақ», 1913, № 9. // Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының толық жинағы. III том. – “Сарыарқа” баспа үйі, Астана, 2009. –  407-408 беттер.  

    Дайындаған: Арман ӘУБӘКІР, 

    “Адырна” ұлттық порталы

    1 комментарий

    1. Нақты дәлелдеп берсе де идея мен өмір сүретін адамға бәрібір. Миллион адамды да алдасада ол осындай өтірік үшін бәрін сатады

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Мұхтар Әуезұлы — өмір иірімдері

    «Сіз «Абай жолын» оқыдыңыз ба? Оқымасаңыз онда ештеңе оқымапсыз!». Бұл неміс халқының жазушысы Альфред Курелланың ...