• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Алаш ұлдары » Күш атасы Қажымұқан ұшақ жасатуға қаражатты қайдан алды?

    Күш атасы Қажымұқан ұшақ жасатуға қаражатты қайдан алды?

     

    1945 жылыдың 24 шілдесінде адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста жеңіске жеткен Кеңес елінің астанасының орталық алаңында жеңіс шеруі болды. Алаңда жаяу әскермен қатар ауыр артилерия, танктер тағы басқа да көптеген әскери құрамалара қатар-қатар тізіліп өтіп жатты. Адамдардың қуанышында шек жоқ. Осы салтанат кезінде бейбітшілік орнаған алғашқы күндер аспанында небір қыран-ұшқыштар өздерінің ұшақтарымен ашық аспан төсінде қалықтасын деп іріктелді. Осы мемлекеттік қаржыға жасалынған ұшақтардың арасында бір ұшақ жеке адамның қаржысына жасалынған еді. Қазақ ұшқышы Қажытай Шалабайұлы басқарған осынау ұшақ дүние жүзінің 28 елінде болып, 48 алтын, күміс және қола медальдерді жеңіп алған күш атасы атанған Қажымұқанның жеке қаражатына жасалынған болатын.

    Жалпы Ұлы Отан соғысы жылдары қазақтардың ержүректілігін айтып жеткізу батырлар жырын айтқандай бірнеше күн керек, немесе одан да көп уақыт керек ететіні сөзсіз. Сондықтан ағылшын жазушысы Александр Вердтің екінші дүниежүзілік соғысы туралы жазған кітабындағы «Ұлы Отан соғысындағы ең мықты солдаттар – қазақтар» деген пікірімен шектелу жөн шығар.

    Қазақ халқының перзенттерінің Отанын шексіз сүюі басқа ұлт өкілдеріне үлгі боларлық! Қазақтың балуан ұлы ұшақты жасатуға қаражатты қайдан алды? Жә, әңгімені әріден бастайық.

    Болашақ балуан жас кезінде ауылдағы Ғаббас есімді байдың малшысы болады. Есейе келе Ақмола (қазіргі Астана) қаласындағы саудагердің қолында жұмыс істейді. Бір күні әлгі саудагер жас жігітті Есіл өзенінің ағы жағына барып қасапханадан қойдың етін әкелуді тапсырады. Аяқ асты көрінбейтін түтеген боранда 20 қойдың етін шанаға тиеп қайтады. Жолда омбы қардан жүре алмаған аттар шананы жылжыта алмаған соң Мұқан аттарды босатып, жарты тонна тиелген шананы өзі сүйретіп келеді.

    Енді бірде Қызылжар қаласына таяу жердегі Тайынша жәрмеңкесінде Мұқан тағы да көзге түседі. Жәрмеңкеге бір кісі құрық тимеген асау жылқыларды әкеліпті. Көп жылқының ішіндегі құла қасқаны ешкім ұстай алмапты. Сонда Мұқан: «Ат беріңдер, қазір ұстап берейін» – деп ұсынған құрыққа қарнамай асауды қуып жетіп, құйрығынан шап беріп ұстап алып, шалқая тартып қоя береді. Ат омақаса құлайды. Сол кезде Мұқан аттың үстіне қарғып мінеді де, бір қолымен асау аттың құлағын, екінші қолымен жалынан ұстап қимылдатпай тұрыпты. Бұндай алып күш иесін көрмеген саудагер менің жылқышым бол деп жата жабысыпты. Кәусар ауалы кең даланы сағынған жас жігіт қалада жүк тасығанша қазағымның көңіліндей кең дала төсінде жылқы баққаным дұрыс деп шешеді де келісімін береді.

    Қыс өтіп дүниені небір түрлі-түсті гүлге бөлеп көктем, онан соң даланы кілемдей жайнатып жаз келген татар халқының «Сабан тойында» барған Мұқан жиналған жұрт ортасында малдасын құрып отырған еңгезердей біреуді көреді. Сұрастыра келсе белдесуге шығатын адамды күтіп отыр екен. Сонда күреске шыққысы келіп тұрған Мұқанға қожайынының: «Осымен сен күрес, жығасың, жығылсаң жер көтереді» деген қолдауымен ортаға шығады. Алғашында татар палуаны қазақтың қара торы жігітін өзіне қарай тартып әкетуге тырысады. Бірақ Мұқан оның бұл қулығына илікпейді. Олай дөңгелетіп, бұлай дөңгелетіп болмаған соң, жата тастауға әрекет жасайды. Дәл осындай оңтайлы сәтті күткен Мұқан зор денелі палуанды іштен шалып жерге алып ұрады. Бұндай болады деп ойламаған көпшілік есі кете шулап жеңімпаз Мұқанға қошемет көрсетеді. Жас қазақ жігітінің күшіне сүйсінген татар палуаны Мұқанға күреспен шындап айналысу керек екенін, өзінің көмектесуге даяр екенін айтады. Ақырында жаңа досының көмегімен Мұқан Мұңайтпасұлы Санкт-Петебургтағы француз күресінің курсына келіп түседі. Сол кезден бастап әлемнің көптеген елдерінің балаундарын жеңіп бұдан былай жай ғана Мұқан емес Қажымұқан атанған бойы 1 метр 86 елі, салмағы 180 килограмм қазақ алыбының спорттағы жолы басталады.

    1904-1905 жылдары Харбин қаласында болған джиу-джитсу күресінде Жапонияның чемпионы Саракикиді жеңеді. 1906 жылы Алмания астанасы Берлинде Еуропа чемпионы, неміс балуаны Тон Кеннедиді жығып, Еуропада бірінше орынды алады. 1910 жылы сол берлин қаласында дүние жүзінің чемпионы Ганс Кауды жығып, тағы да дүние жүзі чемпионы атанады. 1913-1916 жылдары Париж қаласында дүние жүзінің чемпионы Струментті жеңген.

    Қажымұқан Мұңайтпасұлы көптеген аты елге танымал өнер саңлақтарымен, әсіресе Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Иманжүсіп, Балуан шолақ, Мәриям Жагорқызы, Майра Уәлиқызы және басқа да қазақтың жақсы-жайсаңдарымен дос-сыйлас болды. Күрес өнерімен қатар жақсы әңгімеші, қазақ әндерін әуезді етіп шырқай алатын, өзі туралы:

    Көтердім Қазақстан дәрежесін,

    Үстімнен автомобиль жүрсе-дағы,

    Сонда да қайыспаған қара төсім… –

    деп өлең шығарған көрнекті тұлға.

    1927 жылы Орынбор қаласында өткізілген ірі чемпионатта зор табысқа жеткені үшін Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы Орталық комитетінің шешімімен Қажымұқанға «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атағы берілді. Ал 1945 жылы балуан «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

    Қажымұқан атамыз нағыз күш иесі болатын. Қайда жүрсе де белдесуге «Уа, қазағым!» деп дауыстап шығатын балуан елінің мерейін әрдайым үстем ете білген тұлға. Ол тек қана күрес аренасына шығып басқа елдердің балуандарымен күресіп қана қоймай жеке де өнер көрсетіп қаншама жұртты тәнті ете білді. Күйдірілген 4 кірпішті төбесіне қойып, 15 килограммдық балғамен ұрып сындырту, шалқасынан жатып кеудесіне ауырлығы 2-3 центнер кесек тасты қойдырып, 20 килограмдық балғамен ұрғызып тас быт-шыт сынғанша жата беретін. Қалыңдығы 2 елі темірді білегіне білезік етіп орау, жуандығы таяқтай темірді беліне белбеу етіп байлау балуанға оп-оңай болатын. 25 адам отырған арбаны тісімен сүйреп, екен атан түйені ортаға әкеліп, байланған қайысты қолына айқастыра орап алып түйелерді екі жаққа айдатады. Бірақ екі түйе де Қажымұқанды орнынан жылжыта алмайды. Қалың тақтайды кеудесіне қойып үстінен машина өткізеді.

    Қажымұқан Мұңайтпасұлы қазақ әдет-ғұрпын, мәдениетін сыйлаған жан еді. Қазақтың игі жақсыларына бас иіп өткен азамат. Бірде бауырлас қырғыз жерінде өнерін көрсетіп екі жүз қой алады. Соны алдына салып келе жатып жалғыз өскен сары ағашты көреді. Қасындағы бір кісіден бұл не қылған ағаш деп сұраса жұрттың айтуы бойынша ол жерде Кенесары хан жерленген екен. Балуан ертесіне ханның жақан жеріне бір қойды құрбандыққа шалып құран бағыштайды. Содан соң ауылдың ақсақалына Кенесары ханның басына күмбез орнатыңыз деп тапқан малының бәрін қалдырып кетеді.

    Осындай ақыл-ой, парасат пен күш иесінің ата-бабалары қандай болған, ұрпақтары кім деген сұрақтардың тууы заңды.

    Қажымұқанның ата-бабалары батыр болған. Бабаларының кім екенін өзінің өлеңінде былай деп айтқан:

    Сұрасаң арғы атам ұзын қыпшақ,

    Тәңірім беріп еді өлшеусіз бақ.

    Шын бабам қара қыпшақ Қобыланды,

    Тең келер ондай ерге қандай қазақ?

    Арғы атасы Тоқтарбай, одан Қобыланды батыр, қазақтың бәріне ерліктері мен белгілі «Қобыланды батыр» жырының бас кейіпкері екені белгілі, одан Терлікбай, одан Ойбас, одан Ұзын, одан Алтыбас, одан Қарыс, оның ұлы Жоламан, Жоламаннан Сонай, одан Сәді. Төртінші атасы Сәді Абылай ханның тұсында үлкен батыр, шебер найзагер болған. Оның ұрпағы Ернақ, шын аты – Ержан. Қажымұқанның айтуы бойынша 1795 жылы туып, 1847 жылы қайтыс болған.

    Ернақтың екі ұлы болған, бірі Мұңайтпас, екіншісі Тәшім.

    Батырлық пен балуандық тоғыз атасынан келе жатқан әкесі Мұңайтпас та отынға барғанда қолына балта ұстап көрмеген, үлкен-үлкен ағаштарды түбірімен қопарып әкелетін күшті адам болған екен. Ауыл арасындағы той-томалақтарда күреске түсіп қарсыластарын шыдатпаған. Өзінің жауырыны жер иіскеп көрмепті. Сол себепті жұрт оны Жуанаяқ деп атап кетіпті. Бұндай атының шығуына аяқтарының жуандығы себеп болса керек. Аяқ киім шақ келмегендіктен, қыстың суық күндері киізден үлкен етік тігіп киеді екен. Мұңайтпасты кейбіреулер Маңқас деп те атайды екен. Белгілі ғалым балуанның өз аузынан жазып алдым деген әңгімесінде Мұңайтпастың нағашысы Бейсеу атақты батыр болған. Сол Бейсеудің қызы Айсары деп жазады. Айсары күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының анасы Алқа іспетті, жас кезінде қарулы болып, балуан күреске түскен кездері болған. Енді бір дерек көздері балуанның анасы Айсарыны батыр Үлектің қызы дейді.

    Соғыс жылдары Қажымұқан ұшақ жасатуға ақша жинау үшін ел-елді аралап өнер көрсеткенде, қасында ән-күймен елдің көңілін көтеріп жүретін бір топ жастар болған. Сол жастардың бірі, қазір Шымкент қаласында тұрған 87 жастағы кейуана апамыз Гүлзия Батыршақызының айтуы бойынша Қажымұқанның бір інісі үлкен күш иесі болған. Бірде үстінен тракторды өткізіп жатқан кезде трактордың шынжыр табаны ағаштан тайып қабырғасын опырып жіберіп көз жұмыпты.

    Қажымұқан балуан төрт рет төсек жаңғыртқан. Бірінші үйленген жұбайы Надежда Николаевна Чеповская, некесі қиылғаннан кейін атын Бәтима деп өзгерткен. Одан Халиолла атты жалғыз ұл көрген. Халиоллаға 16 жасқа толар-толмас кезінде Шәпен атты қызды алып береді.  Халиолладан – Шәбден, Әлке, Фариза, Рәзия, Жанайдар, Елтай, Құлымбет тарайды. Сол уақытта Қазақстан басшылары Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов деген кісілер болған. Немерелерінің атын  солардай болсын деп азан шақырып Қажымұқанның өзі қойған екен. Бәтима апай екеуі  азамат соғысы мен ашаршылық жылдарынан кейін балалар үйінің бірінен бір баланы алып атын Абдолла деп қойып, тәрбиелеп өсіреді. Абдолла өскен соң Сібірдің жоғарғы милиция мектебіне оқуға түседі.

    Алғашқы ұлы Халиолланың Шәбденінен сегіз перзент тарайды да, екінші баласы Жанайдар он баланың әкесі. Үшінші баласы Әлкеден бала болған-болмағаны белгісіз. Төртінші баласы Құлымбет жеті баланың әкесі. Бесінші перзенті Фариза мен, алтыншы қызы Розадан қанша бала тарағаны белгісіз.

    Балуанның екінші рет үйленгеніне, өзіне тартқан ұлдар дүниеге келер деп қарсы болмаған Бәтима апа, өзінің немересі Рәзия Халиоллақызы мен күйеу баласы Хасен Сәрсеновтың қолында тұрды.

    Қажымұқанның 1925 жылы алған екінші жұбайы Тыныбайқызы Ырысты. Қыздары – София, Рәшида, Әзия. Ұлдарының есімдері – Тұрлыбек, Ақтыбек. 1928 жылы туған Әзиясы белшең, төртбақ денелі болыпты. Әзия бала кезінде базардағы алаңға шығып:

    Жетіге міне келді менің жасым,

    Көтерем екі пұттық кірдің тасын, –

    деп өлеңдетіп, кіртасты көтере береді екен.

    27 жыл Омбы қаласында тұрған Қажымұқан 30-шы жылдардағы ашаршылық кезінде ауыл арасында «Патшаның өзінен сыйлық алған. Хамид сұлтанның да сыйы бар, барлығы 48, патшадан сый алған» деген сияқты өсек сөздер тарай бастаған соң, Қажекең алтын медальдарын ерітіп, азық сатып алады.

    Кезінде «Үш жүз» партиясының мүшесі болғаны үшін НКВД тарапынан жауапқа тартылып бірнеше ай түрмеге қамалады.

    Ашаршылық жалдары ауыл арасында «Патшаның өзінен сыйлық алған. Хамид сұлтанның да сыйы бар, барлығы 48, патшадан сый алған» деген сияқты өсек сөздер тарай бастаған соң, Қажекең алтын медальдарын ерітіп, азық сатып алады.

    Абақтыдан шыққан соң Өзбекстанда біраз жыл тұрақтаған балуан немере інісінің қайтыс болғанын естіп Оңтүстік Қазақстанға келіп тұрақтап қалады.

    Қажымұқан үшінші рет үйлену себебі қазақтың әмеңгерлік дәстүрімен байланысты. Інісі Ескермес қайтыс болған соң келіні Мінәйім Жұмағұлқызына үйленіп он сегіз жылдай тату-тәтті тұрған. Бұл некеден Айдархан дүниеге келеді. Айдархан әкесінен аумайтын, жасына қарағанда ірі, сүйекті болған. Қажымұқан осы ұлын қайда барса да жанынан тастамай ертіп жүретін, соған қарағанда бір үміт күткен болуы керек. Бірақ Айдархан есейе келе ауырып күрес туралы ойламайтын болды. Айдарханның бәйбішесі Тәтеннен көрген перзенттері: Сәуле, Ысалы, Нұрлан, Перизат, Ләззат, Арман.

    Қажымұқан 76 жасында төртінші рет үйленген. Бибіжан екеуінің ұлы Жанәбілден Бақытжан, Еркебұлан, Жанар, Айжан тарайды. Бақытжан Қажымұқанов әнші, композитор, халықаралық «Азия дауысы» ән фестивалінің жүлдегері. Бақытжанның Битай атты перзенті бар.

    Қажымұқан балуанның бір жиені, Айдарханның қызы Жақсыгүлдің Бақыт атты қызы мен Шаттық атты ұлы бар. Шаттық Елеусіновке нағашы бабасының құты қонып каратэ күресінің шебері. Қазақстанның чемпиондық атағын Шаттық 12 жасында жеңіп алды. 1995 жылдан еліміздің құрама командасының мүшесі болды. Түркияның «Босфор кубогі» атты жарыста 70 килограмдық салмақтағылар арасында қола медальді иеленді. М.Әуезов атындағы университетті бітірген соң жаттықтырушылықты кәсіп етіп жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысуда.

    Қажымұқанның зиртына күмбез орнатуға ғұлама ғалым, жазушы Мұхтар Әуезовтің істеген ісі айтарлықтай. Зираттың қараусыз қалғанын көрген жазушы бұл мәселені Қазақстанның өкіметінің алдына егжей-тегжейлі баяндап хат жазып, баратын жерге барып жүріп шешім қабылдаттырады. Қазіргі тұрған еңселі мазар ұлы жазушының сол бір жанашырлығының көрінісі.

    Қазір Ордабасы ауданының орталығында Темірлан елді мекенінде атақты балуанның мұражайы бар.

    Бердалы ОСПАН,

    «АДЫРНА» ұлттық порталы.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    «Зұлмат жылдар қасіреті» атты дөңгелек үстел өтті

    Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ...