• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алаш ұлдары » Әбубәкір Қайран. Кенесары (тарихи дастан)

    Әбубәкір Қайран. Кенесары (тарихи дастан)

    ТОЛҒАНЫС. ЕЛЕС. МІНӘЖАТ.

    Қамырықтым, қабаржыдым, қамықтым –
    Неткен тайғақ жолы біздің халықтың !
    Дей алам ба – алыбы еді алыптың?
    Дей алам ба – ғарібі еді ғаріптің ?
    О, алайда, өз жөні бар тарихтың!
    Өз жолы бар ұлып өтер бөрінің,
    Өз жолы бар үріп өтер әр иттің.
    Өз үні бар бақаның да… балықтың.
    Өз үні бар көр-лақаттың, табыттың!
    Жөні бөлек, бірақ, тірі тарихтың!..
    Кейде осылай мұң кезем де, ой кезем,
    Елес кезем, өз-өзіммен сөйлесем.
    Тынысым да, рухым да тәуелсіз –
    Кім бар маған «қой!» дейтұғын, «қой» деген ?!
    Мен қиялдың мінген кезде пырағын,
    Сөз болмайды ор деген де, өр деген!
    Көлде жатып, мұңдасамын шөлменен,
    Шөлде жатып, сырласамын көлменен…
    Бірақ сол түн… тұра қалған көлденең
    Сиқыр сәтті жеткізе алман сөзбенен!
    Мен мұндайды бастан кешіп көрмегем!
    Петерборда… Кунскамера ішінде
    Бастар көрдім түрлі-түрлі пішінде.
    «Хан Кененің басы мұнда жоқ па?» деп,
    Қарай беріп… тұншығамын түтінге.
    Көріп тұрмын – бір маңдайды оқ тескен,
    Ал бір бастың қағып апты тісін де!
    Бұл не елес? Өңім бе әлде, түсім бе?..
    Бір дауыс кеп құлағыма сарнады:
    «Хан Кененің арманы жоқ, арманы!
    Ол – кешегі өз елінің заңғары,
    Ол – бүгінгі өз елінің ардағы!
    Оның басы азат болған бұл жерден,
    Рух болып қалай елге бармады?
    Мүмкін емес! Қара! Ізде бар дағы!..»
    Елес кезіп тағы жүрем, тағы мен…
    Іздерменен… шұбатылған қанымен.
    Іздеп келем… іздеп келем әлі мен.
    Міне! Міне! О, Құдырет, Хан Кене
    Көрініп тұр басыменен… барымен!
    Елестеді…
    Елес шынға айналып
    Бара жатыр…. қалды тілім байланып.
    Алаша хан мазарының басында
    Сиынып тұр баһадүрлер сайланып.
    Кене ғана жеке дара Бабаға
    Мінажат қып отыр екен ойланып..
    Басы төмен, қос тізеде қос қолы
    Былай дейді ол іштей ғана толғанып:

    «О, Алаша хан!
    Құтты екен сенің құдай сыйлаған несібең –
    Бір сәтке шығып көрмепсің
    Халқыңның мынау есінен.
    Анадан ала болып туыпсың,
    Кіндік қаныңды Сырдың суына жуыпсың.
    Әкең сенің хан екен – Қызыларыстан
    Ала боп туған ұлы үшін
    Жарыла жаздап намыстан
    Басыңа ажал жастапты,
    Дария суына тастапты.
    Сені сол кезде-ақ Тәңір қолдаған,
    Ажалың судан да, оттан да болмаған.
    Батырлықпен атың шығыпты,
    Досың қуанып, қасың бұғыпты.
    Майқы би – маңдай алды би екен,
    Сонда саған жасаған сыйы екен –
    Қол астыңа ең таңдаулы ірікті
    Берген екен үш жүз батыр жігітті.
    «Үш жүзіңмен» ұлан елді меңгеріпсің,
    Қараны ханға теңгеріпсің.
    Ел дәулеті Есілдей толыпты,
    Тайың таңбасыз, қойың енсіз болыпты.
    Басынғандардың басын алып,
    Бәлсінгендердің бәсін алып,
    Бастапсың сан-сан жорықты.
    Ұлытау мен Кішітауды жайлау етіпсің,
    Қарақұм, Борсық құмдарын қыстау етіпсің.
    Қаракеңгір бойында хан атанып,
    Өле-өлгенше әділет жолын ұстап өтіпсің.
    Елің ел болды.
    «Алты сан Алаш» атанды.
    Алты сан Алаш «қазақ» боп,
    Жаугер жұрт болды қаһарлы.
    Сол, «Алаш» пен «Қазақ» атауы
    Айырылмас тұрпат алған-дүр.
    «Алаш Алаш болғанда,
    Алаша хан болғанда» –деген аңыз жатталып,
    Санамызда қалған-дүр.
    Күмістелген есігін күн шығысқа қаратып,
    Құлыпталған есігін құбылаға қаратып,
    «Алаша хан сарайын»алтындатып салдырдың,
    Атағыңды Алты Аумаққа таратып.
    Сол сарайыңның сарқыты,
    Қазақ елінің ар-құты,
    Көтеріп тұрған жер төсі,
    Өткен тарихтың өркеші
    «Алаша ханның ордасы»
    Алапаттарға миземей,
    Сыр түйіп ішке, үндемей.
    Жанғабыл деген өзеннің
    Жағасында әлі тұр.
    Тарихтың көріп дүрмегін,
    Бойына түспей бірде мін
    Тәңір қолынан түскендей,
    Мәңгілік үшін біткендей,
    Қаракеңгір бойында
    Күмбезің, міне, тағы тұр.

    О, Алаша хан!
    Алғашқы Қазақ өзіңсің
    Ел болды сенің елің шын.
    Басыңа бүгін кеп тұрмын –
    Қасырет-мұңым төгілсін,
    Аруағың маған көрінсін!
    Отыз омыртқам бүгілсін,
    Қырық қабырғам сөгілсін!
    Егіліп келсем – ергенек,
    Төгіліп келсем – төрімсің.
    Айтып-айтпай не керек,
    Үзіліп тұр белім шын!
    Үш жүзіңнің Үлкен Ордасы
    Үлеске түскен олжадай болды.
    Хандығың құлады,
    Халқың жылады.
    Құлағаныңды тұрғызсам деп ем,
    Жылағаныңды күлгізсем деп ем.
    Қазақ та Тәңір баласы емес пе,
    Ел қатарлы жүргізсем деп ем.
    Тілегіме ортақтар тік көтеріп хан етті,
    Қайраңдаған қайран ел менен ғана дәметті.
    Басым жерге жеткенше,
    Бақытсыз осы жұрт үшін
    Сылып берермін сан етті,
    Түршіктіріп қасымды,
    Тігіп өтермін басымды!
    Әумин!»

    ***

    Ең соңғы хан, ең шерлі хан, міне, осы!
    Басын иген бүкіл Алаш дүниесі
    Ақ киізге көтеріліп, Кененің
    Хан атанған, қайта туған күні – осы!
    Аян жұртқа – бес жыл болды, мінеки,
    Келеді әлі қас жауымен күресіп.
    Отқа орады Ақмоланы, Орды да,
    Қаны қатып, қасарысып, сіресіп.
    Көріп тұрмын Хан Кенені… Рухты,
    Кетем енді сол рухқа ілесіп….

    ОЙ. ОРДА. НЫСАНБАЙ

    «Жар бол!» деп жер таянып түрегелді,
    Сұрланып ашаң жүзі, сүлеленді.
    Сабынан қылышының қысып ұстап,
    Алқалап тұрған жұртқа жүре берді.

    Көп болған жүректерге қан қатқалы,
    Түнеріп түн кетпеді, таң да атпады.
    Қазаққа хан қыламыз Кенені деп,
    Жиналған Алты Алаштың саңлақтары.

    Зар заман сарнаса да ызыңдаған,
    Қазақтың салты ешқашан бұзылмаған.
    Хандықтың ту тіктейтін тұсы осы деп,
    Күмбезін Алаша хан ырымдаған.

    Қыркүйек қыржиып тұр, дала сары.
    Ұлытау көкжиекпен таласады.
    Мың сегіз жүз қырық бір – сиыр жылы –
    Хан болған сәті осы еді Кенесары.

    Бойына байсал берген шошығанның,
    Бар еді қасиеті осы маңның.
    «Қайда – деп – қайқы қылыш түмендерім?!»
    Сұстанып мазары тұр Жошы ханның.

    Бас иіп, құран оқып моласына,
    Тәу етті Кенесары бабасына.
    Мұнысы мыс та болды, сұс та болды
    Сұлтан, би, төлеңгіт пен қарашыға.

    Бүк түсіп, бүріскендей дала мен қыр.
    Қарқылдап қарға, құзғын алар дегбір.
    Қамығып, қара көздің жасындай боп,
    Мөлдіреп ағып жатыр Қаракеңгір.

    Мінеки, таяу қалған күн батуға.
    Жүректі шер-шемендер сыздатуда.
    Түйе жүн сұр шекпенін серпіп тастап,
    «Алла!» деп Кенесары мінді атына.

    Бұл кезде бір жыл болды тыншығалы.
    Күрсінсе, көкіректен мұң шығады.
    Уақытша Орынбормен бітім жасап,
    Уланып, дем ала алмай тұншығады.

    Сөйтсе де осы бір жыл оңды болды.
    Азғана тыншу тапты ел жүрегі.
    Басына хан көтерген жұртын ойлап,
    Кененің іші жылып, елжіреді.

    Кеудесі ойға батса кетеді ұлып.
    Бүгіндер жат қолында кешегі жұрт.
    Ертеңі не болады есіл елдің
    Артынан еріп шыққан көтеріліп.

    «Қазақ-ай, неткен бақсыз ел едің сен!
    Сонда да тірегім – сен,сенерім – сен.
    Қазақтық намысыңды қалғытпаймын,
    Артымнан ұран салып ере білсең!»

    Осылай толғанады Кенесары.
    Ішінен ниет етіп, жол ашады.
    Білмейді, әлі бұлдыр бұл қазақтың
    Орысқа бодан болған болашағы.

    Не шығар құр бекерге ашынғаннан.
    Кек алар уақыт жетті басынғаннан.
    Ел үшін барын салып, басын тігу –
    Аманат Абылай мен Қасымдардан.

    Атасы хан Абылай нағыз батыр,
    Соңында үлгі болар сан із жатыр.
    Қазақтың басын қосып кетті емес пе
    Шоқ шайнап, жалын жұтып Әбілмансұр!

    Шошыды ол болашақтың тұманынан,
    Шошыды ол Ресейдің тұзағынан.
    Тырнағы самұрықтың бір тиген соң,
    Қайран ел айырылар тұрағынан.

    Қуса да қу сүйек қып жау қалмақты,
    Дариға-ай, тағдыр тағы сазға аунатты!
    Иықтап ішке кіріп, бекініс сап,
    Жазықсыз жатқан елді талмауратты.

    Әкесі Қасым сұлтан арпалысты,
    «Бекініс салдырман!» деп қанша алысты.
    Қазақтың қасиетті жерұйығын
    Бермеуге өле-өлгенше жан салыпты.

    Сұлтанды сұм сұғанақ алыстырды.
    Адымын кең аштырмай, қарыс қылды.
    Ақыры Көкшетаудан түп көтеріп,
    Қоқанның хандығына барып тұрды.

    Қырық мың шаңырақпен Қоқан барды.
    Артында атамекен, Отан қалды.
    Ділі бір діні бірдің еместігін
    Өкініп, бармақ шайнап, кеш аңғарды.

    Қоқанның жолы неткен қатерлі еді –
    Бір бақыт сордан басқа әкелмеді.
    Тәшкеннің құшбегісі алдауымен
    Мерт болды Саржан менен Есенгелді.

    Ойлаған Қасым сұлтан қол жиям деп,
    Қазақтан Қоқандағы мол жиям деп.
    Ақыры ажал тапты сол сапардан
    Тигендей дәл маңдайдан қаңғыған оқ.

    Кененің естен кетпес сол кездері,
    Айқасса, алысқанын жеңген еді.
    Саржанның қасына еріп, майдан ашып,
    Есінде мәңгі қалды көргендері.

    Ажалы ағалардың «достан» келді.
    Қасірет кернеп кетті аспан-жерді.
    Жалыны ішіндегі өртке айналып,
    Жүректе бір алапат басталды енді.

    Осы кек бейбіт жолды таңдатпады,
    Оянды асау көшкін ар жақтағы.
    Бұл кезде дін оқуын оқып жүрген
    Рахман Ишан қарттан Қарнақтағы.

    Сұлтанды тебірентті кеткен кектер –
    Екен ғой қоқандықтар нақ жендеттер.
    Қарнақтан ұстап алып Кенені де,
    Зынданға салып қойды тәшкендіктер.

    Сансырап жұтып еді аза-мұңын,
    Қайғысын тұтып еді қазағының.
    Зынданда бір жыл жатып босап еді,
    Қолынан Қоқан ханы Мәдәлінің.

    Сыр еді айтылмаған бір жасырын –
    Кез еді жолбарыстай тұлғасының.
    Шақырып Шу бойына, қырып салды
    Әскерін Созақтағы жүзбасының.

    Қайтарды аздап кегін қан боп қатқан,
    Жарқ етті аумай жүзі алдаспаннан.
    Қоқанның қанды қолды жүз әскерін
    Сол жолы оңдырмай-ақ алдап соққан.

    Көрсе де талай өмір өткелегін,
    Тілегін берді Құдай көксегеннің.
    Жөнелді жігіттерін ертіп алып,
    Артынан Ұлытауға көшкен елдің…

    Сан рет көк бөрідей ұлып қалған.
    Сан рет қолын созып күліпті арман…
    Тіреді аттың басын Кенесары
    Арнайы ақ ордаға тігіп қойған.
    * * *

    Алпыс жыл хан Абылай қайтқанына,
    Жанында Әзірет Сұлтан жатқанына.
    Мұң мен шер, қаза, қайғы, ұрыс, соғыс
    Жарқ еткен жай секілді қас қағымда.

    Мың жеті жүз сексен бір – ұлу жылы,
    Қазақты қатты соғып, сүріндірді.
    Абылай ақ ту тіккен ақ орданы
    Қайтадан тіктелместей бүліндірді.

    Зеңбірек кең далаға сұғынғалы,
    Қазақтың шырылдады шыбын жаны.
    Тағдыры тастай қатып тарпаң елдің,
    Дауысы шыққан кезі құлындағы.

    Алпыс жыл – алас-қапас, ию-қию.
    Ел болу мүмкін емес, есті жию.
    Бұрғанша аттың басын дендеп кірді,
    Рақымсыз Ресейдей сесті дию.

    Мұң болды кең жайлауға көшпек деген,
    Бурадай шөкті қазақ кескектеген.
    Қаймана қара халық былай тұрсын,
    Хандыққа сұлтан, төре «хош, хош!» деген.

    Топырлап туған ұлдар Абылайдан,
    Көздері орыс көрсе бажырайған.
    Мәз болып шенді шекпен кигеніне,
    Патшаға, қолдан келсе, жағына алған.

    Тек қана дараланып, Қасым шыққан,
    Жан еді мұз шайнаған, жасын жұтқан.
    Қалмақ қыз Топшы анадан жалғыз туып,
    Танбаған сұлтандықтан, батырлықтан.

    Туыпты ол қан шеңгелдеп жатырынан.
    Ат жалын тартып мінген батыр ұлан.
    Ордасын Абылайдың тіктер ме еді,
    Қаптаған қолдау көрсе жақынынан?!

    Қайран ер қара қапас шермен кетті.
    Қартайған қарт бурадай елден кетті.

    Оның да көз алдында өле-өлгенше
    Ақ туы Абылайдың көлбеңдепті.

    Сордан сор үсті-үстіне жамалғасын,
    Ер Қасым тіге алмады хан ордасын.
    Аяныш, таяныш та таппай кетті,
    Анадан жалғыз болып жаралғасын.

    Жетсе де даңқы Күнге, айбыны Айға,
    Сол Қасым көп көрінді бір Құдайға.
    Жолбарыс кетті өмірден аманаттап,
    Арманын Кенесары, Наурызбайға…

    Аманат – ұрпаққа сын, адамға сын.
    Күйлемек жаман ғана заманға шын.
    Қасымның көкжал ұлы Кенесары
    Тіктеді, міне, бүгін хан ордасын!

    Бұл орда – ордасы екен Абылайдың
    Қазаққа тұрған зәулім болып айбын.
    Жаңартып туырлығын тұтасымен,
    Алдыртқан сәті кеше ер Бопайдың.

    Керемет Бопай ханым іс қылыпты,
    Тектінің тектілігін ұқтырыпты.
    Сүйегін бұл орданың Көкшетаудан,
    Алдырып, інісі үшін тіктіріпті.

    Бұл орда атақ-даңқын сан асырған.
    Сүйегі Көкшетаудың ағашынан.
    Көктепті бір жыл бойы керегесін
    Шын шебер шыққан көптің арасынан.

    Бақаны алтындалған сан құбылар,
    Шабылған күмісінде таң нұры бар.
    Тігіліп Көкшетауда алғаш рет,
    Тірелген Түркістанға тағдыры бар.

    Бау-шуы мың өрнекпен әдіптелген,
    Бұл орда жыр тілінде дәріптелген.
    Әкесі өлгеннен соң Қасым сұлтан
    Көкшеге Түркістаннан алып келген.

    Бұл сүйек сол тұрғаннан тұрып қалған,
    Қазақтай қара жұртта ұлып қалған.
    Қалайда осы орданы көтерем деп,
    Қасымдай өтіп кетті үміткер жан.

    Текті адам тиек көрмес аласаны.
    Бекзатқа белді буған жарасады.
    Алпыс жыл өткеннен соң ақ ордаға,
    Тұр, міне, бас сұққалы Кенесары.

    Көрмеген даңққұмарлық тіпті меңдеп,
    Айқасып аты шықты күштімен көп.
    Шынында, Кенесары ойламаған,
    Әкеліп осы орданы тіктірем деп.

    Сөндірмес кеудедегі жарық күнін,
    Ер Бопай намыстысы намыстының.
    Әлдісі, әйел заттың ақылдысы,
    Сөйлесер құстың дағы тауып тілін.

    «Болмайды тақсыз патша, ордасыз хан.
    Ордасыз – ол дағы бір қорғансыз хан» –
    Деп ойлап, құпиялап тез алдырып,
    Тіктіріп қойғанынша сөз жасырған.

    Бопайдың айтқаны – серт, сөзі – пәрмен.
    Соғыстың сан түрлісін және көрген.
    « Кенені қолдамадың, қатынсың!» деп,
    Кетіскен күйеуінен – Сәмекеден.

    Сәмеке – шолақ ақыл, шолжаң сұлтан.
    Ұлтарақ ұлықтарға болған сұлтан.
    Кектеніп Бопай сондай қылығына,
    Ауылын неше шауып, салған шұрқан!

    Көкесі сол емес пе келекенің,
    Көшкені сол емес пе берекенің –
    Қолынан кесе түсіп кетеді екен,
    Бопайдың аты естілсе Сәмекенің.

    Қорлады Бопай байын «көн, шірік! – деп.
    Шіркін-ай жіберер ме ем өлтіріп !» – деп.
    Сәмеке Бопайға ерген Нұрқан ұлын
    Қарғады «қанға бөккір бөлтірік!» деп.

    Сол Нұрқан батыр болды жастан асқан.
    Дұшпанын дәл жүректен, бастан атқан.
    Орыстың тұтқынынан сытылыпты,
    Жолдасын қасындағы тастамастан.

    Ондайлар сирек туар елден мүлдем.
    Тағдырдың ерте уланған кермегінен.
    Әкеге намысы жоқ бір түкіріп,
    Кетіпті көтеріліс дүрмегімен.

    Бопайдың көрмегені, көргені не –
    Жау көрсе қан толатын көздеріне.
    Қылышпен сайысуды ат үстінде
    Жасынан айналдырған ермегіне.

    Адамның бөлмей зорын, аласасын,
    Кеудесі биік шыңмен таласатын,
    Қол бастап кетер еді, түйіп тастап,
    Қылындай ту биенің қара шашын.

    Тұрпаты жолбарыстың қаншырындай.
    Сипаты – сарқырыған тау суындай.
    Қылпыған көк қылышы жарқ еткенде,
    Дұшпанға көрінетін жан шыбындай.

    Кім көрген «қыңқ» еткенін, ауырғанын.
    Қырандай кеуде тосты дауылға мың.
    «Орысқа артын сатқан ел емес!» деп,
    Қақсатқан Уәлихан ауылдарын…

    Жігіттер атқа мінген ылғи мықты,
    Көтеріп ақ орданы зорға тікті.
    Қасына халқын ертіп хан келгенше,
    Бұл іс те тынған екен тыңғылықты…

    Көп ойдан басы айналып, даңғыра боп,
    Орданың хан тоқтады алдына кеп.
    Ішінен сәл іренжіп, қабақ шытты,
    « Бұлары артығырақ болды ма?» деп.

    Осы жұрт алдын, артын ойламай ма,
    Баяғы заман қайда, орда қайда?!
    Іргесін хандығының қымтап алса,
    Ордасы өз-өзінен орнамай ма?

    Сіңгенше хан атағы қашан миға,
    Көк қару, азамат пен атан жина!
    Хандығын мойындай ма ең әуелі
    Тапсынған Русия, Қоқан, Хиуа.

    Тентіреп телімденген жұрты мынау
    Тұралап қалған аттай тұрқы мынау.
    Ақ орда аспан тіреп тұра ала ма,
    Болған соң іші де жау, сырты да жау.

    Кеудесі баяғыдай асқақ емес.
    Жүрегін жеп-ақ жатыр ащы ерегес.
    Тіктіріп ақ орданы, сұлу жайлап,
    Хансынып, қаһарсынып жатпақ емес.

    Жата алмас бұл арада орда тігіп,
    Кетеді күн ертең-ақ жолға шығып.
    Алтын тақ ат үстінің өзі емес пе,
    Арман не атақ алсаң жау қашырып!

    Ел үшін ту көтеріп өтпегі – заң.
    Иілмей қас дұшпанға кетпегі – заң.
    Жеткенше басы жерге, соғыс салып,
    Атанар ат жалында «көшпелі хан».

    Ұққан бар, ұқпаған бар зарын, мұңын.
    Көп көрді үстем елдің залымдығын.
    Қазақтың ел боларын біліп кетсе,
    Алса да дән риза Тәңір бүгін!

    Білсе де залымдықты жеңе алмасын,
    Тауға да, тасқа дағы соғар басын.
    Қалса да қайран жерден айырылып,
    Халқының мәрт сенімі жоғалмасын!

    «Қазағым, қайғым сенсің, қарағым-ай,
    Оң жақтан соғар қашан самалың-ай!»
    Деп өксіп, есін жиса, табынып тұр,
    «Кенеке, аттан түс» деп ер Ағыбай.

    Батыры сүйеп-демеп аттан алды.
    Адамның ең зоры осы асқаралы.
    Атақты Шұбыртпалы Ағыбай бұл –
    Өзінің оқ қағары, тас қамалы.

    «Ал енді ақ тілеумен қадамдаңыз.
    Артқа да, оңға, солға қаранбаңыз.
    Алты Алаш бас қосатын алтын үй ғой,
    Орнықты болсын дәйім ақ ордаңыз!»

    Осындай айтып тілеу қоршағандар,
    Ақ көңіл, ақ тілеумен арсалаңдар.
    «Қалайда Кенесары хан болсын!» деп,
    Ниет қып, осы күнді аңсағандар.

    Хан Кене босағадан аттай берді,
    Жеп-жеңіл, өзін мүлдем жастай көрді.
    Жорысын жақсы ырымға мұның бәрін,
    Қаяулы қам көңілді тастайды енді.

    Кенені қарсы алды орда асқақ түрмен,
    Жанарын жалт-жұлт әлем жасқап бірден.
    Көз тартып оймышталған дөдегесі,
    Уығы бастырылған ақ басқұрмен.

    Қошқарат, шынжаралы, терме басқұр
    Уық пен керегені жалғап жатыр.
    Салбырап алуан-алуан салпыншағы,
    Уықбау, шаңырақ қоршау тіпті сал тұр.

    Көз тартып ақ жолақты үзіктері,
    Жарасқан айналма құр жүгірткені.
    Қаптаған орама ши керегенің,
    Өн бойы шекпеленген күмістеліп.

    Орданың жер едені тақтайланған.
    Кілемдер түрлі-түсті оттай жанған.
    Осынша көп әшекей, жалтылдағы
    Тағы да хан Кенеге жақпай қалған.

    Шынында ханның жүзі кейісті еді,
    Мұншама тыраштыққа келіспеді.
    – Әй, көсе, осында әкеп қойған ба өзі
    Сән менен салтанатты пейіштегі? –

    Деп Кене Ағыбайға бұрды мойын.
    Деген жоқ әзіл айтып, күлдірейін.
    «Хан басы хан болмайды салтанатпен», –
    Жеткізсем деген еді сол бір ойын.

    Алдымен берді Бопай сөзге негіз:
    – Алдияр, бөтен ойды көздемеңіз.
    Қылатын дұшпан көзі осы орда ғой,
    Бар еді белгі-бедер өзге неңіз?

    Бұл ордаң сырт көздердің мысын басар,
    Даңққұмар, дүниеқордың құты қашар.
    Хандықтың барлық шартын ұстансаңыз,
    Бықсыған ішмерездер тіпті сасар!

    Кенеге осы бір сөз ұнап қалды.
    Сыртынан келіспеген сияқтанды.
    «Ер тұрып, әйел сөйлеу не жосық!?» – деп,
    Бопайды іштей мұқап, сынап та алды.

    – Бұл дүние тар болса да ат айналым,
    Байқарсыз қанатыңыз қатайғанын.
    Орданың салтанаты – ел мерейі,
    Жауға – сұс, дұрыс айтты Бопай ханым!

    Үйренген халықпыз ғой көшкенге біз.
    Қонармыз ойпаңға да, төскейге біз.
    Қазаққа алпыс жылда бір тігілген,
    Қастерлі ақ орданы көп көрмеңіз.

    Биші мен сайқымазақ ойнатпай-ақ,
    Алыңыз жасауылды сайлап-сайлап.
    Жап-жасыл жанып тұрған жасын оттай
    Қойыңыз орда үстіне байрақ байлап…

    Айтарын айтып шығып айналсоқтап,
    Нысанбай тез арада қалды тоқтап.
    Кененің қабағына қарай қалды,
    Тұр ма деп Абылай тұтқан туды жоқтап.

    Жалт етті өткір көзі хан Кененің.
    Ұштығын ұстағандай әлдененің.
    – Неліктен жасыл түсті таңдап тұрсың,
    Сол түсте не қасиет бар деп едің?

    – Тұрғам жоқ мен өзімше сыр ашам деп.
    Немесе өзіңізбен санасам деп.
    Есімде анау жылы айтқаныңыз –
    «Жалғанда жасыл түсті ұнатам» деп.

    Жымиып, Кене сонда қасын керді,
    Кеудесі көтеріліп, басылды енді.
    Шынында ұнататын бала жастан
    Жасыл көл, жасыл шалғын, жасыл белді.

    Масан би жасы үлкені осы арада.
    Аялдап тұрып қалған босағада.
    Батаға, бәтуаға қатысам деп,
    Сабылып жетіп еді кеше ғана.

    – Иншалла, айтқаны жөн ақылшының,
    Мен дағы осы сөзге мақұлшымын.
    Ғадауат майданында пайғамбарым
    Ұстаған дүрілдеуік жасыл туын.

    Айналдым ел иесі азаматтан.
    Өзің де үлгі аларсың ғадауаттан, –
    Деп сөйлеп, шариғаттан біраз соқты,
    Діндар шал алды-артына қарамастан.

    – Хан ием тұрып қалды неге бұлай?
    Іркілткен шариғаттың себебін-ай! –
    Деп күліп, хан иесін төрге оздырып,
    Бұл сөзді бұзып кетті ер Ағыбай…

    * * *

    Отырыс мұндай кезде түнді асатын,
    Үлкендер заман жайлы сырласатын.
    Болған соң ет желініп, қол жуылып,
    Масан би қайырды енді бір батасын.

    Баршасы «Әумин» десіп бет сипады.
    Ауырлап, маужыратып тоқ құрсағы.
    Тұғжиып, тіс шұқысып, түнерісіп,
    Бейне бір жоқ секілді басқа айтары.

    Қисайып тақиялар төбелерде,
    Құнарлы ет сіңбей жатыр денелерге.
    Жатқан жұрт ыңыранып, селт етісті,
    Тамағын Кенесары кенегенде.

    Бұл кезде келіп қалған қымыз дағы,
    Күтіп тұр енді алдыда түн ұзағы.
    – Нысанжан, домбыра алшы,– деді Кене,–
    Тарихты айт өтіп кеткен бұрындары.

    Жатқан жұрт бас көтерді шынтақтасып.
    Барлығы бір адамдай бұл шаққа асық.
    Нысанбай домбыра алса кетуші еді,
    Асқынып, аруақтанып, шырқап, тасып.

    Нысанбай домбыраға қолын созды,
    Жан еді жағы қушық, қыран көзді.
    – Хан ием, Жошы ханнан бері қарай,
    Толғайын, пәрмен болса, біраз сөзді. –

    Деді де домбырасын дүрілдетті.
    Шайқалтып ақ орданы, дірілдетті.
    Бастады ұзақ жырын біраздан соң,
    Қай құлақ бұл шіркінге тігілмес-ті!

    Көсіліп хас тұлпардай жырау кетті.
    Сілейтіп, сілкіп, жыртып мынау көпті.
    Елес боп сары даланың үстіменен
    Шаңдатып құлан көшті, жылан көшті.

    Жошы екен соның бәрін айдаған хан,
    Бойында Шыңғыс қаны қайнаған хан.
    Екі өзен – Ертіс пенен Еділдейін
    Арасын жалпақ жатқан жайлаған хан.

    Шыңғыстың жол-жорасын ол ұстанған,
    Қағанмен тізе қосып соғыс салған.
    Қазіргі қазақ жерін билеп-төстеп,
    Көкшетау, Ұлытауды қоныстанған.

    Болмаған тірлігінде жаңылысы,
    Жошы да өлген екен – Тәңір ісі.
    Сонан соң Батыс және Шығыс болып
    Екіге бөлініпті Жошы ұлысы.

    Хан болды батысына Бату ұлы –
    Адамның ақ берені, ақиығы.
    Батуға Еділ бойы тұтас көніп,
    Солтүстік Хорезм де бас иіпті.

    Тұрғандай толқып күні, толқып түні,
    Батудың орыс елін қорқытты үні.
    Қырымды тұтасымен түгел алып,
    Қараған Қап тауының сол тұстығы…

    Орда Ежен билік құрды шығысына.
    Құдірет қуат берген қылышына.
    Арасын Алтай, Арал мекен етіп,
    Төрт тарап құлақ түрген дабысына.

    Ертіс пен Ақ Жайықтың жағалауы,
    Балқаш пен Аралдың да пана, бауы,
    Теп-тегіс қарап тұрған Орда Еженге,
    Тарихтың дәл осылай шамалауы…

    Теңізін тербеп жырау замандардың,
    Үстінен қарап отыр тәмәм жанның.
    Орда Ежен билік құрған осы аумақтар,
    Қаланған негізі екен Ақ Орданың.

    Бұл аумақ Алты Алаштың қос кемері.
    Бабалар жауға бермей ұстап еді.
    Бар қазақ Ақ Орданың аясында
    Атанған сол кездерде Қыпшақ елі.

    Жаулары жағаласып, көзін сүзген,
    Ақ Орда екі жүз жыл өмір сүрген.
    Қазақтың хандығының басы сол деп,
    Ғұлама шежіреші сөзін тізген.

    Ақ Орда құласа да, хандық қалды.
    Замана тоғыстырды сан жұрттарды.
    Хандығы Әбілқайыр қырық жылдай.
    Өзгеден өрен шығып, саңлақтанды.

    Әулетін Орда Еженнің бұл ысырған.
    Қан төгіп, қаһар сеуіп қылышынан.
    Тұқымы Шайбанидың сол хандықты
    Қырық жыл шығармаған уысынан.

    Бұл хандық Ақ Орданың мұрасы еді,
    Қазақтың тұмасы еді, тұрасы еді.
    Сол алап, алтын алап, ардақты алап,
    Болғаны біздің мекен рас еді.

    Дүниеде аума-төкпе не тұрақ бар,
    Құйылар әрбір көзге топырақ бар.
    Тағдырдың тезі жетіп, құлап тынған
    Хандығы Әбілқайыр осы уақтар.

    Одан соң ойпыл-тойпыл өмір өтті.
    Сан соғыс сан халықты еңіретті.
    Көшпелі өзбектердің бұл өңірден
    Бөлініп кететұғын кезі жетті.

    Апшыған Әбілқайыр немересі –
    Мұхаммед Шайбанидың кезеңі – осы.
    Өзбекті ап, Мауараннахр асып кетті ол,
    «Шатағы Шайбанидың» деген – осы.

    Өр қазақ басқа жолды таңдамастан,
    Найза мен қылышына қан жалатқан.
    Бас болды Керей менен Жәнібек хан,
    Ту ұстап, тулап туған хан Барақтан.

    Баласы Қасым хан да Жәнібектің
    Ұстанған мақсатына кәміл жетті.
    Хақназар одан кейін ең ұлы хан,
    Халқының өле-өлгенше қамын жепті.

    Бұл тұста қазақ халқы жайды өркенін,
    Түйіліп, талай жаудың алған шебін.
    Тұсында қазақ елі қатты өрлеген
    Тәуекел, Есім менен Әз Тәукенің.

    Жайы осы бұл қазақтың хандығының.
    Естіген төрт құбыла жаңғырығын.
    Қатайып қабырғасы қалған кезде,
    Жау жоңғар бүрке келді қанды жынын.

    «Ақ табан шұбырынды, сұламадан»
    Қаңғырып, қазақ бар ма жыламаған?!
    Тек қана ту көтеріп Әбілмансұр,
    Сол сордан жұртын аман шығара алған.

    Алысты ол қытаймен де арыстандай,
    Біресе бола қалып табысқандай.
    Орыстың ойын біліп, тілін тапты,
    Алайда, бас иген жоқ ғаріп жандай…
    Өр ақын өрлей түсті асау жанды,
    Ол енді Абылайдан Қасымға ауды.
    Құдай-ау, неткен дарын, неткен арын,
    Сидырған уысына ғасырларды!

    Міз бақпай тыңдап отыр мелшигендер,
    Жасынан күй сүйгендер, жыр сүйгендер.
    Аралап жұлын-жүйке, жүректерді,
    Оттай боп қызыл жалын тіл сүйреңдер.

    Елес боп өткен өмір қараңдаған,
    Жайдай боп жалаң қылыш жалаңдаған.
    Қай ғасыр, қай хандықты жырласа да,
    Дейді ақын: « заман жаман, заман жаман!»

    Адамның дір-дір етер құс жүрегі.
    Бір ызғар ту сыртынан үскіреді.
    Қоқаннан қопаң атты қылт-қылт етсе,
    Үйсіннің тұла бойы тіксінеді.

    Орта жүз жылқы ішінде теңбіл еді,
    Кіші жүз түйе ішінде зеңгір еді.
    Теңбіл де, зеңгір дағы бұғып қалды,
    Орыстың «арс-арс» етсе зеңбірегі.

    Қоқанға беріп тынды Сырдың бойын,
    Жетісу, Түркістан мен Шудың бойын.
    Баяғы балпаң басқан заман қайда,
    Жалт етіп өте шыққан бір күндейін.

    Орыстың билік құрған жандаралы
    Қайдасың, Есіл, Нұра, Қарқаралы?!
    Қайдасың, қайғы жұтқан Ақтау, Ортау,
    Жерұйық, жер төресі Арқадағы.

    Естілген қасіретті сарын, үнің,
    Қайдасың, қара жұртым – Қазылығым.
    Құсмұрын, құсаланып тұр ма екенсің
    Қазақтың бірі едің ғой қазығының!

    Айрылып Жарқайың мен Обағаннан,
    Жасыңды тия алмайсың сораланған.
    Тобылдың топырағы еске түссе,
    Жетім ел жер бауырлап, домаланған!..

    Келгенде осы тұсқа Нысан ақын,
    Шабыттың Кенесары тұсады атын.
    Езілген еңселерді көзбен түйреп,
    Жасады «тоқтат!» деген ишаратын.

    Нысанбай домбырасын баяулатты.
    Бұл кезде таң да атуға таяу қапты.
    Күн ертең мәслихат құрмақ болып,
    Жатуға жөн-жөніне аяңдасты.

    * * *

    Кірпік ілмей Нысанбай ұзақ жатты,
    Сыртты күйіп, ал іші жылап жатты.
    Талмаусырап, талықсып ет жүрегі,
    Кеудесінен басқандай бір албасты.

    Қалай өзі, жырлаудан шаршаған ба?
    Бақыт сыйлап жүруші ед барша жанға.
    Жаны жасып, жабырқап қалушы еді,
    Кең заманды кепшегі аңсағанда.

    Жиырмадан жаңа асыпты жасы мұның,
    Ернін өбіп көрмепті ғашығының.
    Төрелерге ілесіп, білмей кетті
    Амандығын бір туған жақынының.

    Сарнаушы еді Нысанбай бала жастан,
    «Тек, тегіне» әкенің қарамастан.
    Ақындармен тістесіп, жағаласқан,
    Шежіреші шалдармен араласқан.

    Мұнда әкелді бір Алла дедектетіп,
    Желеп-жебеп періште көмектесіп.
    Еркесі боп осы елдің қалып қойды,
    Бас жырауын Қасымның жеңіп кетіп.

    Ардақ тұтып, аялап асыл ерді,
    Қаншама жыл Қасымның қасына ерді.
    Абылайдан отыз ұл тараса да,
    Барлығынан сол Қасым басым еді.

    Тапқаны анау жұрт мұңын мұңдағанда,
    Түсіп кетті түбі жоқ шырғалаңға.
    Жүрер ме еді аман-сау күні бүгін,
    Қоқан жаққа мойынын бұрмағанда!..

    Өтіп кеткен, дариға-ай, қанша дәурен,
    Таңды күтіп, жол таппай түн ішінен!
    Кім біледі – кім кетіп, кімдер қалар,
    Айырғаншы күрмекті күрішінен.

    Хан көтерді Кенені кеше ғана,
    Енді қазақ беткейге бет ала ма?..
    Шыр айналып Нысанбай тұрып қалар,
    Келген кезде шырмалып осы араға.

    Қалың тұман тарай ма төне келген,
    Кірген жылан кетер ме керегеңнен?
    Қарапайым қалың ел демес пе екен,
    «Арқалайды тоқымын төреге ерген».

    Солмайды ғой үміттің гүлі бірақ.
    Ой ойласам дейді ақын тұнығырақ.
    Тарих жырын жырлаған Қасымға да,
    Қалып еді бір кезде тым-ақ ұнап.

    Онда бірақ бастаған Шыңғыс ханнан.
    Құсты тістеп аузымен, күнді ұстаған.
    Уәлиді «соңғы хан» деп соққанда,
    Қасым сұлтан реңі түнге ұқсаған.

    «Уәлиді, әй, Нысан, хан дегенің –
    Ата салтты көзіңе ілмегенің.
    Қазақ емес, хан етіп орыс қойған
    Ол кәпірдің орынын білмегенің!».–

    Деп қабарып, орнынан тұрып кеткен.
    Уәлиге ызасын ірікпестен.
    Содан бері Нысанбай өкінулі –
    Сол бір сөзді неге айтты құрып кеткен!

    Уәлиге ұзын кек тарқамаған.
    Екі жаққа екеуі шалқалаған.
    Қасым сұлтан әулеті қасқыр жүрек,
    Аманаттай сол кекті арқалаған.

    Есенгелді, Саржан ер жалындады.
    Күшік сұлтан бұл жолға салынбады.
    Тартып туды қанына Мұса сұлтан,
    Кенесары, Наурызбай, Әбілғазы.

    Кенесары жан тартып көбіне-көп,
    Тыңдайтұғын қашанда сөзін елеп –
    Бауырлары – Наурызбай, Әбілғазы,
    Осы екеуі ұнайтын өзіне ерек.

    Сұңғақ бойлы Наурызбай – сымбатты жан.
    Ат үстінен түспейтін күнқақты жан.
    Сайыпқыран сарсадақ, сайгез атқан,
    Сілтеп те ұрған найзасын, ырғап та ұрған.

    Жүрген батыр ағасы жүрген жолмен.
    Шырқ үйіріп найзасын жалғыз қолмен.
    Жаймашуақ жас жігіт жайшылықта,
    Баладайын ақ көңіл күлмеңдеген.

    Қос мүшелге бұл Науан жаңа жетті.
    Жүрді кеше ойнатып қара көкті.
    Хандығына Кененің байғазым деп,
    Бір наркескен соқтырып ала кепті.

    Жұмсақ жүрек, сабырлы, нәті берік,
    Нұр жүзінен иманы жатыр өріп.
    Құлын-тайдай ойнақтап бозбалалар,
    Жүреді ылғи Науанның қасына еріп.

    Аттастырған жоқ әлі қалыңдығы,
    Сұлу біткен сыртынан таныр мұны.
    Біріне де солардың құрық салмай,
    Жүргені сол барлығын сарылдырып.

    Бір інісі Кененің – Әбілғазы,
    Хатшысы осы сенетін жанындағы.
    Орысшаға жүйрік, тым сауатты,
    Тыныштығы жұртының – сағынғаны.

    «Білім, ғылым орыстан үйренсек, – деп,
    Оқу оқып, бір ғажап түрге енсек», – деп,
    Армандарын айтады Нысанбайға,
    Кейбір ойын құпия ыммен шектеп.

    Таниды оны Нысанбай тәлімінен,
    Әділетсіз істерге жаны күйген.
    Орысшаны үйренген бір татардан,
    Сабақ алып жүргенде «әліп-биден».

    Тілін біліп, үйренген жазуын да.
    Бір дарыны бар мұның тануында.
    Ғалым болар жігіт қой, амал қанша,
    Қор болады-ау заманның ағымында!..

    Күрсінді де Нысанбай аунап түсті.
    Таң дағы атып келеді қаймақ түсті.
    Бағанағы өзі айтқан ұзақ жырдан,
    Шаршап қалған секілді аймақ құтты.

    Ит үрмейді, жылқы да пысқырмайды.
    Аздан кейін құбылтып құс сайрайды.
    Шаңырақтан қараса, екі-үш жұлдыз
    Сөнер оттай болымсыз ұшқындайды.

    Ойланбайын десең-ақ ой қуады,
    Ойдың өзі жирентіп, тойдырады.
    Бастың іші жатқандай улап-шулап,
    Міне, тағы шулады қай құлағы?

    Елес бере бастады кіл төрелер.
    «Төре» десе қу жүрек үрке берер.
    Бірі былжыр болғанда, бірі – тұнжыр,
    Боқ-сідігін төресіп бүркемелер.

    Бірі асқақсып, біреуі маңғазданар.
    Ит жеместі асауға барған да бар.
    Бұт көрсету үшін тек қалған ба екен,
    Шыңғыс ханнан тұқым боп қалғанда олар?!

    Қайсысынан қазақы шырай көрді,
    Еңсені езіп, құздай боп құлай берді…
    Тұра қалды ақынның көз алдына
    Қоңырқұлжа … баласы Құдайменді.

    Жарқанат көз, сирек қас, салпы ерінді,
    Ел ішінде есірсе, ерке, жынды.
    Қарсы келсең, сол жерде қаныңды ішіп,
    Алуға бар сыпырып жон теріңді.

    Арғы атасы Сәмеке хан да болған.
    Орта жүздің бетіне таңба болған.
    Қырық мыңдай жылқыны айдап жүріп,
    Есідерті дүние мен малда болған.

    Елден бұрын ес таппай едіреңдеп,
    Ақ патшаға хат жазған «берілем» деп.
    Дәл сол кезде кенеттен өліп кетті,
    Ойламапты ол шіркін көмілем деп…

    Құдайменді бай болған өз әкесі.
    Мал жиюмен шектелген әрекеті.
    Отыз мыңдай жылқы айдап, қонған екен
    Қоңырқұлжа ұлына «берекесі».

    Қоңырқұлжа – ең байы сұлтандардың.
    Есепке алып отырар бір тамғанын.
    Алты арғымақ жіберіп сияпатқа,
    Аузын алған Бірінші Николайдың.

    Жаға түсті патшаға мұнан кейін.
    Кең ашылды араны құлға бейім.
    Босатылды салықтан оның елі,
    Мың сегіз жүз қырқыншы жылға дейін.

    Аға сұлтан осылай күш тастырған,
    Ақылы мен қулығын ұштастырған.
    Түкірігі түкірген жерге түспей,
    Дуанын Ақмоланың ұстап тұрған.

    Қарай алмай бетіне жан баласы,
    Асып-тасып тұр еді мейманасы
    Бұрқ етті де күтпеген көтеріліс,
    Қалған жандай бұл күні дауда басы.

    Азу тісін кезі жоқ қайрамаған,
    Бес қаруын жастанып сайламаған.
    Үш жыл бұрын осыдан Кенесары
    Он ек мың жылқысын айдап алған.

    Қоңырқұлжа құлшынды кек алмаққа.
    Мақсаты да болмады онан басқа.
    Старшын Карбышев пен бес жүз солдат
    Бастап шыққан кек алып оралмаққа.

    Жолы болмай, Кенені таба алмаған.
    Кек алудың жолдарын амалдаған.
    Жау ауылды басам деп әне-міне,
    Көшке ілескен күшіктей салаңдаған.

    Найзасына іле алмай нағыз жауын,
    Қайтпайық деп қандамай қаруларын,
    Айыртауда отырған қырды келіп,
    Күшік пенен Сейдақтың ауылдарын.

    Кісіліктен ол солай кеткен адам,
    Бұзықтығы шегіне жеткен адам.
    Ер-әйелді алпыстай жер жастантып,
    Алып қайтты тұтқынға сексен адам.

    Қырды солай қазағын жазығы жоқ.
    «Ұрпағы ғой Қасымның – бәрібір!» деп.
    Ақмоланы алғанда Кенесары,
    Кетті-ау, әттең, құтылып қара жүрек!

    Кенесары сол жолы бастан алды.
    Қаһар сепкен жер етті Ақмоланы.
    Қоңырқұлжа, Карбышев жан сауғалап,
    Қашып кеткен сәті осы масқаралы!..

    Нысанбай елестетіп төрелерді,
    Ойынан ой туындап келе берді.
    Ылғи аға сұлтандар шеттерінен,
    Кененің дегеніне көне ме енді!..

    Атадан асыл шекпен – мұра киген
    Сұлтандар бір Кенеге күнәні үйген.
    Бұлардың көпшілігі тарағандар
    Сәмеке, Бөкей менен Уәлиден.

    Кенеге бұлар қанша қарыспады.
    Бас қосып, ант ішісіп, нан ұстады.
    Ішінде Уәлидің Шыңғысы бар,
    Жантөренің Ахмет, Арыстаны.

    Нысанбай Ахметті талай көрген.
    Міндерін бойындағы санай берген.
    Бадырақ баспақ көзді, талыс танау,
    Жан еді бойшаң бойлы, жарау келген.

    Жасында Орынбордан оқып келген.
    Сондықтан орысшаны жетік білген.
    Шен алып, шекпен киген шоңның бірі,
    Қазақты қан қақсатып, өшіктірген.

    Атасы Айшуақ та хан болған жан,
    Ол дағы ақ патшаға арбалған жан.
    Жантөре оның ұлы жауыз болып,
    Қан менен, жүрген жері, зар болған жан.

    Азуын қайраса да ол айға жанып,
    Ажалдан құтылмады айла тауып –
    Өзінің жасауылы еріп жүрген
    Өлтірді арқасынан найза салып.

    Баласы сол Жантөре осы Ахмет
    Біледі ел барып тұрған тозақы деп.
    Торғайды билеп тұрған аға сұлтан,
    Кененің көзін құртпай мазасы жоқ …

    Төре ме?!. Төбеттер көп қарадан да ––
    Намыстан, жұрдай болған, санадан да.
    Анау бір Есенейлер төбе би боп,
    Өз елін мал орнына санаған ба!?

    Жатса да бала жылап, ана жылап,
    Кеудесі күннен-күнге жоғарырақ.
    Шынтақтас, тізелес боп Шыңғыстармен,
    Заңына зар жылайды Керей –– Уақ.

    Патшадан Керей –– Уақ жүдеген ел.
    Бес болыс белін буса –– түрегелер!
    Тізеге салып бітті Есенейлер ––
    Діңкені құртып бітті со немелер!

    Есеней жылан сынды қара шұбар.
    Қулығын қолы жетсе, сан асырар.
    Жүйрік ат, сұлу қызды көрсе болды,
    Жан таппай, алып болмай аласұрар!

    Керей мен Уақта көп асау жанды –
    Найза іліп, қылыш ұстап жасанған-ды.
    Есеней сол ерлердің көбін айдап,
    Ұлыққа «ең жақсы би» атанған-ды.

    Құтылмай бодандықтан, борыштан да,
    Айырылып жатса жұрты қоныстан да,
    Жүрегі шімірікпей байлап берді-ау
    Ер туған бауырларын орыстарға!..

    Уай, дүние-ай, ой дегенің ойға асады ––
    Жуанның көзі малға тоймас әлі!
    Қазақтың қанын ішіп жатыр бәрі,
    «Тойдым!»деп қашан енді жайласады?!

    Бір аспан, бір Тәңірге өтініш көп.
    Осы ғой жатқан түрім көсіліп кеп.
    Дүр ұлдар туар ма екен, тумас па екен,
    Дұшпанын тастайтұғын екі бүктеп!..

    Елінің естен танған көрген күнін,
    Осылай ел ішінде соғысты кім?
    Кенеге кенеу болған жылқысы ғой
    Нар шөккен Найман менен Тобықтының

    Соғысты кім салыпты санамызға,
    Кеденді кім тұрғызған арамызға.
    Кенеге қолын созған, құпиялап,
    Ар болсын Құнанбай мен Тана мырза.

    …Бұл кезде жұлдыз сөніп, таң да атқан.
    Бір бала түсіп жатыр арғымақтан.
    Бір бала мініп кетті таңға шауып,
    Дөйдала тұлымдарын салбыратқан…

    А, Кене, жалғызсың ғой, арлысың ғой,
    Нысанның санасында қаңғысын ой.
    «Қазақты қалғытпаймын!» десең дағы,
    Өң бойды жайлап алды үрей-сүрей!»

    Асқынып, адал жолды таңдамастан,
    Сұлтандар осылайша қан жаласқан.
    Нысанбай ыңырсыды көзін жұмып,
    Ауырлап азапты ойдан жанға батқан.

    КЕҢЕС. ЖАРҒЫ ЖОБАСЫ.

    Хан Кене үш күн бойы жиын құрды.
    Жан тартар жақындарын сүйіндірді.
    Тырнағын ішке бүгіп жүргендерді
    Беттетпес беделімен күйіндірді.

    Бәрінен мәжілістің мәні бөлек –
    Жол-жоба, жоралғы мен мәміле көп.
    Ойларын ортаға сап отырғансып,
    Әр ненің алады хан дәнін елеп.

    Ол сөзін тереңдерден толғайды көп.
    Қай ру қалай бізді қолдайды деп.
    Хандықты құру үшін әскер саны
    Кем түссе жиырма мыңнан болмайды деп.

    Бұл істің шырмауы бар, шырғасы бар.
    Уақыттың судай сусып тұрмасы бар.
    Таласпай, тартыспай-ақ ойланысып,
    Тезірек сайлау керек мыңбасылар.

    Қашанда бос тұрмасын орда маңы.
    Орданың жауға сұсы сол болады:
    Жасауыл бес мың сыпай дайын тұрсын,
    Бойында бес қаруы – жау жарағы.

    Әскер бар – әділдік пен шындық барда –
    Темірдей тәртіп болсын мыңдықтарда.
    Сатқындық, кісі өлтіру деген сынды
    Аяусыз тиым болсын сұмдықтарға.

    Хандықта билер соты үстем тұрсын.
    Билігін іспен қылсын, күшпен қылсын.
    Қашанда елді қолда ұстау үшін,
    Зұлым мен жылымдарды сескендірсін.

    Енді би би болмайды бас-басына.
    Жанбасып кетер олар жақтасына.
    Билерді ханның өзі тағайындар,
    Қарамай байлығына, басқасына.

    Тоқтатып «бұ» дегенді «о» дегенді,
    Ұстау шарт ауыздықтап төрелерді.
    Әкімдік жүргізуге әр қашанда
    Таңдау шарт тапқыр менен көрегенді.

    Би менен батырларға таңдамалы
    Белгілі қашаннан да ел қарары.
    Нақ солар назар салса барлық іске,
    Дау біткен тез шешіліп, оңдалады.

    Барымта, кісі өлімі тоқтатылсын.
    Сот ісі әділетті жақта тұрсын.
    Тәуке хан жазып кеткен «Жеті жарғы»
    Еленіп, әрқашанда баста тұрсын.

    Болмайды Құран менен нан ұстамай.
    Адал жол кәпірменен қабыспағай.
    Заңдарын Мұхаммедтің тұту керек,
    Шариғат жолдарынан алыстамай.

    Рулар арасында жанжалдар көп.
    Жазықсыз жапа шегіп қалғандар көп.
    Хан Кене кесіп айтты: «Бұл жараға
    Ем болар есті жолды таңдаңдар!» деп…

    Кененің ойы мықты, сөзі күшті.
    Барлығын өзі кесіп, өзі пішті.
    Би, батыр, сұлтандардың миларында
    Мың сан ой сеңдей болып соғылысты.

    Құрылды «Хан Кеңесі» осы арада.
    Сөйтпесе, хан ертеңді тоса ала ма?!
    «Кеңесі Ақсақалдар» бір -ақ сәтте,
    Шынында шығып қалды босағаға.

    «Биліктен – бір би отыр – түстім ғой!» деп…
    «Дүниеден – бір төре отыр – күстім ғой!» деп…
    Білдірмей бір бай отыр ішкі мұңын:
    «Бекерге осы жолға түстім ғой!» деп…

    Осылай тастап кетті талайын бақ.
    Басқандай басын бұлт, самайын ақ.
    Хан Кене кедей демей, қара демей,
    Қойыпты кеңесшілер тағайындап.

    Билікті жергілікті бақылауға,
    Әскерді аш қалдырмай асырауға,
    Насихат, үгіт ісін жүргізуге
    Шығатын болды ерекше жасауылдар.

    Байлардан болды «зекет» алынатын,
    Диханнан болды «ұшыр» алынатын.
    Аталды хатшы менен тілмаш тағы,
    Қашан да хан қасынан табылатын…

    Хан Кене бұл жиынды үш күн құрды.
    Қабағы қарс мұздай қыстың күнгі.
    Жұбантып біреулердің жылау жанын,
    Жүрегін біреулердің тіксіндірді.

    «Нелер тұр біз білмейміз тосып алда.
    Жолға – жақ, көңілге тақ болсын Алла!
    Қазақтың қайта туар ақ күні үшін
    Шейітпіз опат болсақ осы жолда!» –

    Деп Кене тұрып кетті орынынан.
    Дін аман бет әлпеті торығудан.
    Ендігі жорық жолы ерен болмақ
    Жасаған бұған дейін жорығынан.

    Кененің енді салар соғысына
    Бір тояр Қоқаны да, орысы да.
    Әзірше аттың басын бұра тұрар
    Торғайдың бойындағы қонысына.

    ТОРҒАЙДА. ТҮС.

    Сан батыр сандал көгін алшаңдатқан,
    Торғайдың даласы кең жалпақ жатқан.
    Бойынан Қаракеңгір Кенесары
    Осынау өр қонысты аңсап қайтқан.

    Аңсайтын жөні де бар осы араны –
    Алтын төр аймақ қой бұл босағалы.
    Торғайдың ұлан-байтақ өңірінде
    Қол жиып, басын елдің қоса алады.

    Шүкірлік үміті көп Арқадағы.
    Жауына жорық жолын тартады әлі.
    Артынан тұтасымен көшіп келді
    Өз жұрты – Ақмола мен Қарқаралы.

    Еркіндеп, еру болып, бие байлап,
    Аққұм мен Қарақұмды жатыр жайлап.
    Торғай мен Жыланшықтан қатар ішіп,
    Ерлері ат жаратып, қару сайлап.

    Бас тігіп, батыр туған ерге ілесіп,
    Аймағы Сарыарқаның келді көшіп.
    Жиналды Орта жүздің батырлары,
    Туларын найзаға іліп, желбіретіп.

    Сан жарау жүйіріктер сабылды енді.
    Қағады қас батырлар дабылды енді.

    Кенені хан деп білген өздеріне
    Шөмекей, Төртқара мен Табын келді.

    Жем, Елек,Ырғыз бойы аумағынан,
    Мұғалжар, Жыландыдай тауларынан
    Келді олар Кіші жүздің туын ұстап,
    Күн сөніп қалардай боп шаңдарынан.

    Хан Кене енді неге тоқталады –
    Қара күз әне-міне боп қалады.
    Жолбарыс жемге түсер сияқтанып,
    Ол енді Қоқан жаққа оқталады.

    Қоқанның өткен әбден ызасы бар.
    Алуға соны Кене тым асығар.
    Қазақтың қанша жерін тартып алып,
    Сол үшін қанын төкті шын асылдар.

    Әке мен ағалардың кегі қайда!?
    Қазақтың жауда қалған елі қайда!?
    Қайтарып бодан жұртты ала алмаса,
    Сенген ел мұны езге жорымай ма?!

    Қоқанның дәл астынан су шығып тұр,
    Бұқармен екі арасы ушығып тұр.
    Қазақтың батырлары, міне, бүгін
    Қан аңсап, қылыш қайрап құлшынып тұр.

    Хиуаның ханы Аллақұл аяқ тартар.
    Қосылмай бұл соғысқа саяқ тартар.
    Орыспен тізе қосып соғысуға.
    Ойы бар Кенеменен табақтасар.

    Қауіп аз төніп тұрған Бұқардан да.
    Ұқсайды аяғынан тұсалғанға.
    Қолдаса Құдай, Аруақ осы жолы
    Қорлығын көрсетеді Қоқан лаңға!

    Қорлықтың танытады не екенін!
    Қазақтың танытады ел екенін!
    Қаласын қалың өртке құшақтатып,
    Көзіне көрсетеді көрешегін!

    Ерлердің қардай борап жай – садағы,
    Аспанын азап, тозақ айқарады!
    Қазақтың ата жұртын түгел алып,
    Жеті мың шаңырағын қайтарады.

    * * *

    Анасы кірмеуші еді түсіне бір.
    Жан еді төгіп тұрар кісіге нұр.
    Ойланып отыр, міне, Кенесары,
    Өткендей көз алдынан бүкіл өмір.

    Айкүміс бұл Кененің анасы еді
    Бірге өткен сәби шағы тамаша еді.
    Аруағын еске алуды ұмытыпты,
    Түсіне кірді бүгін, қарашы енді.

    Қолында анасының асасы бар.
    Түрінде, тілінде де жапасы бар.
    Алдында бұл жүгініп отыр екен,
    Баладай бабасынан бата сұрар.

    Жанына ақ періште жанасады.
    Басына ақ кимешек жарасады .
    Осы бір түсін ойлап түнде көрген,
    Мең-зең боп күбірлейді Кенесары:

    «А, Жаратқан!
    Анам кірді ғой түсіме!
    Тік сөйлемеуші еді кісіге,
    Кірпіктері оқша қадалып,
    «Қаңсып қалды ғой – деді – қара жұрт!».
    Не деді тағы?..
    Батырлық…. Байлық…. Даналық…
    «Үшеуі де сенде жоқ» –
    Деді ме?..
    Әлде, деген жоқ,
    Естілген шығар солай боп.
    Десе егер… мынау құлағым
    Қалғаны жақсы-ау керең боп!
    «Бес қаруың сайлы болмайды,
    Қонған жерің жайлы болмайды!»
    Осы да соның ымы ма?
    Ай, ана! Ай-Ана!
    Олай демегін ұлыңа!
    Қаңсып қалса да қара жұрт,
    Халқым қалса да қамалып,
    Жасымды ыстық жүрегімде қайнатып,
    Қасымды төбе-төрімде ойнатып,
    Қашан қалып ем омалып?!
    Өзің айт, ана!
    «Батырлығың жоқ» дедің бе?
    От ойнап тұрды ғой көзіңде.
    «Батырмын!» деп қашан долдандым?
    Кек қылышын ерте қолға алдым.
    «Баймын!» деп қашан айтып ем?
    Жарлы-жақыбайыммен тоңғанмын.
    «Данамын!» деп қашан айтып ем?
    Есім кіргенде-ақ білгенмін
    Есім мен Қасым сап кеткен
    Қасиетін сара жолдардың!
    Жазғыра көрме, жан ана,
    Кезеңін көрдім таулардың,
    Тереңін көрдім орлардың!
    Тебіренбей жаным тұра алмас,
    Тебіренбегендер, сірә, оңбас,
    Қоздандым дағы қозғалдым!
    Білмеймісің сен, анашым,
    Ұлы Байтақтан бізді қуғанын?
    Көсіліп жатқан бейбіт ел
    Көкірегін жаспен жуғанын?
    Жарқ еткен сонда жасындай
    Әкем шығып еді Қасымдай.
    Ұмытып, әлде, қалдың ба,
    Ұлыңның мынау жасымай,
    Әкенің жолын қуғанын?
    Өйткені мен…
    Өзімнің
    Өрен бітімді елімнің
    Қанды жасын жеңіммен,
    Жеңіммен емес, кегіммен
    Сүрту үшін туғанмын!
    Айналайын атажұрт
    Жау табанда қала ма,
    Қалай төзем табаға?!
    Өркені үшін осы елдің,
    Ертеңі үшін осы елдің
    Шыбын жаным садаға,
    Қызыл қаным садаға!
    «Бес қаруың сайлы емес!» –
    Дедің-ау сен, ай, ана
    Өксігімді өйтіп сен
    Алқымыма таяма.
    Оңды-солды жақ тартқан,
    Алдыға атқан, артқа атқан
    Наркескені
    Найқалған
    Талай жауды қақсатқан!
    Адырнадан кеткен оқ,
    Жауға қаһар төккен оқ
    Қызыл жалын байланып,
    Қызулы өртке айналып,
    Жау қаласын жоқ еткен,
    Көрген күнін көп еткен!
    Адырнасын аңыратқан,
    Жебелерін жамыратқан
    Жүздіктерім жүректі
    Емес пе еді, ай ана!
    Толғамалы ақ балта,
    Болат басты көк найза,
    Тіктеп тура тигенде,
    Төзбес сауыт, шарайна!
    Артында Алаш халқы бар
    Жасыл туым шарқ ұрар!
    Талақ етіп салтымды,
    Сатып кетсем халқымды,
    Мына мені ант ұрар!
    Найза ұстаған ерлерім
    Намысы жер боп қалса егер,
    Кең дүние маған тар шығар!
    Білдің бе соны, ай, ана?!..
    Намысымды таптаған
    Қоқанға ертең аттанам.
    «Ар бол! Бар бол!» деуші едің,
    Қамымды көп жеуші едің,
    Сол батаңды кеудемнің
    Түкпіріне сақтағам.
    Қолда мені, Ай-Ана!…».

    ҚОҚАН ХАНДЫҒЫ. МӘДЕЛІ. ЖЕҢІС.

    Ертеде Қоқан кішіхандық болған.
    Қосылған елдей еді қаңғып жолдан.
    Бұқардан бір бүйірлеп бөлінгенде,
    Еліне жер-мекені тарлық болған.
    Ирдан-би бағын ашқан бұл хандықтың,
    Жасаған неше түрін құрбандықтың.
    Әндіжан, Наманган мен Маргеланды
    Жаулап ап, азаматын қылған тұтқын.

    Нығайған хандық болып, астамсынды,
    Көршіге көз алартып, батпансынды.
    Әлім бек хан болған соң бұл Қоқанға,
    Басқалар болмай қалды астар құрлы.

    Әлім бек атанбаған текке мықты,
    Алысқан дұшпандарын бөктеріпті.
    Жел есті айдарынан, даңқы дулап,
    Алған соң кіндік қала Ташкентті.

    Ол қойды жаугершілік талапты алға,
    Көз сүзді көк жайлау мен сабаттарға.
    Семсерін сілтеп қалды бір күндері
    Ташкент маңындағы қазақтарға.

    Айырмай қасын дағы, досын дағы,
    Бастары қазақтардың қосылмады.
    Көз жұмып, көп шаңырақ Қытай асты,
    Соншалық Әлім бектен шошынғаны.

    Әлім бек он жыл бойы құрды хандық.
    Артында ісі қалды сөз қыларлық.
    Одан соң Омар хан боп келді дағы,
    Сайрам мен Түркістанды алды тартып.

    Қазақтар шыға алмады қара сордан
    Құнысып, құтылмады құрған тордан.
    Салынды бекіністер – Жөлек, Меркі,
    Шымқорған, Күмісқорған, Жаңақорған.

    Ерлердің кеудесінде тұнды қапа,
    Күлкісіз, күрсінумен күнді ұзарта.
    Әуелден қос бекініс бой көтерген –
    Атақты Ақмешіт пен Әулиеата.

    Қалың ел баз кешкен шақ жарығынан,
    Кененің үміт күткен дабылынан.
    Суырдай інде қалған ій боп кетті.
    Қоқанның қаруынан, салығынан.

    Бұл кезде Мәделі хан Қоқандағы.
    Халқы оны жақсы көріп, хош алмады.
    Бұқардан, Хиуадан да қысым көріп,
    Белбеуі бұл хандықтың босаңдады…

    Хан жатыр, міне, шалқып сарайында.
    Өткізді ойын-тоймен жаз айын да.
    Бұлдырлап көзі жетпей болашаққа,
    Білмейді тартар сәтін сазайын да.

    Қасында Ханпаша айым – сұлу ханым.
    Өртеуде көкірегін қызыл жалын –
    Әкенің жас тоқалын әйел қылды ол,
    Естіген мұндай сұмдық бұрында кім?!

    Ханпаша сұлу еді, расында,
    Бөленген тал мүсіні кіл асылға.
    Ол дағы арсыздардың арсызы екен,
    Әйтпесе, бұл құшаққа құласын ба?!

    Құмарлық құрығында өмірі өтіп,
    Мәделі мас болады көңілі елтіп.
    «Махаббат! Махаббатым!» дей береді,
    Аруағын әкесінің күңірентіп.

    Санасын сайтан билеп,тұман басқан.
    Діндарлар түкірініп мұнан қашқан.
    Түс көрді түнде ғана, жатыр екен
    Қып-қызыл қалың өрттен шыға алмастан.

    Оянып, «бұл не екен?» деп ойға батты.
    Бір үрей тамырларын бойлап ақты.
    Артынан тез ұмытып көрген түсін,
    Күнаһар күпірлігі бастан асты.

    Ажалын аңғармады түске кірген.
    Сөз болды арам-азғын істерімен.
    Болжамай алты айдан соң не боларын,
    Тек ләззат, тек рахатты күтті өмірден.

    Білмеді ол нас аңыз боп қалатынын,
    Тозаққа о дүниеде баратынын.
    «Харам» деп, дін жолымен Насрулла
    Бауыздап, басын кесіп алатынын….

    Осылай хан Мәделі жатқан еді,
    Тағы да тамаша ойға батқан еді.
    «Жау шапты! Жау шапты!» деп апалақтап,
    Үстіне бас қолбасшы аттап енді.

    Жастықтан басын оқыс жұлып алды,
    Денесін үрей қарып бір ызғарлы.
    Елестеп Бұқар ханы Насрулла,
    Сұсымен шошытқандай тым ызбарлы.

    «Не дейсің? Не дейсің?» деп қырылдады.
    Көзіне көрінгендей шыбын жаны –
    Қаласын қоршап алса Насрулла,
    Дәл бүгін төгілмей ме қызыл қаны?!..
    Қолбасшы: «Кенесары келді!» деді…
    Бұл хабар қалай мұны сендіреді?
    Торғайда кеше ғана жатқан Кене,
    Бұл жерде туы қалай желбіреді?

    «Анықтап айтшы!» деді қолбасыға.
    Қолбасы жаңа түсті арнасына.
    Қалың қол жерді жарып шыққандай боп,
    Созақты қоршап апты таңды атыра.

    Кенеге Созақ бірақ берілмей тұр.
    Алайда, үміт оты көрінбей тұр.
    Қазақтың қан аңсаған қасқырлары
    Қаладан қарыс-сүйем шегінбей тұр.

    Қалаға отты жебе оқ атуда.
    Қамалға, орға таман жанасуда.
    Созақтық сұр мергендер қарап қалмай,
    Олар да жауға жебе боратуда.

    Кененің келген қолы қалың екен.
    Деп тұр ғой жау қамалын жарып өтем.
    Білдірмей бір-ақ күнде басып қалған,
    Қанышер Кенесары залым екен!..

    Болды енді Мәделінің көзі атыздай.
    Бір күйіп, бірде жаурап тоңатындай.
    Мынау бір Қоқан деген қаласында
    Омалып қала ма енді соры ашылмай?!.

    Күдігі Мәделінің рас шықты ––
    Екпіні Хан Кененің тым-ақ мықты.
    Қамал мен ор қоршаған Созақтың да,
    Қақырап шаңырағы құлап түсті.

    Сап түзеп Сыр бойында дараланған,
    Бұл күнде қамал болған, қала болған ––
    Аз күнде ойран болды бекіністер ––
    Ақмешіт, Жөлек пенен Жаңақорған.

    Құнысып қоқандықтар дірілдеді.
    «Не шара! Не шара!» – деп күбірледі –
    Кергісек, келіспесек, кейін тартсақ,
    Күнге де зар боламыз бүгіндегі.

    Айтайық «сені хан деп санайық, – деп,
    Тар кезде көмегіңе жарайық, – деп.
    Бәріміз бір мұсылман баласымыз,
    Мәңгілік одақ болып қалайық» – деп.

    Осылай қоқандықтар сөз байласты.
    Пәледен басын солай байлай қашты.
    Кенеге асыл қару, пұл көтеріп,
    Үш елші атын енді борбайлатты…

    Үш елші көп ұзамай қайтып келді.
    Жолдары болмағанын айтып келді.
    Кене хан келіспепті бұл бопсаға,
    Сонымен, бұл ойлары мансұқ болды.

    Айтыпты Кене сөзін тым нығыздап:
    «Кім екен қойған елдің бірлігін ап?!
    Мәделі қалай ғана ұялмастан,
    Иіліп «дос» мойынын бізге бұрмақ?

    Кім жаулап алып еді мынау маңды?!
    Қазақтың басы сордан шыр айналды.
    Көрсетіп қорлық-зорлық момын елге,
    Қалайша бола қалды тым иманды?!

    Жеріме қалың әскер келтірген кім?!
    Мазасын кімдер алған еркін елдің?!
    Саржан мен Есенкелді, Әлжан сұлтан,
    Қасымды қас жауындай өлтірген кім?!

    Өзімді тұтқын етіп, байлаған кім?!
    Малымды матап алып, айдаған кім?
    Хиуамен қабаттасып, қатар сорып,
    Қазақтың жерін еркін жайлаған кім?!

    Біледі, бесіктегі бала мұны.
    Қоқанға қор боп қалды қазақ ұлы .
    Қанша жыл қаптың түбін қақты емес пе,
    Салығы –– зекеті мен хараджы!

    Қазаққа Қоқан ханы не істемеді?!
    Боп қапты білмегендей ештеңені!
    Отырған Тәшкендегі құшбегісін
    Шіркін-ай, жерге тығып кетсем еді!

    Ол жауыз көрмей тұр-ау түрімізді,
    Түн қылсам деумен жүр ғой күнімізді.
    Биттей боп борбайдағы семіріпті,
    Қақсатып Сыр бойы мен Ұлы жүзді…

    Әкесі Мәделенің Омар еді.
    Мойнында кеткен қазақ обалы еді.
    Омарға Тентек төре қарсы шапты,
    Сәл болса басын кесіп алар еді!

    Сол жолы Тентек төре «әттең» деді.
    Артында аздау болды әскерлері.
    Сайрам мен Шымкентте қамалып қап,
    Жеңіліп, сол кез еді жалт бергені…

    Мәделі бізді қалай «дос» дегізер.
    Дұшпанмен достаспайды көшпелілер.
    Айта бар осы сөзді, Мәделіге,
    Арттарын қысар болсын құшбегілер.

    Бастысы –– берсін қайтып біздің жерді.
    Сыр бойы ата жұрттың кіндігі еді.
    Қазақтың қанша жерін отарлап ап,
    Несіне «дос болсам» деп ділгіреді?

    Ел үшін терім ақты, қаным ақты.
    Мәделі Кенені әлі танымапты!
    Қайтарсын өз еліне, бодан болған,
    Мұндағы сан мыңдаған шаңырақты!».

    Елшілер Кене сөзін нақтап айтты
    Мәлімдеп, мәнерімен жақсы-ақ айтты.
    Біреулер қанын тартты сұп-сұр болып,
    Біреулер тас көздерін ақшырайтты.

    Барады бір ой ханның жанын жалап –
    Мынау өрт одан сайын қабындамақ.
    Жер жайын қыла тұрсын түлкі бұлаң,
    Еліне көшсе көшсін көшер қазақ.

    Кеңесіп, дәл осындай шешім алды,
    Алмасқа мұндай шешім несі қалды?!..
    Шаттанып, Хан Кененің пәрменімен
    Қалың жұрт Торғай жаққа көшіп алды.

    КЕНЕСАРЫНЫҢ САРЫАРҚАМЕН ҚОШТАСУ
    НЕМЕСЕ
    ТӨРТ ЖЫЛДЫҚ БАЯН
    Сарыарқа саған шағам енді мұңды,
    Қызығым артта қалды кемді күнгі.
    Маң далаң маңдайыма симаса да,
    Кеудеме сидырамын кеңдігіңді.
    Көретін күн бола ма қайта айналып,
    Өзен, көл, қалың тоғай, сеңгіріңді!?

    Санамды сансыратты ұла арманым,
    Болашақ қандай болар біле алмадым.
    Көбесі тырнағымның сөгілгендей,
    Сонда да бір қанағат іле алмадым.
    Дариға-ай, түгел өртеп кетер ме едім
    Орыстың қаптап кеткен дуандарын!

    Қордам мен қонысымды айнала алмай,
    Қолымды таршылықтың байлағаны-ай!
    Өзіңді дербес қылсам деген оймен,
    Он жылдай күресіп ем жанды аямай.
    Артымнан соңғы төрт жыл тағы түсті,
    Үмітпен ұстаймыз деп әлдеқалай.

    Азғана шартыма орыс келіспеді.
    Аяғым оңға басса «теріс» деді.
    Бауырым, ауылымды қанға бояп,
    Дұшпандық әрекеті өрістеді.
    Бәйбішем Күнімжанды тұтқын етіп,
    Не келсе ойларына соны істеді.

    Өрекпіп, өрттей жайлап айналамды,
    Төрт түлік малды түгел айдап алды.
    Ахмет, Арыстандай төрелерді
    Айтақтап, төбетіндей пайдаланды.
    Баяғы бітімдесу, шарттасу да,
    Қып-қызыл өтірік боп, жайға қалды.

    Сарыарқа-ай, мен ішімнен егілем ғой,
    Алдымда не тұрғанын сезінем ғой!
    Кетпесем сені тастап, алыс ауып,
    Тындым боп, тым ертерек жеңілем ғой.
    Үмітім ақтала ма, ақталмай ма,
    Үйсінге аусам деген келіп еді ой.

    Кетемін Торғайдан да, Ырғыздан да.
    Мойнымды жау артыма бұрғызған ба?!
    Үйсінге жетіп алып, әскер жиып,
    Сөз салып көрсем деймін қырғызға да.
    Қырғыз да мұңдас ел ғой, бауыр ел ғой,
    Пейілін сол бұрады, бір бұрғанда!

    Сарыарқа-ай, өр төріңде өскен едім,
    Көкшенің көк шалғынын кешкен едім.
    Жаһанда саған, сірә, жер жетер ме,
    Өзіңді енді артыма бөктеремін.
    Бауырын саған төсеп жылап жатыр,
    Артымнан еремін деп көшкен елің!

    О, тәубә! Мен орысқа ұстатпадым,
    Қорқауы, қоршауына міз бақпадым.
    Кәнігі кәрі қасқыр, сірә алдырмас,
    Шынында, мен де соған ұқсап қалдым.
    Әуре етіп, тиіп-қашып соғысумен,
    Алдамшы, адастырар із тастадым.

    Орыстар қаншама рет қаңғып кетті,
    Жететін жерлеріне мәңгіп жетті.
    Қайтейін, әйтсе дағы, амалым не,
    Жазықсыз ауылдарды қан ғып кетті!
    Аудым да Мұғалжарға Ұлытаудан.
    Әлдәрмен жасақтадым әрбір шепті.

    Кетерде Мұғалжарға тек кетпедім,
    Бурасын дұшпанымның кескектедім.
    Ызасы Ахметтің әбден өткен,
    Мен соның әскеріне беттеп келдім.
    Бір күні тырп еткізбей қоршап алып,
    Көрсеттім не екенін өштескеннің!

    Сұлтандар сол бір қолға жиылыпты,
    Кенені ұстай алмай күйініпті.
    «А, құдай, жолымызды қыла көр!» деп,
    Боз шалып, аруақтарға сиыныпты.
    Ақыры, қырық төрті ажал құшып,
    Сол бір күн имандарын үйіріпті!

    Сол күні олар тозақ түрін көрді.
    Дөп келіп, тырнағыма ілінген-ді.
    Сарыарқа-ай, сен куәсің барлығына,
    Көтеріп жатырсың ғой бұл іздерді!
    Желіңмен жер-дүниеге таратарсың, ––
    Кімге айтам, саған айтпай шынымды енді?!

    Мен үшін Петерборда бас қатыпты.
    Николай генералын қақсатыпты.
    Патшасы ұлық елдің ұялмастан,
    Үш мың сом бір басыма ақша тікті.
    Дейді ғой: «Бұратана бір халықтың
    Қанішер қарақшысы басқа шықты».

    Көрсеттім өздерінің көрсеткенін,
    Сол үшін қаншама қан, тер төкпедім.
    Ордамды бір аулаққа тігіп қойдым,
    Қалқан ғып Мұғалжардың өркештерін.
    Орыстың мекендерін шекте тұрған
    Талқандап, малын айдап, өртеп кеттім.

    Мен мұны саған айтпан мақтан етіп,
    Әр ісім тұрған шығар хаққа жетіп.
    Қайратып қылышымды, қайнатты қан.
    Дұшпандар өр төсіңді таптап өтіп.
    Сен үшін сенделдім ғой, шерлендім ғой,
    Отырмын, міне, мұндай шаққа жетіп.

    Ресей біраз тізгін тартып көрді.
    Сандалмай, дем алуды артық көрді.
    Біздегі тұтқындармен алмастырып,
    Бәйбішем Күнімжанды қайтып берді.
    Елшісі «Қатардағы сұлтан бол» деп,
    Назданып, насихатын айтып көрді.

    Сұрағам Ырғыз бенен Торғайымды
    Ұлытау, Сарысуды тал-қайыңды.
    Есімнен шықпаушы еді Есіл-Нұра,
    Төсіне көп тигізген маңдайымды.
    Ала алмай соның бірін, қаңғып қалдым,
    Сарыарқа, түсіндің бе жағдайымды?!

    Енді мен бір өзіңе «Қош! Қош!» деймін.
    Көшкен жұрт көздің жасын төкпек деймін.
    Дәм жазып қайта оралар күн болар ма,
    Кәрі өліп, жас балдырған өспек деймін.
    Дариға-ай, даламызға лықсып толсақ,
    Өртеңге қаулап шыққан көк шөптейін!

    Бетімді Жетісуға бұрдым, міне.
    «Алла!» деп ақбоз атқа міндім, міне.
    Сыртымнан әне біреу сұқ қадап тұр,
    Артымнан күл шашпақшы көлгір неме!..
    Кірпіктен екі-үш тамшы домалады-ау,
    Сен бірақ көз жасымды көрдім деме!..

    ОЙЖАЙЛАУДА. ҚЫРҒЫЗДАР

    Кім көрген Ойжайлаудай жер жәннатын!
    Барған жан естен танып таң қалатын.
    Баулары жетпіс түрлі жеміс беріп,
    Таулары көшкен бұлтты қарманатын.

    Қақ жарып Ойжайлауды Лепсі ағады
    Көк тоғай жағасында топталады.
    Табиғат сиға тартқан сұлулықты
    Көрген жан пейіш төрі деп қалады.

    Ойжайлау, міне, бүгін абыр-сабыр.
    Толысқан маусым айы барынша бір.
    Бір жақта – жұмыртқадай аппақ үйлер,
    Бір жақта – орыс тіккен қалың шатыр.

    Ақ үйлер салтанатпен найқалып тұр.
    Құшады көк күмбезін айқарып нұр.
    Өкшесі жерге тимей жүгірген көп,
    Келбеті бір жиынның байқалып тұр.

    Көп шатыр көгереңдеп әскер тіккен,
    Әспенсіп тілдескендей төңірекпен.
    Жатырқап, адам түгіл мал шошиды
    Қаз қатар құрып қойған зеңбіректен.

    Асылып жатыр кілең тай қазандар.
    Ас басшы маңайында байбаламдар.
    Әр үйде ұлықтар мен төре, билер,
    Жоқ мұнда жолы кіші, майда адамдар.

    Ордадай бір үлкен үй тігіліпті.
    Іргесі жел жағынан түріліпті.
    Ұлы жүз, Орта жүздің би, сұлтаны
    Алқалап отыр келген ірі ұлықты.

    Жіберген осы маңды кенен қылып,
    Не деген десеңіздер кемелділік –
    Омбыдан керуен сүйреп, арнай келген
    Генерал Вишневский деген ұлық.

    Бұл ұлық патшасы үшін тігер басын.
    Аңдаса болашақты – бұл аңдасын.
    Беделді, бетті ұлықтың біреуі – осы
    Билеген Батыс Сібір губернясын.

    Тоймайтын аран нені аңсатпаған,
    Тисе де азсынады жалпақ ғалам.
    Ресей Ұлы жүзге құрық салмақ,
    Қоқан мен Қытай жаққа жалтақтаған.

    Бұл өзі көптен бергі мақсат еді.
    (Аңдыған тышқан бір күн қап теседі).
    Силық көп билер менен сұлтандарға,
    Сондықтан бұл жиынның аста-төгі.

    Жиналды бүкіл Үйсін би, сұлтаны.
    Жанып тұр орыстардың сиқыр шамы .
    Болмаған бұрындары бұндай жиын –
    Өзгермек Ұлы жүздің «тылсым» шағы.

    Жиынның бас боп жүрген ұйытқысы,
    Өзгеден «өзім» деген биік кісі ––
    Көсемі дулаттардың Сүйік сұлтан
    Бұд жерде генералдың сүйіктісі.

    Орысқа қосылуға тым-ақ асық.
    Осы іске жүреді ылғи араласып.
    Ол былтыр бір топ биге хат жаздырған –
    «Берсе – деп – Қараталдан дуан ашып».
    Сол хатта көп өтінген, көп жылаған.
    «Әскер бер тым құрмаса!» – деп сұраған.
    Көп қорлық көрген Қоқан, қырғыздан да,
    Ел-жұрттың қамын шындап жеп сұраған.

    Мұнысы орыстарға қатты ұнады.
    Көрініп тұрған жоқ па жақсы жағы?!
    Генерал, құдай қосса, осы жолы
    Шеп-шекпен, алтын медаль тапсырады.

    Сүйікке оң иығын сүйей келген
    Мұндағы Әли сұлтан бір – өлермен.
    Жаулары – матай, садыр, қаракерей,
    Түнеріп әлі де отыр түнергеннен.

    Бұл дағы ұлықтарға шағымданған.
    Айырылып қалған талай қалың малдан.
    Қорғайтын Орта жүзден әскер алу –
    Бұл үшін қол жетпейтин сағымды арман…

    Ұлы жүздің биі мен жуаны да
    Бұл жиынды бас шұлғып, құп алуда.
    Бөлен сұлтан бөлекше көрініп жүр –
    Аға сұлтан Аякөз дуанына.

    Түндей болып түнеріп ойланғанда,
    Күндей болып күледі жайланғанда.
    Генералдың қосынын қондырған сол
    Өзі жайлап отырған Ойжайлауға.

    Біреулерге сөйлейді бәсең күліп,
    Сонсоң алар түріне сұс ендіріп.
    Кенесары келгелі Жетісуға
    Кеткендейін артына тікен кіріп.
    Айықпайтын мұң болды бұл бір өзі.
    Сезетіндей бір пәле, қу жүрегі.
    Дүрліктірген дүлейлік дүйім елді,
    Жетісуды қайтсе де бүлдіреді.

    Кенесары Балқашқа құлап жеткен,
    Қамау деген түбекті тұрақ та еткен.
    Соңынан орыс қолы қалмаған соң,
    Ілені кешіп-жалдап бұ жаққа өткен.

    Көктемде көші басты Көксу бойын.
    Үйсінге бұл қадамы төкті үрейін.
    Майтөбе, Күреңкейді жайлап алды,
    Бұратын түрі де жоқ бетті кейін.

    Заңға емес, бұрған жан ғой қанға бетін,
    Қылышын сілтеп қалса, жан бересің.
    Ордасын кең жайлауға тігіп қойып,
    Өткізді кеше ғана Хан Кеңесін.

    Ол қашан айтқанынан танып, қайтты?!
    Аларын алар жерде алып қайтты.
    Басшысы қалың дулат – Әли сұлтан
    Алдына сәлем беріп барып қайтты.

    Кірмес-ау Бөлен сұлтан бұл істерге…
    Қайтеді Кене шындап кіріскенде?
    Кенеге қабақ беріп, ығып отыр
    Матайды қырып салған Рүстем де…

    Түбіне батар Бөлен ой – түнектің,
    Орны бар орындалар қай тілектің?
    Дулаттың бетке ұстаған батыр, биі –
    Райы ұнамайды Тойшыбектің.

    Мінеки, ұлы жиын жатыр өтіп,
    Кәпірді аузы түкті жақын етіп.
    Бір дұға іштен айтты Бөлен сұлтан,
    «Дініме кір жұқты-ау, – деп, – ақыреттік!

    Әншейін шарасыздық дұға қылған,
    Кім аттап кетпей жатыр құранынан –
    Келді ғой сұлтан, билер Қарқаралы,
    Көкпекті, Аякөздің дуанынан…».

    Білдірмей Бөлен сұлтан бір күрсінді.
    Әйтеуір, осы орысқа ділгір сынды.
    Маңына алақ-жұлақ қарап қойды
    Қалардай біреу байқап кірбің сырды…

    Орталап орыс-қазақ кеңесі де,
    Жақындап қалды жиын мәресіне.
    Жапырып көк шалғынды шынтақтасты
    Қазақтың қарасы да, төресі де.

    Күнінің шілде басы оты күшті –
    Кең сарай болмағаны өкінішті.
    Көк шатыр көлемді етіп тігіп тастап,
    Орыстар орындыққа отырысты.

    Жаршы айтты: «Жұрт сөзіме жүгінсін,– деп, –
    Іске аспақ ұлы парыз, ұлы міндет.
    Әр елдің мұнда келген би, сұлтаны
    Қаз-қатар, қарсы отырып тізілсін » –деп.

    Қаз-қатар, қарсы отырды сұлтан, билер.
    Әңгіме сап тиылған «үй» дер, «бүй» дер.
    Тып-тыныш, тынып қалды бүкіл аймақ,
    Тоқтады әсем ән мен тәтті күйлер.

    Орыстың бір ұлығы түрегелді,
    Сөздерін судыратып жүре берді.
    Орысша білері бар, білмесі бар ––
    Ұйытып бара жатыр тәмәм елді.

    Тәнті етіп мұнша қазақ, мұнша орысты,
    Әйтеуір, нұр шуаққа бір тоғытты.
    Қазақтар бас шұлғысып, изеңдесіп,
    Орыстар түрегеліп қол соғысты.

    Сонан соң сөйлеп кетті жаршы – тілмаш,
    Сөзінен шешен екен бір жаңылмас.
    «Күпір боп, күмән ойлап жүрмеңіздер,
    Күшіне Ресейдің жан шыдамас.

    Сатқындық Ресейге қылмаңыздар.
    Жолына көлденеңдеп тұрмаңыздар.
    Беретін ант – уағдаға адал болып,
    Ұлықтың айтқан сөзін тыңдаңыздар.

    Ресей қол астына кірсеңіздер,
    Айнымай, айтқанына жүрсеңіздер,
    Тырнақты, тұмсықтыдан жәбір көрмей,
    Туады бақытты өмір, білсеңіздер!

    Көп қазір Ұлы жүзге қауіп деген.
    Зұлымдық шаштан да көп жау істеген.
    Қосылса бүкіл Үйсін Ресейге,
    Болады қапталғандай сауытпенен.

    Білесіз барлығыңыз Қоқан лаңын,
    Көрдіңіз Хиуа, Қытай топандарын.
    Ресей бауырына кірсеңіздер,
    Сезесіз бір Алланың хош алғанын.

    Орта жүз, білесіздер, бүгін қалай.
    Жалтақтап жаудан қорқпас бұрынғыдай.
    Рахатын дуандардың көріп отыр,
    Мойынды бұрыңыздар соған қарай.

    Бұл жиын жақсылықтың жолашары.
    Қашанда орыс-қазақ жарасады.
    Дегенмен, елге бүлік салып отыр
    Қанішер, қарақшы хан Кенесары.

    Хан дейміз… Қайдағы хан! Қара албасты!
    Құмартып қызыл қанға, жан алмақшы.
    Ертеңін, елін-жұртын ойлағандар
    Жүруге соңына еріп бара алмас-ты.

    Ант бердік Ресейге адалдыққа!
    Ант бердік бармас үшін жамандыққа!
    Ант бердік Кенесары көзін құртып,
    Күні ертең жетеміз деп амандыққа!

    Ал енді «Ант бердік!» деп дауыстайық,
    Антты аттап, адал жолдан ауыспайық.
    Ант беріп болғаннан соң барлығымыз,
    Қазірет дұға оқысын қолын жайып!».

    Ағып кеп жаршы – тілмаш тоқтай қалды.
    Көздері орыстардың оттай жанды.
    «Ант еттік! Ант еттік!» деп дабыстаған
    Дауысы қазақтардың көкті айналды.
    Ортаға төселді бір кілем ғажап.
    Үстіне молла шықты «ей, аллалап».
    Молланың мәсісіне, сәлдесіне
    Мән беріп қарап отыр кілең қазақ.

    Дауысын қоңырлатып, қоюлатып,
    Өрілтп, өрнектетіп, оюлатып,
    Қазірет бір сүрені оқып кетті,
    Көпшілік тыңдап отыр бойы балқып.

    Кәуір мен мұсылманды қауыштырып,
    Қазірет сүре оқыды тауып тұрып.
    «Ант қабыл, иншалла!» деп бет сипады,
    Сақалын саусылдаған сауып тұрып.

    Жиынның асыратын салтанатын
    Сонан соң бір іс болды ел тамсанатын .
    Ортаға Әли сұлтан шақырылып,
    Генерал көрсетті оған мархабатын.

    Әлидің жүзі балқып, албыраулы.
    Мойнында алтын медаль салбыраулы.
    Қазақта бұл атаққа жеткендер аз,
    Мынандай алтын тағып қарғыбаулы.

    Және алды шен мен шекпен мәртебелі.
    Өзі де осы атаққа дәркер еді.
    Шынында атақ-даңқсыз ұстау қиын,
    Теңіздей толқып тұрған тарпаң елді.

    Әлидің асып кетті даңқы бұл күн.
    Тастады таң қалдырып жалпы жұртын.
    Сұлтанның атақ алған құрметіне
    Атылды оқ зеңбіректен алты дүркін.

    Зеңбірек үні тауды тітірентті.
    Шаңдатты Ойжайлауды, түтіндетті.
    Көп қазақ – «орыс ойран салды ма?!» – деп,
    Бұл жайдың анық сырын түсінбепті.

    Жүзіне иман тартып, сәл жымиып,
    Генерал сөз сөйледі алтын иық.
    Құттықтап тұрса дағы ұлы күнмен,
    Сөздері секілденді дәл бұйырық.

    Сөз сабы генералдың былай болды:
    Бұл елдің қайғы-мұңын Құдай көрді.
    Өйткені – орыс елі Ұлы жүзге
    Бет бұрып, қолын созып, шырай берді.

    Ұлықтар елдің мұңын ескеріпті.
    Шеккен зар, жапасын да тексеріпті.
    Кірген соң Ресейдің қол астына,
    Көңілі генералдың хош болыпты…

    Жиыны Ойжайлаудың – ұзақ шаруа.
    Бастысы – қол қойылды құжаттарға.
    Басылып бас бармақтар, жүрек мөрлер,
    Шарт, шара мәселесі тұрақтанған.

    Тербетіп, тебірентіп, күңірентіп,
    Ат шабыс ертесінде болып өтті.
    Қисапсыз құйған қымыз, сойылған мал,
    Қызыққа ұлықтардың көңілі өсті…

    Қазақтың тіс тигізіп қоңдысына,
    Соңына шаңды ұшыра, көңді ұшыра,
    Жарты айдан астам жатып Ойжайлауда,
    Ұлықтар қайтып кетті Омбысына.

    * * *

    Хан Кене тірелгендей бір тұйыққа,
    Ойлары тарта берер тұңғиыққа.
    Көңілі бір толмады Ұлы жүзден,
    Алса да жиырма мыңдай қол жиып та.

    Алды-артын Омбы ұлығы ораса да,
    Сыртынан суық сөздер бораса да,
    Қоқаннан елді бөліп алу үшін
    Тездетіп қол жинады келе сала.

    Болса да бір өзіне күдіктері,
    Үйсіннің би, сұлтанын үгіттеді.
    Кененің үндеуіне үнін қосты
    Дулат пен шапырашты жігіттері.

    Секілді тау шыңында ұзын шынар
    Басында шапырашты Сұраншы бар.
    Дулаттың Байсейіттей жас батыры –
    Осылар ең айтулы ұраншылар.

    Әкесі Байсейіттің ер Тойшыбек
    Өз елін келе жатыр өрге сүйреп.
    Өзі би, өзі батыр бұған қазір
    Дулаттың Ботбайында теңдесі жоқ.

    Өмірі мол шежіре тұнып тұрған,
    Дұшпанын даңқыменен қызықтырған,
    Үйсіннің ең таңдаулы үлкені осы
    Кенеге бір бүйрегі бұрып тұрған.

    Ботбайда батыр туған Сыпатай бар,
    Әккі би алдын-артын тұтас ойлар.
    Қарулы, қара тілді һәм ақылды,
    Азуы мұқалмаған бұта шайнар.

    Сыпатай сыр бермейді, сыналайды.
    Көңілі тау суындай құламайды.
    Сыпайы сөйлесе де, сырдаң тартар,
    Кенеге осынысы ұнамайды.

    Ал, Рүстем хан Кенеге немере аға.
    Ол бұған шындап сүйеу бола ала ма?!
    «Қасыңа барайын» – деп сөз салған соң,
    «Келсең, кел» деген еді осы араға.

    Бар еді жаман аты ел айырған,
    Қырғын сап матайларды орай ұрған.
    Бұл дағы бұлтаң қағар үркек аттай,
    Бермекші жігіт жинап жалайырдан?

    Хан Кене бір күрсінді осы тұста,
    Бір мұңды ой әкелгендей тосылысқа.
    Маңдайға симай кетті ер Саурық.
    Қырғыздан қаза тауып қапылыста.

    Ойласа Саурықты жүрек сыздар.
    Туар ма сол бір ердей білекті ұлдар.
    Қазақта Саурықтар көп болса ғой,
    Еліне сүйеу болар тірек шыңдар!
    Жасында жау жолатпай жасын атты,
    Асаудай арындады басы қатты.
    Қырғыздар алдап соғып өлтіргенде,
    Қайғырды қара тұтып Шапырашты.

    Бәйтерек күні жетпей құлады ғой.
    Тау талып, қыр еңіреп, жылады ой.
    Күрсінді тағы Кене, күйіп іші ––
    Осыған жалғыз өзі кінәлі ғой!

    Мазасыз мақсат-мүдде тұрғызған ба,
    Уағында туады ғой жұлдыздар да.
    Биылғы көктемнен-ақ Кенесары
    Үш рет үндеу салған қырғыздарға.

    Кене айтты: «Туыс болып қалайық, – деп,
    Салауат өткен іске қылайық, – деп,
    Үйсін мен қырғыздардың қанын сорған
    Қоқанға көтеріліп шығайық, –– деп.

    Және айтты –– уәдеме сеніңіздер.
    Соңымнан ұран салып еріңіздер.
    Сөзіме құлақ асып, көнсеңіздер,
    Алдыма рәсім жасап келіңіздер».

    Кененің осы хаты – шындығы еді,
    Қостар деп ойлап еді қырғыз елі.
    Қоқанға пенде болған манаптардың
    Бар ғой деп сеніп еді бір білері.

    Шыны мен өтірігін тоғыстырып,
    Қырғызды айтақтады орыс ұлық.
    «Қосылып бұлар кетсе қиын » ғой деп,
    Екеуін қоймақ болды соғыстырып.

    Қазақты демей қырғыз «бауырларым»,
    Көрсетті қайта-қайта сауырларын.
    Бір емес бірнеше рет шауып кетті
    Кененің келіп қонған ауылдарын.

    Бұлқынтып қылықтары ет жүректі,
    Доғартып дос пейілін, кекшіл етті.
    Қалша би бастап келген елшілерді,
    Ыза боп, бимен қоса тұтқын етті.

    Білмейді –– мақсатына жете ала ма,
    Сапарын жол ортадан кесе ала ма?
    Қырғыздан дәме күтіп қосылуға
    Тағы да елші салды екі араға.

    Әйтеуір бір үміті жанса-ақ игі,
    Жүрегі қанша өртенді, қанша күйді!
    Ақылға кеп қалған ба қырғыз жағы,
    Етегін бір күндері тарта жиды.

    Бас қосып, бір байламға тіреліпті.
    «Қырғыздар –деп ойлады – міне, енді ұқты».
    «Кененің келістік – деп – айтқанына»,
    Манабын Қалығұлдай жіберіпті.

    Жібитін сәті келіп қатқан кектің,
    Дауасын тапқандай боп батқан дерттің,
    Қырғыздың тұтқындарын босатты да,
    Қаруын қайтып берді Тастанбектің.

    Тастанбек қырғыздардың батыры еді.
    Тырнағы қазаққа көп батып еді.
    Өлген соң «өлмес» деген батыр ұлы,
    Манаптар шындығында сасып еді.

    Өр батыр өтем деген елін сатпай
    Кенеге сөз сөйледі тілін тартпай.
    Кектеніп, адырайып көзі жатты
    Басы ұшып кеткен кезде сарымсақтай!..

    Ойдан ой туындайды қашандағы,
    Хан Кене ой тасқынын баса алмады.
    Аз ғана уақыт өтті қырғыздарға
    Бір емес екі жорық жасалғалы.

    Бірінші жорық жайы былай болған –
    Кезі еді Жетісуға құлай қонған.
    Кенеден «келіссек» деп хат алған соң
    Көңілі Орман манап ылайланған.

    Ордаңдап Орман манап шалқалады,
    Қосылып, Жантай манап алқалады:
    «Бұл бізді билегісі келіп жүр ғой,
    Табанға тапталсын, – деп, –бар талабы!»

    «Шіркін-ай, бұл Кененің қуын, – деді, –
    Қырғызға ойы бөтен бұның!» – деді.
    Оралып Орман манап шалғайына,
    Манаптар тоқтамастан гуілдеді.

    Кенеге берді ақыры Орман жауап:
    «Үлкенді сыйлау деген – болған сауап.
    Сен емес, мен хан болып отырайын,
    Осыған келісім бер қорланбай-ақ.

    Әйтпесе, бере алмаспын саған тізгін,
    Басыма сен тышарсың жаман бір күн.
    Қазағың мен емеспін сенен қорқар,
    Көрерсің көп ұзамай заман ырқын.

    Мен – терек бір бұтағы оталмаған.
    Жауым жоқ кек қайтарып, өш алмаған.
    Жаныма келіп алып, қолқа салма,
    Жақындау сенен көрі Қоқан маған!

    Екпінін хан екенсің баса алмаған,
    Ой келді бас болсам деп қашан маған?
    Байқап қой, батырсынба, асуым бар
    Абылай атаң сенің аса алмаған!»

    Білдірді осы сынды Орман ойын.
    Маңына және бірлеп толғады ойын:
    «Егер де ер қырғыздың ұлы болсаң,
    Қазаққа қаңғып жүрген бұрма мойын!».

    Жантай да жалпы жұртқа сөз арнады.
    Ол сөзін арнамасқа төзе алмады.
    «Арғы атам Әтекені қан құштырған
    Қазақтың Қаракерей Қабанбайы.

    Әтеке Абылаймен көп алысқан.
    Арманда кетіп еді сол арыстан.
    Мен қалай көне қоям айтқанына –
    Өзімнің ата жауым – мына дұшпан!»

    Осылай отын көсеп ар-намыстың,
    Алауын лапылдатты жанған іштің.
    Қазаққа бар қырғызды дұшпан етті,
    Қосылып қос манабы Сарбағыштың.

    Қарады Кене сонда жау-жараққа.
    Еріксіз барып қалды қол садаққа.
    Үйсіннен жиған қолды ертіп алып,
    Тоқтамай тартып кетті Мерке жаққа.

    Қоқанның Мерке деген бір қамалы.
    Қабарып, қабақ түйіп, қырланады.
    Сөйтсе де сұрқы қашып, дір-дір етті,
    Кененің естілгенде мір хабары.

    Хан Кене іс қылмай-ақ бүлдірерлік,
    Болыпты бір оқиға күлдірерлік:
    Мұхамед – Әли датқа – қамалбасы
    Бұтына қойған екен шын жіберіп.

    Су жүрек, қорқақтығы анық шығып,
    Қақпаны ашты есінен танып тұрып.
    Кенеге көлденеңдеп тарта берді
    Тұлпарын – Ақауызды алып шығып.

    Шынында Ақауыз ат тұлпар еді,
    Бәйгеден оза шауып шырқар еді.
    Хан Кене Наурызбайға тарту етіп,
    Қазақтың тақым басты сұңқар ері.

    Осылай бүлінбестен Мерке қалды.
    Кененің қаны қайнап, арқаланды.
    Қырғыздың көп ауылын шауып алып,
    Алдына салып қайтты қанша малды.

    Ол малды мал қылам деп шулатпады,
    Сойыс қып әскерін де дулатпады.
    «Алғанша алыңдар!» – деп жарлық шашып,
    Мәз етті бай-кедейді дулаттағы…

    Кененің ой-арманы бітпес болды.
    Керек қой тарпып тастау тістескенді.
    Қырғызды шырқ үйіріп билеп тұрған
    Назары ауды мықтап Пішпекке енді.

    Ұлыды соған қарап көк бөрісі.
    Қайралған ақ найзаның көптен ұшы.
    Алайда, алдын ала дайындалды
    Әлішер – сол Пішпектің құшбегісі.

    Әлішер тумысынан паң, өр еді,
    Қоғадай жапырылған төңірегі.
    Қоқандық бұл бұзақы құшбегінің
    Қорлығын бүкіл қырғыз көріп еді.

    Халыққа қарапайым таң атпады,
    Артсатар болып шықты манаптары.
    Қосылып Қоқанменен елді сорып,
    Қорқаудай жемтік көрген жалақтады.

    Мінеки, Орман келді құшбегіге.
    Білмекші – хан Кенеге істері не?
    Екеуі ақылдасып, айылдарды
    Көшіру керек десті ішкеріге.

    Сырт қырғыз ішке қарай аударылды.
    Бар әскер жасырынып тауға кірді.
    Қолбасшы Бөке сұлтан жоспар құрып,
    Биіктен салып тұрды жауға дүрбі.

    Хан Кене соғысудай соғыс салды.
    Әскерін тау ішіне тоғытқан-ды.
    Даладай емес екен тау соғысы,
    Кететін «дәт» дегізіп орыстарды.

    Қырғыздар беріспестен тұрып алды,
    Қазақтың тау ішінде құрыды әлі.
    Пішпекке өтемін деп Кене, сөйтіп,
    Әскерін үш жарым мың қырып алды.

    Сақтады ол бұл жорықты мықты есінде.
    Дұшпанын келер жолы бүктесін де.
    Қырғыздан жеңілмей де, жеңе де алмай,
    Қайтадан қайтып кетті Иткешуге.

    Иткешу – Шу бойында санатты аймақ.
    Хан Кене осы жерден қанат жаймақ.
    Бұл жерге қамал соқсам деп ойлады
    Бүйірден отыруға қару сайлап.

    Сәт сайын Кенесары дүлейленді.
    Кеудесін Алатауға тірей берді.
    «Біздерге күн бермес – деп – қырғызды алса»,
    Рүстем, Сыпатайлар үрейленді.
    Кенеге әскер жиды құпиялап,
    Әйтпесе бір пәлеге ұшырамақ.
    «Шыққан сөз отыз тістен…» дегендейін,
    Бәрібір құлақтанды бүкіл алап.

    Кенеге ағып-тамып қол жиылды,
    Бұл жолы бұрынғыдан мол жиылды.
    Ел іші кеніш екен, расында,
    Қару мен азық-түлік келді де үйді.

    Арына намыс жүгін арқалатқан
    Бас қосты шын батырлар шартараптан.
    Барлығы өз елінің бір-бір шыңы
    Жасынан қылышына қан жалатқан.

    Арғыннан Жәуке, Шәкір, Төлебай бар,
    Табыннан Қабан, Құрман, Бұқарбай бар.
    Қыпшақтан Жәнібек пен Иман батыр,
    Атақты шапырашты Бұғыбай бар.

    Тамадан қол әкелді Бәрмен датқа,
    Шымырды бастап келді Байзақ датқа.
    Ботбайдың бір батыры Төлепберді
    Жинап ап жігіттерін мінген атқа.

    Сабырлы, салқын қанды, саналы, ойлы
    Батыр бар Құдайберген Қарақойлы.
    Алшаңдап Аққойлыдан Бәйет келді,
    Толтырып бес қаруға тұлабойды.

    Соғысқа Кенесары бек сайланды,
    Жатқан қоз жүректегі отқа айналды.
    Қырғыздан беті қайтып өткен жолы,
    Кеткен өш келе-келе кекке айналды.

    «Сенімін ерген елдің ақтасам, – деп
    Хандықтың абыройын сақтасам, –деп,
    Толғатты –– қырғыздардың осы жолы
    Аспанын төбесіне тастасам» – деп.

    Кезі көп басын бірақ тұман шалған ––
    Жетпестей арманына бұл аңсаған.
    Бопайдың өткен жолы көрген түсі
    Көлкілдеп, көңіліне күмән салған.

    Талабын тауға сүйреп, қырға сүйреп,
    Жан – арын жырға сүйеп, нұрға сүйеп
    Жүретін ер Бопайдың бойындағы
    Дәл жору көрген түсін – бір қасиет.

    Ордаға Бопай сонда арнай түсті.
    Сұрланған бет бейнесі қандай сұсты!
    «Хан ием, – деді сонда, – бір түс көрдім,
    Бұрындар көрмеп едім мұндай түсті.

    Мен түнде түс ішінде түс көріппін.
    Қыстығып, ұйықтап жатып тістеніппін.
    Оянсам, шашым аппақ құдай екен,
    «Құдай-ау, не болды?!» деп сескеніппін.

    Жыладым ақ шашымды жайып салып,
    Жығылдым босағаға тайып барып.
    Алдияр, осы түстің түрі жаман,
    Тоқталып, болашақты байыпталық.

    Демеп ем – талабыңды бүлдірейін.
    Деген ем – түстің түрін білдірейін.
    Жорысам – мына түстің сиқы үрейлі,
    Бір бұлт қоршап тұр-ау күнді деймін.

    Өзіңсің бүкіл елдің бәйтерегі.
    Өзіңсің батырлардың сайкез оғы.
    Бас тартып бұл сапардан біраз уақыт,
    Тағы да бір ойлансаң қайтер еді!».

    Осылай болды Бопай жалынғандай.
    Түсіне шын иланып, табынғандай.
    Кененің кеудесінен басып қалды
    Бір күдік жазда жауған қалың қардай.

    Деді хан: «Көріп алам көретінді.
    Ел үшін бере алмаспын неге өтімді!
    Жорыққа беттеп тұрған шықпай қалсам,
    Айтамын мына жұртқа не бетімді?!»

    Десе де, кеудесіне күдік жетті.
    Сол күдік аш өзегін тіліп кетті.
    «Өзің біл, хан ием», –– деп сөзді созбай,
    Тез басып Бопай ханым шығып кетті.

    Сездірді осы түстің өзі нені?
    Сенгені – тәуекел мен төзім еді.
    Қасқайып қасындағы Ержан сұлтан,
    «Түк те етпес, түс – түлкінің боғы» деді…

    Кененің содан бері жоқ мазасы.
    Барады күдік-күмән бастан асып.
    Сияқты шыға келген қара бұлт
    Тұрғанда төбесінде аспан ашық.

    Бұл түстің өзге түстен тылсымы өзге,
    Жай таппай отыр Кене сілкінерге.
    Есінде –– осы Бопай түсін айтқан
    Батырды Жаманқара өлтірерде.

    «Бір арқар –– деген Бопай ––атып апсың,
    Қызығып мүйізіне, басын апсың.
    Әлгі бас қарқ-қарқ күліп сөйлеп кетті,
    «Әй, Кене, – деп қояды, – ақымақсың!».

    Сөйтті де, тіріліп ап, шауып кетті.
    Көрінбей бір қиянға ауып кетті.
    Батырды Жаманқара өлтірмегін,
    Мына түс сұм жүректі қауіпті етті».

    Хан Кене бұл сөзге де қарамаған.
    Батырдың басы доптай домалаған.
    Жазықсыз емес еді Жаманқара
    Өлтіріп, сан қазақты жаралаған.

    Қазасы Жаманқара дауға айналды
    Қан қатып, қара қырғыз жауға айналды.
    Түбіне Саурықтың жетіп тынып,
    Арасы егіз елдің ойрандалды…

    Хан Кене бұл түс жайлы тым ойланды.
    Жеріне бір айналған жүз айналды.
    «Нысанбай бал ашсын – деп – қобыз шалып», –
    Жұмсады ертесінде Наурызбайды.

    Нысанбай қобыз шалып, бал ашыпты.
    Жанына Қорқыт пірі жанасыпты.
    Балына түскен екен ––хан иесі
    Тұманнан жол таба алмай адасыпты.

    Осыны айтып келді батыр Науан,
    Сипаты сары аяздай сақылдаған.
    «Ту байлап, қылыш қайрап отырмыз ғой,
    Туса да аттанамыз ақырзаман!».

    Осылай сөз саптады албырт Науан.
    Жас жанын жамандыққа алдыртпаған.
    Хан Кене інісіне риза боп,
    Деді іштей: «Алғыс саған! Алғыс саған!»
    КЕКІЛІК –– СЕҢГІРДЕГІ СОҒЫС. ҚАЗА.

    Кекілік –– Алатаудың бір саласы.
    Қырғызбен аққан Шудың оң жағасы.
    Тоқпақтың күншығысын жатыр алып,
    Бар дейді бауырында қазынасы.

    Сеңгір тау Кекіліктің терістігі.
    Жоқ мұнда жапан түздің кеңістігі.
    Аталған Кекілік –– Сеңгір сондықтан да,
    Өр төсті, өзге таудан ерек түрі.

    Тұнжырап тұрады ылғи Шуға төніп,
    Батырдай жатып қалған мұңға шомып.
    Бұл жерден бес-ақ аттам Майтөбе тұр,
    Кеудесі өткен тарих –– сырға толып.

    Майтөбе асыраған аш-арықты.
    Бұл жерде нелер қырғын жасалыпты.
    «Майтөбе» аты жақсы болғанменен,
    Қырғызда «қанды жер» деп аталыпты.

    Шынында, мекен аздау мұндай жайлы.
    Өзенді, қалың нулы, қарағайлы.
    Көп соғыс өткен шығар осы жерде,
    Болған соң шеп құруға тым ыңғайлы.

    Ту тіккен Кенесары осы араға.
    Тұр қазір «төрге озсам!» деп босағада.
    Бауырлас, бастас еді қазақ-қырғыз,
    Бір қырғын болмақ енді екі арада.

    Тас түйін дайын болды қырғыздар да.
    Сұстанып қарап қапты шың-құздар да.
    Мың мерген, қос зеңбірек шеп шетінде,
    Бір бұзар жау тұмсығын бұл бұзғанда.

    Қуантып қырғыздарды, таңдандыртып,
    Қоқаннан әкелінді самғал мылтық.
    Жиналып бүкіл елден сұр мергендер.
    Әр қайсы бір-біреуден алған тұтып.

    Кенеге түпкілікті түйіп кекті,
    Қоқан да мықты әскерін үйіп-төкті.
    Түйеге тіркеп алып қос зеңбірек
    Орыстың жасауылы алып кепті.

    Тас түйін! Тұрмас енді тартыншақтап,
    Биіктен зеңбірегін арсылдатпақ.
    Үш елдің қаруына, әскеріне,
    Қалайша Кенесары қарсы шаппақ?!

    Манаптар масайрасып, балпаңдап жүр.
    Бусанып, бұтқа толып, талтаңдап жүр.
    Әйтсе де, қоқан, орыс ортасында,
    Жалтаңдап, жағымсынып, жалпаңдап жүр.

    Құрыған құлқын үшін ар-намыстан,
    Орман мен Жантай манап Сарбағыштан.
    Бұғыдан Борамбай мен Әжібай жүр,
    Үрлеумен үміттерін қарманысқан.

    Бетіне қарамаған жан баласы,
    Солтыдан Есқожаның Жанғарашы.
    Кененің тісі тиген барлығына,
    Кеудеде сыздап тұрған бар жарасы.

    Бәріне бас болып жүр Орман манап,
    Әр нені оңнан қарап, солдан қарап.
    Түн түсе бүкіл бетке от жаққызды,
    Қорқсын деп Кенесары тұрған қарап.

    Шынында шіміркеніп бұл бір лепке,
    Хан кене шын сиынды құдіретке.
    Деп қойды күліп тұрып Ағыбайға:
    «Құдай-ау, қырғыз көп пе, жұлдыз көп пе?»

    Күн шыға Кенесары қақты дабыл,
    «Ал енді, баһадүрлер, бақ сына бір!»
    Алдымен лап қойысқан ұран салып –
    Кілең ер, кілең ұшқыр аттылар бұл.

    Қырғыздар асу аузын бітеп алған,
    Бірінен кейін бірі күтеді алдан.
    Кененің батырлары іс қыла алмай,
    Ызадан жарылардай түтеп алған.

    Асуға найза ұшымен ендер деген
    Көп әскер тау соғысын меңгермеген.
    Бұл жердің тауы да жат, тасы да жат,
    Кененің өкпесі өшті өңмендеумен.

    Зеңбірек дүлей үнін төкті айбарлы,
    Добынан алдыңғы шеп өртке айналды.
    Асудың аузын алсам деп барғандар
    Оғына мергендердің көп байланды.

    Қырғыз жоқ қорқып, үркіп, қорғалаған.
    Асудан ажал оғы сорғалаған.
    Бар еді бір зеңбірек Кенеде де
    Орыстың әскерінен олжалаған.

    Бір емес, бірнешеуін олжа қылған,
    Қайысар арба белі салмағынан.
    Және де жауға жұмсар доптары жоқ,
    Қажетсіз болып қалған сол жағынан.

    Он доппен бір зеңбірек алып шыққан,
    Түк пайда тимей қойды жарықтықтан.
    Дүрсілдеп тауға барып тиіп жатты
    Доптары көмейінен қаңғып ұшқан.

    Батырлар бармақ шайнап, күйіністі.
    Дәл мұндай көрмеп еді қиын істі.
    Әрбір қол асу жаққа бет алғанда,
    «Алла!» деп, аруақтарға сиынысты.

    Қырғыздың айла-амалы басым келді.
    Қазақтың бір екпіні басылды енді.
    «Бұғыбай бір амалын таппас па?» деп,
    Наурызбай сөз тартуға жақын келді.

    Бұғыбай Наурызбайды тыңдап болды,
    Ойменен осы тауды шарлап көрді.
    Есіне енді түсті –– біледі екен
    Ұрылар жүретұғын тармақ жолды.

    «Ұры жол» қиын таудың қиясында,
    Сынайтын аттың тұяқ, тұрасын да.
    Бұғыбай деді: «Науан, бастап жүрсем,
    Сол жолмен маған еріп шығасың ба?»

    Науанның көзі сонда бір жарқ етті,
    «Жансың ғой, Бұқа ағам, – деп, – сұңқар текті!».
    Асуға іліндірші әуелі», – деп,
    Көңілі жас батырдың шырқап кетті.

    Жүрегі «Дүрс-дүрс» етіп, тоқтамастан,
    Кенеге жетіп барды қоста жатқан.
    «Жол таптық асуға!» деп алаулап тұр,
    Қызарып алмастай боп шоқта жатқан.

    Орнынан атып тұрды хан қуанып.
    Бір қоста отыр еді жалғыз налып.
    «Бер маған отыз жігіт, –– деді Науан,
    Бұзатын жаудың шебін келді уақыт».

    – Науанжан, отызың аз, – деді Кене –
    Аз қолмен жауға қарай екіленбе.
    –Тисе егер тау ішінде отыз батыр,
    Қайтпасын қалың жаудың беті неге?! –

    Деп Науан ағасына қарай қалды.
    Таңдай боп уыз беті арайланды.
    Көрмепті осындай ер өмірінде,
    Білсе де батыр туған талайларды…

    «Алла!» деп Бұғыбайдың соңына ерген
    Отыз ер жүріп кетті «ұры жолмен».
    Бұғыбай барымташы, аңшы да еді ––
    Жолдарды ұмытпайтын көзі көрген.

    Бұғыбай алда жүрді құлжадай боп,
    Тіркелді отыз батыр тырнадай боп.
    Тар жолдың асты да құз, үсті де құз,
    Теңселіп тұрған сынды жер менен көк.

    Батырлар ілбіп басып жол қашыртты.
    Өртеніп, өршеленіп өрге асықты.
    Асқардың асу бермес биігіне
    Болғанда бие сауым зорға шықты.

    Дем алып, соғыс жайын біраз ойлап,
    Жер мен жау жағдайын тым абайлап,
    Қапыда қалың қолдың бүйірінен
    Ат қойды қалың қолға «Абылайлап».

    Тигенде алғы шепке екпіндей кеп,
    Көрінді таудан түскен көшкіндей боп.
    Кескілеп жаяу-жалпы мергендерді,
    Шалма сап зеңбірегін кетті сүйреп.

    Әп-сәтте асу үсті шаң боп кетті.
    Бастары қырғыздардың даң боп кетті.
    Асудың үсті де тар лап қоюға,
    Не істерін білмей сасып, ербеңдесті.

    Салуда Орман датқа байбаламды,
    Асуда қолы еріксіз байланады.
    Бір кезде шыға келіп батыр Бедер:
    «Ей, қазақ, жекпе-жек!» – деп айғайлады.

    Атақты бет бақтырмас Бедер батыр
    Найзасын білеп ұстап келе жатыр.
    «Жекпе-жек» деген соң-ақ тоқтау керек, ––
    Атадан мұра болған көне дәстүр.

    Қазақтар ошарылып бөгелуде,
    «Қайсымыз шығамыз?» деп түнеруде.
    Наурызбай шарт түйініп, атып шықты,
    Өзінің тұрған шағы кемелінде.

    Бейне бір жайдың оғы секілденді,
    Жауына «ажал!» деген кесім берді.
    Жер құшып Наурызбайдың найзасынан,
    Бақытсыз батыр Бедер көсілді енді.

    Кісінеп күрең қасқа ат шыға берді.
    Солтының хас батыры құлады енді.
    Қырғыздар лап қойысты сүйегіне,
    Шаппастан намысына тұра ма енді!

    Батырлық Бұқарбайды билеп кетті,
    Артынан тас қиыршық түйдектетті.
    Бедердің сүйегіне бұрын жетіп,
    Көкпар ғып Көкшолақпен сүйреп кетті.

    Шаңменен күннің жүзі құрсауланған.
    Наурызбай «жекпе-жек» деп шырқ айналған.
    Қырғыздың бір батыры Ораз шығып,
    Ол дағы ұшып кетті бір сайғаннан.

    Ағыбай осы сәтті күткен еді –
    Жазылды қылыштай боп бүктемелі.
    Ораздың зіл сүйегін өңгергенде,
    Саңылақ Сандыққоңыр «мыңқ» демеді.

    Ағыбай ағып-ұшып ол да кетті.
    Қоңыр ат жер-дүниені дөңгелетті.
    Еңіске салып шапқан қиын тиіп,
    Алдына хан Кененің зорға жетті…

    * * *

    Наурызбай ойран салды жау үстінде,
    Ұмытты қатерді де, қауіпті де.
    Оққа ұшып, найза құшып шейіт кетті
    Шетінеп он бір жігіт тау үстінде.

    Шегінбей қалғандарды арпалысты,
    Асуды тазалауға жан салысты.
    Тоймай тұр бірақ асу көмекейі,
    Жұтса да екі жақтан қанша арысты.

    Барады қан кеберсіп, жан ауырлап,
    Жұқарып жұлын-жүйке, сана сыздап.
    Наурызбай бір ашыққа шыққан кезде,
    Оқ тиіп мұрттай ұшты Ақауыз ат.

    Қазақ та, қырғыз дағы мұны көрді,
    Жас Науан шыбын жаннан түңіледі.
    Бұқарбай шауып жетіп, сол бір сәтте
    Төресін ат үстінен іліп еді.

    Қиқулап қырғыз шапты соңдарынан,
    Ағыбай шыға келді алдарынан.
    Соңында Шәкір, Қабан, Меңдібайлар,
    Шабысты шыққандай боп бір арманынан.

    Асуға Ержанның да қолы жетті,
    Ыза-шу кернеп кетті төңіректі.
    Жалғыз сәт – қас пен көздің арасында
    Жан алып, жан берісу болып өтті.

    Қырғыздар сезді мықтап жайпалғанын,
    Қазақтар сезді жауды қайтарғанын.
    Ержанның жігіттері алып келді
    Науанның өз төл аты – Кертайлағын.

    Қол жетті қол артынан тау басына,
    Жау қашты сұрай алмай сауғасын да.
    Қасқырдай қойға тиген шапты қазақ –
    Осылай кеткен кегін алмасын ба?!

    Қойылды қос зеңбірек тартып алған,
    Шығатын уақыт келді бір құмардан.
    Доп түсіп ойран-топан болып кетті
    Орманның ордасы жақ қалтыраған.

    Бұл кезде күн де батты алау басып,
    Қып-қызыл қан шапағын жалаулатып.
    Қылыштар қынға түсіп, ал батырлар
    Тоқтатты тұлпарларын танауратып.

    Білмекке бет алысты – кім бар, кім жоқ?
    Алу шарт қас қараймай бір түгендеп.
    Бір шетте қойдай болып иіріліп,
    Жаралы тұтқындар тұр бүрселеңдеп.

    Аузында көп қырылып бұл асудың,
    Астында қалған қазақ ұлар шудың.
    Кетсе де талай боздақ арманда боп,
    Бұл жерде реті жоқ жыласудың.

    Бір қатер –– Ержан жоқ боп табылмады,
    Кененің жүрегі от боп жалындады.
    Саржаннан қалған көзден айырылса,
    Сансырап, сарсаң кешіп, сабылғаны.

    Қарайып, қайғы көшіп санасынан,
    Іздетті өліктердің арасынан.
    Тым құрса табылмады мінген аты,
    Көрінді қолға түскен шамасынан.

    Наурызбай: «Қырғыз жаққа барам, – деді, –
    Ержанды тез құтқарып алам!» – деді.
    Хан Кене: «Күн шыққанын күту керек,
    Әзірше бұл әңгіме тәмәм!» – деді.

    * * *

    Жаман боп Орман, Жантай у ішкеннен,
    Жасыды, жеңілдім деп тірескеннен.
    Көздерін жарқ еткізіп сол бір шақта,
    Хат жетті Сыпатай мен Рүстемнен.

    Тұр екен хат мазмұны шуақ төгіп,
    Қаталап құлағанға суат болып.
    Бойларын шымырлатты манаптардың,
    Сиқырдай бір-ақ сәтте қуат беріп.

    Ол хатта: «Достығымыз анық, – депті, –
    Ұстайық әр қашанда жарық бетті.
    Кенені сан соқтырып, бүгін түнде
    Кетеміз бүкіл қолды алып! – депті.

    – Кетеміз Кекіліктен орын беріп,
    Сендерге дұшпан болып көрінбелік.
    Таң ата «жау қаштылап» ұран салып,
    Кенені басып қалсын қолың келіп»…

    Бұл жоспар орындалды!.. Солай болды!
    Қырғызға, Үйсінге де қолай болды.
    Тар жерде тастап кетіп туысқаны,
    Кененің зарлағанын Құдай көрді!

    Тағдыр ғой, әрбір нәрсе кезегімен,
    Кім асқан жазымыштың кезеңінен.
    Хан Кене ойда жоқта зарлап қалды
    Өзінің қазағынан, өз елінен!

    Ол тұрды қаны қатып, жаны суып,
    Тастады тағдыр мұны тағы ысырып.
    Қашқанда, жолы болмай, қолға түсті
    Өте алмай өзенінен Қарасуық.

    Көздеген бір арманға нақ кім жетті?
    Кім білсін –– жаман, әлде жақсың жетті.
    Соңына он екі мың әскерін ап,
    Әнеки, бір түкіріп сатқын кетті.

    Кім нала айта алады құйын, желге?
    Құдайды қарғайды адам күйінгенде.
    Жалғанда шын опасыз деуші еді ғой –
    Жолдасын сатып кеткен қиын жерде.

    Алдамай, алса жақсы-ау күші мықты,
    Кенені алдап опқа түсіріпті.
    Аспанға қарап тұрып «тәуба!» деді –
    Наурызбай жау қолынан сытылыпты.

    Ол енді жолын да аңдап, жоғын да аңдап,
    Болар-ау ағалардың кегін де алмақ.
    Әйтеуір, аман жетсін ел шетіне,
    Оған да орыс, қоқан торын жаймақ.

    Келеді Кене, міне, тас қоршауда.
    Болмайды бұдан былай жоқты аңсауға.
    Өз басы өткен кекке өтеу болар,
    Қырғыздан сұрамайды жанға сауға!

    Нілдей боп бұзылуда жан әлемі –
    Аз ғана бұл сапардан дәмелі еді.
    Алтынға, атаққа да қызыққан жоқ,
    Күресті намысы үшін Қазақ елі!

    Кешегі ер де қазақ, өр де қазақ –
    Бүгіндер бүкірейіп, жорғаламақ.
    Пенде боп орыс, қоқан арасында,
    Жасқанып, жетімдей боп қорғаламақ.

    Жетті бұл Жетісуға қаңғырумен,
    Кезінде Абылай салған «шаңды жолмен».
    Мінеки, қанжығада келе жатыр,
    Тұтылып Майтөбедей «қанды жерден».

    Бұл келді осы жерге арнай басып,
    Қазақты сілкінтсем деп қалған жасып.
    Дариға-ай, тым болмаса қалмады ғой
    Өлерде өз жұртымен армандасып!

    Он бесте жолдас болып аттың жалы,
    Бойында күш-қуаты тасқындады.
    «Алашты адақтасам!» – деген еді,
    Сол мақсат жеткізбеді, бас бұрмады.

    Енді кеш көсесе де арман отын,
    Енді жоқ, бұрар сәті таңға бетін.
    Тұтастай қайтаратын болды қырғыз
    Кешегі Абылайдан қалған өшін.

    Сыпырып бауыр тері – үйегін де,
    Итіне тастар ма екен сүйегін де!?
    Сөйтсе де нұр жалынды өшіре алмас,
    Лапылдап лаулап тұрған жүрегінде!

    Сол нұры көк аспанға тарар ма екен,
    Ауалап алашына барар ма екен?!
    Бесігін тербетісіп бейбіт елдің,
    От болып ошақтарда жанар ма екен?!

    Білмейді-ау! Білмей кетер! Күмәні көп.
    Бұлыңғыр бұл жалғанның тұрағы жоқ.
    Есімі ел есінде қалар ма екен
    Дәуірдің шешілмейтін сұрағы боп?!

    Туғалы тыныш өмір бір таппады.
    Аулақта ащы жасы бұршақтады.
    Жүре ме қас дұшпанның құлы болып
    «Ұлым» деп үміт күткен ұрпақтары?

    Күн сайын бір өнерді бастап қасы,
    Олардың бұл қорлықтан аспас басы.
    Шынында, бекер емес, бекер емес,
    Бопайдың түске кірген аппақ шашы!

    Сүрініп босағада жығылғаны –
    Кеткені бұл фәниден мұның дағы.
    Басынып, басқа шығып той жасайды-ау
    Заманның зымыстан мен зұлымдары!..

    «Түс аттан!» Дауыс ұрды құлағына.
    Жел тиді сөнер-сөнбес шырағына.
    Естіді тұңғыш рет мұндай сөзді,
    Дақ түсті деген осы, міне, арына!

    Қырық бес жыл болыпты туғанына,
    Жасынан ата жолын қумады ма?!
    «Түс аттан!» деп зекіді бір қара құл,
    Шынымен, түп тамыры қурады ма?

    Хан Кене деп күрсінді «ой, Аллам-ай!»
    Түсінен бейне шошып оянғандай.
    Алдына ақ орданың кеп тұр екен,
    Кіргізді бір топ қырғыз аялдамай.

    Бұл үйге жиналыпты тәмам қасы.
    Ешқайсы қол созбады амандасып.
    Есіне түсе қалды ең алғашқы
    Өзіне арнап тіккен хан ордасы.

    Оған да ой кешумен жетіп еді.
    Кеңейіп, кеңіп еді көкірегі.
    Мынау бір ақ ордаға кірді, міне,
    Қазақтың сияқты бір жетімегі.

    Хан Кене босағадан қозғалмады
    Деп еді: «Төрлет, төре!», төрге озбады.
    Жиылған көпшіліктің арасынан
    Жымсиып Жантай манап сөз қозғады.

    «Хан Кене, төре Кене, қалай қалың?
    Анықтап маңайыңа қарайлағын.
    Қыржиып, қыржаң шайнап қалғандайсың,
    Қырғыздың аламын деп бар аймағын.

    Құтырып құдай берген несібіңе,
    Еліріп елге симай есіріп ең.
    Қазақтың төрін былғап, мұнда келіп,
    Кіре алмай тұрсың ба енді есігімнен?

    Айтшы өзің қырғыз саған не қылғанын.
    Дейсің бе дәл қасымнан табылмадың?
    Орыспен соғысам деп ел жылаттың,
    Халқыңа қастық па еді сағынғаның?

    Орыспен ойнайтұғын баласың ба?
    Одан да келмедің бе жарасымға?
    Иесі от қарудың орыс деген –
    Ол сенің көк найзаңа қарасын ба?!

    Еліне ептестіріп болар пана
    Бейімдеу келмес пе еді хан ортаға.
    Сен болсаң, мұнда келіп, мені шаптың,
    Мен сенің барып па едім Сарыарқаңа?!

    Орындай алмаған соң кесіміңді.
    Бұртаңдап, бұзбақ болдың есігімді,
    Жақсы жан болмас па еді кешірімді,
    Сен неге найзаға ілдің бесігімді?!

    Кінәңді ойлай алсаң, бәрін ойла.
    Сен мұнда хан емессің, шадырайма.
    Атамды Әтекедей қан қаптырған,
    Сәлем айт, барғаныңда, Абылайға!

    Кеп мұнда Үйсіндерді көтеріпсің.
    Найзамен жұртты айдауға төселіпсің.
    Қырғызды білмейсің-ау таста ойнаған
    Келсе де бой бермейтін неше мықтың.

    Ханы боп бүкіл қазақ қауымының,
    Шетінен ұстамадың ауырының.
    Рүстем, Сыпатайың бірдей сатып,
    Көрсетіп кетті, әне, жауырынын!

    Тым қораш жан екенсің, алып десек,
    Сөнбеген шоқты жүрсің тауып көсеп.
    Сөз бітті, енді барып деміңді алғын,
    Өзіңе салып қойдық мамық төсек!».

    Кенені алып жүрді жасауылдар.
    Кілкілдеп жүрек айнып, бас ауырлар.
    Жантайдың сөзі жетті сүйегіне,
    Болды ғой ішкізгендей атауын зәр.

    Жетелеп бір боз үйге алып кірді.
    Тағы да басы айналып, талып тұрды.
    Ешкімге тіс жармады, сыр бермеді,
    Сұм өмір әбден мұны жалықтырды.

    Шынында,үйдің іші шырайлы екен,
    Деп еді – зынданына құлай кетем.
    Үй жайлы, қызметші жүгіріп жүр,
    Осылай әлде мұны сынай ма екен?

    Саба тұр босағада мелдектеген.
    Қазақты қашан қымыз шөлдетпеген!
    Бір аяқ ішіп еді, ұнамады,
    Осы ғой «жаудың асы – кермек» деген.

    Азырақ татып көрді жаядан да.
    Мұндайда ас батады қай адамға!
    Мамыққа Жантай айтқан сұлай кетті,
    Кірпікке ұйқы ұятсыз таяғанда…

    Түсіне түк қорқыныш кірмеп еді,
    Сезгендей ұшып тұрды бірдеңені.
    Қараса, Орман манап қалшиып тұр,
    Айтқаны: «Батыр інің бізге келді!»

    Хан Кене «Не дедің?» деп бір ақырды.
    Көрмепті манап мұндай сұрапылды.
    Көздері жап-жасыл боп шаншылғанда,
    Бұл жерден қашқысы кеп… тұра тұрды.

    «Наурызбай… Наурызбай…» деп тұтығып тұр
    Қозғалып жұтқыншағы, жұтынып тұр.
    Жалтақтап күзетшіге, ой ойлады:
    «Өлтіріп жібермесін құтырық бұл!»

    Бір сәтте бойын жиып алды манап.
    Алдында хан Кененің сән құрамақ.
    Сырбазсып, сыздап сөйлеп жауап берді:
    «Өзі кеп қолға түсті қандыбалақ!

    Өзінің сізбен бірге өлгісі бар,
    Өлмесе, өз қолымен көмгісі бар.
    Шығардық үш төреге үкім бүгін,
    Бізде де қал қалмады енді шыдар».

    Бұл хабар шыбын жанын шын шығарды –
    «Қап! Қап!» – деп, бас бармағын қыршып алды.
    «Көрсет!» деп айтуға да тілі келмей,
    Кептеліп кеңірдегі, тұншығады.

    Бір кезде «Көрсет!» деді,тағы ақырды.
    Тордағы арыстандай аласұрды.
    Орман тұр басын шайқап, «Болмайды» – деп,
    Қорлап тұр қолға түскен шарасызды.

    «Үш күндей біз сақтаймыз үш төрені, –
    Деп манап мазақ етіп, тістенеді.
    – Дем алып, ет жеңіздер, қымыз ішіп,
    Басқадай сұрамай-ақ ештеңені.

    Айтпақшы, мына төрді білесің бе?
    Естісең жылайсың ба, күлесің бе?
    Үйі бұл Қалша бидің ағасының,
    Оны өзің байлап едің күресінге.

    Батқанша мамық көрпе көтеніңе.
    Аунай бер аунағанша төсегіне.
    Біліп қой бірақ тағы, сен жүресің
    Кегінің Қалша бидің өтеуіне.

    Наурызбай өзі келді, аңғалақ па?
    Жармасып болмап еді жау-жараққа.
    Біз оны батыр Бедер өтеуі деп,
    Береміз ағасына – Жанғарашқа.

    Бұл сөзім барды ма енді ар жағыңа.
    Осылай жеттің, төре, арманыңа.
    Оң қолың екен сенің Ержан сұлтан
    Сондықтан үй тіктірдік оң жағыңа.

    Төр менен көр лақатын жалғастырып,
    Дәл мұндай күнің көкте тұрмас күліп.
    Ертеңсіз сұлтандарды, әйтсе дағы,
    Қайтеміз бір-бірімен сырластырып».

    Мұны айтып Орман манап кете барды.
    Кененің қасіреттен шашы ағарды.
    «Көзімнің жасын ешкім көрмесін» – деп,
    Төсекке тас бүркеніп жата қалды.

    «Науаным, – деп өксіді – неге келдің?
    Дәл қазір ел-жұртыңа керек едің.
    Сан түрлі тығырықтан алып шығып,
    Көкеңді қолтығынан демеп едің!

    Тағы да «демейін» деп келіп пе едің?
    Балалық қиялыңа еріп пе едің?
    Қан қатқан жүрегіне қас дұшпанның
    Мүсіркеп, аяғанын көріп пе едің?

    Үзіліп қалдым ба енді тамырымнан?
    Көз жазып қалдым ба енді жарығымнан?
    Бақ кетті-ау маңдайымнан, қарап тұрсам,
    Ат кетті-ау ат байлайтын қазығымнан!

    Науанжан, сен едің ғой сәулетіміз.
    Науанжан, сен едің ғой дәулетіміз!
    Құдайдың жазып қойған жазуы ма –
    Тек қана жаудан өлер әулетіміз?

    Басымды түнек бар ма торламаған.
    Көкеңнің жасы, міне, сорғалаған.
    Қан жұтып, қасіретпен арпалысып,
    Қапаста жатыр, әне, Ержан ағаң!..»

    Қырғыздар көрсетпей-ақ күш, білекті,
    Кененің жағдайын мүшкіл етті.
    Тоздырып жұлын-жүйке, сана, миды,
    Тозақтың тура өзіндей үш күн өтті.

    Үшеуін үш топ атпен алып жүрді.
    Тұп-тұйық бір аңғарға барып кірді.
    Тілдесіп, ымдасуға таппай амал,
    Үш сұлтан бір-бірінен алыс тұрды.

    Алдымен Наурызбайды аттан алды.
    Батырдың көзі жайнап, шоқтанады.
    Өрекпіп, өр кеудесін тауға беріп,
    Сүзіліп көк аспанға көп қарады.

    Саңқ етті сонан кейін: «Ей, манаптар,
    Мен емес қиын сәтте тайғанақтар.
    Сендерде мен ұстайтын найза бар ма,
    Сендерде мен мінетін қандай ат бар?

    Бар болса, бас батырың шықсын маған.
    Батыр ма ата жауын тықсырмаған?!
    Мен едім батыр Науан – қан майданда
    Қырғызды құйырыққа қыстырмаған!

    Хас батыр шықсын маған қарсы келіп,
    Өнерін осы жерде бір көрелік.
    Мен жеңсем, хан Кенені босатыңдар,
    Өзімнің обалым жоқ, қалсам өліп!».

    Қырғыздар тұрып қалды ошарылып,
    Наурызбай манаптардан тосады үміт.
    Кенеттен Орман манап қарқ-қарқ күлді,
    Барлығы жатыр және қоса күліп.

    Деді Орман көкірегін паң көтеріп:
    «Ей, сұлтан, жан екенсің қанға жерік.
    Төренің қаны тәтті деуші еді ғой,
    Ішкізіп соны саған көрсетелік!

    Алыңдар басын Ержан ағасының,
    Ойыңдар аңғалақтан қарашығын.
    Көз етін жесін дағы, қанын ішсін,
    Бір тойсын қарны Абылай баласының!»

    Байлады Наурызбайдың қол-аяғын,
    Біреулер айтып жатыр «тобаларын»
    Бір жендет Ержан басын шауып түсті,
    «Өзіңе болды ғой – деп – өз обалың!»

    Ержанның қызыл қаны бұрқырады.
    Кененің шыбын жаны шырқырады.
    Байлаулы қол-аяғы батыр Науан
    Өкіріп, «Ержекелеп» бұлқынады.

    Науанды шалқасынан салды келіп.
    Уыстап құйды аузына қанды келіп.
    Шыңғырып кісінеді жылқы біткен,
    Қып-қызыл ағып жатқан қанды көріп.

    Болды ма мұндай қорлау бұрындары?
    Қырғыздың сұмдық екен ырымдары –
    Ержанның екі көзін ойып алып,
    Аузына Наурызбайдың тығындады.

    Тұрғызды Наурызбайды беті қан-қан.
    Бір қырғыз қылдан ескен әкелді арқан.
    Кейбіреу «бұған енді не істемек?» деп,
    Қызықтап қарап қалды болып аң-таң.

    Науанды қос ағашқа керді байлап.
    Қасқырдай хас батыр тұр көзі жайнап.
    Тағы да шыға келіп әлгі жендет,
    Науанға таяп барды қару сайлап.

    «Бар күші бұл батырдың оң қолында.
    Найзасы мүлт кетпейтін созғанында.
    Алдымен шауып таста оң жақ қолын,
    Содан соң шауып таста сол қолын да!» –

    Деп Жантай жендетіне берді пәрмен.
    Бас жәндет Наурызбайға келді сәнмен.
    Әп-сәтте екі қолын шапқанында,
    Қалмады жас батырда енді дәрмен.

    Тік тұрып құламастан шөгіп қалды.
    Кейбіреу аяп та тұр арыстанды.
    «Басын шап!» деп ақырды Жантай манап,
    Өз қолы қылышқа да барып қалды.

    Домалап жас батырдың түсті басы,
    Қан-қан боп жендет кетті үсті-басы.
    Аспанға Кенесары қарап қапты,
    Жап-жасыл көздерінен ұшқын атып.

    «Бақұл бол, бауырым!» – деп күбірледі, –
    Пейішке сен жетесің бүгін!» – деді
    Қарады асқар тауға содан кейін,
    Бетінен білінбеді түңілгені…

    Осы бір сұрапылды халық көрді.
    Ісіне манаптардың қанық болды.
    Өлтірмей хан Кенені бұл арада,
    Жантайдың ордасына алып келді.

    Орда тұр бой көтеріп, ой көтеріп,
    Жеңістің шаттығына той көтеріп.
    Жігіттер кілемді алып ортадағы,
    Өгіздің бір терісін жайды әкеліп.

    Кенені сол теріге отырғызды.
    Күлкі мен кекесіннің оты қызды.
    «Ал, Кене, біз аламыз басыңызды,
    Мәңгілік өшіреміз отыңызды!

    Құдайдың қалауымен, шама жетсе,
    Бір зауал болар деп ек қарабетке», –
    Деп Жантай, қылыш сайлап дайын тұрған
    Ым қақты өз туысы Қожабекке.

    Қылышқа хан Кененің түсті көзі,
    Жүзінен суық ажал үскіреді.
    Баяғы Тастанбектің алмасы екен,
    Жоқ одан енді қорқып, тіксінері.

    «Бұл елдің біреуі осы ырысының.
    Бұл елдің құрышы осы құрышының.
    Адаспай алтын басты табатыны-ай
    Қырғыздың қасиетті қылышының!» –

    Деп күлді рахаттанып Кенесары.
    Жым болды ел бұл күлкүсін көре салып.
    Қожабек қатты боқтап, тісін қайрап,
    Кененің басын қақты келе салып.

    Бастағы жасыл жанар ашық қалды.
    Көргендер жыпылықтап, жасып қалды.
    Отырған жүресінен ұлы дене
    Сол күйі тіп-тігінен қатып қалды.

    СОҢҒЫ ТОЛҒАНЫС

    Бір жарым ғасыр өтті содан бері
    Құпия сырды қозғап тереңдегі.
    Рухы хан Кененің көкті шарлап,
    Қанша өрлеп, қаншама рет төмендеді.
    Қазақтың қазақтығы қақпақыл боп,
    Қанша өліп, қаншама рет көгермеді?!
    Бейнесін соңғы ханның қалды сақтап
    Елінің жыр мен дастан, өлеңдері.
    Қазақтың қазақтығын қалды сақтап
    Елінің өр ерлері, өлермені.
    Тайталас, табан тірес, тартысумен
    Бір жарым ғасыр өтті содан бері.

    Біздің сөз сөзіндей ме наразының?
    Тең басқан сәті қайсы таразының?
    Назасын ұмыттық па ұлы жұрттың,
    Жазасын кешірдік пе жазалының?
    Тарихтың шежіресін оқығанның
    Көзінен қорғасындай тамады мұң.
    Қылышын сипар еді ол бабалардың,
    Жебесін сүйер еді ол садағының!
    Халқының қасиетін қастер тұтқан
    Көптігі қандай ғажап саналының!
    Кеудеде бір үміттер ұшқындайды
    Кененің отындай боп жанарының.

    Көтеріп жүгін өткен қара нардың
    Бас идік аруағына бабалардың.
    Айтылар сөздер бірақ айтылды ма
    Аузында тұрған сыздап жаралардың?
    Жауабын жайдай етіп бере алдық па
    Намысқа тиіп жатқан табалардың?
    Бет қойып, белді буып жүре алдық па
    Өксіген өтеуіне адал ардың?
    Әлі де біздің тарих бітеу жатыр
    Құлаған орнындай боп қалалардың.
    Өшпейтін зар заманның қара дағы –
    Сорғалап қалған ізі қара қанның!

    Жасынан жау ілініп назарына,
    «Аттандап» қарсы шапқан ажалына,
    Кешегі кетті емес пе Кенесары
    Ар ісін аманаттап қазағына!
    Даңқ үшін, жаулау үшін шапқан жоқ қой,
    Ойрандап, орыс-қоқан қамалына.
    Дұшпанға қолды болған алтын басы
    Түңілмей, төзіп өтті азабына.
    Дүние-ай, қырғызда өлген достарының
    Бастарын ілді Қоқан базарына!
    Басы емес тек Кененің, қанша бастар
    Тәлкек боп, түсті жаудың табанына.

    Кеудені, Кенені айтсақ, қари ма мұң?
    Ту етіп көтереміз фәни – жанын.
    Біз бірақ қамауынан шықпай жүрміз
    Баяғы басқыншылық қағиданың.
    Көңілге медеу еттік, білгеннен соң
    Өсетін артымызда сәби барын.
    Шіркін-ай, қазып, қаттап қояр ма едік,
    Тарихтың тылсымының бәрін-бәрін!
    Шіркін-ай, қайта оралтып алар ма едік
    Зарлаған замандардың сарындарын!..
    Дәл бүгін Кенесары көтеріп тұр
    Қазақтың намысы мен ар-иманын!

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Генерал Сабыр Рақымов қалай қазақ болды?

     «Әсілхан Оспанұлы деген доцент Шымкентте    тұрады. Сол: «Мені атса атып жіберсін, басқалар күймесе мен күйемін, ...