• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алаш ұлдары » Қажымұқан қандай болған?

    Қажымұқан қандай болған?

    Қазақ балуандары жайлы сөз қозғағанда Қажымұқан бабамызды ерекше атап өтеміз. Бұл ол кісінің атақ-даңқынан бөлек, халықтың балуанға деген ілтипаты мен құрметін білдірсе керек.

    Бала күнімде Шиеліден шыққан жазушы, атақты «Мың бір түнді» қазақша сайратқан аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың Қажымұқан туралы жазғандарын оқып таңданып жүретін едік. Белдескенде ешкімнен жеңілмеген, жауырыны жерге тимеген батыр бабамыз жайында кино түсірілген киноны көріп кәдімгідей бір масаттанып қалатынбыз. Енді міне, тағы бір жерлесіміз, ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың Қажымұқан туралы естелігінен балуанның шын мәнінде қандай болғанын көз алдымызға елестетіп отырмыз.

    Бірде профессор, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғалым Әуелбек Қоңыратбаев жол түсіп Қажымұқанның үйіне қонаққа барыпты. Бұл кезде балуанның жасы егде тартып жетпіс беске келген шағы екен. Әуелбектей ғалым келер ұрпаққа Қажымұқанның шын бейнесін мұра етейін деді ме, жоқ әлде алпамса денелі, тау мүсінді адамды көргенде іріліктің неден басталатынын білгісі келді ме әйтеуір рұқсатын алып дене құрылысын өлшеп шығыпты. Ғалымның дерегі бойынша Қажымұқанның салмағы – 174 келі болса, бойы – 195 сантиметрге тең екен. Қос құлаштап өлшеген кеудесінің аумағы – 146 сантиметрді құраса, балтырының жуандығы – 49 сантиметр болыпты. Ал, мойнының жуандығы – 56 сантиметр де, басы – 65 сантиметр, аяқ киімі –54 өлшем болып шығыпты. Ә.Қоңыратбаев қызығушылық танытып  ұзындығы – 14 сантиметр, жуандығы – 10 сантиметр болатын ортаңғы саусағын, тіпті,  12  сантиметрге жететін үстіңгі және астыңғы еріндеріне дейін өлшеген екен.

    Қажымұқан Мұңайтпасұлы  – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген атағы әлемге жайылған балуан. Қажымұқан орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы ретінде де кеңінен танымал. Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Біз мұны мақтанышпен айтуымыз керек. Ол қазақ зиялыларымен де бірге болған. Тіпті, Ұлы Отан соғысына үшін көмекке арнайы ұшақ та жасатқан. Міне, Қажымұқандай бабамыздың қандай болғанын білгісі келетін адамдарға біздің айтпағымыз осы.


    Азиз Жұмаділдаұлы

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Генерал Сабыр Рақымов қалай қазақ болды?

     «Әсілхан Оспанұлы деген доцент Шымкентте    тұрады. Сол: «Мені атса атып жіберсін, басқалар күймесе мен күйемін, ...