Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театры 43-маусымның шымылдығын жаңа қойылыммен ашты. Жетісулықтар ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай сахналанған «Алаштың Әлиханы» атты тарихи драмасына куә болды.
Премьераға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бұл күн театрсүйер қауым үшін айрықша екендігін атап өтті. Сондай-ақ жаңа маусымды жаңа қойылыммен бастаған труппаны құттықтап, сәттілік тіледі. Айта кетейік, қойылымның қоюшы режиссері Қазақстанның халық артисі, драматург, режиссер Ерсайын Төлеубай. Ал Әлиханның бейнесін сомдаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы.

Аталмыш туынды қазақ халқының қайғы-қасіретіне бейжай қарамай, ұлт бостандығы жолында аянбай еңбек еткен Әлихан Бөкейхан жайында. Спектакль Әлиханның қызы Лиза мен Смағұл Сәдуақасовтың шаңырақ көтеруімен басталады. Осы сәтте Кеңес үкіметінің халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Ленин мен ұлттар комиссариятының комиссары Сталиннің Алаш үкіметін мойындағаны жайында ресми хат келеді. Алаш арысы сенімді өкілдеріне мемлекеттік аумақты бекітіп, карта жасауды тапсырады. Әдебиет пен мәдениетті де назардан тыс қалдырмайды. Ахмет Байтұрсынұлына «Мықты елдің күші баспасөзінде, үнінде болса, мемлекет тірегі тілінде» деп газетті күшейтуге кеңес береді. Қазақ газеті мен театрының жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне, кәсіби тұрғыда кемелденуіне зор еңбек сіңіреді. Әрдайым елдің адастырмас темірқазығы ретінде «Қытайдың идеясы Конфуций болғанда қазаққа Абайдан артық ой тастап, сөз айтқан адам жоқ. Жаңылмайтын, жаңылдырмайтын жалғыз Абай» деп хакім Абайдың даналығына сүйенеді. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін тер төккен қайраткер қуғын-сүргінге ұшырап, түрме азабын тартады. Абақтыға қамалып, қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткергенде «Елім-айдың» сәулесін көріп, соған ішкі сырын ақтарады.
Бұл көркем шығарманың негізгі кілті қазақ даласының жиынтығы Елім-айдың бейнесінде десек артық болмас.Себебі Мәскеуде үй қамақта жатқан ұлт көсемі елін, жерін аңсап Елім-аймен тілдеседі. Елім-ай – Ақмарал Тілеуова мен Әлихан Бөкейхан – ­Кендебай Темірбайұлының ойындарынан ерекше үйлесім тапқан актерлік дуэтті байқадық. Екеуінің де ойынынан терең ізденіс байқалып тұрды. Отанына деген сағынышын ән арқылы басқысы келген «Елім-ай» – актриса Ақмарал Тілеуованың орындауындағы халық әндері бірде құйқа тамырыңды шымырлатып, қаныңды тулатса, енді бірде жүрегіңді елжіретіп, әсем үннің бесігіне бөлеп, құшағында тербете кетеді. Актрисаның әуезді дауыс тембрінен залда өлі тыныштық орнап, адамның жат жұртта ешкімге керек емес екенін, Отансыз қалған адамның трагедиясын терең түсінуге жол ашып тұрды.
Ұлт көсемінің 150 жылдығы мен Алашорда үкіметінің 100 жылдығы Елбасының тапсырмасы бойынша республикалық көлемде аталып, облыстарда осындай бірқатар мәдени іс-шаралармен айшықталды. Әлихан Бөкейхан біздің өткеніміз, тарихымыз болғанымен егемендігіміздің басы екені белгілі. Кімде-кім өзін іздесе, қазақты іздесе, өткенін іздесе осы қойылымнан табары сөзсіз. Сол себепті мұндай тарихи, ғибратты қойылымдар өткенді ұмытпау үшін, болашаққа бағдар жасау үшін өте қажет.
43 жылдық тарихы бар рухани орданың алдағы күндерге деген ­жоспары қандай? Бұл сауалдың ­жауабын қойылымның тұсаукесерінің алдында театр басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері Ғалия Темербаева тарқатып берді.
– Театр – ұлттың айнасы. Эс­тетикалық талғамды қалыптасты­ратын орын. Көрерменімен сағына қауышқан өздеріңізді 43-маусымның ашылуымен құттықтаймыз. Биылғы маусымда Жетісу жұртшылығын қандай жағымды жаңалықтармен қуантпақсыздар?
– Рақмет. Өздеріңізге мәлім театрымыздың 43-ші маусымын ҚР Халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың «Алаштың Әлиханы» атты тарихи драмасымен аштық. Бұл шығарма Алашорда үкіметінің 100 жылдығы мен есімі күллі елге мәлім зор тұлға Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арнайы қойылды. Алдағы уақытта театрымыздың репертуары қазақ классикасындағы шоқтығы биік бірегей шығармалармен толығады. Атап айтсақ, М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы немесе «Айман-­Шолпан» комедиясын сахналау жоспарда бар.Осы орайда көркемдік кеңес жан-жақты талқылауда. Аталмыш екі шығарманың бірін таңдап, талғамы жоғары театрсүйер қауымның назарына ұсынамыз. Осы жыл біз үшін шығармашылық қарбаласқа толы жыл болды. Әлем классикасының жауһары саналар У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын сахналадық. Бұл спектакльді көрермен қауымы өте жақсы қабылдап, жоғары бағасын берген болатын. Одан кейін А.Ихсанның «Хақ жолы» атты әлеуметтік драмасын қойдық. Бұл спектакль облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының жеке тапсырмасымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында қойылып, облысымыздың бірнеше елді мекендерінде көрермен назарына ұсынылды.
Сондай-ақ жазда «ЭКСПО – 2017» ха­лықаралық көрмесі аясында Астана қаласында облысымыздың мәдениет күндеріне орай үш бірдей спектакльді елордалықтардың назарына ұсынып қайттық. Бұл да театрымыздың тарихына жазылатын айтулы оқиғалардың бірі деуге болады.
– Өткен жылы жас артистерді қабыл­дағандарыңыздан хабардармыз.Ал биыл актерлік құрамда өзгеріс бар ма?
– Иә, өткен жылы 10 жас маманды қабылдап, жұмыспен қамтыған едік. Олар бір жылда шығар­машылық жағынан өсіп, жетіліп, ше­бер­ліктерін шыңдап, өздерін тек жақсы қырларынан көрсетіп келеді. Солар­дың ішінде Шалқар Мүкен, Асыл Ақтөреева, Біржан Шошабаев сынды жас мамандарымыз басты рөлдерде өздерін жақсы көрсетті. Бұл жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген екі актерді жұмысқа қабылдадық. Алдағы уақытта да шығармашылық құрамды кеңейту жоспарда бар.
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Шы­ғармашылық табыстарға жете беріңіз­дер


Назерке ӘДІЛБЕКОВА

Алматы облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ