• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алаш ұлдары » Алаш қайраткерлерінің егеменділік туралы идеяларының маңызы: ретроспективті саясаттанулық талдау

    Алаш қайраткерлерінің егеменділік туралы идеяларының маңызы: ретроспективті саясаттанулық талдау

    XIXғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Ресей империясының отаршыл саясаты қазақ халқының тәуелсіз мемлекет құру идеясын орындалмас қиялға айналдыруға бар күш-жігерін жұмсады. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Сырым Датов, Кенесары Қасымов және басқалар бастаған көтерілістер қазақтың ұлттық рухын орнықтыруға, ортақ жау — Ресей патшалығына қарсы күресте қазақтардың барлық күшін біріктіруге талпынған әрекеттер еді», — деп көрсетуі тарихи ақиқатқа негізделген[1].

    Отарлау саясаты жазалау шараларынан бастап, түрлі құйтұрқы заңдар арқылы қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін іс-әрекеттерге дейін барып, ұлттық мемлекеттілік институтының кез келген көрінісін жоюға тырысты. Соның салдарынан қазақ даласында хандық билік институтының белгілері біржолата жоғалып, оның орнына отарлау аппаратының иерархиялық сатыға бағындырылған шенеуніктер жүйесі басқаратын империялық әкімшілік билік орнады. Дәстүрлі билер соты, шешендік сөз бен салиқалы әділ шешімге жүгіну біртіндеп келмеске кетіп, оның орнына парақорлық, билік өкілдерімен жең ұшынан жалғасып ауыз жаласу, сайлау науқандарындағы саяси талас-тартыс, арамза үгіт-насихат сияқты келеңсіз көріністер туындап қана қоймай, үйреншікті құбылысқа айналды. Бір сөзбен айтсақ, сол кезеңде қолданысқа енген заңнама қазақ халқын қанауға бағытталды.

    Патшалық Ресей қазақтың кең жазира даласын мемлекет меншігі деп жариялап, «пайдаланылмайтын бос жер» деген желеңмен озбырлықпен тартып алып, қоныс аударушыларға бөліп беру орын алды. Әлеуметтік-саяси жағынан алғанда, бұл кезең патшалық Ресей империясының қазақ даласындағы отарлау саясатының күшеюімен ерекшеленді.Кез келген әрекет өзінің қарсы әрекетін туғазатын табиғат заңдылығы бұл жерде де өзінің айнымастығын дәлелдеді. Отарлау саясаты өрістеген сайын, қазақ халқының ұлт азаттық күресі, ұлттық мемлекеттілік құру идеясы да құрыштай шыңдалып, дами берді. Самодержавиеге, отаршылдыққа, жергілікті шенеуніктердің озбырлығына қарсы халық наразылығы өршіді. Осылайша, қазақтардың жаңаша саяси санасы қалыптаса бастады. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысы дін тазалығын, тіл тазалығын қорғаудан, оқу-ағарту, ұлттық салт-дәстүрлерді қолдаудан басталып, біртіндеп жер дауы, ел дауына ұласты.  Яғни, академик М.Қозыбаев көрсеткендей, “Алаштың ұлт азаттық қозғалысы идеологиясының өзегі – отаршылдық наразылық, отаршылдыққа қарсы ұлтшылдық. Олар заңмен шектелген праволық қоғам, конституцияда анықталған кейбір саяси бостандықтар, ғылым мен мәдени даму көлемінде күресіп бақты”[2].

    Қазақ халқы ұлт ретінде өмір сүру қасиетін сақтап қалу үшін тырысты: аймақтардағы наразылық бас көтерулерден бастап, Мемлекеттік Думадағы депутаттық орынға дейін саяси күрес ісіне тартылып, азаттық қозғалысының арналы ағысына ілесті. Қазақтар өлке өміріндегі өзгерістерге, отаршылдық әкімшілік ойлағандай, сырттай бақылаушы ғана болып қалмай, оған белсене араласты. Олар болыс сайлау, партияға жіктелу, дауыс жинау, кандидаттыққа ұсыну, лауазымды қызмет атқару, Думаға сайлану т.б. қоғамдық-саяси істерге белсене араласты. Жергілікті мемлекеттік басқару отарлау әкімшілігінің басқаруымен, ал сайлаулар шалағайлықпен жүзеге асса да, кең байтақ қазақ даласындағы саяси процестерге халқымыз қызу қатысып отырды. Саяси қатысу қазақы дала өлкесінде өзгеше мәнге ие болды. Мұндай әділетсіздік  сол кезеңдегі көзі ашық, ұлттық сана-сезімі оянған қазақтың зиялы азаматтарына серпіліс берді.

    М. Құл-Мұхаммед жаңа замандағы қазақ тарихын, оның ұлт-азаттық қозғалыстарынан туындайтын саяси және құқықтық тарихын төмендегідей кезеңдерге бөліп қарастыруға болады деп тұжырымдайды:

    — Бірінші кезең — XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы Ресейдегі революциялық қозғалыстың өрістеуінен туындаған кезең. Бұл 1905 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

    — Екінші кезең — Қазақстанда отаршылдық езгі, патша өкіметінің қазақ халқын қанауды одан әрі күшейтуі негізінде туындаған әр түрлі бас көтеру, наразылық акцияларынан бастап, саяси күштердің «Қазақ» газеті төңірегіне топтасуына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл – 1905-1912 жылдар арасы.

    — Үшінші кезең — «Қазақ» газеті шығуымен ұлттық зиялы қауымның біртұтас саяси күшке айналып, оның Ақпан (1917) революциясына дейінгі азаттық жолындағы күресін қамтитын кезең.

    — Төртінші кезең — Ақпан революциясынан бастап, Алашорда үкіметінің құрылуымен аяқталатын (1917 жыл, желтоқсан) — саяси тәуелсіздік жолындағы күрес кезеңі.

    — Бесінші кезең — қазақ қауымының саяси жетекші күшін құрайтын Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің қуғындалып, қозғалыстың таратылу кезеңі (бұл 1919-1920 жылдарды қамтиды)[3].

    Біздің қарастырғалы отырған тақырыбымыз да осы хронологиялық ауқымда болмақ. Алаштың зиялы қауымы қазақ халқының қамын ойлап, елді өркениет көшінен қалдырмау жолдарын іздеді. Оның бірден-бір жолы ғылым-білім мен мәдениетті игеру екендігін халыққа насихаттаған зиялылардың алдыңғы қатарында Алаш зиялылары жүрді. Олар жан-жақты қоғамдық-саяси қызметтер атқара отырып, әмбебап маман ретінде де елге танылды. Оқу-ағарту мен ғылыми-зерттеуді, қазақ тілінде тұңғыш газет-журнал шығару мен әдеби шығармашылықты қатар алып жүрді. Бұл ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласында саяси белсенділіктің қызған тұсы еді.

    1905-1907 жылдардағы  I-ші орыс төңкерісі өз кезегінде қазақ жеріндегі ұлттық қозғалыстың өсуіне де әсерін тигізді. 1905 жылғы 25 шілде күні Қарқаралы маңындағы Қоянды жәрмеңкесінде қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен митинг өтіп, ол өзіндік қазақ съезі іспетті болды. Жиын нәтижесінде Ресей Министрлер кеңесінің төрағасына арналған әйгілі “Қарқаралы петициясы” қабылданды. Онда қойылған талаптар 11 тармақтан тұрды: қазақтарға ар-ождан бостандығын беру, тұрғылықты халықты ана тілінде оқытуды ұйымдастыру, қоныстандыру саясатынан бас тарту, жер қорын байырғы қазақ ұлтының үлесіне құқықтық түрде тиесілі ететін арнайы заңды қабылдау, азаматтық және сот іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге құқық беру, аудармашылыққа қазақ тілін білетін және қазақша сауатты адамдарды алу, қазақтар өз құқықтарына нұқсан келсе, арызды ана тілінде бере алуы, судьялардың қазақ тілін білуін шарт ету және қазақ даласына присяжной сот жүйесін енгізу, отарлаушы аппараттың шенеуніктер санын қысқарту, генерал-губернаторларды орталықтан тағайындау тәжірибесін тоқтатып, басшылыққа жергілікті жерден лайықты тұлғаны сайлау, крестьян бастықтары мен урядник қызметін жою, қылмыс жасағандар тек сот алдында ғана жауап беретіндей тәртіп орнату, биліктің жоғары сатыларынан бодандық шеткері аймақтардан өкілдер сайлануына квота беру сияқты көкейкесті мәселелерді қамтыды.

    Ал петицияға қол қойған адамдар саны жөнінде ортақ пікір жоқ. Мысалы, Қазақстан энциклопедиялық сөздігі мен Қазақстан тарихы оқулықтарында оған 14 500 адам қол қойған деп көрсетіледі. Ал зерттеуші З. Тайшыбайдың келтірген деректеріне сүйенсек, Қарқаралы петициясына 12 767 адам қол қояды[4].

    Алаш қайраткерлері туралы жазған еңбегінде М. Қойгелдиев ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласында болған саяси оқиғаларға шолу жасай келіп, патша үкіметінің басқару органына жолдаған Қарқаралы петициясы ерекше екендігін атап өтеді: «нақты Қарқаралы петициясының тарихи орнына келсек, ол құжат авторларының сапалы жаңа даму сатысына аяқ басқан қазақ азаттық қозғалысының ең негізгі талап-тілектерін тұңғыш рет тұжырымдап, қалыпқа салып, патшалық билік алдына қойып, сол арқылы қазақ елінің өз еркіндігі үшін күрес жолына түскендігін ашық-анық білдіруінде еді. Бұл, әрине, сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамы үшін қатардағы оқиға емес-тін. Деректік материалдардың көрсетуіне қарағанда, Қарқаралы петициясын дайындауда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев және басқа сол кезеңдегі белсенді қазақ интеллигенттері жетекшілік рөл атқарған[5].

    Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ж. Ақпаев, А. Байтұрсынов сияқты зиялы қауым өкілдерінің біріккен іс-қимылы нәтижесінде жазылған петиция Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрылуына серпін берді. 1905 жылдың аяғында “Қарақаралы петициясының” авторлары қазақ өлкесінің бес облысының өкілетті өкілдерінің съезін өткізуге бастамашы болды.

    Қазақ халқы Ә. Бөкейхановты ұлттың лидері ретінде ұсынып, ол Мәскеуде 1905 жылы қараша айында өткен Ресей жергілікті және қалалық қайраткерлерінің съезіне қатысады. Съезге Ресей империясының құрамына кіретін барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері қатысады. Күн тәртібіндегі мәселелер: барлық ұлттардың теңдігі, тең сайлау құқығы, ана тілін қолдануда бостандықтың болуы. Съезде Ә. Бөкейханов баяндама жасап, өзін 4 млн. қазақ халқының өкілі екенін, қазақ жері Оралдан Алтайға дейінгі, Сібір темір жолынан Омбыға дейінгі, бір шеті Ресей, бір шеті Қытай, бір шеті Каспий теңізіне дейінгі атырапты алып жатқанын айтады. Съезд делегаттарына қазақтардың мұқтаж болып отырған бір мәселесі – ана тілін қолдану аясы екенін көрсетіп, жергілікті тілдерді қолдануға қойылатын шектеулерді жою  туралы ұсыныстарды толық қолдайтынын жеткізеді.

    Көп ұзамай Ә. Бөкейханов 1906 жылы наурызда І Ресей мемлекеттік Думасына Семей қазақтары атынан депутат болып сайланады. Осы кезде “Семипалатинский листок” газеті “Ә.Бөкейханов Мемлекеттік Думада ұлт мүддесін қорғай алатын, қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізетін бірден-бір адам екеніне халқы сенсе керек” – деп жазды. Ол депутат ретінде Еуропадағы, Ресейдегі сайлау ерекшеліктерін, олардағы заңдылықтарды, әділеттілік пен түрлі партиялардың саяси күресін талдай келе, мынадай ой түйеді: “…қазақ ішіндегі сайлау параға, малға сатылған, арамдықпен өтетіні айқын. Сайланған адам әділет, бірлік, адалдық жолында күрессе ғана шын мақсат орындалмақ”[6].

    Депутат ретінде Ә. Бөкейханов ұлттық мүддеге қатысты ойларын жалпы мемлекеттік деңгейде айтуға мүмкіндік алды. Оның Мемлекеттік Думадағы баяндамалары қоныстандыру саясатына, жер мәселесіне қатысты болатын, сонымен қатар далалы аймақтарда білім беру және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де көп көңіл аударды. Орыс шаруаларына су жағалауындағы құнарлы жерден 15 десятинадан жер бөлу, ал қазақтарға тура сондай көлемдегі жерді сусыз тақырдан берудің әділетсіз шешім екенін айтып шырылдады. Яғни, Ә.Бөкейханов сол кездегі өзге де қоғамдық қайраткерлер сияқты патша өкіметінің саясатын сынады. “Қазақ ” газетінің 1913 ж. 30 қыркүйектегі 28-санында жарияланған   “Жауап  хат”  атты мақалаларында “Степное  положениенің” 120-бабына қосымшасында: “Қазақтан артық жерді алмақ. Бұлай болғанда, әуелі қазақты орнықтыру керек емес пе? “15-тен алсаң, жер белгілеймін, қазақ болып отырсаң, жерден күнде көшіремін”, — деп, қазақты күнде көшіріп отыр. Осылай жұртты билеген патшалық бар ма екен? Біздің қазақ жерінен күнде көшіретін не жазып еді?” – деп қынжылып тұрып сынайды[7].

    1911 жылы 10 қаңтарынан бастап 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Троицк қаласындағы «Энергия» баспаханасынан қазақ тілінде үзбей шығып тұрған қазақ халқының тұңғыш журналы — «Айқап» ХХ ғасырдың басындағы халқымыздың әлеуметтік, саяси өмірінде, елеулі роль атқарды. Оның негізін салушы да, авторы да, идеялық қолдаушысы да М. Сералин болды. Басылым араб әрпімен теріліп, басында айына бір рет, кейін екі рет шығып тұрған.

    Журналдың “Айқап” аталуын М.Сералин журналдың1911 жылғы № 1 санында былайша түсіндірді: “Біздің қазақтың “Әй, қап” демей тұғын ісі бар ма? Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. “Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай” дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтар үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. “Қап, ынтымақсыздығымыз-ай” дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға “ендігі сайлауда көреміз, қап, бәлем-ай” дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде “қап” деп қапы қалған істері көп. “Қап” деген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкінішімізге ылайық “Айқап” болды”.

    Профессор Б. Кенжебаев «Айқап» журналының бетінде шыққан    материалдарды тақырыбы мен мазмұны жағынан мынадай бөлімдерге бөледі:

    $11.Саяси-әлеуметтік мақалалар.

    $12.Әдеби шығармалар, әдебиет мөселелері.

    3. Қазақ арасындағы оқу-ағарту ісінің жай-күйі жәнемаңызды мәселелері.

    4.Ана тілі, әліппе, емле мәселелері.

    5. Қазақ әйелдерінің жайы, бостандық, теңдік мәселелері.

    6.Дәрігерлік, агротехникалық кеңестер, ғылым табыстары.

    $17.  Ішкі-сыртқы хабарлар.

    $18.  Кітап сындары.

    9. Тілші хаттары, жауап хаттар[8].

    Тақырып ауқымынан көріп отырғанымыздай, қазақ тілінде тұңғыш шыққан «Айқап» журналында еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани өміріне қатысты түрлі мақалалар, бостандық пен теңдік мәселелеріне арналған материалдар жарияланып отырған. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың “Қазақ өлкесі”, М.Сералиннің “Қазақ қай заманда Россияға қаосылған”, Қ. Бәтішұлының “Қазақ шежіресі”, М. Дулатовтың “Жер мәселесі”, “Екі қыздың мұңы” және тағы басқа да мақалалар, әңгімелер мен өлеңдер үнемі басылып отырған.

    Ал М. Сералин редактор ретінде “Қазақ халқы отырықшы болу керек пе, әлде көшіп-қонып жүргені орынды ма?” — деген сұраққа жауап іздеу барысында журнал бетінде пікірталастар ұйымдастырып отырған. Өйткені аталған мәселе бойынша халық арасында екі түрлі пікір қалыптасқан еді.  Бірі қазақтарды отырықшылыққа  шақырып,  бірігіп  мал,  егін  шаруашылығын өркендетуге, ол үшін жеткілікті мөлшерде жер алуына үгіттесе, екіншілері — қазақ елін жаппай отырықшы етуге болмайды деп бұра тартты. Бұл екі пікір де журнал бетінде кеңінен талданып талқыланды. Қазақ елі отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен шұғылданса өнер-білімге жол ашылып, мектеп салуға, емхана ашуға мүмкіндік туатыны жан-жақты сөз болады. Сол кездің өзінде 20-30 үйден бірігіп, олардың егіншілікпен айналыса бастағандығы, күн өткен сайын мұндай ауылдар санының көбейе түскендігі қалың жұртқа хабарланып отырды.

    ХХ ғасырдың екінші онжылдығында зиялы қауымның арасына жік түсіруге тылдың қара жұмысына қазақ жастарын шақыруға байланысты патшаның 1916 жылғы маусым жарлығына көзкарас пен 1917 жылғы ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясының нәтижесінде орын алған жаңа саяси ахуал ықпал етті. 1916 жылғы Ресейдің әскерге елден жігіттерді жинау туралы жарлығы шыққанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов “Қазақ” газетінің 1916 жылғы № 192 санында “Алаштың азаматтарына” деген атпен өз ойларын халқына ашық айтты. Олар жағдайды талдай келе, әскерге баруды, тыл жұмысын істеуді қолдады. Олай болмаса ел ішіне патшаның жазалаушы әскері шығып, ер-азаматтарды қырып-жоятындығын болжай білді. Кейінірек Ә.Бөкейханов 1916 жылғы дүрбелеңге арналған “1916-1926” деген мақаласында патша жарлығын мойындамай, ереуілге шыққан қазақтардың қаншасы қырылғанын нақты құжаттармен көрсетіп берді.

    Ал 1911-1915 жылдар аралығында Ә. Бөкейханов А.Ф. Керенскиймен үш мәрте кездесіп (1916 ж. Уақытша Үкіметтің басшысы болған), саяси мәселелерді талқылайды, онымен саяси билікке ие болған жағдайында Ресей құрамындағы Қазақстан автономиясын жасақтау туралы келіссөз жүргізеді.

    Ақпан төңкерісінен кейін Алаш қайраткерлерінің саяси белсенділігі арта түсті.  1917 жылы 20 наурызда Уақытша үкімет ресейлік азаматтардың қандай да бір дінге, ұлтқа қатысты шектеулерін жою туралы саяси шешім шығарды. Сол жылы 7 сәуірде бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығын басқаратын Түркістан комитетін құру туралы қаулы шығарды. Комиет құрамына Ә.Бөкейханов, Н.Н. Щепкина, М. Тынышпаев, А.А. Даулетшина т.б. кірді. Осылайша, алғаш рет эсерлік-кадеттер партиялық блогына кіретін, көзқарастары үндес қазақ зиялы қауымының өкілдері Қазақстанды басқару органының құрамына кірді. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов және М.Шоқаев бірігіп, Петроградтан 1917 жылдың 12 сәуірінде жазған “Алаш ұлына” (Қазақ газеті, 1917. № 87) мақаласында ақпан революциясының идеяларын қолдап, жаңа өзгерістерге сай қазақ халқына пайдасы тиетін нақты саяси қадамдар жасау қажеттілігін көтереді.

    Алайда, 1917 жылдың шілде айында қазақ зиялылары жердің сатылуын қолдап, ұлт автономиясын мойындамайтын, діннің саясаттан бөлінуін құптамаған кадет партиясынан шығып, Алаш партиясын құруға кіріседі. Ә.Бөкейханов жерге жеке меншік құқығын беру үлкен қателік екенін атап айтады, себебі бұл қазақтар үшін тиімсіз, ұлтқа кесірін тигізетін, қазақтардың жерден айырылуына әкеліп соғады. Сонымен қатар мемлекеттік құрылысқа қатысты мәселелер бойынша да жаңа үкіметпен келіспейтінін көрсетеді.  “Мен неге кадет партиясынан шықтым?” атты мақаласында осындай жәйттер жазылған[9]. Бұл кезеңде Ә.Бөкейханов мемлекет формасы, жергілікті бостандық негізі, құқық, дін ісі, билік және сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар жағдайы, ғылым-білім, жер мәселесі деген он түрлі қоғамдық мәселе бойынша нақты концепцияны демократиялық үлгіде әзірлейді. Бұл концепция қазақ автономиясын жариялаған, елді президенттің билеуін қолдаған, жердің сатылмау принципін ұстанған Алаш партиясы бағдарламасына негіз болады. 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында Орынборда өткен бірінші Жалпықазақ съезінде “Алаш” саяси партиясы құрылады, оның атқарушы комитеті сайланады. Оның жұмысына 6 облыстан – Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана облыстары мен Бөкей ордасынан өкілдер қатысады.

    Съезде А.Байтұрсынов пен М.Дулатов «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» идеясын ұсынса, Ә.Бөкейханов «демократиялық, федеративтік және парламенттік Россия республикасының құрамындағы» қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуын қолдады. Басым көпшілік Ә.Бөкейхановтың ұсынысын қолдайды.

    Сондай-ақ, осы съезде бұрыннан айтылып келе жатқан саяси ұйым — «Алаш» партиясы құрылып, оның бағдарламасын жасау жөнінде қаулы қабылданды. Партияның бағдарлама жобасын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдолхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов бірігіп жасады. Мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі деген он бөлімнен тұратын бағдарлама жобасы 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланды[10].

    «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының негізгі мақсаты – Ресей федеративтік демократиялық республикасының құрамындағы қазақ автономиясын құру болды. Себебі сол кезеңдегі қалыптасқан жағдай бойынша Қазақстанның тәуелсіз ел болуы үшін қажетті шарттар әлі қалыптаспаған еді. Мәні жағынан “Алаш” реакциялық ұлтшыл емес, эволюциялық отаншыл партия еді, ол қазақ қоғамын бірте-бірте өзгерту жолын ұстанды. Ал дін саясаттан ажыратылып, мемлекет зайырлы принципке сүйенетін болуы тиіс деген саяси ұстаным негізделді.

    Бағдарлама жобасына қысқаша тоқталатын болсақ, оның бірінші бөлімі «Мемлекет қалпы» деп аталды. Онда Ресей демократиялық, федеративті республика болуы тиіс деп атап көрсетіледі және демократия мен федерация ұғымдарына түсінік беріледі. Демократия — халық билігі, ал федерация өзара тең мемлекеттерге бірлесу. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді. Яғни, өзін-өзі басқаратын тең құқықты мемлекеттер одағы.»Алаш» партиясы ұсынған бұл идеяда іргесі бөлек, ынтымағы бір дербес басқарылатын автономиялардан тұратын федеративті әрі демократиялық Ресей туралы қағида енгізілді.

    Мемлекеттік құрылыс мәселесінде Үкімет басында — Құрылтай жиналысы, оның аралығында Құрылтай мен Мемлекеттік Дума белгілі бір мерзімге сайлаған Президент тұрды. Құрылтай жиналысы сессия түрінде жұмыс істеп, оның сессиялары арасында билік тұрақты орган Президенттің қолында болады. Ол халықты Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума алдында жауапты Министрлер Кеңесі арқылы басқарады. Жоғары өкілді органның екі палаталы құрылымы — парламенттік республика ұсынылды, мемлекеттік құрылыс үшін билік бөлінісі идеясы енгізілді. Заң шығару Мемлекеттік Дума құзырында және атқарушы орган қызметіне бақылау жасау үшін депутаттық сауал салу құқығы бар. Жоба авторлары демократиялық сайлау жүйесін ұсынды. Депутаттар тегіс, тең, төте және құпия сайлаумен болады. Азаматтардың сайлау құқығы қан, дін, жыныс айырмашылығына қарамай, барлығының сайлау құқығын жүзеге асыру арқылы бекітіледі. Осы бөлімде бекітілген салықтың өкілді орган — Мемлекеттік Думаның келісімінсіз салынбауы да Алаш қайраткерлерінің заңсыздық пен озбырлыққа жол бермеуге ұмтылысынан көрсетеді.

    Бағдарлама жобасының «Жергілікті бостандық» деп аталатын екінші бөлімінде қазақтар мекендейтін облыстарда тұратын барлық ұлттар үшін автономия құру туралы мәселе ең бірінші кезекке қойылады. Мұнда «Алаш» партиясының қазақтың би, болыс, ауылнайлары сияқты орындарда қызмет ететін адамдарының халыққа пайдалы да, адал қызмет ететін механизм жасау жөнінде және оны өмірге енгізу үшін күресетіндігі туралы да сөз болады. Заңды құқықтар мен бостандықтарды қатаң сақтауды мақсат тұтқан «Алаш» партиясы әлеуметтік-әділеттілік саясатын жүргізуге ұмтылды.

    «Негізгі құқық» деп аталған үшінші бөлім демократия мен адамгершілікке негізделді. Республикада дінге, қанға қарамай, бар адам тең құқылы болуы, жиылыс пен қауым жасауға, жариялыққа, газет пен кітап бастыруға еркіндік берілуін қолдады. Заңсыз жолмен ешкімді өкімет адамдарының ұстамауы, сот сұрамай, билік айтылмай, тұтқын қылмауы, қылмысты болған адамға судья бар жерде 24 сағат ішінде, судьясыз жерде бір аптадан қалмай қамауға алу туралы санкция ұсыну адам құқығының кепілі. Әрі тергеу орындарының озбырлық әрекеттеріне қарсы бағытталған құқықтық кепілдігі. Азаматтардың табиғи және саяси құқықтарын қамтамасыз ететін мұндай тармақтар бұрын-соңды Ресейдің заңнамасында болмаған екен. «Алаш» қайраткерлері тұжырымдаған либералды демократиялық ұстанымдар  өз уақытынан озық болды. Тәуелсіздік жылдары ғана олардың асқақ армандары қолданыс тауып, 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында өз орнын мықтап тұрып алды.

    «Дін ісі» атты төртінші тармақта мемлекеттің зайырлық негізін бекітудің қажеттігі бекітілген. Ар-ождан бостандығы мойындалып, әркім діни сенімі бойынша тең және еркін, діни сенімі бойынша астамшылық немесе дискриминацияға жол берілмейтіні айтылған. Әйелдерге күйеуге шығу құқығы беру, қалың малды жою, молдаларға 16 жасқа толмаған қыздар мен 18 жасқа толмаған ер балалардың некесін қиюына тиым салынды. Жесір дауы да сотта қаралуы тиіс болды. Мұсылмандық неке құқығының озық жақтары ескеріле отырып неке қию мен ажырасу, балаға ат қою мәселелерін молдаларға беру енгізілді.

    «Билік һәм сот» деп аталатын бесінші бөлімде сот билігі және оның ішінде билер соты туралы айтылады. Билік пен соттың әр халықтың тұрмысы мен әдет-ғұрып ерекшеліктеріне қарай жүргізілуіне басты назар аударған жоба авторлары халыққа жат құқықтық нормаларды енгізуге қарсы. Құқықтық нормалар халықтың тұрмысы мен деңгейіне сәйкес болуы керек. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты ескерген алаш қайраткерлері ауыл, болыс ішінде билік пен сот қазақ билерінің түрлі жиындарда сот істерін шешу кезінде басшылыққа алған дәстүрлі ереже жолымен атқарылғаны жөн деп бекітеді.

    Сонымен қатар, би мен судьяның жергілікті халық тілін білуі, аралас халық тұратын жерлерде соттың тергеу-тексеруі мен шешімі сол жердегі көпшілік болып табылатын халық тілінде жүргізілуі, билер мен судьяның тергеусіз орнынан түспеуі, заң мен сот алдында барлық адамдардың тең болуы, құдайдан кейінгі ең күшті би мен судья болып танылып, барлық адам солардың үкімін мойындауы, сот шешімінің дереу орындалуы, ауыр қылмыстардың присяжный сотта қаралуы, олардың қазақтан алынуы және т.б. адам құқықтарын құрметтеудің нағыз демократиялық идеялары болып табылады.

    Жобаның алтыншы тармағы ел қорғау мәселесіне арналған. Әскер жасына жеткендерді жергілікті жерлерде әскер ісіне үйрету және қызмет еткізу ұсынылды. Егемен ел болу үшін әскер жасақтау қажеттігін, әскерлік жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызмет ету, әскер табына бөлгенде туысқан табына қарай бөлу, әскерлік міндетін қазақ атты милиция түрінде атқару айтылады.

    Жобаның жетінші бөлімі салыққа арналды. Салық салудың пропорционалды жүйесін енгізу ұсынылды: «Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға-байша, кедейге-кедейше ғаділ жолмен таратылу». Бұл ізгі демократиялық қағида болатын. Көріп отырғанымыздай, әлеуметтік әділеттілік мәселесін алаш зиялылары ту етіп көтерді.

    “Жұмысшылар” деп аталатын сегізінші тармақта еңбекшілердің құқығын заңмен  қорғау қарастырылған. Қазақ жерінде завод-фабрикалардың аз болуы себепті жұмысшылар да аз, сондықтан «Алаш» партиясы жұмысшыларға қатысты социал-демократтардың меньшевик табының программасын жақтайтыны айтылған.

    Тоғызыншы «Ғылым-білім үйрету» деп аталатын бөлімде тегін білім алуға баршаның құқығы болуы басты назарда. Мектептерде ана тілінде оқыту, қазақ мектептері мен университет ашу, үкіметтің оқу үрдісіне араласпауы, оқытушылардың сайланбалы болуы, кітапханалар ашу туралы ұсыныстар бар. Білім мен ғылым ісі қай заманда болмасын өзекті, қажетті, болашаққа бағытталған жауапты міндет. Мұны алаш қайраткерлері жете түсініп, келешектегі ұлттық мемлекеттің рухани негізі деп білді. Олардың өткен ғасырда айтқан ұсыныстары бүгінгі күнгі өткір мәселелердің де үстінен дөп түсіп тұр.

    Соңғы, оныншы бөлімде қарастырылатыны “Жер мәселесі”. Құрылтай негізгі заң қабылдағанда жерден тиесілі үлесін алдымен жергілікті жұртқа берілуін, өлшеу нормасы жердің топырағы мен шаруашылық түріне қарай жасалу мәселесі қойылды. Жерді қазақтар жеке үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктеп алу, жер заңында жер сату деген болмау, әркім өзі пайдаланукеректігі де ескерілді. Ал бұрын қазақтардан алынып, бірақ мұжық қоныстанбаған жерді қазақтарға қайтару керектігі және орналасқан қазақ жеріне мұжық келмеуін ескеру баса айтылды. Үлестіруден артылған жер земства қолында болып, артық жерден халық саны өскен сайын тиісті сыбаға беру, егіншілікпен айналысатын Түркістанда жермен бірге су сыбағасы да кесіліп, өзара әділдік жолмен пайдалану қарастырылды.

    Жер байлығы, кен-қазынасы, астығы, өзен-көлдер мен өзге де табиғат байлығы мемлекет меншігінде,  билігі земства қолында болуы тиіс екендігі айрықша атап көрсетілген.

    Бірінші жалпықазақ съезінде Алаш партиясын тұңғыш ұлттық саяси ұйым ретінде құрылды деп жариялау қазақ халқы үшін елеулі оқиға болды. Алаштықтар халық тағдырына тіке қатысты жалпыұлттық мәселелерді саяси күрестің күн тәртібіне қойды. Саяси күрестің түпкі мақсаты — қазақ халқын отарлық езгіден құтқару, жалпыұлттық мақсат-мүдделер негізінде тәуелсіз елге, ұлттық мемлекетке қол жеткізу болды. Аталған мақсат оқыған қазақ зиялыларынан тұратын жаңа саяси күш — Алаш қозғалысын ұлт-азаттық күрестің саяси сахнасына шығарып, оны қазақ даласындағы ең белді саяси партияға айналдырды.

    1917 жылы желтоқсанның 5-13 аралығында Орынборда екінші Жалпықазақ съезі өтті. Онда бірауыздан мақұлдау нәтижесінде жаңа ұлттық-территориялық бірлік – “Алаш” құрылатындығы жарияланып, оның құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Әмудария, Каспий облыстары мен Алтай губерниясы кіретін болды. Алаш Орданың үкіметі құрылып, оның Орталық комитетін Ә. Бөкейханов басқаратыны бірауыздан мақұлданды. Екінші  Жалпықазақ съезінің басты қорытындысы Уақытша халық кеңесі құрылып, оның құрамындағы 25 адамның 10-ы қазақ емес ұлт өкілдерінен сайланатын болып келісіледі. Кеңес бүкіл қазақ қоғамындағы атқару билігін қолына алатын болды. Арнайы тармақ бойынша съезд қаулы қабылдап, онда қазақтардың арасында тұратын басқа ұлт өкілдеріне азшылық құқығы берілетіндігі  бекітілді. Алаштың барлық мекемелерінде барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері пропорционалды түрде қызмет ететіндігі жарияланады. “Алаш” мемлекетінің “Алаш Орда” мемлекеті заң шығарушы билік тармағына тәуелді болды.

    Алайда автономияның декларациясын қабылдау мәселесіне келгенде зиялы қауымның көзқарасында екі бағыт туындады. Бірі Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер бастаған топ автономияны бірден жариялау қажеттігін ұсынды. Ал Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов бастаған топ қазақы емес тұрғылықты халықтың пікірін анықтамайынша автономия жариялауды қоя тұру керектігін көрсетеді. Сонымен қатар, олардың ойынша, автономияны жариялау құқығы автономияның құрылтай жиналысында болып табылады. Осы мәселелер бойынша дауыс беруде қалыс қалғандар да болды, солардың бірі —  М. Шоқай еді. Орын алған пікірталастың нәтижесінде Батыс және Шығыс Алаш Орда туындап, сәйкесінше олардың басында Ж.Досмұхамедов пен Ә.Бөкейханов тұрды.

    1917 жылдың соңында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына казақ қоғамынан депутаттар ұсыну сәтінде “Үш жүз” атты социалистік партия туындады. М. Қойгелдиевтің зертеулеріне сүйенсек, ол өзінің негізгі қарсыласы “Алашты” саяси аренадан ығыстыру үшін түрік-татар кауымдастығына, мұсылман қозғалысына сүйенген Ш.Әлжанов, М.Әйтпенов, К. Тоғысов сияқты қазақ азаматтарының құрған саяси ұйымы. Партияны құрушылардың бірі М. Әйтпенов: “Белгілі кадет Бөкейханов ашқан “Алаш”партиясының программасына қанағаттанбай қазақтар өз алдына “Үш жүз” атты социалист партиясын ашты. Партияның мақсаты федерацияны жақтау һәм түрік-татар қауымдарын біріктіру, Учредительное собраниеге жеке список кіргізу” деп газеттерге жеделхат жіберген екен[11].

    Түрік-татар қауымдастығы мен мұсылман козғалысы басшылығынан қолдау таба алмаған “Үш жүз” енді “Алаштың” шын мәніндегі бақталасы большевиктер жағына шығады. 1918 жылғы 21 сәуірде В.И.Ленин мен И.В.Сталин атына жолдаған жеделхатында К. Тоғысов Батыс Сібір мен Дала өлкесінде “Совет үкіметінің платформасында тұрған және онымен қол ұстасып келе жатқан” “Үш жүз” деген қазақ социал-партиясы барын» және оның “Кадет Бөкейханов басқаратын буржуазиялық “Алаш” партиясына қарсы” екендігін білдіреді. К. Тоғысов жеделхаттың артын ала Сталинмен телеграф арқылы сөйлесіп, “Алашпен” күресте өздерін қолдауды өтінген.

    Таптық емес, ұлттық негізде мемлекет құру ниетіндегі “Алаш” партиясына қарсы И. Сталинді К.Тоғысов ұсынысы   қызықтырады. И.Сталин тез арада Ә.Жанелдинмен телефон арқылы сөйлесіп, “Үш жүз” партиясына қолдау жасауды тапсырады. Алайда, Құрылтай сайлауына қатысқан кезде ешбір әлеуметтік негізі жоқ, бағдарламасы халыққа түсініксіз, социалистік идеологияға бас ұрған “Үш жүз” партиясы халықтың дауысына ие бола алмай,  ойсырай жеңіледі. Бұл саяси тартысқа тоқталып отырған себебіміз, сол кезеңдегі қазақ зиялыларының ұлттық мемлекет құру ісінде екіге жарылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмауын көрсету, өткен тарихтан сабақ ала білу. Идеологиялар мен түрлі ағымдар көп, ал ұлт мұраты, тәуелсіз ел болу мақсаты біреу ғана.

    1918 жылғы 5 қаңтарда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының күшпен таратылуы “Алаш”автономиясын құру ісінің болашағы бұлыңғыр екенін көрсетті.  Құрылтай таратылған соң Алашордашылар менбольшевиктер арасындағы қайшылық ушықты. “Алаш” партиясына біріккен ұлт зиялылары большевиктерді қазаққа жат саяси идеологияны әкелуші сыртқы күш деп қараса, большевиктер Алашты ұлтшыл, феодалдар мен буржуазияның таптық мүддесін қорғаған контрреволюциялық күш деп санады. Сол жылы көктемде басталған азамат соғысы қазақ қоғамын екіге жарған сына іспетті болды, ұлт зиялылары мемлекеттік құрылыс түрін таңдауда ұлттық және кеңестік бағыт ұстанды.

    1917 жылдың күзіне қарай Батыс майдан, Балтық флоты, Қазан, Сібір және Түркістан әскери округының әскерлері большевиктердің  ықпалына ұшырайды, сонымен бірге “жер — шаруаларға, завод-фабрикалар — жұмысшыларға, езілген халықтарға — ұлттық теңдік” сарынындағы лениндік төңкерісшіл ұрандарға халық қапыдай сенді, Уақытша үкіметтің жергілікті әкімдеріне бағынудан, алым-салық төлеуден бас тартты. Олар билікті Кеңестердің қолына беруді талап етіп, ұлттық мемлекет құру үшін күресіп жүрген алаш зиялыларына да алабөтен қарай бастады.

    Осыған орай Алаш Орда үкіметі Сібірдегі Кеңестер билігін құлату нәтижесінде туындаған Сібір автономиясымен қысқа уақыт байланыс орнатып, одақтасуға талпынады. Бұл саяси қадамға Алаш Орданың РСФСР өкіметімен келіссөз жүргізуге тырысқан іс-әрекеттерінің де нәтижесіздігі ықпал етті. Сібірмен бірігіп автономия құрудың тиімді жақтарын Ә. Бөкейханов 1917 жылғы 21 қарашада жазған “Жалпы Сібір сиезі” атты мақаласында былай деп көрсетеді: “ Сібір автономиясына қазақтың қосылу-қосылмауы екі айырылған соң біз 9 өкіл кеңесіп, Сібір сиезінде мынаны айттық: «Сібір автономия болсын, біздің қазақ ұлты уақытша Сібірге қосылады». Біздің бұл пікірімізге өзге бұратаналар да, бурят, якут қосылды. Сонымен Сібір автономиясының негізгі законына өз алды бір бап жазылмақ. Қазақ ұлты һәм Сібірде қоныс қылған жерлі жұрт. Сібір автономиясына уақытша қосылады. Өздері біз енді бөлініп, өз алдымызға автономия боламыз деген күні босап, автономия болады деп.

    Биыл жаздай болған комитет сайлаулары біздің қазақ өзін-өзі билегенде істеген істерін көрсетіп тұр: іс атқаратын азаматтың аздығын, жалпы жұрттың қараңғылығын. Біз ойладық, әуелі Сібірге сүйеніп, тасмалдап, жалғасып, көшіп кетелік, жіп жалғап зор мемлекет көрмеуінен құтылып-ап отау болып, соңынан бөлінелік деп.

    Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуі қиын бір жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық бізбен қоныстас. Бұл облыстарда мұжық пен қазақ қым-қиғаш аралас. Мұжықпен аралас қазақты тастап, ылғи қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады. Қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес. Көшсе, ақылсыздық болады. Қазақ жерінін ең жақсысы осы мұжықпен аралас отырған жер. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халде туысқан автономиясы болар емес, жерге байлаулы автономия болмақ”[12].

    Ал автономияны Түркістанмен қосылуға қарсы болуын ол: «Автономия болу өз алды мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы соқыр болса, Түркістан халқының қараңғылық һәм жәбір адамы жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бірге автономия болса, автономия арбасына түйемен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз?»[13].

    1917 жылғы 7-15 желтоқсан аралығында Томскіде төтенше жалпысібірлік съезд өтіп, онда Сібір үкіметі Г.Н. Потанин басқарған Сібір облыстық советі құрылды. Облыстық совет екінші жалпықазақ съезінің Алашорданы құру туралы шешімін қолдап, Совет өкіметін мойындамау жөнінде қаулы қабылдайды. Бірақ Сібір думасының өмірі ұзаққа созылмады. 1918 жылғы 26 қаңтарда Томск советі Президиумының жарлығымен Сібір думасы таратылып, оның басшылығының бір бөлігі тұтқындалады.

    Өз кезегінде Ә. Бөкейханов Қазан төңкерісі нәтижесінде билік басына келген, Азамат соғысына түрткі болған большевиктер партиясының саясатын, В.И. Лениннің саяси курсын қабылдамайтындығын ашық айтты. Осындай қайтпас қайсар мінезі мен берік саяси ұстанымы үшін оның өзі де, ұлттық мемлекет идеясын ту еткен қасындағы жанындағы үзеңгілес серіктері де Кеңестік билік тарапынан саяси қуғын-сүргінге ұшырайды.

    А. Байтұрсынов1917 жылғы ақпанда Николай ІІ патшаны тақтан тайдырған Ақпан төңкерісі мен оның орнына келген Уақытша үкіметті құлатқан большевиктердің Қазан төңкерісіне қазақ халқының қатынасын теориялық тұрғыдан дәл тұжырымдап берген еді: «Қазақтарға ақпан революциясы қаншалықты түсінікті болса, Қазан (әлеуметтік) револю­циясы оларға соншалықты түсініксіз көрінді. Олар алғашқы революцияны қандай қуанышпен қабыл алса, тура сондай үреймен екіншісін қарсы алуға мәжбүр болды. Қазақ халқымен таныс адамдар үшін қазақтардың бұл революцияға деген мұндай қатынасы әбден табиғи және түсінікті болатын. Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында, екіншіден, олардың өзімізді өзіміз басқарсақ деген ескі үмітін нығайта түсуінде еді», — деп жазды[14].

    Сонымен қатар,  “Қазақ” газетін 1918 жылғы 30-маусымдағы№ 262 санында жарияланған “Аттан, алаш азаматы” атты мақалада Қазан төңкерісіне қарсы идея айқын көрінеді: “…Жауың кім? Жауың большевик. Большевиктің тұқымы құрымаса Ресей мемлекетінде тыныштық болмақшы емес. Өз тізгінім өзіме, жұрт боламын десең атқа мін, қолыңа қару-жарақ алып, большевикке қарсы шығып, өзіңнің ерлігіңді іспен көрсет.

    …Большевик дегендер кешегі байлардың есігінде жүрген, шандыры созылған өңшең малай… Ортақ жау — боль­шевикке қарсы жорыққа аттану кеудесінде жаны, денесінде бабалары түріктің титтей қаны болған алаш азаматына парыз”[15].

    Қазан төңкерісіне қазақтардың үрке қарауын алаштықтар қазақ қоғамында капиталистік қатынастардың жоқтығымен, соған сай таптық жіктелудің әлсіздігімен байланыстырды. Бұл ұлттық еркіндік, осы жолда ұлттық тұтастық идеологиясын ұстанған қайраткердің көзқарасы еді және ол сол тарихи кезеңдегі қоғамдық-саяси шынайылықтан алыс емес еді. Сондай-ақ, осынау қоғамдық пікірді білдіру арқылы ол большевиктік билік пен ұлт-азаттық қозғалыс арасындағы айырмашылықты дәл белгілеп берген еді. Бірақ В.И. Ленин бастаған большевиктік билік Алаш қайраткерлерінің пікірімен есептеспеді.

    К. Нұрпейісов өзінің зерттеуінде Совет өкіметінің де Алашорда   жетекшілерімен келіссөз жүргізу барысында екіжүзділік танытқанын көрсетеді: “бұған оның атынан Далалық Қазақ өлкесінің төтенше комиссары болып тағайындалған Ә.Жанкелдинге 1918 жылы мамырдың 14-інде  ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының таптық  негіздегі  Қазақ автономиясын құру   мақсатымен Бүкілқазақстандық советтер съезін шақыру міндетін   жүктеуі   дәлел. Қазан төңкерісі қарсаңында большевиктер атынан  «Ұлттардың өзін өзі билеу құқын» уағыздап келген Лениннің пролетариат  диктатурасы  орнаған  соң бұрынғы айтқанынан бас тартып, оны «Еңбекшілердің өзін өзі билеуі» ұранымен алмастырғанының, басқа сөзбен айтқанда ұлттық-мемлекеттік құрылыста таптық принципті бірінші кезекке  қойғандығының  көрінісі  болды.   Сондықтан  да Орталық Совет үкіметі қазақ халқының ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық күресінің нәтижесінде дүниеге келген   Алаш   автономиясы   мен   Алашорда  үкіметін іс жүзінде мойындамады, сол сияқты Орта Азияның жергілікті халықтарының заңды мемлекеттігі болған, 1917жылы   желтоқсанның 10-да   Қоқан   қаласында   өткен төртінші   жалпымұсылмандық   құрылтайда жарияланған Түркістан  (Қоқан) автономиясын 1918 жылдың ақпанында қарулы күш жұмсап талқандады[16].

    Түркістандағы саяси билік пен әскери күш Кеңес үкіметінің қолына шоғырландырылды. Қарулы күшпен талқандалған Түркістан автономиясы өлкедегі ең өзекті мәселе – жергілікті халықтардың өзін-өзі билеу құқығын алға қойып, шешуге тырысқан саяси түзілім еді. Яғни, М.Шоқаев сынды саяси қайраткердің бастауымен жүргізіліп, бағы баянсыз болған Түркістандағы қазақ жұртының саяси тәуелсіздікке ұмтылуының жарқын көрінісі болды.

    1918 жылдың жазына қарай азамат соғысы кең етек жайды. Оған шетелдік империалистік мемлекеттердің Совет өкіметін құлату мақсатымен интервенция жасап, революцияға қарсы күштермен одақтасуы себеп болды. Көп кешікпей совет өкіметі құлатылған Россияның Қазакстанға жақын кейбір қалаларында советтік билікке қарсы бағытталған және Антанта елдерінің қолдауына сүйенген үкіметтер құрылды. Олардың қатарында 1918 жылғы маусымда Самара қаласында құрылған Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті, Омбыда құрылған уақытша Сібір үкіметі, Уақытша бүкілроссиялық үкімет саналған «Уфа директориясы»  болды.

    Азамат соғысының бастапқы үш айында Алашорда үкіметі автономияны басқару, жер пайдалану тәртібі, салық, сот, дін, әскер істері жөнінде көптеген қаулы-қарарлар қабылдады. Алашорда   қабылдаған   алғашқы   заңдық   мәні   бар маңызды  құжат 1918  жылы  маусымнын 24-інде   Ә.Бөкейханов,   М.Тынышбаев   және   Х.Ғаббасов қол   қойған   «Алаш   автономиясының   территориясында уақытша жер пайдалану тәртібі» деген қаулы болды. Онда Бүкілроссиялық құрылтай жиналысы жер туралы заң қабылданғанша Қазақстанда жерге деген жеке меншіктің жойылатыны, жер-су байлықтарын пайдалану Алашорданың рұқсатымен ғана болатындығы, қазақтар мен орыстар арасындағы жер дауын жергілікті өзін-өзі билейтін земстволық органдар шешетіндігі айтылып, жер пайдалануға байланысты басқа мәселелерді шешудің тәртібі көрсетілді. Алайда Сібір үкіметі тарапынан да, Орынбор мен Орал қалаларындағы әскери үкіметтер тарапынан да оларды қолдауға бағытталған ешбір әрекет жасалмады.

    1918 жылы қыркүйекте құрылған “Уақытша жалпыресейлік үкімет” ретінде танылған Уфа директориясы 1918 жылы 4 қарашада Алаш Орданы тарату туралы шешім шығарады. Ал ақ гвардияшылардың негізгі күшінің басшысы адмирал Колчак тарапынан Алашордаға сенімсіздік білдіріліп, жау ретінде карау Алаш қайраткерлерінің өз одақтастарына деген   сенімін   өшіріп,  жаңа күрес жолдарын іздестіруге итермеледі. Бұл өз кезегінде Алаш басшыларының большевиктермен ымыраға келіп, оларға қосылу туралы саяси шешім қабылдауына ықпал етті. Бірақ та аумалы төкпелі азамат соғысы жылдары бұл әрекет те оңайға түспеді. Ел екіге жарылып, дел-сал болған шақта түсініспеушіліктің салдарынан Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі жетекшісі А. Иманов пен қызыл көтерілісшілер басшысы, Қостанай уездік кеңесінің төрағасы Л. Таранның Торғайда өлтірілуі Алашордашылардың арандатуы деп көрсетілді. Ақтар мен қызылдардың арасында ымыра таппаған Алаш қайраткерлерін біресе ақтар, біресе қызылдар тұтқынға алып, екі жаққа да сенімсіз саяси күшке айналды.

    1919 жылы 27 қазанда Қазревкомның кеңейтілген мәжілісі өтіп, ол Қазақстандағы азамат соғысының аяқталуымен тұспа тұс келді, бірақ қызылдарға қарсы күрескен қазақтар мен Алаш қайраткерлеріне кешірім жасау мәселесі қаралмады. Сол жылы 4 қарашада Түркістан майданының революциялық соғыс кеңесі Совет екіметіне тікелей және жанама түрде қарсы күресіп келген барлық қазақтарға тиісті шарттар орындалған жағдайда толық кешірім жасау туралы қаулы қабылдады. Ал Қазревком  31 қарашада ғана Түркістан майданының революциялық соғыс  советіне  Алашордаға кешірім   жасау және оны жүзеге асыру шарттары жөнінде өтініш білдіру туралы қарар қабылдады.

    Кешірім жасалғанымен, Алаш қайраткерлеріне деген сенімсіздік жойылмады. 1920 жылы 5 наурызда Қазревком Алашорданы тарату туралы қаулы қабылдап, онда совет өкіметі мықтап орныққанша Алашорданың жауапты жетекшілерін халықтан оқшаулау, меншіктерін есепке алу, оларды ревком мүшелігі мен жауапты кеңестік қызметтерге ұсынбау туралы шешім шығарылды… Алашорда кезеңіндегі атқарған қызметтері мен ұлт-азаттық идеялары үшін қазақ зиялы қауымы келешекте де қуғын-сүргінге ұшырап, репрессия жылдары атылып кетті…

    Алаштықтардың ұлттық мемлекеттік құру жолындағы күресін зерттеуші отандық тарихшылармынадай ғылыми тұжырымдар жасайды: 1) Совет  басшылығы қазақ халқына 1918 жылғы көктемде уәде еткен советтік негіздегі автономиядан басқа мемлекеттіктің  өзге түрін беруден бас тартты. 2) Азамат соғысының тәжірибесі Алашорданың ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселесінде басқа шешімге (советтік автономиядан  басқа) қол  жеткізу  мүмкін еместігін көрсетті. 3) Соғыс барысында ақтар да, қызылдар да Алашордамен қарым-қатынас мәселесіне тек қана соғыс тағдырын шешуге әсер етуі мүмкін фактор ретінде қарады[17].

    Қорыта айтсақ, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов,А. Байтұрсынов бастаған қазақ ұлтының бетке ұстар саяси тұлғаларының қоғамдық қызметінсіз Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің өмірге келуі мүмкін емес те еді. Алаш қозғалысы жетекшілерінің өзгелермен терезесі тең автономия туралы идеялары тар таптық саяси шеңбермен шектелген жоқ, олар ұлттық мемлекет құру мұратын әйгілі 1905 жылғы патша самодержавиесіне қарсы петицияны ұйымдастырудан бастап, Алаштың Жалпықазақтық съездеріне дейінгі аралықта қазақ жерін талаған ресейлік отаршылдық жүйені құрту, патшалық самодержавиені жою, монархиялық басқаруды республикамен алмастыру, Ресей құрамында болса да өзгелермен терезесі тең автономияға ие болу арқылы саяси жүйені түбірімен өзгертуге бағытталған асқақ саяси идеяны ұстанды. Сол кезеңдегі қоғамдық санада ақиқат жол болып көрінген тап күресін мүмкіндігінше қантөгіссіз, бейбіт жүзеге асыруды ұсынды.

    Алаш партиясы ұлттық саяси күш ретінде Алашорда үкіметін құрып және Алаш автономиясын жариялап, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды көкседі. Тағдырлары қайғылы аяқталғанына қарамастан, Алаш қайраткерлері елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамын жеп, оның жарқын болашағы үшін күресті. Олардың идеялық мұрасы саяси санасы толыққан, тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат, атқарған ерен істері өнегелі өсиет, ал ардақты Алаш азаматтарының есімдері халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

    Әдебиет тізімі

    1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. -Алматы: Атамұра, 1999. -296 б.
    2. Қозыбаев М. Ақтаңдақтар ақиқаты. –Алматы, 1992. –Б. 18.
    3. Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. -Алматы: Ата мұра, 1998. -360 б. –Б. 33.
    4. Тайшыбай З. “Қарқаралы петициясы” туралы ақиқат // Ақиқат. -2003. -№ 8. –Б. 80-82.
    5. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. (Көмекші оқу құралы). Алматы: Санат, 1995. -368 б. –Б. 98-99.
    6. Н.Әшкеева. Әлихан Бөкейханов саясат сардары // Саясат. 2002. № 3-4.
    7. Алаш қозғалысы.Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. — желтоқсан 1917 ж.Құрастырушылар:Қ.С. Алдажұманов, А.С. Зұлқашева, М.Қ. Қойгелдиев, К. Нұрпейіс, С.К. Рүстемов, Е. Сайлаубай, Ш.Б. Тілеубаев, Е.В. Чиликова. -Алматы: «Алаш», 2004. -Т. 1. -552 бет. -Б. 132-133
    8. Кенжебаев Б.   Қазақ баспасөзінің тарихынан  мәліметтер. -Алматы, 1956, -Б. 26-30.
    9. Бөкейханов   Ә., Шығармалар, А., 1994, 375 б.
    10. Алаш қозғалысы.Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. — желтоқсан 1917 ж.Құрастырушылар:Қ.С. Алдажұманов, А.С. Зұлқашева, М.Қ. Қойгелдиев, К. Нұрпейіс, С.К. Рүстемов, Е. Сайлаубай, Ш.Б. Тілеубаев, Е.В. Чиликова. -Алматы: «Алаш», 2004. -Т. 1. -552 бет. -Б. 438-441.
    11. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. (Көмекші оқу құралы). Алматы: Санат, 1995. -368 б. –Б. 319.
    12. Алаш қозғалысы.Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. — желтоқсан 1917 ж.Құрастырушылар:Қ.С. Алдажұманов, А.С. Зұлқашева, М.Қ. Қойгелдиев, К. Нұрпейіс, С.К. Рүстемов, Е. Сайлаубай, Ш.Б. Тілеубаев, Е.В. Чиликова. -Алматы: «Алаш», 2004. -Т. 1. -552 бет. -Б. 468-469.
    13. Сонда, -Б. 469.
    14. Байтұрсынов А. Ақ жол. –А., 1991.
    15. Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. -Алматы: Ата мұра, 1998. –Б. 163
    16. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. –Алматы: Ататек, 1995. -256 б. -Б. 162.
    17. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. -Алматы, 1995. -Б. 209.


    [1] Назарбаев Н. Тарих толқынында. -Алматы: Атамұра, 1999. -296 б.

    [2] Қозыбаев М. Ақтаңдақтар ақиқаты. –Алматы, 1992. –Б. 18.

    [3] Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. -Алматы: Ата мұра, 1998. -360 б. –Б. 33.

    [4] Тайшыбай З. “Қарқаралы петициясы” туралы ақиқат // Ақиқат. -2003. -№ 8. –Б. 80-82.

    [5] Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. (Көмекші оқу құралы). Алматы: Санат, 1995. -368 б. –Б. 98-99.

    [6] Н.Әшкеева. Әлихан Бөкейханов саясат сардары // Саясат. 2002. № 3-4.

    [7] Алаш қозғалысы.Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. — желтоқсан 1917 ж.Құрастырушылар:Қ.С. Алдажұманов, А.С. Зұлқашева, М.Қ. Қойгелдиев, К. Нұрпейіс, С.К. Рүстемов, Е. Сайлаубай, Ш.Б. Тілеубаев, Е.В. Чиликова. -Алматы: «Алаш», 2004. -Т. 1. -552 бет. -Б. 132-133

    [8] Кенжебаев Б.   Қазақ баспасөзінің тарихынан  мәліметтер. -Алматы, 1956, -Б. 26-30.

    [9] Бөкейханов   Ә., Шығармалар, А., 1994, 375 б.

    [10] Алаш қозғалысы.Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. — желтоқсан 1917 ж.Құрастырушылар:Қ.С. Алдажұманов, А.С. Зұлқашева, М.Қ. Қойгелдиев, К. Нұрпейіс, С.К. Рүстемов, Е. Сайлаубай, Ш.Б. Тілеубаев, Е.В. Чиликова. -Алматы: «Алаш», 2004. -Т. 1. -552 бет. -Б. 438-441.

    [11] Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. (Көмекші оқу құралы). Алматы: Санат, 1995. -368 б. –Б. 319.

    [12] Алаш қозғалысы.Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. — желтоқсан 1917 ж.Құрастырушылар:Қ.С. Алдажұманов, А.С. Зұлқашева, М.Қ. Қойгелдиев, К. Нұрпейіс, С.К. Рүстемов, Е. Сайлаубай, Ш.Б. Тілеубаев, Е.В. Чиликова. -Алматы: «Алаш», 2004. -Т. 1. -552 бет. -Б. 468-469.

    [13] Сонда, -Б. 469.

    [14] Байтұрсынов А. Ақ жол. –А., 1991.

    [15] Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. -Алматы: Ата мұра, 1998. –Б. 163.

    [16] Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. –Алматы: Ататек, 1995. -256 б. -Б. 162.

    [17] Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. -Алматы, 1995. -Б. 209.


    Алмас Балкеев

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Мұхтар Әуезұлы — өмір иірімдері

    «Сіз «Абай жолын» оқыдыңыз ба? Оқымасаңыз онда ештеңе оқымапсыз!». Бұл неміс халқының жазушысы Альфред Курелланың ...