• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Алаш ұлдары » Қаһарман — Мәденов

    Қаһарман — Мәденов

    Қаруластармен бірге.  Берлин, 1945 жыл.

    …2013 жылдың қараша айы Елордаға қызмет бабымен іс-сапарға барған уақытымда, жұмыс аяғы сәл саябырсыған тұста елдің бас газеті «Егемен Қазақстан» редакциясын бетке алдым. Бас газетке мақалаларым жарияланып,  бас редактор Жанболат Аупбаев ағамыз жылы лебізін білдіріп, тың тақырыптарға қалам тартып тұруға ақыл-кеңесін беріп, сәттілік тілеген болатын, сондықтан қаламгер ағамызбен жүзбе-жүз танысып, сәлем берейін, әрі  ризашылығымды білдірейін деген ниет болатын.

    Бас редактор жұмыс орынан табыла кетіп, лезде қабылдағаны көңілге қуаныш ұялатса, одан әрі әңгімеміз жарасып жүре берді. Ағамыздың ұшқыр қаламынан туған көптеген мақалаларын оқып жүргенімде, бір байқағаным мақалалары бұрын ешкім қозғамаған, жұртшылық көп біле бермейтін және де оқырман қауым қызыға оқитын тарихымызға қатысты соны материалдар болатын. Жеңістің 70-жылдығы туралы да әңгіме қозғалды. Ағамыз менде атыраулық мықты батырлар туралы сонау замандарда мақалалар жазғанмын деп өзіне тән сабырылықпен жүзіме барлай қарады. Батырдан кенде емес өлкенің ұрпағы болған соң, өзімше бар білетін батырларды тізіп шықтым. Сәл жымиып Атырауға іс-сапарға келіп даңқты батыр Бауыржан Момышұлының кітабына кейіпкер болған жерлесіміз Әжігерей Қалымов туралы материалдарды қалай жинақтағаны туралы қызықты әңгімеліп берген болатын. Сондай нағыз батырдың бірі, маршал Г.К.Жуковтың кітабында есімі аталатын Кенжебай Мәденов, мен ол кісі туралы Батыс Қазақстан облысына барған сайын материалдар жинақтап жүремін деген тұста, ол кісі туралы білетіндігімді, келіні, педагогика ғылымдарының докторы  Шолпан Исағалиқызы Жанұзақовамен жұмыстас екендігімді айтқан кезімде, онда інім, Ратушаға ту тіккен батыр жерлесің туралы көлемді мақала күтемін деген болатын-ды.

    ..Қазақы салғыртығымыздың қырсығынан, уақыт жетпейді деген сылтаулармен мақала жазу кейінге қалдырыла бергені де рас.

    От кешу

    Ер туса, ерлігі бірге туады демекші Қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы күресте ұрпақтар сабақтастығы ешқашанда үзілмей сабақтаса өріліп, жалғасын тауып, ұран болып самғап, тасқын болып селше ақты.

    Оның нақты дәлелдерінің бірі фашистік Германияның  «империя кеңсесі» үйі Ратушаға ту тіккен қаһарман батыр Кенжебай Мәденов болатын. Қазақы шежірені тарқатсақ Құлмәліден – Өтеміс, Шыбынтай, Жақсылық, Қабылай. Шыбынтай ұрпағынан – Мәден. Мәденнен – Кенжебай өрбейді. Ал Өтемістен қас батыр, дауылпаз ақын Махамбет тарайтындығы барша иісі қазаққа белгілі. Былайша айтқанда Кенжебай Мәденұлы батырлар ұрпағынан екендігіне анық көзіміз жетеді.

    Тәуелсіздікке бастар жолдағы игі істерде  ұлтымыздың біртуар ұлдары мен қыздары сөзімен де ісімен де ақтады.

    Лейтенант К.Мәденов және кіші лейтенант К.Громов. Берлин, 10 маусым, 1945 жыл

    Сонау сұрапыл 1943-тің қақаған қаңтарында 18 жасқа толмастан  Мәден қарттың қара шаңыраққа ие болатын ең кенже ұлы Кенжебай өз еркімен Қызыл Армия қатарына аттанды. Кіші командирлер даярлайтын Краснохомск жаяу әскер училищесін ойдағыдай аяқтаған соң, сол жылдың қараша айында 3-Украин майданының 57-гвардиялық атқыштар дивизиясының 170-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында станокты-пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып жау қолында қансырап жатқан Украина жерінде қанды шайқасқа түсті. Майдан жолы одан әрі былайша өрбеді. Кіші командир К.Мәденов 5-Екпінді армияның офицерлік жаяу әскер курсын тәмамдаған соң кіші лейтенант офицерлік шенінн алып, 1944 жылдың қараша айынан бастап 1-Белорус майданының 5-Екпінді армиясының 266-атқыштар дивизиясы, Суворов орденді 1008-атқыштар полкі, 2-ші батальон ротасының 5-атқыштар взводына командир болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең сұрапыл шайқастары Днепрден өту, Яссы-Кишинев операциясына, Варшаваны азат ету, Висла-Одер операциясына, Берлинді алу шабуылына қатынасты.

    Жауынгерлік ар-намыс, жауынгер жолдастарының қаны төгілген дивизияда қасарысқан жаумен жан аямай шайқаста шынығуды қатал уақыт талап етті. Жас лейтенант Кенжебай Мәденов сол талап биігінен көріне білді. Ол солдатша соғыса білуге де және командир ретінде әрбір солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да тиісті болатын. Ол сөз – Ерлік болатын.  Бұл әр жауынгердің жүрегіндегі сөз жауды өз ордасында талқандап, Жеңіс туын желбірету болатын. Бұл талай адамның тағдырын өзгертіп, жұлдызын жандыратын сөз болатын. Сол ерен ерлігі арқылы ол ұлтын да, өзін де мәңгілік даңқтың табалдырығынан аттаты.

                                   

     Ұлт рухы асқақтаған сәт

    1945 жылдың 16 сәуіріндегі «Берлин шабуылы» операциясы екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ең ірі, әрі сұрапыл шайқас болғаны тарихтан белгілі. Берлин операциясы кезінде 29 сәуір күні лейтенант К.Мәденовтің взводы бірінші болып фашисттердің аты шулы Рейхстагтан кейінгі негізі ұясы Ратуша үйіне кіріп жеңіс туын тікті. Бұл айтуға да жазуға да оңай…

    Берлин қаласының әр үйін бекініске айналдырып алған фашисттер, қарға адым жылжуға мұрша бергізбей, қасапханаға айналдырып, қырғын ұрыс салды, көшеде адамдардар қаны суша ақты. Әрбір қадам үшін жан алысып, жан беріскен сұрапыл шайқас жүріп жатқан кезде К.Мәденов батальон командирі И.Бобылевтан шақырту алады. Командир жоғары командованиенің бұйрығы бойынша  «Империя кеңсесі» Ратушаға жеңіс туын тігу оның взводына тапсырылғанын жеткізді. Бұл бұйрықтың қалай орындалғаны жөнінде, соғыстан кейінгі бейбіт заманда гвардия капитаны К.Мәденов: «…Бұйрықты алғаннан кейін взводыма келіп, жауынгерлерге алдағы міндеттерді түсіндірдім, тапсырманы қалай орындаудың жайын, шабуыл жасаудың жобасын айттым. Бізге бір бөлімше көмекке келеді. Ратуша – көп қабатты қара қоңыр зәулім үй. Взвод шабуыл жасауға әзір. Ратушанның қақпасына дейін 40-50 метрдей. Оқ нөсерінің күштілігі сондай, ол асфальтты тесіп өте алмай, жоғары шоршып бұршақ жауғандай сатырлап жатыр. Бірнеше снаряд Ратушаның ауыр қақпаларын бұзып, қабырғаларын опырып жіберді. Осы кезде  «Алға! Алға!» деп есіктен ытқи жөнелдім. Менің ізімше взводтағы жауынгерлер де бір-бірден лап берді. Ұрыстың жойқыны Ратушаның ішінде болды.

    Лейтенант К.Мәденов және кіші лейтенант Н.А.Курохтин. Берлин, 1945 жыл

    …Ақырында «Империя кеңсесі» жаудан түгел тазартылды да, Ратушанның төбесіне біз тіккен Қызыл ту желбіреп тұрды», — деп жазды (Қазақстан коммунисі, 6 маусым, 1970 жыл). Ратушаны қорғап тұрғандар атышулы СС-тің таңдаулы бөлімдері болатын.  Олар өліспей берісетіндер қатарынан емес. Ратушаның ішіндегі шайқаста әр қабатты қолма-қол ұрыстармен алуға тура келді. Ратушаның төбесіндегі тұғырға жойқын ұрыстардан соң взвод командирі К.Мәденов пен комсорг К.Громов жеңіс туын қадады. Соғыстың соңғы күндерінде бар болғаны 20 жасар лейтенант Кенжебай Мәденов фашизм ордасында жеңіс туын тігіп, ұлт рухын асқақтатқан қас батыр болды.

    Ұрпақтар сабақтастығы

    Кенжебай ағамыз соғыстан оралған соң шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болды. Қазиза Уәлиқызымен отасып дүниеге 4 ұл, 3 қыз әкелді. Рауза-Сәуле атты егіз қыздары, Махамбет, Исатай, Серік, Тарас (өкінішке орай 2003 жылы дүниеден озды) және Майра атты ұрпақтары батыр әкелерін ерекше мақтаныш етеді. Бүгінгі таңда ағамыздан тараған ұрпақтар Атырау, Орал, Астрахань қалаларында бейбіт те шат-шадыман ғұмыр кешуде. Адам ұрпағымен мақтанады және ұрпағымен мың жасайды деген сөз бар дана халқымызда. Адам ғұмырында ұрпақтар сабақтастығы да қатар өріле өрбейді. Оның жарқын мысалын батырдың ұрпақтарынан да байқаймыз.

    …Махамбет Кенжебайұлы Отан алдындағы әскери борышын Қызыл Тулы Қиыр Шығыс әскери округіне қарасты Еврей автономиялы облысы, Бабстово селосында орналасқан әскери бөлімде сержант атағымен  радиопеленгаторлық қызметтің бастығы ретінде өтеп жүрген кезі болатын.

    1981 жыл. Қаңтар айының шыңылтыр бір кешінде көрші жаяу әскер бөлімінің плацынан өтіп бара жатып, жаңадан ілінген плакатқа көзі түседі. Плакатта әскери бөлімнің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік жорық жолдарының картасы көрсетілген екен. Зерек те аңғарғыш сержант картадағы әскери бөлімнің Днепр, Украина, Яссы-Кишинев операциясы, Польшаны және астанасы Варшаваны азат ету, Германия, Берлин операциясына қатысқандығына ерекше мән беріп, ойға беріліп бөліміне оралады. Әскери бөлімнің жорық жолдары тура әкесінің соғыс жылдары қызмет еткен бөлімінің жорық жолдарымен сәйкес келуі де көңілге қобалжу енгізді. Әкесінің жорық жолдарын еске түсіріп, өзіне сенімді болу үшін көрші әскери бөлімге аяқтай барып, барлығына көз жеткізгісі келді. Көптен күткен   жексенбі күні командирінен демалыс алып, көрші әскери бөлімнің казармасын бетке алады. Кеңес армиясы бөлімдерінде қоғамдық-саяси сабақтар өткізетін, әрі демалыс бөлмесі  аталған «Ленин бөлмесі» атауымен белгілі кабинеттер болды. Жауынгер Махамбет Ленин бөлмесінде қабырғаға ілінген әскери бөлімнің тарихымен енді таныса бастаған кезде, бір топ офицерлер бөлмеге сау етіп кіріп келеді. Әскери дағдымен сержант Махамбет Мәденов оларға оң қолын шекесіне апарып, сымша тартыла қалады. Топ ішіндегі подполковник қасындағыларға жаңадан жасақталып жатқан бөлмеге дайындалып жатқан плакаттар мен карталарды қалай ілінетіндігін баяндап береді. Келген топ бөлмеден шығуға бет алған тұста сержант подпоковниктен бұл соғыс жылдарындағы 1008-ші атқыштар полкі емес пе, егер де сол полк болса екі Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендері және «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін»  медальдарының иегері әкесі Кенжебай Мәденов осы полк құрамында болғандығын жеткізеді. Тосын жағдайға қатты таңғалып, аңтарылып қалған подполковник «қазір мына келген комиссия жұмысын аяқтасын, сен кетіп қалма, өзім келемін»,- дейді. Біршама уақыттан соң подполковник қайта келіп, өзін таныстырады. Осы әскери бөлімнің штаб бастығы Малых екен. Ол сержантты өзімен бірге штабқа алып келеді. Штабта жинақталған құжаттар ішінен әкесі туралы құжаттарды көрсетіп, соғысқа қайдан шақырылғандығы, қай ротада қызмет еткендігі, ұрыста қандай ерліктер көрсеткендігі, қандай наградалар алғандығы туралы  оқып береді. Подполковник бұл кездейсоқ кездесуге ерекше толқып, әскери бөлімнің «Жауынгерлік даңқ» мұражайын ашуға дайындық жұмыстарының қызу жүріп жатқандығын, соған керек екендігін айта келіп, командованиемен сөйлесіп өз бөліміне алдыртуға жұмыстанатындығын және жас жауынгерлерге үлгі-өнеге болатындығын, Отан қорғаудағы ұрпақтар сабақтастығына ерекше мән бере жеткізеді. Сержант Махамбет Кенжебайұлы бұл ұсынысқа өзінің ризашылығын білдіріп, ақпан-наурыз айларында офицерлік құрамының жиынына кететіндігін және әскери борышының аяқталу мерзімі де жақын екендігін айта келіп, штаб бастығымен жылы қоштасады. Көңілінде әкеге деген мақтаныш сезімі кернеген, Отан алдындағы қасиетті борышын өтеп жүрген солдат сонау Қиыр Шығыста әке рухымен осылайша кездесіп еді.

    Қызыл Жұлдыз және І дәрежелі Отан соғысы ордендеріне ұсынылған наградалық парақшалары

    2015 жылы мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз 90 жасқа толды және Жеңістің 70-жылдығы тойланды. Осыған орай батырдың ұрпақтарының қолдауымен «Ратушаға ту тіккен қазақ батыры» (-Атырау, «Ақ Жайық» баспасы, 2015. -256 б.) атты жинақ жарық көрді. Бұл ұрпақтарының ұлағатты ісі халық ұлына деген құрмет, ерлікке тағзым деп түсінген жөн.

    … 2017 жылдың шіліңгір шілде айының соңғы күні мен  тамыз айының алғашқы күндерінің басында «Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау филиалының бастамасымен «Алаш жолымен» атты ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция жұмысы Атыраудан бастау алды. Мақсат – Алаш арыстарының ізі қалған облыстың Қызылқоға ауданы, Ақтөбе облысының Ойыл ауданы, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Сырым аудандарындағы және Орал қаласындағы тарихи орындарға тағзым етіп, жұртшылықпен кездесіп, дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырып, пікір бөлісіп, деректер жинақтау. Іс-сапар барысында Қаратөба ауылындағы Мұхит Мералыұлы атындағы аудандық тарихи өлке тану музейіндегі жәдігерлер арқылы ауданның тарихымен, ауданнан шыққан танымал тұлғалар туралы құнды деректерге қанығып, үлкен әсер алдық. Музей жәдігерлері арасынан қаһарман батыр К.Мәденовтың фотосы көзіме оттай басталды. Қаратөбеліктерде батырды өз жерлесіміз деп қадірлейтіндіктерін аса зор ілтипатпен атап өтті.

    Фашизм обасының астанасы «империя кеңсесі» Ратушаға жеңіс туын тіккен қаһарман ұлдың бүкіл қазаққа ортақ ер екендігі көңілге мақтаныш сезімін ұялатты.


    Аққали Ахмет, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,  тарих ғылымдарының докторы

    Abai.kz

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Генерал Сабыр Рақымов қалай қазақ болды?

     «Әсілхан Оспанұлы деген доцент Шымкентте    тұрады. Сол: «Мені атса атып жіберсін, басқалар күймесе мен күйемін, ...