• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Адырнама » Жастарға жаңа серпін сыйлайтын жоба

    Жастарға жаңа серпін сыйлайтын жоба

    Жақында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев NEET жастар туралы мәселесін көтерді. NEET жастар деген кімдер? Жалпы, NEET — халықаралық аббревиатура.  NEET —  Not in Empoloyment, Education or Training, яғни не сабақ оқымайтын, не жұмыс істемейтін, не тренингке қатыспайтын жастар категориясы.  Статистика, 2018 жылдың екінші тоқсанында елімізде 300 мыңнан астам «NEET жастар» бар дейді. Бір қарағанда NEET жастар – қылмыскер емес, бұзақы емес, ешкімге зияны да, пайдасы да жоқ, ештеңеге құлықсыз, бос жүрген жастар. Ал ақылға салып қарасақ, бұл – сұмдық көрсеткіш. Себебі бұл – әртүрлі заң бұзушылық-қылмыс, бүлік, теріс дін ағымдарға тартылуы, суицидке бару қаупі жоғары категория.

    Қазіргі таңда Қазақстанда жастарға арналған бірқатар бағдарлама бар: «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» жасақтары, «Серпін», «Дипломмен —  ауылға» және т.б.  Бірақ осыған қарамастан, NEET жастардың қарасы жоғары айтылғандай болуы – бұл бағдарламалар әлі де жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Себебі бұл іске тек үкімет емес, қоғам да ат салысу керек. Осы қоғамның қозғаушы күштерінің бірі – қоғамдық ұйым ретінде «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Батыс Қазақстан облысы «Жастар бастамаларын қолдау бойынша әлеуметтік қызмет» (Қазақстан жастарын әлеуметтендіру және дамыту бойынша жалпыұлттық жобаның II кезеңі)» жобасын жүзеге асыруды бастап жатыр.

    Сонымен, әлеуметтендіру дегеніміз не және неге оған қатты көңіл бөліп отырмыз. Әлеуметтендіру – қарым-қатынас жасай білетін, өмірлік мақсатына жете білетін, өмірлік және адамгершілік құндылықтарды ұстанатын, өзінің қажеті мен қызығушылығын қоғам талаптарына сәйкес шектей білетін тұлғаның қалыптасуы.  Ғалым-мамандардың пікірінше жастарды әлеуметтендірудің мынандай жолдары бар екен:

    • мотивация жүйесі  арқылы;
    • азаматтық жауапкершілігін дамыту арқылы;
    • жастардың барлық санаттарының (ауылдық, белсенді емес, маргинал топтарының, т.с.с) әлеуметтік инклюзиясін қамтамасыз ету арқылы;
    • жастар арасында еріктілік, спорт және шығармашылықты дамыту арқылы;
    • ұлттық құндылықтарға жалғау арқылы.

     

    Әңгімемізді тізімнің басында тұрған мотивациядан бастайық: мотивация – адамға әрекет ету жоспарын құрғызып, іс бастатқызатын,  талпыныс жігерін күшейтіп, ісін табанды жалғастырып, мақсатқа жетуге құлшындыратын ішкі ынта. Қысқаша айтқанда, әрекет-ниет, қалауымыздың ішкі түрткісі, көздеген мақсатқа жеткізбей тынбайтын жігер. Осы жігерді ояту оңайға түспейді. Біз қолға алған жоба жастардың әлеуметтендіру, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруды төмендегі алты бағыт арқылы жүзеге асыруды көздейді:

     

    • Интелектуалдық (зияткерлік);
    • Еріктілік пен әлеуметтік

    белсенділік;

    • Әскери-патриоттық;
    • Шығармашылық;
    • Спорттық;
    • Ұлттық құндылық.

     

    Осы алты бағыт бойынша алты байқау – үздік спортшы, үздік өнерпаз,

    жас этнограф, үздік ерікті, үздік зияткер, әскери-патриоттық бағыт үздіктерін анықтау байқаулары ұйымдастырылады. Бұл байқау әрқайсысы өскелең ұрпақты әлеуметтендіру ісіне өзіндік әсер-ықпалы болады деп білеміз.

    Мысалы, спортпен айналысу – денсаулықты нығайтатыны өз алдына, қоғаммен араласуға, уақытты қадырлеуге, алдына мақсаттар қоюға үйретеді, сондай-ақ, артық энергияны игі мақсатқа бұрып, бос жүрісті азайтады. «Үздік спортшы» байқауына қатысушылар қашықтыққа жүгіру және кермеге/турникке/ тартылу арқылы анықталады.

    Интелектуалдық (зияткерлік) бағытта біз басымдықты математика біліміне бердік. Себебі біздің мемлекет мақсат тұтқан – ғылыми-техникалық прогресс, замана көшінен қалмау – математика ілімінсіз мүмкін емес. «Жас зияткер» байқауына қатысушылар математика ілімі /пәні/ бойынша білімі тест арқылы бағаланады.

    Еріктілік пен әлеуметтік белсенділік бағыты түсіндіруді аса қажет етпейді деп ойлаймын: қоғамға пайдалы тірлікпен саналы түрде, өр еркімен және ақы-пұлсыз айналысу – адамды кемел тұлғаға айналдыратын аса абзал қасиет. «Үздік ерікті» байқауына қатысушылар – мүгедек, жетім, қарттар, көп балалы не тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету; денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру, дене шынықтыру мен спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау бойынша азаматтық бастама, нақты істері және осыларды растайтын құжат /мақала, диплом-грамота, анықтама т.с.с/ арқылы бағаланады.

    Отанды сүюге, оны әртүрлі қауіптерден қорғауға үндейтін әскери-патриоттық бағыт та – өте маңызды сала. Біз бұл бағыт бойынша үздікті «Мемлекеттің қорғаныс қабылеті қайтсе берік болады?» әскери-патриоттық  эссе жазу байқауы бойынша анықтағалы отырмыз. Сонымен бірге,мұнда баланың әскери дайындық сабағындағы үлгерімі де ескеріледі.

    Шығармашылық деген терминнің аясы әрине кең. Ән айту; би билеу; аспаптарда ойнау; актерлік шеберлік; поэзия және проза жанры; бейнелеу өнері бойынша қабылеттері осының бәрі шығармашылық болып саналады.

    Дегенмен, біз шығармашылық бағыт бойынша байқауда – оқушылардың ұлттық аспаптарда /домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген, т.с.с / орындалатын өнерін бағалаймыз деп шештік.

    Ал ұлттық құндылықтар бағытындағы «Жас этнограф» байқауында оқушылардың – мақал-мәтел, ақын-жазушылар, салт-дәстүр, жер-су атаулары бойынша білімі, өресі, талдау-сараптау қабылеті, шешендігі бағаланады.

    Аталған байқаулардың барлығы – «Жастар бастамаларын қолдау бойынша әлеуметтік қызмет» (Қазақстан жастарын әлеуметтендіру және дамыту бойынша жалпыұлттық жобаның II кезеңі)» жобасының аясында жүзеге асырылады. Бұл байқаулар бойынша үздіктерді жергілікті оқу бөлімдерінің қолдау-көмегімен анықтағымыз келеді. Ал аудандық оқу бөлімдері (немесе жастар ресурстық орталықтары) бұл үздіктерді анықтау барысында тиісті саланың білікті мамандарын, мысалы үздік спортшыны анықтағанда – аудандық спорт бөлімін, үздік өнерпазды анықтағанда– аудандық мәдениет бөлімін тарту жоспарлануда. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі аталған үздіктерді анықтау ісіне мониторинг жүргізеді; аудандық деңгейде 6 бағыт бойынша үздік шыққандарды облыстық байқауға қатыстырады, облыстық деңгей үздігін анықтауды ұйымдастырады және жоба үздіктерін марапаттау/көтермелеуді жүзеге асырады. Үздіктер мектептен ауданға, ауданнан мониторинг орталығына сатылап көтерілу арқылы іріктеледі. Осы 6 бағыт бойынша үздіктерді анықтау тәртібі мен шарттары көрсетілген бөлек арнайы ережелер бар.

    Біз бұл жобадан спортпен және шығармашылықпен жүйелі негізде айналысатын, әлеуметтік белсенділігі жоғары, соның ішінде қоғамды пайдалы істерге өз еркімен тартылатын, бастамашыл балалар мен жастар саны артуын күтеміз. Бұл өз кезегінде NEET деңгейіндегі жастардың, маргиналдардың үлестік санын, өз-өзіне қол жұмсау, түрлі қауіпті діни ағымдарға тартылу деңгейін төмендетуге әкелер еді.  Жоба, сондай-ақ, ауыл және қала  жастары үшін тең мүмкіндіктер қамтамасыз етуді,  әлеуметтік инклюзияны жүзеге асыруды көздейді.

    Осы айтылған «маргинал», «әлеуметтік инклюзия» терминдеріне қысқаша түсінік бере кетейік.

    Маргинал – бір-біріне кереғар әртүрлі орта, мәдениет, әлеуметтік топтардың ықпалына түсіп, дүниетаным-пікірі толық қалыптаспаған солқылдақ адам.

    Әлеуметтік инклюзия – әлеуметтік мүмкіндігі шектеулі оқушылардың өз күшіне деген сенімін арттыру арқылы оларды басқа балалармен бірге қоғам ісіне тарту.

    Жобаға Батыс Қазақстан облысындағы 9-11 сынып оқушылары мен студенттері қатыса алады.

    Жоба бойынша (облыстық деңгейде ) үздік деп табылған оқушылар

    сыйлықпен, грамотамен марапатталады, сондай-ақ өзге де көтермелеу мүмкіндіктері (саяхаттарға қатысу, ЖОО білім алуда жеңілдіктер, т.с.с) қарастырылады. Бірақ ең басты сыйлық – жастарға өз мүмкіндік, қабылет, дарындарын жарыққа шығаруға мүкіндік беру; жастардың өзі қатарлас құрбы-құрдастары жетістікке жетіп жатқанын көріп ынталануы, бір сөзбен айтқанда әлеуметтенуі деп ойлаймыз.

    Байқау туралы толығырақ nursad1971@gmail.com электронды почтасына хат жазу арқылы білуге мүмкіндігіңіз бар.

    Нұрлан СӘДІР,

    Жоба менеджері

     

     

     

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Ұстаздар жобаға қызығушылық танытты

    Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы білім бөлімінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» жастарды әлеуметтендіру және дамыту ...