• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Адырнама » Тәуелсіздіктің тірегі — жастар

    Тәуелсіздіктің тірегі — жастар

    Жыл он екі ай бойы тойланып жатқан атаулы мерекелердің ішінде ең маңызды мерекелердің бірі — еліміздің 24 жылға толған тәуелсіздік күні. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Философия және саясаттану факультетінің № 9-шы студенттер үйінде факультет студенттері мен «Адырна» ұлттық этнографиялық сайты бірлесе отырып, Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығына орайластырылған мерекелік концертін өткізді.

    «Қазақтың жайнар даласы, жетілер оқып баласы»,-демекші жастардың алаңсыз білім алып, еңбек етіп жатқаны ата-бабаларымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздіктің арқасы екенін ешқашан да ұмытпаймыз.

    Тәуелсіздіктің тірегі бұл, әрине, жастар. Жастар елі мен жерін сүйсе ғана, халқына жаны ашып, аянбай тер төксе, еліміздің дамуына үлес қосса – мәңгілік ел боламыз. Ол үшін біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптей білуіміз керек. Оны жаңғыртып, жанымыздай жақсы көруіміз, сүюіміз керек. Сонда ғана біз ұлттық ерекшелігімізді сақтай аламыз.

    Осы мақсатпен Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінен, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториядан жезтаңдай әншілер мен күйшілер келіп, мерекелік-концерттің көрігін қыздырды. Жетіген сазды аспабымен Айсұлу Ниязова және Жанерке Ноғайбекова Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап елді бір шабыттандырса, Тұрмағанбеттің «Тәлім» термесін жырлаған Нұршат Ақбаева жиналған жұртшылықтың ұлттық рухын екі көтеріп тастады.

    Жалпы, еліміздің «тәуелсіздігіне» қатысты айтылған әңгімелер көп. Солардың бірі, 1931 жылы қазақтың басына ашаршылықтың нәубеті төніп тұрған заманда, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «тәуелсіздікке» байланысты айтқан мынадай қызықты дерегін келтіре кетсек:

    Мыңда тоғыз жүз отыз бірінші жыл,

    Жылқы кетіп қой келді мұны ырым қыл.

    Қойдан қоңыр заманды бір көрмексің,

    Қой асығы «бестен» деп бусайшы бел,-

    деп бітетін, бұл төрт шумақ Мәшһүр Жүсіптің өлеңін  көпшілік жұрт анық түсіне алмауы мүмкін. Алайда, аталмыш төрт шумақ өлеңнің сырлы жұмбағын ашқан бір ғалымның аузынан естіген, тұщымды жауабын айтып өтпеске болмас.

    «Жылнамаға назар салып қарайтын болсақ, 1931 жылы қой жылы екенін көреміз. Мәшһүр Жүсіп осы қой жылына мән беруге үндеп отыр. Қой – төрт түліктің ішінде ең жуас мал ретінде есептеліп, ел аузындағы «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заман деген сөз, қойдың бейбітшіліктің, тыныштықтың символына бағаланғанын байқатады. Мәшһүр Жүсіптің  «Қойдан қоңыр заманды бір көрмексің» деп отырғаны, бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің ақ таңы ататынын айтып отыр. Ал, енді тәуелсіздікті қашан алатынына дейін дөп басып болжағанына да таңқалмасқа болмайды. «Қой асығы бестен деп бусайшы бел»,- дегендегі Мәшһүр Жүсіптің айтайын деген ойы 12 жыл мүшесі бар екенін ескеретін болсақ, қой жылы 5 рет айналып келгенде тәуелсіздіке қол жететінін меңзеп отыр. 5-ті 12-ге көбейтсеңіз 60 жыл болады. Осы 60 жылды 1931 жылға қоссақ, 1991 жылға дәл келетінін есептеп шығарамыз»,-дейді техника ғылымдарының докторы, профессор С.М. Ибраев.

    Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра, — дейді халқымыз. Қазіргі жаһандану заманында жастарды ұлттық тәрбиемен сусындатудағы таптырмас құрал бабалардан қалған, өн бойы өсиет пен өнегеге тұнып тұрған жыр-термелеріміз бен ән-күйлеріміз екені айдан анық.   Шымшық сойса да, қасапшы сойсын демекші сонау заманғы сал-серілерден қалған мол мұраны бұзбай, келер ұрпаққа жетуіне дәнекер болып, дәстүрлі ән мектебін жалғыстырып, осы саланы оқып, үйреніп, білім алып жүрген жас мамандар бар. Солардың бірі, Тілеубай Әнапияның орындауында  Жаяу Мұсаның әні «Ләйлім» әніне тыңдарман қауым тәнті болды.  Сазсырнай аспабымен Айсұлу Ниязованың орындауында Ықыластың «Жез киік» күйі құлақтың құрышын қандырып, ұлттық аспаптардың үніне тыңдармандарды еліте түсті.

    Қазақстан еліміздің тәуелсіздігі  бізге өте қиын жолмен берілген. Тәуелсіздікке жетер жолда талай адамдардың құрбан болғандығы бізге мәлім. Ел үшін, жер үшін, болашақ үшін қан төгіп, күрескен ата-бабаларымыздың арманы осы күнде орындалды деп ойлаймын. Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ, қазіргі қол жеткен еркіндігіміздің басы сонау аласапыран кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып күрескен ата-бабаларымыздың болашақ ұрпағы үшін қан төккен ерлігінен басталып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен жалғасын тапты. Биыл біз «Қазақ хандығының – 550 жылдығын» атап өттік. Алдағы уақытта 1000 жылдықты да атап өтуді ұрпақтарға нәсіп етсін!

    Тәуелсіздік – бабаларымыздың ежелгі арманы. Тек соңғы бес ғасырда қазақ жерінде тәуелсіздік үшін әр түрлі деңгейдегі ұлт-азаттық көтерілістер болды. Соның бірі – 1986 жылы желтоқсан оқиғасы. Біз бұл оқиғаны – Тәуелсіздік аңсаған елдің ширыққан намысы деп бағалаймыз. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң қабылдады. Қабылданған тарихи құжаттың 1-ші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет, ол өз өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп жүргізеді деп айтылғандай, осы күннен бастап Республика тарихында жаңа кезең басталды…

    Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр.

    Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағытты іс-әрекетті жалғастыру керек.

    Қазіргі жас ұрпақ заңғар Қазақстанымыздың атағын жер бетіне жар салар перзенттері, тәуелсіздікті мықтап қолда ұстайтын азаматтары болуы үшін «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналықты жадымызда ұстайық!


     ДӘУРЕН ӨМІРӘЛІҰЛЫ,

    ҚазҰУ-дың Саясаттану және саяси технологиялар

    кафедрасының ІІ курс магистранты

    .

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Абзал Құспан мен «Адырна» бірлестігі оралмандар мәселесін айқын шешуді қолға алды

    «Отан — оттан да ыстық» жобасы аясында, 2018 жылдың ең аты шулы іс Сайрагүл Сауытбайдың ...