• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Адырнама » Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларындағы теософиялық қағидалар

    Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларындағы теософиялық қағидалар

    Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сонда баяндама жасаған жас ғалым (PhD докторант) Дәурен Дариябектің материалын назарларыңызға ұсынамыз.

    Шәкәрім 1858 жылы 24 шілдеде (кейбір деректерде 11 шілдеде) Семей облысы, Шыңғыстауда дүниеге келген. Ол Хакім Абайдың немере інісі, нақтырақ айтсақ, Құнанбайдың үлкен ұлы Құдайбердінің баласы. Шәкәрімді ата-анасы бес жасында ауыл молдасына оқуға береді. Құдайберді (1829-1866) 37 жасында қайтыс болғанда, Шәкәрім жеті жаста екен. Жастай жетім қалған немересін Құнанбай өз бауырына алып өсірген. Ұстаз-ағасы Абай оның әйгілі ақын болып қалыптасуына бағыт-бағдар беріп, ақындыққа баулып тәрбиелеген. Кейін Шәкәрім өз ұлы Ахатқа айтқан бір әңгімесінде: «Абай маған өлеңді қалай жазу керек, қандай өлең жазу керектігін айтып, көп-көп кеңес, ақыл беретін. Мені Абай тәрбиеледі. Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл еді», [1, 452 б.] – деп ағасының ұмытылмас қамқорлығын тебірене еске алады.

    b-1xr2pxpg

    Шәкәрім жиырма жасынан былай қарай, аз да болса ғылым жолына түскенін «Мұтылғанның өмірі» атты өмірбаяндық дастанында былайша баяндайды:

    Жиырмадан өткенде,

    Аз ғана ғылым оқыдым.

    Алғызып кітап шеттен де,

    Көңілге біраз тоқыдым [2, 486-487 бб.]

    Жиырма-жиырма бір жасында жазған өлең-жырларында елдің қотырын қасымай, мұңдарын ескермей, жастарға ғана ұнайтын, солар ғана тыңдайтын «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» атты өлеңдер жазады. Бұл өлеңдері ұстазы Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты өлеңінде қатты сынға алынған.

    Абайдың ақындық кітапханасына терең үңіліп, ақыл-кеңесімен шеттен кітаптар алғызып, білмеген, түсінбеген жерлерін сұрап, ғылым жолына енді түсіп келе жатқанда, еріксіз болыстықтың тоқымын жамылады.

    Болыс болып сайланған Шәкәрім еріксіз жемтік шоқып, ақындық, ғылым жайы жолына қалып, атақ тағынып, айла жамылып:

    Жиырма мен қырық арасы –

    Жас өмірдің сарасы,

    Бос өткенін қарашы, [1, 488-489 бб.] – деп, жиырма жыл өмірін бос өткізгені үшін қатты өкінеді.

    Шәкәрім қырық жасқа дейін түрікше біліп, араб, парсы, орысшаны аудармамен ғана оқи білетін-ді. Қырықтан былай қарай адасқан азғын діншілдердің, пәншіл ғалымдар мен философ ойшылдардың жазғандарын оқып, ақылға сыймаған дәлелдерін сынайды.

    Абайдың ақындық мектебінің көш басында жүретін, бас шәкірті Шәкәрімнің өзгеге емес, өзін де сын көзімен қарап, қазақтың да, өзінің де көп мінін қазып жазған тұсы, осы қырық жасынан басталады. Әсіресе, «Қазақ неткен жан?», «Дінім қалай, жаным не, жоғалам ба өлгенде?» немесе «Әлемді кім жаратқан?» т.б. қазақ арасында, қала берді, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Шығыс пен Батыстың өзінде анық шешімін таппаған, әр-түрлі ой-жотамен дәлел айтып, қарысқан діншіл молдалар мен пәншілдердің қата пікірлерін тексеру мақсатында Меккеге екі рет 1905-1906 жылдары сапарға шығады.

    Параходпен ай жүріп жолда,

    Әр елде кез келіп молда.

    Он үш күн боп Стамболда,

    Керек кітап табылғаны-ай! [1, 227 б.]– деп, Меккеге барар жолда он үш күн Стамбол қаласының бай кітапханасында отырып, өз сұрақтарының жауабына қатысты іздеген кітабының табылғанына балаша қуанады. Қандай кітап екенін ашып айтпағанымен: «Жылым – қой, жұлдызым – июль» атты өлеңінің аяғында «Неден бармын? Не қылған жөн? Жоғала ма жан өлген соң?» – деуіне қарағанда, ақынды қатты толғандырып жүрген жан сыры туралы жазылған кітап болса керек.

    1911 жылы Орынбор қаласында «Шежіре», 1912 жылы Семей қаласы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы» атты лирикалық өлеңдері, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» дастандары көзі тірісінде жеке кітап болып жарық көрді. Париж, түрік, серкеш, үндістан, араб, башқұрт, қызылбастың (Иран) не білімді ойшылдарымен түрік-ноғай тілмаштары арқылы пікірлесіп, әр тілден аударма сөздіктер арқылы көп шындыққа көз жеткізіп, ойға көп мағлұматтар алады.

    Елуден асқан жасында елінен елсіз жерге салған Саятқора деген қыстауға кетіп, жиған-терген материалдарынан ой қорытып, жан сыры, жаратылыс сыры туралы сол ой-танымын бес жыл көз майын тауысып, философиялық ой-толғаныстарын өлеңмен де, қара сөзбен де жазады. Ресейде 1917 жылы ақпан айында Николай патша тақтан құлап, орнына Уақытша өкімет орнаған тұста, «Қазақ халқы құлдықтан босады» – деп, қуанғандардың қатарында, әрине, Шәкәрім де болды. «Бостандық таңы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген өлеңдер де жазған. Орыс патшалығы тұсында қазақ халқы ата-бабаларының аманат етіп қалдырған жерінен, ділі мен дінінен, еркін өмірінен және елдігінен ажырап бара жатқанын сезген ойлы ақын:

    Бостандық таң атты, қазағым, көріңдер,

    Арғы ие басшының соңынан еріңдер. [1, 215 б.]

    немесе:

    Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар [1, 216 б.] деген ұранды сөздермен қазақтың көзін ашып оянуға шақырады. Жасы алпысқа келген қарт ақын бостандықтың туын көргенімен, қазақ үшін осы шыққан күн қалай болар екен деген күдікті ойға қалған. Ендігі үміті қазақтың оқыған жастарында болады. Шәкәрім қазақ даласында өтіп жатқан саяси оқиғалардан да шет қалмайды. 1917 жылы қазан айында Ресейде екінші рет большевиктердің ұйымдастырған төңкерісі нәтижесінде жаңа Совет өкіметі орнайды. Осы тұста да, Шәкәрімнің 1917 жылы 14 қарашада Семей уездік Земстволық жиынына депутат болып сайланғаны туралы ресми құжаттар сақталған [3, 144-145 б.].

    Сонымен қатар Шәкәрімнің өзі:

    Семейді ақтар меңгеріп,

    Қазаққа соттық жол беріп,

    Сыртынан сайлап жөн көріп…[1, 495 б.] – деп, Алаш азаматтары сыртынан сот сайлағаны жөнінде дерек берсе, Ахат: «1918 жылы мен орыс оқытушысынан оқиын деп, Семейге бардым. Совет өкіметі қазаққа соттықты берген жоқ. Мұндағы Алаш азаматтары облыстық соттың бастығы етіп, сырттан әкейді сайлаған» [2, 477 б.] – деп, жоғарыдағы деректі өз естелігінде толықтыра түседі. Алашорда үкіметінің Шәкәрім қажыны сырттай халық соты сайлағаны жөнінде де архивтік құжаттар (қор 37 тізбе-1, іс-7) Семейдегі жаңа тарихи құжаттар орталығынан табылды.

    d-uren-dariyabek

    Әлихан Бөкейханов басқарған Алашорда өкіметі мен Шәкәрім қажының арасындағы тарихи шындықты анықтау – арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып. Шәкәрімнің ақындық тұлғасын бізге алғаш рет танытқан ақын – С. Торайғыров пен қайраткер Ә. Бөкейхановтар арасында ортақ танымдық көзқарас болды. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт шығармаларында әр қырынан ашылатын тақырыптар, әсіресе, оқу-білімді насихаттау, адалдыққа жүгіну сияқты ұлттық рух тұнып тұр. Ұлт қамын ойлаған Ш. Құдайбердіұлы мен С. Торайғыров «Қазақ» газеті арқылы түйдектелген түйінді ойларын оқырманмен бөлісіп, келелі проблемаларды бүкпесіз батыл талқыға, көптің назарына дер кезінде ұсынып, қалың жұртшылықтың үнемі ілтипатында болған. Зиялы тұлғалардың баспасөз арқылы бірін-бірі тануы, қазақ ұлтының аласапыран уақытта мұң-мұқтажын, отарлық езгіден құтқару керектігін сезініп, олардың жүзбе-жүз танысып, араларында үзілмеген сыйластық, қаяусыз достық, шексіз сүйіспеншілік болғандығы – елдік сананың биіктігін көрсетеді.

    Жаз таңының нұр желі

    Жар кекілін шайқалтып,

    Көңілге толып қан селі

    Жүректі тұр шайқалтып – деген жыр жолдарын Қожа Хафизден аударған. «Тұр, аяқшы, бер қымыз» деп, дәруіштің кесесінен нұрлы су жұтқызады. Осылайша ұлы рухтар әр заман, әр жерде, әр тілде бір ақиқатты жеткізген. Бұл сыр-сөзді не үшін аударғанын Ш.Құдайбердіұлы былайша түсіндіреді: «Осы күнгі Алаш ұранды халықтың һәм басшыларының басына келіп тұрған ауыртпашылыққа дәл келетұғын сөз болған соң насихат болар деп жаздым,»– дейді. Демек, Алаш ұранды ұлттың қиын-қыстау кезде мойымауын, адамгершілік биігінде тұруын көксейді.

    Шәкәрім қажының елден елсізге кетіп, жалғыз ғұмыр сүрген жаралы жанын түсінбеген молдалар «кәпір» десе, көп ел «алжыды» деп, жаңа заманның жастары «бай», «жуан» деп сыртынан неше түрлі мін тағады. Сонда да ар мен ұжданға берік ақын:

    Сақтамаймын жанға кек,

    Не десе де сыртымнан.

    «Міндеген аузың мынау», –

    Қан ағызса ұртымнан,[1, 503 б.] –деп, халқына бар махаббатын аша түседі.

    1928 жылы ірі байлар, ақсүйек шонжарлар кәмпескеленсін деген қаулыдан соң, ақынның өмірі аса бір ауыр халде қайғы-қасіретпен өтті. 1930 жылы 1 ақпанда баласы Ғафур конфискеленіп, кейін ол түрмеде өзін-өзі бауыздап өледі. Баязит пен Ахат та Семей түрмесіне жабылады. Ақпанның 7-сі күні Шәкәрімнің өзін кәмпескелеп, қамауға алады. Тергеуші Шәкәрімді тергеу барысында Совет өкіметіне зиянсыз адам екеніне көзі әбден жеткен соң, тұтқыннан босатқан.

    1930 жылы елді зорлықпен күштеп, қорқыту, үркіту арқылы жаппай коллективтендіру нәтижесінде мал-мүлкінен айырылып, аштыққа ұшырап қырыла бастаған шаруалар бас көтеріп, көтеріліске шығып, қыркүйек айында аудан орталығына шабуыл жасайды. ГПУ бастығы Қарасартов көтерілісті ұйымдастырушы Шәкәрім деп білген. 1931жылы 2-қазан күні Шәкәрім 73 жасында жазықсыз оққа ұшып, қызыл империяның қара жүрек, қанды қол Қарасартов бастаған жазалау отрядының қолынан қаза табады. Жендеттер ақынды атып өлтіргеннен кейін, оның сүйегін ессіз даладағы ескі бір құр құдыққа апарып көміп тастаған. Ақынға «контрреволюционер», «халық жауы» деген негізсіз саяси жала жабылды.

    Шәкәрімді ақтау, оның мол мұрасын қалың елі қазағына жариялау туралы 1958 жылы шешім қабылданды. Бірақ біздің «сауысқаннан сақ» саясаткерлеріміз бұл шешімді ел-жұртқа жарияламапты. Осы шешім туралы Т.Кәкішұлы былай деп жазады: «Осындай игі қадамнан хабары бар, Шәкәрімге деген махаббаты сөнбеген ұлы ақын Әбділдә Тәжібаев алғы сөз жазып, өзі басқарып отырған «Қазақ әдебиеті» газетінің бір бетіне 1959 жылы Шәкәрім шығармаларын жариялап, қалың қазаққа «Хрушев жылымығының» алыс сәулесін көрсеткенде, өзі атсын, өзгеге атқызсын, мейлі күнәкар Қарасартовтар айғай-шу шығарады. Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Н.Жанділдин Ә.Тәжібаевті жауапты редакторлықтан қуып, 1988 жылға дейін тағы да Шәкәрімнің үнін өшірді». Тек осы шешімді тағатсыз күткен ақынның баласы Ахат (1900-1985) 1961 жылы әкесінің сүйегін құр құдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі.

    1988 жылы ғана Шәкәрім екінші рет толық ақталып, асыл мұраларының тұңғыш жинағы Ә.Тәжібаев, Ш.Сатпаеваның алғы сөзімен баспадан жарық көрді. Бүгінгі таңда ақынның 185 әртүрлі тақырыптағы өлеңдері, бес дастаны («Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Ләйлі-Мәжнүн», «Нартайлақ пен Айсұлу», «Мұтылғаның өмірі»), «Әділ-Мария» атты көлемді романы, 6 тақырыпта қара сөздері, 14 тақырыпты қамтыған жүйелі «Шежіресі», «Мұсылмандық шарты» еңбегі, 23 мақала мен 10 аударма жұмысы өз оқырмандарының қолына тиіп отыр.

    Шәкәрім Құдайбердіұлы «Үш анық» атты теософиялық трактатында ар-ұждан категориясының талаптарын айқындап береді. Яғни ол бойынша ұждан дегеннің өзі – нысап, мейірім, әділет. «Ұждан — екі өмірге бірдей керек таяныш» деп келіп, былай дейді: «Бұған нана алмаған адамның жүрегiн ешбiр ғылым, өнер, ешбiр заң, жол тазарта алмайды. Егер кiмде-кiм жаны өлгеннен кейiн де көретiн өмiрiнде тiрi болатындығына, ұжданы сол жанның азығы екенiне ақылмен сынап әбден iстесе, оның жүрегiн еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулының бәрiн бiр бауырдай етiп, екi өмiрде де жақсылықпен өмiр сүргiзетiн жалғыз жол – осы мұсылман жолы секiлдi. Кейбiр дiншiлердi қорлыққа түсiретiн шатақ дiн – жалқаулық. Әйтпесе адамды жаратушы – нақты бiлiмпаз. Адам жаны өлгеннен соң да ұжданды болып, еш нәрседен кемдiк көрмейдi» [4, 56 б.] деп түйіндейді.

    Бұл тұжырым мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушыдан бастап білім басындағы азаматтардың көңіл төрінде болуы тиіс. Өйткені, жастар арасындағы ұлттық, адамгершілік тәрбиеге ерекше мән бермейінше, біз жан мен тән айырмашылығын толық ұғына алмаймыз. Шәкәрім сөзі бүгінгі өркениет заманында халқымыздың алға қойып отырған рухани жағынан жаңару талабымен де үндесіп жатыр.

    Қожа Ахмет Ясауидің «хәл ілімі» кезінде бүкіл әлемге таралып, түркі-ислам мәдениетінің жаңғыруына, қайта тірілуіне ықпал еткен. Абай бұл ілімді «толық адам», яғни «кемелділік» қағидаларымен бірлікте жаңғыртып, ең басты өлшемге «жүректі» қояды. Екі данышпанның көп ой-тұжырымдары бірімен-бірі сабақтасып, үндесіп жатады. Дегенмен, Абай дүниетанымындағы экзистенциалдық сауалдар қазіргі күн кешіп жатқан өткінші заман секілді қиын-қыстау кезеңде, халқының болашағын ойлап аһ ұрған, дүние құбылыстарын поэтикалық санамен өлшейтін өте сергек те сезімтал дана тұлғаның жүрекжарды тыныстары еді. Абай жанының күйзелісі, жалғыздығы, оның сөзін, терең, тұңғиық дүниетанымдық саптауларын түсінетін шәкірттерінің аздығы өзінше бөлек бір әңгіме.

    Оның шәкірттерінің бірі де бірегейі Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұраларын, оның ішінде «Үш анық» философиялық туындысын зерттеудің маңызы өте зор. Себебі, бұл шығарма әлі күнге дейін жеткілікті түрде зерделеніп, өзінің лайықты бағасын ала алмай келеді.

    Өйткені, Шәкәрім өмір сүрген дәуір ерекше кезең, қазір басымызға түсіп отырғандай, өтпелі кезең. Ол кезде қазақ өз тағдырын өзі айқындаудан айырылып, өзін өзі ұғыну, кабілетінен ажырап, әрі-сәрі болып болашағын болжай алмай рухани жұтаңдыққа кезіккен кезең болды.

    Шәкәрімнің ойынша, себептердің түпкі себебі – Жаратушы Ие. Ол «Үш анық» философиялық трактатында машинкамен қағазға жазу жазғанда, оны жазған кім, машина ма, әлде адам ба? – деген сұрақ қояды. Бір қарасақ, машина тәрізді, ал шындығында оны басып отырған адамның қолы ғой, ал адамның қолына себеп болып отырған адамның ақылы, ал ақылдың себебі түпкі Жаратушы деген пікірлер келтіреді. Бұл Шәкәрімнің себептілік заңдарын мойындағандығын көрсетеді. Тағы бір өлеңінде:

    Жаралыс басы – қозғалыс,

    Қозғауға керек қолғабыс.

    Жан да мейлі бір мән де,

    Сол қуатпен бол таныс.

    Әлемді сол мән жаратқан, — дейді. Міне, бұнда Шәкәрім қозғауға керек қолғабыс деп, себебін айтып отыр. Сондықтан әр нәрсенің себебі бар, сол себептің себебі әлемді жаратқан және сонымен таныс бол дейді. Яғни соны таны дейді. Шәкәрімнің онтологиялық көзқарастарының жүйесі осындай.

    «Тұрақсыз шыр айналған дүние», «Дүние қу, бір ағын су», «Кетті-келді, толды, семді, өзгеленді бұл ғалам. Туды-өлді, жанды-сөнді, өршіп өнді қайтадан» — деген шумақтарында оның дүниедегі бүкіл жаратылыстың соңы бар, тұрақсыз, уақытша, оның ішінде адамның да бұл дүниеде туылып, өсіп, қартайып, соңында өлетінін аңғаруға болады.

    Мұндағы адамның тууы, өмір сүруі, өлуі еріксіз, адамның өзіне бағынбайтын құбылыстар. Оны реттеуші жоғарғы күштің, құдіреттің бар екендігін меңзейді. Адам бір жоқтықтан келіп, екінші жоқтыққа кететінін, осының ортасы өмір, яғни құдайдың бізге берген сынақ әлемі, біз тіршілік етіп отырған «жалған дүниеде» мәңгі тұрақтамай, бақилық өмірге уақыт сағаты келгенде аттанатынымызды аңғаруға болады. Қазақ атам айтқандай, «Бұл дүние қарап тұрсаң, шолақ екен, адамдар бір біріне қонақ екен», одан әрі қарай өмірдің лезде, көз ашып-жұмғанша өтіп кететінін «өмірге есік ашсаң таң алдында, сол есік кеш батқанда жабылғандай» деп сипаттайды. Міне, осыдан барып дүниенің өтпелі, жалған екендігіне толығымен көз жеткіземіз.

    Сол қамшының сабындай қысқа пәниде адамның өмірі мың құбылып, жүз түрленеді. Адам өзінің осы өмірге адам болып келгендігін және сол пәк қалпын өмірден өтер алдында сақтай алмай қалатын өкінішін Шәкәрім: «Адам болып туып ем, адам боп өту – арманым» деп ағынан жарылған.

    Ақын шығармашылығына ден қойсақ, оның дамудың көзі қозғалыста екендігін, яки материя құбылыстарына тән қарама – қарсылықтардың бірлігі мен күресінде екендігін түсінгендігіне көз жеткіземіз. Бірақ, Шәкәрім философиясының негізгі ерекшелігі бұл күресте антогонизм жоқ, жалпы үйлесім, гармония, келісім сипатында жүреді, сондықтан да Шәкәрімше: «Жаралыс жұмбағының ісі өлшеусіз, білдім деген білмедім дегенге есеп».

    Табиғат құбылады, жаңбыр жауады, тау басын мұз шалады, көктемде еріп сай–сай, жылға-жылғалап бұлақтар сылдырлай ағады, бұлақтар жиналып өзенге, өзендер жиналып теңіз, мұхиттарға құяды. Ондағы су буланып, конденсация құбылысы негізінде қайтадан жауын-шашын, қар болып жерге, тауға түседі. Мұның бәрі – қозғалыс. Дүниедегі құбылыстардың қай-қайсысы да шексіз. Мәңгілік, тіпті бүкіл дамудың кілті болып табылатын қозғалыстың өзі уақыт пен кеңістік аясында болмақ. Бұл жерде Шәкәрім: «Барша әлем тапжылмай тұрып қалса, болама уақыт деген өлшеу салып»,– дейді. Материяның немесе табиғаттың қозғалысы жоқ жерде уақыт, кеңістік ұғымы болмақ емес. Адамның өмірі де солай. Өмір бір орында тоқтап тұрмайды, өзгереді, дамиды, өледі. Уақыт алға жылжыған сайын жас келіп адам қартаяды, орнына жаңа ұрпақ дүниеге келеді. Осыдан барып ғұлама, дүние құбылыстарының шексіздігі, қозғалыстың қайталанбайтындығы жайында философиялық тұжырымын негіздейді.

    Материяның бірінші қасиеті ретінде Шәкәрім оның заттармен құбылыстардың субстанциясы болуы қасиетін алады. «Әр дененің көзге ілінбейтін кішкентай бөлшектерден қосылып жаралғанын тауып, ол кішкентайды қанша ұсақтаса да ақырында, тіпті, бөлуге келмейтін болады. Сол бөлінуге келмейтін түп негіздердің атын еуропа атом деп атап, арабша мадда немесе өсер деп атады».

    Барлық материалистік теориялардағыдай, Шәкәрімде материяның өмір сүру әдісі – қозғалыс. Негізгі айырмашылығы – бұл қасиеттің қозғалысқа қозғау беретін «иені» анықтау, дәлелдеу мақсатында айтатындығы.

    «Материя қозғалысының немесе жүрісінің өлшеуі бар». Бұл өте мәнді сипаттама, яғни материяның өлшемі кеңістік пен уақыт деп қарауға болатын сияқты  ал жаратушыны өлшеуге, сипаттауға келмейді деп нұсқайды Шәкәрім. Мұны Абай Құнанбайұлы 38-ші қара сөзінде: «Алла тағала — өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі, өлшеулімен өлшеусізді өлшеп болмайды» — деп ақылмен құдайды танып болмайтынын айтады. Дәл осы Абайдың сарынында Шәкәрім философиялық тілде шектілік пен шексіздік жайлы, материяның әмбебап сипаттарының бірі – шексіздігі болғанмен, уақыт пен кеңістік те шектелетінін айтады. Яғни шексіз – тек мінсіз танып болмайтын құдай ғана, ал шекті, ол бүкіл жаратылыс материялар екенін тұжырымдайды.

    Шәкәрім Құдайбердіұлының ғылыми-философиялық мұрасының түп қазығы – «ақ жүрек», «таза ақыл», «адал еңбек» иесі түзу адамды қалыптастыру, сол арқылы қоғамды түзеу. Ар ілімін адамдық сапаның алдына шығарып бүкіл поэзиялық туындыларына өзек еткен Шәкәрім тағылымы бүгінгі күн үшін де аса қажетті әрі көкейкесті мәселе болып отыр. Ұлы Абайдың ізбасары бола отырып, ұстазы жеткен деңгейде қалып қоймай  өзгеше өрнек тауып, қайталанбас қолтаңба қалдыруының өзі – Шәкәрім ұлылығын айғақтайтын басты белгі. Бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – философия, дін тақырыбына қатысты ақынның тұжырым, түйіндерін танып білудің маңыздылығы да дау тудырмайды. Себебі, ғұлама суреткер дін мәселесін шын ақыл мен салқын сана арқылы сараптап, негізгі өзегін өмір игілігіне айналдыра білген. Жаратылысқа деген сенім мен сүйіспеншілікті махаббат пен мейірімнің, жақсылықтың  көзі ретінде бағалау арқылы қалың жұртын өмірді сүюге, адамды аялауға үндеген.


    Дәурен Сейілбекұлы ДАРИЯБЕК
    Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
    Ғылым комитеті, Философия, саясаттану және дінтану институты PhD докторанты.


    ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

    1. Құдайбердіұлы Ш. Өлеңдер мен поэмалар /Құраст.: М.Мағауин. — Алматы: Жалын, 1988. 256 б.
    2. Шәкәрім. Иманым. – Алматы: Арыс, 2000. 360 б.
    3. Семипалатинский ЦЦНИ. ф-37, 0-01, д-5.
    4. Құдайбердіұлы Ш. Екі томдық таңдамалы шығармалары. ІІ том. — Алматы: Жібек жолы, 2008. — 398 б.

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Алматыда ән фестивалі өтті.

    Бүгін Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты Алматы жолаушылар көлігі және технология колледжінде «Алтын жұлдыз» атты ...