Басты бет » Айдарлар » Адырнама » Патшаның солдат алу жарлығы

Патшаның солдат алу жарлығы

Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Бегалин атындағы кітапханда «1916 жылғы Қазақстанның Шығыс өңіріндегі көтеріліс ошақтары» тақырыбымен дөңгелек үстел өткізді.

Ардагер ұстаздар, кітапханашылар және жастар ұйымы өкілдері қатысқан жиында,  тарих ғылымының докторы, профессор Болатбек Нәсенов көтеріліс туралы баяндама жасап, тұшымды зерттеулерімен бөлісті. Ол 1916 жылғы көтеріліс жайын баян етуді, тарихымызға  шегініс жасаудан бастады. Ғалымның маңызды сөздерінен бірнеше мысалдар келтірейік.

Қазақ халқының тағдырында не кездеспеді дейсіз. Жоңғарлардан бұрында мыңдаған жылдары әртүрлі себептермен қырғынға ұшырамаса бүгінде ең аз дегенде 100 млн.қазақ болып отыруымыз да мүмкін екен. Лев Гумилев «ІІІ ғасырда Қытай 16,0 млн.болғанда, бір Керей руы 900 мың болған» деп жазыпты. Егер ол дерегі шын болса қазақ сол кезде 15 млн. маңайында болғанға ұқсайды. Ал жоңғарлармен 300 жылға таяу соғыстық. Қаншама миллион қазақ қырылды емес пе? Патша заманында (1822 жылдан) Қасым Абылайұлы сұлтан бастаған 60 мыңдай адам солтүстік Қазақстанды тастап, солтүстіктегі 4 облыстан 400 мыңдай адам оңтүстікке кетіп қалды. Қаншама рет ашаршылық болды. Енді 1916 жылғы Ресей императорының «Қазақтың 19 бен 43 жастары арасындағы жас қыршындарды тылдағы жұмысқа деп әскерге шақыру жарлығы тағы да бір зобалаңға толы емес пе?

Біз оған онша терең мән бермей келеміз. Бұл ашаршылықтан да, кәмпескелеуден де, 1917 – 1945 жылғы сұмдық «Халық жауы» деп ату-шабудан да басқа да қорлаулардан да асып түскен геноцид деп білемін. Бүкіл қазақ даласы көтерілді. Бірнеше миллиондаған қазақтар отанын тастап көршілес мемлекеттерге қашты. Көкшетау округының аға-сұлтаны Қоңыр Құльджаға Ресей Императоры Николай Александрович атасы Николай 1-шінің 1834 жылғы берген жарлығының күшін жойды.

b-n-senov-kitabyin-syiylau-stinde

«Омбы тарихы» туралы кітапта, одан кейін Алматы мұрағатында мынадай дерек бар:

1834 г. (361)

(Менің «Абылай хан» атты кітабымның 1-ші томында) «Вследствие заявления представляемого в Петербурге Императору Николаю 1 Акмолинского старшего султана Конур Кульджа о том, что киргизы опасаются рекрутства, им объявлена свобода от войсковой повинности».

Міне, осы сертті 82 жылдан кейін жоққа шығарды. Алматы республикалық мұрағатта 64 қор 1 тізім, 1303а ісінде мынадай дерек жатыр:

«Ұлы мәртебелінің әміріне сәйкес қазақтарды тыл жұмысына пайдалану туралы Соғыс министрлігінің бұйрығы:

Империяның шет аймақтарындағы елді жерлердегі еркек адамдарды Ресей әскеріндегі солдаттарға көмек көрсету мақсатымен қорғаныс объектілерін салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, әрі Армиямен қарым-қатынас жасауына жол салу сияқты жұмыстарына пайдалану мақсатымен алынсын.

1) Аталған жұмыстарды атқару мақсатымен осы соғыс жүріп жатқан кезде 19 бен 43 жастың аралығындағылар әскерге алынсын.

а) Императордың жеріндегі Сыр-Дария, Фергана, Самарканд, Акмола, Семей, Жетысу, Орал, Торғай және Каспий сыртындағы халықтарға бұйырамын:

− Аталған жұмыстарды орындауға бұрын әскерден босатылып келген халықтарды оның ішінде дала аймағының қырғыздары әскерге алынсын;

− Таяу арада 1897 және 1885 жылдар арасында туған қырғыздар алынсын;

  • Бұл адамдар реквизиондық тәртіппен әскер қатарына емес, олар әскерге қажет істерді орындау үшін ақылы жұмыстарға пайдаланылсын, тамақтары қазына есебінен болсын.

Маған тапсырылған аймақтың халқына жариялай отырып мен оларды да ешбір бөгетсіз қолдайтынына, патша мен отанға қызмет ететініне сенемін. Олар бұрын өздерінің еңбектерімен отанға адал қызмет етулерімен патша ағзамға  берілгендіктерін дәлелдеген болатын.

Омбыдағы Кавалер-Генералы былай деді: Қазіргі солдатқа алынатын адамдардың саны шамамен есептегенде (Дала аймағы бойынша) 80 мың адамдай болады.

Осы кезде Дала Генерал-Губернаторы Ресейдің Ішкі істер министрлігіне 1916 ж. 14 шілдеде (№21, Омбыдан) әскерге алу науқанынан мына төмендегілерді босатуды сұрап телеграмма салыпты:

а) бекітілген молдаларды;

б) мұғалімдерді;

в) орта және жоғарғы оқу орындарын бітіргендерді;

г) фельдшерлерді;

д) оспо емдеушілерді;

е) мекемелердегі аудармашыларды;

ж) болыс басқармасының хат жазушыларын;

з) атты әскер бөлімшелерінің басқарушыларын;

и) сайланатын қызметкерлерді: болыстарды және оларға кандидаттарды ауыл старшындарын, халық соттарын.

Соғысқа дайындайтын жылқыларды бағатын жылқышыларды, малшыларды.

Губернатордың міндетін атқарушы – Вице-Губернатор Князев.

begalin-kitaphanasyinda

Осы және өзге де деректер келтірілген жиын барысында дәстүрлі әншілер Жоламан Құжиманов пен Еркін Нұрхановтар «Алаш маршы»,  «Он алтыншы жыл» секілді әндерді шырқап, сол кездегі қазақ халқының жай-күйін жеткізді.

Жасұлан НАУРЫЗӘЛИЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

x

Check Also

«Дала сазы» ұлттық муызка мектебі шақырады

 Сүйінші! «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі қасынан «Дала сазы» атты ұлттық музыка мектебі ашылды. Бұл жоба көптеген ...