• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Басты бет » Айдарлар » Адырнама » Патша үкіметінің отарлау саясатындағы дін мәселесі

    Патша үкіметінің отарлау саясатындағы дін мәселесі

    Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сонда баяндама жасаған тарихшы Қабдол Әуезовтың материалын назарларыңызға ұсынамыз.

    “Алаш” атты орда құрып шалқығанын,

    Бақ-дәулеті туып-өсіп балқығанын,

    Әрбір істе қазақ иісі аңқығанын,

    Тірлікте көзімізбен көреміз бе?

          Ғұмар Қараш, 1918 ж.

    Әз-Тәуке хан дүниеден өткеннен кейін қазақтың тағдыры таразының басына түсіп, ішкі жағдайдың тірлігі әр жүзді басқарған кіші хандардың қолына көшті. Ресей императрицасы II Екатерина ислам дініне қолдау көрсету саясатын ұстанды. Себептері мынада еді: біріншіден, патша үкіметі қазақтарды Ресеймен тығыз байланыстырмақ болды. Бұл ретте молдалар тек қана Ресей татарларынан іріктелді. Екіншіден, мұндай қадам жасау қазақтардың Орта Азиядағы мұсылман орталықтарымен байланысын шектеуге тиіс болды. Үшіншіден, бұл шаралар көшпелі қазақтардың жауынгерлік мінез-құлқын едәуір жұмсартады деп ұйғарылды. Сондықтан да қазақ даласымен шекаралас жерлердің барлығында да мемлекет қазынасы есебінен мешіттер салына бастады. Әдетте ол мешіттер патша үкіметі әкімшілігінің бастамасы немесе қазақ хандары мен сұлтандарының және старшындарының өтініші бойынша бекіністер жанынан салынды. Мәселен, сұлтан Шаншар Сұлтанбетовтың өтініші бойынша Ертіс өзенінің жағасында осындай бір мешіт бой көтерді. Ол мешіт Жәмішев бекініс-қамалы мен Семей қаласының ортасында салынған еді [1, 102 б.].

    23754701_1502243219852304_2513211264266119700_n

    Ислам дініндегі төзімділік, бейбітшілік, бағыныштылық қасиеттердің қатаң сақталуы, ұлтшылдық идеясының аса көп дәріптелмеуі сияқты ұстанымдар сол кездегі орыс отаршылдары үшін өте тиімді пайдалана білу саясатына келіп тоғысты. Осы тұста: «Бұдан біз ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін патша үкіметінің қазақ даласына ислам дініне байланысты медреселер салдырып, қазына есебінен Құранды бастырып, қазақтарға тегін таратуының мақсаты халықтың ақыл-ой, санасын дінмен шырмап
    ұстау арқылы билеп-төстеуді көздеген», – деген көзқарастармен [2, 46 б.] келісуге болады. Сондай-ақ: «Мұсылман дінінің моральдық этикалық жүйесінің бүкіл іргетасы бағыныштылық талаптармен құрылғаны анық», – деген [3, 2 б.] көзқарастарға сәйкес, олар ислам дінінің көнбістікке бағытталған жүйесін пайдалануды да мақсат етті. Мысалы, Татарстандағы ұлттық рух қарсылығының онша күшті болмауы, Қазақстанға да осы нұсқаны алып келіп көшіру туралы идеяны туғызды. Сондықтан, Қазақ жерін
    христиандандырудан гөрі исламдандыра түсу маңыздырақ, әрі тиімдірек, әрі пайдалырақ болды. Себебі, ислам діні басқа діндерге қарағанда қазақтарға барынша жақын екендігін түсінген Ресейлік ғалымдар да оны жете зерттеуге қарай ұмтылды. Сондықтан, олар қазақ жеріндегі сопылық дәстүр мен оның тым көнбістікке келіп
    тоғысатын ұстанымын оңтайлы пайдалануды және жандандыра түсуді қолдай отырып, оны татар-башқұрт-ноғай жұрты мен бұхарлықтар арқылы өрістетуді тиімді деп білді. Шындығында, сол кездегі, әсіресе, ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушылары білім
    алған оқу орындарының көпшілігі діни-мұсылмандық сипатта болған еді.
    Демек, «мұндай ағартушылықтан еш зиян жоқ» деген сияқты ұстаным Ресей империясындағы отаршылдықты жүргізуші теоретиктер үшін заманға сәйкес келетін шындық ретінде бағаланды. Себебі, сол кездегі ишан-молдалар қашанда қару алып,
    жорыққа шығуға құштар болмаған. Демек, басты ұстаным бұл жерде қазақтардың ұлттық рухы мен ұлттық идеясын ұмыттыру дегенге келіп саяды. Мысалы «Айқап» журналындағы «Әулие-Ата хабарлары» деп аталатын мақалада да осымен ыңғайлас
    пікірлер былайша баяндалған: «Ишандар, қожалардан аяқ алып жүргісіз… Мешіттер бек көп болса да мектеп, медресе жоқ. Ешбір жерде сабақ оқушы балалар жоқ» [4, 133 б.]. Себебі, олар исламның тек осындай құлшылық жағын ғана көре білді. ХІХ ғасырдағы ислам дінін татар-башқұрт-қазақ даласында өрістету, бір-біріне
    миссионерлер жіберу саясатының сол кездегі қитұрқылығы мен терең отарлаушылық-бағындырушылық психотехникасын жете түйсінгендердің бірі – Ғұмар Қараш болатын: «Ол қара славяншылдықты өршітсе де, бейне тек қана славян байларының шат тұрмыспен дәурен сүрулері ыңғайына қарап қызмет етті. Бүтін Россияда болған, Россия халқының бірігуі миссионерлер қамы һәм басқалар сияқты зор ұйымдардың бары да қызметтерін осы бағытқа ғана арнап сіңірді» [5, 110 б.]-деп көрсетті. Екатерина II 1785 жылы 25 қарашада арнайы қаулы шығарып, барон Игельстромға қазақ руларын татар молдаларымен қамтамассыз етуді тапсырды. Молдалар қазақ даласында  Ресей үкіметіне тыңшылық қызмет атқарып, қазақ тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін білуі қазақ халқын Ресей құрамына енгізуде делдалдық қызмет етуге мүмкіндік берді. Мәселен алғашқы мүфти Хусеинов Сырым Датұлының ұлт-азаттық көтерілісін басуға тікелей қатысқан кісі болды. Осылайша татар молдалар құранын арқалап қазақ сахарасына жайылып кетті. Әліпті таяқ деп білмеген талай қазақ қарадомалағы татардың шыбығының арқасында мұсылманша сауат ашты. Бұл кезең халқымыздың тіліне, әдебиетіне ықпал етпеді деп айта алмаймыз. Орыстың қолшоқпарына айналған татар молдалары қазақ даласындағы өз миссияларын осылайша «адал» атқара берді.Татар молдалар қазақ даласында тек дінді уағыздаған жоқ. Сонымен бірге сауаттылықты да уағыздады. Қазақ балаларына арнап көшпелі мектептер ұйымдастырды. Сол уақытта  қазақ тілінде татар тілінің әсері байқалады. Оны алғашқы қазақ басылымдарының беттерінен де байқауға болады. Тіпті, «Қазақ» газетінің өзінде татар сөздерінің әсері аңғарылып тұрады. «Айқап» журналының төңірегіне жиналған зиялылар, егер қазақ мемлекеті құрылатын болса, ислам дінінің заңдылықтарына негізделу керек деген ұстанымда болды дейді. Ал «Қазақ» газетінің айналасындағы зиялылар мемлекетті басқару жүйесінде европалық жүйені таңдады. Бірақ бұлар исламды емес, әдет-ғұрыпты қоғамдық құндылық ретінде жақтаған. Осы жерде де қақтығыстардың, кереғар көзқарастардың бар екенін көруге болады. Қазақ қоғамының даму жолы және ондағы діннің алатын орны мәселесінде Алаш зиялыларының арасында екі жақты көзқарас қалыптасты. Бір жағынан, Ресейде білім алып, орыс әдебиеті мен мәдениетінен сусындаған зиялы топ халықтың жарқын болашағын батыстың озық мәдени үлгілерін қабылдау арқылы түсіндірді және дінді екінші орынға қойды. Екінші жағынан, исламдық рухта тәрбиеленген, ислам дінінің үлгілері мен ережелерін өз бойына терең сіңірген зиялы қауым дінді басты орынға шығарды. Олар ислам ілімінің ғылым мен білімнің дамуына зор ықпалын көрсете келе, ұлт тұтастығын діни тұтастықпен тікелей байланыстырды. Алаш қайраткерлерінің ішінде ислам дінінің көптеген ірі өкілдері болды. Солардың бірі Ғұмар Қарашұлы еді. Алаш Орда үкіметінің кейбір қабылдаған заңдарында мүфтият құру мәселесі көтеріледі. Ғұмар Қараш бабамыз алғашқы қазақ мүфтиі болып саналады. Орынборға, татар молдаларға бағынбайтын өз алдына жеке қазақтың өзінің мүфтияты болу керек деген мәселені нақты құжат күйінде бекітіп берген[6, 86 б.]. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, казақ халқының тарихын зерттеп зерделеуге үлкен үлес косқаны, мәдениетіміз бен рухани өміріміздің ұлағатты ұстаздары саналатын адамдар – Шоқан, Абай, Ыбырай, сондай-ақ Бөкей ордасынан шыққан Мұхамбет Салық Бабажанов. Олардан қалған өшпес рухани мұралардың арасында Ислам діні жөнінде айтылған пікірлері, көзқарастары бүгінгі ұрпақтың назар аударуына, елеп-ескеріп жүруіне әбден тұрарлық деректер болып табылады. Шоқанның еңбектерінен оның Ислам дінінің тарихын жөне оның қазақ жеріне қалай тарағанын жете білгенін аңғару қиын емес. Ол мұсылманшылықтың орнығуын өз шығармаларында аса бір білгірлікпен талдайды. Шоқан өз басы діндар болмаған, тіпті дін туралы түсініктерден жоғары тұрған және діни таным-сенімге сын көзбен караған адам. Оның рухани бет-бейнесі, қоғамдық ой-санасы қалыптасып келе жатқан кезде қазақ жеріне Ислам діні әлі тарап кеткен жоқ болатын. «Мұсылмандық әзірше біздің сүйегіміз бен қанымызға сіңіп бола қойған жоқ. Қазақтардың арасында әлі Мұхаммедтің атын білмейтіндер көп… Қасиетті Нестор заманында Русьте болған сияқты, енді біздің сахарада да қазір қос дін дәуірі болып жүр»,-деп жазды ол. Расында, Шоқан тұсында Ислам дінін таратуға патша өкіметі, жергілікті ел билеушілер, сондай-ақ, қожа-молдалар тарапынан орасан мол күш-жігер жұмсалып жатқанымен, ол әлі қазақ жеріне қанат жайып үлгермеген еді. Ислам дінінің қалай тарағанына назар аудара келіп Шоқан оның қазақ жеріне үш жақтан оңтүстіктен, солтүстіктен, батыс беттен енгенін айтады. Оны насихаттауға Ираннан, Орта Азиядан және Қазаннан шыққан қожа-молдалар ат салысты. Әсіресе, татар молдалардың белсенділігі күшті болды. Осы пікірді Шоқанмен тұстас өмір сүрген, Бөкей ордасынан шыққан қазақтың зерделі зиялылардың бірі Мұхамбет Салық Бабажанов та айтады. Ол өзінің «Северная пчела» деп аталатын журналда 1860 жылы қараша айында басылған мақаласында татар молдаларының ислам дінін Ішкі Ордада таратудағы еңбегіне тоқтала келіп, оның күнгей және көлеңкелі жақтары болды дейді. Оның күнгей жағы деп жалпы татар молдаларының қазақтарды парсыша, арабша, сондай-ақ татарша жазуға үйретуінің игі әсерлерінің болғанын айтады. Сонымен бірге Мұхамбет Салық Бабажанов олардың қазақтарды татарландырып жібере жаздағанына да назар аударды.

    Түйіндей келгенде, ағартушылар қазақтардың ой-санасын діннің кандай да бір түрінен аман сақтауды қалады. Олар туған халқының діни фанатизмге салынбай, салиқалы, салауатты өмір кешкенін көргісі келді. Діннің адамды сіреспе жаттандылықка ұрындыратынын, ой-өрісін шектейтінін кемеңгерлікпен көре білді.


                                    Әуезов Ғабдол Жанділдәұлы, 

    Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының

                                                           бөлім басшысы.    

                                                                               Қарағанды облысы, Жезқазған.                                                                                                 kabdol.auezov.78@mail.ru


     Пайдаланғанәдебиеттер:
    1.История Казахстана:Очерки.Алматы,1994.

    2.Дүйсенбаева А.К. Қазақстандағы исламдық ағымдар: дінтанулық талдау.Алматы, 2014.

    3.Проф.Др.Сабри Хизметли.Мазхабтар тарихы.Түркістан,2000.

    4.Осман Қарабиық.Ислам діні. Алматы.2007.

    5.Исламдағы секталар мен бағыттар: оқу құралы. Алматы.2013.

    6.Ғұмар Қараш / Б.М.Аташ,Қ.Ұ.Әлжан.Алматы, 2014.

    Оставить комментарий

    Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

    *

    x

    Check Also

    Қандастар туралы жобаның тұсаукесеріне шақырамыз!

    «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Отан – ...